Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова үйіне жасалған жөндеу жұмысына көңілі толмайтынын айтып, әлеуметтік желіде наразылығын білдірді. Әнші қомақты қаржы жұмсалғанына қарамастан, жөндеуден кейін көп уақыт өтпей үйінің айналасы қирай бастағанын көрсетті, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесі жариялаған видеода үйдің іргетасы мен айналасындағы құрылыс жұмыстарының сапасына қатысты мәселе байқалады. Оның айтуынша, үйді жөндеуге 55 миллион теңге жұмсалған. Құрылыс жұмыстары шамамен төрт айға созылған.
Мақпал Жүнісова жөндеу кезінде құрылысшыларды қамтамасыз етіп, еңбекақысын уақытылы төлегенін де айтты. Алайда жұмыс аяқталғанына бір жыл толмай жатып, үйінің жан-жағы қирай бастаған.
«Жөндеу жасалғанына бір жыл да болған жоқ. Құрылысшылардың жасап кеткен жұмысы осы. 55 миллион теңге жұмсадым. Төрт ай бойы жұмыс істеді, тамағын беріп, ақшасын төледім. Тіпті киіз үйде жатты. Енді үйімнің жан-жағы құлап жатыр. Қалай бұлай жұмыс істеуге болады?» – деді әнші.
Өнер иесі мәселені сот арқылы шешуге уақыты жоқ екенін айтып, құрылыс жұмыстарына жауапты бригадирді танитынын жеткізді. Сондай-ақ бұл жағдайды көпшілікке көрсету арқылы сапасыз жұмысқа назар аудартқысы келгенін мәлімдеді.
«Еркегі жоқ, жесір әйел деп басынғаны ма? Ол бригадирді білемін. Бірақ соттасып жүруге уақытым жоқ. Халық білсін деп көрсетіп отырмын», – деді Мақпал Жүнісова.
Әзірге құрылыс жұмыстарына жауапты тараптың әншінің мәлімдемесіне қатысты пікірі жарияланған жоқ.