Халықтың 5 пайызы кедей: өңірлердің әлеуметтік әлеуеті әлсіреді ме?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

"Кәмпескеден" де­портацияға дейін: Қазақстан "ұлттар лабораториясына" қалай айналды?

"Кәмпескеден" де­портацияға дейін: Қазақстан "ұлттар лабораториясына" қалай айналды?
Фото: AI көмегімен жасалған.

Совет одағы бойынша ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап жеке ұлттарды өзге республикаларға күштеп жер аудару саясаты қарқынды жүр­­гізілді. Бұл зұлмат зобалаңының 1950 жылға дейін үз­діксіз жалғасқанын да енді-енді ашық айта бастадық.

Жалпы, СССР бойынша депортацияға ұшыраған ұлыстардың статистикасы 3,2 миллион адамға дейін жеткенін көрсетеді. Бұл Сталин билік басында болған 1920-1950 жыл­дар аралығындағы жағдай екен. Осы жерде мемлекеттік деңгейде дайындалған де­портациялау жоспарына қазақ ұл­­ты­ның өкілдері алғашқы болып ұшы­ра­ғанын ашып айтуымыз керек.

Мысалы, қазақ даласында байларды «кәмпескелеу» саясаты жүргізілген жылдары, мал мүлкі тәркіленіп, өздері Сібірге жер аударылған әулеттердің саны 5500 адамнан асып кеткен. Бұл саясат ресми түрде "әлеуметтік теңдік орнату" және "таптық күресті күшейту" деген ұранмен жүзеге асқанымен, іс жүзінде тұтас қоғамның экономикалық және әлеуметтік негізін ыдыратып жіберген еді.

Қазақ ауылдарында 1928 жылы басталған қасіретті науқан 1930–33 жылдардағы жаппай ашаршылықтың алғышартына айналып кетті.

Жалпы, Кеңес үкіметінің қазақ буржуазиясын түбегейлі жоюға бағытталған саясатына әлі де шынайы баға берілген жоқ. Бұл бағытта Тәуелсіздік рухымен шыңдалған шынайы тарихшылардың жаңа толқыны істейтін жұмыс көп-ақ. Өкінішке қарай, Назарбаев билік еткен тұста бұл тақырып ішінара жабық болды әрі тарихи жад тұрғысынан "кәмпескелеу" науқанын ұлттық буржуазияны депортациялау деп тануға талпыныс та жасалмады. 

Қуаныштысы, қоғам мен саясат деколонизацияланған сайын, 1920 жылдары жүргізілген науқанды орыс тарихшылары жазып кеткендей тек экономикалық реформа ретінде қарастырудың жалған екені айқындала түседі. Бұл советтік басқарушылар тарапынан болған саяси қысым мен дәстүрлі қоғамды күшпен қайта құрудың нақты көрінісі еді. Тарих мұны геноцид деп таразылайды...

Екіншіден, Қазақстанға жер аударылған өзге ұлт пен ұлыстардың қасіретті тағдыры туралы айтқанда біз тарихи саясат пропагандасына жиі бой алдырамыз. Рас, қазақ депортацияға ұшырағандарға мейлінше мейірім көрсетті. Ол енді ұлттың дәстүрлі әлеуметтік типіндегі асқан ерекшелігі еді.

Әйтпесе, ол кезеңде жеке ауылдар түгілі тұтас мемлекеттің жағдайы жетісіп тұрмаған еді. Өйткені, озбыр саясаттың зардабы Одақ құрамында болған бас­қа рес­пуб­ликаларға қарағанда Қазақ­стан­ға ерекше ауыртпалық әкелді. Аштықтан аман қалған халықтың еңсесін Екінші дүниежүзілік соғыс салмағы езіп жатты. Дәл осы тұста өзге өңірлерден депор­­тацияланған ұлт пен ұлыс өкіл­дерін үсті-үстіне тоғыту қазақ ауылдарын тұралатып жіберді. Соғыс жылдарындағы Қазақстанның эко­­но­микалық жағдайын зерттеген ға­лымдардың еңбегінде сол тұста ел­дегі жағдайдың өте ауыр бол­ған­ды­ғы нақты есептермен көр­се­тіледі. Себебі, колхоздастыру қате­лігі мен ашаршылық зардабынан сәл ғана бой жаза бастаған елдегі жағдай өлшеулі азық-түлік пен санаулы киім-кешекті мұқ­таж әулеттермен бөлісетіндей жағ­дайда емес еді. Соған қарамастан қазақ халқы депортацияланған ұлыс­тар­ға бір жапырақ нанын бөліп беріп, топты жанды тоқал тамының бір бөл­ме­сін босатып беріп, паналатты.

Шындығында, осы кезде соғыс жағдайындағы тәртіп бойынша еңбек етуге қабілетті әрбір қазақстандық отбасы «Қызыл әскер» қорына 50 кг ет, 3 кило сарымай және 30 жұмыртқа өткізуі тиіс болған. Бұл салық өтелмеген жағдайда ауыл адамдарына қудалау, күштеп жер ауда­ру, ауыр жұмысқа мәжбүрлеп жегу жазасы қолданылатын болған. Тағы бір деректерде 1941-1945 жыл арасында қазақ жұмысшылары майдан қажеті үшін 4 700 000 сом ақша жинап тапсырғаны айтылады. Тұрғындар тағы да соғыс қажеттілігі үшін мемлекет сатуға шығарған заем қағазы мен облигация, лотерея билетін мәжбүрлі түрде алған екен. Бұл саудадан отан бюджетіне бір ғана Қазақстаннан 3 миллиард 184 миллион 395 мың сом ақша түскен. Ал негізгі кәсібі мал шаруашылығы болған аумақтар үшін ет тапсыру міндеті тіпті орасан еді. 1942 жылы ғана қазақстандық колхоздар 160 400 бас ірі қара мал және 878 100 бас қойды етке өткізген. Сондай-ақ осы жыл­­дары авиа­­ция әске­ріне қажетті техника жасауға жылу жиналып, ел еңбеккерлері бірер күнде 842 533 пұт астық, 46 203 пұт кү­ріш өткізіп, басқа да дайын да­қыл­дар­дың түр-түрінен және 32 185 пұт жинап тапсырған екен.

Біз бұл дәйек­тер­ді соғыс статистикасын жариялау үшін емес, сол жылдарда қазақ хал­­қының ішер асқа, киер киімге жа­ры­­май жүріп те депортацияланған ұлыс­­тарға жанашыр болып, қайырым көр­сеткенін нақтылау мақсатында алып отырмыз. Демек, бір халыққа бағыт­­талған саяси геноцид пен жен­дет­­тік ұстанымды екінші ұлттың ата дәс­­түрі мен адамгершілік болмысы жең­­гені анық.

Жалпы, Совет одағы бойынша депортацияға ұшыраған ұлыстардың статистикасы 3,2 миллион адамға дейін жетсе, Қазақстанға күштеп жер аударылғандар үлесі 1 200 000 адам шамасында болғаны айтылады.

Яғни, 1930-1940 жыл межесінде қазақ даласына Одақ аумағында тұратын неміс ұлтының 38 пайызы, чешен, ингуш ұлтының 83 пайызы, корей ұлысының 59 пайызы, балқарлардың 55 пайызы, қарашайлардың 58 пайызы, гректердің 76 пайызы, күрдтердің 62 пайызы күшпен қоныстанғаны анық. Бүгінде осы ұлт пен ұлыстың ұрпақтары Қазақстанда тату тұрмыс кешіп отыр.

Өткенге салауат айту парыз. Тарихтан тағылым алу да міндет. Бастысы, қазақ даласының "ұлттар лабораторясы" атауын иленуі де сол заманның қасіретті шындығы мен мұрасы болып қала беретінін де ұмытпауымыз керек!

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.