Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасын таныстырып, құжаттың негізгі басымдықтары мен жаңашыл тұстарына тоқталды. Ол реформаның қабылдануын елдің күрделі геосаяси жағдайымен байланыстырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Депутаттың айтуынша, соңғы онжылдықта әлемде халықаралық құқық пен мемлекеттердің тәуелсіздігіне қатысты қағидаттар әлсіреп, геосаяси тұрақсыздық күшейген. Осындай жағдайда Қазақстан өз мемлекеттілігін нығайту мақсатында жаңа Конституция қабылдауға бет бұрып отыр.
Ерлан Саиров жаңа Конституцияда Қазақстан халқының байырғы қазақ жерінде мемлекет құрғаны алғаш рет нақты көрсетілетінін атап өтті. Бұл норма елдің ғұн, түркі және Алтын Орда саяси дәстүрлерінің заңды мирасқоры екенін айқындап, қазақ мемлекеттілігінің тарихын тереңдете түседі. Сондай-ақ Негізгі заңның алғашқы бабында Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі мызғымайтыны және мемлекеттің басты қағидаттары осы құндылықтарды қорғауға бағытталатыны бекітілген.
Сонымен қатар жаңа Конституцияда неке ер мен әйелдің арасындағы ерікті одақ ретінде айқындалып, дәстүрлі емес үрдістерге нақты жауап берілгенін айтты.
Әлеуметтік салаға қатысты нормалар да кеңейтілген. Конституцияда орта білім алу міндетті әрі мемлекет тарапынан кепілдендірілетіні, ал жастардың конкурстық негізде жоғары оқу орындарында тегін білім алуға құқығы бар екені көрсетілген. Депутат мұны Қазақстанның маңызды әлеуметтік жетістігі деп бағалады.
Саяси жүйеге қатысты өзгерістердің бірі — биліктің ауысу тетіктерінің сақталуы. Бұрын енгізілген Президенттің бір мерзімге ғана сайлану нормасы өзгеріссіз қалған. Бұл алдағы уақытта елде жаңа саяси буынның қалыптасуына жол ашады.
Ерлан Саиров жаңа Конституцияда құрылатын Құрылтайдың рөлі едәуір күшейетінін атап өтті. Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның қызметін бақылау құзыретіне ие болады. Сонымен қатар Құрылтай министрлерді қызметтен босату туралы ұсыныс енгізсе, Президент оны қабылдауға міндетті. Мұндай норма бұрын Конституцияда болмаған.
Депутаттың пікірінше, бұл өзгерістер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, президенттік институтты нығайтуға бағытталған. Оның айтуынша, қазіргі күрделі халықаралық жағдайда Қазақстан үшін орталықтандырылған әрі мықты мемлекет институттары қажет.
— Бұл Конституция соңғы отыз жылда қалыптасқан олигархиялық ықпалдан арылып, әділетті, тәуелсіз жаңа Қазақстанды қалыптастыруға негіз болады. Сондықтан жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырамын, - деді Ерлан Саиров.
Бұған дейін Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы жарияланған болатын. Ұсынылған өзгерістер Негізгі заңның барлық бөлімін қамтып, 77 бапқа енгізілген түзетулер мәтіннің 80 пайыздан астамын құрайды. Жоба елдегі конституциялық жаңғыртудың тұжырымдамалық негіздерін түбегейлі жаңартуды көздейді.