Қызметкерлеріне пәтер сыйлаған Алагөзов бір жылда ондаған миллион долларға байыған
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Жаһанды жанармай дағдарысы күтіп тұр ма?

Жаһанды жанармай дағдарысы күтіп тұр ма?
Фото: AI көмегімен жасалған.

Таяу Шығыс аумағын соғыс өрті шарпығалы бері 60 күннен асты. Әзірге Иран тарапы ақ ту көтеріп, жансауға сұрайтындай жағдайға жете қоймаған сияқты. АҚШ-Израиль тандемінің де тоқтайтын түрі байқалмайды. Өкініштісі, майдан шебі мен соғыс шығыны туралы ақпаратқа жұрттың көзі мен құлағы үйреніп барады.

Және Таяу Шығыс дағдарысы соғыс технологиясының жаңа мүмкіндіктерін ғана емес, ақпарат майданындағы пропаганда мен манипулияцияның да жаңа кезеңге өткенін көрсетіп отыр.

Мұнан бөлек, мұндай қақтығыстардың зардабы мен салдары адам өмірі мен бейбіт тіршіліктің саяси ұстаным мен әлеуетті күштің алдында түкке тұрмайтынын дәлелдей түскендей. Екіншіден, Иран аумағындағы дүмпу геосаяси текетірес қана емес, өркениеттер мен өндірістік дамудың да бетбе-бет келуін білдіреді. Демек, бұл соғыстың зардабы адамзат тарихы мен мемлекеттердің құрылымы үшін үлкен сынаққа ұласады. Қазірдің өзінде соғыстың сипаты атыс-шабыс пен кісі өлімі туралы жантүршігерлік деректен гөрі, экономикалық тұрғыдан зардап шегуші тараптардың жанайқайын жеткізуге ойысып бара жатқан сияқты. 

Айтпақшы, біз бұл туралы "Ормуз дағдарысы: әлемдік тәртіп қалай өзгереді?" деп жазғанбыз. Ал әлемнің алаңдаушылығы да дәл осы Ормуз бұғазы жабылған күннен бастап еселене түскен еді. Сол шындыққа айналып, арада екі ай уақыт өткенде дүниежүзінің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төніп отырғаны туралы ашық айтыла бастады.

Бірер күн бұрын Bloomberg басылымы дүниежүзі елдері маусым-шілде айларында жанармай тапшылығын сезіне бастайды деген сипатта сараптама жариялады. International Energy Agency мен Chevron компаниясындағы дереккөздерге сүйенген басылым Ормуз бұғазының іс жүзінде жабылғанына екі айға жуық уақыт өткеннен кейін әлемдік мұнай қоры бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен азайып жатыр дейді.

"Әлемдік мұнай нарығы соңғы онжылдықтағы ең қауіпті кезеңдердің біріне жақындап келеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай мұнай бағасының жаңа серпінмен қымбаттауына және кейбір елдерде жанармай тапшылығының туындауына әкелуі мүмкін" деген пікір айтылады мақалада. 

Бұл жерде әлемдегі отын-энергетикалық резервтердің тез сарқылуы салдарынан мемлекеттердің жаңа геосаяси немесе логистикалық соққыға қарсы қорғанысы әлсірей бастағанына басымдық берілген.

Мәліметке қарағанда, 1 наурыз бен 25 сәуір аралығында әлемдік мұнай қоры тәулігіне шамамен 4,8 млн баррельге қысқарған. Яғни, қордың азаюының 60 пайызын шикі мұнай, қалғанын мұнай өнімдері құрап отыр екен. Демек, қолда бар мұнай қоры қазірдің өзінде 2018 жылдан бергі ең төменгі деңгейге жақындап келеді. Оның ішінде жекелеген мемлекеттердің жағдайы біліне бастаған.

Трейдерлер әсіресе Индонезия, Вьетнам, Пәкістан және Филипин елдеріне алаңдап отыр көрінеді. Олардың кейбірі алдағы бір ай ішінде жанармай тапшылығына тап болуы мүмкін-мыс.

International Energy Agency дерегінше, Еуропада да жағдай күрделене түсуде. Әсіресе, жазғы демалыс маусымы қарсаңында авиациялық отын қоры тез азайып жатыр. Кейбір сарапшылар маусым айында бұл қорлар қауіпті деңгейге жетуі мүмкін деп болжайды.

Ал әлемдік нарықтағы мұнай өндірісі мен тасымалдаушылардың негізгі көшбасшысы саналатын АҚШ-та да дайын мұнай қорлары азая бастаған. Ресми деректер бойынша, елдегі мұнай мен жанармай қоры соңғы төрт апта қатарынан төмендеген. Мысалы, жинақтаушы қор 2005 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түссе, бензин қоры 2014 жылдан бергі маусымдық минимумдарға жақындаған дейді сарапшылар.

Тіпті, қазіргі жағдай Ормуз бұғазы қайта ашылған күннің өзінде Парсы шығанағындағы өндіріс пен тасымал бұрынғы қалыпқа тез келе қоймайды деген пікір бар. Демек, әлем экономикасы алдағы айларда жоғары мұнай бағасы мен отын тапшылығы қаупімен бетбе-бет келуі бек мүмкін.

Chevron компаниясының мәліметінше, дүниежүзіндегі мұнай мен мұнай өнімдерінің резервтік қуатының едәуір бөлігі әлдеқашан жұмсалып қойған көрінеді. Әсіресе, импортқа тәуелді кейбір мемлекеттер маусым-шілде айларында нақты жанармай тапшылығын сезінуі ықтимал екен.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.