Жатаған үйі көп Жетіген ауылының ақшаңқан Алатау қаласына айналуы үшін әлі біраз уақыт керек сияқты. Өйткені, Президент пәрменімен арнайы экономикалық аймаққа айналған өңірдегі "ғасыр жобасы" бірер жылда жүзеге аса қоятын оңай құрылыс ошағы емес. Сондықтан да Алатау қаласының дамуына қатысты жұмысқа билік те, бұқара да аса сақтықпен қарап отырғаны анық.
Әрине, қаланың салынуына қатысты талаптардың қағаз жүзінде қалып кетпеуі үшін "жеті рет өлшеп, бір рет кесу" қағидасына жүгінген абзал. Әсіресе, инфрақұрылымға қатысты мәселелерді терең зерттеу қажеттілігі күн тәртібінде тұр. Қазірдің өзінде анықтала бастаған жағдайлар бар екен. Мысалы, Алатау қаласының дамуына қатысты жобалар жаппай қолға алына бастаған тұста өңірде электр қуатына деген тапшылық пайда болып отырғаны туралы сөз шықты.
Жалпы, бүгінде Алматы облысындағы орташа электр тұтыну көлемі 750–800 МВт шамасында екен. Бұл өңір үшін қазірдің өзінде шекті көрсеткішке жақын деңгей дейді мамандар. Ал сарапшылардың болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай бұл сұраныс 2 064 МВт-қа, 2050 жылы 4 164 МВт-қа жетуі мүмкін. Яғни, алдағы 25 жылда электр жүктемесі 5 еседен астам өседі.
Әрине, мұның бәрі жай ғана статистика емес. Бұл қазіргі және келешектегі жаңа өндіріс орындары, логистикалық хабтар, тұрғын үй массивтері, цифрлық және инновациялық жобалардың алға басуына орасан қуат көзі қажет деген сөз. Яғни, Алатау қаласының бас жоспары ғана емес, мұқым Алматы облысындағы экономикалық жобалардың бәрі электр энергиясына тәуелді. Ал қолданыстағы қуат көздері мұндай өсімді қамтамасыз ете алмайды екен.
Болжамды өсім қолданыстағы қуат көздерінің жеткіліксіздігін көрсетіп отыр. Осыған байланысты Үкімет Алматы облысында қосалқы стансалар салу және қолданыстағыларын жаңғырту жөнінде шешім қабылдады. Қазірдің өзінде 15 жаңа қосалқы станса салу жоспарланған. Бұл жаңа трансформаторлық қуаттарды іске қосуға және инвесторларды тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді-мыс.

Сонымен қатар, Алатау қаласы бойынша бекітілген жол картасы аясында жалпы құны 162 млрд теңге болатын тағы 11 қосалқы стансаны салу және реконструкциялау көзделген. Бұл қаланың тұрақты дамуы мен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың негізгі шарттарының бірі болады деген сенім бар.
Айтпақшы, бұл мәселеге өткенде Алматы облысына арнайы келген Премьер-министр Олжас Бектенов те назар аударған еді. Ол энергетикалық қауіпсіздік пен инфрақұрылымның дамуы ел бойынша өзекті мәселе екенін атап өтті.
«Инфрақұрылым әрдайым озық қарқынмен дамуы тиіс, бірақ біз кей жағдайда кешігіп келеміз. Президент бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуде. Мемлекет инфрақұрылымға инвестиция салса, инвесторлардың сенімі артады. Даму дәл осыдан басталады», — деді өз сөзінде Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, салық реформасы арқылы тұрақтандырылған мемлекеттік қаржы тікелей экономика мен инфрақұрылымға бағытталады.
Жалпы, Үкімет Алатау қаласына барлық қажетті қолдау шараларын көрсетіп отыр. Қалаға арнайы мәртебе мен қосымша институционалдық жағдайлар берілген. Осыған байланысты Alatau City Authority қоры мен Алматы облысының әкімдігіне инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту, индустриялық, логистикалық және инновациялық жобалар үшін қолайлы орта қалыптастыру тапсырылған.
Қалай болғанда да Президент белгілеген міндеттер шеңберінде Алатау қаласы іскерлік белсенділік пен инновацияның жаңа орталығына айналуы тиіс. Қаланың сәулеті адамға қолайлы, ал бизнес үшін тиімді болуға бағытталмақ.
Жоғарыда Алатау қаласының жол картасында 162 млрд теңгеге тағы 11 қосалқы стансаны салу және реконструкциялау көзделген дедік. Алайда мұнда бірнеше маңызды сұрақ туындайды. Жалпы, бұл стансалар нақты қай көзден қуат алады. Өйткені, қосалқы станса тек тарату торабы екені анық. Ал электр генерациясы көбеймесе, жаңа стансалар қолда бар қуатты қайта бөлумен ғана айналысады дейді мамандар.
Яғни, электр стансаларын салу, жаңғырту, газбен немесе баламалы энергиямен қамту жөніндегі нақты жоспарлар жария етілмейінше, бұл "ғасыр жобасына" қатысты риторикалық сұрақтар туындай бермек. Яғни, Алатау қаласы іскерлік белсенділік орталығы емес, энергия тапшылығы бар эксперименттік алаңға айналуынан қауіптенуіміз керек сияқты...