Қарағандыда жетім балаларды бес жыл қорлаған отбасы сот алдында жауап беріп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Қарағандыда асырап алынған балаларға қатыгездік көрсетті деп айыпталған отбасының ісі сотқа жетті.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Қарқаралы ауданындағы ауыл мектебінің директоры мен оның жұбайы қамқорлыққа алған алты жетім баланы жылдар бойы қорлап келген.
Іс материалдарына сүйенсек, балалар ауыр шаруашылық жұмыстарына жегіліп, болмашы қателік үшін аяусыз жазаланған.
Жәбірленушілердің айтуынша, оларды ұрып-соғып, қайнаған сумен күйдірген, тіпті кей кездері иттің үйшігінде түнеуге мәжбүрлеген.
Тергеу барысында кей балалардың денесінен ондаған тыртық анықталған. Бір жасөспірім мүгедектікке ұшыраса, тағы біріне психологиялық ауытқу диагнозы қойылған.
Прокуратура мәліметінше, мемлекеттен қамқорлық үшін бөлінген қаражатты отбасы басшысы букмекерлік ставкаларға жұмсаған.
Айыптау тарапы ер адамды 12 жылға, оның жұбайын 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал олардың қызына 4 жыл 8 ай жаза тағайындау талап етілді. Сондай-ақ прокурор әр балаға моральдық өтемақы ретінде 10 миллион теңгеден өндіруді талап етіп отыр.