Қазақстанда әкімшілік рақымшылық аясында азаматтардың бір бөлігін жауапкершіліктен босатып қана қоймай, айыппұлдарды есептен шығару мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Кімдерге рақымшылық жасалады
Оның айтуынша, рақымшылық тек азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтін құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты қолданылады.
"Азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтін жекелеген қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға рақымшылық жасау жоспарланып отыр", – деді Сәденов.
Кімдерге рақымшылық жасалмайды
Министр кейбір санаттағы адамдарға рақымшылық жүрмейтінін нақтылады.
«Рақымшылық қауіпті қылмыс жасаған тұлғаларға қолданылмайды. Олардың қатарында терроризм, экстремизм, сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар, азаптау, сондай-ақ қылмысты қайталап жасағандар мен іздеуде жүрген тұлғалар бар», – деді ол.
Айыппұлдарды есептен шығару
Сонымен қатар, әкімшілік рақымшылық аясында айыппұлдарды есептен шығару мүмкіндігі де қарастырылуда.
«Жеке тұлғалар үшін орындалмаған айыппұлдарды толық немесе ішінара есептен шығару мәселесін қарау жоспарланып отыр. Мұндай тұлғалардың санаттары, айыппұл көлемі мен оларды есептен шығару тәртібі заң жобасын әзірлеу барысында уәкілетті органмен жан-жақты пысықталады», – деді министр.
Үкімет тапсырмасы
Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов әкімшілік рақымшылықты дайындау мерзімдерін белгіледі.
«Кеше Президент жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтін бірқатар құқық бұзушылықтар бойынша рақымшылық жүргізуді бастамашы етті. Атап өтемін, әкімшілік рақымшылық еліміздің тарихында алғаш рет бастамаланып отыр. Ішкі істер және Әділет министрліктеріне Бас прокуратурамен бірлесіп, екі апта ішінде рақымшылық жүргізу тетігі бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын», – деді Бектенов.
Айта кетейік, Президент кеше Конституцияның қабылдануына орай өткен салтанатты рәсімде тағы да рақымшылық жарияланатынын және Парламент сессия соңына дейін заң әзірлеуі тиіс екенін екенін мәлімдеді.
"Өздеріңізге мәлім, былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалды. Енді азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жариялауға болады. Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын атап өткім келеді. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек. Бұл – Негізгі заңдағы адамгершілік идеалдары мен прогрессивті құндылықтарды қоғамда орнықтыратын маңызды қадам", - деді Тоқаев.