Мемлекеттер арасындағы "Мәңгілік көрші" ұғымы саяси-экономикалық тұрғыдағы құндылықтардан жоғары емес екен. Әсіресе, сауда-саттық айналымына қатысты еларалық ұстанымға келгенде жеке мүдде бірінші орынға шығатынын уақыт көрсетіп отыр.
Әңгіме Қазақстан мен Ресей арасындағы импорт пен экспорт алмасуға қатысты болмақ. Жалпы, дәл қазіргі кезеңдегі көрші елмен сауда қатынасының сипатын асимметриялы тәуелділік ұғымы шеңберінде қарастыруға болады екен. Ғылыми таным тұрғысынан алғанда асимметриялы тәуелділік деп екі тараптың бір-біріне әртүрлі жағдайда мұқтаж болуын айтады екен.
Қарапайым тілмен айтқанда, бір тарап екіншісіне қаттырақ мұқтаж болады, ал екінші тараптың тәуелділігі әлдеқайда аз болады. Сондықтан да екі арадағы күштің тепе-теңдігі бұзылады-мыс. Яғни, Қазақстанның солтүстіктегі көршімен қатынасында осы анықтаманың нышандары айқын көрініс табады. Мысалы, Қазақстан белгілі бір деңгейде көрші елдің нарығына өнім шығарады, бірақ, Ресей Қазақстаннан енетін импортқа тәуелді емес, керісінше орыс нарығына өнім жөнелтетін басқа баламалы экспорт арнасы жеткілікті немесе ішкі өндіріс өз нарығындағы сұранысты толық өтеуі мүмкін. Яғни, Ресей нарығы Қазақстан өніміне мұқтаж емес. Әлбетте, ішінара жағдайда, онда да энергетикалық шикізат күйіндегі экспортқа сұраныс бар екенін айтуға тиіспіз.
Ал керісінше жағдайда, Қазақстанда Ресейден келетін импортқа мұқтаждық басым екені жасырын емес. Мұны Қазақстанның Қаржыгелер қауымдастығы жасаған зерттеу қорытысына сүйеніп айтып отырмыз.
Жалпы, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда қатынасы бір қарағанда тұрақты көрінгенімен, 2025 жылдың қорытындысы бұл тұрақтылықтың сапалы экономикалық өсімге емес, импорт тәуелділігіге негізделгенін көрсетті.
Рас, ресми дерекке сәйкес, екі ел арасындағы тауар айналымы 3 пайызға төмендеп, 27,4 млрд доллар шамасында болды. Бірақ, мәселе көлемнің азаюында емес. Негізгі мәселе сауда қатынасының құрылымда екен. Мәселен, Қазақстанның Ресейге экспорты 14,8 пайызға құлдыраса, Ресейден келетін импорт, керісінше 3,5 пайызға өскен. Яғни, Қазақстан Ресей нарығына бұрынғыдай тауар өткізе алмай отыр, ал Ресей Қазақстан нарығындағы позициясын сақтап қана қоймай, кезең сайын күшейтіп келеді.
Қаржыгелер қауымдастығының сарапшылары бұл жағдайды асимметриялы тәуелділіктің айқын көрінісі деп бағалайды. Сарапшыларды шикізат экспорттындағы көлемнің төмендеуінен бөлек, қосылған құны жоғары салалар бойынша жөнелтілімдердің азаюы алаңдатады екен. Дерекке қарасақ, химия өнеркәсібі, көлік құралдары, металл өнімдері мен минералды тауарлар экспорты былтыр жүздеген миллион долларға азайған. Бұдан еліміздің өңдеу өнеркәсібі әлі де сыртқы бәсекеге төтеп бере алмай отырғанын көруге болады.
- Экспорттағы өсім негізінен ауыл шаруашылығы мен бағалы металдар есебінен қалыптасты. Яғни, біз қайтадан классикалық модельге, шикізат пен бастапқы өнімдерге сүйенген экономикаға оралып барамыз, - деп жазылған Қазақстан Қаржыгелер қауымдастығының сарапшылары дайындаған есепте.
Мұндай жағдайда импорттың өсетіні анық. Ал қазіргі сауда қатынасының құрылымы Ресей Қазақстанға тек дайын өнім ғана емес, жоғарғы инфляция өсімін де экспорттап жатыр екен. Өйткені, азық-түлік, минералды өнімдер және бағалы металдар импортының өсуі Ресей экономикасындағы баға құбылуының Қазақстан нарығына да тікелей әсер ететінін көрсеткен.
Бір қызығы, өткен жылдың қорытындысы бойынша рубль бағамы теңгеге қатысты нығайып, тұрақтылық 30 пайыздан асқанына қарамастан, ресейлік тауар бағасы төмендеген жоқ. Яғни, валюталық есеп айырысу кезіндегі бағам төмендесе де, Ресейден келетін импорт бағасы бойынша артықшылығын сақтап қалған.
Түсінікті тілмен айтқанда, рубьлдің қымбаттауы әсерінен көтерілген заттың бағасы, ол қайта төмендегеннен кейін бастапқы құнына қайтадан түсуі тиіс-тұғын. Бірақ, ондай есептеу болмаған. Соның кесірінен Қазақстан тарабы сатып алу кезінде төмен баға үшін жоғары төлем жасауды жалғастыруға мәжбүр болды.
Ал дәл осындай сипаттағы баға құбылуы кезінде Қазақстаннан Ресейге енетін тауар құны қымбаттамаған. Мұның себебін нарықты реттеудегі басымдыққа ие тараптың сұранысынан іздеу керек сияқты. Нәтижесінде қазақстандық экспорт зардап шеккені анық. Мұның екінші себебі ретінде Қазақстандағы өндірістік шығындардың жоғары болуы және отандық бизнестің ресейлік өніммен бәсекелесе алмай отырғанынан да іздеуге тура келеді.
Соның нәтижесінде Ресеймен арадағы теріс сауда балансы 11,1 млрд долларға дейін жеткен. Бұл жай статистика емес, ел экономикасынан сыртқа кетіп жатқан орасан валюта ағынын және ішкі өндірістің әлсіздігі мен импортқа тәуелді тұтыну моделінің күшеюін де білдіретін сигнал.
Айтпақшы, былтыр екі елдің сауда-саттық байланысындағы жағдай асимметриялы тәуелділіктен бөлек, тағы бір маңызды сипатын көрсетіпті. Ресми дерекке сәйкес Қазақстан мен Ресей арасында рубльмен есеп айырысу үлесі айтарлықтай өскен. Сарапшылар бұл жағдайды бір жағынан дедолларизация процесінің жылдамдауы ретінде көрсетсе, екінші жағынан, Қазақстан экономикасының Ресейдегі валюталық және инфляциялық өзгерістерге тәуелділігі де сақталып отыр деген пікір айтады.
Әлбетте, біз бұл жерде екі ел арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынастың астарына үңілуді мақсат етпейміз. Бірақ, отандық өндірістің көрші елден келетін дайын тауар түрлерінің экспансиясына төтеп бере алмай отырғанын бірнеше рет жаздық та.
Былай қарасақ, Ресеймен арадағы сауда көлемнің артуында тұрған ешқандай мәселе жоқ. Мәселе, Қазақстанның бұл саудада қандай рөл атқарып отырғанында болса керек. Шынымен де, бұдан әрі еліміз импортты алмастыратын өндірісті дамыта ала ма, әлде Ресей тауары үшін үлкен өткізу нарығы болып қала бере ме деген сауал бәріміз үшін қызық болып отыр...