Жұмбақ жағдайда көз жұмған Ақнәр Гүлстанның өліміне қатысты тергеу әлі аяқталған жоқ. Қылмыстық іс материалдарының бір бөлігі Қытайға жолданған. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта іс Ішкі істер министрлігіне қарасты Тергеу департаментінің өндірісінде. Тергеуге Алматыдан аса маңызды істер бойынша аға тергеуші тартылған.
"Сараптама қорытындысы мен қылмыстық істің кейбір материалдары Қытай Халық Республикасына жіберілді. Қазір сол жақтағы әріптестерден жауап күтіп отырмыз", – деді Санжар Әділов.
Министр орынбасары мұндай шешім Ақнәр Гүлстанның Қытайда тұрып, сол елде білім алуымен байланысты екенін түсіндірді.
Сондай-ақ ол бұл іс бойынша әзірге ешкім күдікті деп танылмағанын айтты. Тергеу жалғасып жатыр.