Шығыс Қазақстан облысындағы Қасым Қайсенов кентінде өткен заманауи көшпенділер фестивалінде 70 жастағы тұрғын ерекше өнерімен жұрттың назарын аударды. Жасы жетпіске келген апа салмағы 30 келі болатын қошқар макетін бірнеше мәрте көтеріп, физикалық дайындығы мықты екенін көрсетті, деп хабарлайды kznews.kz.
Фестиваль аясында қатысушылар көшпенділер мәдениетіне тән ұлттық әрі спорттық ойындардан бақ сынады. Бағдарламаға арқан тарту, дәстүрлі садақ ату, ләңгі тебу, белбеу күресі және асық ату секілді жарыстар енгізілген. Сонымен қатар қонақтарға қошқар бейнесіндегі арнайы 30 келілік макетпен күш сынасу мүмкіндігі ұсынылды.
Әсіресе қошқар макетін ұстап отырып-тұру сайысы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Бұл сынақта қатысушылардың жасы маңызды болмаған. Оны жас та, егде жастағы адамдар да орындап көрген.
Сайыста 70 жастағы апаның көрсеткен нәтижесі көпшілікті таңғалдырды. Ол 30 келілік макетті көтеріп отырып, 40 рет отырып-тұрған. Бұл көрермендердің қошеметіне ие болып, фестивальдің есте қалған сәттерінің біріне айналды.
Ерлер арасында да жоғары көрсеткіштер тіркелді. Қатысушылардың бірі дәл осы макетпен 1 070 рет, тағы бірі 1 010 рет отырып-тұруға күш салған.