Арқалықта зейнеткердің коронавирус жұқтырғаны қайтыс болған күні анықталды
COVID-19 вирусына қатысты тест оң нәтиже көрсеткенімен, дәрігерлер 84 жастағы зейнеткерді ауруханаға жатқызып үлгермеген
НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір – Sputnik. Арқалық қаласында 1937 жылы туған әйел қайтыс болып, оның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Костанайские новости» басылымының дерегіне сүйенсек, 20 сәуір күні әйелдің қан қысымы жоғарылаған. Учаскелік дәрігер оның тыныс алуы әлсірегенін байқап, алдын-ала «пневмония» диагнозын қояды. Ал науқастың баласы анасын ауруханаға жатқызудан бас тартқан.
Оқи отырыңыз: Алматыда коронавирус жұқтырған әйел дәрігерлер келгенше қайтыс болған
25 сәуір күнгі тест нәтижесі зейнеткерде COVID-19 вирусы бар екендігін көрсеткен. Алайда, ол сол күні өз үйінде қайтыс болды.
Бұл Қазақстанда коронавирус диагнозымен көз жұмған 26-шы адам болды.
Жедел штаб мәлімдеме жасады
Осы оқиғаға байланысты жедел штаб ресми хабарлама жасады. Комиссия науқас өлімінің тікелей себептерін анықтау үшін медициналық құжаттамаға талдау жүргізетінін атап өткен.
«Арқалықта үйінде қайтыс болған 84 жастағы науқасқа қатысты талдау жұмыстары 27 сәуір күні жүргізіледі. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша науқас өлімінің тікелей себебі анықталады», – делінген баспасөз хабарламасында.
Бүгінде науқас туралы барлық қажетті медициналық құжаттар Арқалық қалалық емханасынан және облыстық жедел жәрдем қызметінен сұратылған.
Талдау нәтижелері кейінірек қосымша жарияланады.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша Қазақстанның барлық өңірінде денсаулық сақтау басқармалары жанынан коронавирусты жұқтырған науқастардың өлім жағдайын зерттеу жөніндегі комиссиялар құрылды.
sputniknews.kz