1 сәуірден бастап Ибрахим Жанлыел Air Astana тобының бас атқарушы директоры қызметіне ресми түрде кірісті, деп хабарлайды kznews.kz.
Компания мәліметінше, ол әуекомпанияда көп жылдан бері жұмыс істеп келеді және 2017 жылдан бері қаржы директоры болған. Осы уақыт ішінде стратегиялық даму мен қаржылық тұрақтылыққа елеулі үлес қосқан. Сондай-ақ 2024 жылы компанияның халықаралық қор биржаларына шығуына қатысқан.
Жаңа қызметінде ол операциялық тұрақтылықты күшейтіп, компанияның тұрақты өсімін қамтамасыз етуге және FlyArystan мен Air Astana брендтерін дамытуға басымдық бермек.
Ибрахим Жанлыел бұл қызметті үлкен жауапкершілік деп атап, компанияның негізгі қағидаттарын сақтай отырып, қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасын жоғары деңгейде ұстау жалғасатынын айтты. Сонымен қатар корпоративтік басқаруды жетілдіру және қаржылық тәуелсіздікті нығайту жоспарланған.
Айта кетейік, Air Astana тобы Орталық Азия мен Кавказда жолаушылар саны мен әуе паркі бойынша жетекші әуе тасымалдаушылардың бірі саналады.