Бұған дейін отандық экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстарға шолу жасағанбыз. Атқарушы биліктің бұл сектордағы әрекеті қарқынды болғанымен, ішкі нарыққа сырттан енетін дайын өнім түрлерінің екпінін бәсеңдете алмай отырғаны өкінішті.
Әсіресе, азық-түлік нарығындағы күнделікті тұтыну тауарларының үлесіндегі импорттың салмағы басым екен. Мысалы, ел ішін сүт және сүт өнімдерімен қамтуда көрші мемлекеттерге тәуелділіктен арыла алмай отырмыз.
Ашығын айтқанда, тұтас Қазақстан ресейлік сүт өнімдерінің басты тұтынушысына айналды. Яғни, сауда-саттықтан түскен қыруар қаржы шекара асып кетіп отыр. Ресейдің "Агроэкспорт" талдау орталығының мәліметі бойынша, 2025 жылы Қазақстан Ресейдің сүт өнімдерін ең көп импорттаған елі болыпты. Тоқетерін айтқанда, біздің нарыққа жеткізілген сүт өнімдерінің құны 225 млн доллардан асқан.
Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан аумақтағы өзге елдердің бәрін артта қалдырған. Бұдан ішкі нарықтың ресейлік сүт өндірісінің "сауын сиырына" айналғанын көреміз. Салыстыру үшін айтайық, ресейлік өндірістің өнімін тұтыну бойынша Беларусь елі 86 млн доллар жұмсап, екінші орында тұрса, үшінші орында Өзбекстан келеді. Тәшкеннің импортқа жұмсаған ақшасы 48 млн доллар шамасында екен. Ары қарай Қырғызстан мен Әзербайжан тізімді жалғайды.
"Агроэкспорт" мәліметінше, былтыр Ресейдің сүт өнімдері экспорты ақшалай мәнде 14 пайызға өсіп, 530 млн долларға жуықтаған. Алайда физикалық көлем 225 мың тонна шамасында қалып, өткен жыл деңгейінде сақталған. Бұл экспорт табысының артуы баға өсімі немесе жоғары маржалы өнім үлесінің көбейгенін аңғартады. Қалай болғанда да аумақтағы елдердің экономикасы Мәскеудің агроөнеркәсіп саясатының ықпалында қалып отырғанын мойындауымыз керек.
Осы жерде Қазақстанның ресейлік сүт өнімдерін көптеп импорттауы бірнеше факторға байланысты екенін айтуға тиіспіз. Біріншіден, ЕАЭО аясындағы кедендік шектеулердің болмауы. Логистика арзанырақ, нарыққа кіру жеңіл. Екіншіден, ресейлік өнімнің баға бәсекесіндегі қабілеттілігі. Әлбетте, ірі өндіріс көлемі өзіндік құнды төмендетеді. Үшіншіден, қазақстандық өңдеу секторындағы құрылымдық мәселелер әлі шешімін таппаған. Мәселен, шикізат базасының тұрақсыздығы, маусымдық тәуелділік және өндірістік қуаттардың тең бөлінбеуі отандық өнімнің нарықтағы үлесін әлсіретіп отыр.
Жалпы, мыңғырған малы бар біздің ел үшін шекара асып келген сүтке тәуелділікті түсіндіру қиын. Оның үстіне бір ғана сүт сатып алуға 225 млн доллар жұмсауымыз ішкі өндіріске қатысты күдікті арттырып қана қоймай, атқарушы биліктің төңірегіндегі лобби туралы ойға жетелейді.
Яғни, мұндай мол ақша тек сауда статистикасы емес, азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан да маңызды сигнал. Егер ішкі өндіріс дәл осы қарқындағыдай импортпен алмастырылып жатса, алдағы кезеңде бұл саладағы инвестиция қарқыны тіптен азаюы мүмкін.
Әрине, бұл жердегі мәселе шикізат өндірісінде емес, қайта өңдеу тізбегінде, кооперация мәдениетінде және мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігінде болуы ықтимал. Екіншіден, Үкімет импортты толық шектеуге қауқарлы емес. Есесіне, ішкі өндірістің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүдделі болуға тиіс. Егер отандық сүт өнімдері сапа мен баға жағынан тең дәрежеде бәсекеге түсе алса, нарықтағы жағдай табиғи түрде теңгерімге түсер еді.
Әзірге, Қазақстанның тұтыну алаңы ресейлік сүт өнімдерінің негізгі өткізу нарығы ретінде қала береді...