Алматы облысында 20 жыл әкім болған шенеунік асылып өлді

0

Алматы облысы Іле ауданы Қараой ауылдық округінің бұрынғы әкімі Мұрат Сәлімбаев асылып өлді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Боралдай кентін, одан кейін ауылдық округті басқарған шенеунікке алты айдан астам уақыт тергеу жүргізіліп келгені белгілі болды.

Ағымдағы жылдың 18 ақпанында «Суицидке апару» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 18 ақпанда жүргізілген сот-медициналық сараптаманың нәтижелері бойынша Сәлімбаевтың өлімі сараптамадан бір күн бұрын болған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, Сәлімбаевқа қатысты қылмыстық іс 2020 жылы 19 тамызда қозғалған.

Қысымға төтеп бере алмаған 62 жастағы әкім өзін-өзі өлтірді. Суицидке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Алматы қаласының Алатау РПБ жүргізді. Бүгінгі таңда қылмыстық іс құрамы болмағаны үшін қылмыстық іс тоқтатылды.

Іле ауданының әкімдігі Мұрат Орынбайұлы 2019 жылдың 3 маусымы мен 2020 жылдың 10 сәуірі аралығында Қараой ауылдық округінің әкімі қызметін атқарғанын, денсаулығына байланысты өз өтініші бойынша қызметінен кеткенін айтты.

Сәлімбаев Іле аймағында көптеген жылдар бойы әртүрлі қызметтер атқарды. Ол Боралдай ауылын 15 жылдай басқарды.