Елшілер ең алдымен мемлекеттік тілді білу керек

0

Ерлан Ыдырысов енді не істейді?

«Если вы мне не поменяйте мои мозги,
мне казахский язык не выучить!»
Ерлан Идрисов,
ҚР Сыртқы істер министрі.
2002 жыл.

Кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысты. Аталмыш отырыста Президент басынан аяғына дейін Мемлекеттік тілде — қазақ тілінде сөйлеп шыққанын ризашылық сезіммен бақылап отырдық.

Өйткені, бір апта бұрын, 2021 жылдың 12 қарашасында құрылған Түркі мемлекеттері ұйымында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тек қазақ тілінде сөйлеген болатын. XX ғасыр басында Қазақ Елінің Тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш арыстары көтерген Тұран тұтастығына жүз жылдан кейін жарқын тарихи қадам басталғанда, дәл осы туыстықтың жарқын белгісін мысал еткен еді.

Өткен ғасырдың ортасында қиын-қыстауда Шығыс Түркістаннан Тибет пен Гималай асып, ауа көшкен қазақтар Үндістан мен Пәкстанға барғанда шақырып алып, бауырына басқан бауыр ел Түркияның көрнекті мемлекет қайраткері, сол кездегі премьер-министрі Аднан Мендерестің рухына қазақ халқы атынан тағзым еткен болатын. Сонда толқып сөйлеген Тоқаевтың Ердоғанды егілдіргенін де көріп, риза болып, ықыласымызды білдірген едік.

«Бірден айту керек, Қазақ мемлекеті басшысы тек Қазақ тілінде сөйледі. Енді осы Тәуелсіз мемлекет басшысының мемлекеттік тілде ғана сөйлеу үрдісі президентіміздің өзі бес тілді беске білсе де, АҚШ-қа барса да, Қытайға барса да, тіпті Ресейге барса да сақталуы керек.»-деп жазған едік.

Алла тілегімізді қабыл алып, мемлекет басшысы содан кейін алғаш өткізген еліміздегі алқалы жиында да тек мемлекеттік тілде сөйледі. Ұзағынан сүйіндірсін деп тілейік.

Иә, «Қазақстан атынан шет мемлекеттерде қызмет істеп жүрген дипломаттарымыз ең алдымен мемлекеттік тілді білуі керек» – деп, нақты тапсырған Президент алдымен өзі осындай үлгі көрсетті.

-Білікті мамандардың Сыртқы істер министрлігінен кетуі оның кадрлық әлеуетін төмендетуде. Бұл – шын мәнінде, өзекті мәселе. Мен осы министрлік ең консервативті құрылымның бірі екенін білемін. Мұның жақсы жағы да бар. Дәстүр сақталады, кәсіби дипломаттар шоғыры қалыптасады. Дегенмен, жағымсыз жағы да жоқ емес. Білімді, білікті әрі елге адал қызмет еткісі келетін жастар үшін министрлікке жұмысқа тұру – «алынбас қамалдай». Бұл ахуалды түзеп, кадр саясатын түбегейлі қайта қарайтын кез келді. Дипломатиялық қызметке, ең алдымен, көзі ашық, көкірегі ояу, отаншыл мамандар қажет. Қазақстан атынан шет мемлекеттерде қызмет істеп жүрген дипломаттарымыз шетел тілдерін ғана емес, алдымен, мемлекеттік тілді білуі керек, – деді Президент.

Расында, еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толса да, шет мемлекеттерде қызмет істеп жүрген дипломаттарымыздың мемлекеттік тілді білуі әлі шешілмеген мәселе болып келеді. Бұны президенттің өзінің қадап айтуынан-ақ білуге болады. Бір ғана мысал, бір жыл бұрын, 2020 жылы 7 тамызда «Қазақ үні» газетінде Моңғолиядағы Қазақстан елшілігі қызметкерінің сондағы қандасымыз Майгүл Аулыхқа орыстілінде сөйлегені туралы «ҚАЗАҚ ЕЛШІЛІКТЕРІНІҢ ТІЛІ РЕСЕЙ ТІЛІ МЕ?!.Сыртқы істер министрлігін сырт елдің мүддесін қорғаушылардан тазалау керек, Президент мырза!» атты мақаламыз шыққан еді. Бұл мақала қоғамда үлкен резонанс тудырғаны белгілі. Сол кезде Сыртқы істер министрлігі сыннан қорытынды шығарып, қазақ тілін қолдануға біраз қадамдар жасағаны анық. Бірақ Сыртқы істер министрлігінде ғана емес, барлық министрліктер мен ведомостваларға тән жазылмас ауру – мемлекеттік тілде іс қағазын жүргізу тек аудармашылардың ғана мойнындағы жұмыс болып тұр.

Кезінде, 2002 жылы елшілік қызметкерлері түгілі Сыртқы істер министрі Ерлан Идрисовтың өзі «Егер сіздер менің миымды ауыстырмасаңдар, қазақ тілін үйрена алмаймын» деп («Если вы мне не поменяйте мои мозги, мне казахский язык не выучить!») деп парламентте мәлімдегенін ел ұмытқан жоқ әлі… Сонда сол кездегі парламент депутаттарының бір де біреуі: „Қазақ тіліне миың жетпесе, қалай қазақ министрі боласың, орныңды босат!?” деп айта алған жоқ. Өйткені, парламентте де өз ана тілі мен мемлекеттік тілін білмейтіндер толып жатыр еді ол кезде… Парламаент солай дипломатия туралы заңнан «Елшілік қызметкерлері мемлекеттік тілді білуі тиіс» деген бапты алып тастады. Ел үшін емес…Ерекең үшін… бұл бап, ұмытпасам осыдан 9 жылдан кейін 2013 жылдары болуы керек, сенатор Қуаныш Айтахановтардың айқайымен қайта қосылды.

Елді шулатқан ол оқиға туралы «Қазақ үні» газеті бірнеше сын мақала жариялады. «Мемлекеттік тілге миы жетпегендер қалай министр болады?» деген мақаламыз қазір «Қазақ үні» ұлттық порталында «Көп оқылғандар» айдарында тұр. Иә, 352 мың рет оқылып, 300-дей пікір жазылған…

Соның өзінде, осы уақытқа дейін 20 жылдан бері біздің Ерекең ешқандай мемлекеттік тілді үйренбей-ақ, миын ауыстырмай-ақ, екі рет Сыртқы істер министрі болды. Ұлыбританияда екінші рет елші болып отыр қазір…

Президент, әрі өзінің тікелей ұстазы Қ.Тоқаев мемлекеттік тілді білуді нақты тапсырғасын енді қайтер екен, ол жағы әлі белгісіз…

Бірақ, Ерлан Ыдырысовтың кезінде Ресейліктер Қазақстан ұлтшылдығын айыптағанда, алдарына түсіп алып шаба бермей, дипломатиялық қарсылық көрсете білгенін атап өту керек…

Ал біз енді мемлекет басшысының мемлекеттік тілді білуге байланысты тапсырмасынан кейін мұндай келеңсіздіктерге жол берілмейтін болады деп үміттенеміз.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар жиында жуырда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің атауы өзгергенін атап өтті.

– Жақында бауырлас елдермен бірлесіп, Түркі кеңесін толыққанды ұйымға айналдырдық. Осылайша, түркітілдес мемлекеттер ынтымағының жаңа кезеңі басталды, – деді Президент.

Ең алдымен сыртқы саясатты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай жүргізіп, оның тиімділігін барынша арттыру керек екеніне тоқталған Президент министрліктегі кемшіліктерді де атап өтті.
— Қазір Қазақстанның сыртқа бағытталған жұмысында біртұтас, жалпы мемлекеттік стратегия жоқ деуге болады. Бұл – жүйелі сипаттағы мәселе. Сыртқы істер министрлігі тығыз мекеме-аралық үйлестіру жұмысын тиімді атқаруы керек. Мемлекеттік аппарат ішіндегі байланыс, өзара ықпалдастық әлсіз. Соның кесірінен елеулі кемшіліктер болып жатады. Оған қоса, ұлттық мүддені қорғайтын кезде тиімді жұмыс атқарылмайды. Мысалы, қазір Жайық өзені тартылып барады. Қазақстанға жолданған жүк Қытай шекарасында тұрып қалды. Біздің кәсіпкерлеріміздің көрші елдер нарығындағы мүддесі ойдағыдай қорғалмай отыр. Осындай келеңсіздіктер халықтың тұрмыс сапасына және көңіл күйіне кері әсер етеді, – деп, Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрлігін сынға алды.

Биыл 30 жыл толып отырған қасиетті Тәуелсіздігіміздің баға жетпес қадіріне тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев елдің күткен ең басты сөзін айтты:

–Біз Тәуелсіздік пен егемендікке, еліміздің шекарасы мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін бір де бір келісімге жол бермеуіміз керек. Өйткені, осы қасиетті құндылықтар біз үшін бәрінен қымбат. Біз ең алдымен, Қазақстанның мүдделерін табандылықпен қорғауымыз қажет, – деді Президент.

«Елдестірмек-елшіден» деп, атам қазақ баяғыдан елшілік қызметтің жоғары бағасын беріп қойған.
Ендеше, сыртқы саясатымыз сындарлы болып, Ұлттық мүддемізді қорғауда ұтылмайтын деңгейге жетеді деп сенеміз.

Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты,
«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары