Бүгін Президент Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты, - деп хабарлайды kznews.kz. Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт берді.
Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.
Мемлекет басшысы салтанатты іс-шарада сөз сөйлеп, «Қастерлі рәміздеріміз – ұлт құндылықтарының жарқын символы» деді.
«Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қасиетті Отанымыз – Қазақ елінің әрбір азаматы үшін маңызы ерекше мереке. Біз осы күні байрағымызды биікке көтереміз. Сол арқылы еңселі, егемен ел екенімізді күллі әлемге паш етеміз. Қастерлі рәміздеріміз – ұлт құндылықтарының жарқын символы. Мемлекетіміздің әр нышаны халқымыздың болмыс-бітімінің көрінісі саналады. Елтаңба – елдігіміздің айшықты белгісі. Әнұран – азаттығымыздың айбынды үні. Көк Туымыз – Тәуелсіздік тұмары. Төбемізге көтеріп, қадір тұтатын осы үш рәмізді мемлекеттігіміздің мызғымас үштағаны десек, артық болмайды. Тарихқа үңілсек, жұртымыз әрқашан бір тудың астына жиналып, ынтымақ-бірлігін сақтай білген. Қазір де еліміз ауызбіршілігін нығайтып, алға қарай сеніммен қадам басып келеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.
Сондай-ақ, Президент: таяу арада Үкімет мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесі бойынша қаулыға қажетті түзетулерді енгізетінін айтты.
- Нағыз патриоттар ғана елдің көшін алға бастайды, жердің шетін жаудан қорғайды. Басқа сөзбен айтқанда, отаншылдық дегеніміз – жеріміздің қауіпсіздігі және тұтастығының кепілі. Ұлт рәміздерінің мәртебесін арттыру, бұл – аса маңызды мемлекеттік жұмыс. Таяу арада Үкімет мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесі бойынша қаулыға қажетті түзетулерді енгізеді. Ұлттық нышандарымызды ұлықтау – ортақ парыз, бұл – әр азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, рәміздерді қастерлеу – мемлекетімізді құрметтеу деген сөз - деді Рәміздер күніне арналған сөзінде Мемлекет басшысы.