Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады. Кездесуде қаржы институтының 2025 жылғы қызметінің қорытындысы мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары талқыланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Әңгіме барысында ақша-несие саясаты, қаржы секторының тұрақтылығы, инфляцияны төмендету және цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тимур Сүлейменов Мемлекет басшысына елдегі инфляция деңгейі бойынша оң өзгеріс бар екенін баяндады. Оның айтуынша, былтыр инфляция 12,3 пайызға дейін төмендеген. Ал биыл мамыр айындағы көрсеткіш 10,4 пайызды құрады. Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, баға өсімін тежеуге бағытталған кешенді жұмысты жалғастырып жатыр.
Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы елдің қаржы тұрақтылығын сипаттайтын негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Оның мәліметінше, алтын-валюта резерві былтыр рекордтық деңгейге жетіп, 65,4 миллиард доллар болды.
Ұлттық қордың валюталық активтері де артқан. Бір жыл ішінде оның көлемі 5,1 миллиард долларға өсіп, жалпы 63,9 миллиард долларға жетті. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері 2,7 триллион теңгеге көбейіп, 25,1 триллион теңгеге дейін ұлғайды.
Кездесуде цифрлық қаржы жүйесін дамыту мәселесі де сөз болды. Қазақстан өңірде алғашқылардың бірі болып Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын іске қосты. Бұл жүйе биометриялық қауіпсіздік, банкаралық есеп айырысу, цифрлық теңге және алаяқтықтан қорғану құралдарын қамтиды.
Сонымен қатар 2025 жылы цифрлық активтерге арналған арнайы құқықтық режим аясында 30-дан астам пилоттық жоба жүзеге асырылған. Олардың ішінде активтерді токендеу және стейблкоиндер шығару сияқты жаңа бағыттар бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды міндет екенін атап өтті. Президент Ұлттық банк пен Үкіметке макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау және инфляцияны тежеу бағытында үйлесімді жұмыс жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы қаржы нарығындағы заманауи цифрлық инфрақұрылымды одан әрі дамытудың маңыздылығына назар аударды.