"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы жарияланғалы бері 7 жыл уақыт өтті.
Салыстырмалы түрде алғанда бұл кезең мемлекеттік аппараттың басқару ұстынын айқындап, билік пен бұқара арасындағы байланыстың өзіндік жолы мен бағдарламасы пісіп, жетілуіне жеткілікті мерзім екені анық. Осы аралықта мемлекеттік қызмет көрсету бағыты бойынша Президент Тоқаев жүктеген тұжырымдамалық міндет пен оның іс жүзіне асуына қажетті факторлардың барлығы қалыптасып болуға тиіс-тұғын. Алайда, өткен жылдың деректеріне қарағанда мемлекеттік қызмет саласындағы олқылықтар әлі де оңалмағанға ұқсайды.
Бірден айтайық, елімізде мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі цифрландыру бағытында оң серпілісті бастан өткеруде. Кейбір бағыт бойынша формализм болғанымен, тұрғындардың жеке мәселерін тыңдау, зерделеу және шешім қабылдау барысында жылдамдық пен ашықтық қалыптасып отыр-мыс.
Дерекке қарасақ, 2025 жылы ел азаматтарына 292,5 млн мемлекеттік қызмет көрсетілген екен. Мұның 94 пайызы электронды форматта жүзеге асыпты. Бірақ, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша тіркелген цифрлар мен атқарылған жұмыстың сапасына қатысты айырмашылық жер мен көктей болуы мүмкін.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің есебі бойынша өткен бір жыл ішіндегі ресми қызмет көрсету кезінде 478 443 ереже мен талапты бұзу дерегі анықталған. Және бұл техникалық ақау емес, жүйелі мәселеге айналған адами әрекеттерден туындаған. Осы жарты миллионға жуық ереже бұзушылықтың 347 692 ісі жергілікті атқарушы органдарға, қатысты болса, 130 751 іс орталық мемлекеттік органдар мен оларға қарасты ведомстволарға тиесілі екен. Талдауға сәйкес, ең жиі кездескен заң бұзушылық әрекеті қызмет көрсету мерзімінің талаптарын қасақана сақтамауға қатысты анықталған. Мұндай фактілер жалпы талап бұзудың 30,7 пайызын құрайды. Яғни, адамдардан келіп түскен 105 өтініш дер кезінде назарға алынбай, кей жағдайда мүлдем ескерілмеген көрінеді.
Бұл мәліметтер мемлекеттік қызмет көрсету электронды форматқа көшірілгенімен, оны жүзеге асыратын қызметшілердің жауапкершілігі мен көзқарасы бұрынғы бюрократиялық деңгейде қалғанын көрсетіп берді.
Яғни, тиісті органдарға жүгінген азаматтардың арыз-шағымы дер кезінде немесе мүлдем қаралмай, құқығының аяқ асты болуы адамды ашындырып, тұтас саяси жүйеге деген сенімді күйрететіні белгілі. Осыдан барып жоғарғы инстанцияларға шағымдану да жиілеген. Былтыр Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне 2 737 шағым түскен. Соның негізінде агенттік тарапы 481 рет жоспардан тыс тексеру жүргізген. Бірақ, кеткен кемшіліктер анықталып, тиісті нұсқау берілгеніне қарамастан небәрі 233 азаматтың ғана құқығы қалпына келтірілген. Яғни, әр он шағымның біреуі ғана нақты нәтижеге жеткен. Бұл азаматтардың көп жағдайда өз құқығын қорғауда тұтас жүйеге қарсы жалғыз қалатынын көрсетеді.
Өкінішке қарай, жағдай тіпті жазалау тетіктері қолданылса да жақсармаған. Ресми есеп бойынша былтыр 1 636 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған болса, соның 27,3 пайызы түрлі лауазымдағы басшылар болып отыр. Өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін 915 мемлекеттік қызметшіге қатысты Әкімшілік кодекстің 465-бабы бойынша хаттама толтырылса, екі лауазымды тұлғаға осы заңның 462-бабына сәйкес, мемлекеттік бақылауға кедергі келтіргені үшін жазаланған. Олардан 49,5 млн теңге айыппұл өндірілген.
Осы жерде мемлекеттік қызметшілер тарапынан орын алған жарты миллионға заң бұзушылық анықталғанына қарамастан, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бар болғаны 442 лауазымды тұлғаға қатысты әкімшілік шара қолдануын түсіну қиын. Екіншіден, мемлекеттік басқару жүйесіндегі айыппұл арқылы жазалау тәсілі жауапкершілікті арттыру құралы емес, жәй ғана статистикалық рәсімге айналып, көрсеткіш диаграммасы ретінде есептелуі түсініксіз болып отыр. Нақты өмірде азаматтардың арызы бойынша әрекет етпегені үшін жұмыстан кеткен лауазымды қызметкерді, оның ішінде әкімдер мен орынбасарларын, басқарма басшыларын мысалға келтіру қиын. Есесіне, мемлекеттік қызметшінің ережесі мен талабына пысқырмайтын, тұрғындарға дауыс көтеретін, әдеп пен этикаға жат сөз айтып, қылық көрсететін шенеуніктер қатары көбейіп келеді.
Демек, мемлекеттік басқару жүйесіндегі жекелеген қызметшілердің қызметтік жауапкершілігінің төмендігі мен жоғарғы бақылаудың әлсіздігі тұтас жүйеге деген сын мен сенімсіздікті күшейте бермек. Мұның астарында қызметтік протекция мен сыбайластықтың да салдары жатқандай.
Жалпы, жоғарыда мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы цифрландырудың нәтиже беріп отырғанын айттық. Бұл бағыттағы жұмыс ілгерлей беруге тиіс. Алайда, біз талдаған 2025 жылғы статистика мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты басты мәселенің технологиядан туындамайтынын көрсетіп отыр. Бұл жердегі электронды формат байланыс құралы ғана. Ал егер орындаушы жауап бермесе, басшы есеп сұрамаса, айыппұл жүйені өзгертпесе мемлекеттік қызмет жүйесіндегі цифрландыру тек әдемі есеп күйінде қала беретіні анық.
Дәл қазіргі жағдайда елдегі мемлекеттік қызмет көрсету құрылымының азаматтарға ыңғайлы екеніне сену қиын. Оның дәлелі ретінде мемлекеттік аппарат тарапынан бір жыл ішінде жарты миллионға жуық заң бұзушылық болғанын айту жеткілікті шығар...