MediaNet халықаралық журналистика орталығы жанындағы Demoscope қоғамдық пікірді зерттеу бюросы жаңа зерттеуін жариялады.
Тәуелсіз сараптамаға негізделген зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың ақпаратты таңдауы мен сенім деңгейінде бірқатар маңызды үрдістер қалыптасқанын көрсетеді.Жалпы, қазақ қоғамындағы ақпарат тұтыну мәдениеті жаңа деңгейге көтерілді деуге болады екен.
Ең әуелі ақпарат нарығындағы тұтыну тілін бойынша қазақ тілі басымдыққа ие болып отыр. Зерттеу дерегіне сүйенсек, халықтың басым бөлігі, яғни 76,5 пайызы ақпаратты қазақ тілінде оқып, көреді. Оның ішінде 45,4 пайыз тұтынушы тек мемлекеттік тілдегі контентті таңдайды-мыс. Бұл, әлбетте, қазақ тілінің интернет кеңістігіндегі үлесінің артып келе жатқанын айғақтайтын нақты көрсеткіш. Демек, отандық медианың алдында сапалы қазақтілді контент ұсыну міндеті өткір тұр.
Ал ақпарат тарату арналарына қатысты да айқын өзгеріс байқалған. Әдеттегідей, әлеуметтік желілер қоғамның басты ақпарат көзіне айналып отыр. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 55,9 пайызы жаңалықты дәл осы жедел платформалардан алады. Атап айтқанда, Instagram, TikTok, YouTube, WhatsApp және Telegram желілері алдына жан салмай тұр. Өкінішке қарай, дәстүрлі медиа, оның ішінде газет-журнал мен радионың үлесі 2–3 пайыз шамасында ғана екен.
Дегенмен, ақпарат көзінің өзгеруі тұтынатын ақпаратқа деген сенім деңгейінің өзгергенін білдірмейді. Зерттеу көрсеткендей, халықтың 66 пайызы блогерлер мен инфлюенсерлерге сенбейді. Әсіресе, 30–39 жас аралығындағы азаматтар олардың пікіріне сақтықпен қарайды-мыс. Ал ең жоғары сенім деңгейі мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарына тән болып отыр. Сенім үлесі 57 пайызды құраған. Ал адамдардың жақын туыс-танымалдардың сөзіне сеніп, ақпарат ретінде қабылдайтындардың үлесі 54 пайыз шамасында екен.
Бұл жолғы зерттеу ақпарат тұтыну бойынша медиасауаттың өскенін көрсеткен. Респонденттердің 65 пайызы ақпаратты бөліспес бұрын тексеруге тырысатынын айтқан. Бұл қоғамда сыни ойлау дағдыларының қалыптасып келе жатқанын білдіреді дейді сарапшылар. Алайда, сауалнамаға қатысқан әрбір үшінші адам үшін жалған ақпарат пен шынайы деректі ажырату әлі де күрделі мәселе екені де байқалыпты.
Жалпы алғанда, Demoscope қоғамдық пікірді зерттеу бюросының зерттеу нәтижелері қоғамда цифрландыру үдерісі күшейгенімен, сенім факторы әлі де дәстүрлі арналар мен жеке байланыстарға тәуелді екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, қазақ тілінің ақпараттық кеңістіктегі рөлі айқын басымдыққа ие болғаны отандық медианарықтағы сұранысты түбегейлі өзгертуі мүмкін.