Қазақстанның 71% мұғалімі өз жалақысына көңілі толады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Аймақтар және АӨК инвестициясы: Алматы облысы драйвер, Атырау мен Ұлытау аутсайдер...

Аймақтар және АӨК инвестициясы: Алматы облысы драйвер, Атырау мен Ұлытау аутсайдер...
Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Дүние дүрбелеңге толып, дүмпулердің дүбірі жиілеген сайын геосаяси қатермен бірге азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық та артып отыр. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан да ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмысын ширата түсуі қажет.

Әдетте, ішкі нарықтағы ішім-жемнің үлесінде жергілікті қамту көрсеткіші әлсіз екенін айтып жүрміз. Әсіресе, агроөнеркәсіп кешеніндегі дайын өнім мен өңдеу үлесінің төмендігі Президенттің де қатаң сынына ұшыраған болатын. Бұл бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігінің мәселесі еді. Екіншіден, агроөнеркәсіп кешені саласына бағытталған қыруар қаржының қайтарымына қатысты сұрақтар да өткір қойылатын уақыт келген-ді.

Дегенмен, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысында оң динамика байқалып отыр екен. Әсіресе, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты алғанда ілгерлеушілік бар. Мұны осы жылдың басындағы деректерге сәйкес айтып отырмыз. Яғни, 2026 жылдың қаңтарында еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестициялардың көлемі айтарлықтай артқан екен. Бастысы, бағытталған қаржының құрылымдық қайта бөлінуі жеделдеген.

Қарпайым тілде айтқанда, агроөнеркәсіп кешені бойынша айналымға түскен ақшаның негізгі үлесі бұрынғыдай шикізат өндіруге емес, дайын өнім шығаруға тиіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ауыл шаруашылығына құйылған инвестицияның көлемі 69 пайызды құраған екен. Салыстырмалы түрде алғанда, осы қаржының небәрі 31 пайызы ғана өңдеу өнеркәсібіне бағытталған еді.

Ал биылғы қаңтардағы есеп-қисапқа қарасақ, жағдай мүлдем басқаша екені айтылады. Яғни, керісінше, оң жағдай қалыптасты. Астын сызып айтайық: өңдеу үлесі 57 пайызға жетіп, экономикадағы ауыл шаруашылығының үлесі 43 пайызды құрады. Сектордағы динамикалық өсімді былайша талдауға болады: ауыл шаруашылығындағы өнім өндірісінің нақты көлем индексі 188,6 пайызға жетіп, қаржылай құны 36,7 млрд теңгені құрап отыр. Оның ішінде тамақ өнімдерін өндірудің нақты индексі 214,5 пайызды көрсетіп, 28,1 млрд теңге болған. Ал сусындар өндірісі бойынша да өсім жоғарылап, 401,8 пайызға жеткен. Оның ақшаға шаққандағы құны 20,7 млрд теңге көлемінде. Сарапшылар бұл цифрларға қарап, ауылшаруашылғы секторындағы өсім тек шикізат бағытында ғана емес, қайта өңдеу бағытында да белсенді жүріп жатқанын айтады.

Жалпы, агроөнеркәсіп кешеніндегі даму бойынша аймақтардың өсім динамикасы әртүрлі болғанымен, өңірлердің негізгі көрсеткішке қосқан үлесі қомақты.

Мысалы, Алматы облысының дайын өнім шығарудағы нақты көлем индексі 28,7 млрд теңгеге жеткен. Бұл тұтас экономикадағы сусындар өндірісінің төрт еселік өсім беруикөрсеткішіне оң әсер етті. Яғни, сусын өндірісінде Алматы облысы драйверге айналды. Сондай-ақ, өңір тамақ өнеркәсібі бағыты бойынша да 5,3 млрд теңге көлемінде инвестиция игеріп, сектордағы салмағын арттыра түскен. 

Мұнан кейінгі орында Жамбыл облысы тұр. Қаңтар айында аймақтағы агросектордың нақты көлем индексі 17 млрд теңгені көрсетті. Оның ішінде 16,5 млрд теңге тамақ өндірісіне бағытталған. Сарапшылар мұны құны шамамен 800 млн доллар болатын жүгеріні терең өңдеу зауыты құрылысының басталуымен байланыстырады. Демек, Ербол Қарашөкеев басқаратын облыстың экономикалық дамуы әлі де қарқын алатынына сенім бар.

Ауыл шаруашылығы бағытындағы өнім өндірісінің, оның ішінде өңдеу секторындағы үлес көлемі бойынша Солтүстік Қазақстан облысының аяқ алысы да жаман емес. Жыл басында нақты көлем индексі 9,0 млрд теңгені құраған. Жалпы, бұл аймақ ішкі нарықты дайын өніммен қамту бойынша ғана емес, экспортқа өнім шығаруда да біршама табысқа қол жеткізіп отыр. Мысалы, аймақ агроөнеркәсіп бағытындағы экспорттық әлеуеті 38 пайыз өсім көрсеткен. Оның ішінде мал азығы экспорты 63 есеге дейін артқан. Сонымен қатар бидай жеткізу 23 пайызға, зығыр тұқымы 73 пайызға, арпа 2,3 есеге көбейіпті.

Павлодар облысындағы азық-түлік стратегиясының орындалуы да жаман емес. Қаңтар көрсеткіш бойынша өңдеу секторындағы нақты көлемнің кірісі 7,6 млрд теңгеге жетіпті. Айтпақшы, 2025 жылдың қорытындысында Павлодар облысы 247 млрд теңге инвестиция тартып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша бірінші орынға шыққан еді. 

Жалпы, жоғарыдағы төрт жетекші өңір барлық агроөнеркәсіп кешенінің өңдеу секторына бағытталған инвестицияның 73 пайызын қалыптастырды деуге болады.

Басқа өңірлерде де ірі жобалар бар. Атап айтқанда, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының үлесі ауыл шаруашылығы жобаларына инвестиция тарту бойынша артып келеді. Олардан кейінгі тізімде Қостанай Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары тұр. Бұл аймақтар агроөнеркәсіп кешенінің өңдеу секторына инвестиция тарту бойынша екінші эшелонда тұр.

Ал дәл осы бағыт бойынша екі облыс аутсайдерлер қатарына кіріп отыр. Статистикаға салсақ, 2026 жылдың қаңтарында Атырау облысы мен Ұлытау облысында агроөнеркәсіп кешенінің қандайда бір саласына бірде-бір теңге инвестиция салынбаған екен. Бұл жай статистика ғана емес, өңірлердегі азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан алаңдатарлық сигнал болса керек.

Өйткені, тұрақты капитал салымынсыз аймақтар импортқа тәуелді бола түседі, ал бұл баға өсімін күшейтіп, азық-түлік инфляциясын үдетуі мүмкін. Екіншіден, екі аймақ мұнай-газ және тау-кен өндірісіне ғана арқа сүйеп отыр деуге болады. Яғни, өңірлерде экономиканы әртараптандыру жұмысы нәтижесіз, негізгі күш шикізатқа қана бағытталған.

Тоқетерін айтқанда, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтың жұмысына біраз сын айтылуы орынды.

Жалпы, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған инвестицияның қаңтар айындағы айналым нәтижесі жаман емес. Әсіресе, АӨК деректері саланың құрылымдық трансформация кезеңіне өткенін көрсетеді. Яғни, инвестиция өңдеуге қарай ауысып жатыр. Дегенмен, нақты өсім индексі бірен-саран ірі жобалар есебінен қамтамасыз етілуде. Егер бұл тренд институционалды түрде бекімесе, өңірлер арасындағы инвестициялық алшақтық тереңдей түсуі ықтимал.

Қорыта айтқанда, жыл басындағы деректерден АӨК инвестициясы бойынша Алматы облысы драйвер, ал Атырау мен Ұлытау облыстары аутсайдерлер ретінде көреміз. Ал басқа өңірлер үшін бұл үлгі мен сабақ болуға тиіс.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.