Тоқаев БРИКС елдерін Қазақстандағы жобаларды қаржыландыруға шақырды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

БРИКС және біз: ұлттық ұстаным әлемдік көзқараспен тоғысты ма?

БРИКС және біз: ұлттық ұстаным әлемдік көзқараспен тоғысты ма?
Фото: aqorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Делиде өткен XVIII БРИКС саммитіне қатысуы елдің сыртқы саясатындағы қалыптасқан бағыттың жалғасы болды.

Жалпы, еліміз БРИКС-ке мүше емес, алайда, "БРИКС плюс" форматындағы кездесуге қатысуы Астананың бұл алаңды саяси әрі экономикалық тұрғыдан маңызды деп бағалайтынын көрсетті.

Осы тұста Тоқаевтың БРИКС самитіндегі сөйлеген сөзі әлемдік және отандық саяси сарапшылардың талқысына түскенін айтуымыз керек. Әлбетте, сарапшылар бұл сапарды Қазақстанның белгілі бір геосаяси лагерьге бет бұруы деп емес, әлемдегі ықпалды күштерді тепе-теңдікті сақтауға және еліміздің ұстанымын айқындау тұрғысынан қарастыруда. Мысалы, саясаттанушы Данияр Әшімбаев бұған дейін де елдің сыртқы саясаттағы негізгі міндеттерінің бірі Қазақстанды жаһандық және өңірлік қақтығыстарға тартпау, сыртқы қатерлердің ішкі тұрақтылыққа әсер етуіне жол бермеу және қалыптасқан халықаралық жағдайды ел мүддесіне пайдалану екенін айтқан.

Сарапшының бұл бағасы бүгінгі геосаяси ахуалда ерекше мәнге ие. Ресей мен Батыс арасындағы текетірес, АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке және Таяу Шығыстағы тұрақсыздық Орталық Азия елдеріне түсетін қысымды күшейтіп отыр. Мұндай жағдайда Астана үшін басты міндет сыртқы саяси маневр кеңістігін сақтау болмақ.

Яғни, Әшімбаев Қазақстанның Мәскеу, Бейжің, Вашингтон, Анкара, Тегеран және Брюссельмен байланыстары тұрақты, жүйелі әрі серпінді сипатта дамып келе жатқанын атап айтады. Оның пікірінше, Қазақстан бірқатар қақтығыс аймақтарына тартылмай, Шығыс–Батыс және Солтүстік–Оңтүстік бағыттарындағы логистикалық әлеуетін дамытуға мүмкіндік алды.

Бұл ұстаным БРИКС-ке қатысты саясаттан да анық көрінеді. Қазақстан үшін ұйымға қатысу Батыстан алыстау дегенді білдірмейді. БРИКС елдерімен экономикалық байланыстарды кеңейту Вашингтонмен және Еуропамен стратегиялық серіктестікке қайшы келмейді. Керісінше, Астана әр бағыттағы мүмкіндікті қатар пайдалануға тырысады.

Мұны Тоқаевтың Нью-Делиге сапары қарсаңындағы АҚШ-пен байланыстары да аңғартты. 12-қыркүйекте Президент АҚШ-тың Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Сержио Гормен кездесті. Гор Дональд Трамптың Қазақстанның алдағы Тәуелсіздік күніне орай жолдаған жеке құттықтауын жеткізді. Америкалық тарап Тоқаевтың биыл Майамиде өтетін кездесуге қатысуын да күтіп отырғанын мәлімдеді.

Ал Әшімбаевтың бағалауынша, Қазақстанның маңызды артықшылықтарының бірі негізгі халықаралық орталықтармен қатар жұмыс істей алуында екен. Бұл ұстаным елдің географиялық жағдайы мен экономикалық мүддесіне де сәйкес келеді. Ресей және Қытаймен көршілік байланыс, АҚШ-пен стратегиялық әріптестік, Еуропамен сауда-экономикалық қатынас және Орталық Азиядағы өңірлік рөл Қазақстанды бір ғана бағытпен шектелмеуге итермелейді.

БРИКС-тің Қазақстан үшін нақты мәні де осында. Ұйымның саяси салмағынан бұрын, оның ірі нарықтармен, инвестициямен, технологиямен және көлік-логистикалық жобалармен байланысты мүмкіндіктері маңызды.

Тоқаевтың Нью-Делидегі сөзінде халықаралық тұрақтылық, БҰҰ-ның рөлі, жасанды интеллект және су қауіпсіздігі мәселелері көтерілді. Президент БРИКС елдерін Қазақстанның халықаралық су ұйымын құру бастамасына қолдау көрсетуге шақырды.

Бұл Қазақстанның өзіне маңызды мәселелерді халықаралық күн тәртібіне шығаруға ұмтылысының көрінісі. Су тапшылығы Орталық Азия үшін стратегиялық проблемаға айналып келе жатса, жасанды интеллект пен цифрландыру елдің жаңа экономикалық моделіне тікелей қатысты.

Сондықтан БРИКС-ке қатысудың тиімділігі оның саяси декларацияларымен емес, нақты нәтижесімен өлшенуге тиіс. Инвестиция, технология трансфері, жаңа экспорттық нарықтар, көлік дәліздері және бірлескен өндірістер пайда болса, дипломатиялық белсенділіктің экономикалық қайтарымы бар деген сөз.

Айтпақшы, Қазақстанның БРИКС-ке қатысты ұстанымы бүгін пайда болған жоқ. Бұған дейін Тоқаев БРИКС пен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы арасындағы ынтымақтастықты дамыту, цифрландыру, электронды сауда, киберқауіпсіздік, көлік және инвестиция бағыттарын күшейту жөнінде ұсыныстар айтқан. Демек, Нью-Делидегі сапар сыртқы саясаттағы күрт бұрылыс емес, қалыптасқан бағыттың жаңа жағдайдағы жалғасы.

Тоқетерін айтқанда, сарапшы Данияр Әшімбаев Президент Тоқаевтың сыртқы саясаттағы қадамына қатысты бірнеше ұтымды тұстарды атап көрсетеді. Мысалы, Қазақстан үшін геосаяси қақтығыстарға тартылмау, негізгі халықаралық орталықтармен қатар жұмыс істеу және сыртқы жағдайды ел мүддесіне пайдалану басты міндет болса, Ақорданың нық қадамы осы үдеден шығып отыр деп пайымдайды сарапшы. Ал БРИКС осы ұстанымдардың тоғысатын қосымша алаңына айналып отыр.

Жалпы, Нью-Делидегі саммиттің басты саяси мәні де осында болса керек. Қарапайым тілмен айтқанда, Қазақстан белгілі бір тарапты таңдап отырған жоқ, керісінше өзіне қажет дипломатиялық кеңістікті кеңейтіп отыр.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.