7-қыркүйектен бастап қазақстандықтар міндетті зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейін инвестициялық портфельді басқарушыларға бере алады.
Бұл жай ғана қаржы нарығындағы жаңа ереже емес, азаматтың қарттыққа деп жинаған ақшасын кім басқаратынына қатысты үлкен өзгеріс болып отыр.
Бұған дейін міндетті зейнетақы жинақтарының ИПБ, яғни, инвестициялық портфельді басқарушыларға берілетін көлемі 50 пайызбен шектелетін. Енді бұл шек екі есеге ұлғаяды. Демек, азаматтың алдында таңдау кеңейді деген сөз. Олар жинаған ақшасын Ұлттық банктің басқаруында қалдыруға немесе жеке инвестициялық басқарушыға сеніп тапсыруға мүмкіндік алды.
Бір қарағанда, мұның бәрі нарықтық логикаға сай келеді. Бәсеке де көбейеді. Басқарушылар клиенттің ақшасын тиімді орналастыруға тырысады. Табыс пен кіріс те жоғарылауы мүмкін. Алайда, осы жерде бір қарапайым сұрақ туындайды. Егер пайда көбейсе, ол кімге тиеді, ал нарықтағы табыс минусқа кетсе тәуекелді кім көтереді?Міне, мәселенің ең маңызды тұсы салымшыларды ойлантуға тиіс.
Жалпы, зейнетақы жинағы кәдімгі инвестициялық қордағы ақша емес. Ол азаматтың ондаған жыл бойы жиналған болашақ табысы. Сондықтан оны басқаруға нарықтық механизмдерді енгізу бір жағынан мүмкіндік болса, екінші жағынан жауапкершілікті де арттырады. Ал жинақтың 100 пайызын ИПБ-ға беру одан 100 пайыз пайда көремін деген түсінік емес. Қор нарығында табыс жоғары болуы мүмкін, бірақ шығын қаупі де үнемі болатыны сөзсіз. Бүгін жоғары нәтиже көрсеткен басқарушының ертең дәл сондай көрсеткішке кепілдік бере алмайтыны түсінікті.
Сондықтан, мәселе "ақшаны ИПБ-ға беру керек пе?" дегенге тіреліп тұрған жоқ. Бұл адамның өзі тәуекелге дайын ба деген ұғым маңызды. Әрине, мемлекет ИПБ қызметін реттейді, бірақ, нарықтағы тәуекелге кепілдік бере алмайтыны түсінікті.
Тоқетерін айтқанда, бұл жерде сөз аз ақша туралы болып отырған жоқ. Биылғы 1-тамыздағы дерек бойынша, қазақстандықтардың зейнетақы активтері 28,3 триллион теңгеге жетті. Енді осы орасан қаржының бір бөлігін жеке басқарушыларға сеніп тапсыру мүмкіндігі кеңейіп отыр. Демек, мәселе бір адамның жинағындағы бірнеше миллион теңгеде емес, миллиондаған салымшының болашақ ақшасын басқаратын алып нарықтың кімнің қолына өтетінінде болып отыр.