Халық арасында «Жарлының бір тойғаны — шала байығаны» деген сөз бар. Алайда, мемлекеттік бағдарламамен берілген әлеуметтік баспананың босағасынан аттағанда, қуанышы ұзаққа созылмай, «Таз кепешін қайта киетін» бұқараның тағдыры елдің қай түкпірінде де жарасы бір, айғайы ортақ болып тұр, деп хабарлайды kznews.kz.
Орал қаласының Ақжайық шағын ауданында апатты деп танылған 15 үйдің орнына салынған баспаналардың төбесінен су сорғалап, Қылмыстық кодекстің 278-бабы — «Сапасыз құрылыс» нормасының тек қағаз жүзінде шаң басып жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Баспана емес, басқа түскен ауыртпалыққа айналған бұл көрініс — Ақсу қаласындағы 28 жер үйде сыз тартып, қабырғасы көгеріп, терезесі мұз құрсанған көпбалалы отбасылардың көз жасымен ұштасады. Одан қалса, Ақтөбедегі «Нұр Ақтөбе» ауданында несиесін мойнына бұршақ қылып іліп, сапасыз үйдің жыртығын өз қалтасынан жамап отырған мүгедектігі бар жандар мен Есет батыр тұрғын алабындағы №39, 40, 41 үйлердің «саңылауына адам қолы сыятын» жарықшақтары — әлеуметтік әділетсіздіктің бетін жалаңаштап берген сұмдық фактілер. Әкімдік өкілдері «Ақтөбе-Сәулет» ЖШС салған нысандарға арнайы техникалық тексеру тағайындадық деп арқаны кеңге салғанымен, екі жылға жетпей «соры аққан» бұл баспаналар шын мәнінде жүйелі жемқорлық пен жауапсыздықтың іріңді жарасы екенін жасыра алмаймыз.
«Ауруын жасырған өледі» демекші, цифрларды сөйлетсек, әлеуметтік осал топтарға арналған құрылыстағы шикіліктердің масштабтылығы жағаны ұстатады. Сұраусыз кеткен бюджет қаражаты мен жауапсыз мердігерлердің салғырттығы мемлекеттік аудиторлардың да деректерінен анық көрінеді. Жоғары аудиторлық палатаның ресми мәліметтеріне сүйенсек, мемлекеттік бағдарламалар аясында салынған тұрғын үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды тексеру барысында миллиардтаған қаржының тиімсіз жұмсалып, сапа талаптарының белден басылғаны тіркелген. Мәселен, елімізде 2023–2025 жылдары тұрғын үй құрылысына бөлінген триллиондаған тенге бюджет қаражатын игеру кезінде 400 миллиард теңгеден астам қаржылай заңбұзушылықтар мен жұмысты созбалаңға салу деректері анықталған болатын. Құрылыс саласын бақылайтын Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органдары жүргізген тексерістердің қорытындысы бойынша, жыл сайын мыңдаған заңбұзушылық хаттамалары толтырылып, жүздеген мердігер компанияларға әкімшілік айыппұлдар салынады. Алайда бұл шараларды әсері шамалы. Мүгедектігі бар азаматтар тұратын көпқабатты үйлердегі лифттердің 30%-дан астамы тозығы жеткен немесе мүлдем жұмыс істемейді, ал пандустардың 70%-ға жуығы СНиП (құрылыс нормалары мен ережелері) талаптарына сай келмейді. Арбаға таңылған жандар үшін бұл жай ғана қолайсыздық емес, күнделікті өмірлерін қауіп-қатерге тігетін тосқауыл.
Әкімдіктер мен сапасыз мердігерлердің сыбайласып, арзан материалдарды қолдануы, нысандарды ауыз су, газ, жарық және жол сияқты ең қарапайым инфрақұрылымсыз қабылдап алуы — халықтың бармақ тістеп қалуына әкеп соғуда. Бұл жерде тек қаржылық емес, адами трагедия да жатыр: қыстың көзі қырауда терезесі мұз болып қататын сапасыз үйлерде сыз тартып ауырған сәбилердің обалы кімге? Мүгедек бала өсіріп отырған аналар мен ерекше жандарды елемей, мұндай жарамсыз үйлерді «өткізе салам» деген шенеуніктердің әрекеті — әлеуметтік осал топты менсінбеудің анық көрінісі. Олар өз қалталарын қалыңдатып, мемлекеттің беделін төгіп жатқанын түсінуі тиіс.
Бұл былық қашан реттеледі және оны кім реттеуі керек деген заңды сұрақ туындайды. Судың да сұрауы бар. Ең алдымен, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен жергілікті әкімдіктер нысанды қабылдап алу жүйесін түбегейлі қайта қарауы тиіс. Техникалық және авторлық қадағалау өкілдерінің, сондай-ақ тапсырыс беруші әкімдік шенеуніктерінің жеке қылмыстық және мүліктік жауапкершілігін қатаңдату керек. ҚР Көлік және инфрақұрылым, Құрылыс заңнамаларына сәйкес, сапасыз нысан тапсырған мердігерлер 5 жылдан 10 жылға дейінгі кепілдік мерзімінде өз қаражаты есебінен барлық ақауды жоюға міндетті. Ал егер ғимараттың қабырғасы сөгіліп, өмірге қауіп төндірсе, кінәлі тараптарды құрылыспен айналысу құқығынан айырып, нақты бас бостандығынан айыру жазасын қолданатын кез келді. Сол сияқты, қоғамдық бақылауды күшейтіп, әлеуметтік баспаналарды қабылдау комиссиясының құрамына мүмкіндігі шектеулі жандардың өкілдерін, тәуелсіз сарапшыларды енгізу — бұл мәселені шешудің төте жолы. Мемлекеттік бағдарламалардың халыққа сыйлайтыны баспана соры емес, шынайы пана болуы шарт.