Бұған дейін отандық жанар-жағармай нарығындағы бағаның өсуіне қатысты ықтимал тәуекелдерге тоқталғанбыз.
Оның ішінде АИ-92 маркалы бензиннің бағасына жарияланған мораторий мерзімінің аяқталуға жақын қалғанын тілге тиек еттік. Мәселеге қатысты қандай да бір шешім қабылданатыны анық. Бірақ, Үкімет әлі үнсіз.
Жалпы, елдегі жанар-жағармай бағасы туралы сөз болғанда мүдделі тараптар Қазақстан нарығындағы бензин құнының төмендігін үнемі еске салып келеді. Бензин бағасының еркін айналымға жіберілуіне де осы нұсқа түрткі болған еді. Сонда шынымен Қазақстанда жанар-жағармай арзан ба?
Салыстырмалы түрде алғанда, еліміз әлемдегі бензин бағасы ең төмен елдердің қатарына енеді екен. Мұны мұқым дүниедегі отын қорының есеп-қисабын жүргізетін GlobalPetrolPrices атты зерттеу агенттігінің деректері растайды. Мысалы, 2026 жылғы 16-наурыздағы жағдай бойынша Қазақстандағы АИ-95 бензинінің литрі шамамен 0,51 долларды құраған. Бұл әлемдік орташа деңгейден үш есеге жуық арзан дейді, осы сәтте "тоқсан бесінші" бензиннің литрі дүниежүзілік саудада 1,37 доллардан сатылған көрінеді.
Жалпы, жаһандық рейтингте Қазақстан отын бағасы қолжетімді елдердің қатарына кіреді. Мұндай мемлекеттер қатарында Ливия, Иран, Венесуэла, Кувейт, Алжир, Түрікменстан, Египет, Қатар, Сауд Арабиясы мен Бахрейн және Оман бар екен.
Бұл тізімге кіретін елдердің өзін екі топқа жатқызуға болады. Алғашқысы, жанар-жағармай құнын шын мәнісінде арзан деңгейде белгілеген елдер. Олар үшін бензин саудасындағы бағадан гөрі сатылымның айналымы маңызды көрінеді-мыс. Яғни, мұнай өнімдерінің қолжетімділігі ішкі нарықтағы өзіндік құнның төмен болуына да әсер етеді. Бұл көбінесе Араб түбегіндегі елдерге тән болса керек.
Дегенмен, жоғарыда айтылған елдердің бір бөлігі отын бағасын әлеуметтік саясат құралы ретінде пайдаланатынын жоққа шығармайды. Яғни, ішкі әлеуметтік теңгерімді қолмен реттеп, бағаны төмен деңгейде ұстап отырады. Алайда, басқарудың мұндай моделі көбіне экономиканың шикізат секторына тәуелділігін арттырып, құрылымдық теңгерімсіздіктерге әкеледі.
Ал Қазақстан да бұл тізімде салыстырмалы түрде тұрақты көрінгенімен, баға қалыптастыруда мемлекеттік реттеу маңызды рөл атқарады. Дәл қазір сұранысқа ие АИ-92 бензинінің бағасына жарияланған мораторий осының дәлелі.
Жалпы, экономистер арасында арзан отын бизнес пен халықтың энергия тиімділігін арттыруға, көлікті жаңартуға және шығындарды оңтайландыруға деген ынтасын әлсіретеді деген пікір бар екен. Нәтижесінде,халықта ресурс үнемі арзан болуы керек деген иллюзия қалыптасады-мыс. Ал арзан бензиннен келген шығынның шын мәніндегі құны экономиканың басқа секторлары ішінде қайта бөлінеді екен.
Демек, нарықтағы төмен бағаның да кері әсері бар. Біріншіден, бұл бюджетке және мұнай өңдеу секторына қысым түсіреді. Төмен баға инвестициялар мен жаңғырту мүмкіндіктерін шектейді. Екіншіден, ішкі тұтыну артып, жол инфрақұрылымына жүктеме көбейеді, экологиялық салмақ күшейеді. Үшіншіден, көрші елдермен баға айырмасы отынның көлеңкелі жолмен сыртқа тасымалдануын көбейтеді. Сарапшылар өз уәждерін дамыған экономикалардағы жағдаймен салыстыра отырып айтатын сияқты. Мысалы, Еуропа елдерінде, Жапония мен Оңтүстік Кореяда бензин бағасы көбіне литріне 2–3 доллардан асады дейді. Бұл ресурстың тапшылығынан емес, саналы салық және реттеу саясатының нәтижесінде болып отырған жағдай. Бұл елдердегі жанар-жағармайдың жоғары бағасы инфрақұрылымды дамытуға, экологиялық жобаларға және қоғамдық көлікке инвестиция тартуға мүмкіндік береді екен.
Алайда, Қазақстан үшін арзан жанармайдың болуы маңызды әлеуметтік фактордан туындайтынын ұмытпауымыз керек. Шынымен бензин бағасының төмендеуі халыққа қолдау ретінде көрсетіледі. Әсіресе, Үкіметтің былтыр күздегі шешімі логистика мен ауыл шаруашылығы салаларындағы шығындарды төмендеткені анық. Бірақ, бұл модель қысқа мерзімде тиімді жұмыс істегенімен, болашақта икемді баға саясатына көшу қажеттілігі бәрібір туындайды.
Тоқетерін айтқанда, қазіргі жаһандық энергия нарығындағы тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан мен басқа Орталық Азия елдері арасында жанармай бағасы әлі де арзан деген пікірге тоқтаймыз. Салыстырмалы түрде айтсақ, еліміздегі бензин бағасы көршілес мемлекеттерге қарағанда едәуір төмен. GlobalPetrolPrices агенттігінің деректеріне қарағанда, посткеңестік кеңістікте тек Түрікменстанда ғана жанар-жағармай құны арзан, мұндағы орта сападағы бензиннің әр литрі 0,43 доллар шамасында. Ал Қазақстандағы баға - 0,51 АҚШ ақшасы. Сол сияқты Өзбекстандағы бензиннің литрі 0,65 - 0,70 доллар болса, шекаралас Қырғызстанда жоғары екен. Бәйкелер орта сападағы жанар-жағармайдың ёр литрі үшін 0,80 мен 0,90 доллар шығындайды екен. Ал Тәжікстандағы бензин бағасы 1 доллар/ литріне дейді.