Жанболат пен Жазираның отбасындағы қуанышты оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Өнерлі отбасының ұлына қатысты құдалық, сырға салу және өзге де қазақы жөн-жоралғылардың орындалуы көптің қызығушылығын тудырса, әсіресе қалың мал көлемі жұрт назарын өзіне аударды, деп хабарлайды kznews.kz.
Соңғы бірнеше күнде желіде әнші жұптың ұлының үйлену рәсімінен түрлі видеолар кеңінен тарап кетті. Сол кадрлардың ішінде құдаларға арнайы қорапқа салынып табысталған 10 миллион теңге көпшіліктің қызу талқысына түсті.
Тараған видеоларда қалың малдан бөлек, құдалық рәсіміндегі өзге де кәделердің орындалғаны байқалады. Атап айтқанда, ана сүті мен әке еңбегі секілді дәстүрлі сый-сияпаттарға да ақшалай тарту жасалғаны көрінеді.
Желі қолданушылары бұл көрініске әртүрлі пікір білдіріп жатыр. Бірі танымал отбасының қуанышына ортақтасып, ақ тілегін жаудырса, енді бірі қалың малдың мөлшеріне қатысты ойын ашық жазған. Пікірлер арасында «қалай берсе де, жарасады», «мақтаншақтықтың белгісі», «мәселе ақшада емес, ең бастысы жастар бақытты болсын», «бізге де жұғысты болсын» деген сарындағы жазбалар жиі кездеседі.
Кейбір желі қолданушылары бұған дейінгі танымал адамдар арасындағы қалың мал мәселесін де еске алып, салыстыра пікір білдірген.