Асхат Аймағамбетов: Мектеп отбасының орнын толық алмастыра алмайды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

PISA-2025 зерттеуі: Білім сапасына қатысты өтірік әшкере болды ма?

PISA-2025 зерттеуі: Білім сапасына қатысты өтірік әшкере болды ма?
Фото: ашық дереккөздерден

Халықаралық PISA-2025 зерттеуінің нәтижелері жарияланды. Ал мұндағы көрсеткіштер Қазақстан үшін білім беру жүйесіндегі әлсіз тұстарды тағы бір мәрте көрсетті. Өкінішке қарай, математикалық сауаттылық бойынша әлемнің озық елдері мен Қазақстан арасындағы алшақтық айтарлықтай болып отыр.

PISA-2025 зерттеуінің нәтижелеріне қарасақ, Қытай 612 баллмен көш бастап тұр. Одан кейін Сингапур – 563, Макао – 549, Тайвань – 546, Жапония – 525, Гонконг пен Оңтүстік Корея – 522 балдан жинаған. Эстонияның көрсеткіші де жоғары – 508 балл. Ал ЭЫДҰ, яғни, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы бағалауына кіретін елдердегі білім сапасының орташа нәтижесі 463 балл. Қазақстан болса 414 баллмен бұл деңгейден 49 балға төмен тұр. Оның үстіне, 2022 жылмен салыстырғанда көрсеткішіміз 12 балға кеміген.

Әрине, бұл жағдайды бір ғана себеппен түсіндіру дұрыс емес. Пандемия кезіндегі оқыту үдерісінің бұзылуы көптеген елдердің нәтижесіне әсер етті. Балалардың экранға тәуелділігі, смартфондар мен жасанды интеллект құралдарының кең таралуы да оқу дағдыларына жаңа сынақ әкелді. Қазақстанның ауылдық елді мекендеріндегі білім сапасы мен қала мектептерінің мүмкіндіктері арасындағы айырмашылық та назардан тыс қалмауы керек.

Бірақ, осы факторлардың бәрін алға тартып, мәселені ақтап алуға болмайды. Себебі, Қазақстан мен әлем көшбасшыларының арасындағы алшақтық ондаған баллмен ғана шектелмейді. 414 пен 550–600 балл аралығындағы айырмашылық білім сапасындағы жүйелі мәселенің белгісі.

Екіншіден, математикалық сауаттылық дегеніміз тек формула жаттау немесе есеп шығару қабілеті емес. Ол деректі талдау, себеп-салдарды ажырату, ықтималдықты бағалау, дәлел мен болжамның ара-жігін айыру, логикалық қорытынды жасау қабілетінің деңгейін көрсетеді. Яғни, адамның күнделікті өмірде дұрыс шешім қабылдауына қажетті ойлау құралы.

Осы тұрғыдан қарағанда, математикадағы әлсіздік тек мектеп мәселесі емес. Ол қоғамның ақпаратты қабылдау мәдениетіне де әсер етеді. Сан мен фактіні тексеруге дағдыланбаған адам жалған статистикаға, манипуляцияға, негізсіз болжамдарға тез сенуі мүмкін. Сондықтан математикалық сауаттылықты арттыру ұзақ мерзімді қоғамдық иммунитетті күшейтудің бір жолы.

Бұл бағытта отандық мамандар білім саясатында басымдықтарды қайта қарау қажет деп санайды.

Мысалға, сарапшы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, математикалық сауаттылықтың төмендігі тек білім жүйесінің мәселесі емес. Бұл қоғамның рационалды ойлау қабілетіне де тікелей әсер етеді. Математиканы жақсы меңгерген адам сан мен статистиканы салыстырып, дерек пен болжамды ажыратып, логикалық қорытынды жасауға бейім келеді. Ал бұл дағдылар әлсіреген жерде конспирологиялық түсініктер, нумерология, тарология секілді иррационалды дүниетанымның таралуына мүмкіндік көбейеді екен.

Сарапшы бұдан әрі "Не істеу керек?" деген сауалдың жауабын да іздеуге тырысады. Оның бірнеше жолы болуға тиіс.

Біріншіден, математикаға көбірек көңіл бөлу керек. Бірақ, бұл сағат санын механикалық түрде көбейтумен шектелмеуі тиіс. Баланы формула жаттауға емес, есептің логикасын түсінуге, нақты өмірлік жағдайларды математикалық модельдеуге үйрету қажет. 

Екіншіден, ауыл мен қала мектебі арасындағы алшақтықты қысқарту маңызды. Мұнда мұғалім сапасы, мектептің материалдық базасы, интернет пен цифрлық ресурстарға қолжетімділік қатар қаралуы керек.

Үшіншіден, мектептегі оқу мәдениетін күшейту қажет. Математика мен жаратылыстану пәндерімен қатар, жүйелі әрі сапалы оқуға ерекше мән берген жөн. Оқитын бала салыстырады, талдайды, сұрақ қояды және өз ойын дәлелдеуге үйренеді.

Жалпы, жерде кітап оқу мәдениетін ұлттық білім саясатының бір бөлігіне айналдыру да артық болмас еді Балаларға кітапты міндет ретінде емес, интеллектуалдық қажеттілік ретінде таныту керек. Ол үшін мектеп және қоғамдық кітапханаларда балалар мен жасөспірімдерге арналған сапалы әдебиеттер қоры қолжетімді болуы, кітап талқылау, пікірталас, эссе байқаулары сияқты жобалар тұрақты жүргізілуі қажет.

Тоқетерін айтқанда, қоғамда білімге деген көзқарасты өзгертудің уақыты өтіп барады. Яғни, дипломның емес, нақты білім мен ойлау қабілетінің беделін көтермей, бұл мәселенің шешімі табылмайтынын ұмытпауымыз керек.

Ал жария болған PISA нәтижесі жай ғана халықаралық рейтинг емес. Ол біздің балаларымыздың әлемдегі құрдастарымен салыстырғанда ақпаратты түсіну, есептеу, талдау және шешім қабылдау қабілетінің қандай деңгейде екенін көрсететін индикатор.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.