Ақтөбелік аналар биліктен баспана мәселесін шешуді талап етті
6 наурызда Ақтөбе облыстық әкімдігіне барған оннан астам ана баспана мәселесін шешуді талап етті. Жергілікті билік өкілдерімен бұған дейін де бірнеше рет жолыққанымен еш нәтиже болмағанына наразы олар облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесуді талап етті. Жалғызілікті, көп балалы және мүгедек баласы бар аналарды облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қабылдады.
Пәтер кезегі жылдар бойы жылжымайтынына шағымданған тұрғындар биліктен мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз етудің өзге жолын табуды талап етті. Жалғызілікті ана Гаухар Әбдіразақова жеке баспанасы мен жұмысы жоғын, отбасы мүгедек баласына төленетін жәрдемақыға жан бағып отырғанын айтады. Қалада тіркеуі болмағандықтан жылдар бойы пәтер кезегіне де ілікпеген. Бір ай бұрын әкімдікке шағыммен келгеннен кейін ғана пәтер кезегіне тұрған.
Әбдіразақованың Азаттыққа айтуынша, сәрсенбіде наразы аналарды қабылдаған облыс әкімінің орынбасары Тоқжанов оларды сабырға шақырумен шектелген.
Ақтөбе қалалық тұрғын үй қоры бөлімінің басшысы Жанаргүл Дүйсекенованың айтуынша, қалада 1162 көп балалы отбасы пәтер кезегінде тұр. 2019 жылдың алғашқы екі айында мемлекет қорынан ешкімге тегін баспана берілмеген. Ал 2018 жылы көп балалы 10 отбасы мемлекеттен тегін пәтер алған.