Қазақстанда БЖБ мен ТЖБ-дан (бөлім бойынша жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалаудан) біртіндеп бас тарта бастайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазіргі уақытта министрлік осы емтихандарға қатысты талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Орта білім беру комитеті барлық сыныптардың тапсырмалары мен оқушылардың жауаптарын зерттеуде.
«Өйткені бұл – критерийлік бағалау жүйесі, ол Қазақстанның білім беру стандартына енгізілген. Сондықтан қазір біз стандартқа жекелеген бақылау жұмыстарын – диктант, шығарма, мазмұндама секілді жұмыстарды енгізіп жатырмыз. Біртіндеп БЖБ мен ТЖБ-дан бас тартамыз деп ойлаймыз. Бірақ ол үшін бізге нақты негіздемелер, соның ішінде сараптама қажет», – деді Сүлейменова Үкіметтегі брифингте.
Сондай-ақ министр кейбір LMS жүйелері (онлайн оқытуды құруға, өткізуге және бақылауға арналған платформалар) БЖБ мен ТЖБ жауаптарын жүктемейтінін айтты.
Бағалаудың бұл түрі қай сыныптарда сақталатыны тамыз айында белгілі болады.
Наурыз айының басында Оқу-ағарту министрлігі білім саласындағы мамандардан құралған жұмыс тобы мектеп оқушыларының білімін бақылау жүйесінің тиімділігін зерттеп жатқанын хабарлаған еді. Сол кезде ведомство қолданыстағы бағалау жүйесі объективтілік пен әділдік қағидаттарына негізделгенін мәлімдеген болатын.