KZNews.kz
Қаржы

Алматының ақшасы қайда кетті?: Мегаполисте 203 млрд теңгенің ізі жоғалды

Айжан Сыланова
Фото: ЖИ

Аудит жүргізілді десе, қорытындыдан кейін не болар екен деп қорқып, аузымызды ашып, жағамызды ұстайтындай жағдайға жеттік. “Даудың басы Дайрадайдың көк сиыры болғасын”, ақша бар жерде мәселе қатар жүреді, тексеріс оны әшкерелейді, әрі қарай ауаға кеткен қаржыны іздеп әуре-сарсаңға түседі, түбі талқыға түсіп, қайтарылғаны бар, қайтарылмағаны бар, бәрі сол күйінде қалады. Күні кеше Жоғары аудиторлық палата телеграм-арнасында Алматы қаласында соңғы бес жылда пайдаланылған бюджет қаражаты мен активтерге жүргізілген мемлекеттік аудитті аяқтағанын мәлімдеген ақпарат жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.

Бәрін айт та, бірін айт, нәтижесінде 203 миллиард теңгеден астам ақшаның желдей ұшып, су боп аққаны анықталды. Тексеру 2020–2025 жылдар аралығын қамтыған.

Бүгін де Алматы - Қазақстан экономикасының 22%-ын қалыптастырған, ойып тұрып орын алатын, адам аяғын алар жер жоқ алып мегаполиске айналған қала. Сондықтан қаражатқа қатысты заңбұзушылықтардың бетін сипап, жабулы қазанды жабулы күйде қалдыра алмаймыз. Бұл бір қаланың ғана емес, тұтас мемлекеттің қаржы басқару жүйесінің жалпы ахуалын көрсететін индикатор.

Аудиторлар бірқатар жүйелі кемшіліктерді анықтаған. Оның ішінде «Жас-Қанат» шағын ауданында 2021 жылы басталған 41 көпқабатты тұрғын үйдің жетеуі әлі аяқталмаған болып шықты. Тағы 12 үй қала балансына берілмеген, себебі айналасында абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген. Аяқсыз қалған, жайрап жатқан жұмыстар бос уәде мен құр сенімге құрылған компаниялардың салғырттығы себеп. Әрі қарай қалалық мобильділік басқармасы соңғы үш жылда тасымалдаушыларға 2,3 млрд теңге көлемінде негізсіз субсидия төлеген. Қолымда бар екен деп жомарттық жасағандардың да былығы әшкере болып, аудитте бұл төлемдерге нақты экономикалық негіз болмағаны көрсетілген.

Заң бұзушылықтың төңірегін кәсіпкерлік сала да торлап алыпты. Әсіресе, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация жұмысы «жүйелі тиімсіздік» деп бағаланған. Үш жыл бойы 30 миллиард теңгеге жуық бюджет инвестициясы игерілмеген. Бағасы аспанға ұшқан азық-түліктің құнын реттейтін тетіктер мүлде жұмыс атқармаған. Бюджеттік несиелер жобаларға құйылмай, қаржы құралдарына салынған. Соңғы бес жылда жер дауы да өршіп кеткен.  Қаланың тығыздығын ескерместен құрылыс инженерлік желілерге артық жүктеме түсіріп, мектептер мен емханалардың тапшылығына әкеп соқтырған.

Ойлап қарасаңыз, 203 миллиард - теңге бұл бір рет қана орын алған қателік емес, бұл жоспарлау, бақылау және жауапкершіліктің мүлде жоқтығын көрсететін сома. Сапаға емес, санға жұмыс істеп, қаншама қажетсіз жобаларға басымдық берілген. Бөлінген бюджет бақылаусыз қалған. Жауапты органдар бірлесіп жұмыс істемеген. Саусақ бірікпесе иненің де ілінбейтіні хақ қой. Мәселен, үй салынды - инфрақұрылым жоқ, субсидия берілді — бірақ нақты есеп жоқ, инвестиция бөлінді — нәтиже жоқ.  Басқаруда жүйелік дағдарыс орын алған.

203 миллиард теңге — бұл ондаған мектеп, жаңа емханалар, қолжетімді тұрғын үй немесе Алматының көлік жүйесін түбегейлі жаңартуға болатын мүмкіндік еді.

Ең маңызды сұрақ, бұл заң бұзушылықтарды кім мойнымен көтеріп, басымен жауап береді? Кінәлілердің неге аты аталып, түстері түстелмейді. Егер 203 миллиард теңге есеп беттерінде ғана қалып қойса, онда аудиттің өзі мәнін жоғалтады. Қысқасы, қоғамға енді есеп емес, шешім керек. 203 миллиард теңге — жай ақша емес, жоғалған мүмкіндік пен уақыт. Ал ол жоғалған сенімге айналмас үшін, билік нақты қадамға баруы тиіс.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →