Тоқаев Көшпенділер ойындарында топ жарған ұлттық құраманы құттықтады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Ресей қазақ уранына неге қызығады?

Ресей қазақ уранына неге қызығады?
Фото: kazatomprom.kz

Ел аумағында алғашқы атом электр станциясын салу жобасы жаңа кезеңге өтті. Жақында Қазақстан тарапы мен "Росатом" құрылымына кіретін "Атомстройэкспорт" компаниясы Балқаш АЭС-ін жобалау, жабдықтау және салу жөніндегі келісімшартқа қол қойды.

Осы жерде АЭС құрылысымен қатар, атом энергетикасының тағы бір стратегиялық мәселесі күн тәртібіне шықты. Яғни, еліміздегі уран ресурстарының болашағы да назар аудартып отыр.

Нарықтағы ақпаратқа қарағанда, ресейлік тарап Қазақстандағы бірлескен кәсіпорындар арқылы уран өндіру көлемін ұлғайтуды және оны ұзақ мерзімге бекітуді көздей бастаған. Кей деректе жаңа жобалар есебінен өндірісті жылына 7–7,5 мың тоннаға дейін жеткізу және мұндай міндеттемелерді 60 жылға дейін рәсімдеу мүмкіндігі айтылуда.

Бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Сондықтан оны дайын келісім емес, келіссөздердегі ықтимал ұсыныс ретінде қарастырған жөн.

Дегенмен, "Росатомның Қазақстан уранына қызығушылығы неге артты?" деген сауалдың жауабы бізді әрдайым ойландыруға тиіс. Және мұның бірнеше себебі бар екен.

Біріншіден, Қазақстан әлемдік уран нарығындағы ерекше орынға ие. Елдің уран өндірісіндегі кез келген ұзақ мерзімді келісім Ресей үшін тек шикізат мәселесі емес, ядролық отын тізбегіндегі позициясын күшейту мүмкіндігін береді. Ал "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының 2026 жылғы операциялық нәтижелері Қазақстандағы өндірістің жоғары деңгейде сақталып отырғанын көрсетеді.

Екіншіден, "Буденовское" жобасының маңызы артып келеді. "Қазатомөнеркәсіп" пен ресейлік құрылымдар қатысатын кәсіпорынның өндірісін биылдан бастап жылына 6 мың тоннаға дейін жеткізілуі жоспарланған. Бұл бір ғана кәсіпорынды Қазақстандағы аса ірі уран өндіруші алыпқа айналдырады. Осы тұрғыдан алғанда, межеленген 7–7,5 мың тонна деген ықтимал көлем кездейсоқ көрсеткіш емес. Ол "Буденовское" жобасының қуатымен және жаңа учаскелерді игеру мүмкіндігімен тікелей байланысты болуы ықтимал.

Үшіншіден, АЭС құрылысы жаңа ұзақ мерзімді байланыс қалыптастырады. Қазақстан 3 қыркүйекте алғашқы АЭС бойынша негізгі құрылыс келісіміне қол қойды. Демек, ресейлік технологиялық компания мен Қазақстан арасында ондаған жылға созылатын жаңа өндірістік және сервистік байланыс қалыптасуы мүмкін.

Ал бұл жерде уран мәселесі ерекше мәнге ие. Өйткені, АЭС ондаған жыл жұмыс істейтін нысан. Сондықтан оны салатын компания үшін ядролық отынның тұрақты әрі болжамды базасы маңызды.

Төртіншіден, Ресейдің Қазақстандағы уран активтері қазірдің өзінде елеулі. "Росатом" құрылымдары "Ақбастау", "Қаратау", "Буденовское" сияқты бірқатар жобаларға қатысады. Демек, жаңа келісім болса, ол нөлден басталатын ынтымақтастық емес, бұрыннан қалыптасқан активтер жүйесін кеңейтуге бағытталуы мүмкін.

Жалпы, қазір елімізде АЭС салу бір бөлек мәселе, ал уран өндіру саясаты өзінше өткір тақырып болып қала бермек. Осы Қазақстан үшін қазіргі жағдайда АЭС құрылысы мен уран активтеріне қатысты міндеттемелерді бір-бірімен автоматты түрде байланыстырмау маңызды болып отыр.

Әрине, АЭС салу туралы келісім Қазақстанға электр энергетикасының жаңа базалық қуатын береді. Ал уран әлемдік нарықта сұранысы бар стратегиялық шикізат болғандықтан қандай да бір келісімдерге аса сақтықпен қарау заңды.

Тоқетерін айтқанда, Қазақстан үшін уран өндірісі тек табиғи ресурс емес, экспорттық және стратегиялық актив ретінде маңызды. Және оны игеруді бір ғана серіктеспен байланыстыру болашақтағы нарық жағдайы өзгерген кезде маневр жасау мүмкіндігін азайтуы ықтимал.

Мәселен, уран бағасы айтарлықтай өссе немесе жаңа халықаралық нарық бағыты ашылса, Қазақстан өндірілген өнімді басқа бағыттарға қайта бөлу мүмкіндігін алдын ала жасалған ұзақ мерзімді міндеттемелерге байланысты шектеуі мүмкін. Бұл жерде Қазақстан тарапы үшін ең тиімді модель ұзақ мерзімді ынтымақтастықты сақтай отырып, өндіріс көлемін, баға формуласын және нарық жағдайына қарай шарттарды қайта қарау тетіктерін келісімге енгізу маңызды. Әлбетте, бұл енді ресми биліктің саяси ерік-жігеріне байланысты болмақ...

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.