Ақын, айтыскер Серікзат Дүйсенғазы әлеуметтік желіде мезгілсіз өмірден өткен ұлы Әлиханды еске алып, әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
Ақынның айтуынша, егер ұлы тірі болғанда биыл 20 жасқа толар еді. Ол Әлиханның дүниеге келген күнін еске алып, сол кезде Ерейментаудағы республикалық айтысқа дайындалып жүргенін, қуанышты хабарды ақындар қауымы бірге бөліскенін жазды.
Серікзат Дүйсенғазы ұлының өмірден өткеніне төрт жыл болғанын айтып, оның зерек, сабырлы әрі кітапқұмар болғанын ерекше сағынышпен еске алды. Ақынның сөзінше, Әлихан техника саласына қызығып, Германиядағы техникалық университеттердің бірінде білім алуды армандаған. Сонымен қатар, әкесі оның өлең жазғанын тек өмірден өткеннен кейін ғана білгенін жеткізді.
Ол ұлының қазасы әсіресе анасы Айнұрға ауыр тигенін айтып, оның Әлиханды әлі күнге дейін түсінде жиі көретінін жазды. Ақын бүгінде отбасы кейін дүниеге келген перзентінің тәтті қылықтарынан жұбаныш тауып жүргенін де атап өтті.
Жазба соңында Серікзат Дүйсенғазы қиын кезеңде қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс айтып, ұлының рухына дұға бағыштады. Сонымен қатар, «Әлиханның арманы» атты кітап пен деректі фильмнің жарық көруіне үлес қосқан жандарға ризашылығын білдіріп, ұлын өмір бойы жүрегінде сақтайтынын жеткізді.