Жемқорлыққа нөлдік төзімділік: «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясынан жауап келді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 702 6094955
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 702 6094955

Біздің әлеуметтік желілер

Қазақ әскерінің қуаты мен ұлттық қауіпсіздіктің мұраты

Қазақ әскерінің қуаты мен ұлттық қауіпсіздіктің мұраты
Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Жақында Конституциялық реформаға қатысты өткен талқылаулардың бірінде қазіргі Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи айтқан пікір қоғам талқысына түскені белгілі.

Депутат жаңа Конституция жобасындағы мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты ойын білдіре отырып, ұлттық қауіпсіздіктің сақталуына қатысты өткір сөз айтып қалғандай болды. Бапидың аузынан шыққан пікірдің жалпы мазмұны "әскеріміздің саны 80 мыңға жетпейді, шекарадағы бекеттеріміз толық салынған жоқ, қорғанысымыз әлсіз..." дегенге саяды. Әлбетте, депутаттың пікірінен астар іздеуге ниетті емеспіз, алайда елдің әскери әлеуетіне қатысты сөзі ойлануға жетелейді.

Сондықтан да қазақ әскерінің қуаты қаншалықты деңгейде деген сұраққа да жауап іздеуге қақылымыз.

Дерек жүгінсек, Global Firepower атты халықаралық рейтиң агенттігінің 2024-2025 жылдар аралығындағы талдауы бойынша еліміздің әскери қуат индексі өз тұрақтылығын сақтап тұр екен.

Зерттеулер көрсеткендей, Қазақстан әлемдегі 145 мемлекеттің арасында 58-орынды иеленген. Бұл көрсеткіш бізді Орталық Азиядағы әскери әлеуеті жоғары елдердің бірі ретінде танытады. Ал еліміздегі әскер саны шамамен 70 мыңнан асады екен.Талдаулар әуе қорғанысы мен құрлық әскерінің құрылымы жақсы дамығанын көрсетіпті.

Рас, қазақ әскерінде кеңес кезеңінен қалған техника әлі де қолданылады, бірақ соңғы жылдары жаңарту қарқынды жүріп жатыр. Жалпы, сарапшылар қазақ әскері ел Тәуелсіздік алған кезеңнен бері посткеңестік әскери модельді сақтай отырып, біртіндеп ұлттық қауіпсіздік жүйесіне бейімделіп келеді деген пікірде екен.

Анығында, қазір Қарулы күштердің қуатын бағалау тек техника мен жеке құрам саны арқылы емес, заманауи соғыс сипатына сәйкестігі тұрғысынан да маңызды болып отыр. Әскери құрылым тұрғысынан қарағанда еліміздің Қарулы күштері классикалық үштағанға негізделген. Яғни, құрлық әскері, әуе қорғанысы күштері, арнайы және қолдау бөлімдері бар тұтас құрылымды түзеді.

Сондай-ақ, әскерде басқару вертикалі толық сақталған. Соның негізінде әскери округтер мен бөлімшелер арасында институционалдық сабақтастық бар.

Алайда, Қазақстанның әскери қуаты аймақтық деңгейде жеткілікті әрі өңірлік қорғаныс сценарийіне бейімделгенімен, озық технологиялық және гибридті соғыс талаптарына толық сәйкес деп айтуға қиналамыз. Бұл жерде әскердің технологиялық дайындығы мен цифрлық мүмкіндігі әлі де сыртқы факторларға байланысты екенін ескеруіміз керек. Әсіресе, дрон, спутник құрылғылары және заманауи байланыс құралдары мен әскери бағдарламалық жүйелер толықтай дерлік импортқа тәуелді. 

Екіншіден, Қазақстан өзінің әскери доктринасында армияның алдына шабуылдауды, яғни, соғыс ашуды басты мақсат етіп қойған емес. Есесіне, біздің әскери әлеуетіміз аумақтық қорғанысқа және қауіп-қатерді тежеуге бағытталып отыр. Бұл мемлекет территориясының кеңдігі мен шекарасының ұзақтығы және аумақтағы демографиялық тығыздықтың төмендігі жағдайында рационалды таңдау болып саналады. Әрине, қазір әлемдегі геосаяси оқиғалар мысалына сәйкес соғыс қауіпі көбіне шекараны бұзып, жарып өтуден емес, ішкі тұрақтылыққа, ақпараттық кеңістікке қатер төндіруден басталатыны бөлек әңгіме.

Айтпақшы, Қазақстанның қорғаныс шығындары шамамен жалпы ішкі өнімнің 1 пайызы көлемінде жобаланған екен. Талдауларға сүйенсек, бұл бюджеттің басым бөлігі жеке құрамды ұстауға, және әлеуметтік төлемдерге және жанармаймен қамту, қызмет көрсету сияқты ағымдағы шығындарға жұмсалады. Өкінішке қарай, ұзақ жылдар бойы қазақ әскеріне бөлінген қаржы ғылыми-зерттеу жұмысына, жаңа технология енгізуге, тың әскери стартаптар бастауға, тіпті саланы цифрландыруға бағытталмай келгені жасырын емес. Тек кейінгі жылдары ғана бұл салаға қатал талап қойылып, қорғаныс ісі мен өндірісіне жаңаша көзқарас ене бастады.

Яғни, Қазақстан үшін әскери қуатты арттырудың жолы тек бюджетті ұлғайту емес, қорғанысқа бөлінген қаржыны технологияға, басқару сапасына және ұлттық өндіріске қайта бағдарлауға негізделіп отыр.

Деп келгенде, қазақ әскерінің қазіргі хал-ахуалы туралы әртүрлі тақырыпта сөз етуге болады.

Әлбетте, әлеумет арасында жағымсыз әңгіме мен жел сөзге толы пікір де жеткілікті. Көп жағдайда әлімжеттік, кездейсоқ оқиға, тосын да құпия өлім туралы деректердің басым екенін мойындауымыз керек. Бірақ, әскери құндылықтарға қатысты ақиқат пікір алып-қашпа әңгімеге емес, мемлекетшілдік пен қауіпсіздік тұрғысынан сарапталатын негізде айтылуға тиіс. 

Екіншіден, мерзімді әскери қызмет кезінде орын алатын өлім-жітім мен әлімжеттік оқиғалары жекелеген тәртіп бұзушылық емес, ел әскерін дикриминациялайтын институционалдық проблема ретінде қарастырылуы керек сияқты. Әйтпесе, қорғаныс саласындағы жауапты тұлғалар көп жағдайда әр оқиғаны жеке себептермен түсіндіруге бейімделіп, жиі қайталанатын мәселенің жүйелік сипатын жасыруға тырысатыны байқалады. Яғни, ресми нұсқаларда сарбаз өлімінің себептері көбіне суицид, жазатайым оқиға, денсаулыққа байланысты жағдай немесе абайсызда қару қолдану әрекеті ретінде көрсетіледі. 

Алайда, ашық деректер мен қоғамдық резонанс бұл оқиғаларды әскери бөлімдердегі бейресми қысым және психологиялық зорлықпен байланыстырады. Рас, ресми деңгейде әскерде әлімжеттік, яғни "дедовщина жоқ" деп айтылғанымен, ол әдеттер сарбаздар мен кіші командирлер арасындағы ашық физикалық зорлықтан, жабық психологиялық қысымға ауысқаны туралы пікір бар.

Бұл жағдай қарсылық қозғалысына дейін ұласып, сарбаздардың аналары Астанада, Ақорда жанында ереуілге шыққан еді. Соның нәтижесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскердегі өлім-жітімнің себебі мен салдарын анықтауды Бас Прокуратураға жүктеген болатын.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.