Түйені түгімен жұтқандар: Салықтан жалтарудың жаһандық қасіреті
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Құбылмалы құрылыс нарығы: алпауыттардың бюджетке тәуелділігі неге артып келеді?

Құбылмалы құрылыс нарығы: алпауыттардың бюджетке тәуелділігі неге артып келеді?
Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жыл басынан бері отандық құрылыс саласындағы қаржы айналымы 495,6 млрд теңгеге жетіп, орындалған жұмыстар көлемі 14,5 пайызға өскен.

Жалпы, құрылыс секторындағы орындалған жұмыстардың 82 пайызы жеке компаниялардың үлесінде. Оның ішінде 17 пайызын шетелдік құрылыс ұйымдары атқарған. Ал мемлекеттік кәсіпорындардың орындаған көлемі небәрі 1 пайыз шамасында ғана.

Дегенмен, бұл есеп құрылыс нарығында жеке сектордың үлесі басым дегенді білдірмейді екен. Өйткені, тұтас сала бойынша айналымға түскен жеке компаниялардың өз қаражаты мен инвестицияларының мөлшері өте аз.

Барлық деңгейдегі құрылыста мемлекеттік тапсырыстың үлесі басымдыққа ие. Яғни, отандық құрылыс нарығы әлі де әкімдіктер мен квазимемлекеттік сектордың тапсырысына тәуелді. Демек, құрылыс жұмысының тізгіні жеке компаниялардың қолында болғанымен, ақша мемлекеттікі деген сөз. Ал дайын ақшаға инфрақұрылым нысандары мен тұрғын үй салу аса қиындық тудырмаса керек. Сондықтан да бұл саладағы бәсеке жоғары. Әсіресе, отандық құрылысшылар мен шетелдік компаниялардың арасында тапсырысқа таласу әрекеті үнемі жүріп отырмақ.

Жалпы, тұтас сектордағы қаржы айналымының көлемі орасан. Алпауыт компаниялардың айналасында мыңдаған құрылыс мамандары мен суборындаушылардың үлкен шоғыры бар. Мұнан бөлек, тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы келісімді негіздейтін сараптаушы, бақылаушы ұйымдардың қызметі тағы бар. Яғни, бір ғана құрылыс нарығындағы қозғалыс бірнеше сектордың жұмысына әсер етеді. Әлбетте, айналымдағы қаражаттың көлемі де орасан. Бірақ, құрылыстағы ауыр еңбектің үлесі бұйырған жұмысшыларға төленетін жалақы мәз емес. Мысалы, осы сәтте атағы жер жарып тұрған "Қазақстрой" компаниясының құрылыс алаңдарындағы қара жұмысшы 350-450 мың теңгенің шамасында ғана айлықты қанағат етіп отыр-мыс.

Тақырыпқа оралайық. 

Сөз басында айтылғандай, құрылыс секторындағы 14,5 пайыз өсім негізінен инфрақұрылым бағытына тән. Яғни, жол, көпір, мектеп, әкімшілік ғимараттарды жаңадан салу мен жаңғырту, күрделі жөндеуден өткізу бойынша орындалған жұмыстар көлемі жоғары.

Дерекке қарасақ, құрылыс жұмыстарының 30,5 пайызы автомобиль және теміржол жолдарының жөнделуі мен метро құрылысына тиесілі болып отыр. Мұнан кейінгі үлес әкімшілік ғимараттарының құрылысына тиеді, орындалған жұмыстар 17,8 пайызға жеткен. Ал секторындағы тұрғын үй құрылысының үлесі небәрі 11,1 пайыз шамасында екен. Яғни, барлық орындалған құрылыстың құрылымы бойынша инфрақұрылым бағыты 63,4 пайызға көтерілсе, тұрғын үй бағыты 30,2 пайыз ғана артқан. Бұдан тұрғын үй салу бағытының жалпы құрылыс саласының негізгі драйверіне айналу мүмкіндігі төмен екенін көреміз. Ал мемлекеттік тапсырысқа тәуелді инфрақұрылымдық жобалардың орындалуы айқын басымдыққа ие болып қала береді. Дәл осы көрініс ұлттық немесе ірі жобалардан бөлек, аймақтағы құрылыс секторына да тән.

Биылғы деректер Ұлытау облысындағы құрылыс өсімі 2,4 есеге, Қызылорда облысында 62,2 пайызға, Солтүстік Қазақстан облысында 45 пайызға, Түркістан облысында 33,2 пайызға және Абай облысында 29,5 пайызға жеткенін көрсетеді. Өкінішке қарай, аталған аймақтардағы құрылыс қарқыны өңірлердегі экономиканың кешенді дамуын білдірмейді. Өсім жекелеген ірі жобалардың іске қосылуына немесе бюджет қаражатының белгілі нысандарға шоғырлануына байланысты болған.

Жалпы, біздің ел үшін тұрғын үй құрылысының маңызы зор. Себебі, халықты баспанамен қамтамасыз ету әлеуметтік мәселелерді шешудің ең оңтайлы жолы. Яғни, құрылыс саласының әлеуметтік маңызы да алдымен тұрғын үймен өлшенеді. Алайда, дәл осы сегментте кері үрдіс байқалады.

Қараңыз, 2026 жылдың басында бірқатар өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру үлесі айтарлықтай төмендеген. Мысалы, Қарағанды облысында 31,9 пайызға, Ақмола облысында 13,6 пайызға, Абай облысында 12,9 пайызға және Алматы қаласында 5,7 пайызға азайды. Бұл жағдай екі факторға байланысты болуы мүмкін.

Біріншіден, халықтың төлем қабілеті төмендеп, бұрынғыдай ипотекаға оңай қол жеткізу мүмкіндігі азайды. Яғни құрылыс көлемі артқанымен, қолжетімді тұрғын үй мәселесі шешілмей отыр.

Және оңтайлы шешімін табуы да қиындай бермек. Өйткені, жаңа Салық кодексі бойынша құрылыс компанияларына қойылатын салық талабы қатаңдатылды. Бұл нарықтағы шығын мен бағаны түбегейлі өзгертті. Нәтижесінде, бұрын тұрғын үй салып, сатудан түскен пайданы мейлінше қалтасына басып келген құрылыс алпауыттары тартына бастаған. Өйткені, тұрғын үй салу секторындағы өзіндік құн жоғары. Әсіресе, құрылыс материалдарының көбі шетелден тасымалданатын ел үшін бұл қауіпті сигнал болып отыр.

Екіншіден, сектордағы жеке қаражат пен инвестиция көлемінің азаюы бюджет қаржысына деген сұранысты еселеп арттырады. Бірақ, бұл проблеманың шешімі емес. Өйткені, бюджет шығындарының қысқаруы, әсіресе, облыстарға бөлінетін трансферттердің азаюы тұрғын үй құрылысы сегментіне ғана емес, инфрақұрылым бағытындағы жұмыстарға да әсер етеді.

Айтпақшы, тұрғын үй нарығындағы тұтыну қабілетінің төмендеуі парадоксты жағдайға әкеле жатқан сияқты. Нақты ақша мен ипотекалық қолжетімділіктің азаюы бұған дейін ханға сәлем бермей келген девелоперлік қызметтің белсенділігін баяулатқан. Бұл риэлторлардың жұмысына да әсер етіпті.

Тоқетерін айтқанда, құрылыс саласындағы бүгінгі картина экономиканың нарықтық серпінін емес, мемлекеттің инвестициялық белсенділігін көрсетіп отыр.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.