Ұлттық Банк еліміздің сыртқы қарызын қайта есептеп, жариялады. Дерекке қарасақ, 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 181,8 млрд долларға жетті.
Яғни, борыш міндеттемесі бір жыл ішінде 17,2 млрд долларға өскен. Оның 12,8 млрд доллары жаңа қарыз операциялары болса, тағы 4,3 млрд доллары валюта бағамының өзгеруі мен түрлі қайта есептеулердің нәтижесінде қалыптасқан.
Жалпы, бұл цифрлар бір қарағанда көзге қомақты көрінгенімен, мемлекеттің қаржы жағдайы дабыл қағарлықтай деңгейге жеткен жоқ деген пікір айтылуда. Сарапшылар сыртқы қарыздың 88,1 пайызы ұзақ мерзімді міндеттемелерге жататынына тоқталған. Бұл Қазақстанға барлық қарызды қысқа уақытта қайтару қаупі жоқ деген сөз. Яғни ел бүгін - ертең берешекті беру үшін миллиардтаған доллар іздеп сабылмайды-мыс.
Алайда, қарыздың аты - қарыз. Тіпті, ұзақ мерзімді қарыздың да өз салмағы бар. Мұндай тәуелділік экономикаға жылдар бойы қысым жасап тұрады. Ел сыртқы пайыздық мөлшерлемелерге, доллар бағамына және халықаралық қаржы нарықтарының көңіл күйіне тәуелді бола береді екен.
Осы жерде кім кімге, қашаннан бастап, қанша қарыз деген сауал туады. Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, 2001 жылы Қазақстанның сыртқы қарызы небәрі 12,6 млрд доллар болған. Ал 2026 жылдың басында ол 181,8 млрд долларға дейін жетті. Яғни, ширек ғасырға жетпейтін уақытта сыртқы берешек 14 еседен астам ұлғайған. Ал қарыз құрылымында негізгі үлес бейрезиденттерден алынған кредиттер мен займдарға тиесілі болып отыр. Ол барлық берешектің 70,5 пайызын құрайды. Тағы 12,5 пайызы шетелдіктер иеленетін борыштық бағалы қағаздар екен.
Секторлар бойынша жіктегенде ең ірі қарыз алушы ретінде жеке сектор аталады. Бұл бағыттың үлесіне 138 млрд доллар тиесілі. Бірақ қызығы, жыл ішінде жеке сектордың қарызы іс жүзінде көп өзгермеген көрінеді. Мәселен, 2025 жылдың сәуірінде барлық қарыз көлемі 137,8 млрд доллар болса, 2026 жылдың қаңтарында 138 млрд доллар болды.
Ал негізгі өсім мемлекет пен квазимемлекеттік секторда байқалды. Мемлекеттік сыртқы қарыз бір жылда 14,7 млрд доллардан 18,6 млрд долларға дейін өсті. Ал мемлекет бақылауындағы банктер мен ұйымдардың сыртқы қарызы 17,4 млрд доллардан 25,2 млрд долларға дейін көбейген.
Сарапшылар мәселенің ең күрделі тұсы да осы жерде дейді. Былайша, ресми түрде квазимемлекеттік сектордың қарызы тікелей бюджет міндеттемесі саналмайды. Бірақ, іс жүзінде ірі ұлттық компаниялар қиындыққа тап болса, мемлекет оларды құтқаруға мәжбүр болады. Сондықтан мұндай қарыздар нарық үшін де, қоғам үшін де жанама мемлекеттік тәуекел ретінде қабылданады.
Қорыта айтқанда, қазір жеке бизнес бұрынғыдай агрессивті түрде сырттан қарыз алып жатқан жоқ. Ал мемлекет пен мемлекетке жақын құрылымдар, керісінше, қарызды жылдам көбейтіп жатыр. Бұл әлемдегі жоғары пайыздық мөлшерлемелер кезеңінде өте маңызды фактор. Жалпы, әлемдік экономикада арзан ақша дәуірі аяқталған. Қазір сырттан қарыз алу бұрынғыдан әлдеқайда қымбат және тәуекелді. Демек алдағы жылдары Қазақстанның сыртқы қарызға қызмет көрсету шығындары да өсе береді.
Айтпақшы, бұл қауіпті отандық экономиканың шикізатқа тәуелділігі арттыра түседі екен. Қазақстанның экспорттық табысының негізгі бөлігі мұнай, металл және уран бағасына байланысты екені белгілі. Ал шикізат бағасы жоғары кезде қарыз ауыртпалығы байқалмауы мүмкін. Бірақ, әлемдік нарықта құн төмендесе, сыртқы берешектің салмағы бірден сезілуі мүмкін.
Сондықтан басты мәселе қарыздың көлемінде ғана емес екен, оны жабу барысындағы факторларды ескеруіміз керек. Екіншіден, қарызға алынған қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанына да бақылау нашар сияқты. Егер сыртқы займдар өндіріс, инфрақұрылым және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтсе, онда мұндай қарыз экономиканың дамуына жұмыс істейді деген сөз. Ал егер ол ағымдағы шығындарды жабуға немесе тиімсіз жобаларға кетсе, онда бүгінгі қарыз ертеңгі ауыртпалыққа айналады екен.