Қызылорда облысының Шиелі ауданында су арнасынан табылған 16 жастағы қыздың өліміне қатысты марқұмның туыстары қылмыстық әрекет болуы мүмкін деген күдік айтып отыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Жақындарының мәліметінше, 10-сыныпты аяқтаған жасөспірім үш күн бұрын кешкі уақытта құрбысының қоңырауынан кейін үйінен шығып кеткен. Содан кейін қайта оралмаған. Кейін оның денесі көршілес Ыбырай Жақаев ауылы маңындағы су арнасынан табылған.
Марқұмның анасы Гүлжайна Қалдыбаева қызының денесі табылған кездегі жағдай күмән тудыратынын айтып, оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты тексеруді сұрады. Туыстары бойжеткеннің түнде су айдынына жалғыз баруы екіталай екенін алға тартып, кінәлілер анықталған жағдайда олардың заң аясында жауапқа тартылуын талап етуде.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері ресми түрде жарияланған жоқ. Құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.