Қазақстанда өзге этнос өкілдерінің қазақ қоғамына сіңісу үдерісі табиғи түрде жүріп жатыр. Бұл туралы тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаев «Қасқа жол» YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Ғалымның пікірінше, этнографияда «75/25 қағидасы» бар. Яғни, елдегі негізгі этностың үлесі 75 пайыздан асқан жағдайда, өзге этностар сол басым мәдени ортаға бейімделе бастайды. Бұл – әкімшілік немесе заңдық қысымсыз-ақ жүретін табиғи процесс.
Артықбаевтың айтуынша, қазақтардың саны артқан сайын тіл, дәстүр және салт-сананың ықпалы күшейеді. Мысалы, қазақтар көп шоғырланған ортада тұратын өзге этнос өкілдері күнделікті өмірде қазақ тілін қолдана бастайды, ал олардың балалары қазақы ортада өсіп, сол менталитетті қабылдайды.
«Бұл жерде арнайы талап немесе мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Қоғамның өзі бағыт береді. Дегенмен, қазақ боламын деген адам қазақтың тілін, дәстүрін және мәдениетін қабылдауы керек», – деді ол.
Сондай-ақ ғалым тарихи мысалдар келтірді. Оның айтуынша, Бурабай өңірінде «ұста қырғыз» атанған ру бар. Аңыз бойынша, олардың арғы атасы Андрей есімді орыс шебері болған. Ол қазақ қоғамына сіңісіп, ислам дінін қабылдап, қазақтан әйел алып, кейінгі ұрпақтары толықтай қазақ болып кеткен.
Бүгінде олардың ұрпақтары өздерін қазақ санайды және өзге этникалық тегін алға тартпайды.
Сарапшының айтуынша, мұндай мысалдар қазақ тарихында көп кездеседі және бұл ұлттық бірегейліктің қалыптасуындағы табиғи үрдіс екенін көрсетеді.