«Астана Опера» репертуары «Шопениана» және «Шехеразада» бірегей балеттерімен толықты

0

Астана, BAQ.KZ. «Астана Опера» хореографиялық өнердің атақты реформаторы Михаил Фокиннің «Шопениана» және «Шехеразада» бір бөлімді балеттерінің премьерасы елорда тұрғындары мен қала қонақтарына керемет сый жасады. Қоюшы балетмейстерлер – Ресейдің Халық әртістері Алтынай Асылмұратова мен Андрис Лиепа.

Спектакльдердің премьерасы Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.

Бірінші бөлімде көрермен назарына көркемдік үндестігімен, ғаламат музыкасымен әрі би кескінінің молдығымен таңғалдыратын «Шопениана» романтикалық балеті ұсынылды. Қимылдағы әрекеттердің тазалығы, дәлдігі тамашалаған жанның жанарын еліктіріп жіберді. Әртістер түрлі пішіндерді жасады: біреулері гүлге ұқсаса, енді бірі геометриялық өрнектер кейпінде болды. Сахна төрінде ақынның қиял әлемі шарықтап, оның айналасында әуедей жеңіл балериналар қалықтайды. Көгілдір тартқан болмашы жарық спектакльге одан сайын романтикалық реңк үстеді.

Айта кетсек, биыл «Шопениана» балетіне 110 жыл толды, дегенмен ол өзінің бірегей хореографиясының арқасында өзектілігін жоғалтпаған. М.Фокиннің сөзінше, ол «шартты балет биін өзінің асқақ даму кезеңіне қайтаруға тырысқан».

Қоюшы балетмейстер А.Асылмұратова Фокиннің бірегей балет стилін дәл жеткізе алды, хас шебердің қолы бастың бұрылуынан, жетекші солистердің көзқарасынан бастап қол мен аяқ позицияларына дейінгі барлық нәрсеге жанасқаны бірден сезіліп тұрды.

Неоромантикалық «Шопенианаға» қарама-қарсы болған – композитордың ең үздік туындыларының бірі – Н.Римский-Корсаковтың симфониялық сюитасының музыкасына жазылып, сан алуан бояулармен қаныққан «Шехеразада» балеті.

Музыка балетке арналмаған болатын, алайда Михаил Фокин биге мінсіз үйлесетін әуендерді ести алды. Хореограф музыкалық мәтінді еркін пайдаланған.

Увертюра аяқталған соң көрермендер қоюшы дирижер Арман Оразғалиевке толассыз қол соғып, ыстық ықыластарын білдірді, спектакль бойы жоғары деңгейдегі шеберлігін паш еткен «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің тамаша музыканттарының өнеріне де шексіз қошемет көрсетілді. Скрипкаға арналған жеке партияны Қаламқас Жұмабаева және Бағдат Әбілханов тамаша орындады.

«Шехеразада» – бұл оқиғалар желісі бар балет, оның басты тақырыбы – Сұлтан Шахриар мен оның сүйікті жары Зобеиданың қарым-қатынасы. Либреттоға сәйкес әйелдердің опасыздығына көзі жеткен сұлтанның інісі Шахезман ағасына аңға шығуға кеңес береді.

Сұлтандар жоқ кезде гаремде барлығы махаббатқа беріледі, «сауық-сайран» қыза түскен сәтте күтпеген жерден сұлтан қайтып оралады. Ол өз күңдерін, белсіздер мен құлдарды жазалауға бұйрық береді, Зобеида қолына қанжар алып, өз-өзіне қол жұмсайды. Шахриар опасыз болса да сүйікті жарының өлі денесіне қарап, егіле жылайды.

Ресейдің Халық әртісі Андрис Лиепа М.Фокиннің балетін алғаш рет қайта жаңғыртып отырған жоқ. Балетмейстер «Шехеразаданы» көрнекті хореографтың ең үздік шығармаларының бірі деп есептейді.

Ең алдымен, спектакль үйлесімді, әдемі әрі ерекше болып шыққан. Бұл шығыс экзотикасында ессіз махаббат құштарлығы жасырынған пластикалық драма. Балеттанушылардың айтуынша, Фокин ескі балетке тән классикалық биден, пуанталар мен шартты ым-ишарадан бас тартып, шығыс стиліндегі жаңа пластика тілін қалыптастырған, барлық әрекет пен сезімдерді дене қалыптарымен, қимылдарымен жеткізген.

Көрермендер толассыз қол шапалақтарымен, «Браво» деп үн қатып, көпке дейін солистерді сахнадан жібергілері келмеді. Әдетте, мұндай балеттер ұзақ уақыт адам жадында сақталып, кейін оны қайта-қайта көре бергің келеді. Енді мұндай мүмкіндік бар, себебі астаналық театр репертуары осы спектакльдермен толықты.

Спектакльді тамашалауға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен зиялы қауым өкілдері келді.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ