Біржан Хасанғалиев жаңа қызметке тағайындалды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Бензин емес, у: Көлікті істен шығарған сапасыз отынның шығынын кім өтейді?

Бензин емес, у: Көлікті істен шығарған сапасыз отынның шығынын кім өтейді?
Фото: ЖИ

Бензин дауы қайта бұрқ етті. Ел өңірлерінде АИ-95 пен АИ-98 маркалы жанармай құйған жүргізушілердің көлігі бірінен соң бірі қатардан шығып, автокөлік иелерінің бармақ тістеп, басын тасқа ұратын кезі қайта келді, деп хабарлайды kznews.kz.

Арзан өнім іздеп емес, сапасы жоғары деп сұранысқа ие қымбат жанармайды таңдаған тұтынушылардың қозғалтқыштары тұрақсыз жұмыс істеп, отын жүйелері істен шықты. Енді бірі көлігін аяққа тұрғызу үшін сотқа шағымданып, жүз мыңдаған теңгені судай шашуға мәжбүр болып отыр. Арзанның сорпасы татымас деуші еді, бұл жолы қымбатының да соры арылмай тұр. Осыдан кейін «ат төбеліндей монополистердің қалтасы қампайғанда, қарапайым халықтың қалтасы неге тесілуі тиіс?» деген ащы сұрақ сананы теседі.

Бұл мәселенің тамыры тереңде жатқанын, құр сөз бен құрғақ уәденің көбейіп кеткенін сандар сөйлеткенде айқын көреміз. Елімізде жыл сайын 4,5–5 миллион тонна шамасында бензин өндірілгенімен, оның сапасы мен нарықтағы айналымына келгенде жауапты органдардың суға тиген балықтай бұғып қалатыны жасырын емес. Жанармай құю станцияларындағы заңсыздық пен сапасыз өнімнің белең алуына бизнеске енгізілген мораторий мен тексеру процедураларының азайғаны да әсер етті. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне түсетін шағымдардың саны жылдан-жылға өсіп, тек соңғы кезеңнің өзінде сапасыз тауарлар мен қызметтерге қатысты арыздардың 30%-ға жуығы дәл осы мұнай өнімдері мен техникалық қызмет көрсету саласына тиесілі болды. Судың да сұрауы бар демекші, ресми түрде елімізде 3 000-нан астам жанармай құю бекеті жұмыс істегенімен, олардың қаншасы стандартқа сай отын сатып жатқанын дөп басып айту қиынның қиыны.

Ең өкініштісі — еліміздегі жанармай сапасын бақылау жүйесінің аяққа тұрмай, алақол болып отырғаны. Негізгі жауапкершілік Энергетика министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Техникалық реттеу және метрология комитетіне жүктеледі. Былайша айтқанда, бірі мұнай өнімдерінің өндірісі мен нарықтағы көлеміне жауап берсе, екіншісі сапа сертификаттары мен техникалық регламенттердің сақталуын қадағалауы тиіс. Бұған қоса, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті де зардап шеккен азаматтардың мүддесін қорғауға міндетті. Билік органдары бұл түйткілді білмейді емес, біледі, бірақ әрекет етуге келгенде қол байлаулы. Жауапты мекемелер көбіне «іс жүзінде өтініш түспесе, жоспардан тыс тексеру жүргізе алмаймыз» дегенді алға тартып, қол қусырып қарап отыруды әдетке айналдырған. Ал азаматтар шағымданған күннің өзінде, зертханалық сараптама жасату, бензиннің нақты қай бекеттен құйылғанын дәлелдеу және оны сотта қорғап шығу — түйені иненің көзінен өткізгенмен бірдей.

Алыс-жақын шетелдердің тәжірибесіне көз жүгіртсек, жанармай сапасын уысында ұстаудың сыналған тетіктері барын аңғарамыз. Мәселен, Еуропа Одағы елдерінде EN 228 стандарты бойынша күкірт мөлшері 10 ppm-нен аспауы қатаң қадағаланып, отынға арнайы молекулалық маркерлер қосылады. Бұл бекеттерде заңсыз отын араластырудың жолын кеседі. АҚШ-та Қоршаған ортаны қорғау агенттігі (EPA) колонкаларды жыл сайын мөрлеп, тосыннан тексерсе, Қытайда National VI стандартын бұзғандардың мүлкі тәркіленіп, жауаптылар жазаға тартылады. Ал көршілес Ресейде Росстандарт пен Прокуратура жүйелі тосын тексерулер жүргізіп, «Честный ЗНАК» цифрлық жүйесі арқылы отынның жолын қадағалайды. Ең бастысы — сапасыз өнім сатқан компанияларға жылдық түсімінің 1–3%-ы көлемінде орасан зор обороттық айыппұлдар салынады.

Бұл мәселеде соңғы нүктені қоятын уақыт баяғыда жеткен. Біздің елде де еуропалық молекулалық маркерлеу жүйесін енгізіп, заңбұзушыларға қарсы обороттық айыппұл салып, тексерулерді алдын ала ескертусіз жүргізетін жасырын сатып алу тетігін іске қоспаса, мәселе сиырқұймышақталып созыла береді. Көлік иелерінің қалтасын қағып, техникасын істен шығарған сапасыз бензин зардабын халық тартып отырғанда, жауапты органдардың салғырттығы ел сеніміне сызат түсіреді. Олай болса, халықаралық стандарттарды басшылыққа алып, мемлекеттік бақылау тетігін күшейту және жанармай бекеттерінің жауапкершілігін қатаңдату — уақыт созбай қолға алатын кезек күттірмейтін шаруа.

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.