Боксшы Василий Левит Азия чемпионатында нокдаунмен жеңілді

0

Бокстан Рио олимпиадасының күміс жүлдегері, 2017 жылғы Азия чемпионы Василий Левит (91 кг) Бангкокта өтіп жатқан Азия біріншілігінің жартылай финалда оңтүстік кореялық Ким Хьен Кюден жеңіліп, финалға шыға алмады. 25 сәуірде өткен кездесудің соңында Левит нокдаун алып, төреші жекпе-жекті тоқтатты. Осылайша Левит Азия чемпионатының қола медалін алды.

Бангкоктағы Азия чемпионатында 75 келіде қазақстандық боксшы Тұрсынбай Құлахмет түркіменстандық Нұрсахат Паззыевты жеңіп, финалға шықты. Ал Теміртас Жүсіпов те (49 кг) қола медаль иеленді. Ол ширек финалда қабағы жырылып, жартылай финалға шықпады. Ал Санатәлі Толтаев (64 кг) жартылай финалда тәжікстандық қарсыласы Баходир Усмановтан жеңілді.

Бүгін, кешкісін тағы үш қазақстандық боксшы — Закир Сафиуллин (60 кг), Бек Нұрмағанбет (81 кг) және Қамшыбек Қонқабаев (+91 кг) жартылай финалдағы кездесулерін өткізеді.

Бокстан Азия чемпионаты 28 сәуірде аяқталады.

Azattyq