Пайда - 133,6 млрд, шығын - 5,1 млрд: "Қазпоштаның" хәлі мүшкіл ме?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Тегін ірімшік тек қақпанда : “Несие кешіріледі” дегенге неге сене береміз?

Тегін ірімшік тек қақпанда : “Несие кешіріледі” дегенге неге сене береміз?
Фото:ЖИ

Жақсы жаңалыққа құлақ түруге бейіл халқымыз соңғы уақытта әлеуметтік желілердегі «несие кешіріледі» деген жалған ақпараттың жетегінде кетіп, аспандағы айды түгендеп, бос үмітке бой алдырып отырғаны жасырын емес. «Ауруын жасырған өледі» демекші, еліміздегі несие жүктемесінің шарықтауы мен қаржылық сауаттылықтың төмендігі алаяқтардың бармақ басты, көз қысты әрекеттеріне кең жол ашып, халықты бейберекет сенімге итермелеуде, деп хабарлайды kznews.kz.

Жасырып қайтеміз, бүгін де Қазақстанда 8,5 миллионнан астам адамның банктер мен микроқаржы ұйымдарына берешегі бар. Оның ішінде 1,6 миллионнан астам азаматтың төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен. Суға кеткен тал қармайдының кері келіп, жұрттың кез келгені жалған хабарға сеніп қалуының астарында үлкен әлеуметтік драма жатыр. 

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев бұл құбылысты «қоғамның ұжымдық иллюзиясы» деп сипаттайды. Сондай-ақ 2026 жылы мемлекет тарапынан жаппай несие кешіру туралы ешқандай заңдық негіз жоқ екенін, керісінше, бюджеттің әр тиыны екі өлшеп, бір кесілетін қатаң қадағалауда тұрғанын қадап айтады.

Тегін ірімшік тек қақпанда болатынын естен шығарған кейбір азаматтар «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңның астарын түсінбей, оны қарыздан құтылудың оңай олжасы көреді. Сосын кейін 5 жыл бойы несие алу құқығынан айырылып, бармақ тістеп қалып жатқаны жанға батады. Өйткені ресми деректер бойынша банкроттыққа өтінім бергендердің 80%-дан астамы тиісті критерийлерге сай келмей, тауы шағылып қайтқан. 

Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, мемлекет 2019 жылғы науқаннан кейін мұндай қадамның инфляция мен қаржылық тәртіпті күл-талқан ететінін түсінді. Аузы күйген үрлеп ішеді деген осы. Содан 2026 жылдың басынан бастап «Борыш жүктемесінің коэффициенті» арқылы табысының жартысынан астамы қарызға кететіндерге несие бермеу туралы қатаң талап енгізді.

Бұл ретте несие кешіріледі дегендерге Құдайындай сеніп, төлемді әдейі тоқтатқандардың несие тарихына қара таңба басылады. Олардың 95%-ы болашақта баспана алу немесе кәсіп бастау мүмкіндігінен айырылып, адам аярлық күй кешуде.

Алаяқтарға қармақ берсең болды, балықты қиналмай-ақ аулайды. Кез келген мүмкіндікті қалт жібермейтін олар тіпті Deepfake технологиясын пайдаланып, лауазымды тұлғалардың бейнесін де пайдаланып үлгеруде. Қазіргі таңда несие алу үшін тек код қана емес, биометрия да қолданылады. Алаяқтар «бейнеқоңырау арқылы растаңыз» деп, адамның кескінін жазып алып, оны жасанды интеллект арқылы өңдеп, көз байлау әрекеттерін жасайды. Статистикаға сүйенсек, 2025-2026 жылдары киберқылмыстың 40%-ы дәл осы «әлеуметтік инженерия» арқылы жасалған. Сондықтан “несиеңіз кешіріледі” деп әлеуметтік платформалардан таратылған ақпарат, соғылған қоңырауға көз соқыр, құлақ кереңдей сене бермеңіз.
Одан қалды, бір сәттік аңғалдық пен телефонға келген бес-алты саннан тұратын кодты бейтанысқа айта салып, адамның тағдырын «түйені түгімен жұтқандай» қылғытып, мойнына өмірде естіп көрмеген сомада қарыз іліп кеткендер де аз емес. Сосын арыз жазып, соттың табалдырығын тоздырып, екі оттың ортасында шарасыз күйде қалғандар қаншама?

Алаяқтар көбіне өздерін банк қауіпсіздік қызметінен немесе құқық қорғау органдарынан деп таныстырып, «сіздің атыңыздан несие рәсімделуде, оны тоқтату үшін кодты айтыңыз» деп аттан салып шыға келеді. «Қорыққанға қос көрінер» демекші, шошып қалған адам ойланбастан құпия кодты бере салады. Шын мәнінде, Қазақстанның ешбір банкі немесе мемлекеттік органы телефон арқылы СМС-код сұрамайтынын ұғынатын уақыт жетті. Бұл «екі жердегі екің — төрт» дегендей бұлжымас қағида.

Киберқауіпсіздік мамандарының айтуынша, телефонға келген код — бұл сіздің цифрлық қолтаңбаңыз. «Қол қойылған қағаз — құлыпталған есік» сияқты, кодты біреуге беру — үйіңіздің кілтін ұрыға ұстатқанмен тең.

Жыл басынан бері 20 мыңнан астам отандасымыздың интернет-алаяқтардың құрығына ілінуі қоғамдық дерттің асқынғанын көрсетеді. 22 миллиард теңгеге жуық қаражаттың «келмеске кетуі» — тек қаржылық емес, моральдық соққы.

Түптеп келгенде, жалған үмітке еріп, пайызына қарамай қажетімді өтеймін деп несие алып, соңы сорлап қалып жатқандар қаншама. Қысқасы, кез келген ақпаратты тек ресми органдардан тексеру — қаржылық тұңғиыққа батпаудың, қиындыққа түспеудің бірден-бір жолы.

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.