Алматылық танымал аспаз Бага Демалыс өзіне қол салды

0

Алматыда танымал аспаз әрі гастро-кештерді ұйымдастырушы Бага Демалыс 28 жасында бақилық болды. Мұны оның достары әлеуметтік желіде хабарлады.

Қайғылы оқиға қазанның 1-нен 2-сіне қараған түні белгілі болды. Ақпаратты Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

«Аталған факті бойынша Медеу аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады.
Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр», – деп атап өтті департамент.

Бұл жайт желіні дүр сілкіндірді. Блогерлер мен өнерпаздар әлеуметтік желіде талантты да көңілді тұлға туралы естеліктерімен бөлісіп, көңіл айтты.

«Әдемі күлкі иесі едің, мен сенің күлімсіреген жүзіңді ұмытпаймын!» – деп жазды Абай Қабдрашитов Instagram желісіндегі парақшасында.

Әнші Say Mo-ның мәлімдеуінше, Бага өзіне қол салған. Ол адамдарды көмек сұраудан қорықпауға және бір-біріне қолдауға шақырды.

«Егер өзіңізді жаман сезінсеңіз, жақын адамдарыңызбен сөйлесіңіз, көмек сұраудан қорықпаңыз», – деді ол.

Сондай-ақ ол Баганың достары көп бола тұра, дер кезінде көмекке ешкім келе алмағанына кінәлі сезінетінін жазды.

Баганың Instagram-дағы соңғы жазбасының астында көпшілігі көңіл айтқан. Таныстары мен достары атап өткендей, Бага Демалыс әртүрлі қайырымдылық жобаларына қатысқан. Ол үйсіз қалған иттерге көмектескен, сонымен қатар атақты адамдар жиналатын түрлі кештер ұйымдастырды.

Ол 6 шілдеде туған күнінде жариялаған жазбасында өзінің шаршағанын және денсаулығы мен психикасына көбірек көңіл бөлгісі келетінін жазыпты.

«Міне, мен 28-демін! Осыған дейін тапсырыстар мен жобаларды өте көп алдым. Енді денсаулығым мен психологияма, яғни өзіме көңіл бөлгім келед”, – деген ол.

Оның өлімі көпшілікті таң қалдырды. Себебі ешкім оны өзіне қол жұмсайды деп ойламаса керек.