Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды конституциялық заңға қол қойды. Құжаттар президент институты, вице-президент лауазымы, Құрылтай, Қазақстан Халық Кеңесі, елорда мәртебесі және әкімшілік-аумақтық құрылым мәселелерін қамтиды, деп хабарлайды kznews.kz.
Президент және вице-президент институты
"Қазақстан Республикасының Президенті туралы" конституциялық заңда Мемлекет басшысының құқықтық мәртебесі, өкілеттіктері мен қызмет тәртібі айқындалады. Құжаттағы басты жаңалықтардың бірі – вице-президент институтының енгізілуі.
Заңға сәйкес, вице-президент президент белгілеген міндеттерді орындайды. Бұл лауазым мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа институттардың бірі болмақ.
Құрылтайдың мәртебесі бекітілді
"Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заң Құрылтайдың қызметін, заң шығару процесіндегі рөлін және депутаттардың құқықтық мәртебесін нақтылайды.
Құрылтай заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган ретінде белгіленеді. Ол партиялық тізім бойынша сайланған 145 депутаттан тұрады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – 5 жыл.
Құрылтайды депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы сайланатын төраға басқарады. Төраға мемлекеттік тілді жетік меңгеруі тиіс.
Құрылтайдың өкілеттігіне вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім беру, сондай-ақ президент ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлау және қызметінен босату сияқты маңызды функциялар кіреді.
Қазақстан Халық Кеңесі құрылады
"Қазақстан Халық Кеңесі туралы" конституциялық заң жаңа консультативтік органның құқықтық мәртебесін, өкілеттігін, құрылу тәртібін және қызметін ұйымдастыру жолдарын айқындайды.
Қазақстан Халық Кеңесі жалпыхалықтық диалогты дамыту және азаматтық қоғамның ішкі саясатты қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында құрылады. Кеңес заңнамалық бастама көтеруге және жалпыхалықтық референдум өткізу туралы ұсыныс енгізуге құқылы болады.
Халық Кеңесі Қазақстан азаматтарынан құралады. Оның құрамына этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ өңірлердегі мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері кіреді. Кеңес мүшелерін президент бекітеді. Өкілеттік мерзімі – 4 жыл.
Астананың мәртебесі нақтыланды
"Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" конституциялық заң елордаға қатысты қоғамдық қатынастарды реттейді. Құжатта астананың құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздері айқындалған.
Заңда мәслихаттың, жергілікті өзін-өзі басқару органының және қала әкімі басқаратын жергілікті атқарушы органның өкілеттіктері нақты көрсетілген.
Сонымен қатар құжат елорданың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн кодына қойылатын талаптарды, инфрақұрылымды дамыту және қаланың тіршілігін қамтамасыз ету саласындағы ұйымдардың міндеттерін белгілейді.
Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы заң
Президент қол қойған тағы бір құжат әкімшілік-аумақтық құрылым мәселелеріне арналған. Бұл заң әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және тарату, олардың шекарасын белгілеу және өзгерту, атау беру және қайта атау тәртібін реттейді.
Құжаттың негізгі мақсаты – тиімді мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ету үшін елдің аумақтық ұйымдастырылуын жүйелеу.
Осылайша, Президент қол қойған заңдар мемлекеттік басқару жүйесіндегі бірқатар жаңа институттың құқықтық негізін қалыптастырып, елдің саяси-құқықтық құрылымына өзгерістер енгізеді.