Қырғызстандық Kaktus Media басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасап, Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Данияр Үсеновтің ұлы Урмат Үсеновтің Алматыда қамауда отырғанын хабарлады, деп хабарлайды kznews.kz.
Басылым мәліметінше, Урмат Үсенов заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген күдікке ілінген. Ол қазір Алматыдағы тергеу изоляторында отыр.
Іс бойынша Урмат Үсеновтен бөлек тағы үш күдікті өтуде. Олардың екеуі – Қырғызстан, біреуі – Қазақстан азаматы.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілердің әрекетінен шамамен 26 млн теңге көлемінде шығын келтірілген. Сонымен қатар құны 46 млн теңгеден асатын, жалпы салмағы 1,6 тоннадан көп кальян темекісі тәркіленген.
Kaktus Media дерегінше, Алматы соты күдіктілерді 10 наурыз күні екі айға қамауға санкция берген. Қамау мерзімінің кейін ұзартылғаны жөнінде әзірге ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Қазіргі уақытта Қазақстанның құқық қорғау органдары бұл іс бойынша ресми түсініктеме берген жоқ.
Урмат Үсенов – Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Данияр Үсеновтің ұлы. 2010 жылы Қырғызстандағы билік ауысқаннан кейін Үсенов елден кетіп, Беларуське қоныс аударған. Кейін ол есімін Даниил Урицкий деп өзгертіп, Беларусь ұлттық биотехнологиялық корпорациясы ұйымын басқарған.
Қырғызстанда Данияр Үсенов сырттай 15 жылға бас бостандығынан айырылған. Елдің Бас прокуратурасы оны 2010 жылғы сәуір оқиғалары кезінде наразылық білдірушілерді атуға қатысы бар деп айыптаған.