Таяу Шығыстағы жағдай мен әлемдік мұнай бағасының құбылуы Қазақстандағы бензин бағасына әсер етпейді. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта мұнай нарығы өте құбылмалы күйде.
"Әр таң сайын бағаның өзгеріп жатқанын көреміз, ең жоғары көрсеткіш 119 доллар болды. Қазір мұнайдың бағасы барреліне шамамен 87 долларға дейін түсті. Бағаның 80 доллар шамасында болуы мүмкін деген алғышарттар бар, өйткені біз баспасөзден оқып, Парсы шығанағы елдерінің мұнай инфрақұрылымына шабуылдар жасалып жатқанын көріп отырмыз. Екі тарап та шабуыл жасап жатыр. Әрине, бұл нарықта мұнайдың физикалық тұрғыда азаюына әсер етті, сондықтан баға осы деңгейде тұр", - деп түсіндірді Ерлан Ақкенженов.
Сонымен қатар министр Қазақстанда бұл жағдай бензин бағасына әсер етпейтінін атап өтті.
"Парсы шығанағы елдерінде және АҚШ-та бензин бағасына бұл қазірдің өзінде әсер етіп жатыр. Біз мұны жаңалықтардан оқып, көріп отырмыз. Ал Қазақстанға әсер етпейді", - деді ол.
Министрдің айтуынша, мұнай бағасының алдағы динамикасы қақтығыстың қалай өрбитініне байланысты болады.