Марқұм әнші Мәдина Ералиеваның ұлы Арсен Ералиев анасының өмірден өткені туралы суық хабарды қалай естігенін еске алды. Ол бұл жайында "Астарлы ақиқат" бағдарламасында айтып берді, деп хабарлайды kznews.kz.
"Қазақтың Ақбаяны" атанған әнші тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді. Бағдарлама барысында оның өмірі мен шығармашылық жолы еске алынды.
Арсен Ералиевтің сөзінше, анасының қазасы туралы хабарды оған Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиева мен Мәдина Ералиеваның жақын достары жеткізген.
"2000 жылдың қараша айы әлі күнге дейін есімде. Нағима Есқалиева мен анамның достары Салман мен Алексей келіп, анамның өлімін естіртті. Басында сенбедім. Өң мен түс арасында жүргендей болдым", – деді ол.
Арсеннің айтуынша, кейін үйге туыстары мен өнер адамдары жинала бастаған. Артынша олар чартерлік рейспен Қызылорда облысындағы Байқоңыр өңіріне ұшқан.
"Анамның денесін сол жерден өзім алып келдім. Әлі күнге дейін анамның күшін сеземін. Ол мені әрдайым желеп-жебеп жүреді. Уақыт өткен сайын сағына беремін", – деді Арсен Ералиев.