Батыс Қазақстан облысында Кіші Өзен өзеніне батып көз жұмған үш түлекке қатысты қайғылы оқиғаның жаңа деректері жария болды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жасөспірімдер қорытынды емтихандарын аяқтағаннан кейін өзен жағасында демалуға барған, деп хабарлайды kznews.kz.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға болған күні өзен маңында бес жасөспірім – үш қыз және екі жігіт болған. Қайғылы жағдайдың қалай өрбігені туралы мәліметке қарағанда, алдымен олардың бірі суға бата бастаған. Кейін қалғандары оны құтқаруға ұмтылғанымен, салдарынан үш жасөспірімнің өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, қаза тапқандардың барлығы мектепте жақсы оқыған. Биыл олардың сыныбын небәрі тоғыз түлек аяқтаған. Олардың бесеуі емтиханнан кейін табиғат аясында демалуға шыққан.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, жастарды демалыс орнына таныстары көлікпен жеткізген. Ол жасөспірімдердің суға түсуді жоспарлағанынан бейхабар болған көрінеді. Қайғылы оқиға кезінде екі адам аман қалған, ал үш түлек суға батып кеткен. Сондай-ақ көз жұмғандардың бірі көлік жүргізушісінің туған қарындасы болғаны айтылып отыр.
Бұдан бөлек, марқұм қыздардың бірінің әкесі жергілікті учаскелік полиция қызметкері екені белгілі болды.
Құтқарушылардың мәліметінше, жасөспірімдердің денелері өзеннен әртүрлі уақытта шығарылған. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.