МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР — Онлайн оқу
МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР
Роман
Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?
Ақырын-ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар.
Абай
Бұл кітабымды жас ғұмырдың
жалынды жыршысы және
жас қаламгерлердің жанашыр
қамқоршысы, жалықпас ұстазы
болған жазушы марқұм Мұқан
Иманжановтың ескерткішіне
арнаймын.
Автор
ПРОЛОГ ОРНЫНА
Әңгіме сүйіспеншілік жайына ауысты. Қазіргі әдебиетте махаббат туралы қалай жазу керектігі сөз болды.
– Тургенев былай деген екен, – деді әдебиет зерттеуші:
– «Емен – ең берік ағаш. Оның беріктігін мынадан да білуге болады: өзге ағаштардың жапырағы күзде-ақ қурап, түсіп қалады; ал еменнің жапырағы қыста да бүлк етпейді, тек келесі көктемде – бұтақтарында жаңа, жас бүршіктер қылтиып бас жарғанда ғана оларға орын босатып, жерге құлайды. Мықты жүректі мекендеген ескі махаббат та осыған ұқсайды – өшсе де орын бермей, қоламталанып жатып алады; оны жалынды жаңа махаббат қана тықсырып шыға алады».
– Ал, белгілі жазушы Пришвин өз күнделіктерінің бірінде былай деп жазыпты, – деді жазушы: «Бүгінгі күннің тақырыбы – жеке адамға арналған махаббатты көпке деген сүйіспеншілікпен ұластыра білу, екінші сөзбен айтқанда: жеке адамды жақсы көре тұрып, көпті сүйе білудің жолын табу». Өте дұрыс айтылған. Бірақ осыны қалай көрсетуге болады ?
– Оны білмеймін, – деді журналист. – Мен сіздерге тек қана өз махаббатымның тарихын айтып берейін.
– Айтыңыз, тілеуіңізді берсін.
– Ал, тыңдаңыздар онда.
І
– Мен оларды жақсы көрдім. Бірақ олар маған қарамады, – деп бастады Ербол әңгімесін. – Жалғыз қыз ғана жанымды ұқты, тек соны айтайын мен сізге.
Сонымен мен 1945 жылдың он төртінші ноябрь күні осы әсем астана қала Алматыдағы Қазақ университетінің студенті боп қабылдандым. Тарих-филология факультетінің деканы, батыр тұлғалы, кесек пішінді, жалпақ бетті, қысық көздеу келген орта жас мөлшеріндегі сабырлы кісі документтерімді байыппен қарап шықты да,бұрын пединституттың бірінші курсын бітіргендіктен бірден екінші курсқа алынатынымды айтты. Мен содан бір сағат қана бұрын, астананың Совет көшесіндегі университет үйінің баспалдағына табанымды тіреп, жаңа ғана үзіліске шығып, дәлізді кернеп тұрған студенттердің арасынан өтіп, үйдің ең жоғарғы екінші этажына көтерілгенде Алатаудың асқар шыңына шыққандай болып едім. Шыңнан шыңырауға қарағандағыдай, басым айналыңқырап, буын-буыным дірілдей түскенін де аңғарғанмын. Енді міне декан екінші курсқа қабылдандың дегенде, өзім екі аяғыммен нық басып тұрған деканаттың едені жылжып, қозғала жөнелген сияқтанды. Мен деканат бөлмесінде емес, Алатаудың шың-құздарының үстінде, дүниенің төбесінде қалықтап ұшып бара жатқандай күй кештім.
Декан алдында, стол үстіндегі шыны астында жатқан сабақ кестесіне қарап отырды да:
– Сіздің курс қазір осы дәліздегі 33 аудиторияға жиналады. Бес минуттан кейін сабақ басталады. Өзіңізді студентпін деп есептеп, курсыңызға барып отыра беруіңізге болады, – деді.
Мен деканға рақмет айтып, бас идім де, есікке қарай бұрылдым.
Дәлізді қуалап жүріп келемін. Ұмытып қалмайын деп қайта-қайта ішімнен: «Отыз үшінші аудитория, отыз үшінші аудитория…» деп күбірлеп келемін. Міне сыртында 31 деген жазуы бар есік тұр. Есігінің аңқайып ашық қалғанына қарағанда аудитория бос тұрған тәрізді. Өзімді толық праволы студент деп сезінгендіктен бе, білмеймін, кенет оның ішін көргім келіп кетті. Еденнің оң жағы сахна тәріздендіріліп, биіктетіліп қойыпты. Оның төрінде – қабырғада қара тақта ілулі тұр. Сол жақта жыпырлаған биік парталар. «Әлде бұл клуб па екен?» деп ойладым одан шыға беріп. «Отыз үшінші аудитория… отыз үшінші аудитория» деп күбірлеп, тағы ілгері аяңдадым. Келесі есіктегі 32 деген жазуға көзім түсе беріп еді, сол-ақ екен, ол шалқасынан ашылып кеп еді. Кітап қолтықтаған бірнеше студент шығып келе жатты. Мен солардың арасынан ашық есікке және көз салдым. Сол жақта алдарындағы кітап, қағаздарына үңіліп, бұқшия төмен қарап отырған көп студент көрінеді. Оң жақта, сөреде қатар-қатар тізіліп тұрған кітаптардың алтын жазулы түптері көзге шалынады. Үстіне көк халат киген татар өңдес жас келіншек қашаның қасында тұрған біреуге кітап ұсынып жатыр. «Бұл немене, кітапхана ма өзі?» деп ойлап, мен аяғымның ұшымен көтеріліп, мойнымды соза бергенде, іштен шыққан соңғы студент есікті серпіп жіберді. Менің жорамалым шынында да дұрыс екен. Екі жармалы есіктің жабылған бөлігінің сыртына бадырайта «Кітапхана» деп жазып, оның бетін шынылап қойыпты.
Сонымен, не керек, отыз үшінші аудиторияны таптым-ау жағалап келіп.
Ендігі барлық бақытым, көрер қызық, кешер қуанышым отыз үш деген екі сөзге тірелгендей болып, есіктің жоғарғы жағына жазылған екі цифрға ентелей қарап, күлімдеп тұрмын. Бойым жетсе, қолымды созып, өзім үшін өзгеше ғажап бұл цифрды сипағым да келетін сияқты. Өйткені мен төрт жыл бойы жеңісті арман еттім. 9-майда батыста неміс фашистері тізе бүкті, 3-сентябрьде шығыста жапон империалистері жеңіліп, қол көтерді. Отан үстінде жеңіс туы желбіреді. Қаһарлы қыс өтіп, халық аңсаған жазғытұры жеткенде жер бетіне қаулап бір көк шықпайтын ба еді. Сол сияқты боп, соғыс біткеннен кейін жұрт жүрегін жана арман кернеді. Ана ұлын, әке баласын жігіт жарын, қыз ғашығын көксеп, тезірек қауышуды тіледі. Көгеннен ағытылған қозыдай жамырап, батыс пен шығыстан елдің түкпіріне қарай тірі қалған солдаттар ағылды. Жолда кездескен жыпырлаған село, көп қаланың біріне тоқтамастан әркім өз аулына, өз үйіне жетуге ынтықты, өз ұясын көруге асықты. «Менің ұям сенсің — университет, сенсің – отыз үшінші аудитория! Сенен басқа менің ешкімім жоқ!» – деп іштей тебірене есіктің тұтқасына қол создым мен.
Солдаттың ауыр салмақты керзі етігімен еденді тарс-тұрс басып, есіктен кірдім. Менің бұл кірісім аудиториядағыларға асфальт көшеде тағалы ат келе жатқандай әсер еткен болуы керек. Олай дейтінім парталарына жайғасып, алдарындағы қағаздарына үңіліп отырған студенттердің бәрі бастарын бірден көтерісіп, күнге қарай бұрылған көп күнбағысқа ұқсап, мойындарын соза маған тесірейді. Мен де оларға қарадым. Қарасам, алдымда қаптап отырған қыз екен. Соғысқа дейін бір қыз бетіме тіке қараса, бәшірем кететін мен байғұс аудиториядағы отыз қыздың алпыс көзі өзіме қадалғанда қалай шыдап тұрғанымды білмеймін… Түнде, майдан шебіне жау самолеті келіп қалғанда, прожекторлардың қараңғы аспанды қатарласа тілгілеп жерден жарқ етіп көтерілген найзағай сәулелерінің бірі алыста жүйткіп бара жатқан ақ ноқатты шалатын. Самолет-ноқат прожектор сәулесінен тез сытылып кету үшін, жанталаса сасқалақтап, олай бір, бұлай бір бұлтаратын. Бірақ қанша қашқанымен, қараңғы аспанның қабатына кіріп, жасырынып қалуға мұршасын келтірмей, барлық прожекторлардың сәулесі лезде тұс-тұстан шаншылып, қадалып қалатын. Сол кезде жерден атылған зенитка оқтары шөкім-шөкім ақ бұлт болып, бұрқ-бұрқ етіп, жау самолетінің жанынан жарыла бастайтын… Мен де сол сансыз прожектордың сәулесіне шаншылған самолеттей күйге түстім. Сасқанымнан командирдің алдына келген солдаттай болып, екі қолымды жамбасыма жапсыра ұстап, тік тұра қалдым да:
– Сәлеметсіздер ме, жолдастар? – дедім.
Гүл бақшасында болып па едіңіз? Гүл ашылған ғажайып сәтті көріп пе едіңіз? Бақшаның жер нәрі, күн нұрына қанып, толысқан ақ, қызыл, қызғылт, сары, көк гүлдері біртіндеп, бірімен бірі жарыса ашыла бастағанда жаныңызды ләззат кернеп, өз-өзіңізден өзгеше бір рақатқа кенелмейтін бе едіңіз. Сол гүлдердің торғыннан жұқа әсем үлбіректерінің әр дірілі жаныңызды толқын-толқын қуаныш боп кернеп, басқаның бәрін ұмыттырып, елжіретіп, елтітіп әкетпейтін бе еді?! Міне, қыздардың менің сәлемімді алып, еріндерін сәнмен қозғаған осы бір сәті менің көз алдыма гүл бағын елестетті. Иран бақ деген осы болар, осы отыз үшінші аудитория шығар деп ойладым. Қыздардың томпақ, толық, жұқа, жұмсақ еріндері сәл ашылғанда олардың ауыздарынан ақ маржан ақтарылып кеткендей көрінді. «Ал, енді не айтасың» дегендей, жазық маңдай, қыр мұрын, ақ құба, аққу мойын, аршын төс, қара торы, қиғаш қас, ақ сары қыздар әлі маған жаудырап қарап отыр. Енді не айтарымды өзім де білмедім. Алма ағаштың бұтақтарын қайыстырып, «өзіме кім қолын созар екен?» деп жерге телміре қарасып сабағында самсап тұрған хош иісті піскен алма секілді осынау тәтті қыздардың қасынан ілгері қарай үндемей одыраңдап бос орын іздеп өте беруді орынсыз көрдім бе, білмеймін:
– Рұқсат па кіруге? – деппін тағы да сасқалақтап.
Есік жақ қатарда екінші партада отырған шашы көмірдей қара, жазық маңдай, қызыл шырайлы қыз күлкі қысып, теріс айналып кетті де, танадай көзін жалт еткізіп, қайтадан маған қарады.
– Рұқсатты кірмей тұрып сұрамаушы ма еді? – деді ол жалпақтау біткен күрек тісі жарқ-жұрқ ете көзге шалынып. Содан соң ол аңқаусып арт жағында отырған қыздарға бұрыла қарап қойды.
Әлдекім мырс ете түсті. Мен қызарып кеттім.
– Қанипа, сен қойсаңшы, – деді оның алдында отырған аққу мойын ақ сары қыз. – Бәлкім, бұл кісі біреуді іздеп келген шығар.
– Ағай, сізге кім керек еді? – деді алдында партада отырған кішіректеу екі қыздың ақ құбасы орнынан көтеріліп. – Біреуді іздеп жүрсіз бе?
– Отыз үшінші аудитория керек еді, – дедім мен. – Осы курсқа қосылатын жаңа студент едім.
– Е, онда төрлетіңіз, – деді тағы да жазық маңдай, қасқа тіс қыз. – Қосылыңыз…
Менің «жана студентпін» деген сөзімнің қыздарға жаңаша бір әсері болды-ау деймін. Олар бір сәт шаштарын сипап, сәнденген сияқтанды. Содан соң, әлдекімнің командасын орындағандай, кеуделеріне түсіп тұрған білектей бұрымдарын, бір кісідей болып, арқаларына қарай серіпті. Сөйтті де қыздар қайтадан маған қарады. Бұл жолы бұрынғыдай самарқау емес, менің жүрегімді жандыра, күйдіре қалған сияқтанды. Әрине, бәрі емес қой, кейбіреулері ғана сөйткен болар. Бәлкім, маған солай сияқтанып көрінген шығар… Прожекторлар сәулесінің найзасына ілінген самолетке оқ тимей қоймайды. Оқ тиген самолет өртеніп, лаулап, соңынан қара түтін сүйретіп, бет алдына ауытқып, жер қайдасың деп құлдилап лаға жөнеледі… Отыз қыздың көзі менің де жүрегімді өртеп жібергендей болды. Оқ тиген самолеттей теңселіп, теп-тегіс еденде, жаңа жыртылған тақтаның үстінен келе жатқандай, сүріне аяндап, бос орын іздеп, аудиторияның ең түкпіріндегі бос партаға қарай беттедім.
ІІ
Ең артқы партаға келіп еңкейіп, оның кітап қоятын қуысына әскери сумкамды, қоқайма фуражкамды сүңгітіп, енді отыра бергенімде, дәл қасымнан дүр етіп бір топ көгершін көтерілген іспеттеніп кетті. Олардың лыпыл қаққан жеңіл қанаттарының жақыннан шыққан лебін де естіген сияқтандым. «Мұнда көгершін қайдан келді?» деп ойлап, басымды көтеріп алдым. Сөйтсем, көгершін дегенім орындарынан өре түрегелген қыздар екен. Қыздардың жауырындары қақпақтай, етженді, бойшаңдары да, иықтары қушиған, бірақ бойлары тартқан сымдай тіп-тік нәзік денелі, талшыбықтай майысқан талдырмаштары да бар екен. Оларды шолып келіп, менің көзім өз алдымдағы көрші партадан көтерілген екі қыздың жып-жылтыр шаштарына, олардың қос-қос бұрымдарына түсті. Орындарынан тез тұрғандықтан болар, қыздардың тастай ғып өріп тастаған әсем бұрымдары тақтайдай жауырындарын сипағандай боп, жеңіл ғана дірілмен қозғала тербеліп қалыпты. Қыз бұрымдарының осы әлсіз тербелісі аудиторияға оқытушы кіргенін, ендеше бұл қауымға қазір қосылған жаңа студент менің де оған құрмет көрсетіп, орнымнан тұруым керектігін есіме салды.
Орнымнан ұшып тұрған бойда, мойнымды созыңқырап, алға қарадым. Келген оқытушы қандай адам екен деп ойладым. Алда, қыздардың бастарынан биігіректе, біреудің қозы бұйра қара шашы төрге қарай жай жылжып барады екен… Соғыста жүргенде компаспен жөн бағдарлайтынбыз. Компас қозғалса, оның тілі жан-жағына қыпылық қаға шайқалып кететін де, сәл тыныштық болса, «міне менің іздегенім!..» дегендей, сұқтанып, солтүстік жаққа телміре қалатын. Неге екенін білмеймін, тегіс жерге қойған компастың тілі сияқтанып, менің көзім қайтадан алдымда тұрған қыздардың бұрымдарына ауды. «Білектей арқасында өрген бұрым» деген Абай өлеңінің жолы ойыма оралды. Жылтыр қара шашты қақ жарып өтіп, маңдайдан желкеге дейін тартылған шаш жармасының кіршіксіз құйқаны ашып көрсеткен ақ сызығы жүрегімді қытықтағандай болды. Қос бұрымының арасындағы қағаздай аппақ желкелер өне бойымды балқытып бара жатқан сияқтанды. Осы кезде сол қанатта түрегеп тұрған қыздардың бірі бұрылып, арт жаққа қарады. Кейін білдім, ол Зайкүл деген қыз екен. Ол тура маған қараған тәрізді болды. Менің қыздарға сұқтанып тұрғанымды сезіп, «Апырай, мына жігіт келмей жатып елтіп қалған екен»деп ойлайды-ау деп, ұялып, төмен қарап кеттім.
Ұялшақтық – ұлтымызға тән қасиет қой. Әсіресе ауыл балалары ұяң келетін әдеті емес пе? Жасымда мен де сондай болдым. Үлкендердің алдында суырылып сөйлемейтінмін, әйелдердің бетіне қарамайтынмын. Жақсы көрген қызымның жанына жолай алмайтынмын. Соғыстан қайтып оралғанша әйел алдындағы өзімнің осы ұялшақтығымның қандай күйде екенін білмейтін едім. Оны енді сезе бастадым. Жаңа, қыздар толы аудиторияға кіріп келгенде, бірінші рет ұқтым. Сол бұрынғы, бала күнгі қалпымда екенімді білдім. Бірақ, бала күнімде менің қыздардың сыртынан сұқтана қарауға да батылым бармайтын еді. Төрт жыл соғыста болып, жаман, жақсыны көп көргендіктен бе, кім білсін, енді қыздардың желкесіне қызыға қарауға жарап қалған сияқтымын. Ішімнен бұл күйіме де шүкіршілік еткендеймін. «Тіпті қыздардың бетіне де, сыртына да қарамасам қарамай-ақ қояйын, – деп ойладым көзімді төмен салып тұрып. -Жұртпен бірге жауды жеңіп, аман-есен елге келіп, осы қыздардың қасында тұрғанымның өзі қаншама бақыт!»
Оқытушының: «Отырыңдар!» дегенге ұқсас үні естілді. Шырқап биікке көтерілген көп көгершін, құйыла төмендеп келіп, жаңағы ұшқан жеріне дүр етіп қайтадан қонды. Көгершін тобына тақау келіп колбаң етіп қонған жалғыз қарға тәрізденіп, қыздардан кейін орныма жалп етіп мен жайғастым.
Содан соң жайлап, алдағы қыздардың бастарының ара-арасымен, оқытушыға көз жібердім. Бірінші көрген оқытушым болған соң ба, әлде жүзінде есте қалар ерекше белгілері бар ма, білмеймін, көмірдей қара, қозыдай бұйра шашы мен бірден бүркіттің тұмсығын көзге елестететін үлкен имек мұрны бар, қоңырқай өнді келген отыз үш-отыз төрттер шамасындағы сабырлы кісі өмір бойы ойымда сақталып қалды. Оқытушының қоңырқайлығынан басқа бетінде қазаққа ұқсайтын еш белгі жоқ сияқты еді. Сондықтан мен оны соғыстың соңғы жылында бастығым болған аз ұлттан шыққан командиріме ұқсаттым да, бұл кісі қай сабақтан лекция оқыр екен деп ойладым. Ол лекцияның орыс тілінде оқыларына да күмәнім болған жоқ.
– Ал, балалар, дайынсыңдар ма? — Мен елең етіп, мойнымды ілгері создым. Қазақша сөйлеген осы оқытушы ма, әлде басқа біреу ме деп, өз құлағым мен өз көзіме өзім сенбеген сияқтандым.
– Дайынбыз, ағай, – деген оң жақ қанаттан шыққан қыз дауысы естілді. Алғашқы сөзді оқытушы айтқанына әлі де иланатын емеспін. Өзгелер сытырлатып дәптерлерін аша бастағанда, мен бақырайып, қараңғыда жау пулеметінің қай жерден от шашарын аңдыған түнгі барлаушыға ұқсап, бүркіт мұрынның астындағы ауызды бағумен болдым.
– Дайын болсаңдар жол ортасына былай деп жазыңдар: Сын есім. – Бүркіт мұрынның астынан ақ тістер жарқ-жарқ ете қалды. Оқытушы өзін байсалды ұстап әр сөзін баппен, байыппен айтады екен. Соғыста командирлердің шапшаң айтылатын бұйрық сөздеріне үйреніп қалған маған бұл ырғақ тосындау таңылып, оқытушы әдейі маңғазданып отырғандай көрінеді. Менің осылай деп ойлауыма мүмкіндік бергендей, құс мұрын оқытушы сәл бөгеліп барып, сөзін ары қарай жалғады. – Біздің бүгінгі өтетініміз: сын есімнің түрлері – сапалық сын есімдер мен қатыстық сын есімдер, сын есімнің морфологиялық құрамы, яғни сын есімнің қосымша арқылы жасалуы, сын есімнің синтаксистік тәсіл арқылы жасалуы және форма тудыратын қосымшалар.
– Түу, ағай, тіпті көп қой, — деді төмен тұқырып алып, дәптерлеріне сусылдатып жаза бастаған қыздардың бірі.
«Бәләй, көп деп бекер айтты-ау» деп ойладым мен ішімнен жаңағы сөзді айтқан қызға жаным ашып. Өйткені командир сабақ беріп тұрғанда солдаттардың бұлай деп оның әрекетіне баға бермек тұрғай, сөзін бөлуге қақысы жоқ. Мұндайда командир жаңағы сөзді айтқан адамды орынан тұрып, казарманың еденін жууға жазалайды да, сабақтан қуып жібереді. Әскер өмірінің тәртібі солай. Төрт жыл бойы сол өмірге қалыптасып қалғандықтан ба, кім білсін, оқытушы жаңағы студентканы да аудиториядан қуып шығатын болар деп қауіптендім.
Бірақ, ол сөз оқытушының кәперіне мүлде келген жоқ.
– Программа бойынша солай ғой, – деді де, лекциясына кірісті.
Бөтен ұлттың адамы болар деген оқытушымның қазақша білгеніне, оның үстіне қазақ тілінің өзінен сабақ бере бастағанына таңданған мен оның тілін қабылдағанмен, қазақ деуге түрін қабылдай алмай біраз отырдым да, ақыры оған да көндіктім.
Содан соң өз дәптерімді алдыма қарай тартып, мен де жұртпен ілесе конспект жазуға талаптандым. Бірақ, бір ғажабы, қанша талаптансам да жаза алмадым. Дәптердің дәл ортасына қарындашпен «Сын есім» деген екі сөзді баттитып қойдым да, төбеден ұрғандай боп тұрып қалдым. Біріншіден, төрт жыл бойына қолыма қалам орнына салмағы сегіз килограмм снаряд ұстап үйренген саусақтарым икемге келетін емес. Екіншіден, бәлкім сол себептен де болар, жаңа ғана өзім жай сөйлейді екен деп ойлаған оқытушының дауыс екпіні тыңдауға қырсау сияқты боп көрінгенімен, менің әрқайсысы әрең бүгілетін, буындары шор-шор барбиған жуан саусақтарымның шапшаңдығынан әлдеқайда жылдам болып шықты. Оның үстіне соғыста зеңбірек пен винтовка сияқты жауынгер қарулардың тілін ғана ұғып, тас төбеңнен төне түсіп, боздай сорғалап келе жатқан мина мен бомбалардың қай жерге кеп бүрк ете қаларын үніне қарай ажыратуды мүлтіксіз білгенмен, мынадай аудиторияда лекция тыңдаудан мүлде тосырқап, әрі мүкістенген солдат құлағы оқытушының «сын есім… сын есім…» дегеннен басқа сөздерін және ажырата алмады. Маған құс мұрын оқытушының лекцияға кіріскеннен кейінгі шыныдай шыңылдап қалған дикциясы тағы ұнамады. Ол сөйлеген сайын біреу аудитория терезелерінің әйнегін шылдырата сындырып келе жатқан тәрізді немесе аязды күні әлде кім ақ қарды шықырлата басып қасыңнан өтіп бара жатқан сияқты болды да тұрды. Маған сөзден гөрі сол бір шыңыл көбірек естіле берді.
Қойшы, қаншама тырыссам да ештеңе жаза алмайтыныма көзім жетті. Қауырсындай ғана жеп-жеңіл қарындашты қағаз бетінде жорғалату алпамсадай зеңбіректі ашық позицияға дөңгелетіп алып шығудан ауыр тиді. «Жоқ, бүйтіп босқа қиналмайын, – деп ойладым ішімнен.–Алдымен оқытушының үнін құлағыма сіңісті етейін. Содан соң, бірте-бірте лекциясын жазуға да жаттығармын. Осы отырғандардың бәрі лекция тыңдап, конспект жазу шеберлігіне бірден емес, біртіндеп жеткен болар. Ендеше, төрт жыл окопта жатып, соғыс академиясын тауысқан солдаттың бұлармен бірге бейбіт өмір университетті тәмамдауға да шамасы келер әлі».
Осы ойдан кейін қарындашымды дәптерімнің ортасына қойдым да, бала күнгі әдетім бойынша, сол жақ алақаныммен жағымды таянып, жақсылап тыңдамақ болдым. Тыңдай бастап, қыздардың кесте тоқығандай жыпылдатып, жылдамдата конспект жазып жатқан әсем қолдарына көзім түсті де, тағы да олар туралы ойлап кеткенімді өзім де аңғармай қалдым.
«Қыздар! Сендер қандай ғажап жансыңдар, шіркін. Жаудырай қадалған қап-қара көздерің мен жанды еріткен көмірдей шаштарын, иықтарыңдағы толқындай тулаған білектей бұрымдарың мен сол қос бұрым арасынан көрінген кіршіксіз аппақ желкелерің қандай әсем еді сендердің. Өзеннің құба талындай солқылдаған бойларың неткен көркем, апырау. Қыр жігітінің қанын қыздырып, құшақтауға, құшуға құмарттыратын қыпша белдерің мынау бұралған! Сендердің сымбаттарыңды суреттеуге соғыстан қайтқан солдаттың тілі жете алар ма ешқашан?!»
Осындай ойлар бірінен соң бірі жалғаса берді, жалғаса берді. Ой құшағында отырған мен қыздардан өзге дүниенің бәрін де ұмытып кеткен сияқтандым.
«Бұл қыздарды көріп отырған мен неткен бақыттымын! – деймін тағы да ішімнен. – Соғыс бойы жауды жеңіп, сендерді көрсем деп имандай арман тұтып едім ішіме. Сыз окопта суық жаңбыр төбеден сорғалап тұрғанда да сендерді ойлағанмын. Ақ қар, көк мұзда жол жағасында жау танкісін тосып, зеңбіректі құрып қойып, шұңқырдың төбесіне плащпалатка тұтып, түбінде тісім-тісіме тимей сақылдап тоңып отырғанда да сендер жүрегімде жатқансыңдар, қыздар. Жаяу жорықта жан қиналып, күндіз жау самолеттерінің төбеден атқылаған оғы шинелімнің етегін шұрқ-шұрқ тескілеп, түнде ұйқы қаумалап кірпіктеріме қайта-қайта желім жағып, буындарымды босатып мазамды алып, есім шығып келе жатқанда да сендер менің ойымнан кетпегенсіңдер, арулар. Сол күндердің, сол айлардың, жылдардың бәрінде де мен сендерді бір минут та есімнен шығарған емеспін. Жалғыз менің ғана емес, майдандағы бар жігіттің жүрегінде болдыңдар сендер. Сендерден ауық-ауық хабар алу қандай бақыт еді майдандағы жігіттерге. Әр жауынгер қолына үшкіл хат тиіп, оның сыртындағы өзіне таныс қолдың танбасын көргенде жел қозғаған жапырақтай дірілдеп, тез оқып шыққанша тағаты қалмай асығатын. Жаңа ғана жаудың жебір танкісін жайратып, қираған болаттың беріктігі мен сұстылығын өз бойына, өз өніне жиып шамырқанып тұрған қаһарлы солдаттың қыз хатын оқып шыққанда жаны жадырап, қара көзі күлімдеп, бүйрек бетіне алқызыл бояу шабатын. Ақ тістері ақсия көрініп, өзгеше бір рақат табатын. Осы бір өңі жұмсарып, жүзі жылып, жүрегі нәзік лүпілге басқан шағында оның көкірегіне өзгеше бір күш құйылатын. Сол сәтте ол бір емес, жаудың бірнеше танкін жалғыз өзі жайратуға әзір болатын. Міне, майдандағы жігіттерді біресе болаттай қатайтып, біресе қорғасындай ерітетін сендер едіңдер, сендердің ғажайып хаттарың еді, қыздар. Сендердің «жауды жеңіп қайтыңдар!» деп әр хатта айтатын әмірлеріңді орындап тезірек Берлинге барып, одан соң өздеріңе жетсек деп ынтығушы едік бәріміз. Бір қазақ қызының жүзін көріп қасында отырсақ арманымыз болмас еді деп аңсайтын едік біз. Енді, міне мен біреуінің ғана емес, бір аудитория толы қыздың қасында отырмын. Қандай бақыттымын мен! «Мен бақыттымын!» деп, Алатаудың төбесіне шығып айқайлағым келеді қазір. Отан армиясының сапында зұлым жауды жеңгеніме бақыттымын! Сөйтіп, өз еліме оралып келгеніме бақыттымын! Қаншама ер азамат туған жерге жете алмай, туған елдің топырағында өскен қызыл гүлдей қыздардың ақ жүздерін көре алмай арманда кетті. Өлер алдындағы әр солдаттың аузына алған ең соңғы сөзі әйел аты болды. Біреу анасын, біреу жарын, біреу ғашығын есіне алып, тіл күрмеліп, мәңгіге көз жұмар алдында ақтық күшін жиып, солардың есімін атады. Олардың өздеріне деген махаббатының қарызын солдат сол бір ауыз сөзді ұмытпай айтып өтуге тырысты. Содан кейін Отан сүйгіш, ана сүйгіш, жар сүйгіш солдат жаны мәңгіге тыншықты».
Осындай ойлар арынды өзеннің ақжал толқынындай төпеп, бірін-бірі қуып жөнелді-ай келіп. Мен өзімде қыздарға деген осынша мол, нәзік сезімдер бар екенін бұрын да білетін едім. Сол сезімдердің бүгін университетке түсіп, алғашқы лекцияға қатысқан сәтте-ақ ағыл-тегіл ағылғанына таңдандым. Қой, мұным болмас. Университетке алынбай жатып аңсарым қызға ауғаны несі? Мен мұнда қызға қырындаймын деп емес, оқу оқимын деп келіп едім ғой. Ендеше қыз туралы ойлаудан тыйылуым керек», – деп өзіме тоқтау салмақта болдым. Бірақ, айы-күні жеткен әйелді ауық-ауық қинаған толғақтай әлдебір арылмас мазасыздық менің бойымды билеп, барған сайын бастағы ой өрістеп, өршелене берді.
«Ұлы Отан соғысында біз жауды қаруымыздың – самолеттің, танктың, артиллерияның құдіретімен де жеңдік, — деп ойладым мен онан әрі. – Сол сияқты алаулаған асыл махаббаттың күшімен де жеңдік. Біздің жүрегімізде Отанға, анаға, сүйген жарға деген шексіз махаббат болды. Соңғы күш алдыңғының қуатты қозғаушысына айналды да, өлім мен өмірдің арпалысындай айқаста біз жеңіп шықтық. Меніңше, махаббат – дүниедегі барлық күштің көзі, барлық қуаттың бұлақ-бастауы. Онсыз еш жерде жеңіс жоқ. Ендеше, қыздар, махаббаттың мөлдір бастауы сендерді көргенде қалай тебіренбейін, қалай қуанбайын мен! Кеше өгей Европадан өз Европама жеткенше асығып ем. Өз Европам өз Азиямдай қуанышпен қарсы алды мені. Жолдағы ағайын жұрттың жылы жүз, ыстық ықыласы жүрегімді тербеп, ежелден таныс үнді славян сөздері құлағыма тәтті күй боп құйылды. Ал өз Қазақстаныма жеткендегі күйім қандай болды десеңші! Ауызбен айтып жеткізе алмаспын мен оны. Жол бойындағы жадау разъезд, жапырайған қазақ ауылдары қоңырайып алдымнан шыққанда Батыс Европаның салтанатты сарайларынан артық көрдім мен оларды. Үй жанында үймелеп күз тіршілігін жасап жатқан жүдеу жүзді, жалбыр киімді ауыл адамдары көзіме шалынғанда жүрегім елжіреп, еріп қоя берді шайға салған қанттай боп».
Осы кезде «Көңілді бес жүзінші поезд» деп аталатын .әскерден қайтқан солдаттар тиелген қызыл вагонды ұзын составтың Қазақстанның шеткі шағын станцияларының біріне келіп тоқтағаны көз алдыма елестеді. Тәкен деген жолдасым вагоннан қарғып түсті де, поезға сүт, айран, жұмыртқа алып шыққан әйелдердің қасына барды одыраңдап.
– Апалар, амансыздар ма, бәріңізге мың сәлем! – деді ол бас иіп. – Айран бар ма?
– Бар, шырағым, бар, — десті әйелдер.
Жолдасым бір банка айранды басына бір-ақ көтерді. Содан соң түбінде қалған жұғының жинап алып, бетіне жақты. Қап-қара жігіттің беті ала бажалақ боп шыға келді.
– Мұның не, шырағым, – деді айран иесі қартаң әйел таңданып.
– Мұным – қуанғаным, апа. Сұрапыл соғыстан аман келіп, туған жерге табаным тиіп, сіздей апамның қолынан айран ішкеніме қуанғаным. Туған елдің дәмін татқаныма қанғаным, айранның қалғанын бетіме жаққаным – балалық күнім есіме түсіп, еркелегенім, апа. Сізге еркелегенім, Қазақстанға, халқыма еркелегенім.
Әшейінде сөзге олақ, кеудесі орден мен медальға толы аңқылдақ батыр жолдасымның сол бір сөзі керемет шешен болып шықты.
– Алда, бақыр-ай, елді сағынған екен ғой, — деп сол жерде әйелдердің бәрі тегіс жылап жіберді.
– Қай жердікісің?
– Шешең бар ма еді? – деп әркімдер сұрап та жатыр.
– Талдықорған облысыныкімін. Өзіңіздей келген шүйкедей ғана қара домалақ шешем бар еді. Соған асығып келемін, – деді Тәкен кемпірлердің біріне қарап.
– Алда, бақыр-ай.
– Шешеңнің жүрегі жарылып-ақ кетер-ау сені көргенде.
Осылай деп әйелдер қолдарындағы бар жұмыртқа, бар сүт, айранын Тәкенге ұсынды.
– Туған жердің дәмін таттым, маған сол болады, – деді Тәкен әйелдердің ұсынғанын алмай.
Жұрт оған қарамады.
– Жолдастарына бер.
– Соларға дәм татыр.
Тәкен бет-аузы айғыз-айғыз болып, әйелдерді вагонға бастап келді.
– Алыңдар, жігіттер! Туған ел ырзығы! Алыңдар!..
– Ішіңдер.
– Дәм татыңдар, – деп жатыр әйелдер.
Әйелдер әкелген тамақтарын бәрімізге тегін бөліп берді. Біреу ақша төлемек болып еді, қартаң ана ренжіп қалды:
– Төрт жыл соғыста аштан өлмеген біз соғыс біткеннен кейін өледі деп пе едіңдер? Қойыңдар, қарақтарым, ақшаларыңды қозғамаңдар. Әлде жат жерде жүріп елдеріңнің қонақжай салтын ұмытып қалып па едіңдер?
Бұл сөзге жауапты тағы да Тәкен берді.
– Жоқ, апа, ұмытқамыз жоқ, – деді ол. — Онда біз мұны халықтың майданнан жеңіспен келген жігіттерге шашқан шашуы деп қабылдайық.
– Е, жөн.
– Сөйтіңдер, – деп әйелдер разы боп қалды. Осы кезде біздің поезымыз гудок беріп, ілгері қозғалды.
Зымырап келе жатқан поездың есігінен етектегі елге қарап отырған менің есіме данышпан Жиренше түсті. Хан қасында көп жүріп ел аралап, орда, сарайларда ұзақ-ұзақ қонақ болып үйіне қайтқан кедей Жиреншенің сирағы жаман лашығына сыймай сыртқа шығып жатса керек. Хан ордасындағыдай мамық төсекте емес, лашық ішіне төселген өлең шөптің үстінде рақаттана керіліп жатып шешен: «Шіркін, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деген екен дейді.
Мен жолдасымның бетіне қарадым.
– Тәкен, үйіңе жетуге асығып келесің бе? – дедім.
– Е, үйіне жетуге кім асықпаушы еді, – деді ол.
Мен оған ауылға баруға асықпайтынымды, Алматыға қалып, оқуға түсетінімді айттым.
– Сенің оқуыңа болады. Ал менің басыма ешбір оқу қонбайды, — деп ол өз басын жұдырығымен тоқылдатып қойды. — Мен барамын да елдегі бір жақсы қызға құлындай шыңғыртып құрық саламын. Маған одан басқа оқудың керегі жоқ.
Мен күлдім.
– Күлме, — деді ол. – Оқуда да жақсы қыздар көп болады. Аузыңды ашып босқа қарап жүрмей, сен де солардың бір тәуірін нысанаға ал.
«Сөйтіп, мен кеше ғана эшелоннан түстім, қыздар. Бүгін міне сендердің орталарыңа келдім. Мен сендердің ағаңмын, бауырыңмын, досыңмын, қыздар. Мен сендердің бәріңді де жақсы көремін!..»
Аудитория есігінің сыртынан шылдыраған қоңырау дауысы естілді. Бірінші лекция бітті. Құс мұрын оқытушы жайлап орнынан тұрып, есікке қарай аяндады. Әшейінде қоңырау соғылса-ақ ешкідей секеңдеп есікке қарай алдымен жүгіретін қыздар, сабақ үстінде өзара іштей уәделескендей, ешқайсысы селт етпестен парталарында сіресіп отырып қалды.
III
Оқытушы шығып кеткеннен кейін екеу-екеуден қатар отырған қыздар бір-бірімен күбірлесе күлісті де, командамен бұрылған бір взвод солдаттай болып, тегіс кеуделерін қозғап, жүздерін аудиторияның ең артында отырған маған қарай бұрды. Түнде далада машинамен келе жатқаныңызда алдыңыздан жайылып жүрген қоян кездесетін. Қоянды көре сала оған машинаның фарын бағыттай қойсаң, қашудың орнына ол байғұс: «мені ат!» дегендей болып, артқы екі аяғымен тікиіп, құлағын селтитіп тұра қалатын. Машина жарығына бір ілінгеннен кейін қоян сорлыны бір атсаң да, бес атсаң да, сол орнынан қозғалмайды. Тек оқ тигенде ғана тұрған жеріне жалп етіп құлай кетеді… Қыздардың бәрі маған қарай бұрылғанда, мен де сол қоянға ұқсап, орнымнан апалақтап атып тұрдым. Егер сол сәтте қыздардың бәрі бірдей мені көздеп махаббат мылтығының шүріппесін басып кеп қалған болса, солардың бірсыпыра бытырасы дәл осы күнге дейін өн бойымда жүрген болар деп ойлаймын. Орнымнан атып тұрғаннан кейін әскери машық бойынша жалма-жан гимнастеркамның етегін төмен қарай тартқылап, қыртысын белбеуге сұққан бармақ арқылы кейін қарай сырғыта бастадым.
Ұзын аудиторияға екі қатар қойылған парталардың есік пен терезе жақ шетіндегі қыздар сол бұрылған күйлерінде қозғалмастан отырып қалды да, ортадағы қыздар орындарынан тұрып, маған қарай аяңдады. Өзіме қарай келе жатқан олардың тақтай еденді тық-тық басқан дыбыстарын естігенде жүрегім, атакаға шығар алдындағыдай дүрс-дүрс соғып қоя берді.
– Ал, жолдас, сізді студент болуыңызбен құттықтаймыз, – деді көмірдей қара шашты, жазық маңдай, қызыл шырайлы күлімкөз қыз менің қасыма келіп. Маған ол сондай сұлу боп көрінді. Бұл жаңағы, мен аудиторияға алғаш кіріп рұқсат сұрағанда мырс етіп күліп: «Рұқсатты кірмей тұрып сұрамаушы ма еді?» деген қыз болар деп мөлшерледім.
Мен: «Рақмет» деп басымды идім.
Қыз тағы да мырс етіп күліп жіберді де, құттықтау үшін бе, әлде амандасу үшін бе, маған қарай сүйріктей саусақтарын созды. Алдымен қолды өзім бермегеніме екі бетім ду ете қалып, мен де алақанымды ұсындым. Қыздардың қол ұсынып амандасқанда алақанын су құятындай шұңқырайта қойып, саусақтарының ұшы жігіттің қолына тиер-тиместен тартып әкететін әдеті емес пе. Мен өзіме төрт жыл соғыстан кейін алғаш ұсынылған қыз қолын алақанын алақаныма төсеп қойып, солдатша құшырлана бір қысармын деп ойлаған едім. Тот басқан темір іспеттес күсті алақаныма қыздың қолы емес, ұстай бергенде ұша жөнелген торғай қанатының ұшы ғана тигендей болды. Мен бұған мүлде абыржып қалдым. Өйткені солдаттар бірінің қолын бірі қатты қысып амандасады. Олар үшін қол беріп амандасу ләззатының өзі сонда. Бәлкім, қыз қолын жаңа маған бермеген шығар, бәлкім ол қайта ұсынатын болар, сонда дұрыстап қысармын деп үміттендім. Бірақ қыз енді қолын қайта беретін белгі танытпады. Менің білегім, жау танкісіне қарай көзделген зеңбірек стволындай серейіп, созылды да қалды. Қайта тартып әкетуді қолайсыз көрдім. Менің осы күйімді аңғарған екінші қыз шапшаң ілгерірек шықты да:
– Ағай, сәлеметсіз бе, құттықтаймын, – деп қолын берді. Мен бұл қызға сонша разы болдым. Биік қабақ, бота көз осынау ақ сары қыз маған барлық қыздардың сұлуы сияқты боп көрінді. Бағанадан қысылып, не істерімді білмей сасқалақтап тұрғанмен қыздың қолын қатты қыспай, демеп ұстап, тез босатып жібердім. Мен оның өзімді қолайсыз күйден құтқарғанына қуандым. Бар абыройды жапқан бетімнің бояу жұқпас қоңырлығы болды. Іштей қанша қысылып, қиналсам да өмірі өнімнен белгі білінген емес. Өзімнің дүрдік ерін, жалпақ бет, шойын қаралығымнан өмір бойы осыдан өзге тапқан пайдам да жоқ.
Тағы да еден тықылдады. Тізеден келетін юбкадан шыққан түп-түзу екі сирақ киіктің лағындай қаздаңдап, қасыма және тақай берді. Үстіне киген ақ кофтасы ақ мамықтай үлпілдеген қаз кеуде, қызыл ерін ақ құба қыз жымиғаны жаныңды майдай ерітіп, иіліп келіп қолын берді. Одан соң қос бұрымы жер сызған, биік өкше етігінің аттағанынан аялдағаны көп, балдай шұбатылып, жібектей ширатылған сұрша қыз екі аттам жерге буыны құрығандай былқ-сылқ етіп әрең жетіп, қарлығаш қанат қасын кере, қаймыжықтай жұқа еріндерін жай ғана жыбырлатып, кер маралдай керіліп, ол қолын созды. Оның артынан жасында балалар үйінде тәрбие алып өскендерін таныта шаштарын иықтарына түсіре қидырып, сол әдемі қолаң шаштарын жаурындарын жаба жайып жіберулерінің өзі жігіттің жүрегін бірден бүлк еткізетін қыр мұрын қыпша бел, бірі нәзік, бірі толықша екі қыз әдемі ақ тістерін жарқырата көрсетіп, бірінен соң бірі амандасты.
Қойшы, не керек сөйтіп мен қыздардың жұп-жұмсақ, ып-ыстық қолдарын ауыртып алмайын деп еппен ұстап, бірінің соңынан бірін қыса бердім, қыса бердім. Олардың қолдарын алып жатып, ақырын ұрланып жүздеріне, көздеріне қараймын. Уыздай уылжыған, алмадай албыраған, бүйректей бұлтиған, мамықтай үлпілдеген,үлбіреген беттерді, қарақаттай мөлдіреген қап-қара көздерді, жүрекке жебедей атылған «Катюшаның» оғына ұқсас ұзын кірпіктерді, жаңа туған жіңішке айдай немесе егіншінің қол орағындай иілген сүйкімді қастарды бірінен соң бірін көріп, елтіп, елжіреп, панорамалы кинода отырғандай басым айналып, жығылып кете жаздап тұрдым. Сол қолыммен партадан қапсыра мықтап ұстап алмаған болсам, сол сәтте гүрс етіп құлап кетуім де ықтимал еді.
Осы мүшкіл күйімде тыныш тұрмай, Жағалбайлы елінен Жайыққа қыз іздеп барған Төлегенді есіме алдым. Ол да осы мен сияқты бір қыздан соң екінші қызды көріп есі кеткен еді. «Тау басында қарағай, Төлегеннің мінезі болып кетті баладай. Осындай болып әр жерден, он бір қыз өтті сәулетпен, бәрі де қалды жарамай» дей келетін бала күнде қызыға жаттаған қисса жолдары ойыма оралды. Қырық шақты қыздың қасынан өткен Төлегеннің ол күні қандай күйде болғанын білмеймін. Ал өзімнің он бестей қыздың қолын ұстағанға бір шара қымыз ішкендей мас болғаным аян. Әр қыздың алақаны қолыма келген сайын электр еріткіші тиген қалайыдай балқып, елжіреп бара жаттым. Барған сайын қызуым артып, күйіп кететін сияқтандым. Егер отыз қыздың қолын түгел ұстаған болсам, онда мүлде еріп кеткен болар ма еді, кім білсін. Өзімнің осы күнге дейін аман жүргенім бәлкім, сол күні аудиториядағы қыздардың бәрінін қолын тегіс ұстамағандығымнан да шығар деп ойлаймын кейде.
Менің бақытыма қарай алғашқы амандасқан қыз қайтадан тіл қатты.
– Жә, өзгелерің отыра беріңдер, – деді ол басқа қыздарға қолын сермеп. – Қалғандарың кейін амандасарсыңдар. Қазір басқа шаруа бар.
Басқалар күле түсіп, орындарында отырып қалды. Бірсыпыра қыз мені қоршай түрегеп тұрды.
– Ал, жолдас, сөйлеңіз, – деді әлгі қыз дауысын әндете созып мен бір оған баяндама жасап беремін деп уәде қылғандай-ақ.
– Не сөйле дейсіз? – дедім сәл ыржия түсіп. Бұл арада мен ыржалаңдайтын да ештеңе жоқ еді. Тегі көп қыздың мысы Сасып, қысылғанымнан сөйткен болуым керек. Бұрын бір қыздың бетіне бедірейе қарай алмайтын басым, енді бірнеше к.ыз өзімді ентелей қоршап алғаннан кейін, сойған қасқырдай боп, ыржимағанда қайтейін.
– Қайдан келдіңіз? – деді қызыл шырайлы қыз көзін ойнақшытып.
– Германиядан.
– Соғыстан қайтқандардың бәрі Германиядан келеді, иә, қыздар? — деп қызыл шырайлы қыз достарына қарай бұрылды. Ол қыздың мені әзілмен қағытып тұрғанын сезіп, ақырын ғана жымиысып қойды. Оны мен де сездім, сондықтан да жаңағы жауабымды қайта толықтырып:
– Берлин түбінен қайттым, – дедім.
– Түбі деген қай жер? — деді қыз мүләйімсіп. Қыздар мырс етісіп қалды.
– Шпрее деген өзеннің жағасынан, – дедім мен де сәл қысыла түсіп. – Берлинге тақау жер.
– Ә, — деді қыз менің жауабымды түсінген болып.
– Берлинде болдыңыз ба?
– Болдым.
– Рейхстагты көрдіңіз бе?
– Көрдім.
Берлинде болып, Рейхстагты көргенім тергеуші қызға әсер етті-ау деймін. Берлиннен келген жігітті бүйтіп әурелемейік деді ме, кім білсін, ол сұрағын саябырлатып, сәл бөгеліп қалды. Ол үндемеген соң басқа қыздар да менен беттерін бұрып, төмен қарасты. Қолға түскен тұтқындай болып, олардың ортасында төмен қарап мен тұрдым.
Қыз қайта сұрақ қойды.
– Соғыста командир деген болады дейді, рас па?
– Рас, – дедім мен басымды көтеріп.
– Ә-ә-ә, – деді қыз дауысын соза аңқаусып. – Сіз командир болдыңыз ба?
– Жоқ, – деп қалдым да артынан: — иә, болдым, – деп басымды изедім.
Қыз сықылықтап күліп жіберді. Оған өзге қыздар күлкісінің күміс сыңғыры қосылды.
– Жоғыңыз қалай, иә, болдымыңыз қалай? – деді қыз күлкісін сәл басып, қара көздерін одан сайын ойнақтата түсіп. Мен жайымды айттым.
– Кіші командир болған едім, – дедім.
«Кіші» деген сөзді бекер айтқанымды кейін біліп қалдым. Бірақ айтқан сөз – атқан оқ деген. Өкінгенмен оқты кері қайтара алмайсың. Не де болса ақырын күттім. Ақыры былай болып шықты.
Жазық маңдайы жарқырап қыз тұрған жерінен сәл кейін шегінді де, менің бұзау бас керзі етікті аяғыма бір, әлі шашы өсе қоймаған тықырлау басыма бір қарап, шомбалдау боп біткен тәпелтек бойымды лезде шолып өтті. Содан соң ол менің бойыма басымнан аяғыма қарай қайтадан көз жүгіртті. Өн бермеген құдай маған құнттап бой да бермеген ғой. Қыз байғұс бейнеттеніп қанша қарағанымен, бәйтерек емес, бір жарым метрден аз-ақ асатын тапал бойға қанша бөгеледі. Жуантық келген жұмыр мойнын бір жағына қарай бұрды да:
– Көрініп тұр, — деді ақырын, бірақ барлық қыздарға естірте айтты.
Әскерде кіші командир, үлкен командирлер болатынын оның білетін, білмейтіні маған беймәлім. Алайда ол менің кіші командир болдым дегенімді бойымның кішілігіне апарып сайды. Әдейі сөйтті ме, жоқ білмегендіктен солай ойлады ма, оны да аңғара алмадым. Әйтеуір қыздар оның «көрініп тұр» дегеніне ду күліп жіберді. Басымды қайта-қайта сипалап өзім де күлдім.
– Қыздар, күлмеңдер, – деді ол түсін суытқан болып. — Күлкен, анау журналды алып келші.
Гүлдей майысқан бір қыз оқытушы столының үстінде жатқан журналды алып келді. Мені тергеуші қыз оны қолына ұстап тұрды да:
– Мұнда, курста староста болады, білесіз бе? — деді. Ішімнен: «мені тым тақымдап тұрғаның староста екенсің ғой» деп ойладым да, басымды изедім. Қыз сөзін қайта жалғады.
– Староста студенттердің бәрін тізімге алады.
Мен тағы басымды изедім.
Қыз енді маған маңғаздана қарады.
– Мен староста емеспін. Бірақ бүгін староста жоқ. Сондықтан сізді тізімге алу құрметі маған тиіп отыр. – Осылай деп ол журналды ашты. — Фамилияңыз кім?
– Есенов.
– Атыңыз.
– Ербол.
Қыз саусақтары майысып отырып, журналдың ең соңына «Есенов Е.» деп жазды да, қайтадан бетіме қарады.
– Ербол?.. Сіз соғыста ер болдыңыз ба?
Бұл сұраққа не айтарымды білмей және бөгеліп қалдым.
– Жоқ, жұрт қатарлы, – дедім ақыры.
– Бәсе, кеудеңіз сылдырамайды, – деді қыз.
Мұны да оның қай мағынада айтқанын аңғармадым. Кеудеңде орден, медалдарың жоқ дегені болар деп түйдім. Ал менің орден, медалдарым жеткілікті болатын. Тек оларды студенттер арасында мақтанған сияқты боп көрінбейін деп, таңертең университетке келерде кеудемнен бір бірлеп ағытып, түскен үйімде қалған зат қапшығымның ішіне салып кеткенмін. Бірақ қызға дәнеңе демедім.
Қыз журнал бетіне қайта үңіліп, тағы да сұрақ қоя бастады. Осы кезде сыртқа шығып кеткен бірен-саран қыздар да аудиторияға қайта кіріп жатты.
– Қай жылы туғансыз?’
– 1922 жылы, — дедім күбірлеп.
– Қаттырақ айтыңыз, – деді қыз менің жауабымды ести тұрса да. – Семья жағдайыңыз қандай – әйеліңіз бар ма?
— Жоқ.
– Сүйген қызыңыз бар ма?
Мен басымды шайқадым.
– Қыздар, естіп отырсыңдар ма? – деді ол жан-жағына қарап.
Ешкім үндемеді.
– Түу, қойсаңшы, Қанипа, – деді осы кезде отырған қыздардың біреуі орнынан тұрып, бізге қарай аяндап. – Ағайды соншама әурелегенін не тергеушідей жауап алып.
IV
Ортадан сәл ғана төмендеу бойы бар, самай тұсы ширатыла бұйраланып тұратын қою қара шашын ұзын қос бұрым етіп өріп, оны ақ маңдайынан жоғарылата басына бірнеше рет орап, екі ұшын тас қылып төбесіне түйіп тастаған, ақ беті таза қолмен аршыған жұмыртқадай кіршіксіз, жасы он сегізге келген талдырмаш қыз мені қоршап тұрған өзге қыздардың арасын қақ жарып өтіп қасыма жақындай берді. Қыздың ғажап сипатын көргенде мен ұялуды ұмытып, оған бақырайып қадалдым да қалдым. Орасан үлкен де емес, онша кіші де емес дөңгелек қара көздер «Тергеуші» қыздың көзіндей ойнақыланбай, көлгірсіп күлімдемей, өзгеше бір пәк таза тұнықтықпен жаудырай қарайды. Жылы шуақты осы қос көздің арасынан төмен қарай ақ қағазға ақ бояумен тартқан тік сызықтай болып, қыр мұрын көрінеді. Осы әсем мұрын астындағы таңертеңгі гүлдей бүрісіңкі оймақтай ауыздың «мені кім сүйеді?» дегендей ынтыға үлбірей қалған боялмаған қызыл еріндері қыз жүрісінің ырғағымен әлде өзі дір еткендей ме, әлде тыныш тұрған мені дір еткізгендей ме бір белгісіз жайды аңғартты. Лезде сол дірілдің суға лақтырған тастай болып, алысқа, жүрегімнің түбіне қарай шым батып бара жатқаны өзіме ап-айқын боп біліне бастады. Жаныма тақап қалған қыздың аппақ бұғағы мен жұп-жұмыр мойнын көзім шалғанда тамағымның ішінен бір жұмсақ нәрсе қытықтай жөнелгендей және бір сезім пайда болды. Әсіресе оның он бетіндегі мойылдай мөлдіреген мең менің көзімді де, өзімді де магниттей тартып, әкетіп бара жатты.
Ақ қыз алдыма келіп тоқтап, қылымсымай, қымсынбай, бейне бір өзінін туған ағасымен сөйлесіп тұрғандай үн қатты.
— Ағай, бұл Қанипа деген қалжыңбас қыз, — деді ол мені сұрақтарымен сонша қинаған қызыл шырайлы, қасқа тіс қызды иығынан бір сипап қойып. — Бәрімізді күлдіріп, көңілімізді көтеріп отыратын осы. Сіз оған ренжіп қалмаңыз.
Неге екенін білмеймін, бұл қыздың дауысын құбылтпай, бір қалыпты табиғи биязылықпен өтіне айтқан сөзі маған бұйрықтан бетер әсер етті. Жау танкімен жекпе-жек айқасуға жауапты бұйрық берген командир сөзін тыңдағандай, екі қолымды жамбасыма жапсыра ұстап тіп-тік бола қалдым да, «күп болады» дегендей ишара жасап, алдымен басымды изеп, одан соң еңкейе иілдім. Бұл арадағы екі қимылдың бірі артық: бас изеген соң иілудің қажеті жоқ еді. Бірақ мен ол сәтте не қажет, не қажет емес екенін біліппін бе, сірә. Содан соң қайтадан кеудемді керіп, бақырайып, бақжиып қызға қарап, оқтау жұтқандай тіп-тік боп серейдім де қалдым. Мұным: «Мен сіздің құлыңызбын, айтқаныңызды бұлжытпай орындаймын, тағы не бұйырасыз?» дегенім сияқтанды. Менің бұл тұрысым сылаңдаған әсем аққудың қасында өз-өзінен күжірейіп, одырайып тұрған күрке тауықтың қоразын көз алдарына елестетті ме, кім білсін, кейбір қыздар мырс етіп күліп жіберді. Осы кезде бағанағы бүріскен гүл ашылайын дегендей әлпет танытып келе жатты да, тез тоқтап, сол күйінде қозғалыссыз қалды. Өзге қыздар күлгенмен ақ қыз әсем ернін қытықтай бастаған күлкіні кері қайырып жіберді. Мұнысымен ол барша ұстамды қыздың бетінен ешнәрсені білдіртпейтін, жақсы иә жек көргенін ешқашан аңғартпайтын ең үлкен өнерін танытқан еді. Бірақ, ағасының, өзімді айтамын, ол кезде оны аңғарарлық жайы мүлде жоқ болатын.
Сонымен, ұзын сөздің қысқасы, жігітке жұтаң соғыс кезіндегі ауылда өсіп, сол сұрапыл шақта бозбаламен қатар тұруға үйренбегендіктен, сөйтіп, олардың қыз алдында өздерін қалай ұстайтындықтарын көрмегендіктен бе, әлде өзінін де мен сияқты қобалақ, қолапайлау ағасы болып, сол есіне түскендіктен бе, білмеймін, қыз менің ат байлайтын ақырдай болып, серейіп қалған қолайсыз күйімді күлкі етпеуге, елемеуге тырысты. Оның орнына бағанадан бері қыздар көзіне күлкінің нысанасы боп тұрған мені бұл жағдайдан тез шығарып әкетуге әрекеттенген сияқтанды. Жаныма одан сайын жанаса кеп тұрды да:
– Кәне, ағай, жанағы лекцияны жаза алдыңыз ба? – деп алдымда беті жабулы жатқан дәптерге қолын созды.
Бұл бір неміс қағазынан жасалған қалың кінаганың жартысы болатын. Германиядан қайтарда дүние қоңыз кейбіреулер дүкеннен дүкен қоймай аралап жүріп, нәрсе алып, үйлеріне сәлемдеме — посылкалар жөнелтіп жатты. Ал мен, халқымыздың «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген қағидасын берік ұстадым да, еш нәрсеге қол созбадым. Маған Отанымның жауын жеңгендігі мен өзімнің аман қалғандығымнан қымбат олжа жоқ еді. Осы оймен Германиядан кеткелі жатқанымда көп айлар қол астымда болған, кейін зеңбірек көздеушісіне жоғарылатылған жауынгер жолдасым — коми жігіті осы қалың кінағаны қаладағы баспаханаға барып қақ бөлдіріп әкеп, менің зат қапшығыма салды. «Сержант, мұны жау жерінен алған олжам деп емес, менің сізге тартқан сыйлығым деп алыңыз.
Еліңізге барып оқуға түссеңіз, бұл қағаз сізге керек болады» деп, өтініп болмады. Ал менің оқуға түсетініме еш күмәнім жоқ еді. Мен бір қызық айтайын сіздерге: өзім соғыста ешқашан да өлемін деп ойлаған емеспін. Соғыстан кейін алдыма қайтсем де журналист болуым керек деген мақсат қойып едім, ол да орындалды. Тегі адам не нәрсеге, сеніп, беріле істесе, оның сол ойы орындалып шығатын болар деп ойлаймын. Жоқ, мұның біздің әңгімемізге қатысы жоқ. Жай, еске түсіп кеткен соң айтып жатқаным да. Сонымен, қыз менің алдымдағы дәптерді өзіне қарай сырғытып, бірінші бетін ашып қарады. Одан жол ортасына бадырайта жазылған «Сын есім» деген екі сөзден өңге ештеме таппады да, бас жағын жазып үлгіре алмай, аяқ жағын келесі бетке жазған шығар деп ойлаған болуы керек, ол қағаздан да аппақ сүйрік саусақтарымен дәптердің екінші бетін аударды.
– Бәле, ағай, ештеңе жазбапсыз ғой, – деді ол келесі беттің де таза тұрғанын көріп. Дес берісі қыз маған «ештеңе жаза алмапсыз ғой» демей, «жазбапсыз ғой» деді. Тегі сол сөзінің өзі менің көңіліме кеп қалды деп ойлаған болуы керек, дереу оны және жұмсартуға тырысты. – Ой, ағай, мұндай бола береді. Шу легенде осы отырған бәріміз де лекция жаза алмағанбыз. Адам бірте-бірте төселеді. Алдымен әр оқытушының үніне құлақты үйрету керек.
Осы кезде дәлізде соғылған қоңырау үні естілді. Мені қоршап тұрған өзге қыздар өз орындарына қарай ойысты. Тек ақ қыз әлденені ойлағандай ернін жымыра түсіп, сәл бөгеліп қалды да:
– Ағай, алға жүріп, менің қасыма отырыңызшы. Мен сіздің конспект жазуыңызға көмектесейін, – деді.
Мен не істерімді, бұл ұсынысқа не дерімді білмей, сәл бөгеліп қалдым. Мұным қыздың бұл сөзді шын ықыласымен айтып, өзіме қиыла қарағаны, су қоспаған таза спиртті жұтқан адамның алдымен тұншыға жаздап барып, демалғаннан кейін көмейінен төмен қарай әлдене ішін өртеп ақырын жылжып бара жатқанын сезіп біраз үнсіз отыратыны сияқты бір сәт еді. Бұған дейін бұл Қызға бас изеп, сақаудай ыммен жауап бергеннен басқа, үн қатып ештеңе дей алмағанмын, алмағаным оны көргеннен-ақ тіл мен жағымнан айрылдым. Қыздың ақ дидарынан шыққан әлдебір асыл күш менің сөйлеуге тілімді келтірмей, көмекейімді тас қып буып тастаған тәрізденді. Міне, сондықтан, бұл жолы да мен қызға ризалық, биязылық, сыпайылық, сүйкімділігін көргенде менің жүрегім бұрынғыдан бетер лүпілі тыныш тұрған самолет моторының от алдырғандағы алғашқы гүріліне ұқсаса, оның ендігі соғысы сол мотордың стартқа келген самолетті көкке көтерер алдындағы бар қуатымен қалшылдай дірілдеп, самолетті ішіндегі жолаушыларымен қоса теңселте қозғап, тітіретіп жіберер сәтіне пара-пар болды.
Қойшы, не керек, лезде-ақ мен, мұрнын тескен тайлақтай елпеңдеп, қыздың соңына ілесіп, аудиторияның алдынғы жағына қарай аяңдадым. Жоқ, сол сәтте ол қыз менің тек мұрнымды ғана емес, жүрегімнің өзін қоса тесіп, бұйдалап алыпты ғой. Кім білген, қыз шіркіндердің бар істі осылай, үндемей тындыратынын.
Ақ қыздың орны есік жақтағы екінші партаның он қанатында екен. Мен жақындай бергенде ол сол жағында отыратын қызға былай деп жатты:
– Қанипа, сен артқа барып отыршы. Мен ағайды қасыма алып, конспект жазуына көмектесейін.
– Іһ-һі! — деді Қанипа біреу оның ыңқ еткізіп бүйірден қойып қалғандай дауысына мән бере және қаттырақ шығарып. Жақынырақ отырған қыздар оның «іһ-һісіне!» елен етіп, мән бере қалды. Тек ақ қыз ғана оны елемеген сияқтанды.
– Немесе мен орнымды берейін, ағайға сен көмектес. Жаңа келген, әлі үйренбеген кісіге алыста отырып лекция тыңдау қиын ғой, – деді ол өзінің сабырлы қалпымен.
Жолдасына тағы бірдеңе демек боп оқтала берген қызыл шырайлы қыз сөлбірейіп мен қасына келіп қалғаннан кейін жалт етіп бетіме қарады да, ақырын ғана жымиып:
– Қазір, қазір, — деп қағазын жинай бастады. – Әй, Меңтай-ай, жаңа ғана бұл жігіттен жауап алып, беддеп күшейіп қалып еді. Абыройымды айрандай төктің-ау. Тым болмаса ертең ауысып отыратын едік қой.
Маған қамқоршы қыздың аты Меңтай екенін мен енді ғана білдім.
Аудиторияда алғаш естіген аттарымды ұмытып қалмау үшін «Қанипа, Меңтай!.. Қанипа, Меңтай!..» деп өлең жаттағандай, күбірлеп, ішімнен бірнеше рет қайталай бердім.
– Ағай жауды тезірек жеңіп, оқуға келсем, біз сияқты қарындастарыңның қасында отырсам деп талай рет арман еткен шығар. Сөйтіп келген кісіні ең түкпірге шошайтып жалғыз отырғызып қойғанымыз ұят емес пе?
Меңтайдың бұл сөзі жаныма жағып кетті-ау деймін, мен:
– Иә, иә, төрт жыл арман еттік қой, – деп ыржалақтап басымды изей бердім.
Меңтай сөзінен жеңілген Қанипа басқа еш дау айта алмады. Тіпті ерніне келген өткір әзіл сөздерінен де айырылып қалды-ау деймін. Сасқалақтай орнынан тұрып:
– Ғапу етіңіз, отырыңыз, – деп маған тағы бір жымия қарап, жалт еткізе көз тастады да, қағаздарын құшақтап артқы партаға қарай кетті.
– Қанипа, қайда барасың? – деді қыздар әзілдеп.
– Эвакуация, тылға көшіп барамын, — деді ол да күле жауап беріп.
Мен оның орнына отыра беріп, Меңтай ойының зеректігіне таң қалдым. Меңтайдың жаңағы айтқан: «Ағай жауды тезірек жеңіп, оқуға келсем, біз сияқты қарындастарыңның қасында отырсам деп талай рет арман еткен шығар» дегені, оның алдында айтқан алыста отырып лекция тыңдау ауыр екендігі, алдымен оқытушының үніне құлақты үйрету қажеттігі туралы пікірлері – бәрі-бәрі менің ойым. Сонда осы қыз алдынғы лекцияда ештеңе жазбай, әлдебір әдіспен, тек қана менің ойымды тыңдап отырғаннан сау ма екен өзі деп, оған қымсына қарап қойдым. Қыз жай ғана жымиып, парта қуысындағы дәптерін, сия сауытын, қаламын бір-бірлеп шығарып, жайлап алдына қоя бастады. Оның парта үстіне қойған дәптерінің мұқабасындағы жазуға көзім түсті. Онда былай деп жазылған екен:
«ҚАЗАҚ ТІЛІ
Қазақ Мемлекеттік Университеті тарих-филология
факультетінің II курс студенті ЕРБОСЫНОВА М.»
Мен Меңтайдың фамилиясы Ербосынова екенін осы арада білдім. Ол дәптерінің беттерін парақтап ашқанда еткен лекциядан маржандай тізілген айқын әріптермен шақпақ жолды үш бетке толтыра конспект жазып алғанын көрдім. «Бәсе, ішіндегіні біреу қайдан білсін, – деп ойладым тағы да. – Өзінің зеректігімен мен ойлаған ойдың үстінен түсіп жатқан шығар. Дегенмен, бұл қыздың аузынан шыққан қарапайым сөздердің өзі мені сары алтынның буындай балқытып бара жатқаны тегі оның сұлулығынан ғана емес, осы ой зеректігінен де болар».
Қазақ тілінің оқытушысы біраз кешігіңкіреп келіп, сабағын жалғастырды. Жақыннан қарағанда ол құс мұрындығының үстіне мүлде шүңірек көз кісі екен. Менің алыста отырып оны бүркітке ұқсатқаным тіпті дұрыс болыпты.
Сабағын бастай бере ол екінші партада жапалақтай жарбиып отырған маған көз тоқтатты.
– Сіз қайдан келдіңіз, аты-жөніңіз кім? – деді оқытушы маған.
Партаны салдыр-күлдір еткізіп, мен орнымнан атып тұрдым. Керзі етіктің екі басы, бірімен бірі сүзіскен бұзаудай болып, сарт ете қалды. Оң қолымды шошаң еткізіп жоғары көтере бердім де, жалаңбас тұрғаным есіме түсіп, жалма-жан жамбасыма жапсыра қойдым. Бағанадан бері оқытушының аты-жөнін де сұрамаппын. Не де болса деп, бұрынғыша тарта бердім.
– Жолдас оқытушы, алдыңызда тұрған аға сержант Есенов Ербол. Демобилизациямен әскерден қайтып, университетке оқуға келдім.
Қыздардың бәрі қыран күлкі болды. Оқытушы да күліп жатыр. Тек Меңтай ғана дыбыс шығармай, езу тартты. Онысын да тез тыя қойып, маған қарай жақындаңқырап:
– Ағай, сержант емес, студент деп айтыңыз, – деді. Жұрт осыған күлген екен ғой дедім де, шапшаң қатемді түзетпек болып қыздардың күлкісі тоқтала бергенде:
– То есть студент Есенов Ерболмын, – дедім ыржиып.
Қыздар бұрынғыдан бетер сақылдап күлді. Күлсе күле берсін.
Қыздардың күлкісі маған майдай жағады. Өйткені ол немістердің алты стволды минометінің абалап келіп айналаға ажал шаша, алды-артымда жарылып жатқан миналары емес. Мен қазір тірі дүниенің тозағынан шығып, пейішке келіп тұрғандаймын. Сондықтан осынау қор қыздарына қосылып, өзім де еріксіз күлемін.
Бір кезде күлкі басылды. Оқытушы оң жағына бұрылыңқырап, қалтасынан орамалын алып, көзін сүртті. Тегі мені орнына отырды деп ойлады ма, әлде маған қарасам күліп қоярмын деді ме, білмеймін, оқытушы сол қырын қараған күйі сабағын бастады.
Ал мен отырғаным жоқ. Отырмағаным әскерде ондай тәртіп жоқ. Шені кіші адамдар аға командир рұқсат еткенде ғана орнына отырады. Бұл жерде оқытушы аға командир есебінде. Ендеше мен ол «отыр» демей, орныма жайғасуға тиісті емеспін. Өстіп, өзімнің тәртіптілігімді танытпақ боп қалшиып тұрмын.
Меңтай маған сыбырлап: «отырыңыз» дейді. Тәртіпті солдат қалай отырады? Ал мен оқытушының әскерде болмағанын, әскер тәртібінің исі мұрнына да бармайтынын қайдан білейін. Мен одан сайын екі жамбасымды қаттырақ қысып, сіресе түсемін.
Қыздар күлкіге булығып, тағы сықылықтай бастады. Тіпті болмаған соң Меңтай мені гимнастеркамның етегінен тартып, өзіне қаратты да: «Отырыңыз» деп жалынғандай болды. Мен, қыздың көңілін қимай, отырайын деп ойладым да, оқытушыға қайта қарадым. Ол алдындағы конспектісіне үңіліп, сын есім туралы лекциясын төпелеп жатыр, мен жаққа ақы берсең де бұрылатын емес. Бірінші рет әскер тәртібін бұзып, амалсыздан отыруыма тура келді. Рұқсатсыз отырғаныма, бейне бір намазым қаза болған молдадай ішімнен бұрқылдап құс мұрын оқытушыны кінәладым. Дегенмен ол мен жаққа бұрыла қалса, тез орнымнан атып тұруға және әзір болдым. Осы кезде ол көзін менен асырып, арт жаққа қарады. Оқытушы маған назар аударған екен деп, елбең етіп, ұшып тұра жаздадым. Менің мұныма Меңтай амалсыз жымиып, ақырын ғана бас шайқады.
Әскерде сүйекке сіңіп кеткен тәртіпке байланысты осы қылығымнан мен кейін қатты ұялып жүрдім. Оған мынадай тағы бір себеп те болды. Сол күннен кейін іле-шала Тәкеннен хат алғамын.
Ол былай деп жазған екен.
«Ербол, аманбысың? Оқуға түскеніңе қуанып жатырмын. Сенің түсетініңді білгенмін. Мен де аманмын. Өзім келген күннің ертеңінде-ақ бір асауға бұғалықты тастап кеп жібергенмін. Бірақ әлі құлағына қолым тиген жоқ. Ноқтаны ыңғайлап ұстап, жалын сипалап, жақындап келемін.
Әлдеқашан-ақ тұқыртып алатын едім, өзімнен болды. Өйткені, келген күні мен оның шешесін өлтіріп ала жаздаппын.
Әңгіме былай.
Ауылдың үлкен-кішісі, біздің үйге, маған сәлемдесуге келіп жатты. Мен де оларға әскери тәртіппен ізгі көрсеттім. Келгендер не қолымды алмақ болып, не бетімнен сүюге ыңғайланып, төрде отырған маған қарай ұмтылады. Мен орнымнан атып тұрамын да, оң қолымды сарт еткізіп шекеме көтеріп:
– Здравия желаю, старший сержант Майшанов – деп, қатты айқайлап, қаққан қазықтай боп, бажырая қаламын.
Міне осыған соғыс көрмеген сужүрек екі-үш жаман кемпір шалқаларынан түсе жаздап, талып қалған болатын. Жұрт олардың бетіне су бүркіп жатқанда мен: «Әкетіңдер, әкетіңдер, санротаға апарыңдар» деймін ғой баяғы. Өйткені маған сәлемдесуге басқа да жұрт келеді. Кемпірлерді төрге серейтіп салып қойып отырайын ба сол.
Құдай ұрғанда жаңағы талып қалған кемпірлердің бірі мен жақсы көрген қыздың шешесі болып шықпасы бар ма? «Алыстан, ажалдың аузынан қайтқан бала ғой деп, емірене еңкейіп, құшағымды жая бергенімде төрде тып-тыныш отырған алпамсадай жігіт алақ-жұлақ етіп атып тұрды. Кеудесіндегі теңгеліктері диуананың асасындай сылдыр-сылдыр қағып, әкесінің атына әлдебір түсініксіз сөздерді қосып, арс-арс ете қалғанда иманым ұшып, жүрегім жарылып кете жаздады. Мен ондай диуанаға қызымды бермеймін» деп айтады дейді сол кемпір. Диуана деп отырғаны мен. Тапқан екен диуананы!
Біздің жағдай осы. Бірақ, кемпірдің қарсылығына қарамастан атаканы күшейтіп жатырмын.
Сен өзің де сыпайысың ғой. Дегенмен осындайдан сақ бол. Әскердің заңы ауылға жарамайтынын байқап қалдым. Жақсы көрген біреуің болса – маған ұқсап, үркітіп алып жүрме. Ал мен болдым.
Қанды көйлек досың Тәкен».
Хатты оқып, алдымен ішек-сілем қатып, күліп алдым. Артынан өзімнің алғашқы лекцияда: «Аға сержант Есенов» деп орнымнан атып тұрып, одан соң рұқсатсыз отырмаймын деп қалшиып тұрып алғаным есіме түсіп, кірерге тесік таба алмай өз-өзімнен қысылған едім.
Дегенмен, әскерден қайтқан адамның бойындағы бұл сияқты сөлекеттіктер көлденең жұртқа күлкілеу көрінгенімен, әскер тәртібінің осылай, сүйекке сіңісті боп, көпке дейін көңілден кетпегеніне өз басым, бір себептен, өкінбеймін де. Өйткені сүйекке сіңбеген тәрбие – тәрбие емес. Тәртіпті, ынтымақты әскер ғана жауынан жеңілмейді. Меніңше, осы күнгі жастар тәрбиесі үлкен үш бөлімнен құралады. Ол: семья, мектеп және әскери өмір. Осы үш тәрбиені өз бойына дұрыс сіңіре алған жас адам – жақсы азамат. Ондай ұрпағы бар Отан – Ұлы Отан, оны ешқашан да жау алмайды.
Жә, мұның өзі бүйректеу әңгіме боп кетті-ау деймін. Енді оны қойып, әлгі аудиторияға қайта оралайын.
Иә, мен орныма отырғаннан кейін қыз ақырын ғана жымиып, білінер-білінбес етіп, басын шайқады дедім ғой. Онысы Меңтайдың мені жазғырғаны ма, әлде жақтағаны ма -аңғарғаным жоқ. Бар байқағаным қыз сыпылдатып, өз дәптеріне тағы да жарты беттей жазып тастаған екен.
– Ағай, үш жарым беттей орын қалдырып, мына жерден бастап маған ілесіп жаза беріңіз, – деп Меңтай сол қолының шынашағымен өзі дәптерге енді түсіре бастаған сөйлемді нұсқады. Қыздың шынашағы аппақ, жұп-жұмыр екен. Одан озыңқы өзге саусақтар әсемдігі, әдемілігімен және жан күйдіреді. «Әттең, мына саусақтарды шөпілдетіп сүйер ме еді, тым болмаса ақырын ғана сыртынан сипар ма еді?!» деп мен, кәмпит көрген баладай жұтынып, телмірдім де қалдым. Менің сұқтанып отырғанымды сезді-ау деймін, қыз дәптерінің шетін басып тұрған әсем саусақтарын ақырын ғана жұмып, жұдырығын түйіп алды. Жас баланың жұдырығындай сүйкімді сол бір жұдырықты жұтып қояр ма еді деп, мен оған да қызыға қарадым. Оң қолымен сыпылдата конспект жазып жатқан қыз жаңағы жұмған жұдырығын дәптер шетінде сәл ұстап отырды да, маған сездірмеуге тырысып, сол қолын жайлап тартып алып, төмен түсірді. Алақанымен сипалап, партаның қуысынан бірдеңе іздеген сияқтанды. Онысы менің көзімді тайдыру үшін жасаған қулығы-ау деймін. Өйткені сия сорғыш іздеді ме дейін десем, онысы дәптерінің үстінде, он қолының астында жатыр.
Бір минут қана осы арада да бір көлденең әңгімеге тоқтай кетейін. Лекция жазып отырған кезде қол терлейтінін, ал қағаздың тер тиген жеріне сия жайылып кететінін, өйтпес үшін оң қолдың астынан сия сорғыш не бір басқа қағаз төсеп отыру керектігін мен кейін Меңтайдан үйрендім. Меңтай үйреткен осы әдіс маған өмірлік айнымас әдет болып кетті. Күні бүгінге дейін үйде, иә кеңседе отырып газетке мақала немесе очерк жазғанымда бір бет ақ қағазды алып, ортасынан бүктеймін де, оң қолымның астына салып, әр жол жазған сайын оны, сол студент күнімдегі сияқты, төмен қарай сырғытамын да отырамын. Ал аудандарға командировкаға шыққанымда шақтап қойын дәптерімнің ішіне де сондай бөлек қағаз салып аламын. Неге десеңіз, мен жол жазбаларымды қойын дәптерге тек қана сиямен толтырамын. Қарындашқа сенбеймін. қарындаш тұрақсыз әйел сияқты, жазғаның қазір бадырайып тұрғанымен, біраздан соң із-түзсіз боп өшіп қалады. Иә, кейде, сондай қағазды ортасынан бүктеп немесе қойын дәптеріме шақтап кесіп жатқанымда ойыма Меңтай түседі де, жақсы көрген жаныңнан үйренген әдет жадыңнан шықпайды екен-ау деп қоямын ішімнен.
Жә, енді жаңағы жерден қайта сабақтайын. Сиясы алдында тұрған, сия сорғышы он қолының астында жатқан қыздың партаның астынан басқа ешнәрсе іздей қояр жөні жоқ еді. «Тегі Меңтайдың мұнысы қолыма қарама дегені шығар» дедім де, мен лекция жазуға ыңғайландым. Гимнастеркамның омырау қалтасынан бір басына сол кезде сексен алты аталатын қаламұш сұғылған қаңылтыр қаламымды қолыма алып, Меңтайдың сиясынан жазуға ыңғайландым. Төрт жыл бойы майданда санаусыз солдат, сансыз техника, қаптаған қала, деревняларды толассыз жалмап отырғанының үстіне арттағы елде көзге көрінген дүниенің бәрін түк қалдырмай қылғып, жұтып келген жебір соғыстың жойылғанына жарты жыл жаңа ғана толған ол кезде студент үшін бір сауыт сияның қасқалдақтың қанындай қымбат қазына екенін мен артынан білдім. Қасына өзі шақырып әкелген қыздың сиясы да ортақ шығар деп, қолымды соза бергенде-ақ, Меңтай: «жазыңыз, жазыңыз» дегендей басын екі рет изеп, ишара білдірді. Сонда ғана менің «бәләй, рұқсат сұрауым керек еді-ау» деген ойыма келді. «Жаманның ақылы артынан түседі» деп, маған осындай жақсы ойлар ылғи кейіннен келеді. Енді қайтадан рұқсат сұрап жатудың реті жоқ, не де болса қаламымды Меңтайдың сауытына батыруға ыңғайландым. Сөйтсем, сия сауыт деп мардымсып отырғаным бармақ басындай ғана шүршиген шиша екен. Оның қай жерінде сия тұрғанын бір құдайдың өзі білсін. Бұл пәлені аударып аламын ба деп, қолым дірілдеңкіреп оның тар аузына қаламымды әрең дегенде бір батырып алдым-ау, әйтеуір. Ал Меңтайдың қалам ұстаған қолы тары шоқыған торғайдай болып, сия сауыттың аузын жып-жып етіп тез-ақ табады. Қойшы, қыздың сия сауытына сығалап отырып, қаламымды екі-үш рет сұққаннан кейін, ептеп мен де жыпылдата бастадым.
Кейде оқытушының айтқанын тұтас жазып үлгіріп, кейде ести алмай қалған сөзімді Меңтайдың жазғанынан қарап, ілініп-салынып конспекті құрастырып жатырмын. Алғашқы сағаттағыдай емес, оқытушының үніне де құлағым үйрене бастағандай. Онда бір жол да жаза алмаған болсам, енді бір бетке жуық етіп сойдақтатып тастадым. «Қуан, Ербол, сенен бірдеңе шығады!» деймін ішімнен. Өстіп, өзімнен-өзім масаттанып, сияға қарай қолымды және соза бергенімде өн бойымды электр тогы соғып кеп жіберген сияқтанды. Сөйтсем, төмен қарап жазып отырған Меңтай екеуміздің бір мезгілде созылған қолымыз сауытқа қатар жетіп, қапталдасып қалған екен. Кішкентай әсем аппақ қол мен быртықайлау қап-қара қол біріне-бірі тиіскенде электр сымының екі ұшы біріне бірі жанасып, сол жерден жарқылдап, от ұшқындап жатқандай, екеуін тез айырып жібермесе өшпес өрт тұтанатындай күй туған екен. Жүрек лүпілдеп, қан лыпылдап, дене дуылдап кетті. Осы қазір күйіп, көмір боп кетсем де, менің өз қолымды қыз қолынан ажыратып алғым келмеді. Меңтайдың мені мерт еткісі келмеді ме, әлде аға деп, сияны бұрын алуға жол берді ме, білмеймін, ол өз қолын жайлап кері тартып алды да, дәптерінің келесі ақ бетін аударыстырып қарай бастады. Сия сауыт босағаннан кейін, қайтадан, ештеңе болмағандай, бұрынғысындай сабырлы қалпында конспектісін әрі қарай жалғастырып жаза берді.
Бірақ, қыз сабырлы болған сайын менен сабыр кете бастады. Оның ақ саусақ, ақ білек, ақ мойнына көзім түскен сайын, буын-буыным құрып, безгекке ұшырағандай бойым қалтырай түсті. Оның үстіндегі ангор ешкінің жүнінен тоқылған ақ свитерге дейін мені елітіп, елжіретіп, дүниеде сол свитерден сүйкімді, Меңтайға содан жарасымды киім жоқтай боп көрінді.
Осы күйде отырып, лекцияның ырғағына ілесе алмай асықтым ба, әлде сол сәтте көзіме аудиторияда Меңтайдан өзге ешкім еш нәрсе көрінбей кетті ме, білмеймін, ілгері созған қаламым сауыттың ернеуіне тиіп, көк сия мөлт етіп Меңтайдың дәптеріне ақтарылды да, сауыт домалай жөнеліп, оның ақ свитерінің етегіне барып құлады.
Менің бұл кездегі жағдайымның қандай болғанын сіз сұрамаңыз, мен айтпайын. Жазушы кісісіз ғой, өзіңізді менің орныма қойып мөлшерлеп түсіне беріңіз. Менің бар білетінім, сол сәтте өзімнің жерге кірерге тесік таба алмағаным. Өйтпегенде қайтейін: ағалап, жаны ашып, жақсылық жасағалы жанына шақырып әкелген қызға қиянат жасап алсам. Қиянат емей немене, оның еңбегін еш етіп, дәптеріне сия төгіп, свитерін былғасам. «Кетіңізші орныңызға, өзіңіз бір адам емес, аю екенсіз ғой» десе, не деймін қазір. Ашуланса, ауыл қыздарының тілі ащы келеді. Олардың: «Қу қайыршы», «Иттің ғана баласы» деген сияқты «тәтті» сөздерін талай рет естігенмін бала күнімде. Бұл қыздың да мені сөйдеп тілдемесіне кім кепіл. Мына қаптаған қыздың да мені сөйдеп тілдемесіне кім кепіл. Мына қаптаған қыздың ортасында масқараға ұшырайтын болдым-ау. Бұдан да бағанағы орнымда отыра бергенім артық еді. Бір көрген қыз бір ауыз жылы сөз айтты деп, желпеңдей кеп жөнеліп едім, өзіме де обал жоқ. Енді Меңтай мені не деп сөксе де құлмын!..
Осылай ойлап, өзіне өлім жазасын күткен қылмыскерлердей құнысып, бір уыс болдым да қалдым. Бет-аузым бір түрлі боп быжырайып кеткен шығар деп ойлаймын, әйтеуір жалынышты түрмен жапалақ қағып, біресе парта үстіндегі көкала боп қалған дәптерге, біресе Меңтайдың алдындағы аузы маған қарап, мен не істер екен деп андып жатқандай көрінген кішкентай сия сауытқа кезек-кезек қарай бергенімді білемін…
Соғыста жүргенімде бір күні мені іздеп артиллерия полкына майдандық газеттің тілшілері келді. Өздері үш адам: бір орыс, бір қазақ, бір өзбек екен. Ана екеуінен дәрежесі үлкен капитан қазақ менімен бұрыннан таныстай, бірден шүйіркелесіп кетті. Оның себебі бар еді. Мен дивизиялық және майдандық газеттерге артиллеристер өмірінен хабар, корреспонденция, мақалалар жазып тұратынмын. Жас кезінде қай қазақ өлең жазбаған. Ара-тұра ол газеттерде менің өлең сымақтарым да жарияланып қалатын. Содан, сырттай мені жақын тартатын капитан Бағи Уазитов өз газеттеріне материал жинай алғы шепке шыққан бұл сапарларында жолдастарын ертіп маған жолыға кетуге келіпті. Редакциядан ала келген блокнот, қағаздарын беріп, қарқ қылып тастады. Соғыстан аман қалсаң, журналист бол, ҚазГУ-дің журналистика бөліміне түс деп, мәслихат та айтып жатыр. Тірі болсам расында да журналист болуым керек деген ой менің басыма сонда ұялаған еді.
Біз батарея желкесіндегі жертөледе сөйлесіп отырған болатынбыз. Бір кезде алдынғы шеп жақтан гүрс еткен үн шықты да, лезде жерді солқ еткізе дүрс ете қалған және дыбыс естілді. Апырай, танктен атқан жоқ па екен деп ойладым мен. Өйткені танктан шыққан снаряд лашындай ұшқыр келеді, оның гүрс етіп стволдан шыққандағы үнінің арасындағы алшақтық азғантай ғана болады: «Апырай, жау танктері батареяға шабуыл жасап келе жатқан жоқ па екен?» деп сасқалақтаған мен жертөледен шыға жүгірмек бола бергенімде бір нәрсе ысылдап, ысқырып, қақаңдап келіп дәл есік алдына тоқтады да, шыр көбелек үйіріле қалды. Зәрем зәр түбіне кетіп, «ойбай, снаряд» деп жертөленің төріне қарай жүгірдім. Журналистердің де көздері шарасынан шығып, «аллалап» жатыр. Біріміздің астымызға біріміз тығылып, үйме-жүйме болдық та қалдық. Сөйтіп жатып бәріміз бақырайып есікке қараймыз. Есік алдында ажал биін билеп, ұршықша айналып снаряд тұр. Ешқайсымызда үн жоқ, іштей снаряд әне жарылады, міне жарылады деп жанымыз шығып барады. Бір кезде снарядтың шыр көбелек айналған шапшаңдығы азайып, оның шоқиып отырған аюдың күшігіндей боп бойы көрінді де, сәлден соң, буыны құрып, әлі біткендей, сылқ етіп құлап кетті. Сол кезде менің тасамда жатқан капитан селк ете түсіп, көзін жұмды. Снаряд құласа да жай жатпай аунақшып-дөңбекшіп, өлі тигендей әлденеше рет тыпыршып барып әрең тынышталды. Соның өзінде де: «Әй, қайдасыңдар?» дегендей, мойынсыз мұқыл тұмсығымен бізді іздеп жер иіскеп жатқандай боп, басын жертөленің есігіне тірей тоқтады. Біреуіміз басымызды көтерсек-ақ снаряд көмейінен қорғасын бүркіп жіберетін сияқтанды.
– Алла! – деді қазақ.
– Ойбай! – деді өзбек.
Бәріміз бірдей көзімізді тас жұмдық. Енді қазір снаряд жарылып төртеуіміздің парша-паршамыз шығатын сәтті күттік.
Жоқ, біз асыққан екенбіз. Біз төртеуіміздің парша-паршамызды шығаратын снаряд Германияның ажал фабрикасында жасалмаған боп шықты.
Сонымен не керек, ары жаттық, бері жаттық – снаряд жарылмады. Осы иттің өзі біздің қасымызға келіп жарылғалы жертөленің ішіне кіріп кеткен жоқ па екен деп, мен ақырын көзімді аштым. Жоқ, өйтпепті, үй күзеткен итке ұқсап жатыр есік алдында тоңқиып.
– Жолдастар, бұл снаряд емес, болванка1 болды, мен шығып ары апарып тастайын, – дедім қасымдағыларға.
– Ойбай, қарағым, барма, – деді өзбек журналист. – Сенің қимылыңмен ауа қозғалады да, снарядты соғады. Содан соң бәріміз бірдей ғарап боламыз.
– Черт возьми, – дейді орыс журналист, о да не істерді білмей.
Өстіп отырғанымызда бірнеше секунд уақыт өтті. Осы тұсқа кешеден бері анда-санда бір болванка кеп түсіп, жарылмай қалатынын білетін мен орнымнан тұрдым. Әлде журналистердің алдында өзімнің қорықпайтын батыр екенімді көрсеткім келді ме, қайдан білейін. Алды-артты ойлатпайтын жастықтың қызуы бойымды кернеп, бір басып, екі басып есікке қарай аяңдадым. Болванка болмай, басқа снаряд болып, жарылып кетпес пе екен деген де ой келді. Алайда шешінген судан тайынбас деген емес пе, кейін қайтпай ілгері ұмтыла бердім.
Ептеп есіктің сәкісіне көтерілдім. Бұл жақтан расында да кешеден бері екі-үш рет көріп, көзім қанып қалған болванканың өзі тәрізденді. Оны құйрық жағынан ұстап, көтеріп алайын деп еңкейе бергенімде капитанның:
– Ербол, қарағым, қош. Біз үйіңе хабарлармыз, – деп жыламсыраған үні естілді.
Шоққа қызған шойындай ыстық ауыр снарядты шинелімнің жеңімен қапсыра ұстап, жерден көтеріп алдым да, аяғымды бір басып, екі басып, жертөленің сырт жағындағы шұңқырға қарай аяңдадым.
Снарядты жерден көтеріп алуын алсам да, одан құтылғанша асықтым. Жаңа, журналистердің қасынан батырсынып тұрғаныммен, батырға да жан керек екен. Неге тұрдым, жай жатқан жыланның құйрығын басқандай боп, мұны неге көтердімге қалдым. Бір пәле болванка емес, жаңағы жігіт айтқандай, кеш жарылатын снаряд болып, қазір шарқ ете түссе, менен бір жапырақ та қалмайды. Ал, әлгінде, бәріміз жертөледе жатқан кезде жарылса, бәлкім жаралы болса да, тірі қалатын ба едім деп ойладым. Осы сәтте қос қолдап көтеріп келе жатқаным ауыр қара жылан сияқты боп көрінді. Ол қазір басын қылқаң еткізіп көтеріп алып, менің мойныма орала түсетін тәрізденді. Осыдан кейін өн бойымды қара тер жауып кетті. Отыз метр жердегі шұңқырға батпақта отыз километр жүргендей болып, әрең жеттім.
Снарядты шұңқырдың шетіне жатқызып ептеп түбіне қарай домалата бергенімде, ол, шынында да, жыланша ысылдай бастады. Мен жанұшырып, кейін қарай қаштым. Алқынып жертөлеге жетіп, ішіне кіре бергенімде сырт жақтан гүрс етіп жаңағы снаряд боп шыққанын мен сонда ғана білдім. Есіктен ішке қарай домалап келе жатып, капитанның «алла» деп ышқынған дауысын тағы естідім. Жертөле тұсаулы аттай бір секіріп қалды да, оның төр жақ іргесі құлап, үстімізге суық топырақ cay ете түсті. Алыстан келген дүмпуі мынадай, ал жаңа жанымызда жарылса төртеуімізді бірдей жайратып кетеді екен-ау деп ойладым ішімнен…
Меңтайдың алдында жатқан сия сауытты көргенде осы оқиға есіме түсті. Бірақ махаббат мысы басқан адамның қозғалуға да халі келмейді екен, оның бойында күш те, қуат та, қайрат та қалмайды екен. Кеше ғана жарты пұт болванканы жерден көтеріп алып, жерүйден аулаққа апарып лақтырып тастаған солдатпын, енді міне саусақ басындай шишаны жатқан орнынан көтеріп алуға батылы да, шамасы да жетпеді.
Менің қолымнан келмеген бұл қайрат Меңтайдың қолынан келді. Ол шүу дегенде «бәләй» дегендей, астыңғы ернін тістеп, не істерін білмегендей, сәл бөгеліп қалды. Содан соң, ұзын, қою кірпіктерін бір-екі рет қағып жіберді де, мен жаққа бұрылып та қарамастан сияны бейне бір өзі төгіп алған, оған өзі ғана кінәлі жандай жай таныта, алдына құлаған сия сауытты алып, жайлап партаның үстіне қойды. Ақ свитер етегінің алақандай жері әп-сәтте көгала болды да қалды. Бірақ оған Меңтай мән бермеген сияқтанды. Сия сорғышымен дәптерінің бетіндегі сияны сорғызып болды да, жаудырап маған қарады:
– Қысылмаңыз, ағай, — деді. Бұған бейне бір өзі кінәлідей, онысына менен кешірім өтініп, жалынғандай боп айтты. Содан соң артқы партадағы қыздарға қарай бұрылды да: – Қыздар, сияларыңды бері қойыңдаршы, – деді.
– Не боп қалды, Меңтай? – деді арттағы екі қыздың бірі жәп етіп.
– Свитеріңді былғап алдың ба? – деді екіншісі жаны ашығансып.
Олардың сөздерін естігенде менің маңдайымнан тағы да шып-шып тер шықты.
– Жоқ, жай, әшейін, – деп Меңтай қыздардың сиясына қаламын батырып алып, дәптерінің ақ бетінен бастап, қайтадан жазуға кірісті. Жаза бастап, басын тез көтерді де: – Ағай, сіз де мына қыздардың сиясымен жаза беріңіз, – деді.
«Ұялған тек тұрмас» дегендей, сасқалақтай бұрылып, арт жаққа қарадым. Онда да бір шүмшиген сауыт тұр. Бір жақсысы оны қыздардың бірі дәптерінің шетіне басқан сол қолының екі саусағымен қыса ұстап отыр екен. «Қой, біреуінің сиясын үстіне төгіп жетістіріп едім. Енді мына қыздың қолына қалам тығып алып сорлатармын» дедім де, тырп етпестен отырып қалдым. Ми айналып жерге түсердей ыстықта ауыр жүк, қару-жарақ арқалап жорықта келе жатқандай боп гимнастеркамның жеңімен самайымды, маңдайымды сипай бердім. Қоңырау соғылғанда, басы-көзін тер жауып, болдырған зеңбірек атындай сенделектеп, сүмірейіп, сүйретіліп, орнымнан әрең тұрдым.
V
Сөйтіп менің студенттік дәуірімнің алғашқы күндері өте бастады. Университетке, оның биік-биік аудиторияларына бойым үйреніп, оқытушылардың аты-жөнін біліп, қай сабақтың қай жерде өтетінін адаспай табатын болып, біртіндеп көшелі студент санатына қосылып келе жаттым. Бұрынғыдай біреу бетіме қараса ыржиып қоя бермейтін болдым. Мастықтан айыққандай өзімді өзім тежеп ұстауға машықтана бастадым. Соғыста жеңіл нәрсе, жұмсақ зат ұстап көрмегендіктен аудиторияда қолыма ілінгеннің бәрі жеп-жеңіл көрініп, не құлатып, не қиратып алатын әдетімнен де айыға түстім.
Өзіміздің курстың қыздарына да ептеп көзім қанып, оларды аудиторияда ғана емес, көшеде де танып, бас изесетін халге келдім. Аш ауызға ерінге тигеннің бәрі май тәрізді боп таныла ма, кім білсін, әйтеуір, бірінші көргенде курстағы қыздардың бәрі бірдей сұлу, сымбатты, бірінен бірі өткен әсем, бейіштің төріндегі хор қызындай бірінен-бірі айырғысыз сияқтанып еді. Алғашында балықтың уылдырығындай ұқсас, шетінен жұмыртқадай ақ боп көрінген қыздар бірте-бірте пішін-тұлғалары бірінен-бірі бөлектеніп, мінез-құлықтары ерекшелене, екшеле түсті. Олардың ішінен ептеп қара торы қыз да, қара қыз да, шұбар қыз да шыға бастады. Дегенмен, көпшілігі сол бірінші жүздескендегімдей жылы шырайлы, уыздай уылжыған әсем, әдемі күйінде қалды.
Ал солардың бәрінен де мен үшін алғашқы көргенімдегіден де сұлу, сымбатты, одан да сезімтал һәм инабатты болып Меңтай ғана жеке дара шықты.
Жігіттің қызды жақсы көруінің себептері көп қой. Бірақ оның бәрін ауыз шіркін айтып жеткізе ала ма? Тек жүрек байғұс қана қыз жақсылығын қылдай тізіп, көкіректе сақтап жүреді емес пе. Мен соғыстан қайтып келген күндері көрген қыздарымның бәріне ғашық едім. Жігіт өзін самғап жүрген сұңқармын деп есептесе, қыздың көркі сол сұңқар шырмалар тор емес пе? Сұлу емес қыздың өзі саған жалт етіп бір көз тастаса, сорлы жүрегің қолға түскен ұрыдай қалтырап қоя бермей ме? Ал мен болсам, самғап келіп бір курста мөлдіреп отырған отыз қызға тап болдым – отыз торға шырмалдым. Бірақ өңді қыздың бәрі жөнді қыз бола бермейді. Қыздың көркі тор болса, оның жайдары көңіл, жақсы мінез, назды қылықтарын неге теңеуге болады? Асау тұлпардың аяғына салған болат кісеннен кем емес-ау деймін жақсы қыздың қылығы. Алғашқы күнгі мен партаға құлатып алған кішкентай сауыттың әлсіз сылдыры бірте-бірте сол кісен шынжырының шылдырына айналған тәрізденді. Осы оқиға, сұлу әйелдің бетіндегі мен мұндалап, мөлдіреп тұратын меңдей болып, өмір бойы көкейімде, көз алдымда қалды. Меңтайды шын жақсы көруімнің шеті осы оқиғадан басталды-ау деймін.
Бұл оқиғаны мен де, курстың басқа қыздары да бірнеше күнге дейін естен шығара алмадық. Мен ұялғанымнан ұмытпаймын, қыздар қылжақ үшін естеріне алады. Әсіресе Қанипа мен Зайкүл деген қыз қоян қуған тазыдай тақымдап, есімді шығарды.
Меңтай алғашында бірнеше күн сабаққа мен сия төккен свитерін киіп келіп жүрді. Тегі оны ауыстырып киерлік лайықты басқа кеуде киімі болмады-ау деймін. Аппақ свитердің етегіндегі көк сияны көргенде менің бетімнен отым шығып, оған қарамауға тырысамын, көзімді басқа жаққа бұра бастаймын. Менің дәл сол сәтімді андып тұрғандай Қанипа сөз бастайды.
– Меңтай, немене, өзің көк бүйрек боп кеткенсің бе? – дейді оның бүйіріне үңіліп.
_ Тү-ү-у, қыздар-ай, – дейді Меңтай дауысын соза сөйлеп, сәл күлімсіреп қойып. -Кірлемейтін киім болушы ма еді, қойсаңдаршы.
Осы кезде Зайкүл күлімдеп, басын қиқаңдатады.
– Көк бүйрегің не, Қанипа-ау, бұл – Меңтайға ағасының басып берген көк мөрі емес пе? – дейді.
Басқа қыздар мырс ете қалады. Менің маңдайымнан тер бұрқ ете түседі. Сасқалақтап, жан-жағыма қараймын. Қыздар түк болмағансып, төмен қарайды.
Меңтай сабырмен отырып, құрбысының әзіліне шындап жауап береді.
– Қыздар-ау, баяғыда бір сауыт сия төгіліп еді деп, ағайды күн сайын қинай бермесеңдерші, — дейді ол достарына мөлдірей қарап. – Орнықсыз кішкентай сауыттың құлап кеткеніне ағай кінәлі ма екен? Қараңдаршы өздерің: біріміздің жөні бүтін сия сауытымыз жоқ қой алдымызда. Біріміз әтірдің сауытына, біріміз дәрі-дәрмек шишасына сия құйып жазамыз. Ал бұған шын кінәліні іздесек – соғыс қой ол. Соның салдары емес пе бәрімізге қағаз, қарындаш, портфельге дейін қат болып кеткені. – Осылай деп Меңтай, лықсып кеп қалған қалың суды бөтен арнаға аударғандай қыздардың күлкі кернеп келе жатқан көңілдерін басқа жаққа бұрып жіберді. – Қайта сол сияны төгіп алғаны үшін ағайға рақмет айтуымыз жөн емес пе? Ағай бізге қысылғанынан ұшталмаған сия қарындашын берді. Міне бүгінге дейін отырған бәріміз сол қарындаштың сиясымен жазып келеміз.
– Оның рас, – деді Зайкүл. – Сенің сияң төгілмесе, бұл кісі бізге ұшталмаған қарындашын бермес еді ғой. – Зайкүл «ұшталмаған» деген сөзді сықылықтай айтты.
Осы кезде артқы партада жалғыз отырған Қанипа саңқ етіп Зайкүлге сұрақ қойды.
– Бұл ағайдың басқа ұшталмаған ештеңесі жоқ па екен?
Оны естіген екі-үш қыз біреу желкелерінен түйіп қалғандай тілдерін салаң еткізіп, төмен бұқты. Біреулер үн шығармай мырс-мырс күлді. Менің қасымдағы Меңтайдан басқа қыздардың бәрінің иықтары діріл қақты. Қатты күліп тоқтап, екі беті қып-қызыл боп кеткен Майра ғана сәлден соң басын көтеріп:
– Иә, Қанипа, саған не боп кеткен, — деп құрбысын кінәлаған сияқтанып.
Қазақтың сөзі қызық қой, шіркін! Дұрыс айтылған сөзді күлкі үшін, бұрып түсінуге де болады. Бұрып айтқан сөзден «жоқ, мен былай ойлап едім» деп бұлтара салуға және оңтайлы. Қуанышы мен бақытын күміс күлкінің сыңғырымен өлшейтін, әр сөзін астарлап әзілмен айтып, әрқашан: «осы күлкіден айырмасын» деп тілейтін ғазиз жүрегі қамқорлық пен қалжыңға бірдей толы жаны жайдары қазақ үшін дүниеде бұдан тамаша тіл бар ма, сірә?
– Жолдастар! – Қанипа екі көзі жалтылдап орнынан тұрды. Бетінде ешбір күлкі жоқ. Жиналыстарда мінбеден сөз сөйлейтін шешендей, екі қолын партаның екі жақ ернеуіне тіреп алыпты. – Жолдастар, мені дұрыс түсінулеріңізді сұраймын. Мен басқа мәселеге байланыссыз, тек қарындаш тұрғысында ғана айттым.
Бұған қыздар тегіс ду күлді. Оның алғашқы сөзін естімеген сияқтанып, күлместен, жымимастан қалған Меңтай да бұл жолы мырс етіп, езу тартты.
– Әй, Қанипа, сенің тілің-ай, осы, – деп қойды ақырын ғана. Меңтайдың үнінен маған қыз жүрегінде кінәлау емес, құрбысына деген сонша бір нәзік мейірбандық жатқаны аңғарылды.
Арада жексенбі өткен келесі бір дүйсенбіде Меңтай аудиторияға көк свитер киіп келді. Оны есіктен көре сала Зайкүл:
– Әу, Меңтай, жаңа свитер сатып алғаннан саумысың өзің? – деп жүгіріп жанына жетіп барды. Меңтай сызыла аяндап партаға жеткенше ұршықша иірілген Зайкүл оның алдына бір шығып, артына бір шығып қарап үлгірді де, «жарасымды екен» деп өз бағасын айтты. Содан кейін әлденеге мұңайғандай боп, сәл күрсініп алды.
– Жұртқа осындай жақсы нәрселер кездесе кетеді.
Меңтай парта жанына жеткеннен кейін аудиторияға ертерек келіп отырған бәрімізбен бас изеп амандасты да, күле түсіп, үйіріліп қасынан кетпей жүрген Зайкүлге бұрылды.
– Бұл менің бұрынғы свитерім ғой, Зайкүл-ау, – деді.
– Қойшы, – деді Зайкүл оған сенбей. – Анадағы ағай сия төгіп тастаған свитер ме?
– Иә, сол свитер. Сонда ағайдың қолы сия сауытты қағып кеткені жақсы болды, – деді Меңтай маған балаша еркелей бір қарап қойып. – Ағайға рақмет, әйтпесе мен жалқау мұны қай уақытта бояп аларымды кім білсін. – Осылай деп ол менің үстіне сия төккеніме шын қуанғандай күй танытты.
– Осындай әп-әдемі ғып өзін боядың ба, ей, Меңтай?,– деп Зайкүл көк свитерге қайтадан үңілді. – Қой, өзің емес шығарсың.
Меңтай тағы күлді.
– Өзім, – деді тағы да Меңтай басын изеп. – Бұл свитерді тоқыған да өзім.
– Не дейді, қашан тоқып жүрсің?
– Биыл, жазғы каникул кезінде.
– Жіпті кім иіріп берді саған?
– Өзім, — деді тағы да Меңтай басын изеп.
– Былай, битіп пе? – деді Зайкүл сол қолын жоғары көтеріп, шынашағына іліп алған шүйкенің шумақтаулы жүнін сұқ саусағы мен бармақ арасында қыса ұстап тұрып, оң қолымен төмендегі көзге көрінбейтін ұршықтың сабын ширатып кеп қалғандай белгі жасап. Қыздар ду күліп жіберді.
– Иә, –деп Меңтай да еріксіз күлді. — Оған несіне таңданасың, ұршық біздің бабаларымыздан келе жатқан жүн иіру фабрикасы емес пе?
– Алла-ай, ішің неғып жарылып кетпеген, – деп Зайкүл Меңтайды аяғандай боп басын шайқады. – Осыдан кейін сен де жалқаумын дейсің-ау өзіңді. Мына мені айтсаңшы ештеңе істей алмайтын.
– Дегенмен, он сегізге келген қыздың өз киімін өзі тігіп, тоқып кие алғаны жөн ғой, – деді Меңтай құрбысының көңіліне келіп қалмасын деген сақтықпен жайлап қана. – Біз енді бала емеспіз ғой, Зайкүл-ау.
– Мен отыз сегізге келсем де өйте алмайтын шығармын. Ештеңеге мойным жар бермейді осы, – деп қайта мұңайды Зайкүл. — Осы сабағы түскірді де емтихан тұсында оқымас едім, қайтесің, баға керек.
Сырттан Қанипа келіп кірді.
– Алла-ай, – деді ол Зайкүлдің дауысына салып. – Осы сен неғып көбелек боп ұшып кетпей жүрсің аспанға?
– Ей, рас соған өзімнің де таңым бар, – деді ол дөңгелек көздерін одан сайын бақырайта түсіп.
– Онда, ұшып кетпей тұрғанында орныңа отыр тез. – деді Қанипа Зайкүлді иығынан басып. – Оқытушы келе жатыр.
Әрине, ол оқытушы келді. Оны басқа оқытушы және алмастырды. Күн сайын өстіп үш-төрт адамнан лекция тыңдаймыз. Оқытушыларымыз да әртүрлі, алуан мінезді адамдар. Мәселен, біреуі биязы, білімдар, басы артық сөзге жоқ кісі. Біреуі байсалды, маңғаз, енді біреуі жеңілтек деген сияқты. Ал тағы бір оқытушымыздың әдеті қыздардың шашын, иегін сипау болатын. Ол кісі келерде басқа қыздар артқы партаға қарай қашып, алға қасқиып Зайкүл мен Қанипа ғана шығатын. Оқытушы орнынан тұрып бұлардың қасына келгенде біреуі сипауға үйренген мысықтай боп шашын, біреуі енесі әукесін жалаған бұзаудай сүйсініп, бұғатын тосып тұрады. Әрине, оқытушылар жайында уақыт алып сізге айтып жатуымның қажеті жоқ. Бұл арада тек айта кетейін дегенім Меңтайдың сол оқытушыларды алаламай бәрін бірдей жақсы көретіндігі еді. Біз, басқамыз әр оқытушының өзімізше кемшілігін тауып, мінеп жатамыз. Сонда оларды жақтап жалғыз Меңтай ғана шығады.
– Қыздар-ау, қойсаңдаршы. Оқытушыларымыздың бәрі жақсы адамдар ғой. Тек кейбіреулердің сүйекке сіңген әдеті болады. Адамды ол үшін кінәлауға болмайды ғой, – деп жалынғандай жай танытады.
– Ендеше ол кісіге өзің неге шашыңнан сипатпайсың? – дейді Меңтайға қарсы дау айтып қыздардың бірі.
Бұған Меңтай жауап бере алмай қысылады да, шынын айтады.
– Мен ұяламын, қыздар, менің шашымды шешемнен басқа ешкім сипаған жоқ қой, – дейді.
Қыздар оған дүрсе қоя береді.
– Біздің басымызды шешемізден басқа кім сипапты?
– О не дегенің, Меңтай? – десіп, бұртиысып қалады.
– Сендердің әкелерің бар, әкелерің сипаған шығар дегенім ғой, — дейді Меңтай достарын өкпелетіп алдым ба дегендей, әрқайсысына бір жаутаңдай қарап. — Ал оқытушы-ағай бәрімізге әке құралпас кісі емес пе, сондықтан айтамын… Мен әкемнен ерте, ес білмеген шағымда айрылдым ғой.
Жүзі қандай ақ болса, жанының да сондай пәктігіне көзім жетті ме, әйтеуір, аузынан шыққан осындай әр сөзі мен әр қылығы мені елтітіп елжіретіп, күн сайын Меңтайды іштей жақсы көруім артып, оған бар ықыласыммен беріліп құлап бара жаттым. Енді оқытушыларды қойып, мен сізге соны айтайын.
Соғыстан кейінгі бейбіт бірінші жаңа жыл келе жатты. Жаңа жыл қарсаңында жұрт туған-туыс, жора-жолдастарына алдын ала ашық хаттар жолдасып, асығыс телеграммалар жөнелтісіп, құттықтаулар қабылдасып, мәз-мәйрам болыса бастады. Осы кезде ауылдары астанаға жақын студенттер деканаттан жалынып жүріп рұқсат алысып үйді-үйлеріне кетісіп жатты.
Жаңа жыл қарсаңындағы соңғы лекциялардың аралығында Меңтай менен:
– Ағай, ертең Жаңа жыл ғой, сіз елге қайтпайсыз ба? – деп сұрады.
Мен басымды шайқадым.
– Неге? Өзіңіз соғыстан келдіңіз, өзге бармаса да сіздің баруыңыз керек ғой, ағай. Әке не шеше, тіпті болмаса, туыстарыңыз бар шығар. Не басқа бір жақын адамдарыңыз болар. -Соңғы сөйлемін Меңтай ойланыңқырап айтып еді. Тегі, мен соны сезіп қалмасын деді ме екен, әйтеуір, одан кейінгі сөздерін сәл шапшаңдатыңқырап жіберді. – Ал менің шешем тірі болса, мұнда бір сағат та тұрмастан үйге осы қазір-ақ жүріп кетер едім. Бірақ, шешем былтыр қайтыс болды.
– Неден? – деппін мен өлген адамның неден қайтыс болғанын білсем, бейне бір тірілтіп жіберетіндей-ақ.
– Неден деріңіз бар ма, бәрі соғыстың әлегі ғой, ағай, – дей салды қыз шешесінің неден өлгенін ежіктеп түсіндіріп жатқысы келмегендей.
– Біздің де үйде ешкім жоқ, – дедім мен.
– Жалғыз екенсіз ғой.
– Жоқ, қарындасым бар.
– А, қарындасыңыз бар ма? – Меңтай көзі мөлдірей түсіп сәл ойланып қалды. – Соғыстан ағасы аман келген қарындастан бақытты адам бола ма екен, шіркін! – Ол маған қайтадан сұрақ қойды. – Ал сіз қарындасыңызға неге бармайсыз? Ол жалғыз өзі сізді қашан көремін деп сарғая күтіп отыр емес пе?
– Жоқ, жалғыз емес, тұрмысқа шыққан!
– Сіз соғыста жүргенде шықты ма?
– Иә.
– Сіздің рұқсатыңызбен бе?
– Жоқ, менен рұқсат сұраған жоқ, — дедім күліп.
Қыз: «Бәләй, неге рұқсат сұрамады екен?» дегендей, басын шайқады да, одан соң біраз үнсіз отырды.
– Егер ешқайда бармасаңыз, – деді қыз маған қайта бұрылып, – ертең біздің бөлмеге келуіңізді сұраймын, ағай. Қасымдағы қыздардың бәрі кетіп қалды. Күні бойы елегізіп, бір бөлмеде бір кісінің отыруы қиын сияқты.
– Жарайды, – дедім мен әлденеге жүрегім дір ете қалып. – Бірақ мен сіздердің мекендеріңізді білмеймін ғой.
– Ә, солай ма еді? Сіз жатақханаға әлі бір рет барып көрген жоқсыз ба?
– Жоқ.
– Ендеше сізге қалай түсіндірсем екен, – Меңтай ернін тістеп, сәл ойланып алды. -Университеттің екі жатақханасы бар: бірі Калинин көшесінде, бірі Виноградов көшесінде. Бірақ екеуі бір жерде, қатар. Виноградов, 62 — біздің жатақхана. Соның 62 бөлмесі. Ұқтыңыз ба? Алпыс екі — алпыс екі, — деді қыз мен ұғып алсын дегендей әр сөзін соза айтып. – Екі рет алпыс екі.
Мен сәл ойланыңқырап барып, басымды изедім. Ойланғаным: Калинин көшесіндегі жатақханаға майданнан бірнеше хат жолдағаным есіме түсті. Менің бөгеліп бас изегенімді шала ұққандығымнан деп білді ме, әлде айтқанын ұқсам да ұмытып қалар деп ойлады ма, білмеймін, Меңтай дереу дәптерінің арт жағынан бір бетін жыртып алды да, әдірісін жаза бастады. Мен оның айтқанын ұқсам да, ұмытпайтынымды білсем де, жазбай-ақ қойыңыз демедім. Маған қыздың өз қолымен жазып берген қағазы қымбат көрінді.
– Өзіңіз қайда тұрасыз, ағай? — деп сұрады Меңтай әдіріс жазған қағазды бүктеп менің қолыма ұстатып жатып.
– Дзержинский көшесінде, бір жолдасымның әкесінің үйінде пәтердемін.
– Тұрған үйіңіз Виноградов көшесінен төмен бе, жоғары ма?
– Төмен.
– Онда біздің жатақхананы былай табасыз. Үйден шыққан бетіңізде Дзержинский көшесімен өрлеп, жоғары Виноградовқа дейін көтерілесіз. Оң жақ бұрышта драма театрының үйі тұр, оны білетін шығарсыз. Театрдан оңға қарай бұрылсаңыз, бір он минуттан кейін Никольский базарына жетесіз. Сол жағыңыздан бір үлкен шіркеудің дүңкиіп тұрған, – Меңтай «дүңкиіп» деген сөзді балаша созып айтты, – сары ала күмбезін көрсеңіз — сол Никольский базары. Базардың қарсысындағы екі этажды жалпақтау сары үй – сіз іздеген жатақхана болады да шығады. Енді табасыз ғой?
– Табамын.
– Келесіз ғой?
– Келемін.
Кешке лекциядан қайтқан маған Меңтай берген әдіріс қағазы молда жазып берген бойтұмардан кем көрінбеді. Жоғалтып алған жоқпын ба деп сасқалақтап, үйге жеткенше гимнастеркамның омырау қалтасын әлденеше рет сипалағаным бар. Үйге келе сала бітірген бірінші жұмысым Меңтай берген қағазды тезірек ашу болды. Онда қыздың жаңа өз аузынан айтқан әдірісі ғана барын білсем де, соны оқып шыққанша тағатым қалмады. Меңтай әдірісті былай деп ұзын етіп бір-ақ жолға жазыпты:
«Виноградов көшесі, 62 үй, 62 бөлме, Меңтай»
Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының арқандай шұбатылған ұзын жолдарына ұқсас бұл сөздер маған бүтін бір поэмадан кем әсер еткен жоқ. «Бұл қыз мені неге шақырды? Әлде мені жақсы көре ме екен? Үндемей жүріп ол да мені ішінен ұната ма екен, сүйе ме екен? Әрине, солай болуға тиіс. Сүймесе мені оңаша бөлмеге шақырар ма еді? Жалынғандай боп, қайта-қайта өтініп, өз қолымен әдірісін жазып берер ме еді? Әттең, шіркін, Меңтайдай әсем, ақылды қыз мені сүйіп, мәңгілік жарым болса – өмірде ешбір арманым болмас еді!»
Осылай ойлап, төсекте шалқамнан жатқан менің есіме бала күнімде естіген бір шумақ халық өлеңі түсті.
Мінгенім дәйім менің сарым болса!
Қолымда жетелеген нарым болса!
Армансыз бұл дүниеден өтер едім:
Күлім көз, оймақ ауыз жарым болса!
«Рас, Меңтай мендік болса, менің де арманым болмас еді!» деп іштей күрсінемін де, осы өлеңнен картина құрастырамын. Астында сары аты, қолында жетектеген жалғыз өркеш нар түйесі бар жігіт алдында ақ отаудың қасында тұрған күлім көз, оймақ ауыз келіншекке қарай асығып бара жатқандай көрінеді. Сонда менің де астымда атым, қолымда нарым болуы керек пе? – деймін мен өзіммен өзім дауласып. «Ат – адамның қанаты» деп білетін қазақ үшін бір жүйріктің болуы қажет-ақ дейік. Сонда нардың керегі не? Көшпей қонбай нар жетектеп жүрудің өзі ұят емес пе? Әлде нар деген дәулет деген мағынада ма екен? Бірақ қазіргі дәулет денсаулық пен білім емес пе? Қойшы, не керек, ақыры, қазақтың қара өлеңдерінің бәрінің алғашқы екі жолы мағынасыз келеді, бар мағынаны соңғы қос жолы ғана білдіріп отырады деген оқытушы сөзі ойыма оралады да, бұл шумақ өлеңнің бар мәні «армансыз бұл дүниеден өтер едім – күлім көз, оймақ ауыз жарым болса» дегенінде деп түйемін.
Осыдан кейін басыма тағы бір күдікті ой келеді. «Сені қыз оңаша бөлмесіне сүйгендіктен емес, аға деп сыйлағандықтан, ағасындай сенгендіктен шақырса, қайтесің?» деп біреу мені үрейлендіре алғашқы тәтті ойымнан үркіте сыбырлағандай болады.
Осындай неше алуан ойлардың тұйығына тіреліп, таң атқанша дөңбекшіп шыққан ол түн өмірімдегі ең мазасыз түндердің бірі болып есімде қалды.
Таңертең шай үстінде үй иесі маған қарап:
– Ербол, қарағым, түні бойы дөңбекшіп шықтың ғой, ауырып қалған жоқсын ба? – деп сұрады.
– Жоқ, – дедім мен басымды шайқап.
– Е, жөн, онда шайыңды ішіп, наныңды жесеңші, – деді ақсақал менің ауырмағаныма қуанып.
Бірақ мен бір түйір де тата алмадым. Ешнәрсе тамағымнан өтпеді.
Соғыстан кейінгі жұтаң дастарханның жұпыны шайынан ауыз тиген болып, апыл-құпыл киініп үйден шықсам, көшелер ертегідегідей ғажап бір құлпырған күйде екен. Қала төбесінен түні бойы жауған ұлпа қар әр көшені ақ простыня жапқан аппақ төсекке, әр үйді үлпілдеген ақ бөкебай жамылған әсем келіншекке ұқсатып қойыпты. Ағаштар ақ тонының етегі жер сызған аяз аталарды еске түсіріп, бір емес бірнеше ата мұртынан күліп, саған қарай асықпай аяндап келе жатқан сияқтанады. Телеграф сымдары аптеканың үлпілдек ақ мақтасынан жуан етіп есіп кермеге тартқан ақ арқан тәрізденеді. Шинелімнің екі етегі делеңдеп, бұзаубас етігімнің екі тұмсығы ұлпа қарға үйректей сүңгіп есіп келемін едіреңдеп. Жас қардың жұпар иісі тынысымды кеңейтіп, жүрегіме бір ғажайып сыр құйғандай болады. Ақ қар, асыл ауа Меңтайдың ақ жүзін, аппақ мойнын еріксіз есіме салады. Жанға шипа мынау мөлдір ауа маған тек қана соның дем-лебізіндей боп танылады.
Көшеде менен басқа тірі жан жоқ. Айнала жым-жырт. Түнде жаңа жылды қарсы алып, бар дүние шаршап, мүлгіп тұрғандай күй танытады. Меңтай есіме түскенде осы иен көшенің ортасында тоқтай қалып, еңкейдім де, бір жерін ауыртып алмайын дегендей еппен жерден ұлпа қардың аппақ жотасын бір сипап өттім. Оған айызым қанбаған соң алақаныммен көсіп кеп алдым да, уысымдағы қарды бар саусағымның күшімен мытып-мытып жібердім. Ғашықтың ыстық алақанына түскен салқын қар лезде еріп, көздің жасындай боп жерге тамшылады. «Шіркін, осы ұлпа қардай боп, менің құшағымда Меңтай ерісе-ай» дедім ынтығып, содан соң «Виноградов, 62… Виноградов, 62» деген екі сөзді жан тербетер жақсы әннің қайырмасындай қайталап, ентелеп ілгері бастым.
Шіркеудің қарсысындағы екі этажды сары үйді адаспай табуын таптым-ақ. Бірақ соның ішіне кіруім мұң болды. Жатақханаға жеткенше біреу мойнымнан арқан сап дедектетіп келе жатқандай асығып едім. Жатақхананың жанына келген соң жүрегім лүпілдеп буын-буыным құрыды да қалды. Бағанадан бері жайдақ жермен келіп, енді бейне бір биік таудың басына қарай өрмелегендей, ілбіп, ілгері басқан аяғым кейін кетіп, дымым құрып, дыбысым тұншығып, әп-сәтте әлсірегендей күйге түстім. Әрең дегенде есіктен кіріп, екінші этажға көтерілдім.
Жатақхананың ұзын дәлізінің екі жағы қатар-қатар жалғасқан ерсілі-қарсылы есіктер екен. Шеткі есікке тақай бере буынымды бекіткен болдым да, үйге түскен ұрыдай тынысымды ішіме тартып, есіктердің номеріне көз жүгірте бастадым. Бала күнімде ауылдың діндар қарттарының намаз оқығанын талай рет көргенім бар еді. Сәждеге қайта-қайта бас қойып, өз-өзінен күбірлей тізерлеп отырған қарт бір кезде «ассалаумағалейкум, Рахметолла!»деп дауысын шығарыңқырап, басын оң иығына, содан соң және «ассалаумағалейкум, Рахметолла!» деп сол иығына қарай бұратын. Сол сияқты мен де «алпыс екінші бөлме» деп іштей күбірлеп, басымды екі жағыма кезек бұрып келемін. Тегі шалдарға қарағанда менің «намазым» ұзаққа созылды-ау деймін, өйткені олар мойнын екі-ақ рет бұрса, менің әлденеше рет бұруыма тура келді. Сөйтіп, 58, 59, 60, 61 бөлмелердің есіктері алдынан өттім. Енді алпыс екінші келетін шығар деп, жүрегім одан сайын лүпілдей түсіп, сол жағымдағы есіктің маңдайшасына және қарадым. Жоқ, бұл да алпыс екі емес, тіпті мұның маңдайшасында ешбір цифр жоқ.. Ал қарсысындағы есікте 63 деген цифр тұр. Сәл бөгелдім де, мүмкін алда шығар деп, екі жағыма кезек үңіліп, тағы ілгері жүрдім. Қанша үңілсем де алпыс екінші есікті таппадым. Шорылдап акқан су дыбысы естіліп жатқан ең түкпірдегі бөлмеге дейін бардым да, дәліздің қабырғасына тіреліп, кейін қайттым. «Бұл қалай болды? Әлде Меңтай бөлмесінің номерін қателесіп теріс айтты ма? Әлде ол мені алдады ма?.. Неге алдайды, олай болуы мүмкін емес…» Осылай ойлап, ұзындығы ат шаптырым дерлік жатақхананың екінші басын қуалап, ондағы бірінші номерлі есіктің алдына дейін бардым. Бірақ еш жерден алпыс екіні кездестірмедім. Салым суға кетіп, кейін қайттым. Енді не істеу керек? Қой жаңағы номерсіз есікті анықтап қарайыншы деп, алпыс үшінші бөлменің қарсысына қайтадан келдім. Сөйтсем, басқа бөлмелердегідей ромба пішіндес қаңылтырға жазылған маңдайша номері түсіп қалыпты да, оның орнына бұл есіктің тақтайына қарындашпен бадырайтып, 62 деген цифр жазылған екен. Екі көзім маңдайшада боп жүрген мен алдымда оны аңғармаппын да, бос бейнетке түсіппін.
Бөлме табылғанымен, менің жүрегімнен бөлмеге кірер батылдық табылмай, тағы біраз бөгеліп қалдым. Сағатыма қарасам, таңертеңгі сегізден жаңа асып барады екен. «Апырай, осы келісім не келіс? Қыз шақырды деп, қылқаңдап таң атпай жетіп келуімнің жөні қалай болады?.. Менің бұл елпектігімді қыз қалай түсінеді?..» деп ойлап тұрдым да, шешінген судан тайынбас дегендей, не де болса кіруге ұйғардым. Меңтай есік дыбысынан шошымасын дедім бе, білмеймін, әшейінде темірдей саусақтарым киіз боп кеткендей, былп-былп еткізіп есік қақтым. Іштен ешкім дыбыс бермеді. Тағы да қақтым, тағы да үн жоқ. Үш рет сөйттім. Итеріп қарасам, есіктің кілттелмей бос жабылып тұрғаны байқалады. Содан соң «алға!» деген бұйрық естілгеннен кейін окоптан қарғып шығып, мойныңды ішке алып, мылтықты кезене ұстап, шабуыл дүрмегіне ілесе тайсақтай жүгірген солдаттай болып, көзімді шарт жұмдым да, есікті ішке қарай итеріп қалдым. Тұтқа қолымнан сүйреп, есікпен ішке ілесе кірдім. Ішке кірсем… Сол жақтағы және төрдегі екі төсек жинаулы бос тұр. Екі төсектің бел ортасындағы екі ақ жастық: «саған не жоқ ей» дегендей, екі құлақтары едіреңдеп, маған қарай қалысты. Мен неге екенін білмеймін, әлдебір магнит тартқандай болды ма, әйтеуір шапшаң мойнымды оңға бұрдым.
Бұрылсам, оң жақтағы төсекте Меңтай жатыр. Жайшылықта бұрым етіп басына орап-орап, төбесінен түйіп тастайтын қалың қара шашы ақ жастықты көміп кетіпті. Ақ маңдайы ашыла жарқырай, ақша беті албырап, бал-бұл жанады. Оның үстіндегі қара мең мойылдай мөлдіреп, көзіңді қызықтырып, жаныңды еріксіз шиыршық аттырады. «Апырай, Меңтай деген әсем ат бұған осы меңге байланысты қойылған екен-ау» деп ойладым ішімнен сол сәт. Өз лебіне өзі балқып, тәтті ұйқының құшағында жатқан сұлу қыздың сәбидей пәк жүзінен өзгеше бір рақат нұры шашырап тұрған тәрізденеді.
Шинелімнің екі етегі салбырап, керзі етігімнің екі ұлтаны еденге екі басы алшия жабысып қалғандай боп қалшиып тұрған мен жылтыр күнқағарлы қоқайма фуражкамды умаждап, бұрап, мыжғылай бергенімді өзім де аңғармаппын. Кісі қолынан садақа дәметкен қайыршыдай емініп, қыз төсегіне төніп тұрып қалыппын. Көзім Меңтайдың беті-жүзін сұқтана, ашқарақтана шолып, оның бұғағы мен мойнына қарай ауысты. Жалаңаш жатқан мәр-мәр екі иық пен жаңа ғана көшеде өзім көріп, қолыммен уыстаған ұлпа қардай аппақ кеудені көргенде жаным шығып кете жаздады. Екі иықтан асып келген ақ жібек иықбау қыздың көгілдір түсті жұп-жұқа ішкөйлегінің омырау тұстарынан жалғасыпты. Ішкөйлектің кеудесі көктемде қозы жейтін сарғалдақтың үлбірегі іспеттес үлбіреген жұқа шілтермен безеліпті. Одан төменіректе, ішкөйлек астынан, қатар жатқан қос жұдырықтай боп, қыздың қос алмасы тырсияды. Қыз денесінің өзге жағын менен жасырғандай боп, жеңіл қызыл жібек көрпе шымқап орап алыпты. Қызыл көрпе маған жай көрпеден гөрі, қыз денесінің басқа бөлігін қызғана қымтап, қаусыра құшып жатқан әлдебір толассыз құмарлық, құштарлық бейнесіндей боп көрінді. «Мейлің, өзге жерін көрсетпесең көрсетпе, маған мынау жалаңаш ғажап кеудені көрудің өзі де жетеді» деп, көрпемен іштей ұрыстым да, қайтадан Меңтайдың бетіне үңілдім. Сол кезде қыз төсегінің бас жағында жерде жатқан кітапқа назарым ауды. Оның мұқабасындағы «Жас Вертердің азабы» деген жазу көзіме оттай басылды. Бұл менің соғыстан қайтарда сонау Германияда жүріп оқыған соңғы кітабым болатын. Тегі Меңтай мұны түні бойы оқып, тауысып, талып барып ұйықтаған-ау. Бітірген соң, бас жағына тастай салған кітабы жерге түсіп қалған болды ғой, – деп ойладым да, ақырын еңкейіп жердегі кітапты сыбдыратпай алып, ептеп қана Меңтайдың жастығының жанына қойдым. Содан соң, қыздың мынау ғажап тәтті ұйқысын бұзбайын деп, аяғымның ұшымен бір басып, екі басып, есікке қарай шегіндім.
Шығар алдында ұйықтап жатқан қыз келбетіне тағы да бір бұрылып қарадым. Маған Меңтай: «Ұйқыдағы Венера» картинасынан да сұлу боп көрінді. Шіркін-ай, мен ұлы суретші болсам, соғыстан келген студент солдаттың ұйықтап жатқан жартылай жалаңаш сұлу қызға ыстық іңкәрлікпен, сонымен бірге мол мейір, қадір-құрмет таныта қадалып қалған сол бір сәтін ұрпақтан ұрпаққа кетер мәңгілік мұра етіп қалдырған болар едім деп ойлап, бөлмеден шықтым да, ептеп тартып есікті жаптым.
Қайтадан көшеге шықсам, айнала бағанағыдан да жарықтанып, төңіректің бәрі жайнап, жадырап кетіпті. Бағанағы жатақханаға кірердегідей емес, менің де аяғым қаздаң-қаздаң етеді. Жатақхананың дәл жанынан өтетін Ұйғыр көшесіне түсіп алып, Алатаудың алыстан көрінген ақбас шыңын бетке ұстап, лағып, тарта бердім. Ол кезде Алматыда үш этаждан биік үйлер болмайтын. Олардың өздері де орталық көшелердің әр жерінен бір бой көрсетіп, қаланың өзге тұстарын бір қабат жатаған ағаш үйлер кернейтін. Әсіресе, Ұйғыр көшесі сияқты сырт аймақтарда ұзын-ұзын барақ жеке-жеке жай ағаш үйлер тіпті көп болатын. Солардың ара-арасымен өтіп келе жатқан маған жатаған сол бір жаман үйлер алтын сарайдан кем көрінбей, сол сәтте өзімнің ғажайып бір бөтен патшалықтың ішін аралап, кезіп жүргендей жайым барын бұлдыр сезінемін. Аяқ астымдағы ақ қардың шетін кейде әлдебір қызыл нұр бүркеп, қымтап жауып қалған жай елестейді. «Ә, бұл Меңтайдың аппақ қардай денесін бүркеп жасырып жатқан жаңағы қызыл көрпе елесі болар» деп ойлаймын да, өз-өзімнен тамсана жымиямын. Ендігі ойым алпыс екінші бөлмеге ауысып, жанағы картина тұтастай көз алдыма оралады. «Әттен, шіркін-ай, Меңтайдың ақ денесін қаусыра құшып жатқан жаңағы қызыл көрпе қандай ғажап! — деп ойлаймын ішімнен. – Мен сол қызыл көрпе болар ма едім. Әй, ол менің қолыма тимейтін кесек бақыт қой. Одан да сол көрпенің астары болсам да жарар еді-ау. Жоқ ол да менің маңдайыма сыймас, ең жоқ дегенде сол көрпе астарының бір сабақ жібі болсам да жетер еді…»
Осындай қиялмен келе жатқан менің ойыма әлдеқайдан келіп: «Ақ етіңе қызыл көрпе басылып» деген сөздер орала кетті. Алғашында оған онша мән бермедім де, орамы жеңілдеу сияқты көрінген бұл сөздерді іштей ыңылдап, тағы бір қайталап айтып шықтым. Сонда ғана оның ойнақы өлең жолына ұқсас бірдеңе екенін білдім. Көшеде арлы-берлі осылай ыңылдаумен жүріп, өзімнің шорқақ тіл, олақ ұйқасыммен Меңтайға арнап алғаш рет өлең шығарғанымды аңғардым. Әр жерге тоқтай қалып, түрегеп тұрып қойын дәптеріме тізген үзік-үзік жолдардан «Қызыл көрпе» деген атпен мынадай төрт-бес ауыз өлең құрастырыппын.
Тәтті ұйқының құшағына беріліп,
Жатты сұлу шалқасынан керіліп.
Ақ дидарын, аппақ тәнін көргенде
Бойым балқып, кетті сезім еліріп.
Ай секілді маңдайдағы қиғаш қас.
Беттегі мең – сайда жатқан қара тac.
Дем шығарып кеудесінен жұпардай,
Қорғасындай толықсиды қарындас.
Ақ етіне қызыл көрпе басылып.
Көкірегі жатыр екен ашылып:
Діріл қақты уылжыған қос алма,
Қара шашы толқындай боп шашылып.
Күнім туып, бақ жұлдызым жанатын.
Қымтап, шымқап жаным рақаттанатын.
Болсам еттім, әттең дүние-ай, сол көрпе.
Құшып, сүйіп, құмарым бір қанатын.
Дәурен қайда маған оны сүйетін ?..
Тым болмаса киімінің киетін,
Не сол көрпе астарының бір сабақ,
Жібі болсам денесіне тиетін!
Не де болса көкіректі жарып шыққан пәле емес пе – осы жаман өлеңсымақ сол сәтте өзіме жап-жақсы сияқты боп көрінді. Айта берсеңіз осындай өлең құрастырғаныма, бейне бір Абайдың «Айттым сәлем қаламқасын» шығарғандай-ақ едәуір қанаттанып қалдым. Сөйтіп көшені біраз таптағаннан кейін, сағат он бірге таяна жатақханаға жақындап қайта келдім. Сол сәтте бір ой түсе қалды да, шапшаң жан-жағыма қарадым. Жол шетіндегі аласа қашалы аулалардың бірінде шатырын қар басып, саңырау құлақтай қалтиған беседка тұр екен. Қашадан бір-ақ аттап, жүгіріп соған бардым. Беседканың ортасында жазда үй иелері отырып домино ойнайтын үш сирағы ағаш, бір сирағы темір, ортасы ойылып кеткен ескі стол бар екен. Соның бір шетіне отыра қалып, жасаулы жақсы кабинетке жайғасқан ұлы ақындай-ақ айналама маңғаздана қарап алып, жаңағы өлеңді жеке қағазға көшіруге кірістім. Қағаздың ортасына ірілеу етіп «Қызыл көрпе» деп жаздым да, оның астына жақша ішіне ұсағырақ әріптермен «Меңтай туралы лирикалық ой» деген сөздерді және қостым. Өлеңді көшіріп болып, қайталап оқып шықтым да, аяғына «1946 жыл 1 қаңтар» деп күнін көрсеттім. Содан соң қағазды жақсылап бүктеп, қойын дәптерімнің ортасына салдым да, орнымнан тұрдым.
VI
Жүректегі лүпілді шынашақтың сол дірілінен анғартып, тағы да менің қолым, соқырдың алақанындай боп, алпыс екінші бөлменің есігін ақырын бір сипап өтті. Содан соң саусақтар бүгіліп, бірінен-бірі сүйеу, қолдау тапқандай иықтаса жұмылып барып, тақтайды тықылдатты.
– Кіріңіз, кіріңіз, — деп екі рет қайталап айтқан қыз дауысы естілді. Мен есікті жайлап ашып, ішке кірдім.
Үстел басында Меңтай көйлегін үтіктеп жатыр екен. Мені көргеннен кейін:
– О, ағай, жоғарылаңыз, төрлетіңіз, – деп үтігін шетіне шоқитып қоя салды. Меңтай үстіне көп жуылғандықтан бұрынғы қара көк түсі бозғылттанып кеткен көнетоздау спорт костюмін киіп тұр екен. Ескілеу болғанмен етпен ет боп жабысқан осы бір жарасты киім қыз мүсінінің мүшелерін айқындап, адамды одан сайын ынтықтыра түсетіндей. Оның есесіне бағанағы ақ мойын, ақ білек, уыз кеуде біржола жасырынып, бүркеліп қалған. Мен сол бір сұлу картинаны іздегендей тамсанып, төсекке қарадым. Тап-тұйнақтай боп жиналған үй іші маған жанды ерітер тамаша картинаның бос қалғандай үңірейіп тұрған сияқты боп көрінді.
Көйлегін қоя салып Меңтай, екі қолын қатарластыра ілгері созып маған қарай жүрді.
Ағай, сіздің Жаңа жылда бақытты болуыңызға, ойға алған мақсаттарыңыздың бәрі түгел орындалуына шын жүректен тілектестік білдіремін! — деп кішкентай әсем алақандарының арасы, менің қолымды қысты.
– Егер шын тілектес болсаң, онда ойға алған бар мақсатым сенсің ғой, Меңтай», – дедім мен ішімнен. Бірақ, оны сыртыма шығарып айта алмадым.
Рахмет, Меңтай, мен де сізге соны тілеймін! – дедім оның қолын мен де қос қолдай қысып, қысып емес-ау, жас баланың ұстағандай мәпелеп.
Меңтай маған еркелей қарады. — Ағай, бір өтінішім бар, айтайын ба?
Айтыңыз, – дедім «ол не өтініш болды екен?» деп жүрегім лүп ете қалып.
Айтсам, бүгіннен бастап мені «сіз» демей, «сен» деп атаңызшы. Жарай ма?
– Неге?
– Мен сізді туған ағайымдай жақсы көремін, – деді Меңтай еркелей үн қатып. – Ал «сен» демей, маған «сіз» десеңіз, бөтен адам сияқтанып кетесіз.
Меңтай осылай деп, оң иығына қарай басын қисайтты. Үстіне спорт костюмін киген Меңтай маған бұл сәтте көз қарықтырар бөтен үйдің бойжеткенінен гөрі еркекшора боп өскен тентектеу өз бауырым тәрізденіп кетті.
– Жарайды, онда солай болсын, — дедім мен күліп.
Меңтай мені жетектеп төрге шығарып, орындыққа отырғызды. Содан соң үстел үстіндегі үтіктеліп болған ұзын мойынды қысқы көйлегін, гардеробтың есігін қалқалап тұрып, оның ішінен және бірдеңелерді алды да: «Ағай, мен қазір келемін» деп есіктен шығып кетті.
Иен бөлмеде оңаша қалған мен студенттік жұпыны тіршілік мекеніне көз жүгірттім. Арзанқол темір төсек, тақтай тумбочкалар. Әр қыздың төсегінің тұсына түскиіз, кілемше орнына газет тұтылып, олардың үстіне фотосуреттер жапсырылыпты. Көпшілігі екеу-үшеуден, кейде үлкен топ болып бірігіп түскен суреттері. Әр тұстан әскери киімді жігіт суреттері көзді шырамытады. Сондай бір жұпыны жігіт Меңтай тұсында да тұр.
Меңтай расында да тез келді. Жаңағыдай емес, өзгеріп, басқаша боп келді. Үстіндегі спорт костюмін шешіп тастап, өзінің қыз киімін киіп алыпты. Тегі менің алдымда тар костюммен алды, артын бұлтитып жүруге ұялған болу керек. Мені де дәлізге қуаламай, не теріс қаратып қойып, осы жерде шешініп, көйлегінің судыры-сусылымен, желкені күйдіре жақыннан шыққандай боп білінетін ыстық демінің лебімен жанымды қинамай, өзі басқа қыздардың бөлмесіне барып, қайта киініп келген. Жіп шұлығы оқтаудай түзу аяқтарына және жарасып тұр. Мен Меңтайдың бұл инабаттылығына іштей сүйсіндім.
– Ағай, мен сізді ертерек кеп қалар деп шай қайнатып қойып едім, – деді Меңтай, дәлізге дәл сол үшін шығып келгендей. Киімін ауыстырып келгенін ешбір сөз етпестен, қолына шиыршықтап ұстаған спорт костюмін гардероб тартпасына сұға салды.
– Мен расында да ертерек келіппін. Келсем, сіз… а, жоқ, сен, – дедім күліп, жаңа ғана Меңтайды «сен» деп атауға уәделескенім есіме түсіп, — ұйықтап жатыр екенсің.
– Ә-ә-ә, – деді Меңтай даусын әндете созып. – Онда есікті қаттырақ қақсаңыз етті, мен оянатын едім ғой.
– Мен ақырын қақтым, бірақ есік кілттелмей бос жабулы тұр екен.
– Кілттелмепті дейсіз бе? – деді Меңтай бөлмесіне дәл қазір ұры кіріп кеткендей көзі бақырайып. – Іңірде бір кітапты қолыма алып едім. – Меңтай оның не кітап екенін айтқан жоқ. Бірақ, мен оның не кітап екенін түсініп, қыз төсегі жаққа көзімді жүгірттім. Бірақ жас Вертер Лоттаны іздеп, таңертеңгі жатқан жерінен «тұрып кетсе» керек, орындық, тумбочка үстерінде де көрінбеді. – Сол кітаптың қызығымен есікті әне жабамын, міне жабамын деп жатып ұмытқанмын ғой тегі. – Қыз әлде бір ұятқа ұрынғандай боп, басын шайқады. – Мен өзім сақ емес, сенгішпін. Осыным жаман-ау, тегі, – деді өзіне-өзі ұрысқандай: — Түнде үйге ағай емес, басқа біреу кіріп кетсе қайтер едім.
Осыдан кейін Меңтай екеуіміз үстел басында отырып шай іштік. Бір тілім қара нанды бөліп жеп, Меңтаймен ішкен қара шай маған балдан да тәтті боп көрінді. Екеуіміздің ортамызда тұрған кесенің кемерінен шай ұрттаған сайын күйдіріп ерінді қаритын екі қаңылтыр кружка, шойын шәугім мен пластмассадан жасалған арзан тарелка сол сәтте маған дүниедегі ең қымбат алтын сервиздерден де артық қадірлі сияқтанды.
– Сіз менің туған ағам Жүніске сондай ұқсайсыз, ағай, – деді Меңтай шай ішіп отырып. – Біз бір әке, бір шешеден Жүйке екеуміз ғана едік. Кішкене күнімде тілім келмей, мен Жүністі Жүйке дейді екенмін, өмір бойы солай атап кеттім. Ол менен үлкен болатын, сіз құралыптас еді. Сіз де қозыдай жуас, момынсыз ғой, ағай. Жүйке де сондай еді. Анау тұрған ағайымның суреті. Меңтай төсегінің тұсындағы газетке жапсырылған суреттерді нұсқады. – Сіз ең алғаш біздің аудиторияға кіріп келгенде, не болғанымды білмей кеттім. Сізді мені іздеп келген сол ағайым екен деп қалдым. Артынан, сіз екеніңізді білсем де, жүрегім еріп, үзіліс болғанша тыпыршыдым. Сіз тым болмаса менің ағаммен соғыста бірге болмады ма екен деп ойладым. Үзіліс кезінде соны сұрайын деп оқталған едім. Қалжыңбас Қанипа сізді ұзақ тергеп, әуреге түсірді. Сол кезде менің сізге қатты жаным ашып тұрды. Шыдамай қасыңызға барғанымда Жүйке есіме түсіп, «арманым, ағатайым, қайдасың сен?» деп ішімнен егіліп жылап тұрдым. Кейіннен, сіздің дәптеріңізді үйге әкеліп, қазақ тілінің конспектілерін көшіргенімде де осы жерде отырып, бірталай беттеріне көзімнің жасы тамды.
Меңтайдың мен алғаш аудиторияға келген сағаттан бастап маған қамқоршы болғанын жоғарыда айттым. Ол сол күнгі лекциядан кейін менің қазақ тілі дәптерімді алып кетіп, бірнеше кеш отырып, бұрын өткен лекцияларын көшіріп берген. Сол сияқты Майра, Күлкен, Қанипа сияқты қыздарға да бір-бір дәптер етіп, басқа пән лекцияларын және көшірткен. Адал көңілімен ағасындай көріп, жаны қалмай, қамқоршы боп жүрген қызға менің іштей ғашық болып құмартуым оған бейне бір жамандық ойлаумен парапар сияқты боп көрінді өзіме. Осы осалдығым үшін өзімді-өзім іштей кінәлап, ұрысып, үнсіз шиырып қалдым. Қыздың балдай тәтті шайы терлетті ме, әлде ыстық сөзі жіпсітті ме, білмеймін, маңдайым бусанып қоя берді. Меңтай жайлап отырып сөзін әрі қарай жалғады.
– Ағай, сіз Сегізінші гвардия дивизиясынан келген жоқсыз ба?
– Жоқ, мен Жүзінші бригадада болдым.
– Ондайды естігем жоқ. Маған соғыстан қайтқан жұрттың бәрі Сегізінші гвардия дивизиясынан келген сияқты боп көрінеді. – Меңтай сәл бөгеліп, ойланды да, оның жауабын өзі тапты. – Бәлкім, ол Жүйкенің сол дивизияда болғандығынан шығар.
– Ол кісі тірі ме? – деп сұрадым мен.
– Жоқ, «қара қағаз» келген. Артынан қасында болған кісі өз қолымнан қойдым, өлгені рас, – деп сендірді.
Осы арада Меңтай екеуіміз де едәуір үнсіз отырып қалдық. Teгі ендігі әңгімені неден сабақтарымызды білмей бөгелген болуымыз керек.
Шай ішілгеннен кейін Меңтай, ыдыс-аяқты гардероб полкаларына тез жинап тастады да, төсегінің бас жағындағы тумбочкасынан бір қалың кітапты алып шықты.
– Ағай, – деді ол стол басына қайта келіп, жаңағы шай ішкендегідей менің қарсыма емес, енді қасыма отырып жатып, – мен кітапханадан үш күнге сұрап әкеп, «Одиссеяны» оқып жатыр едім. Өткен түнде Гетенің қызығына түсіп кетіп, мұның аяғын бітіре алмай қалғаным. Сізбен бірге отырып, осыны тауысып тастасақ қайтеді, егер бүгін басқа жұмысыңыз болмаса?
– Жоқ, оқиық, – дедім мен бірден.
– Онда жақсы болды, – деді Меңтай қуанып кетіп. – Бәрібір жазда Ежелгі грек әдебиетінен емтихан тапсырғанымызда да керек қой бұл.
Маған сонау жазда тапсырылатын емтиханнан гөрі сол сәтте Меңтай қасында көбірек отыру қымбатырақ еді.
– Шаршағанда кезектесіп оқырмыз, қазір мен бастайын, ағай.
Мен басымды изедім. Меңтай, тамағын кенеп алып, он тоғызыншы жырдан бастап оқуға кірісті.
Все разошлися: один Одиссей в опустевшей палате
Смерть замышлять женихам совокупно с Афиной остался.
С ним Телемах…
Меңтайдың әсем дауысы, жаздыкүні Алматының әр көшесін бойлай ағатын сансыз бұлақтың сылдыр-сылғыры тәрізденіп, бірте-бірте бөлмені керней бастады. Қыз кітапты бар ықыласымен беріле оқып отыр. Әсіресе, ол Пенелопаның басынан кешкен қиыншылық, ауыр жайлар тұсын оқығанда сол қасіреттердің бәрін өз басынан өткеріп отырғандай қабақ шытып, қиналып қалады. Сол кезде мен ішім ауырып отырғандай кіржиіп, онымен іштей қоса қиналамын. Меңтай дауысы жанды әлдилер бұлақ сыңғырығындай біркелкі күйге көшкенде, мен де кең тыныс алып, жадырап, рақаттанып қаламын.
Өзіңіз білесіз, «Одиссеяның» соңғы жыр-тарауларында Одиссей батырдың жары Пенелопа сұлудың соғысқа кеткен ерін жиырма жыл бойы айнымас адалдықпен күткені суреттеледі ғой. Жиырма жыл бойына ол өзінен дәмеленіп қол созған жігіт сымақтардың бәрін айла тауып, бойына жуытпайды. Қызығушылар қыр соңынан қалмаған соң, бір күні сол елдің дәстүрі бойынша, қарт атасына кебін тоқуға кіріседі. Соны бітіріп, атамның алдында келіндік қарызымды өтегеннен кейін ғана басқа күйеуге шығамын деп жар салады.Бірақ Пенелопа күндіз тоқыған өрмегінің жібін өзі ылғи тарқатып тастап отырады. Дәмелі жігіттер арудың бұл айласын сезіп қойып, кебінді тез тоқып бітір деп дігірлейді. Бұл сыры ашылып қалғаннан кейін Пенелопа жаңа бір шартты ойлап табады. Енді ол Одиссейдің үйде қалған адырна ағытулы садағын кімде кім тартып, бір жебені қатар тізілген он екі шығыршықтың көзінен өткізсе, соған тиемін дейді. Өйткені ол Одиссейдің алып садағын ешкім тарта алмас, сөйтіп мырзалар менен күдерін үзіп, құлағыма тыныштық берер деп үміттенеді. Күйеулердің өзара жарысы белгіленген күнге Пенелопадан дәмесі барлардың бәрі тегіс жиналады. Бірақ олардың ішінде бірі оқ атып, он екі шығыршықтан өткізбек түгіл, алып батырдың адырнасын да кигізе алмайды. Осы топырдың үстіне Одиссей келіп, ақ некелі әйелінің басын дауға салғандардың көзін құртады. Сөйтіп ол өзінің кіршіксіз адал жары Пенелопаға қосылып, өзі жоқта ер жетіп азамат болған ұлы Телемахпен, барша ел-жұртымен табысып, мұратына жетеді.
Қасымдағы қыздың оқып отырған кітабына, кітаптың екінші бетінде жатқан оның ақ сүйрік саусақтарына мүлгіп телміре қарап, қыздың үніне, кітаптың оқиғасына елтіп, екеуіне бірдей ынтығып мен ұзақ отырдым. Сондай сәттерде, кейде, оң иығым Меңтайдың иығына тиіп кетеді де, вокзалда отырып ұйықтаған адамның селк етіп оянып, мойнының сылқ ете түскенін көрген ешкім жоқ па екен деп, жалма-жал жан-жағына қарап әлек боп алатындай, кеудемді кейін шегеріп, қолымды қайта-қайта уқалай беремін.
Сөйтіп отырып, кешке қарай біз «Одиссеяны» аяқтадық. Әрине, мен осының бәрі өз жырым – өз одиссеям болмағанына іштей өкіндім. Әлдебір көмескі елестер көз алдыма келіп, Әлиманың мені күтпей басқа біреуге тиіп кеткені ернімді еріксіз тістетіп және қынжылтты.
– Міне, бір үлкен жұмыс бітті, ағай, – деп Меңтай кітаптың соңғы бетін жапты. Бірақ оны алдынан ысырып тастамай, оқығанын ойға жиғандай боп, кітаптың сыртын сипап біраз үнсіз отырды.
– Ағай, сіз қалай ойлайсыз? – деді ол маған соншама бір сабырлықпен қарап. – Маған Гомер поэмалары қазақ дастандарына ұқсайтын сияқты боп көрінеді. Мәселен, мен өз басым осы Одиссейді біздің Қобыланды батырға, Пенелопаны Құртқа сұлуға жақындатамын да тұрамын. Айырмашылық екі елдің тіршілік кәсібінде, бірі теңізді, екінші даланы мекендейтіндінде ғана ғой деймін. Қобыланды жауға аттанып кеткенде, оның елін Қызылбас жұрты шауып алып, сол елдің ханы Алшағырдың Құртқаны аламын деп әлек салатыны жаңағы Пенелопаны аламын деушілердің қылығына ұқсамай ма? Өмірі Гомерді естімеген қазақ жырауларының онымен үндес шыққанына қайран қаламын.
Бұл сөздерімен Меңтай маған кітапты кей қыздарша судыратып босқа оқып шықпай, оның мән-мағынасына ой жіберіп, оқығандарын бір-бірімен салыстыра отыратын зерделігін танытты. «Қаласаң сен түбегейлі зерттеуші, жақсы ғалым да боп шығар едің-ау» деп ойладым мен.
– Иә, рас, – дедім мен Меңтайдың сөзін құптап.
– Менің әдебиеттегі әйел бейнесінен ең жақсы көретіндерім осы Пенелопа, Құртқа тәрізділер, – деді Меңтай ойын әрі қарай жалғап. – Бұлардың өзі еңбекші әйелдер. Пенелопаның атасына ақырет тоқымақ боп, күндіз-түні өрмектің үстінен түспеуі, Құртқаның Тайбурылдай тұлпарды баладай мәпелеп, бабын тауып өсіруі ересен еңбекшілдікті білдірмей ме? Меніңше, әйелге керек негізгі үш қасиет бар, ағай. Олар: еңбекшілдік, ақылдылық, сұлулық. Бойында осы үш қасиет тегіс бар әйелді төрт құбыласы түгел әйел деп бағалау абзал. Ал соның алғашқы екеуі ғана табылса, онда соңғысынсыз да өмір сүре беруге болады. Солай емес пе, ағай? – Мен әйелдердің сұлулықты өздеріне ен бірінші қажет деп білетінін, сондықтан сиықсыз әйелдер де өздерін сұлумыз деп есептейтінін сезсем де, Меңтайдың еңбекшілдікті бірінші қажет деп біліп отырғанын оның келесі сөзінен ғана аңғардым. – «Әдебиеттегі еңбекші әйелдер бейнесі» десе, бір диссертацияға тақырып та болады екен-ау өзі.
Қыз осылай деп, сөзін аяқтағандай болды. Бірақ оны мен қайтадан жалғастырдым.
– Осы тақырыпты өзің диплом жұмысы етіп алып, университет бітірген соң оны диссертацияға неге айналдырмайсың, Меңтай?
– Диплом жұмысы етіп алуға болады ғой, – деп барып, қыз жымиып күліп алды. — Ал, диссертация қорғау менің қолымнан келмес.
– Неге?
– Анада оқытушы ағайдың осы жөнінде өжеттік, өлермендік деп екіге жіктеп айтқан бір өткір сөзі әлі күнге дейін көкейімнен кетпейді. Ол сөз сіздің де есіңізде болар, ағай? — деді Меңтай өзіне тән сыпайылығын берік сақтай отырып.
Ия, мен оны ұмытқан жоқ едім. Өзімізге құдайдай көрінетін ақ маңдай қадірмен оқытушымыз лекция үстінде сөзден сөз шығып кетіп былай деген еді: «Бағдарлап, барлап қарасақ осы кезде диссертация түрлі жолмен қорғалатыны байқалады. Бірі — ғылымға келер жастың шын бейімділік танытқан анық мақсатпен қорғауы. Екіншісі — ешбір бейімі, ғылымға анық үлесі жоқ қара-дүрсін, кейбір адамдардың күрпілдетіп сиыр сауғандай етіп кандидаттық дипломнан ай сайын мол ақша сауып отыру мақсатын көздеп, құлқын құмарлықпен, пайдакүнемдікпен қорғауы. Соңғысы алғашқыдай ғылымда айтатындай өз сөзім бар деп, өзекті жарып шыққан өжеттікпен емес, жалынып-жалпайып, өлімсіреген өлермендікпен қорғау. Сендердің іштеріңде кейін диссертация қорғаймын дейтін талапкерлерің болса, онда ғылымға анау алғашқы ақ, әділ жолмен баруларыңды, мәслихат етемін. Осы соңғы сөлекет жолдан арылса екен, жоғалса екен деп тілеймін».
– Ағайдың сол айтқанындай-ақ, – деді Меңтай жаңағы сөзін жалғап, – ғылымға үлес қосу үшін емес, күрпілдетіп ақша сауу үшін ғана диссертация қорғау біздің қыздардың кейбіреулерінің қолдарынан келсе келер, бірақ мен өйте алмаспын. – Меңтайдың енді бұл тақырыпта әңгіме қозғағысы келмеді білем, сөздің бетін басқаға бұрды. – Бұның бәрі мына кітаптан шығып кетті ғой, – ол алдында жатқан кітаптың сыртын тағы бір сипап қойды. – Айтпақшы, ағай, жаңа, кітап оқып отырғанда, көмейіме келген бір сұрақ бар еді. Соны сұрайын ба сізден?
– Сұра, Меңтай, – дедім мен күле түсіп. Қыздың не сұрағалы отырғанын сезгендей, жүрегім су ете қалды.
– Сұрасам, Одиссей батыр сияқты сізде соғыстан қайттыңыз. Ал елде сізді күткен өз Пенелопаңыз жоқ па еді? Бұл сұрағыма ренжімеңіз, ағай, – деді Меңтай соңғы сұрағым менің көңіліме кеп алды ма дегендей, кейінгі сөздерін тездете айтып.
Несіне ренжиін, мен қызға шынымды айттым.
– Болды, Меңтай, – дедім сәл ғана күрсініп қойып. – Аты Сәлима еді. Соғысқа кетерде уәде байластық. Артынан ол осы КазГУ-ге кетіп студент болып, оқып жүрді. Хат алысып тұрдық. Оның ең соңғы хатын мен 1944 жылдың басында алдым. Сол хат әлі күнге дейін қалтамда жүр. Тыңдасаң оқып беремін.
– Оқыңыз, ағай, — деді Меңтай әлденеден қаймыққандай бөгеле сөйлеп. — Бірақ өзіңізге ауыр болып жүрмесе… олай болса оқымай-ақ қойыңыз.
– Е, адам басына түскен ауырлықтың бәріне көнуге де тиіс, оны көтеруге де міндетті ғой. Әйтпесе, оның несі адам?– дедім өзімді-өзім қайрағандай болып. Содан соң орнымнан тұрып, Меңтай шифоньерінің есік жақ сыртындағы темір шегеде қабырғаға ілген қасқырдың терісіндей жер сыза салақтап тұрған шинелімнің ішкі қалтасынан су өтпейтін жылтыр қағазға оралған хаттарды алдым. Бөлме іші қара көлеңке тарта бастаған еді. Меңтай да менімен ілесе орнынан тұрып, есіктің екінші жақ қабырғасындағы қара тиекті бұрап, төбе шамды жақты. Мен орныма отырып, Сәлиманың хатын оқуға кірістім. Меңтай жаңағы жерге «Одиссеяны» шынтақтай қайта жайғасып, бейтаныс қыздың әр сөзін барынша зейін қоя тыңдап қалды.
Мен онда дәптердің алты бетінің асты-үстін толтыра ұзақ жазылған хатты Меңтайға түпнұсқадан оқып берген едім. Енді оны сізге жаттап алған тақпақ сияқты етіп, ауызша айтуыма тура келеді. Егер, менің қолыма қарамай, сәл қырындау отырсаңыздар, онда түпнұсқадан оқылған хатты тыңдағандай әсер алуларыңыз да мүмкін. Ал, бастаймын не де болса.
«Жаным Ербол!
Менің сені шексіз сүйетінімді білесің. Өзім де сен дегенде шығарда жаным ғана басқа шығар деуші едім. – Бұрынғы хаттарының бәрінде Сәлима алдымен менің амандығымды сұраушы еді. Содан соң есен-сау бола беруіме, жауды тез жеңіп қайтуыма тілектестік білдіретін. Ит қуған адамның айқайындай ғып, бірден бұлай бастағаны несі екен деп ойладым бұл хат ең алғаш қолыма тигенде. Содан соң оны ары қарай оқыдым.
– Осы кеше ғана ауылға каникулге барып қайттым. Бүркітбай бригадир сенің папаңның орнына колхозға председатель болған еді ғой. Жақында соның бұрынғы бала көтермеген кәрі әйелі қайтыс болыпты. Ауылға мен барған күннің ертеңінде біздікіне сол кісі келді. Маған амандасты. Сабағымның жайын, оқуды қашан бітіретінімді сұрап, біраз отырып кетіп қалды. Басқа ештеңе деген жоқ. Бірақ, кешке шешем маған «сен сол Бүркітбайға тұрмысқа шығасың, егер мені шешем дейтін болсаң сөйтесің» деп қиғылықты салды. «Ол менің әкемдей кісі ғой. Қалай шығамын?» дедім мен. «Түгі де жоқ, ерлі-байлы болған соң оның үлкендігі де ұмытылып кетеді» деді шешем. Мен көнбедім. Шешем қарысып отырып алды.
«Әкең трудармияда, сен оқудасың. Мына екі бала мен мені кім асырап, сақтайды? Ал Бүркітбайға шықсаң, өзіңнің де тыныш, ит өлген жерге оқу іздеп сандалмайсың. Менің де ұйқым тыныш –бір жағынан әкеңді, бір жағынан сені ойлап, түн ұйқымды төрт бөліп дөңбекшімеймін. Бүркітбай екеуің бүкіл ауылды билеп, бірің бастық, бірің мұғалім боласыңдар да отырасыңдар. Осы заманда осыдан артықтың керегі не?» деп құлағымның етін қудай жеді.
Мен сені айттым.
«Ерболды қайтесің, екеуіміздің қосылатынымызды ел біледі дедім. – Ол күнде хатты Алматыдағы маған да, ауылдағы да жазады. Осы үйдің өз адамы болып жолдайды» дедім.
Шешем шап ете түсті.
Ербол, Ербол дейсің? Ол тірі келе ме, өлі бола ма? Оны қайдан білдің. Қайта, Ерболдың сені жақсы көргені рас болса, бағыңды байламасын. Егер үйге өзі аман келсе, елден Ерболға лайық қыз табылады. Сәниям жетіп және келеді. Ертең оған да күйеу керек. Тіпті Ерболға соны беремін. Оған апасын алды не, сіңлісін алды не – бәрібір емес пе? Екеуі де менен туған. Ал дәп саған ертеңгі Ерболдан бүгінгі Бүркітбай артық. Осыдан Бүркітбайға бармадың ғой, ақ сүтімді аспанға сауамын, теріс батамды беремін. Аналық қарызымды екі дүниеде де кешпеймін!» деді.
Не істерімді білмедім. Ақыры, жазғы каникулге келгенде көрейік дедім. Оған дейін өзіңмен ақылдасып алғым келді. «Бүркітбай менімен бұрыннан сөйлесіп жүрген. Қыста келгенде сені үйіме кіргізіп бер, оқуға жіберме деген. Сенін сонау жазыңды күтіп, қу тізесін құшақтап отыра бере ме ол. Осындағы бойжетіп отырған қыздардың бірін алады да қояды, сені дәт дегізіп. Ана Жексеннің қызы Қатипа жоқ нәрсені сылтауратып, күнде баратын көрінеді канторға. Бүркітбайды қалай қолыма түсіремін деп жүрсе керек. Әне, сол сияқты біреу есігіме өзі келіп тұрған бақ-дәулет, бай күйеуді қағады да кетеді», — деп шешем тепсіне тақымдап болмады.
– Ендеше Бүркітбай сол Қатипаны алсын, – дедім мен.
– Бүркітбай оны ұнатпайды, — деді шешем. — Осы төңіректе оның ұнататыны сен ғана болып отырсың. Құдайдың мұнысына мың шүкіршілік, ат аяғы жетер жердегі жалғыз еркек қызының аяғынан құшақтай жатса, одан артық бақыт бар ма шешеге! Бірақ есіңде болсын, еркектің көңілі құбылмалы болады. Мысықты кім арқасынан сипаса, ол соған сүйкеніп, пырылдай алдынан түспей қоймай ма? Еркек те сол сияқты. Қай әйел бетіне күле қарап, қылмыңдай бастаса, еркек те соған қарай бейімделе береді. Сен шалқая берсең ол ерегесіп Жексеннің қызын алады да қояды. Сөйтіп саған арналған жылы суға Қатипа қолын малады да отырады. Жұртқа таба боп мен қаламын, елге күлкі боп сен жүресің.
– Неге табалайды жұрт? – деймін мен.
– Неге табаламайды, – дейді шешем. – Бүркітбайдың көңілі сенде екенін бүкіл осы ауыл түгел біледі. Кеше анау шеттегі саңырау кемпір Сақып та: «Бүбіш, Сәлиманы Бүркітбайға қашан қосқалы жатырсың? Ұмытып кетпей мені де тойыңа шақыр. Сәлиманың тұсауын өзім кескенмін» деп кетті. Білмесе ол не? Ел құлағы елу деген емес пе – бәрі де біледі. Білсін, осы қиыншылықта мына Бүбіштен басқа кімнің қызын күйеу, күйеу болғанда жарты патша – басқарманың өзі алып жатыр.
Мен ыза боп кеттім. «Тойыңның да, Бүркітбайыңның да керегі жоқ» деп жылап жатып алдым.
Шешем бұртиып, біраз қасымда отырды. Содан кейін даусын жұмсартып басымды сипады. Біраздан кейін мені құшақтап, өзі де жылап алды. Көзін сүртіп, бір кезде қайта сөз бастады.
– Егер соғыстан Ербол келмей қалса, сорлайтын сен боласың, балам, – деді жыламсырап отырып. — Одан да бүгіннен бастап, Бүркітбайға шығып ал, қалқам. Айналайын, ақылың бар ғой сенің. Мына дауылды заманда үйге тіреу болатын еркек керек. Оқуды қайтесің, оқудың түбіне кім жетеді? Ербол, Ербол! – дейсің. Ерболың да жасынан оқу құмар бала болатын. Соғыстан бұрын тауыса алмай кеткен оқуын соғыстан кейін бітіремін деп әуре болмасына кім кепіл оның. Алдымен соғыстың бітуін күтіп, одан соң Ерболдың оқуды тауысуын тосып, өз бағынды өзің байлап отырасың ба, күнім-ау. Қыз баланың бақыты – байға тиіп, бала құшақтау. Жалғыз сен емес, Хауа анадан бері келе жатқан жоралғы осы, ботам.
Осылай деп шешем дауыс айтып отырып алды. Бір жағынан сені аяп, бір жағынан шешемді, он беске кеп қалған сіңлім Сәния мен он жасар інім Әскержанды аяп, екі оттың ортасында қалғандай, дал болдым. «Апатай, бұл әңгімені жазға қалдыр» деп тан атқанша жылап, жатып алдым.
Бүркітбаймен ақылдасты ма, әлде өзі жібіді ме білмеймін, ертесінде кешке шешем осыған көнді. Жазғы каникулға шыққанымда мені Бүркітбайға қосатын болды. (Ал өзім Бүркітбайды алғаш келіп, амандасып кеткеннен кейін көргенім жоқ).
Мінеки, сөйтіп, ауылдан мен кеше ғана келдім. Келе сала саған хат жазып, мұнымды шағып отырмын. Не істейін, Ербол? Не қылайын? Жаным, қуатым, ақылды едің ғой, бір амалын тапшы.
«Сақал-мұртың қуарып, бойға біткен тамырдың бәрі бірдей суалып, алайын деп тұрмысың мені көріп қуанып» деп қарт Қожаққа Ақжүніс айтқандай, Бүркітбай шалға қалай барамын, сенсіз қалай өмір сүремін? Бармасам, шешем күн көрсетпейді, үй ішінің халі түскен. Өзің барда күзде үй басына арба-арба еңбеккүнге тиген астық қыс бойы ол қап-қап болып тошалада тіреліп тұрушы еді. Өткен күзде біздің үйге бір жарым қап бидай әрең тиіпті. Үйелмелі үш жан күніне үш мезгіл дастарқанға бір уыс бидай шашып, тауықтай теріп жеп, талшық ететін көрінеді. Бір біздің үй ғана емес, бар ауылдың күйі осы. Жақ жүндері үрпиіп, бозарған бала-шағаның түрін көргенде, ішің удай ашиды. Міне, елдің жайы осы, Ербол!
Студенттік жағдай да жетісіп тұрған жоқ. Күніне карточкамен алатын бір жапырақ нан мен қатықсыз қара көже. Жатақхана да суық. Осы хатты көрпеге оранып отырып, қайта-қайта үрлеп өз деміммен жылытып, әрең жазып отырмын. Бірақ, маған сенің әр хатың бес күндік азық, әр сөзің бір күндік қызу. Қаншама жүдеп-жадап жүрсем де, сенен хат келгенде жайнап, жадырап кетемін. Бұл шын сөзім, шын, қуаттым.
Сүйіктім Ербол!
Менің бар жайым осы. Ендігі хабарды өзіңнен күтемін. Шешімін де, кесімін де өзін айт. Мен сенің айтқаныңды ғана орындаймын. Күт десең – күтемін, шалға бар – тұрмысқа шық десең – шығамын. Талай махаббаттың қанатын қырыққан соғысты бастаған қаскөй жауға лағынет айтып шығамын. Бүркітбайдың босағасында басыма қызыл желек бүркелсе, саған деген ақжүрегім қара жамылып жататын болады кеудемде.
Жоқ, бұлай болуы жөн емес, Ербол. Жазға дейін соғыс бітуі керек. Сендер Гитлер сұмның көзін жоясыңдар. Сонда Бүркітбай айдалада қалады. Екеуіміз қосыламыз – махаббаттың мерейі үстем болады. Махаббат зұлымдықты жеңеді. Сендер алыста жаумен жұлқысып жатырсыңдар. Менің жүрегімде махаббат пен шарасыздық шарпысып жатыр. Махаббат жеңісінің туы сендердің қолдарында, Ербол. Сендер жауды құртсаңдар, майданда сендер көтерген жеңіс туы мұнда жығылып жатқан мыңдаған махаббаттың жалауын жалтылдатады. Айналайын, қуатым, жауды тезірек жеңіңдер. Сөйтіп, өзіңді де, мені де құтқар мына азаптан.
Қасымдағы қыздар жатып қалды. Мен стол шамын жаныма жақындатып алып, саған осы хатты жазып отырмын, жылап отырмын. Мына бір сиясы жайылып кеткен сөз – менің көз жасым тамған жер.
Жаман айтпай, жақсы жоқ деген, Ербол. Жазда, жазатайым, Бүркітбайдың жайған торына түсіп қалсам, сен мені кеш. Өзіңді уыз махаббатыммен шексіз сүйгенім үшін кеш. Соғыста талай темірдің қамырша иленіп, талай шойынның шыныдай үгітіліп жатқанын сан рет жазып едің ғой маған. Ендеше адам жаны темірден төзімді ме, шойыннан берік пе? Майданда сом болаттарды күйреткен соғыс елде де талай серттерді сындырып, уәделерді уатып жатыр. Әрине, оның да тауқыметі жауынгерлердің иығына түседі. Олай дейтінім, осы жолы ауылдан келгенде, күйеулері соғыста жүрген кейбір жас әйелдердің сөз байласқан жігіттері майданға кеткен қыздардың күйеуге шығып алғандарын көрдім. Жоғарғы ауылдағы өзіңнің Ағайша жеңген завферма боп жүрген Жолболды деген шұбар шалға тиіп алыпты. Алматыға қайтар алдында, мектептің жанындағы ләпкеде кездесіп:
– Неге өйттіңіз? — деп сұрадым Ағайшадан.
– Күйеуімнен соғыс басталғалы хат жоқ. Мен сонсоң шықтым. Ал Еркеш қайнымнан (жеңгелеріңнің сені солай деп атайтыны есінде шығар) күн сайын хат алып отырған сен де Бүркітбай бастыққа барғалы жатыр дейді ғой, – деп, ол өзімді кекетті.
Төменгі ауылдағы «бес жорға» атанған бес бойжеткеннің бірі Қазиза еді ғой. Сол отыз жыл отасқан әйелін тастатып, бригадир шалға шығып алыпты.
Бұл менің бір ауылдан, өзіміздің колхоздан ғана көргенім. Ондайлар басқа ауылдарда да бар шығар. Осының бәрі тұрақсыздықтан емес, көпшілігі шарасыздықтан кетіп жатыр, Ербол. Мұның бәрін сенің алдында ақталу үшін жазып отырғаным жоқ, жаным. Ертең жауды жеңіп, аман қайтқан жігіттердің бәрі өздерін тоспай кетіп қалған жарлары мен ғашықтарына қарғыс дауылын боратып, лағынет боранын ұйтқыта келеді әлі. Сонда, ең жоқ легенде бір жігіт — менің ақылды досым, бар жағдайды байыппен ойлап, пайымдай білетін Ерболым олай етпесін. Ол пайдасыз ашу мен ызадан биік болсын. Қыз сорлылардың шалға телініп, жат босағаны жастанғанымен, өздерінің сол жігіттерге деген сүйіспеншіліктерін жүректерінің түкпіріне түйіп, өмір бойы жадында сақтап қалғанын білсін. Қанша бармын, бақыттымын десе де, сол алғаш сүйген жігіттерінің төбесін көргенде шексіз қуанатындарын, оңашада соларды ойлап, өксіп алатындарын түсінсін. Сөйтіп, қыздарға кешірім етсін, жалғыз өз атынан емес, барлық жігіттер атынан кешірім етсін деп жазып отырмын мұны.
Жоқ, Ербол! Сен мұны мен Бүркітбайға баруға бел байлаған соң айтып отыр екен деп ойлама. Жоқ, атама. Бұл жүрегімді жайып, бар сырымды ақтарғаным саған бәрін жасырмай жазғаным. Осылай ақтарыла сөйлеуге мені өзің үйретіп едің ғой, жаным. Сол талабыңды орындағаным.
Miне, ағарып таң да атты. Терезеден ақбас Алатаудың бір шыңы көрінді. Осы шыңдай берік, осы шыңдай тұрақты болам деуші едім өмірде. Оны алдағы күндер, алдағы жағдайлар көрсетеді.
Міне, қалқам, мен болдым. Сенін амандығыңды тілеймін. Осы жазда жауды құртуларыңды күтемін. Сенің маған ақыл қосатын хатыңды тосамын. Басынды көкірегіме басып, қысып, сүйдім сені. Окобыңда, аязда тоңып отырған жеріңде ерніммен аймалап, айқара құшақтадым, жаным.
Сенің Сәлимаң.
1944 жыл, 20 февраль.
Алматы, КазГУ».
Мен хатты оқып болып, Меңтай екеуміздің ортамызға қойдым. Қыз қолын хатқа созбады. Маған оның жүрегі толқып, отырғандай көрінді. Бірақ онысын сездірмеді.
Бұл Сәлиманың сізге жазған хаты ғой, – деді арамыздағы біраз үнсіздіктен кейін Меңтай.
– Иә. Қыздың көмейіне оның ар жағы не болды деген сұрақ та келген болар. Бірақ ол енді ләм демеді. Басталған әңгіме аяқсыз қалмайтынын біліп, әліптің артын бағып, үнсіз отыра берді.
– Енді ар жағын айтайын ба? – дедім қызға қарап.
Меңтай басын изеді.
Бір хатты оқып шыққаннан кейінгі менің жайым еркек қауымының бәріне де түсінікті ғой. Көзге көрінбейтін әлде бір алып қол мені желкемнен қапсыра ұстап алып, біресе ашқазанда бұрқ-сарқ қайнап жатқан ыстық суға малып, одан соң сақылдаған сары аязда мұз ойыққа батырып алғандай болдым. Сол күшті қол мені осы бір ыстық, бір суыққа кезек сүңгітіп суырғанға ұқсады. Біресе денем от боп күйіп, артынша мұздап қоя береді. Өне бойым қалш-қалш етіп бүрісіп, Бальзактың былғарысындай кішірейіп бір жапырақ боп бара жатқан сияқтанамын.
Қойшы, не керек, сонымен ол кезде күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылдым. Сәлимаға не деймін, не деп жауап беремін деп қиналдым. Оны ойлағанда қолымдағы мылтығымның сусып қалай жерге түсіп кеткенін де аңғармай қаламын. Бүркітбайға бар деуге Сәлиманы қимаймын, Сәлимадан айырылып қалсам, енді ешқашанда маған ондай жақсы қыз кездеспейтіндей көрінеді. Ешкімге барма, өзімді тос дейін десем, өлермін деп ешқашанда ойламағаныммен, анық тірі қаларыма, осы күнгідей он екі мүшем сау аман келеріме және көзім жетпейді. Өлі болам ба, тірі қалам ба – онда шаруаң болмасын, тек мені тос деп эгоистік жасауға тағы да арым бармайды.
Сәлима хатында жазға дейін жауды жеңіп кел, сонда өзіміз қосыламыз дейді. Менің сөйтіп оған жеткім-ақ келеді. Бірақ бүкіл неміс армиясын жазға дейін жалғыз жайпап тастау менің қолымнан келе ме? Егер бәрі менің қолымда болса, онда жазға дейін емес, бір айда-ақ, тіпті бір тәулікте, тіпті сол күні-ақ жауды құртып, бар ғашықты бақытты етіп, елге қайтқан болар едім. Қайтейін, қанша бұлқынса да бір солдаттың қолында не бар.
Өстіп дәл-сал болып жүргенімде елден тағы бір хат алдым. Оны ауылдан Сәлиманың шешесі жолдапты. Әрине, Бүбіш апайдың өзі хат білмейтін. Бұл апайдың кіші қызы Сәнияның да жазуы емес. Қолтаңбасы маған өте таныстау. Басқа біреуге жаздырыпты. Хатының мазмұны мынадай.
«Қымбатты Ербол балам!
Дүние тыныштық болса, сені шын балам болар деп ойлаушы едім. Сұм соғыс килікті де, бәрінді көгендеген қозыдай алысқа алып кетті. Сәлимам сені сарғайып көп күтті. Оның енді отыруының орны жоқ. Ерге шығуы керек. Шырағым, мен шешемін ғой. Ең жоқ дегенде бір қызымды қолымнан ұзатып, қызығын көрейін. Егер сенің оны шын жақсы көретінін рас болса, бағын байламай, рұқсатымды бер. Оған, кінә қойма, өз күнін көрсін, обалдарың сұм Китлерге болсын.
Ал, қарағым Ербол! Осыны сенен аналық тілек етемін. Жасыңнан ана сыйлаған жалғыз едің ғой. Айтқанымды орындасаң — батамды беремін. Құдайдан сенің аман-есен келуіңді тілеймін. Аман келсең, өзіңе лайық қыз табылады елден.
Анаң Бүбіш».
Бұл хат жанымды және күйдірді. Күйдірген кемпірдің сөзі ғана емес (бірақ шеше байғұста не кінә бар), сол хаттың жазуы да еді. Әріптері қиқы-жиқы бұл шимай Бүркітбай бригадирдің жазуы. Мен жыл сайын, оқу біткеннен кейін, жаз бойы оның табілшісі болатынмын. Сондықтан да маған Бүркітбайдың қай әріпті қалай жазатыны, тәбілдің аяғына қолды қалай қоятыны, бес саусағымдай белгілі еді. Төрт бұрышты конверттен алынған хат бетіне тізілген сол бір қиқы-жиқы әріптер енді маған омартадан құжынай ұшқан сары-ала шыбын – сансыз араларға айналып, өзімді жабыла талағалы келе жатқан сияқты боп көрінді.
Сонымен, біресе жапандағы жалғыз жолаушыны қамаған аш қасқырдай анталап, алдан да, бүйірден де снаряд миналар жарылып, біресе ордалы жыландай жан тітірете ысқырып, сумаңдап, оқ қаумалап, біресе үстіне төнін келген аюдың тісіндей сақылдаған жау танкі ыстық ұяң окопты таптап, сол өміріне күніне қырық рет қауіп төндірген қырық төртінші соғыс жылының сұрапыл қысы да өтіп бара жатты. Бұл уақыт ішінде мен Сәлимаға арнап сан рет хат жазып, сан рет жырттым. Ақыры, көктемнің алғашқы күндерінің бірінде мен оған мынадай жауап жібердім:
«СӘЛИМА!
Менің өмірімнің қауіпте екені рас. Осы күнге дейін өзім өлермін деп еш ойламасам да, соғыс біткенше өлі боламын ба, тірі боламын ба, ал тірі қалсам – мүгедек боламын ба, әлде жай жарақатты боп қайтамын ба, білмеймін. Бар білетінім: осы соңғы үш айдың ішінде ғана бірнеше жан жолдастарымнан айырылдым.
Мен сені шексіз сүйетінімді өзің білесің. Сүйгендігім үшін өз жүрегімді өзім тұншықтырып, құрбан етуге ұйғардым. Сен мені күтпе, қалаған адамыңа тұрмысқа шық. Өлсем – есіңде сақта. Бір балаңа менің атымды қой – мен соған да ризамын.
Қош.
ЕРБОЛ.
1944 жыл, 15 апрель.
Майдандағы армия».
Осылай дедім. Өйтпегенде қайтейін. Ол менің некелеп алған жарым емес қой. Біздің екі-үш рет сүйісіп, тілден бал сорысқаннан басқа арамызда ештеңе болған жоқ. Елде, Сәлиманың өзі айтқандар аз ба? Қайта Сәлиманың менен рұқсат сұрағанына рахмет. Бүркітбайға сұрамай-ақ шығып кетсе мен не істейтін едім. Шешесі айтқандай, өзім шын сүйген Сәлиманың бағын байламайын.
«Тос мені, тос!» деп хатқа жазуға немесе әндетіп айтуға ғана оңай шығар. Тосушы ол үшін талай тозақтан, талай тұзақтан өтетін болар. Сол көп тозақтың бірі — шеше қаһары. Үй ішіне, сөз салушыға жек көрінішті болып, сені күткен жардың еңбегі сен аман барып, ақталса, жақсы. Ал олай болмаса ше? Өлген өкіне білмейді. Күйініш тіріні күйдіреді. Өзің олай-пұлай боп кетсең оны және отқа салудың қажеті не? Қыз байғұс сені сүйгеніне кінәлі ме?..
Осылай ойладым. Сондықтан «өзің біл, ойлан» деп, Сәлиманың басын қатырмадым. «Мені күтпе» деп, пышақ кескендей ғып, бірден айттым.
Хатымды бүктедім де, тез почташыға бердім. Өйтпесем, тағы да жыртып тастайтынымды сездім. Почташы оны дивизия штабына апарып тастады. Одан басқа да үшкіл хаттармен бірге, армия почтасына жөнелтілді. Сөйтіп, менің хатым елге, Алматыға қарай бет қойды.
Хат осылай жылжып кетіп бара жатқанда маған тағы да мынадай ой келді. «Осыным дұрыс болды, – дедім өзімді-өзім жұбатып. – Бұлай ету біріншіден, менің адамгершілік парызым. Екіншіден, Сәлимаға қойған сыным. Ол мені шын сүйсе, оның үстіне уәдесіне берік, табанды болса – мені тосады. Ал шын сүймесе, сүйсе де табансыз тайғанақ болса – мені күтпейді».
Ақыры ол мені күтпеді. Хатымды алғаннан кейін, 1-май мерекесінде ауылға барады да, қайтадан КазГУ-ге қайтпайды. Бүркітбаймен қосылып, біржола қалып қояды.
–Ақыры ол мені күтпеді, — деп жоғарыдағы сөзімді қайталап айттым. – Бірақ күтпегеніне қыз кінәлі емес, «күтпе» деген өзім кінәлідей сезіндім соғыс біткеннен кейін. Жұрт айтып жатқан «Тос мені, тосты» неге айтпадым деп өкіндім. Өкінгенмен не пайда? Мен бұл сұрапыл соғыстан тірі қалатынымды, тірі қалғанда он екі мүшем сау болып елге осылай аман келетінімді біліппін бе?
Мен әңгімемді бітіріп, үстел үстінде жатқан Сәлиманың хатын алып, бүктедім де, қайтадан шинелімнің қалтасына апарып салдым. Сол арада қолыма қойын дәптерім ілінді де, оның ішіндегі бағана бөлек қағазға жазып алған өлең ойыма түсіп, жүрегім кеудемді тепкілеп қоя берді. «Мұны қалай етсем екен?» деп ойладым.
– Апырай, бұл кісі Пенелопа болмады ғой, — деді Меңтай осы кезде бірақ үн қатып.
– Мен де Одиссейге ұқсамай жатырмын-ау, – дедім қызға қарай бұрылып. – Сәлиманың қолына Одиссейдің садағындай садақ тастап кетпеген соң, әрине, солай болады.
– Дегенмен өзі ақылды, сөзге де, ойға да ұста, шешен қыз екен.
– Ақын болсам деп арман етуші еді.
– Ә, бәсе.
Меңтай Сәлиманы осыдан артық талқыға салмады. Ал бір-ақ ауыз сөзбен баға берді.
– Адамгершілік, ізгілік шарттарын бұзу өмірде көп кездескенімен, махаббаттан бас тарту сирек болады деуші еді. Бірақ бәрі жағдайға байланысты ғой.
Осылай деп, өзіне тән ұстамдылықпен, ақырын ғана басын шайқады да қойды.
– Ағай, сіз отыра тұрыңызшы, — деді ол содан соң орнынан көтеріліп. – Мен мына көрші қыздардың плиткасы босады ма екен, біліп келейін.
Маған да керегі осы еді. Меңтай шығысымен орнымнан атып тұрып, шинелімнің қалтасындағы бағанағы өлеңді алдым да, қай жерге тастап кетсем екен деп, жан-жағыма қарадым. Осы кезде Меңтайдың қайтып келе жатқан тықыры естілді де, мен буыным қалтырап, қолым дірілдеп, үстел үстінде жатқан «Одиссея» кітабының ішіне тыға салдым.
– Плиткалары бос емес екен, — деді Меңтай дағдарып. – Мен тағы да бір шай қайната қойсам ба деп едім.
– Жоқ, Меңтай, рахмет. Мен кетейін, кеш боп қалды ғой, – деп жалма-жан киіміме қарай ұмтылдым. Енді кішкене бөгелсем, Меңтай «Одиссея» арасындағы қағазды көріп қойып, масқарам шығатын сияқтанды.
– Ағай, келгеніңізге көп рахмет, – деді Меңтай. – Ертең жексенбі ғой, уақытыңыз болса тағы да келіңіз. Келесіз бе?
Мен тілім байланып қалғандай, басымды изедім.
Жатақханадан шықсам көшелер қараңғыланып қалған екен. Жаңағы қағазды жылтыңдатып кітаптың арасына неге салып кеттім деп жатып өкіндім былай шыққан соң. Ол бағана мені туған ағамдай көремін деген жоқ па еді. Сөйтіп, «бауырыңмын, қарындасыңмын» деп отырған қызға ғашықтық өлеңін тастап кеткенім қай иттігім? Ертең Меңтайды қалай көремін, оның бетіне қалай қараймын?
Өстіп, өзіммен өзім ұрысып, қараңғы көшеде бүкеңдеп келе жатқан мен оқ-дәрі қоймасына есебін тауып сағат, минуты жеткенде жарылатын мина тастап, сол жарылыстан жан ұшыра қашып, аулақтап бара жатқан жау жағының жансызындай сезіндім өзімді сол сәтте.
Махаббат пен сана бірін бірі тыңдамайтынын, әрқайсысы тек өз дегенім ғана болсын дейтінін мен бірінші рет осы кеште ұққандай болдым.
VII
Ертеңінде қайтадан мен жатақханаға жолай алмадым. Меңтайға не бетіммен көрінемін, «ағай, мұныңыз не?» десе не деймін деп, өз жанымды өзім жегідей жедім. Сөйтіп, мені қисапсыз мас болған адамның өзінін орынсыз айтқан сөз, келеңсіз қылықтарын естіп, ертеңінде тартар өкініш азабындай қинап, екінші қаңтар өтті.
Үшінші қаңтарда, күндізгі сағат екіде лекциямыз басталмақ. Жатақханадан жүрегім шайылып қалған мен университетке баруға тағы бетімнен бастым. Қыздардың бәрі мені Меңтаймен қосыла кінәлап, мазақтап, масқаралайтындай көрінді. Тілдері ащы Қанипа мен Зайкүл: «Көзі қарайған там сүзеді дегендей, ағаң сені бір сүзіп көрейін деген ғой» деп қазірдің өзінде. Меңтайды ажуалап жатқандай сезілді.
Әлде бүгін университетке бармай қалсам ба екен деп бір ойладым. Әскерде себепсіз шашау шығып көрмеген басым, мұным тәртіп бұзғандық болар деп таныдым. Оның үстіне бүгінгі алғашқы екі сағаттық лекциядан өлсем де қалуыма болмайды. Ол профессор Әуеновтың лекциясы. Біздің филфак оқытушыларының ішінде Әуеновтың орны бір бөлек сияқтанады. Кейбір лекцияларда шулаңқырап, тіпті болмаса өзара күбірлесіп, күңкілдесіп отыратын студенттер аудиторияға Әуенов келгенде, оған ерекше құрмет білдіре жым болады. Ол лекцияға кіріскенде, аудиторияда ұшқан шыбынның ызыңы білінерлік дейтіндей тыныштық орнайды. Ол кісі лекциясын шүу дегенде кібіртіктеп бастап, біраздан кейін, тұяғы қызған тұлпардай көсіле жөнелгенде студенттердің айызы қанады. Аса бір миғұла, кеще біреу болмаса, оған әсерленбей, оны ұқпай ешкім қала алмайды. Профессор студенттерді бір лекциядан бір лекцияға қарай қызықтырып, ынталандыра жетектеп отырады. Лекциядан сырғып шығу, әсіресе Әуеновтың лекциясына қатыспау бәріміз үшін кешірілмес күнәдай болатын. Әсіресе, соғыста төрт жыл бойы кітабын арқалап жүрген маған сүйікті жазушының сабағына қатыспай қалу қылмыс жасағаннан кем көрінбес еді. Оның үстіне мен алдыңғы күні Меңтай бөлмесінен шыққаннан бері өзімді әлдекімнің құзырында, әлдебір көрінбейтін шеңбердің құрсауында қалғандай сезіндім. Меңтайды көруден тартынсам да, қаймықсам да, көргім келетінін аңғардым.
Сағат бірден аса университетті жағалап келуін келгеніммен, оның ішіне ене алмай көп күйбеңдедім. Біресе оның баспалдағына көтеріліп, біресе одан қайта түсіп, қарсыдағы паркқа еніп кетіп, әбден есім шықты. Өзіміздің қыздардың ешқайсысының көздеріне көрінбеуге тырыстым. Сағат екіге бес минут қалғанда ішке кіріп, шинелім мен фуражкамды гардеробқа өткіздім де, төменде біраз бөгеліп тұрып, екінші этажға көтерілдім.Тура сағат екіде ішінде Меңтай отырған отыз үшінші аудиторияның қасына жетіп, тәңір үйінің қақпасы алдына келген діндардай дірілдеп, есіктің тұтқасын ұстадым. Осы кезде қарсыдағы деканаттан шығып, профессорға бас иіп, ол кісіден бұрынырақ асыға ішке еніп кеттім.
Мен аудиторияға емес, жаңа ғана жау өртеп кеткен деревняға енгендей болдым. Бетімді ып-ыстық от лебі шалған іспеттенді. Не болса деп, өзім ең алғаш келгендегі артқы партаға қарай тарттым.Тұсынан өтіп бара жатқанымда Меңтай маған бірдеңе айтпақ болғандай жалт қарап еді, өрт ішінен созылып оза шыққан бір ұзын қызыл жалын мені қатты шарпып, өн бойымды күйдіре тұншықтырып, орап өткен сияқтанды.
Артқы партада Жомартбек деген аққұба өнді, ұзын бойлы тыриған арық бала жігіт отыратын. Ол үнемі қызметкер ағасының үстінен түскен көнетоз киімдерін киіп жүретін және ылғи шетте отыратын. Сондықтан сырт пішіні жағынан, ит-құсты үркіту үшін қотан сыртындағы жіңішке ағашқа кигізіп қойған ескі киім, тымаққа – қарақшыға ұқсаңқырайтын. Ал мінез жағынан – тіл алғыш, жұғымтал, оның үстіне едәуір қу тілді болатын. Мен ең алғаш келгенде Жомартбек соқыр ішегіне операция жасатып, ауруханада жатқан екен. Содан сауығып, он шақты күннен кейін курсқа қайта келген. Отыз қыздың ішіндегі еркек кіндікті екеуіміз ғана болғандықтан бір-бірімізге үйір бола бастағанбыз.
– Ағай, менің қасыма келдіңіз бе? – деп Жомартбек тісін ақсита күліп, мен жанына тақай бергенде-ақ орын босатып, өзі төрге қарай сырғыды.
Мен орныма отыра бергенде есіктен профессор кірді. Екі жақ самай шашы толқындай бұйраланып, қасқа маңдайы жарқырап, орындарынан тұрып қошемет көрсеткен студенттерге қайта-қайта бас иіп, жымия күлімдеп, сонысымен бәрімізді баладай қуантып, профессор төрге қарай аяңдады.
Оқытушы столына жайғасқаннан кейін профессор алдында отырған студенттердің бастарынан асыра әлдебір қиян алысқа көз тастағандай сәл үнсіз отырды да, ұзын кірпіктерін қайшылай қағып-қағып жіберді. Осы бір сәт алдымен аспанда айқыш-ұйқыш нажағай ойнап, артынан шелектеп бір нөсер төгер ғажайып шақты еске түсірді. Әуенов лекциясын бастап, телегей-теңіз білім төгіп, ағыл-тегіл боп ақтарылды да кетті.
Алайда, «Абайдың лирикасы» деп аталатын осы лекцияның алғашқы сағатын мен алаң-құлаң тыңдадым. Бұл лекцияны бекерге жібермеуім керек деп, өзімді өзім қаншама қайрасам да, «Қызыл көрпе» өлеңі есіме түсіп, тәубамнан жаңылғандай айдалаға лағамын.
Өстіп екі күйдің — аудиториядағы Әуенов лекциясы мен жүректегі махаббат сазының қайсысына көбірек көңіл бөлуді білмей, дел-сал болып отырғанымда қонырау соғылды. Мен аудиторияда қалмай, оқытушымен ілесе тезірек шығып кетпек болып, парталардан аулақтап, қабырғаға жанаса жүріп, жылдамдай басып, есікке қарай ұмтылдым. Партадан көтеріле бергенде Меңтайдың да орнынан тұрып жатқанын көзім шалып, қалып еді. Оның ашулы жүзін көрмейін деп, төмен тұқырып алғанмын. Есікке тақап, тұтқаға енді қолымды соза бергенімде асаудың алдынан арқан құрғандай боп, екі құлашын екі жағына керіп, бетіме жымия қарап тұрған Меңтайды көрдім. Қанша қысылсам да, алдымда кісі тұрғанда кимелеп өте шығатын сиыр емеспін ғой. Меңтайдың бетіне тура қарауға жүзім шыдамай, теріс айнала бөгеліп, тоқтап қалдым. Меңтай мені жұрт көзінше жерлеп, масқара етпек болған екен деп, өне бойымды тер жауып қоя берді.
– Ағай, сіз ақын екенсіз, – деді қыз осы кезде.
Мен селк ете түстім. Селк еткенім: «Мен қате естіген болармын. Қыз: «ағай, сіз ақын екенсіз» демей, «ағай, сіз ақымақ екенсіз» деген шығар деп ойладым. Одан сайын ұнжырғам түсіп кетті.
– Ағай, сіз ақын екенсіз деймін, – деді қыз тағы да. Бұл жолы ол көңілді кезіндегідей әр сөзін соза, әндетіп айтты. Мен «ақын екенсіз» деген екі сөзді дұрыс естігеніме сенбегендей, екі көзім жыпылықтап Меңтайдың бетіне қарадым. — Иә, ақын екенсіз, нағыз ақынсыз, – деді ол басын изеп, тағы да жымия түсіп.
Үш күннен бері тартқан қасіретімнің төлеуіндей болған бұл жымиыс маған соншама қымбат еді.
Жүрегім жана орнына түскендей болды. Меңтайдың маған ұрыспайтынына, жұрт алдында масқараламайтынына енді ғана көзім жетті. «Уһ!» деп, арқамнан ауыр жүк түскендей терең бір дем алдым да:
– Рахмет, Меңтай! Ақындық қайдан келсін, әшейін… – деп міңгірледім.
– Жоқ, «Қызыл көрпеңіз» жақсы өлең, – дейді Меңтай. –Зайкүл де, Қанипа да, Майра да басқа қыздар да оқыды. жақсы деп тапты. Менің сізге ол көрпенің тарихын да айтып бергім келді.
– Әй, Ербол, — деді Зайкүл мені қолымнан жұлқылап, төрге қарай сүйреп. – Осы сенің мына Меңтаймен не пәлең бар. Осыдан басқаны көзге ілмейсің де, мұның төсегіндегі көрпесіне дейін өлеңге қосасың. Саған қызыл керек болса, менің көйлегім, пальтом да қызыл, тіпті аяғымдағы етігім де қызыл. Айта берсең, өзім де қып-қызыл от емеспін бе жайнап тұрған. Сен осы мені неге өлеңге қоспайсың?
Қыздар ду күлісіп жатыр. Осы кезде жүгіріп Жомартбек келді.
– Шұрқ етпе, Зайкүл, — деді ол кеудесін басып. — Саған деген асыл сөз мына алтын сандықта сақтаулы жатыр.
– Ал, айт, ендеше, – деді Зайкүл қырланып. Жомартбек тамағын кенеп, Зайкүлге жалынып, жүрек шерін ақтарғандай боп әндете жөнелді.
Қаpa көз, имек қас.
Қаpaca жан тоймас.
Аузың бал қызыл гүл,
Ақ тісің кір шалмас.
Зайкүл көзін құбылтып, ернін бүрістіріп мәз боп қалды. Қарқ еткізіп әсем ақ тістерін және ақситып үлгірді. Жомартбек өлеңін одан ары жалғастырды.
Иісің гүл аңқыған,
Нұрың күн шалқыған.
Көргенде бой еріп,
Сүйегім балқыған…
Жомартбек өлеңнің әр жолының мазмұнына қарай бірде мойнын созып, бірде екі құлашын кең жайып, одан соң балқып, еріп, ақырында бу боп ұшып бара жатқандықты танытып неше қимылдар жасап болып тоқтап, Зайкүлге басын иді.
– Бис! Бис! — деп қыздар қол соқты. Зайкүлдің өзі де мәз болып, алақанын қоса шапалақтады.
– Әй, мынауың жап-жақсы өлең ғой өзі, – деді Зайкүл Жомартбекке разы боп. – Басқа біреудікі емес пе?
– Жоқ, Зайкүл! – Жомартбек кеудесін соқты.
– Қарғаншы өзімдікі деп.
Жомартбек шұбырта жөнелді.
– Егер осы өлеңді Зайкүлге арнап өзім шығармаған болсам аяқтағы суға ағылып өлейін, құрғақтағы киттерге қағылып өлейін, тумаған ту асаудың құйрығына тағылып өлейін! Оллаһи! Биллаһи!
Осылай деп Жомартбек зірк-зірк еткізіп сөзін аяқтап, екі қолын бірдей аспанға көтерді.
– Сендім, сендім, — деді Зайкүл Жомартбектің «ант» ішкеніне разы боп. — Онда сен бір өлеңді жақсылап ақ қағазға көшіріп басына «Зайкүлге» деп жазып, менің кітабымның арасына әкеп салып қой.
– Құп болады, Зайкүлжан, – деп арық Жомартбек сұрақ белгісіндей иіліп қалды.
– Әһ, Зайкүл, сен Жомартбекке рас сеніп отырсың ба?– деді Майра. — Бұл Абайдың «Көзімнің қарасы» деген өлеңі емес пе?
– А, не дейді. Мен расында өзіме арналған өлең екен деп қуанып едім. Осы ақындар «С-ға», «Қ-ға», пәленшеге, түгеншеге деп жазып жатады ғой. Маған да біреу өлең арнасашы, шіркін! – деп Зайкүл дағдарып қалды. – Ал мен Абайдың «Айттым сәлем, қаламқастан» басқа өлеңін естіген емеспін.
– Естігенің не, оқымайсың ба? — деп күлді Майра.
– Жоқ, мен өлең оқымаймын, – деді Зайкүл басын шайқап.
– Өйткені мен қызбын. Ал қыздың өзі өлең. Ендеше, мені жігіттер оқысын.
– Рас, өзге қыздар өлең болса, біздің Зайкүл поэма ғой, – деді Жомартбек жымыңдап. – Поэманың әр бетін ақтарғаның сияқты…
Осы кезде үзіліс бітіп, профессор аудиторияға қайта кірді. «Мен саған көрсетермін кісі алдағанды» дегендей, Зайкүл арт жаққа бұрылып, Жомартбекке жұдырығын түйді. Мен бұл сабақта бұрынғы орнымда, Меңтайдың қасында отырып қалдым. Меңтайдың маған ренжімегеніне шаттанып, көңіл алаңы басылғандықтан болар, бұл жолы Әуенов лекциясын тағы да бұрынғымдай сүйсіне тыңдадым. Бір сағатын профессор Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» дейтін көпке мәлім өлеңін талдауға арнады. 1884 жылы жазылған бір өлеңнің тақырыбы қазақтың бойжеткен қызының сырт көрінісін, мүсін келбетін суреттеуге арналғанын, жас атаулы қызығарлық, сүйсініп тамаша етерлік ерекше сұлу қыздың портретін ақын қалай жасағанын, сол портретті сомдау тәртібін санамалап айтты. Қыздың сырт мүсінін суреттеуде төл әдебиетте теңдесі болмаған бұл өлеңді Пушкин, Лepмонтов, Байрон, Гейненің қызға арнаған өлеңдерінің жатқа үзінділерімен салғастырып бір өтті. Қалай дегенмен бұл өлеңде Абайдың әлі де әлеуметтік шындықты, халық арасындағы ауыртпалықты сыншылдықпен жырлайтын қоғам қайраткерлері дәрежесіне көтерілмегендігін, «Қақтаған ақ күмістейден» көбінше сұлулықты, жарастық келісімді ғана жырлайтын эстет ақынның лебізі аңқып тұрғандығын профессор бір түйіп тастады.
Осыдан кейін ол осы өлеңнің бойындағы өзінің кемшілік, мін деп табатын жайларына тоқтады. Оның айтуынша ақын бұл өлеңінде тірі адамды, оның жай-күйін бейнелеудің орнына сурет берген. Қасы қандай, шашы қандай, көзі қандай, мұрны қандай деген сияқты анкеталық сұрақтарға жауап іздеп, тек қана паспорттық сипаттау жасаған. Мұның себебі ақынның әйел жынысына қазақы көзбен қарап, қыз көре келген жігіттің немесе келіп айттыра келген құданың көзқарасынан аса алмауында, – деп тағы да пайымдау жасады.
Бұдан кейін профессор Абайдың «Аттың сыны» дейтін өлеңін еске алды. Анықтап қараған кісіге «Қақталған ақ күмістеймен» осы өлеңнің арасынан айқын композициялық ұқсастық танылатынын айтты. «Ат сынында» жүйрік аттың сырт мүсіні мүше-мүшесімен реттеле баяндалады. Әрине, атты солай суреттеу орынды. Ал адамзатты сипаттауда мұндай әдісті қолдану қонымды емес деген қорытынды жасады профессор.
Абайдың еш өлеңінде ешқандай мін бар деп ойламаған біз оған арналған мынадай сындарды естігенде екі көзіміз бақырайып, профессорға сенерімізді де, сенбесімізді де білмегендей, тесірейіп отырып қалдық. Әрине, сенбеске болмайды. Бар дәлелімен тайға таңба басқандай етіп көрсетіп отырған бұл кемшіліктерді еріксіз мойындауға тура келеді.
Бұл аз дегендей профессор енді сол өлеңнің композициялық шалағайлығын ашады. Өлеңнің бас жағы бір тақырыппен басталып, аяқ жағы екінші тақырыпқа ауысып кететінін, әуелде іс пен мінез жоқ, тек сырт болса, кейін сырт жоқ, тек мінез ғана айтылатынын, сөйтіп алғашқыда мақтаған нәрсесіне ақын кейін кейіп, ұрысқа жақын сөздер қолданатынын көрсетеді. Атап айтқанда ақын алғашында қыздың күлкісі «бұлбұлдай», «іш қайнатады» деп мақтаса, соңынан сол күлкіні «жартақтап», «тыртақтаған» деп жаратпай шыға келеді.
Осыдан кейін Әуенов екінші бір өлеңін талдауға көшеді. Бір талдаудан бір талдау қызық боп, ол бізді Абай өлеңдерінің қатпар-қатпар шатқал, шыңдарына қарай жетелеп бара жатқан тәрізденеді.
Әуеновтың өзге оқытушыларда жоқ бір өзгеше дағдысы бар еді. Ол әрқашанда сондай қызықты лекциялардың соңынан міндетті түрде бес минуттай уақыт қалдыратын. Осы бес минутты ол жеке студенттің жай-күйімен танысуға жұмсайтын. Күн сайын бір студентті орнынан тұрғызып алып, өзі оған әртүрлі сұрақтар беретін.
Бағана менің аудиторияға кешірек келгенімді көзі шалып қалған соң ба, бұл жолы ол мені орнымнан тұрғызды.
– Ербол, сен осы соғыста неше жыл болдың?
– Төрт жыл, Мұхит аға.
– Сонда кітап оқи алдың ба?
– Оқыдым.
– Қане айтшы, қандай кітаптар оқыдың? – деп профессор менің оқыған кітаптарымды санау үшін сол қолының саусақтарын ыңғайлай бастады.
– Шекспирдің «Король Лирін», Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатын», Гетенің «Жас Вертерін», – осы кезде Меңтай жалт етіп, менің бетіме бір қарап қалды. — Анатолий Виноградовтың «Паганиниді ғайбаттау» деген кітабын, Александр Бектің «Волоколам тас жолын» оқыдым.
– Пәлі, — деп профессор рахаттанып қалды. — Өзің көп кітап оқып тастапсың ғой. Мен соғыс солдаттарының кітап оқыр хал-мұршасы болмайтын шығар деп ойлаған едім.
– Мұхит аға, – деді Зайкүл осы арада профессордың аузындағы сөзін қағып әкетіп, – бұл сіздің «Ақын» романыңызды да оқыпты. – Осы арада Зайкүл өз-өзінен сықылықтап күліп алды. – Сыртын далба-дұлба қылып алып келіпті. Әсіресе Тоғжанды айтқанда аузының суы құриды мұның.
Әуеновтың өңі күреңітіп, қозғалақтап қалды. Содан соң сүйінші сұрағандай боп, оң қолының қос саусағымен тыныш тұрған етжеңділеу келген қыр мұрнын жебей сауып, жұлқып-жұлқып жіберді. Бұл оның қатты сүйсінгендегі немесе ерекше күйінгендегі әдеті еді.
– Пәлі, не айтады мына Зайкүл, рас па, Ербол? — деп профессор менің бетіме қарады.
Мен тез басымды изедім.
– Сіздің «Ақыныңыз» біздің күндік нанымыз, артық патронымызбен бірге арқамыздағы зат қапшығында жүрді.
– Пәлі, не дейді-ау? Ал оқи алдыңдар ма оны?
–Жорықта келе жатып та, окопта отырып та оқыдық, Мұхит ағай, – дедім мен студент болғалы бірінші рет «ағай» деген сөз аузымнан шығып. – Ол кітаптың көп көмегі болды бізге.
– Пәлі, не көмегі болды? — Әуеновтың екі беті нұрланып, көзі күлімдеп, жүзі бұрынғыдан да жыли түсті. – Қай қаһарман басым көмек көрсетті?
– Бәрі де. Әсіресе Тоғжанның көмегі көп болды. Ол бір емес, Бірнеше медсестра, санитарка қызметін жалғыз өзі атқарды десем, артық болмас деймін.
– Пәлі, не дейді-ау! Шын ба осының? – деп профессор мол денесін тез қозғап, ілгері ұмсынды.
– Шын, Мұхит аға.
Әуенов сәл шалқайыңқырап, тағы да мұрнын сауа сипалап қалды.
Осы кезде лекцияның біткенін хабарлап, қоңырау соғылды. Бірақ профессор асықпады.
– Ербол, сен өзің мені қуантып тастадың ғой, — деді ол алдында жатқан папкасын бір сипап қойып. — Ал енді өзің осы айтқандарыңды қағазға түсіре алар ма едің? Тоғжанның жаңағы өзің айтқан майданда талай медсестраның қызметін атқарғанын дәлелдеп, оқушыны иландыратын етіп жазуың керек. Осы қолыңнан келер ме еді?
– Келеді, Мұхит аға, – деді Зайкүл мен үшін жауап беріп.
– Бұл өзі ақын. «Қызыл көрпе» деген өлең жазған.
Мен ұялып, Меңтай жаққа қарай жүзімді бұрдым. Байқасам, ол да қызарып кеткен екен.
– Жазып көрейін, – дедім мен.
– Өзің өлең де жазушы ма едің? – деді профессор орнынан тұрып жатып.
– Жоқ, жай, әшейін…
– Шын, шын, Мұхит аға! — Зайкүл қасы қанжардай дір етіп, одан сайын өзеурей түсті. – Өзі өзге сабаққа да жақсы. Соғыстан қайтқалы әлі үйіне де барған жоқ.
Профессор Зайкүл сөзінің бас жағында күлгенімен, аяқ жағына назар аударып, менің әлі елге бармағаным анық па екен деп сұрады. Мен оқу басталып қойғаннан кейін бір жылым босқа өлмесін деп осында қалып қойғанымды айттым.
– Жарайды, онда тіпті жақсы. Ал енді сен жаңағы айтқанды менің алдағы дүйсенбідегі келесі сабағыма дейін жазып әкел,– деді профессор. – Одан соң әлгі Зайкүл айтқан кітапты да ала кел. Мен басымды изедім. Келесі лекцияның оқытушысы жоқ болып шықты. Сөйтіп студенттер «терезе» деп атайтын бос екі сағат сопаң етіп шыға келді. Студенттер «терезеге» қайғырмайды. Бұл екі сағатта бірсыпыра жұмыстар бітіріп алады. Соның негізгілерінің бірі Совет көшесі мен Карл Маркс көшесінің бұрышындағы «Алатау» кинотеатрына бару.
Бір жолы да бірін-бірі еліктіріп, қыздардың бірсыпырасы киноға кетті. Аудиторияда бес-алты қыз бен Жомартбек екеуміз ғана қалдық. Біраздан кейін киноға барғысы келмейтінін айтып, Меңтай қайтып келді.
Меңтайдың ұрыспасына анық көзім жеткеннен кейін, бағана өзі айтқан қызыл көрпенің тарихын білгім келді. Жомартбек екеуміз жағалап, Меңтайдың қасына бардық. Жомартбек қыздан бағанағы «Қызыл көрпе» деген өлеңдеріңді көрсетіңдерші деп өтінді. Меңтай кітаптарының арасын ақтарып, алдыңғы күні мен тастап кеткен қағазды тауып алып, – Оқыған соң өзіме қайтарып бер, — деп Жомартбекке ұсынды. Меңтайдың «өзіме қайтарып бер» деген сөзі жүрегіме майдай жақты. Ол менің сұрауым бойынша, маған «күндес» боп көрінген қызыл көрпенің тарихын баяндауға кірісті.
Меңтай Лениногорск шахтерінің қызы екен. Шешесі бастауыш мектепте мұғалім болыпты. Әкесі оның сәби шағында шахтада төбесіне тас құлап дүниеден қайтқан. Қыздың кішкене ағасы Жүніс сегізінші класс бітіргеннен кейін жұмыскер боп семья асырауға кіріскен. Соғыс басталар жылдың 1-майында оған жақсы жұмысы үшін сыйлыққа бес метр қызыл жібек тиеді. Бұған шеше байғұс қатты қуанады. Ұлының бұл алғашқы табысын ырым етіп, өз алдына отау шыққандағы бірінші жасауы болсын деп, арасына түйе жүнін салып, мектептен қолы бос кездерінде көрпе қабиды. Сөйтіп ұлын үйлендірмек болады. Сол екі арада соғыс шығып кетіп, ол көрпені етіне бір-ақ күн жамылып, Жүніс майданға кетеді. Содан кейін шеше ол көрпені ешкімнің етіне тигізбеген. Ұлына сақтаған. Ал ұлынан «өлді» деген қара қағаз келген. Жалғыз ұлдың жаманатына шыдай алмай, шеше сорлы сол хабарды естіген жерде, класс ішінде өзі де дүние салған.
– Соғыста ағайым оққа ұшты, – деді Меңтай күрсініп. – Соның күйігіне шыдамай апам өлді. Апамның өлгенін көзіммен көрдім, ағайымның өлгенін көргенім жоқ. Сондықтан Жүйкем өлді дегенге көпке дейін сенбедім. Жүніс ағатайымды Жүйке деп атайтын едім, – деді ол Жомартбекке түсіндіріп. – Соғыс біткен соң, осы өткен күздің басында Жүйкенің қасында болған бір кісіден ауызба-ауыз естігенде ғана сендім. Ол кісі терең етіп зират қазып, ағайымды жақсылап тұрып өз қолынан қойыпты. Жақын жердегі деревняның ұста дүкеніне барып, зиратқа темірден қоршау шарбақ жасатып орнатып, оған «Жүніс Ербосынов» деп мәңгі өшпейтін етіп жаздырып кетіпті. «Ағаңның жатқан жерін көрем десең, ертіп апарайын, әйтпесе кейін барып көрерсің» деп әдірісін берді. Өзім қазір қайдан іздейін, кейін оқу бітіріп, қызмет істеп, ақша тапқан соң, барармын деп ойладым.
Меңтай ағасына мұнша жақсылық жасаған адамның еңбегін сонша сүйсіне айтты.
– Сол көрпені биыл өзіммен бірге алып келген едім, – деді қыз күрсініп қойып. – Ол маған аса қымбат ескерткішпен пара-пар: ағайымды да, анамды да есіме түсіреді. Кеше кітап арасынан ағайдың өлеңін тауып алып, оқығаннан кейін сол көрпені бауырыма басып қысып, өксіп-өксіп жылағанымды айтсаңшы менің!
Байқаймын, Меңтай әңгімесінің Жомартбекке онша әсері болған жоқ.
Меңтай сөзін аяқтап, мұңайып төмен қарап қалған кезде ол: «Мен мына өлеңді көшіріп ала қояйыншы» деп, жымпыңдап өз орнына қарай жүгірді. Ал маған бүкіл бір семьяның тағдырын баян еткен бұл қысқа новелла дүниедегі ең қайғылы, қасіретті жырдай танылды. Не айтарымды, қызды қалай жұбатарымды, жүрегімдегі аянышты қалай жеткізерімді білмей абдырап отырып қалдым. Оның көңілсіздігі біртіндеп маған ауыса бастады.
Студенттік өмірдің бейқам, сонымен бірге аққан судай ағынды күндері, өзінің сылдыр-былдыры мол қызық, қуанышымен, бірін-бірі қуалап өтіп жатты. Мен Әуеновке берген уәдемді орындауға бар күшімді салдым. Соғыста бірге аттанған шағымызды есіме түсірдім. Алматыдан кетерде мен магазиндерге жаңа ғана түскен «Ақын» романының бірінші кітабын тауып алған едім. Сол кітап бүкіл майданды менімен бірге аралап шықты, талай солдатты тамсандырып оқып беріп жүрдім. Бірақ бұл естелікті мақтанғандай боп өз атымнан жазбайын, басқа жолдастарым оқыған етіп баяндайын дедім. Сөйтіп мен ол кішкентай естелікті төрт күн жаздым. Естелігім Әуеновке ұнамай қалар ма екен деп, жаным мұрнымның ұшына келді. Жазып біткен соң оған «Тоғжан» деген ат қойдым. Зайкүл айтқандай, жазушылардың өз шығармаларын жақсы адамдарына арнап жататыны ойыма түсті. Менің бұл ең алғашқы естелігімді Әуеновке арнағым келді. Оң жақ шекесіне «Осы образды жасаған жазушы Мұхит Әуеновке арнаймын» деген сөздерді қолымның қалай тез жазып жібергенін де байқамай қалдым. «Қой, мұным тым бадырайып кетті және жазушыға жасаған жағымпаздық сияқты боп көрінер» деп ойладым да, оны қайтадан түзеттім. «Осы образды жасаған кісіге арнаймын» деп қана қойдым. Жексенбі күні үйде табан аудармай отырып, жазғанымды жақсылап көшіріп шықтым.
Дүйсенбі күні отыз үшінші аудиторияға бірінші лекцияға келген профессор Әуенов, бұрынғы әдетінше, самай шашы бұйра-бұйра, сократ маңдайлы үлкен қасқа басын студенттерге мол ілтипат, ықыласпен изеп, Оқытушы столының басына барып отырды. Профессор есіктен кірісімен-ақ менің жүрегім өз-өзінен лүпілдеп қоя берді. Орнына отырғаннан кейін Әуенов маған қарай бұрылды да:
– Ал, Ербол, уәде орындалды ма? – деді.
Мен Әуенов оны лекциядан кейін сұрайтын шығар деп, жайбарақаттау күйде отыр едім. Профессор бірден соны сұрағанда не дерімді білмей сасқалақтап қалдым. Әрең дегенде есжиғандай болып:
– Өзімше орындадым, Мұхит аға, – деп орнымнан тұрдым.
– Пәлі, жөн. Әрине, сенің өзінше орындағаның керек бізге, – оқып беруіңе лекция аяғында қанша уақыт қалдырайын саған.
– Төрт-бес минут қана, Мұхит аға, – дедім мен дәптер бетіне жазылған он шақты бетті оқиға қанша уақыт керек екенін ажырата алмай.
– Жоқ, онда мен он минут қалдырайын. Сен оқығаннан кейін оны біздің талқылауымыз бар емес пе?
Мен «жарайды» дегендей, басымды идім.
– Ал онда алдымен кітабыңды көрсет, Ербол, – деп профессор маған қарай қолын созды.
Мен шапшаң қимылдап, сумкамдағы сырты жыртылып, жан-жағы жемтір-жемтір боп кеткен «Ақын» кітабын алып, Әуеновке қарай аяңдадым.
Әуенов бағынышты командирден рапорт қабылдайтын генералдай боп, орнынан көтерілді. Демобилизацияға жатып, еліне қайтатын солдат бөлімнен кетер алдында қай жерінде қандай белгісі барын бес саусағындай білетін кәрі винтовкасын жүрегі толқи дірілдеп рота старшинасына өткізер еді. Мен де сол солдаттай болып, осыдан бес жыл бұрын Алматыдан майданға ала кеткен осынау асыл кітапты енді, міне, аман-есен иесіне тапсырдым.
Профессор, сәл сұрланғандай түспен, кітапты үнсіз қолына алды да, орнына отырды. Кітаптың сыртына көз жүгіртіп, жыртық мұқабаны қайта-қайта сипалап, ішін ашты.
– Рас, біздің кітап, – деді басын ықыластана изеп қойып. Содан соң бір-бірлеп, беттерін ақтарып қарай бастады. Бір кезде кітапты көтеріп, бетіне тақады. – Пәлі, өзінен дәрі иісі шығады, иіскеңдерші…
Әуеновтың қасына ең алдымен Зайкүл жүгіріп барды. Ол кітапты ала салып, дұғалықтай етіп бетіне басты да:
– Рас, мүңкіп тұр, – деді оқ-дәрі иісінің қандай болатынын сезбесе де.
Бұған басқа қыздар мырс етіп, күліп жіберді.
– Сен маған баға жетпес ғажап дүние сыйладың-ау, Ербол,- деді Әуенов екі көзі жасаурап, тебірене үн қатып. – Өзім майданға бармасам да, бұл кітап менің бір перзентім болып, соғысқа қатысыпты. Сол перзентті сен аман-есен ертіп әкеліп қолыма тапсырдың-ау менің. Соғыс деген өрт болса, өртке жанбай шыққан бұл кітаптың жаңа бір бағасын және таныттың сен. Рахмет, қарағым. Аудитория сілтідей тынып қалған еді. Профессор бойын тез жиып, кезекті лекциясын бастады. Әуенов лекциясының екінші сағатының соңында бағанадан бері толассыз буырқанған теңіз үні тоқтап, аудитория ішінде әлдебір әлсіз бұлақтың болымсыз сылдыры естілгендей болды. Естелігімнің заголовогы мен оның он пұшпағындағы арнауды дауысым дірілдеп, сүрініп-қабынып, әрең айтып шықтым да, тамағымды кенеп, сәл тыныс алғаннан кейін тексті оқуға кірістім.
«1942 жылдың ортасында Алатау бауырынан эшелон-эшелон әскер майданға шеру тартты. Бұл Алматыда құрастырылған атқыштар бригадасы еді. Жарты жылдай астана айналасына лагерь-лагерь болып, әскери өнерге жаттыққан жауынгер бөлім тұтас көтеріліп, «Отанға тиген жау қайдасың?» деп, батысқа қарай бет түзеген болатын. Соңғы эшелондардың бірінде артиллеристер дивизионы кетіп бара жатты.
Соғыс кезінің паровозы жаңғырығы жер жарып, қатты жүйткиді, жолда кездескен станциялардың, разъездердің тұсында ащы бір айғайлайды да, гүрс-гүрс етіп, тарта береді. Су алу, көмір тиеу қажет болмаса, басқа жерге көп тоқтамайды. Толассыз жүйткіп, зарлап ағады.
Казал вагондардың екі жақ есіктерін бірдей, шалқайта кең ашып тастап, көлденең-керме тақтайға асыла иін тіресіп, майданға кетіп бара жатқан жауынгерлер туған жерге жүректері елжірей көз тігеді. Қарт атадай ақ бас тау, жас анадай жасыл желек жамылған орман, сары бел, салқын көл – бәрі самаладай болып, бірінің соңынан бірі ұзап қалып барады. Өз алдына бір шолақ эшелонға ұқсап, шеткі үйінің түтіні будақтаған ауыл, тепең-тепең қаққан салт атты жолаушы, обадай қақшиып қалың қойдың шетінде тұрған шопан жалт етіп бір көрінеді де, ғайып болады.
Күн батқанша дала бетіне үңіліп, көзі жасаурап талғанша көп қараған адамның бірі салпы сары жез мұртты кәрі солдат, Талдықорған облысының Ақсу аулынынан келе жатқан Сәттіғұл Өсенов болды. «Сапта жүруге жарамаймын, көп тұрсам аяғым талады, белім ауырады» деп, Өсенов зеңбірек атына мінуші болған. Осыған орай бір солдат бағана: «Сапта тұрса аяғы ауыратын көзелдің күні бойы қозғалмастан қызыл вагон есігінің алдында қақшиуын» деп бір қағытып өткен. Оны естіген өзге жұрт қатты бір ду күлісіп алған болатын. Жолдасының ажуасына да, жұрттың күлгеніне де қарамастан Өсенов вагонның босағасына сүйенген күйі далаға қарап тұра берген. Енді, міне жер бетін түннің қара мақпал шапаны бүркеп, вагон ішінде майшамның жалғыз көзі сығырайғаннан кейін, Өсенов артына бұрылып, шамды қоршай отырған жолдастарының қасына келді.
– Әттең, шіркін, қалды-ау, қайран туған жер! – деді ол отыра беріп, вагон ішіндегілердің бәріне естірте. Аузынан қызыл жалын атқығандай шермен, күрсіне айтты.
Шам айналасында, вагонның бұрыш-бұрышында, қара көлеңке жерде, төрт-бестен бірігіп алып, әр жайды қоңыр әңгіме етісіп отырған жұрт Өсеновтің мына сөзін естіген шақта тым-тырыс болысып, бір сәт үндеспей қалысты. Ат айдаушы шалдың: «Қалды-ау, қайран туған жер!» деген шер сөзі майданға аттанып бара жатқан осынау сұсты солдаттардың жүрек қылын басып қалғандай болды. Шал айтқан туған жерде әркімнің жанашыр жақыны, жақсы көрер жандары қалып барады. Біреу қарт әке, қадірлі анасын еске алады, біреудің көз алдына жақсы жар, жас баласы келеді. Енді біреудің жүрегіндегі жар етем деген жанына қосыла алмай кеткен арман-зары запыран болып ақтарылады. Шал сөзі әр жүректің түкпірінде жатқан осындай мұңды сырдың пернесін басады.
Әлден уақытта:
– Жоқ, қалған жоқ. Ол бізбен бірге! – деген, саңқ еткен бала бүркіт үніндей, жігерлі жас дауыс естілді. Бұл зеңбіректің екінші көздеушісі Құсайынов Айтқали деген жауынгердің үні еді. Айтқали қараңғы бұрышта отырған орнынан тұрып, шамға таман жақындады. – Туған жер мына кітаптың ішінде. Ол жұртқа сол кезде баспадан жаңа ғана шыққан, өзі Алматыдан аттанар алдында вокзал басында сатып алған «Ақын» романының алғашқы кітабын көрсетті. Жауынгерлер тез, қуатты үлкен магнит тартқан көп ұсақ шегедей болып, Айтқалидың айналасына жиылды. Вагондағы жалғыз жарық соның алдына қарай итерілді. Бір табадан ыстық күнде шүпірлей су ішкен ақ үрпек балапандай болып, қара көлеңке вагон ішіндегі қайратты жастардың басы сол кітаптың үстінде түйісті. Ішіндегі жандарды жылауық баланың бесігіндей үздіксіз шайқай тербеген үлкен вагонның қабырғасына түскен үйме-жүйме көлеңке үздіксіз қозғалып тұрды. Солдаттардың «Ақын» романын оқуы осылай басталды.
Алматыдан аққан жұлдыздай зымырап шұбала созылған ұзын қызыл эшелон Москваға келді де, қазақ бригадасы астана түбіндегі Бабушкин деген қалада поездан түсті. Мұнда біраз жатып, тыныққаннан кейін, жауынгерлер қалың тоғайлы, көкшіл көлді Калинин облысының жеріне қарай жаяу тартты. Өне бойлары мұздай көк қарумен құрсанып, күн демей, түн демей, ерлер етікпенен су кешіп, аттары ауыздықпен су ішіп, суыт жүріп. ұзақ сапар шекті. Артиллеристер майдан жерінің батпағын белуардан кешіп, ер қаруы ұзын тұмсық көк болат зеңбіректерді тынбастан алға қарай сүйреді. Ол батып қалған жерде: «Раз, два – взяли!» деп орман ішін жаңғырта айғайлап, оның қалқанынан, стволынан итереді. Доңғалақтарды күпшектерінен батпаққа батқан ауыр қаруларды ауыр азаппен тартқан, мұндай қиын, қысталаң шақтарда екі етегін белге түрінген жаяу әскер зеңбірекшілерді басып озып, оларды артқа алысқа тастап кетеді.
Алдыңғы шепке тақаған сайын колоннаның бас жағынан: «Во-о-оздух!» деген зәрдей ащы үн жиі естіле бастайды. Ирелеңдеген жыландай етіп, созылтып, шұбалта айтқан осы бір үрейлі сөзді ести сала солдаттар жолдан шығып, тырым-тырақай қашып, жол шетіндегі орманның қойнына тығылады. Қанатында қара бүйісі бар сары ала самолеттер ырылдап кеп төбеден төнеді.
Міне, осындай жорық кездерінде он бес-жиырма минуттық үлкен бір дамылдау шағы болады. Он екі мүшесі cay кісілер, қас қаққанша қолынан айырылып шолақ, аяғынан айырылып ақсақ боп шыға келетін, жаңа ғана қасқая күліп тұрған немесе құлындай ойнақтап жүрген жолдастарын лезде жан тапсырып, мәңгіге жоқ боп кететін, адам өмірі түнгі үлкен оттан ұшқан ұсақ ұшқындай сөніп жататын майдан өмірі үшін он бес -жиырма минут қысқа ғұмырлы солдат қауымы дамылдап жан шақырып, талай қызық күлкілерге кенелетін, естеліктер айтысып, ес жиып қалысатын өзінше бір ұзақ уақыт. Колоннаның алды тоқтап, сол жерден біреудің аузынан біреу қағып әкетіп артқа қарай, дауыстап жеткізіп жататын «привал!» деген берер таудай толқындар лықсып, бірін-бірі қуалап, бар ләззат қызығымен өзіне қарай жақындап келе жатқан сияқтанады. «Привал!» Сен де бар даусыңмен қуана дауыстап, өзіңнен кейінде келе жатқан жұртқа жар саласың да, жол шетіне шығып, сызды жерді салулы төсектей көріп, жолдастарыңмен бірге жантая кетесің. Бойыңдағы солдаттың ауыр жүгінен арылып, құрыс-тырысыңды жазып, рахаттана керілесің. Таңертеңгі ауылдың мұржаларынан жарыса будақтаған түтінді еске түсіріп, қомағайлана бұрқылдатып темекі сорасың. Дем аласың.
Артиллерия дивизионының жауынгерлері жиырма мен жиырма бес арасындағы, қырдың қызыл гүліндей жайнаған, қыршын жас жігіттер еді. Бұл шақтағы көңілге жақсы жар, сұлу қыз жайы көп оралатыны даусыз. Өмірдің бүршік атар көктеміндей бұл тұста осы жастар орталарын қақ жарып өтіп жатқан осынау майдан жолына көгенделген көп қозыдай болып, соғыс әлегімен сол бір ыстық шақтан алыс қалған. Бірақ олардың әрқайсысының жүрегінде алаулап жанған махаббат бар. Сондықтан да, осындай тыныштық, демалыс минуттарында, алдымен екі-үш солдат, құйрық-жамбастарымен жер сыза, жымыңдай жортақтасып келіп, Айтқалимен тізелесе жайғасады. Оның бірі әрқашанда зеңбірек көздеушісі Ризуан Қалиев болады.
– Айтқали, Абай мен Тоғжанның кездескен жерін тағы бір оқып жібермейсің бе? – деп қолқалайды олар.
Айтқали шаршап отырмын деп бәлденбейді. Арқасындағы зат қапшығын иығынан сыпырып, алдына алады. Сабынға айналар сақардай шұбатылған зеңбірек майы көп сіңіп, жарадар болған, жарылған жерлеріне батпақ орнап, қап-қара боп күстеніп кеткен қолын арбиған салалы саусақтарымен қапшықтың аузын аша бастайды. Оның ішінде таңертең старшина берген күндік қорек жұдырықтай нан, қарабиннің алпыс патроны, «лимонка» аталатын, сырты тақталана бөлінген шоколад сияқты бұжыр-бұжыр екі граната жатыр. Солардың арасында, жорықтағы солдаттың ешқашанда пайдаланылмай қапшығында жүретін таза бет орамалына оралған «Ақын» кітабы бар. Айтқали орамалдың ішінен кітапты алып, оның өзі білетін «Шытырман» деген тарауын ашып, тамағын кенеп, қарлығыңқы даусын нәшіне келтіріп, оқи бастайды. Айтқалидың қолындағы кітапты көргеннен кейін бұлардың төңірегіне таяу маңдағылардың бәрі тегіс жиналады. Зеңбіректе жегулі тұрған аттың шылбырын қолына ұстап, Өсенов те Айтқалидың артына келіп жантаяды.
Тараудың бас жағы әкесінің жұмсауымен жасөспірім бозбала Абайдың Сүйіндік аулына келгенін, оның көрікті, ақылды қызы Тоғжанды көріп, оған ғашық болатынын баяндайды. Айтқали тамағын тағы бір кенеп алып, ары қарай оқиды.
«…Орташа келген қырлы мұрны енді ғана анық көрінді. Қырынан Қарағанда бір түрлі сүйкімді екен. Жұмсақ жұмыр иегінің астында жұқа ғана бір толқындай боп, нәзік бұғағы білінеді. Жылтырап таралған шаш, қап-қара қалың өріммен, грекше аппақ, нәзік мойнына қарай құлап түсіпті. Үлкен де, кіші де емес әшекей сырғасы діріл қағып, дамыл алмай сілкіне түсіп тұр…»
– Уап, бәле!
– Қызым-ақ екен-ау өзі де! — деп әркімдер осы тұста сүйсіне үн қатысып қалады.
– Е, Абайды өзіне ғашық еткен қыз осал болады дейсің бе?!.
Өсенов жез мұртының ұшын ширатып жіберіп, ақырын бір жұтынып қояды. Ұзақ сапар шегіп, шаршап-шалдығып келе жатқан жандардың езулеріне жылы күлкі жүгіріп, көздері жайнай түседі. Жүректері лүпіл қағып, өздері сол сұлу Тоғжанның қасында тұрғандай сезінеді. Жүрек түбінен әркімге елде қалған өз Тоғжаны елес береді. Онымен өзінің ең алғаш қалай кездескені еске оралады. Бір сәтке олар өздерінің орман ішінде, оқ астында отырғандарын, жаны тебірене жар денесін сипауға созған қолдары қазір автоматтың суық стволын қысып тұрғандығын ұмытып кеткендей болады. Осы кезде алдан, әртүрлі дауыспен ышқына айтылған «По местам» деген жауынгер команда құлаққа шалынады. Бойларына күш жиып, қуаттанып қалған жауынгерлер орындарынан атып-атып тұрады…
Жауынгер Айтқали Құсайынов 1943 жылдың тоғызыншы январында Великие Луки қаласының түбінде, жау танкісі мен зеңбіректің жекпе-жек атысында, ер өлімімен қаза тапты. Соғыстың қатал дәстүрі бойынша өлген солдаттың денесі, бойынан қару-жарағы, қойнынан документі алынып, жаңа қазылған жас қабыр басында қарулас серіктерінің ақырғы құрметі көрсетіліп, туған жердің топырағына беріледі. Отан үшін қан төгіп, жан берген ер солдатты жер-ана құшағына қысып, мәңгілікке алып қалады.
Айтқалиды қастерлеп қойып, жауынгер жолдастары жаудан кегіңді аламыз деп серт еткендей, аспанға үш дүркін оқ атып салют бергеннен кейін, оның жетімсіреп жерде жатқан қарабинің кіші сержант Ризуан Қалиев көтеріп, ал зат қапшығындағы патрондарды өзге серіктеріне бөліп берді. Қалған екі гранат пен «Ақын» кітабын кіші сержант өз қойнына алды. Өлген жауынгердің қолынан алынған документ комсомол билеті мен қызыләскер книжкасының арасынан жөнелтілмей қалған үш бұрыш хат шықты. Хаттың сыртында: «Семей облысы, Белағаш ауданы, Ерназаров с/с, Тоғасова Задаға» делінген әдіріс бар екен. Зада – Айтқалидың сүйген қызы. Ол сонау Белағашта, селолық Советте секретарь болып істейтін. Айтқали қыздан үзбестен хат алып тұратын. Селолық Советтен хат келген сайын қуанып, жолдастарына сүйген қызы жайында көп-көп жалынды әңгімелер шертетін. Заданың сұлулығын да, сабырлылығын да бір ғана Тоғжанмен теңестіретін. «Тек Заданың құлағында «діріл қағып, дамыл алмай сілкіне түсіп тұратын» сырғасы ғана жоқ» деп қуана да, қулана күлетін.
Хат ішінде Айтқалидың маржандай әріптерімен мынадай сөздер жазылыпты: «Қалқам Зада! Біз қазір үлкен бір орыс қаласының түбіндеміз. – Айтқали әскери құпияны сақтап, Великие Луки қаласын осылай атапты. – Жау осы қалаға аранын ашып, анталап тұр. Бірақ біз оны бермейміз жауға. Оған сенімің кәміл болсын.
Қазір түн. Мен жертөледе дневальныймын. Жолдастарым жанымда тегіс тынығып жатыр. Олар тоңбай жақсы ұйықтасын деп, темір пешке өкіртіп от жағып отырмын. Далада шыңылтыр қарды шықырлата басқан сақшы аяғының сықыры естіледі. Жертөленің сыртына немістер жақтан келіп бір мина жарылды. Қорыққанға қос көрінеді деген рас болуы керек. Немістердің түні бойы осылай түсінен шошығандай беталды оқ атып отырмаса көңілдері көншімейді. Сен одан қорықпай-ақ қой, мұнда құр далбаса үшін атылған жау оғының маған да, менің жолдастарыма да келтірер қырсығы жоқ.
Сен қазір ұйықтап жатқан боларсың. Мен пешке шайыры мол құрғақ ағашты қалап қойып, снаряд гильзасынан жасалған солдат шамының түбінде кітап оқып отырмын. Ол сен туралы, екеуміз жайында жазылған кітап. «Ақын» романы. Соның «Бел-белесте» деген тарауының аяқ жағында Абай мен Тоғжанның екінші рет кездесуі баяндалады. Екі досжан әрең табысып, бір-біріне жүректерін жайып, ынтыға ұмтылысқан шақта оларға Қарауыл өзені тасып кетті деген суық хабар келеді. Бұл Абайға да, Абай жанындағы әйелдердің де бастарына төнген қатер еді. Сондықтан да ол тез кетпек болып, қимас ғашығын тастап, асығыс жөнеледі. Кітаптың осы жерін оқышы сен, Зада, тағы бір қайталап оқышы. Екеуміздің жайымыз да нақ осы сияқты болды ғой. Біз осы жазда қосыламыз деп уәде байласқан шақта, сол бір тәтті түннің таңертеңінде соғыс басталып кетті емес пе. Бізге төнген қатер көктемде тасыған шағын өзен Қарауыл емес, шалқар Отанымызды шарпыған сұрапыл соғыс болды ғой.
Оқасы жоқ, Зада, сол Қарауылдың қалың сеңінің қамауынан құтылып, өзеннен аман өткен Абайың болып, бір күні жауды жеңіп жетермін мен де саған құстай ұшып. Қуана күліп, алдында тұрармын қанатымды кең жайып. Сонда біздің соғыс ажыратқан құшағымыз қайта айқасады. Мәңгілік болып айқасады. Қош сәулем, Задашым — Тоғжаным менің. Ақ бетіңнен аймалай сүйіп, сенің, тек қана сенің
Айтқалиың.
8 январь, 1943 ж.
Дала почтасы 1745, 125 бөлімі».
Жебір соғыс жалмаған асыл азамат сүйгеніне жетпеді. Төбе басын томпитып, алыста қалды.
Бұдан кейін де, соғыстың сансыз темір тісі тілгілей жыртқан азалы жерге адам сүйегін сепкен талай күндер өтті. Жауынгерлер қилы-қилы қанды жорықтарды қиын-қиын қырқысқан ұрыстарды бастарынан кешірді. Жырым-жырым болып, солдаттар қойныңдағы кітап та тозды. Бірақ жігіттердің жүректеріндегі Тоғжан тозған жоқ. Ол, «әшекей сырғасы діріл қағып» жорықта солдаттармен қатар жүрді. Ол, «жылтырап таралған шашы, қап-қара қалың өріммен, ерекше аппақ, нәзік мойнына қарай құлап түсіп», жауынгерлермен қол ұстаса, жауға қарай сан рет шабуылға шықты.«Елде сенің де сұлу жарың бар» деп, әр солдаттың құлағына сыбырлады, әр жүректі наздана қытықтады. Жаралыға үміт болып, шаршағанға қайрат берді. Қараңғы түнде алыстан маздаған от, аспандағы шолпандай болып, Тоғжан оларды атой салып жеңіске шақырды, өмірге жетектеді.
Соғыс бітті. Эшелон-эшелон қызыл вагондарға тиеліп, солдаттар туған елге қайтты. Жеңіс поезы желдей жорықпен өткен, соларды азат ету үшін қан төгіп, қиян-кескі ұрыс салған қалалар мен селоларға, ормандар мен шоқыларға, өзендер мен көлдерге қарайды. Сол жерлерде мәңгі ұйықтап жатқан ер жолдастарын естеріне түсіреді.
– Апырай, бұл соғыстан тірі қаламын деп ойлаған жоқ едім, — дейді жездей сары мұртты, кәрі солдат қасындағы сержантқа бұрылып, басын шайқап. – Ажалсызға тау құласа да өлмейді деген осы екен-ау…
Сары мұртты солдат баяғы Өсенов. Оның қасында тұрған сержант Ризуан Қалиев. Қалиевтың кеудесі ордендер мен медальға толы. Өсеновтың де кеудесі құр емес, қос медаль жарқырайды.
Сержант та кәрі солдатқа күле қарайды. Баяғыда Алматыдан алғаш майданға аттанған шақ есіне түседі. Сондағы осы шалдың бүкіл вагон ішіндегі жұрттың жүрегіне қаяу салып, шерлене күрсінуі бар. Солдаттарды сол сәттегі шер тұңғиығынан шығарған Айтқали болып еді-ау. «Жоқ, туған жер қалған жоқ, ол бізбен бірге, мына кітаптың ішінде» деп, жарқ етіп шыға келіп еді-ау, айналайын… Айтқалидың өлген жерін есіне алып, сержанттың қабағы шытынып кетті. Жалғыз Айтқали ма, талай-талай маңғаз жігіт, аяулы азаматтарды мерт қылып кетті ғой бұл соғыс. Сержант Нәсіп Қалиев, кіші сержант Әбдірахман Бимурзин, жауынгер Сембек Молдабаев кімнен кем еді? Взвод командирі лейтенант Қажым Көшеков, батарея командирлері Жамалхан Жамалбеков, Ақыраш Андиров, подполковник Әбілқайыр Баймолдин, пулеметші батыр қыз Мәншүк Мәметова ше? Бәрі де жанып тұрған, лаулап тұрған жалын еді. Отан үшін, анамыздай қымбат арымыз үшін қабақтарын шытпастан жандарын қиды да, не бір қаланың табалдырығын жастанып, не бір өзеннің қабағын қарайтып, арыстай боп қала берді олар… Сержанттың көз алдына өз батареясының командирі капитан Жамалбеков елестеді. Ұрыстың бір толас шақтарында, немесе бөлім екінші эшелонда тұрған кездерде жауынгерлер алқа қотан отыра қалып, кезекпен «Ақын» кітабын оқысатын еді. Жауынгерлермен бірге отырып, бұл кітапты капитан да тыңдайтын. Ел сағынған жүрекке осы бір тозған кітап үлкен медеу болатын. Әсіресе оның Тоғжан жайлы айтылатын жерлерін оқығанда жауынгерлер жымыңдасып, екі езулері құлақтарына жете мәз болысып қалатын. Жалғыз жауынгерлер ғана емес, капитан қоса жымиятын. Әшейінде түсі суық, сұсты көрінетін командир жүзі Тоғжанның жүріс-тұрысы, қылықты қимылдары суреттелген жерде мүлде жібіп, майға балқытқан қорғасындай толықсып кететін… Сөйтіп, артта Европа қалды. Артта қираған қалалар қалды. Қалалардың төңірегі толы молалар қалды. Енді міне жеңіспен елге келеміз. Қазақтың қара көз қыздарын көреміз. Өз Тоғжанымызға барамыз… Қалиевтың қиялы шарықтап, Шар ауданындағы өзінің туған ауылына қарай қанат қағады. Ажары атқан таңдай жылы жүзді, жұмсақ, жұмыр білекті, су тиген қарақаттай мөлдір көзді аса бір сымбатты жан аяла да, қуана кеп мұның алдынан шыққан тәрізденеді…
Ол кезерген ернін жалап, бір тамсанып қалып, жанындағы жолдасына қайта бұрылады.
– Рас, ажалсызға тау құласа да өлмейді деген… – дейді Өсеновке, әр сөзін үзіп-үзіп айтып. – Апырай, Москваға қашан жетер екенбіз. Тезірек көрсек-ау Қазақстанды…
Сержанттың жүрегі аузына кеп тығылардай боп, кесек лүпілдеп, қатты соғады. «Рас, рас… туған жер, туған жер…» дегендей, эшелон толы солдаттар вагон ырғағымен бастарын қайта-қайта изейді».
Мен оқып болдым. Самайымнан тер сорғалап кетті. Жазғаным Әуеновке ұнамаған шығар деп ойладым. Қысылып бір қырындай тұрып, профессорға көзімнің қиығын салдым. Оның өңі нарттай қызарыңқы сияқты көрінді. Менің оқығанымды беріле, бар ынтасымен тыңдап шыққанға ұқсайды.
– Пәлі, Ербол, сенің мынауың көркем шығарма ғой өзі, – деп мұрнын бір сипап қалды. – Мұны новелла десе де, естелік атаса да, немесе көркем очерк деуге де келеді. Бұнда бүкіл бір әскери бригаданың қысқаша тарихын айтыпсың. Тоғжан бейнесін жақсы түйіндепсің. Оны тек жақсы қыз деп қана емес, жан сүйсінтер сұлулық мұраты, өмірдің өзі, тіпті Отан тұлғасы деп те түсінуге болады екен. Біз жазған Тоғжанның майданда осындай әсері болғанын соғысқа қатысып келген солдат сенің аузыңнан есту маған қандай ғанибет екенін білесің бе, Ербол? – деп профессор мені көкке көтеріп тастады. Мұны жазғанда менің ойыма түйіндеу деген де, бір бригаданың тарихын тізу деген де келмеген еді. Мен тек өзім көрген, жолдастарымның басынан кешкен жайларды ғана айтуға тырыстым, айта алдым ба екен деп шүбәландым. Профессор сәл бөгеліп барып, сөзін қайта жалғады. – Мен мұндай болар деп ойламаған едім. Тағар сыным, айтар мінім жоқтың қасы. Сен өзің журналист боламын деп жүрсің ғой. Әбден боласың. Мына аяқ алысың сенің қазірдің өзінде дап-дайын журналист екеніңді танытады. Менің саған берер кеңесім: осы жазғаныңды газетке апар. Мен үшін емес, өзің үшін апар. Газет деген үлкен жаршы орын. Сен сияқты болашағы бар журналистің газетке жарияланып, көріне беруі абзал. Ал мына тырнақ алды еңбегің ұялмай жариялануға әбден жарарлық. Сенің мұны қысылмай ұсынып, газеттің қымсынбай басуына болады.
Әуенов маған редакцияға баруымды мәслихат етіп бола бергенде, лекцияның біткенін паш етіп, қоңырау шылдырады. Мен өзімнің аудиторияда сабақта отырғанымды сонда бір-ақ білдім. Аудиторияда Әуенов екеумізден басқа жандардың барын да енді аңғардым. Әуенов тұруға ыңғайланып, алдында жатқан папкасын жиыстырып, үстел үстіне қырынан ұстап отырды да, тағы бірдеңе айтқысы келгендей, асықпай менің бас-аяғыма қарады.
– Солдат студенттің жайы басқалардан гөрі ауырлау болады. Сен өзге жұрттан кейінірек келдің ғой, Ербол, жатақханаға жайғасып па едің? – деп сұрады. Мен жатақханадан орын тимей, пәтерде жатқанымды айттым.
– Ал, өзге жайларың дұрыс па?
– Дұрыс, – дедім мен.
– Онда қазір менімен бірге деканатқа жүр, сенің жатақхана жайыңды сөйлесейік.
Мен қуанып кеттім. Жатақхана жалына қол жетпес жақсы арғымақтай арманым еді. Орнымнан атып тұрып, Әуеновтың соңынан ілестім.
Декан өз орнында отыр екен. Есіктен кіріп келе жатқан Әуеновты көріп, ұшып тұрып оған өз орнын берді. Бас изеп, менімен де сәлемдесті. Бұған менің ішім одан сайын жылып, үмітім күшейе түсті.
– Ыбырайым,–деді профессор деканның орнына жайғасып жатып, – мен өзіңді жақсы декандардың бірі санаушы едім. Бірақ мынау ісіңді құптамай қалдым.
– Не боп қалды, Мұха? – деді декан оған қарай еңсеріле құлағын тосып.
– Мынау Ербол деген жігіт, – деді профессор босағада түрегеп тұрған мені нұсқап, – табандатқан төрт жыл соғыста болып, осы тұрған шағын бойымен ер шыдамас, нар көтермес жүк көтеріп, жауды жеңіп келген асыл азаматтардың бірі. Осы жігіт соғыстан қайтып келе жатып, туған жеріне де бармастан, осы біздің университетте оқуда қалған. Мұны өзің қабылдапсың, оның дұрыс болған. Бірақ осы жігіт үш айдан бері туысы емес, танысы емес, соғыста бірге болған жолдасының тар үйін сол үйдің көп жанымен қосылып мекен ететін көрінеді. Танымайтын беталды біреу бұл жігітке босағасынан орын бергенде өз үйі сияқты университет неге жатақханадан орын бермейді?
– Ойбай, Мұха, – деді декан, – қазір жатақханада орын жоқ. Бұл жігіт сол тұрған үйінде биылша бірдеңе ғып шыдап шықсын. Алдағы оқу жылында жатақханаға қайтсем де орналастырайын.
– Пәлі, со да сөз бе екен? – деді профессор түсін бірден суыққа сала сөйлеп. – Орын неге жоқ? Жатақханаға жайғасып алған, өздері соғысқа бармаған, жай-күйлері жақсы, көк жаға күйлі студенттер бар емес пе? Немесе, ана нашар оқитын студенттеріңнің бірін жатақханадан шығарып жібер де, орнын осыған бер.
– Ол болмайды ғой, Мұха, – деді декан сасқалақтап.
– Болмаса мен ректорға барамын. Бұны қайткенде де болдыру керек. Біздің осы болымсыздан қол жетпейтін биік, көш өтпейтін шыңырау жасап алатынымыз жаман. Әйтпесе қол астында үш жүздей студенті бар деканға жатақханадан бір орын табу қиын болып па?
– Ойбай-ай, Мұха, сөзіңіз өтіп кетті. Мен бұл жігітті қайтсем де бірдеңе ғып орналастырайын, – деп декан маған бұрылды. — Фамилияң кім, қарағым?
– Есенов, – дедім мен.
Декан менің фамилиямды жазып алды.
– Бүгін лекциядан қайтарыңда маған соға кет. Оған дейін коменданттармен хабарласып, бір нәрсе істеттірейін, шырағым.
– Е, пәлі, – деді Әуенов қайтадан жадырап. – Жөн істедің, Ыбырайым. Бұл өзі қамқорлық жасауға тұратын жігіт.
Мен деканға да, профессорға да рақмет айтып, қуанышым қойныма сыймай, деканаттан шықтым.
Ертеңінде мен жатақханаға көштім. Виноградов көшесіндегі үйдің екінші этажындағы 65 бөлмеге, Жомартбектің қасына орналастым. Төсек-орын жоқтықтан, әзірге ол екеуміз бірге жататын болдық. Сөйтіп, менің екі ыстық тілегім бірден орындалды, жатақханаға жайғастым, Меңтайдың жанына жақын келдім. Сүйген қызыңды сыртынан жиі көріп жүрудің өзі бақыт қой, шіркін! Бұл бақыт енді менің жүрегімді күн сайын кернеп, оны үрген шардай тырсылдата керіп, жұқартып бара жатты.
VIII
Менің жазғанымды Әуеновтың ұнатуы бүкіл группаны қуанышқа бөледі. Курсымыздағы отыз қыз бен менен кейінгі еркек кіндікті жалғыз ұл Жомартбек сол күні мені кезек-кезек құттықтаумен болды. Келесі күндері де бұл әңгіме ауыздан түспеді. Әсіресе, Зайкүл: «Мұхит ағаға мен айтпасам, мен Ерболдың қолынан жазу келеді демесем, мен ол кісіге сенің өлең шығаратыныңды да жеткізбесем — сен мұны жазбайтын едің де, Әуенов аузынан мұндай баға ала алмайтын едің», – деп көп мақтанды. Ал Меңтай бір-ақ ауыз сөзбен баға берді: «Анау өлген жігіттің қойнынан алынған хат оқылғанда ойыма өз ағайым түсіп, көзіме жас алдым» деді. Маған Зайкүлдің жүз рет айтқан «мен-менінен», осы бір ауыз сөз әлде қайда қымбат көрінді.
Қыздар Әуеновтың айтқанын орындап, жазғанымды тез редакцияға жеткізуімді жөн көрді. «Газет мұны қайтсе де басады», «Мұхит аға мақұлдаған әңгімені неге қабылдамасын» – десіп, апармас ерік алдыма қоймады.
Шынымды айтсам, ол кезде қыздармен қоса өзім де керемет қуанышты едім. Кеудемді қайдағы бір лыпылдаған сабырсыз мақтаныш кернеді. Редакцияны іздеп келе жатқанымда Әуенов айтқан бір ауыз жылы сөз қанат боп мені аспанға көтеріп әкетіп бара жатқандай көрінді. Творчество адамдарының көңілінде өзге жанда көп кездесе бермейтін ерекше бір леп болатынын мен бірінші рет сонда ғана сездім. Сездім де: «Бір әлжуаз әңгіме жаздым деп көкірегім гимнастеркемді жырта керіп, көктемде тасыған шолақ сайдай күркіреп, шолтаңдап менің өзім қаншама әлек-шәлек болдым. Ал әлденеше әңгіме, пьесалар, «Ақын» тәрізді үлкен роман жазған Әуенов неғып топан суындай тасып, сел боп қаптап, жолындағы жұртты жайпап кетпей жүр екен?» деп және ойладым. «Тегі жазушы парасаттылығы жазған дүниесі жақсы болған сайын шошаңдап, шоршаңдап кеуде қағуда емес, сабырлы, салмақты бола түсуде шығар» деп тағы түйдім.
«Сап-сап, көңілім, сап көңілім» деп, бұл ойыма және тұсау салдым. «Сен, немене, дәл бір жазушы боп кеткендей-ақ толғанып келесің. Саған Әуенов жазушысың немесе өзің де дайын журналист екенсің деді ғой, – дедім өзіме өзім. — Ендеше неменеге ит қуған бұзаудай боп, екі танауың шелектей делдиіп, едіреңдеп келесің?»
Үлкен екі көшенің қиылысында тұрған үш қабат үйдің биік тас баспалдағының алдына кеп тоқтадым. Үйдің маңдайшасы толған қызыл шаршы шыныларға республикада шығатын газет аттары қағазға басылатын көзге таныс пішінімен бедерленіпті. Осында келген ең негізгі жұмысым сондай-ақ, мен тұра қалып, оларды шетінен оқи бастадым: «ҚазТАГ», «Советтік Қазақстан», «Советский Казахстан», «Жас ұлан»…
Мен іздеп келген редакция да осында екен. Жүрексініп кеп, тас баспалдақтың бірінші басқышына аяғымды салдым.
Редакция дәлізінің екі жағы қатар-қатар есік екен. Әр есіктің сыртында тақтайға бұранда шегемен бекітілген алақандай Қызыл шыны тұр. Шыныда әр бөлімнің аты және оның меңгерушісі мен әдеби қызметкерлерінің фамилиялары көрсетіліпті. Әр қойдың шабын бір түрткен жетім қозыдай болып, әр есікке бір үңіліп келе жатыр едім, алдымнан тасыр-тұсыр пулемет атылып қоя бергендей болды. Сөйтіп мен ашық тұрған бір есіктің алдына кеп қалған екенмін. Бөлме ішіне жағалай, көлемі кішіректеу келген біркелкі тапал-тапал үстелдер қойылыпты. Әр үстелдің үстінде бір-бір машинка. Әр үстелдің басында әлекедей жаланған бір-бір әдемі келіншек. Әр келіншектің қасында алдындағы қағазына қарап, бірінің айтқанын бірі тыңдамай, өз-өзінен екілене сөйлеп отырған бір-бір еркек. Еркектердің ауыздары жыбырлаған сайын келіншектердің ақ саусақтары, су бетіне секіріп ойнаған ақ қайрандай боп, жарқ-жұрқ етеді. Әйелдер де, еркектер де өз екпіндеріне өздері апиын ішкендей елтіп, екі жақтарына кезек теңселеді. Бақсам, ол машбюро екен.
Онымен қатарлас есігі ашық екінші бөлмеден дүңкілдеген және бір дыбыс естілді. Қарасам, ішінде ешкім жоқ. Жаңағыдай тапалтақ үстелдің үстінде тұрған бір машинка тарс-тұрс етіп, өзінен-өзі басылып жатыр. Одан біртіндеп еденге қарай сусыған молотилканың көш құлаш белбеуіндей ұзын сары қағаз төгіледі. Бұл телетайп бөлмесі екен. Сол жақтағы есігі ашық тұрған басқа бөлмеге және көзім түсіп еді: қатар тұрған екі үстелдің басында алдарындағы қағаздарына еңкейе түсіп, сырылдата жазып, үш адам отыр екен. Олар маған, неге екенін білмеймін, бір-бірімен үзеңгі қағысып, танаулап келе жатқан үш сәйгүліктің жалдарына бұқшия жабысып, әрқайсысы өз атына қамшы басқан үш шабандозға ұқсап кетті. Осының бәрі маған лыпып соғып тұрған тамырдай сезіліп, редакция жұмысының ішкі ырғақ, екпінін танытты. Ақыры, дәліздің ең түкпіріндегі іздеген есігіме де жеттім. Онда былай деген жазу бар екен:
«Әдебиет және өнер бөлімі. Меңгерушісі М. Омаров.
Әдеби қызметкер Ш.Шалғынбаев».
Есікті қағып едім, бұл бөлмеде біреу менің келуімді асыға күтіп отырғандай-ақ, табан астында, «Да» деп бұрқ ете түскен, сыпайылықтан гөрі сызы көп тырнауық дауыс естілді.
Бөлмеге кірсем, ішінде екі адам отыр екен. Жас жағынан біріне бірі тетелес сияқты: төрдегі тарамыс арық қара торысы отызға жаңа жетсе, есік жақта отырған қалың қара шашты, аққұба өнді сәл пұшық мұрындау келген сымбатты дембелше жігіт одан үш-төрт жас қана кіші болуы керек. Есік жақта отырған сымбатты жігіт бөлім бастығы болар деп ойладым. Сондықтан да оған «Омаров ағай сізсіз бе?» дедім. Бұйра шаш жігіт бақжиып бетіме қарады да, иегімен төрде отырған кісіні нұсқады. Оған жете бергенімде телефоны шылдырап, ол трубкаға: «Қазір, қазір» деді де, бөлмеден шыға жөнелді.
Ол шығып кеткеннен кейін бұйра шаш орнынан тұрды. Тұрды да, маған қарамай, шолақ мұрнын маңғаздана пұшпырайтып, бастығының орнына барып отырды. Креслоны ілгері қозғап, нығарлана жайғасты. Содан соң, он жақтағы телефонды құлағынан сүйреп әкеп, алдына қойды. Оның трубкасын көтеріп, құлағына тосты да, орнына қайта салды. Осыдан соң барып маған қарай қолын еріне созды.
– Менің атым Шалдуар Шалғынбаев. Кәне, не әкеліп едің?
– Новелла, – дедім мен Әуеновтың осылай деп те атағаны есіме түсіп, не де болсам, айды аспанға бір-ақ шығарайын деп. «Естелік» дейін десем, ол отбасында отырып өткен-кеткенді еске түсіретін шалдардың шаруасы боп кетер, «очерк» десем, қара мақалаға ұқсар да, мына күпиген әдеби қызметкердің алдында беделім түсіп қалар деп ойладым.
Әдеби қызметкер өз-өзінен мәз бола қарқылдап күліп алды да:
– Жігітім, сен өзің көкте жүр екенсің, аһ! – деді маған қарап.
– Неге? – дедім мен абыржып.
– Сол. Жер басып жүрген жоқсың, әйтеуір. Әйтпесе, новелла дей ме екен кісі? Әңгіме десеңші одан да. Ал, меніңше мұның әңгіме де емес.
– Неге? – дедім тағы одан сайын сасқалақтап.
– Неге екенін айтайын қазір. – Әдеби қызметкер шалқая отырып, сұқ саусағымен менің қолжазбамның тақырыбын түртті. – Мынау не деген сөз, ah!
– «Тоғжан», – дедім мен әдеби қызметкер менің жазуымды ажырата алмай, әлде көзі жетіңкіремей отыр екен деп ойладым.?????????
– Ол кім, аһ? – Шалдуар маған тесіле қарады.
– «Ақын» романының кейіпкері.
– Онда сол роман жайында ғой мұның, ah?
– Иә, бірақ?
– Бірағыңды қоя тұр. Мұның романға рецензия болса, онда бізге керегі жоқ. Өйткені ол туралы бізде профессордың рецензиясы шыққан. – Шалдуар сұқ саусағын шошайтты. Онысы «сен студент ғанасың, ал біз профессорлардың өздерімен істеспіз» дегені-ау деп ұқтым. — Ал бұның роман туралы, немесе соның бір кейіпкері туралы әңгіме болса, оның не қажеті бар бізге? Сен Әуеновтен артық жаздым деп ойлайсың ба өзің?
– Жоқ, бірақ, бұл тек Тоғжан туралы ғана емес…
– Тоқта, тоқта, – деді Шалдуар. – сен алдымен менің сұрағыма жауап бер. Әуеновтен артық жаздым деп ойлайсың ба өзің, аһ?
– Жоқ, – дедім мен.
– Ендеше мұны газетке басудың қажеті де жоқ, – деді қызметкер.
– Сонда да, алдымен өзіңіз оқып көрмейсіз бе? — дедім мен дағдарып.
– Тоқта, тоқта, – деп ол бейне бір мені қылышпен шауып түсетіндей сұстанып оң қолын көтерді. – Сен өзің газет қызметкерлерін кім деп ойлайсың, ah? Жұмысы жоқ, сандалбай деп білесің бе? Біздің бөлімге сенің мынауың сияқты, — ол менің қағаздарымды дудырата ұстап жоғары көтерді, – күніне отыз өлең, он әңгіме келіп түседі, аһ! Біздің бөлім осы редакциядағы ең хат көп келетін бөлім. Өйткені қазақтың ең жоқ дегенде екі ауыз өлең шығармайтыны кемде-кем. Соның бәрі өздерін ақынбыз деп біледі. Газетке басыңдар деп, оларын бізге жібереді. Ішінде іліп аларлық ештеңесі жоқ сол хаттардың бәрін, сеніңше, біз, Омаров екеуіміз, басымызды қатырып оқып отыруымыз керек пе, аһ? — Ол есік жаққа бір қарап қойды. – Омаров оқиды. Ол елден келген хаттардан ең жоқ дегенде сөз үйренуге болады дейді. Ал, мен, – ол дауысын сәл ақырындата сөйледі, – елден келген шала сауатты хаттардан ештеңе де үйренуге болмайды деймін оған. – Шалдуар дауысын қайтадан қатайтты. – Сендердің бұл сияқты бытпырақтарыңды оқып біз отырып алсақ, онда редакцияның жұмысын кім істейді? Кім істейді, аһ? Егер сен біздің орнымызда болсаң қайтер едің? Оқыр ма едің соның бәрін, аһ? Оқымайсың. Ендеше басты қатырма: мұныңды оқуға уақыт жоқ. Және, сен біліп қой, газет тек актуальді мәселелерді ғана жазады. Сенін мұныңның газет үшін еш актуальдығы жоқ. Сен өзің «актуальді» дегеннің не екенін түсінесің бе? Ол злободневный вопрос деген сөз. Вот, біліп қой. Және сен өзің шүу дегеннен әңгіме жазамын деп ойлама. Ол қиын жанр. Осы бөлмеде отыратын екеуміздің ішімізде әңгімені жаңағы Омаров қана жазып жүр. Саған қайда әңгіме жазу. -Шалдуар «қайда» деген сөзді мені белімнен соққандай ғып созып айтты. – Сен тұрғай осындай үлкен редакцияда қызмет етіп отырған мына менің өзім де әңгіме жазуға жүрексінемін. Мен өзім қазір очеркті боратып жүрмін. Сен біліп қой: очерк деген газеттің романы. Очеркті екінің бірі емес, журналистің төресі ғана жаза алады. Білдің бе, ah? Ал apтынан әңгімеге ауысамын.
– Менің мынауым да очерк, – дедім мен бағанағы айтқанымнан бір саты төмендеп, «очерк» десем, Шалдуар жібімес пе екен деп дәмеленіп.
– Очерк? – Ол маған үрке қарады. – Саған очерк жазу қайдан келсін?! Армиядан келген солдат студенттің мұрнына очерктің исі қайдан барады? Жай, әшейін, қызбалықпен айтып тұрған шығарсың, жігітім.
Мен не дерімді, не айтарымды білмедім.
– Оқыңызшы өзіңіз, осы очерк, — дедім Шалдуарға жалынғандай болып.
– Оқымаймын. Бұл очерк емес, «Тоғжан» деген атының өзі очеркке келмейді. Егер аты «Сауыншы қыз Тоғжан» деп тұрса, онда очерк деп ойлауға болар еді. Ал, алда-жалда мұның кейбір жерлері очеркке ұқсай қалса, онда ешбір актуальдығы жоқ.
Осы бір «актуальді» деген сөз маған пәле болды. Шалдуар соны сойыл ғып сілтеп, шоқпар ғып сермеп, мені маңдайдан пергілеп, тобықтан ұрғылап есімнен тандырды да отырды.
–Актуальді болмағандықтан мұның газетке қабылданбайды. Түсінікті ме, аһ?! – деді ол тағы.
– Газетке баспай-ақ қойыңыз. Тек маған оқып шығып, пікіріңізді ғана айтыңызшы.
– Осы саған редакцияға бар деп жүрген кім өзі?
Шалдуар мені редакцияға бар деген адам қазір қолына түссе түтіп жіберердей боп, сұстанып кетті.
– Мұны профессор Әуенов сіздерге апарып көрсет деген соң келіп едім.
Шалдуардың түсі қайта жұмсарды. Тіпті күліп те алды.
– Үлкен кісілер солай деп айта салады, – деді ол. – Сенің көңіліңді қимаған ғой. Және ол кісінің мазасын алатын сен сияқты студент аз деймісің?
Шалдуардың түсі қайта суыды. – Ал Әуенов айтты екен, сол кісі жөн сілтеді екен деп сен малданба. Біз Әуеновтың жазғанының да бәрін баса бермейміз. Әкелгені актуальді болса ғана басамыз, түсінікті ме?
– Түсінікті, – деп мен енді есім шығып, тезірек кетуге ыңғайланып.
– Түсінікті болса, жүре бер. Мә, мынауыңды ала кет.
Мен қолжазбамды алып есікке қарай аяңдадым. Осы кезде оның есіне авторлардың күдерін үздірмеу керек деген журналистік қағида түсті-ау деймін, маған қайтадан дауыстап:
– Әй, әй, тоқта, – деді қолын шошайтып. Мен тоқтадым.
– Егер актуальді бірдеңе жазсаң, тағы да келерсің. Енді жүре бер, – деп ол қолын сермеді.
Мен жүре бердім.
Редакцияның босағасын алғаш аттауым осылай аяқталды. Кеше ғана Әуеновтың алдынан көңіліме қанат бітіп, іштей тасып, лепіріп шыққан мен Шалдуар Шалғынбаевтың алдынан жермен жексен болып шығып, редакцияның биік баспалдағынан тәлтіректеп жерге әрең түстім. «Өзіме де сол керек, – дедім былайырақ шыққан соң ішімнен. – Тұңғыш баласын ЗАГС-ке тіркетемін деп, туған күннің ертеңінде ала жүгірген жас анадай желпеңдеп, алды-артыма қарамай жүгіріп едім редакция қайдасың деп. Ал, жүгір…»
Осыдан кейін бір күні тағы да редакцияға бардым. Баяғы бөлмеде Шалғынбаев жалғыз отыр екен.
– Бұл жолғым актуальді мәселе еді, – дедім мен Шалдуар иіле ме деп үміттеніп.
– Немене?
– Алда Жамбылдың қайтыс болған күні келе жатыр ғой. Біз соғыс кезінде Жамбылға хат жолдап, ол кісіден өлеңмен жазылған жауап алғанбыз. Соның тарихын баяндап және…
Қаншама шапшаң сөйлесем де Шалдуар менің сөзімді аяқтатпады.
— Оның да актуальді емес, – деп қолын бір-ақ сермеді. – Жамбыл туралы филология ғылымының кандидаты Тұрғанбаевқа мақала жаздырғанбыз. Филология ғылымының кандидаты, — деп қайталады ол. — Соны машинкаға бастырып, мына өз қолыммен апарып, осы жаңа ғана редактордың алдына қойып келдім. — Шынымды айтсам, ол сәтте редактордың үстеліне мақала апарып қоятын мынау Шалдуардай әдеби қызметкер болу маған қол жетпес бақыт сияқты көрінді. Шалдуар менің осы ойымды сезіп қалғандай, қайтадан кекете сөйледі. – Немене, Жамбыл туралы мақала жазып, қаламақы тауып, аяқ астынан бір байып қалайын дегенсің-ау, тақыр студент.
Мен Шалдуардың бұл сөзіне шамданғаным жоқ. Студент екенім рас, студенттің көпшілігі тақыр кедей болатынына тағы да талас жоқ. Несіне ренжимін. Тек одан өзім бұрын естімеген, білмейтін сөзімнің мәнін сұрадым.
– Қаламақы дегеніңіз не? – дедім. Шалдуар тағы дүрсе қоя берді.
– Ой, сен өзің қаламақының не екенін білмейсің, қалай журналист боламын деп жүрсің?! – Мен кінәлі адамдай басымды изедім. Сол түрімді аяды-ау деймін, Шалдуар жаңағы өз аузынан шыққан, оны білмеген адамның журналист болуы мүмкін емес сияқты сиқырлы сөздің мәнін маған түсіндірген болды. – Қаламақы деген ол гонорар деген сөз. Ал гонорар дегенің қып-қызыл ақша. – Шалдуар өзінен өзі тамсанып, сықап салған ақшасы сыймай тұрғандай, шалбары мен пиджагының қалталарын қайта-қайта басып, сипап қойды. – Түсінікті ме, аһ?
Шалдуардың осы бір «Аһ?» деген сөзі-ақ жүйкеме тиеді. Ол бұл сөзді «солай ма, рас емес пе?» деген мағынада айтады екен. Бірақ ол мұны өкпесін қабындыра аузынан қатты дем шығарып айтқандықтан, маған онысы қаперсіз келе жатқан адамға тасадан «ап!» деп әлдебір қорқынышты нәрсе тап берген сияқты боп сезіледі.
«Түсінікті» дегендей, мен басымды изедім.
– Ендеше кете бер, – деп Шалдуар телефонға қарай қолын созды.
Сөйтіп, тағы да Шалдуардан қайтып, адасып жүріп тікенек қалың қарағанның арасынан әрең шыққан адамдай қалжырап, қарын ашып, жүрек қарайып, бұрлығып, университетке, лекцияға келдім.
Университет алдында Меңтай кездесті.
– Ағай, сізге айтатын бір жаңалық хабарым бар, – деді Меңтай менімен сәлемдескеннен кейін балаша жымиып, қуана күлімдеп. Жүрегім өз-өзінен дүрсілдеп қоя берді.
Меңтай жайлап өзінің Пушкин атындағы кітапханадан келе жатқанын, онда жаңа ғана жазушы Әуеновтың оқырмандармен кездесуі болып өткенін айтты.
– Профессор оқырмандар алдында сөз сөйледі, – деді Меңтай. – Сөзінің соңында ол біздің университетте соғыстан қайтқан, болашақта үміт күттірерлік бірсыпыра әдебиетші, журналист жастар бар дей келіп, солардың ішінде сіздің де фамилияңызды атады. Мен сізді шын жүректен құттықтаймын, ағай.
Осылай деп ол кіп-кішкентай, жұп-жұмсақ қос алақанымен менің қолымды қысты. Күші солғын, күйдіруі күшті ақ саусақтар оң алақанымның іші-сыртын сәл ғана сипай ұстаған сол сәтте іште тулаған ыстық лептер, дауыл күні теңіз жағалауындағы жалғыз жартасты сабалаған толассыз толқындай қаптап, жүректі соғып, сүйінші сұрағандай оның ұйқы-тұйқысын шығарып, жұлқылап жұлмалап жатты. Бал-бұл жанып, қуана жайнап тұрған Меңтайдың жүзі маған бұрынғысынан да сұлу, сүйкімді көрінді. Егер жұрттың бәрінде бірдей менің көзім мен жүрегім болса, онда Меңтайды бар студент, бүкіл ғалам жер үстіндегі ең сұлу, ең ақылды қыз осы ғана деп бағалар еді-ау, шіркін! Дариға-ай, дүниенің тұтқасы қолымда болса, бар жақсылықты осы қызға жасап, бар бақытты осының басына үйіп қояр едім мен. Бірақ, кедей студент менің қолымнан махаббат пен тұрақтылықтан басқа не келеді десеңші.
Меңтаймен бірге ішке кіріп, ішімдегі осы ойды мазасыз баладай тербетіп, екінші этажға көтеріліп келе жаттым. Алайда, бүгін бірінші рет Меңтайды көріп, екі қайтара оның қолын ұстауым, ол айтқан жаңағы жылы хабар маған күш, қуат берді. Қарным ашып, қалжырап, шаршап келе жатқанымның бәрі лезде ұмыт болды.
IX
Студенттердің қос өкпесіне найзадай төніп, жазғы емтихан да жақындап келе жатты. Найзадай төнетіні студент сияқты жас желең қауымның ішінде желбас жігіттер мен желөкпе қыздар аз болмайды. Қысқы семестрден қалт-құлт етіп өткеннен кейін олар «Әй, жаз қайда, біреу қайда» деп, қолды бір-ақ сермеп, кітап пен конспектіні жауып тастап, секеңдеп сауық іздеп, селкілдеп би билеп кетеді де, емтихан тақағанда естері кіріп, қыл көпірдің аузына кеткендей қалтырайды екен. Соғыстан келген маған студенттердің емтихан тапсыруы әскерлердің ұзақ жақтан бекіністен көтеріліп, мылтығының найзасын ұмсына кезеп «Уралай!» ұмтылған жауынгерлердің бәрі бірдей алға баспайды: біреу оққа ұшады, біреу денесінен қызыл қан саулап, жер құшады — жаралы болады. Ал емтихан тапсырғанда ешкімнің оққа ұшуы жоқ. Оның есесіне қан орнына көздерінен жас сорғалаған «жаралы» көп болады екен.
Біздің курстан емтиханның найзасына бірінші түйрелген Сақила деген семіз сары қыз болды. XVIII-XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің емтиханынан ол өкіріп жылап шықты.
– Не болды? Не болды? — деп жатырмыз отыз үшінші аудитория есігінің сыртында дәлізде ішке кіруге кезек күтіп тұрған біз.
– Құладым, — деді ол солқылдап келіп, алда тұрған қыздардың бірінің мойнына асыла кетіп.
Біз оны ортаға алып, өзімізше жұбатып жатырмыз. Қандай сұрақ келді дейміз.
– Бұхарды білесің бе деп сұрады оқытушы, — дейді Сақила солығын басып.
– Сен не дедің?
– Білемін дедім.
– Сонсоң?
– Білсең оның жаңалығы, ерекшелігі қандай? – деді оқытушы.
– Дұрыс, сен не деп жауап бердің?
– Мен ойланып тұрдым, тұрдым да: «Бұхардың жаңалығы самауыр мен ақшәйнек қой, ағай» дедім.
Біріміз күліп, біріміз ренжіп жатырмыз, «Сөйтіп кісі жауап бере ме екен» дейміз.
– Қайдан білейін, – дейді Сақила өксігін әрең басып, — Бұхар – сауда-саттық қаласы, қазаққа самауыр мен ақшәйнек содан тарады дегенді бір құлағым шалғаны бар еді…
– Әй, әй, қуаттарым, айтсаңдаршы, — деп өңі құп-қу болып Зайкүл ортаға шықты. — Осы сұрақ келіп қалса менің не деп жауап беруім керек?
– Алдымен, – деді Меңтай, – сен Бұхар жырау өлеңдерінің аттарын біліп ал.
– Иә, айтшы сол түскірлерді, — дейді Зайкүл елпілдеп.
– Бұхар жырау Абылайханның тұсында өмір сүрген, — дейді Меңтай ол жайындағы мәліметтерді Зайкүлге қысқаша айтып түсіндіруге асығып. – Өлеңінің аттары мынадай: «Айналасын жер тұтқан…»
– Мұнысы не пәле, «жер тұтқан ба, жер жұтқан ба?», қайсысы? — дейді Зайкүл екі көзі бақырайып.
– Өлеңнің аты, «Айналасын жер тұтқан», – дейді Меңтай оған ыждағатпен түсіндіріп.
– Ойбай-ай, Меңтай. Менің миымда тұрады дейсің бе бұл пәлең. Одан басқаларын айтшы.
Меңтай шұбырта жөнелді.
– «Ай, Абылай, Абылай», «Керей қайда барасың?», «Бірінші тілек тілеңіз», «Жал құйрығы қаба деп», «Қалданменен ұрысып»…
– Ойбай-ай, Меңтай қуатым-ау, мынаның қайсысы есте тұрады? Әне біреу, «Әй, қайда барасың?» дегені болмаса.
Біз ду күліп жатырмыз. Тек Меңтай ғана күлмейді.
– «Әй, қайда барасың?» емес, ол өлеңнің аты «Керей, қайда барасың?» – дейді Меңтай Зайкүлге бар ынтасын сала түсіндіріп. — Бұл жыраудың Абылайханнан жапа көріп, үдере көшіп бара жатқан қазақтың Керей деген руына айтқан өлеңі.
Осы арада жұртты емтиханға біртіндеп кіргізіп, кіргендерді сыртқа шығарып тұрған Жомартбек мысқылға басты. – Зайкүл Бұхар жырауды неғылсын, «Әй, қайда барасың?» деп маған айтып жатыр ғой.
Біз бұған ішек-сілеміз қата күліп жатырмыз.
– Әй, жүгірмек, тыныш тұршы, — дейді әшейінде Жомартбекке жұдырығын ала жүгіретін Зайкүл қойдан қоңыр жуастықпен. — Иә, Меңтай, одан соң не дейін?
– Бұхардың жаңалығы не деген сұрауға мынаны айтасың. Жыраудың өлеңдері сыңсыған шешендік сөздерге толы. Оның өлеңінің қай жолын алып оқысаң да ақыл, нақылға кездесесің. Мысалы, «Айналасын жер тұтқан айды батпас демеңіз. Айнала ішсе азайып, көл таусылмас демеңіз» деген сияқты. Осындай керемет шешендік — Бұхар өлеңдерінің ерекшелігі. Осы шешендік әдебиет тарихында «Бұхар сарыны, Бұхар үлгісі, оның жаңалығы» деп аталады. Енді ұқтың ба, Зайкүл.
– Ұғуын ұқтым ғой, Меңтай. Бірақ мен көк мимын ғой. Қазір ұққанымды қазір ұмытып қаламын. Сақила, – деді ол әлі өксігін баса алмай тұрған серігіне қарап. — Сенің екінші сұрағың не?
– Махамбеттің романтизмін білесің бе? – деді содан соң оқытушы, — деп Сақила көзін сүрте бастады.
– Иә, сен не дедің?
– Білемін, — дедім мен.
– Білсең айт, – деді оқытушы.
Ары ойландым, бері ойландым. Ақыры оқытушы Махамбеттің оқыған романдарын сұрап тұрған шығар деп ойладым да:
– Махамбет романдарды көп оқыған, — дедім.
– Е, қандай романдар оқыпты? — деді оқытушы жымыңдап. Ол жымыңдағанда мен ойындағысын дәл тапқан екенмін деп қуанып кеттім де:
-Алдымен «Жұмбақ жалау» романын оқыған, дедім.
– Е, тағы қандай романдар оқыпты? — деді оқытушы.
– «Менің құрдастарымды» дедім мен.
– Иә, сонсоң? – деді оқытушы одан сайын күлімдеп.
– «Ақын» романын дедім мен, дәу де болса күтіп отырғаныңыз осы болар деп.
– Зачет книжкаңды әкел, — деді оқытушы қолын созып. Мен кемі үш қоятын шығар деп ойладым. Ол қол қойып, қайтарып берді. Қарасам екі қойыпты, — деп Сақила қайтадан еңкілдеді.
– Сағынова Зайкүл, — деді Жомартбек бір қолымен тұтқадан ұстап, дәліздегі бізге де, іштегі оқытушыға да естірте дауыстап.
Өйткені оқытушы студенттерді өз емтиханына бөгелтпей кезекпен кіргізіп тұруды Жомартбекке тапсырған болатын. – Сіздің кезегіңіз келді, емтиханға кіріңіз.
Зайкүл есік жанына жеткенде дар алдына келгендей құп-қу боп кетті. Оның кішкентай бөгеліп, жүрегімді тоқтатайын дегеніне Жомартбек қараған жоқ.
– «Шегінуге жол жоқ — артымызда Москва!» – деді де, Зайкүлді қолды-аяққа тұрғызбастан есікті шалқасынан ашып, ішке еріксіз кіргізіп қоя берді.
Енді біз Зайкүлдің тілеуін тіледік. Есіктің кілт салатын тесігінен кезек-кезек сығалап, оның қандай күйде отырғанын байқаймыз. Содан соң тағы біраз тым-тырыс бола қаламыз. Осы кезде өксік қысып, солқ ете қалған Сақила дыбысы естіледі.
– Саспа, Сакила, — дейді Жомартбек алақанын бипаздай сермеп. – «Бәрі өтеді, бәрі өзгереді» деп, мен емес Гераклиттің өзі айтқан. Ендеше бұл да өзгереді — сенің екің үшке түзетіледі.
– Қалай? – дейді Сакила көзін сүртіп.
– Былай. Қазір Зайкүл бес алып шығады. Содан соң…
– Иә, содан соң? – дейді Сақила Жомартбекке, ол бейне бір өлімнен құтылудың жолын айтатындай-ақ, жалбарына қарап.
– Содан соң Қанипа екеуі оқытушыға оңаша кіреді де, ортаға алады. Қанипа: «Ағай, Сақилаға үш қойып берсеңізші» дейді көзін құбылтып. «Иә, сөйтіңізші, ағай» дейді Зайкүл емініп. Екі қыз қиылып тұрған соң көңілшек ағай жібиді. «Сақила ертең келсін» дейді. Сөйтіп, Гераклиттің айтқаны болады да шығады.
Қойыңыз, қойыңыз, жаман екен ойыңыз» деп Қанипа әндете өтірік күліп, көлгірсіп Жомартбекке қарап, сахнаға шыққан бишідей боп, мойнын қылқыңдатты.
– Иә, түк қоятыны жоқ, — деді Майра оған бұрылып, – шашың мен мойныңды Кербез ағайға босқа сипатқанша, Сақиланың бағасын түзеттіріп бер.
Бұл сөзді басқа қыздар да шуылдап, қостап қалды.
– Зайкүл тапсыра ала ма? — деді Сақила Жомартбекке.
– Тапсырады. Ол тегіннен-тегін «Чеховтың қарындасы» аталған жоқ қой.
Бұған бәріміз де мырс ете түстік. Оның мынадай мәнісі болатын.
Қыста XIX ғасырдағы орыс әдебиетінен емтихан өткізуге әзірленіп жүрдік. Бір күні үзіліс кезінде Зайкүл бәрімізге сұрақ қойды.
– Чеховтың бір қарындасы туралы айтқаны бар еді ғой, сол сөз кімнің есіңде?
– Қай қарындасы туралы? – дедік біз түсінбей. — Мария Павловнаны айтасың ба?
– Тілімнің ұшында тұр, өзінің бір қарындасы жайында айтып еді ғой.
– Не деп?
– Не деуші еді кісі өз қарындасы туралы. Соның бір жақсы қасиетін айтқан.
Біз Чеховтың әйел аттас шығармаларын атай бастадық.
– «Ниночка» ма?
– Жоқ, – дейді Зайкүл басын шайқап.
– «Ит жетектеген келіншек» пе?
Зайкүл сақылдап кеп күледі.
– Қойыңдаршы әрі, келіншек ит жетектеуші ме еді? Ол бір ауылдың аңшысы ма екен иттерін қасынан қалдырмай ертіп жүретін?
– Ойбай, Зайкүл, сен білмейді екенсің ғой, – дейді Жомартбек орнынан ұшып тұрып, – Келіншектердің керемет аңшылары болады.
– Өзгеге сенсем де, саған сенбеймін. Жомартбек, – дейді Зайкүл қолын бір-ақ сермеп.
– Онда «Апалы-сіңлілі үшеуді» айтасың ба?
– Жоқ, үшеу емес, біреу, – дейді Зайкүл біздің діңкемізді құртып. – Чеховтың сол сөзін жұрт айта береді ғой ылғи.
Өлдік-талдық дегенде, келесі үзілісте оны әрең таптық. Сөйтсек, Зайкүлдің сұрап отырғаны Чеховтың «Краткость– сестра таланта» дейтін нақылға айналып кеткен атақты сөзі екен. Сол күні біз бәріміз ішек-сілеміз қата күле отырып, Зайкүлге «Чеховтың қарындасы» деген атты бірауыздан бергенбіз. Жомартбектің еске алып тұрғаны осы оқиға болатын.
Біз күлкімізді тыйып үлгіргенше іштен қойқаң қағып Зайкүл шыға келді. Бәріміз оған қарай қоғадай жапырылдық.
– Не алдың, Зайкүл?
Ол бізге бес саусағын көрсетті.
Сенерімізді де, сенбесімізді де білмедік. Зачет книжкасындағы «5» деген бағаны көргенде ғана иландық.
– Не сұрақ келді өзіңе?
– Не сұрақ келгенін неғыласыңдар, мен ештеңені де жетістіріп айта алғамын жоқ. Бар бітіргенім мынау болды.
– Қыздар Зайкүлге қарай ентелей түсті. – Кербез ағай бетіме қарап отырды да: «Зачет книжкаңды әкел, Сағынова» деді. Байқаймын, екі қоятын түрі бар. Емтиханды мен емес, ол беріп отырғандай-ақ, екі иығы салбырап, ұнжырғасы түсіп барады. Аяп кеттім байғұсты. Содан соң қайдан шықса, одан шықсын дедім де, бастым тәуекелге. Зачеткамды қолыма ұстап, юбкамның өзі қысқа етегін одан сайын көтеріңкірей түстім де, стол жанында Кербез ағайдың қарсысында тұрған орындыққа жалп етіп отыра кеттім барып. Ағайдың тышқан көзі жылтырай жайнап, менің мына оқтай түзу сирағыма, жұп-жұмыр тіземе қадалып, одан да жоғарылай берді. Мен оны сезбеген болып, зачеткамды ұсынып былай дедім: «Мен не қойсаңыз да ризамын, ағай. Бірақ, сіз сияқты теңіздей терең білімі бар ғұлама ұстаздан сабақ алып жүрген мені үш пен төртке оқиды деп ешкім де ойламайды». «Төрт» дегенді әдейі айтып отырмын. «Әттең, үш қойып берсе жарар еді» деймін ішімнен. Кербез ағайдың осал жеріне дәл тидім-ау деймін, книжкама қонжитып бесті қойды да берді.
Бұл оқытушымыз өте мақтаншақ кісі еді. Лекция үстінде ол екі сөзінің бірінде: «Мына мен нағыз қыпша бел, қыр мұрын, сымбатты жігітпін ғой» деп отыратын. Оның үстіне өзін үлкен, ұлы адамдармен қатар қоя сөйлеп: «Кеше Мұхит Әуенов екеуміз театрға бардық» немесе «Бұл тақырыпқа байланысты менің мақаламды, одан соң Белинскийдің мақаласын оқыңдар» деп те бөсетін. Осы мінезі үшін қыздар оны сыртынан «Кербез ағай» деп атайтын да, «Қыздар, тыныш отырыңдар, Кербез ағай келе жатыр», «Кербез ағайдың лекциясына барсам ба екен, бармасам ба екен?» десетін. Зайкүл қу оның осал жерін тап басыпты.
– Мынауың масқара екен, — деді Меңтай. Бұған дейін Меңтай аузынан мұндай қатал сөз шыққанын естіген емес едім. Ол жолдастарының кемшілігін кешіре біліп, ешкімнің көңілі қаларлық сөз айтпайтын еді. Сол сабырлы әдетін бүгін бірінші рет бұзғанына қысылды ма, кім білсін, Зайкүлдің сөзін естіп болғаннан кейін құлағының ұшына дейін қызарып, төмен қарады. – Мына сөзіңді бізден басқа ешкім естімесін.
– Енді қайтейін, – деді Зайкүл Меңтайдың алдында ақталғысы келгендей. – Жаңағы сен айтып бергеннің бәрін лезде ұмыттым да қалдым. Қысылғанда адам не істемейді. Ағайдың мақтаншақтығы, менің шашымды сипай беретіні ойыма түсті де, жаңағыны істедім. Енді қайтейін, бір семестр бойы басымды бекерге сипаттым ба мен оған. Басты айтасың Кербез ағай жаңа менің бұғағымды да сипап салды. – Біз күліп жібердік. – Мейлі, сипаса сипай берсін, – деп Зайкүл сөзін аяқтауға ыңғайланды. – Оған менің нем кетті, бір бесті соқтым да алдым.
– Бес қана емес, сен бір түлкі соғып алған сияқтысың, Зайкүл, – деді Жомартбек жымыңдап. – Анада аңшы әйел болмайды деп таласып едің, нағыз аңшы әйел өзің боп шықтың ғой.
– Әй, Жомартбек, байқап сөйле: мен әйел емеспін, қызбын.
– Ә-ә, солай екен-ау, – деді Жомартбек мүләйімсіп. Содан соң түк білмеген кісідей әндете жөнелді. – «Етімді шал сипаған құрт жесін деп, жартастан қыз секірді терең суға» деген екен-ау Абай атамыз. Білген адамға жақсы сөз-ау бұл бір.
Қыздар мұның Зайкүлге арналып айтылғанын сезіп, біріне-бірі қарап жымыңдасты.
– Әй, неге жымыңдайсыңдар, қыздар? — Зайкүл әр қыздың бетіне кезек қарады.
– Жай, жаңағы Жомартбектің «етімді шал сипаған» дегеніне күлеміз.
– Бұл маған айтқан екен ғой. Тілі тотияйындай осы жүгірмектен-ақ көрдім-ау, – деп Зайкүл жұдырығын түйіп, Жомартбекке қарай тап берді.
– Жоқ, жоқ, Зайкүл, — деді Жомартбек қашқақтай ақталып, – «Етімді шал сипаған құрт жесін деп» жартастан терең суға секіріп жүрген сен емес, феодализм заманының ескі қызы ғой ол. Сенің жөнін басқа, сен жаңа заманның сұлуысың. Кербез ағаң да шал емес, қырықта ғана.
– Ә, солай десеңші одан да, – деді Зайкүл Жомартбектің сұлусың дегеніне жайылып түсіп қалып. Оның «Кербез ағаң қырықта ғана» деген сөзіне мән де берген жоқ.
Өстіп, Жомартбек «Шегінуге жол жоқ – артымызда Москва» деген Клочков сөзін бас командашының бұйрығындай қайталаумен жұртты еріксіз ішке кіргізіп, есіктен аппақ боп енген қыздар қып-қызыл боп шығып, «Не алдың? Төрт. Құттықтаймын. Не алдың? Үш. Оқасы жоқ» деп, жылап-сықтап, күліп-қуанып, алысып-әзілдесіп жүріп, алғашқы емтиханды да өткердік.
X
Алғашқы емтихан маған бірсыпыра сабақ берді. Курстас қыздардың төрт-бесеуі ғана үздік жақсы, жеті-сегізі жақсы, он шақтысы орташа оқыса, алты-жеті қыздың үлгерімі мүлде нашар екен. Оның үстіне бұрын бұлар сабаққа жеке-жеке әзірленіп келген. Біреу емтиханға біліп кірсе, біреулер оқытушы алдына тек «құдайға тапсырып» қана баратын болған.
Мен қыздарға сабаққа бұдан былай бірлесіп әзірлену керектігін айттым. Әсіресе, нашар қыздарды жақсы оқитындарымыз екі-үштен өз тобымызға алайық дедім. Осыған келістік. Меңтай, Майра және мен үшеуміз Зайкүл, Сақила сияқтыларды қамқорлыққа алдық. Сөйтіп, осылай үш топқа бөлініп, кейде үш топ бірлесіп, бірігіп кетіп, таңертеңгі сағат төрттен тұрып алып, тынбастан даярланып жүрдік. Кейде бізге өз беттерімен әзірленетін әлді деген қыздар да қосылатын болды. Бірте-бірте қыздардың емтиханнан еңіреп шығуы тоқтала бастады.
Сондай емтиханға әзірлік күндерінің бірінде біз Калинин көшесі жақтағы жатақхана жанындағы төбешік басында, қалың ағаш көлеңкесіндегі көк шөп үстіне одеялдарды жайып тастап, кезектесіп конспект оқысып, білгенімізді бір-бірімізге ауызша айтысып, сарылып ұзақ отырдық. Бір кезде Меңтай ұсыныс жасады.
– Ағай, шаршап кеттік қой, демалайықшы. Бізге көңіл сергітетін басқа бір әңгіме айтып беріңізші, – деді маған қарап.
– Не айтайын? – дедім мен сәл ойлана түсіп.
– Ойбай, қыздар, – деді Жомартбек жерден жеті қоян тапқандай ентігіп, сонысымен қыздарды одан сайын ынтықтыра түсіп, – мұның соғыс кезінде бір қызбен үш күн бірге жатқан әңгімесі бар. Соны айтсын, өте қызық.
– Оны… – деп Меңтай күмілжіп қалды. Содан соң менің көңіліме бірдеңе келіп қалды деп ойлады ма, ренжір деді ме, сөзін қайта жалғады. – Лайықты десеңіз айтыңыз.
– Айтсын, – деді Зайкүл жаны кіріп. – Ондай әңгіме қызық болады. – Ол Меңтайға қарай бұрылды. – Сен, Меңтай, Ерболды иектеп алып, аузынан қаға беретінің не осы? Әлде өзіңе өлең шығарғаннан кейін өзімдікі деп жүрмісің?
Зайкүлдің Меңтайға айтқан сөзінің ішінде «Ерболды иектеп алып» дегенінің жаны бар деуге де болар еді. Менің Меңтай қасында, әлдебір мінімді тауып сөгіп немесе орнымнан түсіріп кете ме деп жоғарыдан келген үлкен бастық алдында іштей діріл қағатын кіші бағыныштыдай, ол маған атымды атап, жөнімді жөндеп ештеңе айтпаса да, қылық-қимылымнан бірдеңе ұнамай қала ма деп, өз-өзімнен қысылып, қымсынғандай күйде отыратыным барды. Қу қыз соны аңғарып айтты.
Зайкүл өз сөзіне өзі риза болып, сықылықтап күліп алды. Меңтай қызарып кетті.
– Сен де жоқты айтасың-ау, Зайкүл, – деді ол сабырлы қалпын бұзбастан сәл ғана күлімсірей түсіп. – Ағайды иектеп маған соншама не болыпты?! – «Жоқ, олай емес, иектесем иектеймін, онда сенің не шаруаң бар? – десең етті» деп ойладым мен ішімнен. – Әшейін, бұрын естімеген әңгіме болған соң…
– Естімесең естисің, білмесең білесің, – деді Зайкүл қайтадан сықылықтап. – Есту үшін тыңдау, білу үшін үйрену керек.
– Еститін де, естімейтін де, білетін де, білмейтін де нәрселер бар ғой… – Меңтай маған қарай сәл ғана мойын бұрып, бас изегендей болды. — Айта беріңіз, ағай.
– Иә, Зайкүл шырағым, осы сен тақымдамай тыныш отыршы, — деді Майра. — Бір нәрсенің шеті құлағыңа тиіп еді құнжыңдап кеттің ғой біржола.
– Құнжындамағаныңды көрермін қазір, – деді Зайкүл оған шамданбастан.
Өзге қыздардың үндемегендерімен, күлімдеген көздеріне қарағанда көбінің менің айтпақ әңгімемді тыңдағылары келіп отырғанын аңғарғаныммен, ол әңгімені Меңтай алдында айтуға лайықсыз көріп, бөгеле бердім.
– Ал, бастасаңшы Ербол, – деді Зайкүл дегбірсіздене түсіп. — Қай жылы? Неше күн құшақтап жаттым дейсің қызды?
Мен басымды шайқап қашқалақтай бастадым.
– Қырық төртінші жылдың күзінде бұл майданнан елге делегат боп келген, – деді Жомартбек Зайкүлдің құмарлығын одан сайын қоздырып, – Сонда, алдымен Алматыға соғып, содан соң өз ауылына барған. Ауылында өзің сияқты бір сұлу қызбен…
– Соғыс жүріп жатқанда ма? – деді Зайкүл көзін бақырайтып.
– Иә.
– Алла-ай, сен қандай бақыттысың, Ербол, соғыс кезінде елге келіп жүрген?
– Иә, қоя тұрсаңшы, Зайкүл, — деді оған Майра. — Ағайдың әңгімесін айтқызсаңшы.
– Әй, сендер дәл осыны «ағай» дегендеріңді қойыңдаршы қылымсып, – деді Зайкүл қыза сөйлеп. –Қайдағы ағай бұл, өзіміз сияқты студент қой. Көп болса 4-5 жас қана үлкен шығар. Соған бола соншама кәртейте бермесеңдерші бұл байғұсты.
Зайкүл аяған болып менің басымды сипады. Басқалар оған ду күлді. Зайкүлдің өзге сөздерін жарата бермесем де, осы сөзін ұнатып, мен де күліп жатырмын.
– Жоқ, оны емес басқа бір әңгіме айтайын, – дедім мен күлкімді тоқтатып.
– Жоқ, соны айт, – деді Зайкүл тақымдап.
– Соны, – деді Қанипа сықылықтап. – Зайкүл, ер болсаң дәл осы әңгімені айтқызбай қойма.
– Ендеше, – деді Жомартбек менен оқшаулана шетке қарай ығысып, – Зайкүл, сен Ерболды мықтап ұстап отыр. Мен оның күнделігіне жазған осы әңгімесін бәріңе дауыстап оқып берейін.
Жомартбек менің қасымда жатқан қалың дәптерімді қолтығына қыса кеткен екен. Шетке шығып, соның беттерін ақтара бастады. Зайкүл шап беріп менің мойнымнан құшақтап алды.
– Ал, оқи бер, Жомартбек. Мен мұны тырп еткізбеймін, — деді Зайкүл маған кенедей жабысып. — Қанипа, жақын отыр, мынау тыпырлап тұрып кетіп жүрмесін.
Жұрт тағы бір ду күліп басыла бергенде Жомартбек менің күнделік дәптеріме жазған естелік әңгімемді судыратып оқи жөнелді:
«Менің ауылым – «Ақбота» колхозы темір жолдан тоғыз шақырымдай жерде болатын. Ауылдың өкпе тұсында «Оныншы» деп аталатын разъезд барды. Ауыл поселкеге айналып, поселке қала болып үлкейіп жатады. Бұл дүниеде өспейтін разъездер екен ғой. «Оныншы» біздің бала күнімізде разъезд еді. Жігіт болып, соғыстан келгенімде де сол разъезд қалпында алдымнан шықты. Бірақ маған ол шетелдің сәнді қалаларынан әлдеқайда қымбат, әлдеқайда артық еді. Күн бата разъезге болар-болмас қана кідіріп өткен поездан қарғып түсіп мен қарсы алдымдағы қызыл шатырлы екі ағаш үйге қуана қарап, орнымнан қозғала алмай қалтиып қалыппын. Ол сәтте өзімді Петергофтағы патша сарайының алдында тұрғаннан бір де кем сезінсем бұйырмасын. Айырмашылық сарай алдында фонтан суына шомылып тұрған жалаңаш әйелдер мүсіні жоқтығында ғана сияқты. Оның орнына менің көз алдымда өзге суреттер кернеді.
Мен бірінші рет поезды осы жерде, анау маңдайшасында «Разъезд №10» деген жазуы бар он жақтағы қызыл үйдің алдында тұрып көргенмін. Содан кейін әкем екеуміз арбаға мініп, ауылға қайттық. Әкемнің трашпенкесінің арт жағында үнемі басы жылқышы құстың тұмсығындай имектеле сорайған шалғы орақ жүретін. Ауылға тақағанда арбаға мінеміз деп алдынан балалар жүгірсе, әкем атын тоқтатып: «Қарақтарым, байқаңдар, арбаның артында шалғы-орақ бар»деп ылғи ескертіп отыратын. Ол жаздың күні еді. Разъезд бен ауылдың арасы тұнып тұрған көк шөп болатын. Разъезден шыға бере әкем атын тоқтатып, арбаның артындағы шалғы-орақты алып шөп шапты. Мен хош иісі аңқыған көк шөпті кішкентай құлашымды жая құшақтап, арбаға тасыдым. Талдан тоқылған шарбақ қорабына көк шөп тиелген арбаға қайта отырғанда мен өзімді асқар таудың төбесіне шыққандай сезіппін. Жас шөптің иісі жанымды елтіткен маған төбесіне шыққан тауым түйенің бүлкіліндей майда желіспен қозғалып, зымырап бара жатқан сияқтанды. Өстіп, разъезге келген, поезды көрген, жас шөп тиелген биік арбаға мінген қуаныштан, кішкентай жүрегім, енесін айнала шапқан құлын тұяғының дүрсілін таныта лүпілдеп отырған шақта әкем маған қолындағы божысын ұстатты. Бұрынғы қуаныш қуаныш па, көңілім одан сайын лепіріп кетті. Божы қолыма тигенде жүрегім үсті-үстіне лүпілдеп жымың ете түскен мен сол сәтте аттың божысын ұстап келе жатқандай емес алыстан қарағанда ақбас нардай боп көрінетін Ақжал тауының өркешіне мініп, соның бұйдасын ұстап келе жатқандай жайда болдым. Ең алғаш осы разъезді көріп қайтқанда ауылға тура Москваның өзінен келе жатқандай күйде енген едім. Сол разъезді одан он бес жыл кейін қайта көргенде сол сурет көз алдыма елестеп, мұрнымды жас шөптің хош иісі қытықтағандай болды.
Разъезд басында танитын ешкімім жоқ болғандықтан мен бірден шапшаң адымдап, ауылға қарай бет қойдым. Теміржол топырағынан түсіп, табаным жерге тиісімен-ақ, өн бойым бірден жеңілденіп, сахнаға шыққан бишідей лыпып келемін. Аяғымды ілгері басқан сайын, екі қолтығыма қанат біткендей зымырап, самғай түсемін. Разъезден біраз шыққаннан кейін осы түс еді-ау дедім де, жерге жата қалып, аунай бастадым. Содан кейін, бала күнімде бір жаққа ала кет деп әкемнің аяғын құшақтап жылап жатып алатынымдай, етбетімнен түсіп, жазда шөбі шабылып алынған орма жерді құшақтап, екі бетімді үйкелеп, ернімді тигіздім. Мен қара жерді анамның жұмсақ маңдайы деп сүйдім, әкемнің жалпақ арқасы деп құшақтадым. Бір кезде өз-өзімнен күбірлеп, күгірлеп үн қаттым. «Айналайын анам, сен туған жер топырағының астында жатырсың. Украинаның қара мақпал көрпедей қара бұйра топырағын жамылып сен қалдың, ардақты әкем. Екеуіңнен бөлінген молекуладай болып, жер үстінде мен жүрмін міне. Сұрапыл соғыстан, сонау Польшадан туған жерге аман келіп, сенің бала күнімде басқан ізіңді иіскеп жатырмын, әке. Ертең сенің қабырына бір уыс топырақ қосамын, ана».
Жеті жасар бала күнімде әкем шалғымен шөп шапқан жерде жатып, ойға да, мұңға да баттым. Содан соң орнымнан тұрып, ауылға қарай қайтадан бет қойдым.
Ауылға мен ай туа жеттім. Туған ауылымның кішкентай терезелерінен жылтыраған әлсіз оттары моңғол тұқымдас шығыс халықтарының қысық көзіндей сығырая күлімдеп қарсы алды мені…»
– Мынау әңгімең көңілсіз боп кетті, — деді Зайкүл шыдамсызданып. – Жаңағы қызбен бірге жатты деген жерінен бастасаңшы, Жомартбек.
– Оқи бер, Жомартбек, – деп басқа қыздар шу ете қалды. – Осылай оқи бер.
Жомартбек дәптер сөздерін әрі қарай жалғастырды.
«Жағалап, сыртқы көшедегі өз үйімнің желкесіне келдім. Басқа үйдің бәрінде сығырайған жарық бар. Тек біздің үйдің терезесі ғана тас қараңғы. Кеше соғысқа өзім кеткенде оты маздап, терезесі жарқырап тұрған үй еді. Менен бір ай кейін соғысқа әкем кетті. Әкем майданда қаза тапты. Әкемнің артынан ауылда шешем өлді. Жалғыз қарындасым ерте шығып, басқа елге кетті. Ендеше бұл үйде қайдан жарық болсын. Бұл иесіз үйдің күтіп отырған жалғыз жарығы менмін ғой. Соғыстан аман оралып, әке ошағының отын маздатып, әке терезесінен жарық жарқырата аламын ба, кім білсін… Осы оймен туған үйдің жанына жеттім.
Адам ғана емес, иесіз үй де жетімсірейді екен. Бұрын үймен жалғас салған шөп үйетін биік қорғанымыз болушы еді. Оның бір қабырғасы құлап, опырылып қалыпты, әке-шешеміз өліп, екі иесінен бірдей айырылғаннан кейін үй екеш үйдің өзі де шөгіп, аласарып кетіпті.
Шөп қорғанды айналып өтіп, қора алдына келдім. Бұрын мұндай кезде қора алдында бірі ыңырсып, бірі күйіс қайтарып қазыққа байлаулы сиырлар жатушы еді. Әр сиырдың алдында бұйығып, қысқа шынжырға байланған Қарашеке жайғасатын. Енді соның бірде-бірі көрінбейді. Үй маңында тірі жан жоқ.
Біздің үйдің есігі қораның қақпасынан бөлек болушы еді Аяңдап солай қарай келдім. Есікте қара құлып тұр екен. Оны қолыммен бір сипадым да, арқамдағы зат қапшығымды шешіп, жерге қойдым. Содан соң есік алдындағы соғыстан бұрын кешке қарай әке-шешем бәріміз шығып отыратын балшық сәкіге жайғастым. Пилоткамды шешіп тіземе қойдым да, екі қолыммен зырқ-зырқ еткен екі шекемді үнсіз қысып, отырып қалдым.
Осы кезде алдыңғы көше жақтан бір дүсір естілді. Қарасам, ай жарығында домаланған бір қылаң біздің үйге қарай құйғытып келеді екен. Оның не екенін аңғара алмай, атып тұрып, соғыстағы әдет бойынша қолымды оң жамбасымдағы пистолетке апарып үлгіргенімше бір ақ ит келіп кеудеме қарай шапшыды. Қыңсылап, арсалаңдап, құйрығымен санымды сабалап жатыр. Сөйтсем, бұл өзіміздің Қарашеке екен. Басының бір шекесі қара дөрегей кішірек келген ақ итімізді біз күшік күнінен солай атап кеткен едік. Байғұс Қарашекенің мені қалай танығанын білмеймін, дүсірлетіп алыстан келді. Алдыңғы екі аяғын екі иығыма асып жіберіп, иегімді жалап, кеудемнің екі жағын кезек иіскелеп жатыр. Мұңын шағып, жылап өксігендей, қайта-қайта қыңсылап, солығын баса алатын емес. Мен оны құшақтап көкірегіме қыстым.
– Қарашеке, аманбысың, қайдан таныдың, күшігім, – дедім итімді басынан, құлағынан, мойнынан сипалап. Қарашеке одан сайын қыңсылап, мүлде есі шығып кетті.
Бір үйден қалған екі жан осылай табыстық.
Қарашеке мауқын басқандай болып, иығымнан түсіп, есікке қарай жүгірді. Есікке шапшып, қыңсылап, алдыңғы екі аяғымен қара құлыпты тырмалады. «Ербол-ау, сен осы үйдің иесісің ғой, ашсаңшы мына есікті, қиратсаңшы аузындағы қара құлыпты» деп жалынғандай боп жаныма келді. Қайта жалт бұрылып, тағы да есікке секірді. Есікті ашып, мен ішке кіргізе алмасын білгеннен кейін Қарашеке қатты үріп, көрші үйдің алдына, одан терезесіне барды.
Біздікімен қатарлас көрші үй әкемнің қарындасы Нарша деген апайымның үйі еді. Ай сүттей жарық болатын. Иттің үргенін естіп, шашы жалбыраған кішкентай қыз шықты. Иен үйдің алдында шошайып жалғыз тұрған мені көріп, бала шошып қалды-ау деймін.
– Бұ кім? – деп баж ете қалды.
– Қорықпа, қалқам, мен Ерболмын, – дедім балаға қарай аяңдап. — Өзің кімсің?
– Мен Бақытжанмын, — деді қыз сенер-сенбесін білмей. Қасына таман барып, мені танығаннан кейін «ағатай!» деп Бақытжан мойныма асыла кетті. Үй сыртынан ентігіп Қарашеке келіп, менің мойныма өзінің қайта асылуына орын жоқ болғандықтан, шыр айналып құйрығымен сабалай берді.
– Тәтем мектепте жиналыста еді, – деді Бақытжан. – Бүгін колхозда жиналыс болып жатыр. Мен тез барып айтып келейін, аға. Бақытжан үйге кірместен мектепке қарай жүгірді. Оның соңынан дүсірлетіп Қарашеке қоса кетті. Біраздан соң ол арсалаңдап қайтып келді. «Менің тілім жоқ қой, ешкімге айта алмадым және сені жалғыз қалдырғым келмеді», – деп келгендей болды, ол маған. Содан соң «жүр, өзіміздің үйге жүр» дегендей, менің назарымды өзіміздің үйге аударып, қыңсылап, соның есігіне қарай қайта-қайта бара берді. Асығып тарп-тұрып басып, сүрініп-қабынып әрең жеткен апайымды және басқа екі-үш әйелді Қарашеке екеуміз екі үйдің ортасында, мен түрегеп, итім қасымда шоқиып отырып, қарсы алдық.
– Қуатым-ау, бауырым-ау, бармысың, қалқам! Сені де көрсететін күн болады екен ғой, – деп өксіп, еңіреп келіп апайым мені құшағына алды. Дауыс айтып, көшені басына көшіріп, айғайлап жіберді.
– Сабыр, Нарша, сабыр, – деп қартаңдау әйел апайымның иығынан тартты.
– Е, қой әрі, бауыры аман келген кісі жылай ма екен? Өзіміздің бауырымыз аман келсе, – деді жастау әйел дауысы.
Қараңғыда кімнің кім екенін біліп болмайды. Тәтемнен кейін жаңағы әйелдер келіп, кезек-кезек бетімнен сүйді.
– Аман-саумысың, қалқам?
– Көктен түстің бе, жерден шықтың ба, қалқам-ау, осы жеті түнде қалай келіп қалдың? – десіп жатыр олар.
– Дені-қарның сау ма, қуатым. Қол-аяғың бүтін бе, айналайын, – деп мені шыр айналып апайым айналып-толғанып жүр.
– Бәрі бүтін, тәте, – деймін мен күліп.
– Е, немене, бауырың ақсақ боп қалды ма деп қорқып жатырмысың, – деді жаңағы жастау әйел. – Ақсақ болса да аман келсе екен өздері.
Осы кезде мектеп жақтан даңғыр-дұңғыр сөйлескен адамдар дауысы естілді. Үкідей ұшып жүгіріп Бақытжан келді,
– Ербол ағам келді деп, ана ауылдың бәріне хабарлап келдім, – деді ол ентігіп.
– Ойпырай, мына қыз жаңа Бүркітбайдың басына жай түсіргендей қылды ғой, – деді жастау әйел. – Уәкілден кейін Бүркітбай қайта сөйлеп мыжып келе жатыр еді. Мына қыз келіп есіктен: «Тәте, жүр үйге, Ербол ағам келді» деп шар ете қалғанда, басекең сөзінен жаңылып кетті-ау біржола.
– Нарша қозғалатын емес, сонсоң мен түрттім мұны: «Жүр, неғып отырсың, Ербол келіпті ғой» деп.
– Ербол дегенді естігенде өн бойым ұйып кетті де, не болғанымды білмей қалдым, – деді тәтем. – Содан соң буынымды баса алсамшы. Үш ұмтылып орнымнан әрең тұрдым. Сонсоң есікке жете алсамшы. Мына Зәлен мен Сәукен келіп қолтығымнан демемегенде тіпті сол арада құлап қалады екенмін.
Жаңағы әйелдердің бірі көрші әйел, бірі сөзге шегедей тықылдақ құдағиым екенін апайым аттарын атағанда бірақ аңғардым.
– Жиналыстан неге кетіп қалдыңыздар, – дедім мен Сәукенге.
– Жиналыстары бар болсын, – деді Сәукен суырыла сөйлеп.
– Өзі де біткен. Жалғыз құдам келді дегенде отырайын ба сол кәрі қырттың көкігенін тыңдап.
Сәукеннің Бүркітбайдан менің өшімді алып жатқаны да білініп қалды. Осы кезде мектеп жақтан шығып, бізге қарай келе жатқан ауыл адамдарының қаралары көріне бастады.
– Ербол, қалқам, — деді тәтем біздің үйді нұсқап, – мынау әкеңнің қара шаңырағы — өз үйің. Осы үйдің түтіні өшіп қалмасын деп, үш күнде бір қазандығына от жағып, қара су қайнатып қоямын. Бүгін де от жаққанмын, іші жылы. Ыдыс-аяқ, дүние мүлік бәрі қаз-қалпында. Жүр, қарағым, өз үйіңе кір, бәріміз де сонда боламыз. Тәтем мені өз үйіме қарай бастады да:
– Әй, Бақыт, кілт қайда, тез кілтті әкел, сіріңке ала кел,– деді қызына.
– Қазір, – деп Бақытжан өз үйіне қарай шапты. Біздің бетіміз — өз үйімізге қарай бұрылғаннан кейін Қарашеке қуанып, құйрығын былғаңдатып құлыптаулы есікке қарай жүгірді. Бағанағыдай шапшып, ондағы қара құлыпты бір тырнады да, қайтадан бізді шыр айналып, кез келгенімізді құйрығымен сабалай бастады.
– Ойпырай, құданың мына жаман итінің құтыруы-ай, – деді Сәукен. – Кет, әй, құйрығы сабаудай ғой кәпірдің.
– Бұл байғұс осы үйдің адал күзетшісі ғой, – деді Зәлен. – Үйде ешкім болмаса да, бұл босағаны ешкім аттап кірмесе де, әйтеуір, осы үйдің жанынан шықпайды ғой. Анда-санда көзіме түскенде шақырып, тамақ беремін. Тамағын іше сала осы үйге қарай жөнелгенде кейде көзіме жас келеді.
– Е, оның дұрыс, – деп шешенсіді Сәукен. – «Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал» деген бар емес пе? Әрине, жас келеді. Бүкіл ауылдың басы болған ақар-шақар бір үйдің түтіні түтемей қалған соң, қайтсін жас келмей.
Бақытжан кілт әкеп, әйелдер «пісміллә» деп ішке кірді. Олар шам жаққаннан кейін мені шақырды. Керосин шамның қара көлеңке жарығында балалық кезімнің бар ізі сайрап жатқан өз үйімнің төріне шығып отырдым. Бірінен соң бірі ауыл адамдары келіп, елдің дәстүрлі амандасуы басталды. Бүкіл ауыл біздің үйге кіріп шықты. Көптен бері йен тұрған үй бір түнде базар болды да қалды.
Ертеңінде таңертең мен, апайым, Бақытжан және басқа кіші жиендерім бәріміз соғыс кезінің жұтаң таңертеңгі шайын ішіп отырдық. Бір кезде арсалаңдап, құйрығын тыным таппай былғаңдатып Қарашеке кіріп келді.
– Есік ашық қалды ма екен, әлде мына байғұс тырмалап өзі ашып кірді ме, – деді апайым алдында жатқан бір жапырақ қармаға қолын соза беріп. – Бұл бейшараның сен кетіп қалды ма деп жаны шығып жүр ғой.
– Кет, – деп қалды Бақытжан итке қолын сермеп.
– Тек, тиме, – деді тәтем. – Мә, мына бір жапырақ нанды сыртқа алып шығып бер.
– Мә, мә, Қарашеке, кә, – деп Бақытжан итті еліктіре сыртқа қарай жүгірді. Қарашеке құйрығын бір былған еткізіп, маған қарады да «Қайтейін, әркімге өз тамағы жақын ғой. Кетпегеніңді, туған үйдің төрінде отырғаныңды көрдім. Енді Бақытжанның қолындағы өз үйімнің дастарқанына бұйырған несібені жейін» дегендей тырнақтары тақтай еденді тесе жаздап, сатырлата сыртқа қарай жүгірді.
– Қарашеке мен Лашын ағаңның жақсы көрген иттері еді ғой, – деді тәтем әкемді есіне алып. – Ағаңнан «қара қағаз» келерде Қарашеке байғұс жаман ұлып, жүдеп кетті.
– Лашын қайда? – дедім мен осы кезде сары тазы есіме түсіп.
Әкем қыс түскенде анда-санда аңға шығып қоюды ұнататын. Сондықтан біздің үйде күшігінен асыраған екі ит болатын. Бір сары, бір ақ күшікті әкем бір жақтан екеуі де тазының күшігі деп әкеліп еді. Қарашеке күшік дүрегей де, сары күшік құлағы пілдің құлағындай үлкен қара ауыз тазы болып шықты. Оны біз Лашын деп атадық. Лашын үйіне жетпей түлкі ұстады. Қарашекенің де өзіндік өнері болып шықты. Келесі бір аңға шыққанда әкем Қарашекені жер-суға сыйғызбай мақтап келді. Таңертең әкем Лашынды қосып, бір түлкі алады. Түлкіні ол темір жолдың ар жағындағы Ақшоқы дейтін таудан аулайтын. Түске таман тағы бір түлкі көріп, Лашын қосылған екен, түлкі інге кіріп ұстатпай кетеді. Сол кезде ін аузында аңырып тұрған Лашынның қасына әкем мен Қарашеке де жетеді. Қарашеке іннің аузын иіскеп-иіскеп жіберіп, бір-екі қыңсылайды да, іннің ішіне кіре бастайды.
Әкем аттан түсіп, мынау қайтеді деп тұрады да, іннің ішіне кірсе бір түлкіге шамасы келер деп, оны тоқтатпайды. Ит іннің ішіне кіріп кетеді. Әлден уақытта ін аузынан Қарашекенің құйрығы, одан соң бөксесі көрінеді. Сөйтіп ол ін ішінде жатқан түлкіні тамағынан тістеп, шала жансар күйінде алып шығады. Содан кейін Лашын мен Қарашеке біздің ауылда «қос қыран» атанған-ды.
– Лашын өліп қалды, – деді тәтем менің сұрағыма жауап беріп. Оның қалай өлгенін айтсам ба, айтпасам ба деп ойлады ма, сәл бөгеліп барып сөзін қайта жалғады. – Бүркітбай өлтірді.
– Қалай?
Әкем соғысқа менен кейін, қырық бірінші жылдың қысында алынған. Одан соң әкемнің орнына Бүркітбай колхоз председателі болып сайланады. Әкем кеткен соң екі ит аңсырап, кейде өздері далаға кетіп қалып жүреді. Кешке арсалаңдап келген екі итті көріп, көршілер: «Әй, осы екі ит бүгін түлкі алып, далаға тастап келді-ау» деседі де қояды. Келер қыста иесіз екі ит қатты жүдейді. Далаға аңсарлары ауып, ешкімге еріп шыға алмай қор болады. Бір күні Бүркітбай ешкімнен сұрамастан үй сыртында жүрген екі итті ертіп, далаға алып кетеді. Ол Лашынға күні бойы екі түлкі ұстатады. Кешке қарай жүдеу, арық ит үшінші түлкіні әрең ұстайды да, қардың үстінде шөкесінен түсіп жатып қалады. Күн тез суытып, қатты ызғырық тұрады. Үш түлкі алған Бүркітбай итке қарамастан ауылға қарай тартады. Итті алдына өңгеріп ала кетсе ештеңе жоқ. Лашын сол шөкесінен түскен бойы қозғалмастан қатып қалады. Бүркітбайға ілесіп Қарашеке ауылға келеді. Ертеңінде ішіне шөп тыққан үш түлкінің терісі жалаудай желбіреп, Бүркітбай үйінің төбесінде тұрады. Шешем одан: «Тазы итім қайда?» деп сұраса, ол: «мен ешкімнің итін бағып жүргемін жоқ» дейді.
– Бүркітбай сол үш түлкінің ең қызылын басына тымақ қып киді, — деп тәтем сөзін аяқтады. – Оның басындағы қызыл пүлішпен тысталған түлкі тымақты көрсем күні бүгінге дейін ойыма Лашын түсіп, көңілім бұзылады.
Ит жайындағы шай үстіндегі әңгіме өзінен-өзі Бүркітбайға қарай ойысты.
– Бүркітбай Сәлиманы алды ма? — дедім мен оның алғанын біле тұрсам да.
– Алды ғой, қарағым, — деді тәтем қолындағы кесесінен қара шай емес, қызыл қан жұтқандай қиналып.
Шай ішкеннен кейін тәтемді ертіп, зират басына бардым. Шешеме топырақ салдым. Содан соң военкоматқа барып тіркелу үшін аудан орталығы Ақжалға кеттім. Тәтем «Кәһ, кәһ» деп қайта-қайта шақырса да, Қарашеке менен қалмады. Он шақырым жердегі ауданға менімен бірге жол тартты.
Менің бірінші шаруам — военкоматқа аз күнге келгенімді айтып, тіркелу тез бітті. Одан соң аудан орталығындағы орта мектепке бардым. Онда маған үнемі хат жазып тұратын екі қыз барды. Олар осы мектептің бұрынғы оқушылары, кейінгі жас мұғалімдері Тана Серкебаева мен Хадиша Қалиақпарова еді. Ол екеуі менің мұнда келетінімді білмейді. Ауылдағылар да менің елге келе жатқанымды естіген жоқ. Өйткені майданнан біз бір-ақ күнде жиналып жүріп кеттік. Жолда ешкімге хат жазуға мұрша болмады.
Мектепте Тана да, Хадиша да жоқ екен. Олардың сабақтары түстен кейін болса керек. Үйлерін білмеймін және ешкімдерін танымаймын. Сондықтан әдірістерін алып, сұрап баруды қолайсыз көрдім де, екеуіне ауылға аз уақытқа келгенімді, енді үш күннен кейін қайтатынымды айтып, бір жапырақ хат тастап кеттім. Сонымен түс ауа Қарашеке екеуміз аяңдап отырып, қайтадан ауылға келдік.
Біз түскі шайды ішіп бола берген кезде сырттан Бақытжан жүгіріп кірді.
– Аудан жақтан велосипедпен біреу келіп еді. Алдыңғы ауылдан Ербол нағашымның атын атап жөн сұрап, велосипедін жетектеп осы үйге қарай келе жатыр. Өзі қыз сияқты, – деді.
Мен майданға, маған арнап өз ауданымнан хат жазып тұратын екі қызды да бұрын көрмеген болатынмын. Алайда бұл келген сол екеуінің – Тана мен Хадишаның бірі екені айқын еді. Бірақ қайсысы? Оны таба алмадым.
– Тәте, бұл біздің үйге келген қонақ болды, – дедім апайыма.
– Е, қонақ болса келсін, қуатым, – деді тәтем сабырмен. Мен қонақты қарсы алу үшін есік алдына шықтым. Расында да етжеңділеу келген биік қабақ ақсары қыз велосипедің үйдің қабырғасына сүйеп жатыр екен. Үйден бірге шыққан Бақытжан екеумізді көріп, маған қарай қысылмай, еркін қадам басты. «Жасында еркекшора болып, еркін өскен. Ешкімнен қысылмайды. Менің қыздардың осындай ашығын жақсы көретінімді білесің ғой. Сенің оны ұнатпауың мүмкін. Бірақ бұл тура өз көңілімдегі қыз» деген Заман сөзі есіме түсті. «Бұл Тана болды» деп ойладым ішімнен.
– Ербол, аман-есенбісің, досым? Көктен түстің бе, жаным-ау, қайдан келдің? – деп қонақ қыз әйел атаулының әдетінше бүрістіре ұстап алақанын ұсынды. – Мен Танамын ғой.
– Жақсымысың, Тана. Сендерді де көретін күн болады екен ғой. Өз көзіме өзім сенбей тұрмын,–дедім мен Тананың қолын қысып.
Содан кейін Тананы үйге қарай бастадым.
– Бұл сендердің бұрынғы өз үйлерің бе, Ербол? Әлде апайыңдікі ме?
– Өз үйіміз, апайдікі де алыс емес, осы үйдің іргесінде тұр.
Тана да, Хадиша да менің «Ақбота» колхозында қандай жақындарым бар екенін жақсы білетін. Әке-шешемнің қайтыс болғанынан да толық хабардар еді. Бәрін өзім жазып, естірткенмін.
– Тәте, мынау Тана деген сіңліңіз, — дедім апайыма қонақ қызды таныстырып. – Ауданда тұрады, мұғалім. Маған амандаса келіпті.
– Жақсымысың, қалқам? Дені-қарның сау ма, үй-ішің аман ба? — деп тәтем бірден іш тарта сөйледі. – Жоғары шық, қалқам.
– Жақсы, тәте. Өздеріңіз де аман-есенсіздер ме? Бауырыңыз келіп көзайым болып жатырсыз ба? Қуаныштарыңыз құтты болсын, – деп тәтемнен қалыспай Тана да шұбырта жөнелді.
– Өзің сәлемдесуге шебер екенсің ғой, – дедім Танаға әзілдеп.
Тана күлді.
– Өзге қолдан келмесе де, амандасу қолдан келеді ғой…
Тананың бұл сөзінде екі түрлі мән бар еді. Бірі өзінің амандасу жөнін білетінін айтқаны. Екіншісі, амандасу үшін өзінің алыстан іздеп келгенін білдіргені. Ауыл қызының осындай астарлы ойға жүйріктері көп болады. Бұрын, Тананың хаттарын майданда, окоп ішінде оқып отырғанда да одан шешендіктің жалтылдаған ұшқындарын көретін едім. Онысын Тана ауызба-ауыз сөйлескенде де бірден танытты.
– Рақмет, — дедім мен оған жымия қарап. Менің бұл сөзімді де екі түрлі түсінуге болатын. Онда амандаса білгеніне немесе амандаса келгеніне рахмет деген мағына барды. Оны Тана бірден аңғарып, жауап берді.
– Оған рахмет айтпай-ақ қой, Ербол, — деді қыз. – Сен жүз көрісемін, еліммен сәлемдесемін деп ауылыңа сонау қан майданнан келгенде, саған қарыс жерден келіп біз амандаса алмасақ кісілігіміз қайсы, достығымыз қайсы! Екеумізді бірдей директор босатпады да, Хадиша қалып қойды. Саған көп-көп сәлем айтты. Сенімен бұрынырақ дос болғанымды және басқа жағдайымды пайдаланып, екеуміздің атымыздан мен келдім, Ербол.
– Рахмет, – дедім мен тағы да.
Тәтем орнынан тұрып, төсектен соғыстан бұрын шешем істеген құрақ көрпені алып, жазып төрге төседі.
– Отырыңдар, қарақтарым, — деді екеумізге бірдей.
–Тәте, – деді Тана отыруға ыңғайланып, – сәлемдесемін деп қыз басымен жігітті іздеп келіпті деп мені сөге көрмеңіз. Ербол біздің үлкен досымыз болған соң келдім, айыпқа бұйырмаңыз.
– Жо-о-оға, қарағым. Еш айыбы жоқ, – деді тәтем. – Қайта сонау ауданнан Ерболды іздеп келгеніңе қуанып жатырмын. Қадірлес дос болған соң ұлы не, қызы не, шырағым-ау.
Тәтем менің ойлағанымнан да биік боп шықты. Әсіресе, аналық, даналықпен астасқан соңғы сөзі қарапайым апайымның қадірін одан сайын арттыра түсті. Менің ризалығымды өзімнен бұрын Тана жеткізді.
– Рахмет, апай, — деп тәтемді мойнынан құшақтады. Құрақ көрпенің үстіне Тана екеуміз қатарласа отырдық.
Мен алдымен, үй оңашада Танаға айтатын жұбату сөздерімді ойлап отыр едім. Тәтем сыртқа шығысымен сөзді Тана бастап кетті.
– Ал, Ербол, сен соғыста жүргенде үйде шешең қайтыс болды, түзде әкең опат болды. Жан досың Заман да жау қолынан қаза тауып, қайтпас сапарға ол кетті. Сен туған жеріңе майданда, қасыңда өлген өзге дос-жарандарыңды былай қойғанда, осы үш жақын адамның ауыр қазасын арқалап кеп отырсың. Мен саған сәлем соңынан көңіл айта келдім. Арқаңдағы ауыр қазалар жүгін бір күн де болса бөліп көтерісейін деп, лаулаған отқа қарлығаштың қанатымен сепкен суындай болса да, көңіл медеу боп, септігімді тигізейін деп келдім. Ата-анаңның, адал досыңның арт жақсылығын берсін…
Осылай деп Тана қалтасынан орамалын алып, бетін басып, өксіп жылап қоя берді. Менің де көзіме жас келді. Аузым кемсеңдеп отырып мен оған көңіл айттым.
– Заман менің жан досым болса, сенің де жан досың еді. Тек дос қана емес, жан жарың еді, Тана. Мен де саған көңіл айтамын, – дедім қыстығып отырып. Сәлден соң көзімнің жасын тежеп, бойымды жиғандай қайта сөйледім. — Әкемнің жаманатын үйден естідім. Заманның суық хабарын хат арқылы сен жеткіздің, Тана. Екеуінен де маған үзбей келіп тұратын үшкіл хаттар пышақ кескендей тыйылып қалды. Көзбен көріп, қолмен қоймағандықтан ба, қайдан білейін, әкем мен Заманның өлгеніне әлі күнге дейін сенерімді де, сенбесімді де білмеймін.
– Алғашында мен де сенбедім, — деді Тана екі иығы дірілдеп. — Заманнан хатты апта күттім, ай күттім. Жарты жыл бойына оны жаным жаманатқа қимады. Ақыры сендім. Сенбесіме не шара енді?!
Қыстыға жылаған Тананың дыбысы шығып кетті. Мен оған сабыр айтып, шашынан сипадым.
Өткінші жаңбырдай боп, қыздың жасы тез тыйылды. Орамалымен шапшаң сүртіп көзін құрғатты. Біздің оңаша отырып, жылап-сықтап алғанымызды ешкім де сезген жоқ. Тананың сүйген жігіті майданда өліп еді деп тәтеме де айтпадым. Айтпағаным қазақтың ескі дәстүрінде некелі жары немесе басқа бір ет жақыны болмаса, оң жақта отырған қыз бөтен жігіт үшін жұрт көзінше жылауға тиіс емес.
Тана екеуміздің кешке дейін әңгімеден аузымыз босамады. Мен соғыс жайын, ол ел жайын айтты. Екеуміз бір-бірімізге Заманнан алған соңғы хатымызды баян етістік. Тана маған Заманның өлімі жайында келген «қара қағазды» көрсетті. «Лейтенант Заман Әлімбетов неміс фашистерімен күресте ерлікпен қаза тапты» деген он шақты сөздің әріптері мені жан-жағымнан ысқырып, ыстық тілімен жалап өтіп жатқан қып-қызыл оқтай тітіретті.
Кешке тәтем қонақ қыз бен екеумізге ақ ірімшік жасап берді. Жаңа сауған сүтті ірітіп, үстіне сары май салып әкелген мұнда ақ ірімшік ет жоқта ет орнына жүреді. Сондықтан оны біздің жақ кейде «ақ лақ» деп атайды. Ауылдың тәттілігі тіл үйірген бір тамаша асы шынында да ақ лақтың уыздай былбыраған жұмсақ етінен бір де кем болмайды.
Тәтемнің «ақ лағына» ауылдың бірсыпыра кемпір-шалы қоса жиналған еді. Ac ішіліп болғаннан кейін олар маған соғыс жайында әңгіме айтқызып тыңдады. Одан кейін ауылдастарым маған үсті-үстіне сұрақтар жаудырды.
– Немістер қандай болады екен?
– Китлерді өзің көрдің бе?
– Өзіңе мына күміс теңгелерді не үшін берді?
– Ортасында Кремлі бар мынау күміс жұлдыздарың не?
– Ал енді бұл соғыс қашан бітеді?
– Өзің келдің, өзгелер қашан келеді? Қарттардың барлық сұрақтарына мен білгенімше жауап қайырдым.
– Ал мына қонақ бала кім? – деп сұрады одан соң кемпірлердің бірі.
Бұл сұраққа тәтем жауап берді.
– Бұл баланың аты Тана, ауданның мұғалімі, – деді тәтем. — Осы күнгі оқыған балалар бірін-бірі дос тұтып жүрмей ме? Тана мен Ербол екеуі соғыстан бұрын қалада бірге оқыған екен. Ерболдың хабарын естіген соң, сәлемдесуге әдейі келіпті.
– Бәле!
– Жөн-ақ!
– Көп жаса, шырағым! – деп қарттар риза болып қалысты.
– Ал, қалқам, – деді кемпірлердің бірі, – сен бір ән айтып жібер. Жассың ғой.
– Е, сөйтсін, – деді тағы біреу – Ерболдың арқасында қонақ баланың лебізін тыңдап қалайық.
Тана сәл ойланып отырды да, менің домбырама қол созды. Үйге келгеннен бері мен домбырама ішек тағып, пернелерін жөндеп күмбірлетіп қойған едім. Тананың саусағы тиісімен қоңыр домбыра лыпып сайрай жөнелді.
– Е, өзі домбыра да біледі екен ғой.
– Уа, бәле, – деп шалдар көтеріліп қалды. Домбыраны құлақ күйіне келтіріп алғаннан кейін оны алдына қойды да, Тана көпке қарады.
– Қарт ақын Сапар Әлімбетов дейтін кісіні бәрлеріңіз де білетін шығарсыздар, — деді қарттарға. — Ол кісі биыл қайтыс болды ғой.
– Е, неге білмейік.
– Сапекеңді әбден білеміз, – десті қарттар.
– Сол кісінің Заман дейтін жалғыз ұлы бар еді, – деді Тана. – Сапар атамның сол баласына арнаған екі өлеңін өз әнімен айтып берейін.
– Айт, шырағым.
– Құлағымыз сенде.
– Ол байғұстың жалғыз баласы соғыста қайтыс болып, соның күйігінен көп кешікпей, өзі де өлді деп естігенбіз.
– Рас, — деп Тана басын иді, – Мынау ақын атаның қырық бірінші жылы шығарған өлеңі. Содан соң Тана мұңды бір әуенмен қарт әкенің жалғыз ұлына арнаған жан жырын аңыратып қоя берді.
Заманым, қиын тиді-ау осы жолың,
Үйренген жалғыз қозым жастан қолым.
Сен барда алдымнан ай, артымнан күн,
Толысып тұр екен ғой оң мен солым,
Онда мен бар да екенмін, бай да екенмін.
Бір мұңсыз өте жақсы жайда екенмін.
Белге соққан жыландай енді болдым,
Біле алмай сол жалғыздың қайда екенін.
Жанымның жарық, таңы атып тұрған,
Егінім, жаңа дәнін татып тұрған.
Аузым аққа тигенде алып қойып,
Қабағым сол емес пе қатып тұрған.
Не керек, үңірейіп қала берді.
Орныңнан айналайын жатып тұрған.
Алды-артында қарайған қалмап еді.
Жаныма сол жерің ғой батып тұрған.
Көзіме тереземен шам да күңгірт,
Олар күңгірт емес қой, мен ғой ымырт.
Төр үйдің төрін қанаты құлазып тұр,
Кеткендігін білдіріп иесі сырт.
Өзің аман келген соң орнамаса,
Базар тарқап кеткендей болдым жым-жырт.
Ағаруға айналды сақал мен мұрт.
Көздің жасы көл болып, суалды ұрт.
Жалғызға қандай уақыт кез болды деп,
Кеудені жеп жатыр ғой қарабас құрт.
Қайтейін жалғыз ғана мен емес қой,
Мен сықылды мұңды ғой бүкіл ел-жұрт.
Тағдырдың сонда мені жеткізгені,
Тілегім: көз жасымды өзің кеп сүрт.
Баруға құс боп ұшып қанатым жоқ.
Ойымнан кеткен жоқсың қалатын боп.
Сағынып менің жаным жүдеді ғой,
Жүрегім ауық-ауық жанатын боп.
Су болсамшы алысқа ағатын боп,
Жел болсамшы жер түбін табатын боп.
Арқар, құлан сықылды аң болсамшы,
Аңшылықты алты аттап шабатын боп.
Ол емес екі аяқты жан болған соң,
Отырмын ойдың отын жағатын боп.
Өзіңнің сәлем жазған хаттарыңды
Бойыма бойтұмар ғып тағатын боп.
Ұзын сөздің қысқасы, сені тағдыр
Сақтасын жанған оттан қағатын боп.
Тәңірім, соның дәмін халқынан жаз.
Өз көліне келгендей үйрек пен қаз.
Көпті сақта, көппенен бірге сақта.
Сөйлейтін сонан басқа сөзіміз аз.
Тана бұл бірінші өлеңді айтып болып тоқтап, көзінің жасын сүртті. Жалғыз Тана емес, үй ішіндегілердің барлығы егіліп, жылап кеткен еді. Шалдардың көздерінен аққан жас тарам-тарам болып, сақалдарын жуды. Кемпірлер жаулықтарының ұшымен беттерін басып, иықтары селкілдеп, бұршақ соққан егіндей жапырылып, төмен салбыраған бастарын көтере алмай қалды. Әркімнің көз алдына өз жалғыздары елестеді. Ақын өлеңі барлық ата-ана жүрегінің қылын шертіп, олардың өз жүректерінің мұңын ағытты. Әлден уақытта шалдардың бірі бас көтерді.
– Сапакеңнің қалай өлгенін білесің бе, қарағым, – деді Танаға.
– Білемін, – деп бас изеді Тана. – «Қара қағаз» келгеннен кейін ақын ата нәр сызбай жатып алды. Бұрынғыдай ел де араламады, өлең де айтпады. Күндіз-түні төсегінен тұрмады. Бір күні түсте мені шақыртты. «Отыр, қарағым» деп қасына отырғызды да, ең соңғы өлеңін жаздырды. Біздің үй ақын атаның үйімен көрші болатын. Ақын атам баласына арнаған бар хатын маған жаздыратын. Өзінің жаңа шығарған бар өлеңін маған көшіртетін. Осы өлеңін айтып жаздырғаннан кейін ақын ата үш күннен кейін дүние салды.
– Е, жарықтық-ай.
– Байғұс-ай, жалғызымен бірге кетейін деген де.
– Қайтсін, ет жүрегі қан боп езіліп кеткен ғой сорлының, — десіп қарттар бірінің сөзін бірі құптады.
Сапекеңді соғыстан бұрын менің де көргенім бар еді. Заманның қонағы боп жатып, ақынның бірсыпыра өлеңдерін тыңдағанмын. Шоқша қара сақалы бар әр сөзін сабырмен айтатын кесек тұлғалы қара қоңыр кісі еді.
– Шырақтарым, екеуің дос болыпсыңдар, – деп еді Сапекең мен ауылға қайтарымда Заман екеумізді екі жағына алып отырып. – Достық қарызы – ауыр жүк. Адал жар азбайды, адал дос алдамайды. Екеуің де бір-бір үйдің жалғызы екенсіңдер. Біріңе бірің ақ дос, айнымас серік боп өтіңдер. Әрқашанда адал болыңдар. «Адалдың арқаны ұзын» деген сөз шын сөз. Осыны естеріңнен шығармаңдар!
Бұдан кейін мен қарт ақынды көргенім жоқ. Заман маған хат жазған сайын «әкемнен сәлем» деген сөздерді жиі қосатын. Ол Сапекеңді «әке» дейтін. Өйткені Заман әкесінің егделеніп қалған кезінде, қырықтан асқанда көрген жалғыз баласы еді. Жаңа, Тана өлеңді әндете айтқан кезде менің көз алдыма ақынның Ақжал тауының іргесіндегі аласа үйі елестеді. «Төр үйдің төрт қанаты құлазып тұр» деген жол сол үйдің төргі бөлмесінде отырып ақынның бізге айтқан мәслихатын есіме түсірді.
– Айт, қарағым. Енді ақынның екінші өлеңін айт, – деп қарттардың бірі Тананы қайтадан қолқалады.
Тана домбыраның құлағын қайтадан бұрап, жаңағы ырғақтан өзге, басқа бір мұңды үнмен әндете жөнелді.
Жанымның жарық күні – жалғыз Заман!
Бұл жолдан қайтар деуші ем есен-аман.
Қайтады деп жүргенде қара жер ғып,
Бір қағаз келді-ау сенен түсі жаман.
Қағаздың оқығанда бетін ашып,
Суыды тұла бойым, сұрым қашып,
Батқандай боп көрінді күн көзіме
Әлемге жарық берген нұрын шашып.
Көрінді ай тұтылып тұрғандай боп,
Көрінді бетін жалған бұрғандай боп.
«Басыңды кәне, бәлем, көтерші!» деп,
Басымнан шой балғамен ұрғандай боп.
Бір қалдым қара тұман басқандай боп.
Бір қалдым қасқыр шауып, сасқандай боп.
Көзіме айтқан жандар жек көрінді.
Нe атып, не дараға асқандай боп.
Солар қалай айтты деп аузы барып.
Қалай мені қылды деп көрнеу ғарып.
Өмірге жазылмайтын жара таптым,
Дүниеден өтпек болдым ашып-арып.
Әлгі ай да, әлгі күн де қаз қалпында.
Қос жарық бірі күндіз, бірі түнде.
Өзімнің жарық күнім батып кетіп,
Өмірге менің жаным жанған мүлде.
Жер жүзін тұман да жоқ шалып тұрған.
Мұнартып тауды бүркеп алып тұрған.
Жалғыз-ақ, ез басыма мұнар түсіп,
Жалғаннан менің көңілім қалып тұрған.
Бағанағы қағазды біреу жазып,
Жіберсе, айтушыда қандай жазық.
Жанымның жел арқаны үзілген ғой,
Сынған ғой жазым тауып жалғыз қазық.
Ендеше онсыз маған өмір арам!
Сөз арам сөйлеп жүрген, ойым қарам!
Кірермін қара жердің қойынына,
Сел болып көздің жасы тарам-тарам.
Малым деп кімнің малын жүрмін бағып ?
Үйім деп кімнің отын жүрмін жағып ?
Кімім бар «менікі» деп ие болар,
Бір күні мені кетсе ажал қағып ?
Сол күні менің атым өшті-дағы.
Іштегі шемен дертім өсті-дағы.
Таныған Қазақстан Сапакеңнің
Дүниеден із-тозы жоқ көшті-дағы.
Әйелдер қайтадан өксіп, шалдар еңкілдеп, үйде отырғандар тегіс бордай босап кетті. Мен қарт ақынның қазасын көз алдыма елестеттім. Өз шешемнің де соғыс салған құсадан өлгенін ойыма алдым. «Адам оқтан ғана өлмейді екен ғой, – дедім ішімнен. – Қасірет пен қайғы да улы газдай тұншықтырып өлтіретін болғаны ғой адамды. Соғыста Замандай жалғыз-жалғыз боздақтар жау оғынан опат болып жатса, елде соғыс жіберген қаралы хабарлар қарт әке, қадірлі шешелерді оқтай құлатып және жатыпты-ау. Оны кім білген? Майданға келген хаттар ішіндегі: «Аз ауырып анаң қайтыс болды» деген сияқты қысқа хабарлардың ар жағында қандай қасіреттер жатқанын болжамаппыз ғой». Тана оқыған осынау екі шерлі өлең маған өзім үш жылдан бері күн сайын көріп келе жатқан соғысты жаңа бір қырынан танытқандай болды. Ол соғыстың адамдарды майданда ғана емес, үйде де өлтіріп жатқандығы еді.
– «Бір қағаз келді-ау сенен түсі жаман» дегенге қарағанда хатты Заманның жолдасы жазған ғой, — дедім мен Танаға.
– Иә, алғашқы хат жолдасынан келді. Ол «бір шегініс кезінде адам көп опат болды. Заманнан айырылып қалдым. Тірі болса бері шығар еді. Опат болғандардың ортасында қалды деп ұқтым» деп жазған еді. Артынан іле-шала командирінен «неміс фашистерімен күресте ерлікпен қаза тапты» деген машинкаға басылған екінші қағаз және келді.
– О, пақыр-ай десеңші,–деді қарттардың бірі. Осыдан кейін ауыл адамдарының бәрі үйді-үйлеріне қайтты. Арқаларына бір-бір қап тас арқалағандай боп, белдері бүгжиіп біздің үйден әрең шығысты. Таяқтары жерді үнсіз түрткілеп, үнсіз тарасып жатты.
Жатар алдында далаға шығып, Тана екеуіміз біраз серуен жасадық. Орта көшедегі мектепке дейін барып қайттық.
– Сәлима осы мектепте ме? – деп сұрады Тана.
– Осында болар, басқа мектеп жоқ қой мұнда.
– Кездестің бе? — Жоқ?
– Көресің бе?
– Білмеймін.
ХІ
Біздің үй, барша ауыл үйлері сияқты, «ауыз үй», «төр үй» және «қазандық» деп аталатын кухнясі бар екі бөлмеден тұрушы еді. Өткен түнде бәріміз төр үйде – тәтем балаларымен еденде, мен төсекте жатып шыққанбыз. Біз қайта келсек, тәтем төргі бөлмедегі түнде мен жатқан екі кісілік темір кереуетті Танаға дайындап, маған еденге жер төсек салып қойыпты. Өзі балаларымен ауыз бөлмеге жайғасыпты.
Тана төсекте, мен жерде екеуміз тағы да ұзақ сөйлесіп жаттық. Есігі жабық тұрған ауыз бөлмеден тәтті ұйқының қорылы естілді.
– Тана, – дедім мен сол кезде ақырын.
– Әу.
– Бері келші, бірге жатайық.
Тана үндемеді. Бұл сөзді қалай айтқаныма өзім де қайран қалдым. Шыным ба, әлде Тана қайтер екен деп сынамақ болдым ба – алғашқы сәтте оны өзім де аңғара алмадым.
Ақырын төсек шықырлап, Тана жерге түсті. Терезеден түскен көмескі ай сәулесімен ақ балтыры жарқылдап, ішкөйлегі ағараңдап Тана қасыма келді. Еңкейіп, тізе бүкті де, көрпенің шетін өзі ашып, қойныма кірді.
Әлгінде Тана үндемеген кезде, ол менің қасыма келмейтін шығар деп ойлап едім. Тана келіп, бір көрпенің астына кірген соң енді оған не айтып, не істерімді білмей қалдым. Бағана, күндіз аяп, басынан сипағаным есіме түсті де, тағы да оны маңдайынан, шашынан сипай бастадым. Қыздың маңдайынан қақ жара тараған жылтыр шашын сипалай сырғып барып, қолым оның тоқпақтай жуан жалғыз бұрымына тиді. Алақаным ауға шырмалған алабұғадай боп, бұрымда бір сәт бөгеліп қалды да, одан сытылып шығып, іш-көйлектің жоғарғы ашық жағындағы қыздың жұп-жұмсақ жалаңаш етіне тиді. Осы кезде Тана қойныма келіп кіргеннен бері тулай бастаған жүрегім шапқа түрткен тайдай мөңкіп, шапшып, кеудемді тынымсыз тепкілей жөнелді. Қырынан жатқан Тана да маған үстіңгі сол жақ қолын созып, басымды өзіне қарай сәл икемдеп алып тағы да жылап қоя берді. Қыздың ыстық жасы жылы жаңбырдай боп, менің жүзімді қоса жуды.
– Жыламашы, Тана, қалқам, – деп мен оның жас сорғалаған қос көзінен кезек сүйдім. Көзден шыққан ащы жастың кермек дәміне де қарамадым. Тана менің оны аяғаныма ішінен рахмет айтып, разы болғандай қалып танытып, жұмыр, жұмсақ саусақтарымен бетімді сипалады.
Әлде менің жүрегімнің дүрсілін сезді ме, әлде сол дүрсіл әлін азайтып жіберді ме, білмеймін, езінің торғындай жұмсақ мойнының астында жатқан менің сол жақ қолымды босатып берді.
– Қолың талған шығар, ала ғой, – деді ол басын сәл көтеріп. Дауысында жат адамның ресми ибалығы емес, жас жардың жас күйеуіне жасаған ыстық лепті, мол ықыласты үні бар тәрізденді. Содан соң өзі шалқасынан аударылып жатып, оң иығымен оған қарап қырынан жатқан менің кеудеме қарай сұғына түсті. Осы кезде менің көңілімді әлдебір тәтті тілек кернеп, тамырларым да қан лықси тасып, Тана екеуміз жатқан кішкентай бөлменің алақандай төрі шыр көбелек айналып, дөңгелей жөнелген сияқтанды. Жұмсақ бұғақты жұмыр мойнын маған қарай бұра түсіп жатқан Тананың ыстық демі бетіме соққанда күні бойы оттай лепті аңызақ желдің өтінде жүргендей таңдай кеуіп, тән қаталап, өзгеше бір шөлге душар болдым. Осыдан кейін жамбасымда жатқан оң қолымды қайта көтеруге оңтайландым. Сол сәтте ұйтқыған жел мұржаға тыққан түтіндей шалқып, демім ішіме тығылып, тынысым тоқтап қалған тәрізденді. Бұл жай бір минутқа созылды ма, бір сағатқа барды ма, оны білмеймін. Әйтеуір өз қолымды өзім әрең дегенде көтеріп, қыздың кеудесіне салғанымды білемін. Осы бір өмірі көрмеген, қолым ешқашанда тимеген жұмсақ, жылы, рахаттай тәтті кеудеге алақаным желімделіп қалғандай жабысып, қозғалмастан жатып алды. Екі шекемді қан теуіп, өн бойымда өзендей тасыған әлдебір отты толқындар лықсып, кемерінен аса кернеп бара жатқан іспеттенді. Мен қыздың қарсылығын күткендей едім. Бірақ қыз қарсылықтың нышанын да білдірмеді. Мен енді не істер екен дегендей, кеудесі бір жоғары көтеріліп, бір төмен түсіп, үнсіз, дыбыссыз қатты да қалды. Содан соң барып мен ақырын қолымды қозғадым. Осы кезде қыздың ішкөйлегінің астынан сәл ғана діріл білінгендей болды. Ондай діріл менің өз қолымда да бар еді. Сол сәл дірілмен келіп менің қолым қыздың оң жақ алмасының үстінен шықты. Алма ашық емес, сыртын қол тайғанататын сырма жібекпен тырсылдата қаптап қойғандай боп көрінді. Екінші алмасы ашық болар деп ойлап, ақ мамасын іздеген ашқарақ баладай шыдамсыздықпен қолымды солға қарай жылжыттым. Ол да жабық екен. Саусақтарымның жалынғандай боп діріл қаққан сабырсыз шапшаң қимылы әсер етті ме, қыз кеудесін кеудеме тигізе, ыстық демімен бетімді шарпып, маған қарай бұрылды да, сол қолын арқа жағына қарай созып, әлдебір нәрселерді тырсылдатып, ағытып жатқандай болды. Бұл кезде мен оның атлас иығын қайта-қайта емірене сипағанымды білемін. Тананың кеудеме тірелген аршын төсі мен бетіме соққан ыстық лебі, жағадан қайтқан толқындай шегініп, алыстап кеткендей болды. Сөйтсем қыз қайтадан шалқасынан жатқан екен. Менің қолым ашқарақтанып, тағы да жаңағы жерді сипалады. Арқадан ағытылып, бос қалған бюстгалтер астынан топ-томпақ, тып-тығыз қыз алмасы қолыма ілінді. Менің уысыма ғана арналып жасалғандай шап-шағын, бірақ адамның өн бойына бірден электросварка отының жарқылындай ғажайып ұшқынды діріл шашатын ғажап дүниені қайта-қайта сипай бергім келді. Ағаш басында тұрған алманы жұлып алардан бұрын оның қатты, жұмсақтығын білу үшін адам уысына салып, ақырын қысып көрмейтін бе еді. Менің де сөйткім келді ме, білмеймін (тегі мен оны өз бағымның алмасы деп ойлап қалсам керек), бір кезде қыздың алмасын құшырлана қысып жібергенімді өзім де байқамай қалдым. Қыз да сүйсініп кетті-ау деймін, «ІҺ!» деп қалды. Содан кейін тек алмасын ғана емес, бар денесін менің алақанымның астына салып, тұла бойын тұтас менің уысыма бергісі келгендей, сол ыңырсыған ләззатпен барша денесін менің алақанымның астына қарай жиырып, кішірейіп, бір уыс тәтті құмарлықтың ырқына беріле бастағанын аңғарғандай болдым. Бұрын жалаңаш қызды құшақтап кім көрген, шіркін! Танамен бір төсекте жатқан сол сәтте ажалға арналып, бір арқанмен маталған Еңлік пен Кебек сияқты тас қамау, берік шырмауда қалғандай, қазір екеуміз шыңнан шыңырауға құлайтындай күй кештім. Биіктен бүтін дене боп лақтырылғанмен, етекке түскенде парша-парша шығатынын білсем де, сол шыңырау түбіне тез құласам екен деген жүрегімде жалғыз жалын тілек барын аңғардым. Бұл сәт маған аса тәтті де, асқан үрейлі де боп көрінді. Мен шыңнан шыңырауға қарай тартылған әлдебір құпия күштің арнасында тұрғандай болдым. Ақ көбікті аузын ашып толқын-толқын болып, суылдаған дыбысы білініп, кемерден аса лықып келе жатқан сол күш қазір мені жаңқадай жұлып әкетіп, құздан төмен қарай құлатып қоя беретін сияқтанды. Осы соңғы сәтте ойымда айдаладан, алыстан – сонау шыңырау түбінен шыққан ащы үндей болып, әлдебір қарсылықтың әлсіз лебі білінді. Бара-бара ол үн күшейіп, күшті бір әннің әуеніне айналған сияқтанды. Бұл әуен жаңағы мені құздан құлатуға асығып, айдаһардай жүз бүктеле лықып келе жатқан белгісіз күштің суылдаған үнін өшіріп, оны еңсере жеңіп, теріс аққан судай етіп, кері қуып бара жатқанға ұқсады. Мен оның мұншама екпінді не ән екенін ұққым, білгім келгендей, құлағымды тосып, бүкіл жер шарын уыстағандай боп қыздың алмасы үстінде жатқан қолым сәл босап, қалт тыңдап қалған іспеттендім. Ақыры мен ол әнді де, оны шырқаушыны да таныдым.
Сол сәттен төрт жыл бұрын, 1940 жылдың жазында, осы ауылға, маған қонаққа педучилшцеде бірге оқыған жалғыз жан досым Заман келіп, осы үйге қонды. Заман бұрын бұл маң естімеген жаңа бір жақсы әнді өзімен бірге ала келді. Әннің аты «Зәуреш» екен. Мазмұны: оба жалмаған отыз ұлдан қалған жалғыз қызын іздеп келген сорлы әке қызының да өлігі үстінен, қабыр басынан шығады. Сондағы әкенің құран орнына зарланып айтқан аза әні тыңдаушыны еріксіз егілтіп жібереді. Мол дауысты, ашық үнді, жайдары мінезді, қою бұйра шашы маңдайына түскен, жұмсақ нұр шашатын қоңыр қой көзді жас Заман біздің осы үйдің қасында отырып, сол әнді шырқағанда, оның үніне бүкіл ауыл жиналған еді. Сол күні түнде Заман екеуміз біздің үйдің төрінде, дәл осы арада, Тана екеуміз жатқан жерде, айқара құшақтасып ұйықтаған едік. Сонда ол маған өз ғашығы Тана жайында сыр шерткен еді. «Ер мінезді, ер көңілді менің Танамдай қыз жоқ», – деп қуанған еді. «Ол екеуміз тірі болсақ, қайтсек те қосыламыз», – деп ант еткендей де болған. Енді міне сол жерде төрт жылдан кейін мен Заманның өзін емес, сүйген қызын құшақтап жатырмын. «Апырау, менің мұным жөн бе? Заман қайда? Қазір құшағымда жатқан сол досымның кеше бір-бірінен ыстық ләззат татысып, бірімен-бірі қосылуға ант етісіп, уәде байласқан қызы емес пе еді? Ол тірісінде мені бүйтіп Тананың қасына жатқызбас еді-ау. Ол Тананы көктегі күннен де, жердегі желден де, көлденең көзден де, гулеген сөзден де, мен тұрғай өзінен де қызғанар еді-ау! Ендеше менің мұным оны өлді деп басынғаным ба? Мені құмарлық қысып ләззаттың осынау өзім сипалаған қос шыңының төбесіне көтерілсем әзіз досым Заманның зиратын таптағандай болмаймын ба? Таптағаным емес пе. Жоқ, олай болмайды. Жаным тірі тұрғанда мен досымның атына кір келтіруге тиіс емеспін. Танадан ләззат ұрлап, дос қарызы, дос аруағы алдында қара бет болуға хақым жоқ!»
Осылай деп ойлаған маған Тана екеуміз жатқан төбесі аласа, қараңғы тар бөлме көрдей қорқынышты болып кетті. Тананы құшақтап жатып, саудыраған сүйек үстінде ләззат ойнағын салғандай көрініп, төбе шашым тік тұрып, жаным тітіркене түсті. «Арсыз, абыройсыз, адамгершіліктен азған ит екенсің» деп өзімді-өзім кінәладым. Биік төсекте бөлек жатқан Тананы азғырғандай боп, қасыма шақырып алғанымды сұмдықтай сезіндім. Содан кейін қолымды Тананың кеудесінен тартып алмақ болып, қозғай бастап едім, Тана оны шап беріп ұстай алып, «Тағы да қысшы, тағы да!» дегендей, кеудесіне қатты басып, босатқысы келмегендей ыңғай танытты. Әлде Тана менің алма қысқан қолымды сәл босатса болды кеудеден төмен сырғанап, жүгенсіз жүйріктей лағып басқа жаққа кете ме деп қорыққандықтан сөйтті ме, оны аңғара алмадым. Қылмыс істегендей боп сасқалақтаған мен қолымды күшпен тартып алуға шамам жоғын сездім де, енді қайран досымның өзін көмекке шақырдым.
– Осыдан төрт жыл бұрын, – дедім мен Танаға дауысым дірілдеп, – қазір сен екеуміз құшақтасып жатқан осы жерде егіз қозыдай болып Заман екеуміз жатып едік…
Заман атын естігенде Тананың менің қолымды қысып жатқан қос алақаны ортасынан үзілген серіппедей босап, сусып, сырғанап жерге түсіп кетті. Осы кезде мен қыз кеудесінде тұтқында қалған қолымды босатып алып, қыздан бойымды бөлектей түсіп, Заманның біздің үйге сол жолғы келісін ұзақ әңгіме етіп айттым. Заман аты аталғаннан бастап, Тана қайта жылап, солқылдап келіп сан рет маған бетін басты.
Екі дос бір-біріне сыр айтады.
Әкесі баласын шын айтады.
Айырылып, Зәуреш, сенен қалғаннан соң,
«Көке!» деп енді мені кім айтады?!–
деп Заман көкірегі қарыс айырылғандай боп шерлене шырқағанда біздің ауылдың кәрі-жасының көзінен жас парлағанын баян еттім.
«Зәуреш» әнін Заман аузынан Тананың өзі де талай рет естіген екен. Жас-желең жиылып Ақжал тауының басына шығып серуен құрған шақтарда Заманға барлығы қолқалап осы әнді айттыратын болса керек. Көзіне төгілген қара бұйра шашын сілкіп тастап Заман бұл әнді шырқағанда екі көзінен жас парлап ағып отырады екен. Сонда Тана жаңағы менің қолымды қысқан қос алақанымен талай рет оның көзінің жасын сүртіпті.
– Сонда өзінің осындай күйге душар боларын біліп жылаған екен ғой Заман, – деп Тана қатты күрсініп, аузынан шыққан отты жалын менің бетімді ғана емес, барша жанымды жалап, жайпап күйдіріп барып тынды.
Өстіп екеуміз ұзақ жаттық. Әңгімені айта-айта екеуміз де шаршадық. Екеуміздің де тамырымызда тулаған бағанағы ыстық қан салқындап, сабасына түскендей болды.
Бір кезде қасымда үнсіз жатқан Тананың ішінен бір нәрсе үзіліп кеткенге ұқсады. Оның менің иығымда жатқан сол қолы сылқ ете түсті де, қорғасындай салмақпен сырғып келіп бетіме тиді. Мен оны ептеп көтердім де, илікпейтін ағаштай икемсіз боп қалған қыз қолын жайлап қана жанына салдым. Ұзақ жылап, қайтадан маған қарап қырындап жатқан қыз шалқасынан ауыр аунап түсті де, танауы пыс етіп, тәтті ұйқыға кетті.
Ертеңінде, түске таман, Тана үш күнге сұранып келгендіктен оны Ақжалға жібермей үйде қалдырып, өзім ауыл аралап, кемпір-шалдарға сәлем берейін деп көшеге шықтым. Алдымнан соғысқа бармай ауылда қалған, кішкентайдан бірге өскен құрбым Төкеш кездесе кетті. Колхозда бригадир екенін ол алдыңғы күні түнде, алғаш кездескенімізде айтқан болатын. Екі бұты талтақ үш бұрышты саржан ағашын иығына салып алып, бүкеңдеп келеді екен.
– Ереке, батыр, сәлем бердік. Кеше қайда барып келдің, неге ат сұрамадың? – деді ол қос қолын бірдей ұсынып.
– Солдаттың аты екі аяғы ғой, – дедім де, ауданға, военкоматқа барып тіркеліп қайтқанымды айттым. – Сен ерте жер басына кетіп қалған екенсің, көлік сұрап Бүркітбайға барғым келмеді, – дедім.
– Айтпақшы, құсың құтты болсын, – деді Төкеш екі көзі күлімдеп, екі танауы қусырыла түсіп.
– Қайдағы құс?
– Кеше кешке қарай Ақжал жақтан бір ақсұңқар құс ұшып келіп, сенің қолыңа қонды деп естіп едім. Сонау соғыстан елге келгенде еңбегін еш, құшағыңның құр болмағанына қуанып жатырмын.
Тәкештің Тананы сөз қылып тұрғанын енді түсіндім. Кеудемде мұз үстінде жүрген қызыл судай болып, ауылға Тана жайында өсек жайылып қалғанын да жаңа сездім. Сондықтан түсімді бірден суыққа сала бастадым.
– Батыр, шыныңды айтшы, қалыңдығың ба бұл қыз? – деп Төкеш қайтадан қылмыңдады.
– Жоқ, досым, — дедім мен.
– Қой, оны түнде қасыңа оңаша алып жатыпсың ғой. Қалыңдығың болмаса ол не?
– Бөлек жай болмаған соң, бір бөлмеде жатпағанда қайтесің? Ал оны кім айтты саған?
– Ел құлағы — елу деген емес пе? Жұрт сенің кішкентай жиендеріңнен естіпті.
– Балалар не біледі, – дедім мен салмақты түрде. – Ел де бала сияқты естігенін айта береді. Бірақ сен сенбей-ақ қой оған.
– Мен неге сенбеймін, – деді Төкеш қылмыңдай түсіп.
– Мен елден артықпын ба сонша? – Содан соң көшеде екеумізден басқа ешкім көрінбесе де, құлағыма кеп сыбырлады.
– Қыз деген қызыл гүл сияқты емес пе? Шырынын шашып, сыбағаңды алып кет одан. Сонда ол тырп ете алмайды. Шырыны бар ма екен өзінің?
Осылай деп ол өз-өзінен мәз болып, қарқ-қарқ күлді. Мен ыза боп кеттім.
– Мен соғыстағы солдатпын! – дедім дауысым қаттырақ шығып. – Бүркітбай екеуің сияқты елдегі қыз-келіншектің шырынын тексеріп жүргенім жоқ. Білмеймін несі бар, несі жоғын.
– Қойдым, қойдым, батыр-екесі, қойдым, –деді ол екі қолын бірдей төбесіне көтеріп. -Бірақ, есіңде болсын, келіншектің шырмауығы болса да, шырыны болмайды. Ал жаңағы «білмеймін несі бар, несі жоғын» дегенін Байбала қыздың Сабырбай ақынға айтқанына ұқсап кетті. «Ақын» деген сөзге құлағым елең ете қалды. Ол не әңгіме екенін білгім келді.
– Ол қандай сөз? — дедім ажарымды сәл жылытып.
– Білгің келсе айтайын. Кейін соғысқа қайта барғаныңда солдаттар арасында да айтып жүруіңе болады. Қызық, – деп Төкеш мені ынтықтыра түсті.
– Ертеректе, мына Сыбанның бір елінде он жеті ақын болыпты, – деп Төкеш ашаршылық жылдары ауып келген ауылдағы екі үй жақты иегімен нұсқады.
– Сыбан-мыбанда шаруаң не, «осы елде» деп айта бермейсің бе? – дедім мен Төкештің ру қуалай сөйлегенін ұнатпай.
– Жарайды. Сол елде Сабырбай деген ақын жігіт, Байбала деген ақын қыз болыпты. – деді ол саржан ағашына винтовкадай-ақ шірене сүйеніп тұрып. – Сол екеуі он жеті ақынның ішінде өмір бойы өзара қағысып, айтысып өткен екен дейді. Бірақ қанша аңдыса да бірін бірі жеңе алмапты. Бір күні Сабырбай Байбаланың күйеуге шыққалы жатқанын естіп, енді оны жеңетін жерім келді деп ойлайды. Кешке ол өзіне той хабарын жеткізетін бірнеше жас жігіт, келіншектерді сайлап қойып, атын шылбырынан ұстап, той болған ауылдың сыртында отырады. Бір кезде той тарқап, жеңгелері Байбаланы күйеудің қойнына салу үшін отауға қарай алып жүреді. Хабаршы келіншектердің Сабырбайға жетсін деп сықылықтаған күлкісі, шолпы сылдыры ақынға айқын естіліп тұрады. Қыз шолпылары сылдырап күйеу жайғасқан төсектің алдында шешініп жатыр дегенді естіп, Сабырбай атына мінеді. Ақын айлы түнде, ақбоз аттың үстінде, ақ домбыра қолында түнгі тыныштықты бұзып, дүбірлете, дүңкілдетіп ақ отаудың жанына жетіп келіп, өлеңдетіп қоя береді. Күйеу құшағында жатқан Байбала оның әніне ән, әзіліне әзілмен жауап береді.
Сонда Сабырбай қызға қайта айтатын сөз таба алмай, Болмады, Байбалаға дауа жоқ екен» деп, атын борбайға бір салып, жөнеле берген екен дейді. Жаңағы сенің сөзің осыған ұқсады дегенім ғой, – деді Төкеш әңгімесін аяқтап, қайтадан қылмыңдап. – Байбала айтқандай, «Той болған жер төмендеп ой боп» қалса деп жатырмын да баяғы.
– Жоқ, – дедім мен қабағымды қайта түйіп. — Ешқашанда олай болмайды.
– Жарайды, ал қайда беттеп барасың? – деді Төкеш. Мен ауыл аралауға шыққанымды айттым.
Осы кезде қасымызға жас бозбала жігіт Тұрсын келді. Ол трактор бригадасында учетчик екен. Төкеш екеуі ақылдасып, Тұрсын бүгін ауылда менімен бірге қалатын болды. Төкеш екеуінің жұмысын қоса атқармақ боп, ертең өзі маған серік боп ауылда қалу үшін жер басына қарай кетті.
Тұрсынды ертіп жүріп, ауылдың үлкендеріне тегіс сәлем беріп шықтым. Соғыста тұл қалған жесір жеңгелеріме амандастым. Кірген үйімнің өлгендеріне көңіл айтып, соғыста тірі жүргендерін осы мен сияқты боп, аман-есен қайтып келеді деп жұбаттым. Үйден үйге ілесе жүріп Тұрсын кімнің үйінде қандай хал-ахуал бар, ауыл соғыс кезінде қандай қиындықтар көріп жатыр, қай үйге қара қағаз қашан келді – соның бәрін жақ жаппастан баяндаумен болды. Менен алты жас кіші, мен соғысқа кеткенде төртінші класта оқып жүрген бала Тұрсын енді ширақ, пысық, елпек жігіт болыпты. Үлкенге қызмет етуге даяр тұратын жылпостығы және білінеді.
– Мынау Бүркітбай ағайдың үйі, кіресіз бе? – деді Тұрсын колхоз председателінің үйінің тұсына келгенімізде. Мен ол үйдің кімдікі екенін Тұрсын айтпаса да білуші едім. Қу бала мені қайтер екен деп, әдейі айтты-ау деймін. Өйткені менімен уәдесі бар Сәлиманы бұзып, Бүркітбай алып отырғанын бүкіл «Ақбота» ауылы білгенде, ол білмеуші ме еді?
– Ол кісі өзі қайда екен? – дедім мен Тұрсынға осы кезде өз көңілімнің алай-түлей боп кеткенін сездірмеуге тырысып.
– Кеңседе шығар, – деді Тұрсын.
– Жүр, онда кеңсеге барып, Бүкеңе де сәлем берейік. Ол кісі менің бұрынғы бригадирім ғой.
Тұрсын бетіме қарады. «Қу бала, күйімнің қандай екенін білгің келеді-ау, тегі» дедім ішімнен. Балаға бәрібір сыр бермеуге бақтым.
– Жарайды, жүріңіз, кеңсеге барайық онда, – деп Тұрсын қайтадан лып ете қалды.
Колхоз председателі Бүркітбай Тұтқышевпен кеңсе алдында кездестік. Ол іштен сыртқа қарай шығып келеді екен. Басында қызыл пүліштен тысталған түлкі тымақ, аяғында саптама етік. Сақал-мұрттан қылтанақ жоқ, бет-аузы жып-жылмағай, бөшкедей сары шал бізді көргеннен кейін, жылан көзін маған қадап, маңғаздана тоқтап қалды.
– Ассалаумағалейкүм, Бүркітбай аға, – дедім мен елдің үлкендерге құрметпен осылай сәлем беретін дәстүрі бойынша, өзімнің оған деген наразылығымды сездірмеуге тырысып.
Әрине, Бүркітбай менің келгенімді әлдеқашан естіген болуы керек. Көргеніне таңданбады. Аузындағы насыбайын таяқтай жуан сұқ саусағымен алып, жерге тастап, бір түкірді де:
– Уағалейкүмуссәлем, қашан келдің, бала? – деді.
– Алдыңғы күні.
– Ойбай-ау, содан бері неғып кеңсеге келмей жатырсың?
– Кеңсеге келетін уәкіл емеспін ғой мен, – деп өзімді өзім зорлай күліп. — Кеше военкоматқа барып қайттым. Бүгін ауыл аралап, үлкендерге сәлем беріп жүрмін. Бүркітбай кекжиіп қалды. Мен де үндемедім. Менің көзім оның басындағы түлкі тымаққа қайта түсті. Шашақты екі құлағы пілдің құлағындай үлкен сары тазы көз алдыма елестеді. Ол Бүркітбайдың қасына керіліп келіп тұра қалып, бірден пілдей боп үлкейіп, Бүркітбай қандендей кішірейіп кеткен сияқтанды. Содан соң Лашын оқ тиген пілдей шөгіп, басын алдыңғы екі аяғының үстіне салып, тас болып қатып қалған іспеттенді…
Мен тістеніп, басымды шайқадым. Бүркітбайдың көзі менің оң жамбасымдағы пистолетіме түсіп кетті де, дір еткендей болып:
– Өй, Ербол, өзіңнің мылтығың бар екен ғой, — деді.
Өн бойымды ыза буып тұрған мен де қырыстана қалдым.
– Бар. Жау майданда ғана емес, елде де бар. Кездескен жауыңды жайратып кет деп әдейі берді, – деп қалың, қатты сары былғарыдан жасалған кобураны сыртынан сықырлата сипап қойдым. Мен қолымды мылтыққа қарай апарғанда Бүркітбай әлденеден сескеніп, қозғалақтап қалды. Бірақ мен мылтық суырмаған соң тез тыныштанды да:
– Қой, Ербол, елде жау қайдан болсын, – деді айтарын айтса да қайтадан қыбыжықтап. Содан соң, суға салған көндей жайылып, бірден жібіп, жұмсарып қалды. — Керегің болса айт, Ербол. Немесе қасындағы Тұрсыннан үйге барған соң айтып жібер. Майдандағы жауынгерден не аяймыз?
– Рахмет. Ештеңе де керегі жоқ, бәрі де майданда бар. Сізден председатель еді деп бірдеңе сұрағалы келгемін жоқ, бұрынғы бригадирім еді деп сәлем бере ғана келдім, — дедім «бұрынғы» деген сөзді нығарлай айтып. Сол арқылы бүгінгіңнің маған бір тиынға қажеті жоқ дегенді де тұспалдап сездірдім.
– Мейлің, мейлің, – деді Бүркітбай қайтадан тәкаппарлана бастап. – Колхоздың далада шашылып жатқан малы жоқ.
– «Жаны да жоқ» деңіз, – дедім мен мырс етіп. Мұным оған өзімше атқан екінші оғым еді. Бұл Сәлиманы тұспалдағаным болатын. – Колхоздың мал-жанын кәрі қасқырлардан сақтай білген жөн. Қу шал менің бұл сөзімнің де астарын түсінді. Бірақ ұқпаған, ұқса да тура мағынасында қабылдаған боп, үндемей қалды.
– Ал, сау болыңыз, — дедім мен тез кеткім келіп.
– Жолың болсын, – деп міңгірледі Бүркітбай.
Біз кете бардық. Бүркітбай сол орнында тұрып қалды. Ол мені үйіне шақырған жоқ. Сондықтан мен баруға тиісті емеспін. Сәлиманы несіне көремін. Адуын шалдың әйелі болған соң ол енді мені неғылсын деп түйдім.
Сонымен кешке үйге қайттым. Қайтып келе жатып та, күні бойы үй арасында жүріп те Тананы есімнен шығармадым. «Апырау, түндегім теріс не? Жоқ, дұрыс. Тананың маған деген айқын ықыласы бар емес пе еді? Болса, болар. Бірақ, Заман өлді деп хабар алған соң, Сәлима менен кетіп қалған соң туған ықылас шығар ол. Сол ықыластан артықтың керегі не маған, қойнымда жатқан қызды құшып, құмардан шықпаймын ба бір? Жоқ, олай етуім дұрыс емес. Мен қыздың да, өзімнің де ертеңімді ойлауым керек. Ертең мен соғыстан аман келсем жақсы. Тағы да менің жаман атымды естіп, қыз байғұстың жүрегіне екінші рет қанжар сұғылмаса құба-құп. Бір күнгі нәпсіден өмірлік өкініш тумасына кім кепіл?» Осылай деп күні бойы өзіммен өзім іштей сөйлесіп, жауаптасып, ақыл қорытумен болдым.
Кешке қыз төсекте, мен жерде, екеуміз екі бөлек жаттық. Мен қызды қасыма шақырмадым. Ол да үндемеді. Екеуміз екі жерде бірімізге біріміз білдірмей дөңбекшіп, таңды атырдық.
Бұл күні Төкештің үйіне қонаққа барып қайттық. Төкештің қаладағы апа-жездесі таңдап әперген сұлу келіншегі Мәстураны көрдік. Алтын сырға, ақ білезік, алтын сақиналары жалтылдаған сұңғақ бойлы ақ келіншек колхозды ауылдың келіні болудан гөрі үлкен қаланың артисткасы болуға лайық екен. Тана екеуміз солай деп ұйғардық.
Сонымен, үшінші күні түнде, шам сөнгеннен кейін, қыз түнде жалғыз жатқан төсегінің алдына барып, сырт киімдерін шешініп болды да, төрде жатқан маған тіл қатты.
– Ербол.
– Ау.
– Ұйықтаған жоқсың ба? — Жоқ.
– Онда құлақты сал.
Мен басымды көтеріп, жастыққа шынтақтадым.
– Жұрт соғыстағы жауынгерлерді қыран деп атайды ғой, — деп бастады Тана сөзін. Кездескеннен бері оның шешендігіне көзім жеткендей болған еді. Соны дәлелдей түскісі келгендей бүгін бірден тұспалдап сөйледі. – Осы өңірдің қыраны өзіңсің. Сонау майданнан шарықтап, туған жер аспанына келіпсің. Түсер тұғырың тайып кетті, досың өліп қалды. Қияда шарықтап жүрген қыранның көзіне төменде ілер ештеңе болмай құсалана ма деп, сені аяғанымнан, әрі жақсы көргенімнен, қызықсаң тоят алар қызылың болайын деп бел буып едім. Ендігісін өзің біл.
– Танажан, пиғылыңнан садағамын, – дедім мен дауысым дірілдеп. Содан соң түрегеп, төсегімде отырып, бар сырымды ақтардым. – Мен саған алғашқы түнде-ақ ынтыққанмын, Тана. Қазір де жүрегім лүпілдеп, құмартып отырмын. Өзімді қинап, үш күннен бері тежеп келемін. Тежейтінім: ертең мен соғысқа кетемін. Одан аман-есен оралсам жақсы. – Осы арада мен күле отырып, Төкештің кешегі «сыбағаңды» алып кет, сонда тыпыр ете алмайды» дегенін айттым. – Төкеш айтқандай «шырыныңды шашып» кетіп, қайта оралмай қалсам, сенің Заман өлімі тілгілеп кеткен жүрегіңнің жарасы жазылмай жатып, мен оған екінші қанжар боп және қадалмаймын ба? «Ат аунаған жерде түк қалып» жүрсе, оны қайтесің. Ол жас жаныңа азап, жас басыңа және қасірет емес пе? Бүкіл Отанның бар халқын азап пен қасіреттен азат етісемін деп шыбын жанды шүберекке түйіп жүрген солдат мен ендігі ең жақын жандарымның бірі сенің басыңды өзім азапқа душар етсем, онда менің нем солдат, өзгеге менің нем қорған! Одан да бұрын, «майданда хабарсыз кетті» дейтін адамдардың жаралы боп жау қолына түсіп, өлмей тірі қалатындары да кездеседі. Жасырын тапсырмамен жау тылына жіберілетіндері де болады…
Тана менің сөзімді төсекте, аппақ сирақтарын еденге салбыратып отырып тыңдаған еді.
– Аһ, ондай атты күн болса, мен бақыттымын ғой, Ербол, – деп қыз жастықты құшақтап құлай кетті. Әкем мен шешем жатқан ескі темір кереует Тананың көкірегіндегі күйікті ауырсынып, белі қайысқандай, бір сықыр етті де тынды.
Мен ойымды жинақтап, сөзімді аяқтауға кірістім.
– Бүгін мен үш күн өзімді берік ұстай алмасам, ертең Заман тірі боп шықса, ел алдында сен екеуміз қарабет болмаймыз ба, Тана? Онда менің Бүркітбайдан, сенің Сәлимадан нең артық? Соғыстан кейін Заманмен жүз көрісер таң болса, екеумізді ең алдымен Бүркітбай табаламай ма? Сыртына шығармағанымен іштей болса да Сәлима ойламай ма? Мен сондықтан шыдап жатырмын, шыдайын деп жатырмын, Танажан.
– Өлді деген адам тіріледі деген ойымда жоқ еді, – деді Тана дауысы дірілдеп. – Онда менің үмітім үзілмеген екен ғой әлі. Заманым, жаным, барсың ба, тірісің бе? Кеш менің бір жолғы осалдығымды, – деп қыз «аһ!» ұра дыбыстап барып, үнсіз қалды. Жастықты тістелеп, тұншығып, солқылдап жылай берді.
Сөйтіп, ол қызбен мен осылай үш күн бірге жаттым. Сол үш күнде үш рет қыл көпірден өткендей болдым. Тізем дірілдеп, буыным қалтыраған сәттер болса да, құламай аман өттім. Төртінші күні таңертең Тананы жарты жолға дейін жаяу шығарып салдым. Айырылысар жерде екеуміз құшақтасып тұрып, бір-бірімізді аймалағандай құшырлана сүйістік те, тез ажырасып кеттік. Ол велосипедін жетектеп Ақжалға қарай, мен жаяу ауылға қарай қайттым. Қайта-қайта қол сермесіп, біріміздің сыртымыздан біріміз ұзақ қарасып тұрып, арамыз алыстай берді.
Түстен кейін, кешкі поезға отырып, Алматыға, одан әрі қайтадан майданға кетпек боп, ауылдан мен аттандым. Төкеш пен Тұрсын екеуі пар ат жегіп мені «Ақботадан» жиырма бес километр жердегі Біртөбе станциясына алып жүрді. Бірақ, ауылдан бір аттанып кетіп, бес-алты километрден кейін ауылға қайта оралуға тура келді. Бағана, үйден шығарда Қарашекені қораға қамап, есікті бекітіп кетіп едік. Соның қалай босап, бізді қалай тауып келгенін білмеймін. Бір кезде ол бар дәрменімен жүгіріп, тілі салақтап біздің соңымыздан қуып жетті. Арбаны тоқтатып, үшеуміз бірдей: «Кет!» деп, итті үйге қарай қудық. Тұрсын жерден алып тас та лақтырды. Ит кетпей қойды. «Не атып өлтіріп кет, не қасыңнан қалдырмай алып кет» дегендей боп, анадай жерге барып, маған телміре қарап, жатып алды.
– Станцияға барса, не қаңғып кетеді, не поезд басып өлтіріп кетеді ғой мұны, – деді Төкеш. Амалсыздан аттың басын ауылға қарай қайта бұрдық. Үйдің жанына барған соң Қарашеке ешкімге ұстатпай қойды. Тәтем шақырса да, балалар ұстайын десе де, үйден аулақтап, станция жақтың жолына қарай сытылып шыға берді. Ақырында қолыма шынжыр ұстап, Қарашекеге мен барып едім, ол қашпай, құйрығын былғаңдатып, төрт аяғын көкке көтеріп жата кетті. Екі көзі менде, «қалмаймын, тастама» деп жалынып жатқан сияқты. Мен оның қарты бауына шынжырды таққанымда иттің көзінен жас парлап қоя берді. Менің сол жерде Қарашекеге жаным қатты ашып кетті.
– Қой, Қарашеке, мен келемін, соғысты бітіріп қайтып келемін, – дедім сасқанымнан.
Қарашеке: «Сөйт! Сөйт!» дегендей боп, құйрығын былғаңдатты. Иттің иесіне мұншама адалдығы көңілімді босатты. «Сәлимадан сен сенімді болдың-ау, Қарашеке» деп ойладым оны үй алдындағы қазыққа мықтап байлап жатып.
Біз арбаға қайта отырдық. Тағы да «Қош, қош!» деген дауыстар естілді. Жиендерім, жеңгелерім жылады. Апайым жаулығының шетімен тағы да көзін сүртті. Осының бәрі ауыр жүк болғандай қос ат жеккен арба тағы да орнынан әрең қозғалды. Мен енді Қарашекеге қарамадым. Адал достың ауыр қайғысын көргім келмеді. Арба үйдің бұрышынан станция жаққа қарай айнала бергенде иттің қыңсылап, қыстыға арс-арс етіп қалған ақырғы дауысы естілді. Ауыл адамдарының менімен қоштасып тұрып күрсінгендері, жиендерімнің жылағаны, жеңгелерімнің менен жасқанып, үн шығара алмай сыңсығандары, Қарашекенің қатты қыңсылап, не шынжырын, не мойнын үзердей боп, арбаның соңынан қоса ұмтылмақ боп, темір шынжыр босатпай қылғына «Қош, қош!» дегендей боп екі рет арс еткені – бәрі-бәрі, майданға қайта аттанған менің құлағымда кетті. Кешке жолаушы поезына ілігіп, Алматыға қарай бет қойдым.
Вагонда келе жатып, ауылда өткізген төрт-бес күнімді тағы да еске алдым. Еске алдым да, Танамен бірге болған үш күнгі ұстамдылығымды бір жолғы ұрыста жау танкімен жалғыз өзім жекпе-жек беттескен сұрапыл шайқаспен салыстырдым.
Ол ұрыста жау біздің жаяу әскерді кейін тықсырып, тура наводкада тұрған біздің батареяға танктер дүрсе қоя берді.
Қарасам, бір зеңбірек расчетынан бас көтерер адам жалғыз мен ғана боп қалыппын. Көздеуші мен оқтаушы екеуі де оққа ұшқан. Өзгелер жаралы боп кетті. Одан кейін маған зеңбіректі оқтап беріп тұрған жалғыз жауынгер бар еді. Танктан атылған снаряд жарықшағы оны да жалп еткізді. Оқсыз, отсыз зеңбірек жау танкінен жасқанғандай бүкірейіп, бүкжиіп, мойнын ішіне алып, үнсіз қалды. Оның доңғалағын құшақтап, жерге кіріп кетердей жабысып окоп ішінде мен жатырмын. Біресе ұзын стволы қылқандай зеңбірек көмейінен күрк-күрк жөтеліп, біресе пулеметтердің тажал өңешінен шыққан ыстық қорғасын лебімен жолындағының бәрін жайпап, жарқ-жұрқ еткен жыланбауыр тісін шақыр-шұқыр шайнап, бейне бір сені жалмауға жұтынып келе жатқан таудай темір құбыжықтың алдында оған қарсы шығуды былай қойғанда, жерден бас көтерудің өзі ешбір адам баласына оңай іс емес, сірә. Өн бойым жерге желімделіп қалғандай боп, басымды көтертпей бір ауыр қол желкемнен нығарлай басып тұрған тәрізденіп, біраз үнсіз жаттым. Танктың тура маған қарай зымырап келе жатқанын, окопты ойрандап, оның ішінде үнсіз бұғып жатқан зеңбірекпен екеумізді жаныштап, жермен-жексен етіп кететінін біліп жатырмын. Білсем де танк таптап, жанышса жаншып-ақ кетсін, бірақ басымды көтермесем қайтеді деп ойлаймын. Бір кезде дүбір жақындап, айналам, астым дірілдей бара жатты. Осы кезде танкке қарсы қолданатын гранатты қыса ұстап, орнымнан қалай атып тұрғанымды өзім де білмей қалдым. Қорқақтық етегімнен тартып: «Бұқ, бұқ!» деп босатпай жатқан соңғы сәтте жауға деген өшпенділік орнымнан көтерді-ау деймін мені.
Сол жолдан кейін мен: солдат қабылдар шешімнің ең мәндісі соңғы сәттегі шешім екен-ау деген ойға келдім. Солдатты ер ететін де, жер ететін де сол соңғы сәт шешімі деп білдім. Кімде-кім соңғы сәтте бойындағы бар үрей, қорқынышты жеңіп, азаматтық борышын орындаса – ол нағыз жауынгер. Тек солдат қана емес, адамның әр істің соңғы сәтіндегі ұйғарымы, сол сәтте өзін-өзі ұстай білуі оның адамгершілігін танытатын болуға тиіс.
Иә, сонымен, орнымнан тұрғаннан кейін мен де темір танктен бетер тістеніп, жағым қисая ашылып, бар қуатымды қос қолыма жиып, шоқпардай гранатты танкке қарай сілтеп кеп қалдым. Содан кейін жалп етіп, өз окобыма қайта құладым. Танктің «жан бергені» сондай қиын болады екен. Алдымен сұрапыл бір дыбыс шықты да, дүние солқ ете түскендей болды. Жер төңкеріліп кеткенге ұқсады. Содан соң қарамай, бензиннің иісін тарата лап еткен қара жалын қолымды, желкемді жалап жіберген сияқтанды. Артынан аман екенімді бір-ақ білдім. Екі құлағым тас керең боп қалыпты…»
– Ой, мен мұны жүрек жұтқан батыр деп жүрсем, өзі қорқақ та болған екен ғой, – деді Зайкүл бір қолымен мені иығымнан баса ұстап, екінші қолымен кеудемді нұсқап. Зайкүлдің әлде әзілдегісі келді ме, әлде мені ажуалағысы келді ме, оны білмеймін. Бірақ мен оған шынымды айттым.
– Мен ұрысқа кірер алдында әрқашанда қобалжушы едім, Зайкүл, – дедім жайлап. – Бірақ қобалжыған сайын, не ғажап екенін білмеймін, жауымды жеңіп шығатынмын. Сонда: осы қобалжудың өзінде де жеңімпаз күш бар емес пе екен деп таңданатынмын. Сол жолы жау танкін қиратқаным үшін мен Жомартбектің кеудесіндегі анау Данқ орденімен наградталған едім. Осылай деп мен қыздарға Жомартбек кеудесіне тағып жүретін өзімнің орден, медальдарымды нұсқадым. Жомартбек менің наградаларымды әсіресе асханаға барғанда тағып алатын. Өйткені майдангер студенттер кассаға кезексіз жіберілетін. Мен соғыстан келгенімді пайдаланып, ас алу үшін алға қарай ентелемей, кезегімді күтіп тұра беретіндіктен, Жомартбек менің тумбочкада жатқан медальдарымды тағып алып, кассаға қарай ұмтылатын. Фанермен қоршалған тар кассада отырған әйелге студенттердің омырауы көрінбейді. Жомартбек ондайда кеудесін шайқап, медальдарын сылдырлата қояды.
– Қазір, қазір, – дейді кассир әйел оның майдангер екенін «танып». Содан кейін оған сұраған чектерін жазып береді. Ұзын чекті ащы ішектей шұбатып, қораздана басып ол менің қасыма келеді де, өзімен ілестіріп, үстелге қарай алып кетеді.
Түскі тамақтың уақыты тақап қалғаннан кейін Жомартбек бүгін де сол «кәсібін» істеп, қазір, қолындағы дәптер сөздерін оқығаннан кейін, тайраңдап, жатақханаға қарай жүгіре жөнелуге әзір отыр еді. Мен өзін нұсқағаннан кейін Жомартбек қоқилана түсіп, кеудесін қозғап-қозғап жіберді. Күміс медальдар сыңғырлап қоя берді. Оған қыздар күлкісінің сыңғыры және қосылды. Жомартбек дәптерді әрі қарай оқыды.
«Сөйтіп, ол үш күнді ерлікке пара-пар-ау деп ойладым өзімше. Олай ойлайтыным, баяғыда қазақтың бір батырынан өміріңізде өзіңіз сүйсінген неше ерлігіңіз болды деп сұраптымыс. Сонда: «Өмірі есімнен қалмайтын үш ерлігім бар» деп, батыр мына төмендегілерді айтыпты.
– Бір ұрыста жау қолына түсіп қалдым, — деп бастапты батыр. – Қалмақтың мені олжа еткен батыры еліңнің ерлерін ата, олардың осал жерлерін айт, қазақтың ұлы өзенінің өткелін көрсет деп қинады мені. Мен айтпадым да, көрсетпедім де. Содан кейін ол мені кеңірдегімнен қылқитып жаңа сойылған өгіздің жас терісіне қаптатып, босағасына байлатып қойды. Жас тері жаздың ыстығында бір-ақ күнде кеуіп, сірі боп шыға келді. Күн көтеріле сіріге шелектетіп су құйдырады. Ол кезде сірі сәл кеңиді де, құрыс-тырысым жазылып, рақаттанып қаламын. Күн қыза сірінің суы кеуіп, ол енді қайтадан құрысады. Өгіз терісінен жасалған темірдей сірі жан-жағымнан құрсау боп қысқанда сүйектерім сытырлап өліп кете жаздаймын. «Жауға жаныңды берсең де, сырыңды берме» деген емес пе? Өлсем өлермін, бірақ сырымды бермеспін деп тістеніп, күн сайын бір уыс боп бүрісемін де қаламын. Өстіп бір ай жаттым. Бір айдың ішінде арыстай басым аруақтай болды да қалды. Бір айдан кейін қазақтың бас батыры келіп, мені қинаған жауды өз қолымен өлтіріп, мені қысқан сіріні өз қолымен тіліп, босатып алды. Бір ай сіріде жатқанымда қыңқ етіп үн шығармағанымды бір ерлік деп білемін.
Түнде, мен далада ұйықтап жатқан жерімде сұп-суық бірдеңе бақайымнан көтеріліп, кеудеме шығып, жоғары қарай өрмелеп келе жатқанын сезіп оянып кеттім. Қозғалмай жатып байқасам, бақайымнан бері қарай өрмелеп келе жатқан ұп-ұзын жылан екен. Ұшып тұрсам оның шағып алатынын білдім де, сенің іздеп келе жатқаның осы ғой деп, аузымды аша бердім. Жылан апандай боп жатқан ауызға басын сұға бергенде, мойнынан қыршып кеп алдым да, жыланның басын жерде шеңбердей боп шоршып жатқан денесінің қасына түкіріп тастадым. Екінші ерлігім осы деп есептеймін.
Жиырмаға жаңа ілінген қылшылдаған шыдамсыз жас шағымда өн бойымды қышыма қотыр басып, орнымнан қозғала алмай жатып қалдым. Сонда бойым отқа күйгендей дуылдап, қанша қышынып, қиналсам да, етіме бір рет тырнақ тигізбей шыдап кеттім. Осыны үшінші ерлігім деп айтар едім, — депті батыр.
Мінеки, әр адамның басынан өткерер ерекше үш ерлігі болса, мен мұны өз үш ерлігімнің біріне балар едім, достар!» – деп Жомартбек дәптердің бетін жапты.
Алғашында бұл жайды қыздарды кейбіреулері күле, жымия отырып тыңдағандарымен, ең соңында олардың бәрі де жым-жырт отырып қалды.
– Жоқ, бұл жазғаныңыз да жақсы екен, ағай, – деді Меңтай ғана әлден уақытта.
– Оның несі жақсы? — деп Зайкүл шап ете түсті. – Үш күн қыздың қасында жатып, жігер көрсете алмағаны жігіттік пе?
– Иә, неге жігіттік емес, нағыз жігіттік, – деді Майра Абаева. – Орынсыз құмарлық -опасыз жаумен тең. Ендеше адамның өз нәпсісін тыя білуі – үлкен ерлік.
– Қойыңдаршы, ерлік соғыста болмай ма? – деді Қанипа қыздардың бұл өзара таласын өршіте түсу үшін шеткерірек отырғандарға қарап көзін қысып қойып.
– Рас, ерлік соғыста ғана болады, бұл қайдағы ерлік, — деді Зайкүл Қанипа өзін қостап отыр екен деп ойлап одан сайын өршелене түсіп.
– Ой, шырағым, – деді Майра да қызбаланып, – ерлік тек қана соғыста болады деп кім айтты саған? Біле білсең, күнделікті өмірдің өзі ерлік. Егер сен бірдеңеге ұшырап қалып, мына Жомартбек өзіңді алақанымен көтеріп ауруханаға жеткізсе, ол да ерлік, Жомартбек басын шайқады.
– Оны, кімді алақанға салып, кімді арқалап апаруды ойланатын шығармыз. Ал Зайкүлді аяғын салақтатып арқалап алғанға не жетсін. Ол маған да жеңіл. Зайкүлге де рахат: аппақ саны, өзі айтқандай, «түбіне» дейін көрінеді.
Қыздар қыран күлкі болып қалды.
– Әй, әй, менің санымда шаруаң болмасын, – деп Зайкүл Жомартбекке қарап жұдырығын түйді. – Мен бірдеңеге ұшырап қалсам, бәрібір сен ауруханаға апармайсың. Одан да жедел жәрдемге жалынғаным артық. 03-ке телефон соғыңдар, қыздар, ондай бірдеңе бола қалса.
– Оған да мен жүгіремін ғой бәрібір, – деді Жомартбек күлместен, жымимастан. — Ал сенің санында менің ешқашан шаруам болған емес. Кербез ағайыңа көрсетіп жүрген өзің ғой оны.
Зайкүл Жомартбекті жеңе алмасын біліп, қолын бір сілтеді де, алғашқы әңгімеге қайта оралды.
– Тоқта, Абаева, сен несіне қызыл кеңірдек боласың Ерболды қорғап. Алдымен мұның осы жазғаны шын деп ойлайсың ба?
– Шын. Өмірде ондай болады, — деді Майра.
– Тоқта ендеше, – Зайкүл басына келген әлдебір ойға екі көзі жайнаңдап қуанып кетті. – Ендеше Ерболды періште дейік. Сен сонда мына мақалды білесің бе өзің: «Алтын көрсе періште жолдан таяр» деген. А? Білесің бе?
– Иә, – Майра сасқалақтап қалды. «Апырау, ондай да мақал бар еді-ау. Мына түлкі қыз оны қайдан суырып ала қойды? Бұған енді не десем дауа?» дегендей. Зайкүл айтқан мақалдай адамның адалдығына бұлтартпай сендіретін сөз іздеп, дағдарғандай күй танытты. — Білемін. Ол мақал ғой. Бірақ мақалдың бәрі бірдей…
– Тоқта, – Зайкүл қолын көтерді. – Емтиханда мақал деген халық жүрегінің шындығы. Мақал – шындық сәулесі деп таңдайың тақылдағанда алдыңа жан салмайсың. Енді келіп ол мақал ғой дейсің. Мақал болса өтірік демекпісің сонда?
– Жоқ, өтірік демеймін, шындық. Бірақ ол қандай мақал? Мәселе сонда. Халықтың адал жүрегінен шыққан, өмірдің философиясын білдіретін, шын даналықты танытатын мақал мен мәтелге дауым жоқ. Ал халықтың сол даналығына үстем таптың, елдегі қу, сұмдардың өз пайдасын көздеп қосып жіберген қоспалары және бар.
– Мысалы? — деді Зайкүл. – Мысалын айт.
– Мысалы: «Бәйбішеге жарасар қолындағы сабасы» деген мақалды ал. Бәйбішеден басқа әйел, кедей әйелдері қолдарына саба ұстаса күнә бола ма екен? Олар қымыз ішсе ауыздарынан ағып кете ме екен? Жоқ, бәйбішеге жарасқан саба басқаға да жарасады. Бірақ үстем таптың сабаны бәйбішеден басқаға ұстатқысы келмейді. Кедей, күң әйелдерге саба ұстауға жазбаған деп оларды сендіруге тырысады. Атам заманнан келе жатқан халық мақалы осылай деген дейді. Сол сияқты өздерінің өзгеге жасаған қиянат, қылмысын бүркеу үшін қу, сұм адамдар да мақалға ұқсас сөздер шығарып қосқан. Мәселен, жаңағы өзің айтқан: «Алтын көрсе періште жолдан таяр» деген. Сұм, арам адамдар сұмдығын істеп алады да, артынан «Мен қайтейін, «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген, мен періште емеспін, адаммын ғой» деп монтансиды. Бұл сол үшін шығарылған сөз. Әйтпесе алтын көрсе періште неге жолдан таяды? Жолдан таяды екен, онда ол періште емес. Жолдан таю, жөнсіздік жасау – адамның ісі. Бірақ адамның да адамы бар. Жұрттың бәрін жолдан таяды деуге болмайды, жолдас Сағынова. Мақалды білген жақсы. Бірақ, әр мақалдың мәнін де ажырата білу керек. Ас ішіп, ақ нан жегенді жақсы көріп, арпа мен бидайды айыра алмаудың несі лайық.
Майра алғашында сөзін кібіртіктеп, күмілжіңкіреп бастағанымен, орынды ой, орамды сөз тапқаннан кейін біржола қанаттанып, қайраттанып кетті. Үсті-үстіне бастырмалата екпіндей сөйлеп, Зайкүлдің аузын аштырмай тастады.
– Жаса, Майра! — деп Жомартбек жалғыз өзі аямай алақан соқты. – Сағынованы шалқасынан түсірдің. Аяғын аспаннан келтірдің.
– Жоқ, жоқ, сен қоя тұр оны, – деді Зайкүл жеңілгісі келмей. — Қыздар, айтыңдаршы: Ерболдың қызды құшақтап үш күн оңаша жатқандағы адалдығына әсте сенуге бола ма?
Ол Майрадан басқалардың өзін қолдауын күтті. Қыздар сылқылдап, сықылықтап күліскендерімен, ешкім оған демеу болар ештеңе айтпады.
– Мен сенемін, – деді Қанипа сықылықтап күліп отырып.
– Мен де ағайға сенемін! – деді Меңтай күлместен, байыпты түрде. – Майра өте дұрыс айтты.
– Жоқ, мен сенбеймін, – деді Зайкүл. – Ешқашанда олай болмайды.
Мен өз басымнан кешкен адал, ақиқат шындыққа Зайкүлді сендіре алмағаныма ыза болдым. Бірақ, адамның күншуақ жақтарына көңіл бөлмей, көлеңке жағына көбірек көз салатын Зайкүл сияқтыларға не дауа. Әсіресе, оның «ешқашанда олай болмайды» дегені жаныма батты. Неге олай болмасқа? Болғанын бастан кешкен кісі айтып тұрғанда неге сенбеске?
– Қалай болады ендеше? – дедім мен Зайкүлге кекете сұрақ қойып.
– Оны өзің де білесің, – деп Зайкүл ыржалақтай күлді. Өзін өзгеше мас еткен әлдебір тәттінің дәмін есіне түсіргендей боп елтіп қалды.
– Біздің Зайкүл ерте ашылған гүл ғой, – деді Жомартбек оған ешбір мән бермегенсіп, мүләйім ғана.
– Иә, әр гүлдің өз уақытында ашылғаны жақсы ғой, – деп қостады Майра, мырс етіп.
– Оның несі жақсы, – деді Зайкүл лап ете тез жауап беріп.
– Уақытында ашыламын деп жүргенде суық соғып кетсе, солар да қалар ол гүл.
– Жоқ, олай болмас, мезгілінен бұрын ашылған гүл ғана ерте солатын шығар, – деді Жомартбек.
– Ерте солсам да, есемді жібермесем болады. Менің білетінім осы, қыздар, – деді Зайкүл Жомартбектің мысқылын елемеген болып.
– Ия, ашыл, Зайкүл, ашыл, – деді Майра, сылқылдай күліп.
– Бірақ біржола ашылып-шашылып қалып жүрме.
Бұл әңгімені Меңтай басқа арнаға ауыстырды.
– Ол қыз қазір қайда, ағай? – деп маған қарады. – Тананы айтамын.
– Осында.
– Осында-а-а? – деп екі-үш қыз қосыла дауыстап қалды.
– Алматыда ма?
– Иә. Көргілерің келсе мен бір күні ертіп әкеліп таныстырайын өздеріңмен. Ақылды, жақсы қыз.
– Бәсе, – деді Зайкүл қайтадан сықылықтап. – Енді түсінікті болды. Осылай шығар деп өзім де ойлап едім-ау. Екеуің ендігі ЗАГС-ке де барған шығарсыңдар.
– Қоя тұршы сарнамай, Зайкүл, – деді Қанипа көзі ойнақшып зәлімдене қалып. – Ал, ол мұнда қашан, қалай келген? Біз неге оны осы күнге дейін білмейміз?
Бұл бар қыздың көкейіндегі сұрақ болуға тиіс.
– Бәсе.
– Иә, — десіп қалды бірсыпыралары Қанипаны қостап. Мен сол жолы Танаға Алматыда ЖенПИ деген жаңа институт ашылғалы жатқанын естігенімді хабарлап, соған барып оқуға түсуге кеңес бергенімді айттым.
– Менің соңымнан іле-шала Тана Алматыға келіп, сол институтқа түсіпті, — дедім. — Қазір екінші курсында оқиды.
– Кездесу жағы қалай? – деді тағы да Қанипа.
– Анда-санда.
– Одан кейін бірге жатқан жоқсыңдар ма? – деді Зайкүл шыдамсызданып.
Қыздар үндемеді. Зайкүлді қайырып тастамады. Соған қарағанда олардың да осыны білгілері кеп отырғаны аян болды.
– Жоқ, – дедім мен күліп. — Ол менің досымның қызы – досым ғой. Тек дос тұрғысында ғана кездесіп, ажырасамыз.
Зайкүл одан сайын тақымдай түсті.
– Достықтан махаббат туады демеуші ме еді? Әлде достық махаббатқа ұласады деуші ме еді? Абаева, айтшы, осылай ма еді! – деді Зайкүл Майраға қарап. Майра басын изеді.
– Ендеше, – деді Зайкүл тағы да қылмыңдап – дос болғаннан кейін ептеп…
Қыздар ақырын ғана сылқ-сылқ күлісіп алды. Жомартбек басын шайқады. Меңтай, Майра, мен үшеуміз ғана күлгеніміз жоқ.
– Ондай ұласқан ештеңе жоқ әзір, – дедім мен салмақты түрде.
– Ол енді, екі жақтың да көңіліне байланысты шығар, – деді Меңтай жай ғана.
Зайкүл ентелей түсті.
– Немене, Ерболдың қызда көңілі жоқ дейсің бе? Болғанда қандай! Осында төмен қараған болып, бәріміздің ашық-шашық жерімізді аңдып, сілекейіне шашалып, өзінен-өзі әлек болып отырады ғой бұл. Әсіресе, сен қолыңа түссең, шайнамай қылғыр еді, бәлем.
Қыздар да, Жомартбек те тегіс ду күлісіп қалды. Меңтайдың ақ жүзіне қызыл қан ойнап шыға келді. Бірақ онысын білдірмеу үшін Меңтай қыздармен қоса күліп, Зайкүлдің сөзін әзілге айналдырып жіберуге тырысты.
– Сен, немене, Зайкүл, – деді Меңтай күліп жатып. — Ағай сонша кісі жейтін тажал ғой деп пе едің?
– Қызды жейтін жалмауыз – жігіт екенін сен білмеуші ме едің, – деді Зайкүл жұлып алғандай. – Сен оны «ағай, ағай!» дейсің. Бір күні ағайың сені, әлгі бір елдің ертегісінде айтылатын, қай елдікі еді өзі, иә қызыл бөрікті қызды жұтқан сұр қасқыр сияқты, «ап!» деп асап қойғанда білерсің әлі тажалдың кім екенін, жалмауыздың не екенін. «Қызыл көрпені» ұмытып кеттің бе өзің? Ол жай шығарыла салған өлең емес. Ол жалмауыздың саған қарап жалақтаған тілі де, шырағым.
Қыздар бұған да мәз боп қалды. Бұл жолы мен де күлдім. Тек Меңтай ғана не күлерін, не күлмесін білмей сәл отырды да, артынан амалсыздан езу тартты.
– Зайкүл не десе, о десін, — деді Меңтай қыздардың күлкісі тыйылғаннан кейін. – Бірақ біздің ағай ондай кісі емес!
– Көрерміз, — деді Зайкүл де ерегесіп.
– Иә, – деді Қанипа күліп.
Жаңағы Зайкүл айтқандай менің қыздарға қызыға қарайтыным рас еді. Бірақ менің қарауым Дон Жуанның жас келіншектерге қарауы, Жиль Бластың жақсы әйелдерге қызығуы емес. Менің қыздарға қарауым өмірге қызығу, өмірдің сұлулығына ынтығу болатын. Бағбанның өз қолынан өсірген гүлге мақтанышпен құмарта қарағаны сияқты, өзім солдат болып қоса қорғасқан өміріміздің жанды гүлі жақсы қыздарға сүйсіне көз салып, осындай жандарды өлімге бермеу үшін күрескеніме риза болып, іштей мақтануым еді. Көп жігіттер осы ғажап гүлдерді көре алмай кетті. Мен сендерге өзімнің алапат соғыстан аман қалып, өздеріңнің орталарында отырған баға жетпес бақытымды сағат сайын сезіну үшін қараймын, қыздар. Ал сен менің мұңымды мазақ етесің, Зайкүл. Бірақ мен сенің бір сөзіңді құптар едім. Сол сөзіңнің шындыққа айналуын қалар едім. Ол сенің Меңтайды мен тажал болып, «ап!» деп асап қояды, қылғымай жұтады дегенің. Меңтайды менің сүйетінім рас. Бірақ, мен оны, сен айтқандай, «асап» та қоймас едім, «қылғымай» да жұтпас едім. Ол мені сүйсе, мендік болса, мен оны гүл етіп төбеме көтерер едім. Оған айнымас адал жар, ажырамас жан серік болар едім. Дегенмен, сен бүгін маған жақсы қызмет еттің, Зайкүл. Сен менің ойымды айттың. Меңтайға ауызбен айтып білдіре алмай жүрген тілегімді жеткіздің. Бұл үшін саған мың да бір рақмет, Сағынова.
Мен осындай деп ойладым. Бірақ мен оны ешкімге де айтпадым. Қыздармен қосыла күліп, жайбарақат адамға ұқсап, үндемей отыра бердім.
– Иә, әркімнің өз Пенелопасы болғанға не жетсін! – деді Қанипа жұрт тегіс тынышталғаннан кейін маған көзінің астымен қарап қойып, өзгелерге бұрылып, көзін бір қысып қалып. Содан соң өтірік күрсініп алды. — Онсыз өмір қиын ғой!..
«Әркімнің өз Пенелопасы болғанға не жетсін» деген менің сөзім болатын. Бұл курстағы қыздардың ауыздарынан түспейтін афоризмге айналып кеткен еді. Осындай бір үнсіздік орнай қалған тұста әлдебіреу соны айтып жіберіп, жұртты ду күлдіретін.
– Жоқ, – деді Зайкүл қолын сермеп. – Бұл Ерболдың, Ербол сияқты ұлдардың айтатын сөзі. Біздің оны өзгертіп, «Әркімнің өз Одиссейі болғанға не жетсін!» деуіміз керек, қыздар. Маған Одиссей керек!
Қыздар тағы да күлді.
– Одан өзге жарамай ма? – деді Жомартбек Зайкүлдің сөзін қағып алып.
– Жоқ, – Зайкүл де тез жауап берді. — Жарамайды, сен жарамайсың. Соғыста болған жоқсың.
– Ендеше соғыста болған, омырауы орденге толып қайтқан адам отыр ғой алдыңда, – деп Жомартбек мені нұсқады.
– Мұның өзі бір кісіден басқаны көрмейтін соқырлау Одиссей, – деді Зайкүл жұртты тағы ду күлдіріп.
– Қыздар, көп күліп кеттік, қояйық енді, – деді Меңтай оң жағында одеял үстінде жатқан кітапты қолына алып. — «Үй артында кісі бар» дегендей, емтихан келе жатқан жоқ па ертең тағы да.
– Иә, сақалы сапсиып, – деді Жомартбек. Жомартбектің сөзіне ешкім күлмеді. Бәріміз, бөлменің ішін шаңдата асыр салып ойнап, мұғалім келе жатқанда тым-тырыс парталарына отыра қалатын төменгі класс шәкірттеріндей бұртиып, төмен қарап, конспект, кітаптар бетіне қайта үңіліп, үнсіз қалдық.
Осыдан кейін бір демалыс күні мен Тананы жатақханаға ертіп әкеп, қыздармен таныстырдым. Ол, әсіресе Меңтаймен, Майрамен шүйіркелесе сөйлесіп, жақсы дос боп кетті.
Нашар студенттердің көз жасын көктемнің жылы жауынындай сорғалатып, жазғы емтихан да өтті. Біздің бірсыпыра қыздар жылап-сықтап жүріп, кейбіреулері құлап қалған емтихандарын қайта тапсырып, бәріміз тегіс үшінші курсқа көштік. Бір курс жоғарылағанға Алатаудың төбесіне шықпағанмен төскейіне жеткендей боп, көңіліміз көтеріліп қалды. Соңғы емтиханнан құтылған күні кешке отыз үшінші аудиторияға жиналып, өзімізше сауық өткіздік. Оны қалай ұйымдастыруды алдын ала ақылдасып алғанбыз.
Ішкісі келгендерге бір-бір бокал шампан қойылды. Ішпейміз дегендерге қалағандарынша лимонад пен минерал суы берілді. «Сен ананы іш», «сен мынаны іш» деген сияқты біреуді біреу қыстау, қинауға қатаң тыйым салынды. Әркімге екі бутербродтан шайнама және тиді. Осының өзі бізге бірінші класты ресторанның ең қымбат, ең дәмді тағамынан кем боп көрінген жоқ. Бірлесіп жасалған программаның «ішу, жеу, ықыластану» деген бірінші бөлімі осымен бітті. Оның «Ойнау, ойлау, өнер таныту» деп аталатын екінші бөлімі басталды. Бұл бөлімде әркім өзінің бұрыннан осы күнге арнап даярлаған ең оригиналды деген ойынын ортаға салады. Ең жақсы деп танылған номерлерге мынадай сыйлық беріледі: ұлдар қалаған қызының бетінен сүйеді; қыздар қалаған адамына өз тілегін орындатады.
Бәріміз аудиторияның ортасын босатып, алқа қотан отыра қалдық. Алғашында жүрексініп, ешкім ортаға шықпады. Бәрімізден батыл Зайкүл болды. Бір кезде ол мойнын жас баладай былғаңдатып ортаға шықты.
– Ал, не айт дейсіңдер.
– Біз ештеңе демейміз, арнап әкелген өнеріңді өзің көрсет.
– Ей, қыздар-ай, – деді Зайкүл күліп. – Менде кімнен шпаргалка аламын дегеннен басқа не ой, алған шпаргалканы өз сөзімдей етіп төпеп айтып шығудан басқа не өнер болды дейсің.
Бәріміз ду күлдік. «Өзі ақ жүрек» десіп жатыр біреулер. — Одан да бір ән айт десеңдерші маған.
– Айт.
– Дұрыс.
Зайкүл сызылтып «Дударайды» айтты. Әнін бітіре салып, тақпақ айтқаннан кейін дереу кәмпит сұрап алақанын жайған баладай болып, төрешіміз Абаеваға қарап, бірден ақы сұрады.
– Майра, менің бұл әніме сыйлыққа… – деп келе жатыр еді, Жомартбек орнынан ұшып тұрды.
– Жоқ, саған сыйлық берілмейді, – деді ол. – Сен оригиналды ештеңе орындаған жоқсың.
Қыздар ду ете түсті.
– Берілсін, берілсін!
– Тіпті болмаса бірінші бастағаны үшін берілсін.
Майра басын изеді.
– Иә, қалағаныңды ата, Сағынова.
Зайкүл қылмыңдап қалды.
– Онда, – деді ол енді тәкаппарлана бастап, — онда мына екі жігіт, Ербол мен Жомартбек, шөп еткізіп екі жақ бетімнен қатар сүйсін.
Қыздар қыран күлкі болды.
– Жоқ, біреуіміз де жетеміз ғой, – деді Жомартбек.
Зайкүл жетпейді дегендей, басын шайқады.
– Ойынның тәртібі бойынша: қыздар қалаған адамына өз тілегін орындатады. Осылай ғой? Ендеше менің тілегім айтылды. Екеуің келіп орындаңдар, солай ма, Майра.
Майра ішек-сілесі қатып, басын изеді.
Жомартбек екеуіміз Зайкүлге қарай аяңдадық. Қыздар қосылып, бір ырғақпен алақан соқты. Бұл жеңімпазға ойналған туш есебінде болды.
Екінші кезекті Жомартбек алды. Ол ортадағы орындыққа қолына домбыра ұстап шықты. Орындыққа отырмас бұрын, артистерше иіліп, қыздарға тегіс ізет көрсетті.
– Менің негізгі мақсатым КазГУ-ді бітіріп, жақсы азамат боп шығу екенін өздерің де білесіңдер, қыздар. Одан маңызы ешбір кем емес тағы бір мақсатым бар.
– Ол не? – деді шыдамсыз Зайкүл.
– Ол, – деді Жомартбек, – жақсы әйел алу. – Бұл сөз де қыздардың ду күлкісіне ұласты. Сыңғырлаған тәтті күлкілер тоқталғаннан кейін, Жомартбек сөзін жалғады. — Сендер күлесіңдер. Сендерге оңай бұл. Сендер немене, жақсы көрген жігіттеріңе құлағынан басып отырып, шығасыңдар да аласыңдар. Болмай бара жатса, комсомол ұйымына арыз бересіңдер. Ана жігіт менімен көңіл қосып еді. Енді қарамай кетті дейсіңдер. Ал комсомолдың құрығы ұзын – жігітті, шетке шыққан саяқ жылқыдай етіп қайырып әкеп, арыз айтқан қызға қосақтайды. — Қыздар тағы да бөлмені бастарына көтере күлісті. — Ал, Ербол ағай екеуміздің жайымыз мүлде басқаша. Алдымен біз қай қыз жақсы деп басымызды бір қатырамыз. Жақсы қыз мені жақсы көре ме, айтқанымды қабылдай ма деп және дел-сал боламыз. қойшы не керек, жігітке жақсы жар тауып алу оңай емес.
Сондықтан мен сендерге қазір алдымен жақсы қатын, одан соң жаман қатын туралы екі өлең айтып беремін.
Осылай деп Жомартбек домбыраны қағып-қағып жіберді де, аудиторияны басына көтере шырқап қоя берді.
Аққұба қатын алсаң, бойы сұңғақ.
Қасыңа шақырғанда келсе зырлап.
Дауысы: «Әу» дегенде әрең шығып,
Кеудесі еңкейгенде етсе бұлғақ.
Аяғын, табағымен қойған жуып.
Сүйреңдеп сөз сөйлемес өсек қуып.
Бір сөзді екі сөз ғып еш айтпайды,
Көбейсін ұрыс-жанжал қайдан туып.
Еріне адал жүріп болар серік,
Қуанар ғазиз құрбы жүзін көріп.
Білгізбей бар болса да, жоқ болса да,
Тұрғаны әрқашанда қасын керіп.
Сыпаты жақсы қатын айтсам бітпес,
Мадақтап жаман қатын ерін күтпес.
Ұқсатса аз ба, көп пе тапқаныңды,
Кез келсе кедейшілік ештеңе етпес, а-а-ау!–
деп Жомартбек шанақты сарт еткізе соғып, орнынан тұрып, тағы да жан-жағына қарап бас иді.
Бәріміз қол соқтық.
— Енді жаман қатын туралы айт, — деді Зайкүл шыдамсызданып.
«Айтайын ба?» дегендей, Жомартбек биігірек креслода қолына кітап ұстап, өзге жұрттан оқшаулау боп отырған Майраға қарады. Ол «рұқсат» дегендей, басын изеді. Абаева қазір үшінші курсқа бүгін ғана көшкен студенткадан гөрі үш жылдан бері ел билеп тәсілденіп қалған әйел патшаларға ұқсайтындай еді. Күлмей, ашылмай, басын тік ұстап, иегінен ишара жасап, саусағының ұшымен бұйрық беріп отыр. Қолындағы кітабы хазіреттің асасы немесе Богдан Хмельницкийдің булавасы сияқты, оны сәл көтерсе болды, шулап отырған жұрт тым-тырыс тына қалады. Абаевадан рұқсат алған соң Жомартбек қайта шырқады.
Болмайды пейлі сұлу жаман қатын.
Білмейді үйретсең де сөздің салтын.
Ілмелеп, салған жерден кекесіндеп,
Қылады ұрыс-жанжал сөздің артын.
Кетеді таң атқан соң өсек бағып,
Еріне былшылдайды елді шағып.
Қонаққа тамақ бер деп ептеп айтса,
Жүреді теріс қарап, жыбыр қағып.
Кісіге күле сөйлеп келмес жанап,
Былдылдар ел көзінше байын сыбап.
Таусылды күні-түні ет пен шай деп,
Қонағын қыстай келген бәрін санап…
Орамал жерде жатыр, кірі батпан.
Салдырап аяқ-табақ қирап жатқан.
Сүтіне шелектегі ит кеп тисе,
«Кет!» деп те айтпайды оған, құдай атқан. – – о-о-о, е-е-е…
Оуф!
Төрешінің ұйғаруымен Жомартбекке де сүю сыйлығы тиді. Ол алшаңдап, Зайкүлге қарай жүрді. Ернін шүршитіп, нақ соны ғана сүйетіндей боп, ыңғайланып бара жатты. Зайкүл құйтыңдап, басын қиқаңдатып, ернін ыңғайлай бастады. Жомартбек оны өзіне қарай ұмтылта түсті де, басын шапшаң бұрып, шөп еткізіп Зайкүлдің қасында отырған Назиләштің бетінен сүйді. Зайкүл сүйісуге ыңғайлап шошайтқан ернін не істерін білмей, түсі бұзылып нәумез боп қалды. Оны бағып отырған біз және қыран күлкіге баттық.
– Зайкүл, немене сүйіскің келіп пе еді, кел, – деді Жомартбек ештеңе болмағандай жайбарақат оған қарай бұрылып.
– Архимедтың тұтқасын ұстағандай болмай, аулақ кетші, — деді Зайкүл теріс айналып.
– Менің өз тұтқам да жетеді, – деді Жомартбек бейнебір Зайкүлмен ұрысқандай баж ете қалып. – Біреудікі маған дәрі емес.
Осылай деп Жомартбек Зайкүлге қарап күлейін дегендей боп ыржиып келе жатты да, дереу, біреумен төбелесіп қалғандай, түсін томсырайта қойды. Бұлай, бет бейнесін лезде екінші түрге түсіре қою сияқты артистік өнер курста Жомартбекке ғана тән болатын. Осынысымен ол бәрімізді бұрын да талай рет күлдірген еді. Бұл жолы да ол біздің күлмес еркімізге қоймады.
Қанипа, Сақила, Назиләш үшеуі үш жақтан қол көтерді.
Майра үшеуіне де бас изеді. Олар ортаға келіп, соғыс кезінде шыққан «Көкем-ай» деген әнді шырқады.
Елде жүрген жас бауырдың майдандағы ағасын сағынып, жүректің запырандай зарымен айтқан жан-жүйені босатар ащы әні аудиторияны кернеп кетті. Үш дауыс қосыла шырқап «Көкем-ай!» деп зарланғанда терезенің шынысына дейін дірілдеп, қалтырап кеткендей болды.
Қан майданның ішінде көкем жүр-ау-а-а-ау.
Мылтық кезеп көкеме неміс тұр-ау, а-а-ау-ай.
Көкем-ау!
Қашан келер екенсің?!
Мен тағдырдан сұраймын күндіз-түні-ау, а-а-ау,
Көкеме атқан жау оғын маған бұр-ау, а-а-ау-ай.
Жан көкем!
Дидарыңды бір көрсем!..
Бұдан кейінгі кезек маған келді. Үш қыз қосыла айтқан жаңағы зарлы ән жүйке-жүйкемді босатқан мен не айтарымды білмей састым. Әзірлеп әкелдім дегенімнің бәрі жан толқытқан жаңағы әннен кейін мүлде қажетсіз, керексіз сияқтанды. Бірақ қыздар қыстап болмады. «Шықсын ортаға, айтсын бірдеңе» деп жанымды шығарды. Амалсыз ортаға шықтым.
– Мен Абай өлеңдерінде кездесетін ескі сөздердің тізбесін жасап, оларға өзімше түсінік берген едім. Бүгінгі конкурс сияқты қорытынды кешке соны ұсынуыма болады. Бірақ, мұның өзі бір дәптер, — дедім қыздарға дәптерімді көрсетіп. — Бәрін табан астында оқып шығу мүмкін емес. Сондықтан мен қазір соңғы оқыған бір кітабымнан сұлу әйел, махаббат жайында жазып алған екі-үш нақыл сөзім бар, соны оқып берейін.
Мен Майраға қарадым. Майра қыздарға қарады.
– Махаббат жайындағысын оқысын.
– Соңғысын айтсын, — деп шуласты қыздар.
Абаева кітабын жоғары көтерді. Жұрт тегіс тым-тырыс боп тыныштала қалды.
– Иә, онда былай болсын, қыздар, – деді Майра. — Ербол ағайдың Абай өлеңдеріне түсінік жасауы біздің ешқайсымыздың ойымызға келмеген үлкен жұмыс. Оны білудің бәріміз үшін пайдасы бар. Ол әсіресе ертең біз мұғалім болып, мектепке барғанда керек. Сондықтан біз оны ағайдан сұрап, көшіріп алармыз. Меніңше, ағайға таңдаған қызын сүю сыйлығын осы еңбегі үшін беруімізге болады. Ал бұл кісі жаңағы соңғы айтқанын оқып шықсын да, сыйлығын алсын.
Мен бір жапырақ бөлек қағазға тізіп алған махаббат жайындағы сөздерімді оқи бастадым.
«Махаббат бар жерде көз жасы қоса жүреді.
Адамның өмірі қысқа болғанымен, махаббаты ұзақ өмір сүреді.
Құштарлық, – махаббат хабаршысы.
Құштарлықты көз айтып, тілекті тіл түсіндіреді.
Жүрегін махаббат мекендесе, ең сараң деген адамның өзі ересен мырза боп кетеді.
Әдемі әйелдің әлегі көп.
Сұлу әйел сорға бітеді.
Көрікті әйелдің күйеуінің көңілінен күдік арылмайды.
Сұлуға сұқтанушы көп.
Сорлының әйелі сұлу болады».
Жазып алған қағазымның екінші бетін оқымай ортасынан бүктей салып, қыздарға рахмет деген ишара жасадым.
Зайкүл аузынан емшек тартып алған жас баладай боп, баж ете қалды.
– Екінші бетін оқыған жоқ, Майра. Ербол енді қағазының екінші бетіндегісін оқысын, -деп елбелектеп ұшып кете жаздады.
Абаева маған қарап, «Зайкүл бәрін естімей тынбайды» дегендей жымиды да, басын изеді. Бұл төрешінің «тағы оқы» деген әмірі еді. Әскерде командир бұйрығын екі етпей орындап үйренген басым, қағазымның бүктеуін қайта жаздым.
– Бұл үзінділер Үндінің жазушысы Дандиннің «Он ханзаданың басынан кешкен оқиғалары» деген кітабынан алынды. Ал, тыңда, Зайкүл, — дедім мен алдымен жүзі жайнап, құлпырып отырған Зайкүлге қарап алып.
– Оқи бер, оқи бер, — деді Зайкүл шыдамсызданып. – Мен тыңдап отырмын.
Мен тағы да оқуға кірістім.
«Махаббат жайына келетін болсақ, оның мәні адамға дүниеде теңдесі жоқ өзгеше рахат беретіндігінде. Кеудесін махаббат кернеген еркек пен әйелдің ойлайтыны өмірдің өзгеше сол рахатына жету ғана болады. Жүрегіне махаббаттың нұры түскен жанның жай жұрттан өзгешелігі оның айналасының бәрі күліп, қуанып тұрғандай күйде болады. Ынтызар екі жанның құшақтарының айқасуы өздеріне өшпес қуаныш боп танылып, кейін сол сәтте еске алудың өзі ол екеуін ерекше елтітіп, өзгеше шаттыққа бөлейді. Жүректі кернеген осы қуанышқа жету үшін үлкен қызметтегі адамдардың өздері аса қиын ерліктер жасауға дейін барып, мол-мол сыйлықтар тартады. Қауіпті іс қатерлі жанжалға дейін тәуекел етеді…
…Әйелге, әсіресе жүрегінде біреуге арналған маздаған махаббаты бар әйелге, өзі сүймейтін еркекке еріксіз қосақталудан қиямет қорлық жоқ.
…Мені махаббаттың улы жыланы шақты аямай. Жаныма дәрі, дертіме шипа сен ғана!
…О, құдірет, жалаңбұт жүгіріп, күні бойы қуалап торғай ататын сәби сияқты, садақ толғап, сан адамның жүрегіне жебе қадалтатын махаббат тәңірі! Не жазығым бар еді менің? Неге мұнша қинайсың мені? Біржола өртеп, күл қылып жібермей, неге мұнша күйдіресің аяусыз?..
…« Өзіңдей сен оның жүрегіне! Оның жүрегі алып жартастың табанындай тұрақты, нағыз болаттың өзіндей берік. Ол жүректі өзгеше байлық – өз махаббатыңның нұрлы гауһар тасымен өрнектегейсің сен! Оның биік кеудесі өзіңдей лайықты жардың салмағына жаншылып, өз рахатын алсын өмірден». Ханшаның нөкер қыздары осылай деп үн қатты маған. Бұл сөздерден кейін менің жүрегімді қысқан махаббат бұғауы одан сайын тарыла түскен тәрізді болды».
Мен бар оқығыштық өнерімді жұмсап, бар жанымды салып, біреудің сөзін оқып тұрғандай емес, өз жүрегімнің бар сырын бір жанға ғана арнап ақтарып тұрғандай боп елтіп, егілгендей күйде үнімді үзіп, қағаздан басымды көтердім. Әрине, мен бұл сөздерді тек қана Меңтайға арнап едім. «Осынымды ұқты ма екен?» деп мен басымды көтергеннен кейін, басқаларға білдіртпеуге тырысып, Меңтай жаққа көз тастадым.
Мен оқыған сөздерге қыздардың көбі іштей рахаттанып, бас көтере алмай, төмен тұқысыра сылқылдап күлісіп қалған екен. Зайкүлдің екі көзі ішіп-жеп, маған қадалып алыпты. «Тағы да бар ма, тағы да оқышы» деп өтінгендей, сұрап, тілегендей күй танытады. Тек Меңтай ғана күлместен, жымимастан, менің сөздерімді естімегендей боп, маған емес, терезе жаққа көзін қадап, ойланып қалыпты.
– Иә, ағай, сыйлығыңызды алыңыз, – деді Майра жаңағы мен оқыған үзіндідегі нөкер қыздар мақтаған ханшадай жымиып. – Қалаған қызыңызды сүйіңіз.
Мен жаңағы махаббат жайында үзінділер оқыған сәтте бар дүниені ұмытып, ойымнан шығарған екенмін. Сөйлегенім үшін маған да сыйлық бары, сыйлық болғанда таңдаған, жаным жақсы көрген қызды құшақтап, бетінен сүюге праволы екенім енді ғана есіме түсті. Сол-ақ екен жүрегім өз-өзінен лүпілдеп, дүрсілдеп қоя берді. «Сүйсем бе екен, сүймесем бе екен?» деп ойладым. «Жоқ, осындай сәті кеп тұрғанда сүйіп алайын, ол қайтер екен?» дедім де, ақырын басып, Меңтайға қарай аяңдадым. Меңтай маған келе жатыр деп ойламаған сияқты қалып көрсетіп, басқа қыздардай қымсынып, бетін баса бастаған жоқ. Мен оның қасына тақап қалғанда да өзінің сол жағындағы қыздың бетінен сүюге келе жатқан болар дегендей, оң жағындағы көрші қызына қарай мойның бұрып, оны сөзге шақырды. Дәл сол кезде мен, қолы дірілдеп, ең алғаш мөр ұстаған ауылнайдай етектей ернімді жиған боп сәл бүрістірдім де, оны Меңтайдың қағаздай мойнына былш еткізіп басып кеп қалдым. Бейқам отырып, селк еткендей болып және қытығы келген сияқтанып қыз мойнын ішіне тартыңқырап, қайтадан сол жағына қарай бұрды. Ол кез менің қызға құмартып, қиналып жүрген шағым емес пе? Егеудей ернім Меңтайдың мойнын, кішкентай құлағын үйкелеп барып, лезде қып-қызыл боп кеткен ақ бетінің ұшына тоқтады. Оны, өзімше ақырын өптім де, қыздарды қыран күлкіге батырып, мас кісідей сенделектеп өз орныма қарай аяңдадым.
Менен кейін қыздар бірлесіп тағы да өлең айтты. Бірақ олардың не айтқанын мен ұққаным жоқ. Меңтайдың бетінен бір сүйгенге, бір шиша шербетті басыма көтеріп жалғыз сіміргендей, өз-өзімнен масайып, буын-буыным құрып, елтідім де отырдым. Сол кезде қолына шағындау дәптер ұстап ортаға Меңтайдың өзі шықты.
– Ойынның шарты өзгешелеу нәрселер даярлап әкелуді талап еткен соң, — деді Меңтай бөгеле сөйлеп, – мен мына бір дәптерді ала салып едім. Мұнда шешемнің айтқан бірсыпыра сөздері жазылған. Шешем бастауыш мектепте мұғалімдік қызмет атқарған, сауатты кісі болатын. Оқыған кітаптарының ақ бетіне өз ойларын жазып тастай салатын. Менің он жасыма дейін біз ауылда тұрдық. Одан соң Риддер деген қалаға көшіп барып, әкем жұмысшы болды. Былтыр ауылға барғанда (әкемнің інісі ауылда тұрады) апам оқыған кітаптардың беттерін бір-бірлеп ақтарып отырып, оның өз қолымен жазған жазуларын мына дәптерге көшіріп алған едім. Талай қызық кітапты өздерің де оқып жүрсіңдер ғой. Мен сендерге апамның жазғандарын айтып берейін. Мұның кей тұстары тұрпайылау да боп көрінер. Бірақ бәріміз де ес білген ересек балалармыз ғой, ондайларын алып тастамай-ақ тұтас оқи берейін.
– Дұрыс.
– Жөн.
– Оқы, Меңтай, – дедік біз жарыса шуылдап. Меңтай тамағын кенеп алды да, асықпай жайлап, бірінің соңынан бірін тізіп, ана жүрегінен шыққан ақылды нақылдарды ақтара бастады.
1. Жазғы салқыннан жаныңды аяма.
2. Ешқашан да, ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның да жақсылығы болады.
3. Қыз көйлегінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек, себебі қыздың жалаңаш жеріне көп көзінің құрты түскіш келеді. Ал халықта: «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деген мақал бар.
4. Әйелдің жалаңаш денесі еркектің құмарлығын қоздырады. Ақылмен бөгеп, сабырмен тұсалмаған құмарлық таудан төңкерілген сел сияқты: жолындағының бәрін ұйпа-тұйпа етіп, жайпап, жойып кетеді. Сондықтан әйелдің, еркек құмарлығын қоздыратын ашық-шашық жерді көбейтпей жауып, жария етілмейтінін қымтап ұстауы абзал. Әсіресе етекті қара санға дейін көтермеу, кеудені жалаңаштамау жөн. Сонда еркек елеңдемейді, әйел алаңдамайды, адалдық бұзылмайды.
5. Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағаңды жоясың.
6. Қарқылдап күлу, тарқылдап сөйлесу – дарақылық белгісі.
7. Кемшіліксіз кісі болмайды, оны көруден оңай жоқ. Кісі кемшілігін тез көруге емес, тез түзетуге көмектес.
8. Қызға қатты күлудің қажеті жоқ, жігіттерге оның жымиғаны да жетіп жатыр.
9. Ауыз шешендік әркімде болады. Әсіресе қыздың аузы сүйреңдеп көп сөйлемегені абзал. Өйткені қыздың күлкісі, жымиюы, бас изеуі, көзқарасы, жүріс-тұрысы – бәрі де сайрап тұрған сөз. Сондықтан оның аз сөйлеп, айналасына ақылмен танылғаны дұрыс.
10. Шошаңдаған қыз шешенің атына кір келтіреді.
11. Баласы арақ ішсе, шешесі у ішеді. Маскүнем жаман бала жақсы ананы ажалынан бұрын көрге кіргізеді.
12. Жаман туыс тістеуік, жақсы жолдас үйірсек. Жақсы дос жаман әкеден артық.
13. Үміт күткен ұлы оңбаған боп кетсе – әке сорлы; қызы күйеуге өтпесе – шеше сорлы; сұлу деп алғаны сүйкімсіз боп шықса – жігіт сорлы; қыран деп тигені жапалақ боп шықса – жар сорлы.
14. Ақкөңіл мен адал ниеттен туған іс әсем болмаса да сүйкімді. Айла мен арамдықтан туған іс, әдемі болса да жиіркенішті.
15. Қыздың жақсы жігітке шығуы, жігіттің жақсы жар таңдап алуы жеңіспен пара-пар. Алдымен жеңіске жету қымбат, ал жеткен жеңісті баянды ету, одан да қымбат.
16. Көшеде көлденең тура қалып, бірінің ернін бірі жұлып жердей боп жалмап, жұрт көзінше сүйісіп жатқан қыз бен жігітте ар да, ұят та болмайды. Ондай әдеттен без, ондай құрбыдан аулақ бол.
17. Кей адам кілт етпе келеді. Бірақ ол мінез жас балаға, сұлу әйелге және ұлы адамға ғана жарасады. Бұл үшеуінен басқаға біткен қыңырлық қырсықпен тең.
18. Махаббат – барша байлықтан күшті. Бірақ күштіге де көмек керек. Сол сияқты махаббат та өзін байлық пен барлықтың қоса қолдауын ұнатады.
19. Екі адамның бір-біріне шын ықыласпен қалтқысыз қызмет етуі не араларындағы адал махаббаттың, не асыл достықтың арқасы.
20. Еркекке жүрек керек, әйелге тірек керек.
21. Тірі адамның бар бақыты, бар қызығы жер бетінде. Оған ұмтылудың немесе о дүниеден үміт етудің қажеті жоқ. Сол себепті бар терді төгіп, барша ой мен ақылды жұмсап жер бетін, тұрған үйіңді жұмақ ете біл.
22. Ел сыйларлық бағаң болмаса, елге аға болдым деме.
23. Жақсы адам – магнит. Магниттің бірнеше темір шегені өзіне тартып ала алатыны сияқты, жақсы адамның да жанына жұрт көп үйіріледі. Өзің жақсы болсаң – айналаңда досың көп; жаман болсаң – жалғыз жүресің; орташа болсаң – сен де бір жақсының жанын жағалайсың. Досты сырттан іздеме, жақыннан ізде, өзіңнің ішіңнен, ішкі дүниеңнен ізде. Жаның жақсы, жүрегің жақсы, ақылың парасатты болса – іздеген досың алыстан үйріліп өзі келеді.
24. Біздің ауылдың қазақтары баяғы ескі әдетпен әлі күнге дейін жүзге бөлінеді. Содан соң әлі жеткені әлсізін аяғынан шалып, бөтен жүздің баласы деп жұдырықтап, жұлмалап жүндеп жатады. Алауыздықтың атасы – жүз жойылса екен. Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсе екен!
25. Ел билеген жақсы адамның өмірдің күнделікті күйбеңімен кетіп, ертеңгі ұрпаққа мұра боларлық өз атынан ештеңе қалдырмауы өкінішті. Абай атамыздың өзгелерден артықшылығы да осында – артына тастап кеткен асыл кітабында ғой.
26. Біреуді пәленше көп біледі деп мақтайды. Көп білген адам көп тындырса мақтауға болар еді. Көп біліп, түк тындырмайтындар да бар. Мұндай іске пайдасыз білгіштікті білдім деудің қажеті жоқ. Ондай «білгіштен» аз біліп, көп тындыратын қоңырқай адамның өзі артық».
Меңтай дәптерінің бетін жауып, көкірегіне басты да, жұртқа басын иді.
Қыздар қозыдай жамырасып, жарыса сөйлей жөнелді.
– Үндемей жүріп, бар білім сенде екен ғой, Меңтай.
– Міне тамаша!
– Кітап сөзінен кем емес!
– Кей кітаптарды қырық рет ақтарсаң да, мұндай сөздерді таба алмайсың, – десті.
«Меңтайдың мұнша сабырлы, ұстамды болуы шеше тәрбиесінен екен-ау, – деп ойладым мен. — Асыл ана ешқашан да аптықпа, асықпа, шошақай болма деп қызының құлағына сіңіріп отырған-ау тегі. Ақылды ананың адал перзентіне берген ақ бата – тәрбиесіне не жетсін, шіркін!»
– Ал, Меңтай, сыйлығыңды ал.
– Не тілейсің, – десті қыздар қаумалап.
Менің жүрегім, қос ішегі қатты бұралған домбырадай болып, соғуын тоқтатып, тынып қалған сияқтанды. Меңтай не тілер екен, Зайкүлше, біреу келіп бетімнен сүйсін дер ме екен? – деп ынтықтым.
Меңтай басын шайқады.
– Бұл менің өз жанымнан шығарғаным емес, мен апамның айтқандарын ғана оқып бердім. Сондықтан мен оған ешқандай сыйлық тілемеймін.
Менің екі бетім ду ете түсті. Жаңа, өз кезегім келгенде, біреудің сөзін оқып бергенім үшін ақы іздеп, Меңтайдың бетінен сүйгеніме ұялдым.
Кешіміз көңілді болып, ұзаққа созылды да, университеттен жатақханаға кеш қайттық. Улап-шулап, көшені басымызға көтере дабырласып келе жаттық. Бір қаға берісте мен Меңтайға тіл қаттым.
– Меңтай, сен маған өкпелеп қалған жоқсың ба? — дедім.
– Неге?
– Бағанағы сүйгенім үшін.
– Ол, біріншіден, ойынның шартына байланысты болды ғой, — деді Меңтай. – Екіншіден, сіз менің ағайым іспеттісіз. Ағасы бетінен сүйгенге қарындасы өкпелеуші ме еді?.
– Шын өкпелеген жоқсың ба? – дедім мен қуанып кетіп.
– Шын, – деді Меңтай байсалды үнмен.
– Онда рақмет саған…
Біраз жүргеннен кейін тағы да үн қаттым.
– Меңтай, бір өтінішім бар еді айтатын, – дедім.
– Айтыңыз.
– Рұқсат етсең, жаңағы оқығандарыңды көшіріп алар едім.
Меңтай үнсіз екі-үш аттады. Содан соң барып жауап берді.
– Дәптерде басқа да шимайларым бар еді, – деп баяу айтты да, тез шешімге келді. -Жарайды, алыңыз. Бірақ басқа ешкімге көрсетпессіз.
– Көрсетпеймін, – дедім мен ант еткендей елпілдеп. Қыз қолтығындағы дәптерін маған берді.
Бағана, оны бір сүйгенше сүйегім балқыған еді. Енді, дәптері қолыма тигенде, патшаның сарайынан көтергенінше алтын алған қайыршыдай қуандым.
Жатақханаға жетіп, бөлмеге кіргеннен кейін стол басына отыра қалдым да, шамды көлеңкелеп алып, қадалып қыз дәптерін оқуға кірістім. Дәптердің алғашқы бірнеше бетіне «Апамның айтқандары» деген заголовокпен Меңтайдың бағанағы оқығандары тізілген екен. Оның одан кейінгі беттеріне қыз өзінің оқыған, білген, көрген жайларын жазыпты. Соларға байланысты өз ойларын маржандай тізілтіп, қысқа-қысқа етіп қағазға түсіріпті. Біткен әр ойдың арасын сызықпен бөліп тастап, кей жазбаларына жеке-жеке ат қойып, рим цифрларымен тараулап отырыпты. Дәптердің кей тұстары күнделік іспеттендіріліп, онда қыздың жан сырлары баяндалыпты. Мен ол беттердің бәрін, дастарқандағы тәттінің бірінен соң бірін сұрап қол созған баладай болып, бас алмастан оқи бердім.
Таң ағарғанша тапжылмастан отырып мен Меңтай дәптерінен мыналарды оқып шықтым.
«Құлақтан кірген өтірік пен өсек ғашықтар жүрегінің төріне тасқорған боп қаланады. Түрмедей қапас, сұрықсыз ол қорғанның кірпіштерін балталап бұзып, сүйменмен соғып қирата алмайсың. Оған өзгеше құрал керек — ақтыққа көз жетіп, адалдыққа көңіл сенгенде ғана ол күл болып көкке ұшады.
Зұлымдық махаббатты ториды. Қашанда махаббаттың қалай мерейін төмендетсем екен деп аласұрады. Тек күшті махаббат қана зұлымдықтың торына түспейді.
Шығыс нақылы. I. – Басқа кіммен дос болсаң, онымен дос бол, бірақ мынадай үш адаммен дос болма, – депті бір данышпан өзінен ақыл сұрай келген адамға. – Ақымақпен дос болма, ол саған жақсылық жасаймын деп жүріп-ақ жамандық жасайды; зеріккіш жанға жолама, қанша сенгеніңмен ол сені тастап кетеді; өтірікшіден аулақ бол, ол сені өсекке танғанын өзі де сезбей қалады.
ІІ. Бір адам қазының алдына келіп: менің үш түрлі құмарлығым бар, олар: шарап, әйел, өтірік айтушылық. Осы үшеуінің қайсысын тастасам екен? – депті. Қазы ойланып отырып: «Өтірікті тастағаның жөн болар» депті. Кеңес алған адам қайтып кетеді. Бір күні оның бөтен әйелге көңілі ауады. Сонда оның басына мынадай ой келеді: іс аяғы насырға шауып, қазыға барсам – ол менен «басқаның әйелін азғырғаның рас па?» – деп сұрайды. «Иә» десем, жазаға ұшыраймын, «жоқ» десем, өтірікші боламын. Қой, одан да әйел құмарлықты да тастайын деген қорытындыға келеді. Сөйтіп ол өзінің шарап құмарлығын да тастаған екен.
«Бұл байғұс неге шөлге құмар?» деп балық түйеқұсқа таңданады екен. «Бұл неге соншама суға ғашық?» деп түйеқұс балыққа таңданатын болса керек.
Інжу теңіздің терең түбінен алынады. Теңіздің суығына тоңып, суына тұншықпағанның інжу мен меруертке қолы жетпейді. Махаббат та сол сияқты.
Жылтыраған кішкентай ұшқыннан лапылдаған өрт тұтанады. Махаббат та сол сияқты.
Жаманға бастамақ мұраттан, жақсыға бастар ұят артық.
Шөлдемей тұрғанда екі рет ішкен судан, шөл қысқанда бір рет қанғанның өзі абзал.
Жалықпайтын жан жартасты мүжіген сумен тең.
Кінә тағу – кикілжіңнің алғысөзі.
Зеріккіш жанның махаббаты қайтарылмас қарызбен тең.
Соқырдың көзі көрмесе, күнде қанша жазық бар.
Тату болып ажырау, жаныңа түскен дақпен тең. Араз болып жақындау, ол да өзінше бір мерей.
Тұрақтылық – махаббат мұраты.
Сүйіскен жандар бір-бірінен алыста жүрсе, түс көрісіп, түшіркеніседі.
Өңде — тән табысса, түсте – жан жанасады.
Түс туралы. Ғашықтар көретін түстің төрт түрі болады.
1. Сүйгені тастап кеткен ғашық түсінде сүйіктісімен жақындап, қайтадан татуласып жүргенін көреді. Ояна келсе, онысы түс болып, өкінішке батады.
2. Сүйгені жақында, бірақ араларында әлдебір салқын жүрген ғашық сүйгенінің өзін тастап кеткенін көріп, қатты өкініп, кейде өксіп жылап оянады. Бұл оның солай болып, кетпесе игі деген ішкі ойының жалғасы.
3. Сүйгенінің үйі жақын жердегі ғашықтың түсіне ол алыстап, аулақтап кеткен боп көрінеді. Бұған қатты қиналып, үрейлене оянған ол бұл түсі екенін, ғашығының ешқайда кетпегенін біліп, «уһ!» деп, өз-өзінен қуаныш табады.
4. Сүйгенінен алыста жүрген ғашық түсінде оның қасында болып шығады. Екеуі қосылып, қуаныш, рахат табады. Ал ояна келгенде, оның бірі де жоқ болып шығады да, бұрынғыданда күшті қайғы мен қасіретке батады.
Ұстамды әйел мен ұстамды еркек күлге көмулі қоламтаға ұқсайды, олар күлді аршып, өздеріне жақын келген жанды ғана күйдіреді.
Өз ойларым:
Неге екенін білмеймін, мен әйелдер туралы, олардың жаратылыс-табиғатындағы мәңгілік мазасыздық жайында көбірек толғанамын. Кейде менің әйелді түнгі бөлмеде маздап жанып тұрған шыраққа теңегім келеді. Олай дейтінім, шырақ бүкіл бөлмеге сәуле шашып, нұр таратады. Соның жарығымен үй ішінің күндізгі тіршілігі жалғасып, шаруасы істеліп, реттеліп жатады. Сағат сайын шырақтың майы азайып, бойы аласаpa береді. Ең соңғы тамшы майы сарқылып, біткеннен кейін, «ал, маған разы болыңдар» дегендей, кеудеден ақтық рет дем шығарғандай бір дір етеді де шырақ сөнеді. Ол жан-жағына үздіксіз жарық шашып, қараңғылықты қуалаумен бар өмірін өткереді де, мәңгі өшеді.
Байқап, барлап қарасақ, әйелдің де өмірі осыған ұқсайтын сияқты. Бойжетіп, босаға өзгертіп, басынан қыз дәурені кеткеннен кейін ол қызметке тұрады, жұмысқа орналасады. Біраздан кейін балалы-шағалы болады. Одан соң қызмет, күйеу және баланың ғана қамын ойлап, бар жанын соларға салып, дедектейді де жүреді. Кешке, артынып-тартынып жұмыстан келе сала, білекті сыбанып жіберіп, үй ішіне ас әзірлейді. Көпшілік еркектер түз шаруасы, кеңсе қызметінен келгеннен кейін, жығылып қалмау үшін дөңгелек үстелді жағалаған жас баладай болып, диванды төңіректейді. Мен мұны ауылдан да көп көрдім, қаладан да байқадым. Ал әйел оған мүлде қабақ шытпайды, балаларының бетінен бір-бір иіскеп алып, үй ішін күміс күлкіге толтырып, жайраңдап, жарқылдап жүре береді. Мен осының бәрі әйел жүрегіндегі шексіз махаббатқа байланысты-ау деп ойлаймын. Меніңше, әйел махаббаты – ең күшті махаббат. Еркектер әлімен күшті болса, әйелдер махаббатымен мықты. Әйел махаббаты – әлемнің тұтқасы. Мен осылай деп түсінемін. Әйел махаббатының күші жердің тарту күшінен кем емес-ау деп ойлаймын.
Мінеки, әйел деген осындай ерекше еңбекші жұрт. Ол дүниеге өмір таратады, коғам игілігіне еңбегімен үлес қосады, семьяға қуаныш әкеледі. Сол үшін ол, қарлығаштай лыпып, ешқашан тыным таппайды. Бұдан басқа тіршілікті ешбір әйел – өмір деп түсінбейді. Біз де бір күні семья құрып, апа, аналарымыздың мәңгілік кәсібіне кірісеміз-ау әлі. (Біздің диван жағалағыштарымыз қандай болар екен десеңші?!).
Семья – мемлекеттің негізі. Біздің мемлекетіміз – азаттықтың, әділдіктің, адамгершіліктің Отаны. Семьяға адалдықтың үлгісі де елден елге, ұрпақтан ұрпаққа бізден тарауы керек. Сондықтан мен ерлі-зайыпты адамдардың жұптылық салтын, адалдық заңындай ардақтап, бұлжытпай орындауын қалаймын. Әйелдің жүрегіне жара түспесе екен, ол әрқашанда бақытты, қуанышты бола берсе екен деймін. Барлық әйелдің жары ақ көңіл, адал болса екен, олар әрқашан әйелдерін қадірлей білсе екен деп тілеймін.
Мен Отанымды сүйемін, өз мемлекетімді өз үйімдей көремін. Егер мен соғыста болсам, сүйікті Отаным үшін, Зоя Космодемьянская, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова сияқты, қасықтай қанымды, шыбындай жанымды аямас едім. Бірақ менің үлесіме соғысқа бару тиген жоқ. Мен бұл соғыста талай адамның қаны төгіліп қорғалған қасиетті мемлекетімнің моральдік негіздері одан сайын берік бола беруін мұрат тұтамын. Өрістеген экономика мен берік моральдік негізі бар мемлекет ешқашан да, ешкімнен де жеңілмейді деп білгендіктен соны нығайта беруге үлес қосуды арман етемін.
Он сегіз жас — от боп лаулап тұрған шағы екен ғой адамның. Жаның жалынды болып, жас ғұмырды еліңе пайдалы етіп өткізгенге не жетсін! Жан-жағыңа нұр шашып өткен өмірден ардақты не болсын!
Кино — жақсы өнер. Бірақ кейбір қыздардың сабақты тастап, күн сайын киношыл болуы – жақсы өнер емес-ау.
Көз көрмегенге күдік келтірме. Күдік – өтіріктің, жаланың бір түрі.
Ауыздан шыққан сөзді аңдыма. Аңдысаң да жаманға жорыма.
Сырлар. 1. Кеше университеттен Е., Ж. және мен үшеуміз бірге қайттық. Күлкілі, қызық жайларды көп айтысып, жатақханаға дейін жаяу келдік. Бір кезде ұлдардың қыздардан сыр жасырмайтындығы, ал қыздардың ұлдарға сырын айтпайтындығы сөз болды. Е. менен осының себебі не деп сұрады.
– Қыздың жағдайы қиын ғой, ағай, — дедім мен. — Олар жігіттерге сырын лақ еткізіп ешқашан ақтара алмайды.
– Неге?
– Оның неге екенін айту қиын. Бәлкім, қыз табиғаты, жаратылысы солай шығар. Әйтеуір қыз сырын ішіне бүгеді. Ол сүйіп тұрған адамына мен сені сүйемін деп айта алмайды. Айта алмағандықтан оның сүйген жігітінен айырылып қалуы да ықтимал.
– Айтуы керек қой.
– Ия, айтуы керек. Бәлкім, қыздың қадірі сол айта алмауында шығар, кім біледі.
– Мен қыз болсам айтар едім, — деді Ж.
– Қыз жанының нәзіктігі, жасқаншақ, үркек, сыршылдығы айтқызбаса, қалай айтасың? – дедім мен күліп.
2. Бүгін біздің бөлмеге жүгіріп 3. келді.
– Мен бір жігітпен танысып едім, сынап берші, – деді екі иығынан демалып.
– Қой, 3., «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» деп заулатып қоя беретін жігіт жылқы емес, қалай сынайды оны? — дедім әзілдеп.
– Қойшы, сен білесің ғой, адамның жақсы, жаманын бірден айырасың ғой, – деп 3.
– Танысқандарыңа қанша болды? – дедім ол қыр соңымнан қалмаған соң.
– Бақандай он алты күн.
– Тым аз екен, – дедім мен басымды шайқап.
– Сеніңше, жігіт пен қыз қанша уақыт таныс боп жүруі керек?
– Бір жыл, екі жыл.
– Ойбай, — деп 3. ның көзі бақырайып кетті. – Оған дейін менің ішім жарылып кетеді-ғой, Меңтай-ау.
– Жігіттің жанын сынау айлар мен жылдарды керек етеді дейді, – деп мен күлдім.
– Қойшы, күлмеші, мен оның барлық қасиеттерін санап шығайын, сен маған оның қандай жігіт екенін айтып берші.
З. өлердегі сөзін айтып, жалынғандай болды. Мен оған екі-үш сұрақ қойдым.
– Жігітің арақ іше ме?
– Ептеп ішеді, бірақ көп емес.
– Mac болғанын көрдің бе?
– Бір-ақ рет. Онда да бір вечерде жолдастары іш-іш деп болмаған соң…
– Басқа қандай мінін білесің?
– Басқа ешқандай міні жоқ: жақсы билейді, иіліп тұрады, киноға апарады. Оның үстіне ағасы жақсы қызметте көрінеді. З. мен жігітін жаман екен деп айтып қала ма деп сасқалақтағандай, оны үсті-үстіне мақтай жөнелді.
– Қой, З., – дедім мен тағы күліп. – Бұл сұрақтарды саған әшейін, әзіл үшін қойып жатырмын. Мен сырлас емес кісіге сын айта алмаймын. Бірақ апамның бір жігіт жайында айтқаны есімде қалыпты. Қаласаң, соны айтып берейін.
– Айтшы, жігіттерді қалай сынау жайында болар, – деп З. одан сайын үздіге түсті.
Апам мен жоғары класқа көшкеннен кейін өмірдің әр алуан қиындығы, жақсы мен жамандық, әр қилы адам мінездері жайлы әңгімелер айтып отыратын. Сонда байғұс апам айтқанының барлығы менің құлағыма сіңе берсін деп ойлайды екен ғой. Бір күні апам өз-өзінен отырып, маған жігіттер жайлы әңгіме айтты.
– Өмірде мінсіз кісі болмайды, – деп бастады апам сөзін. – Қызға жігіт жүз процент жақсы боп ешқашан да кездеспейді. Жігітті жүз процент жақсы ететін жақсы жар, жақсы әйел ғана. Сондықтан қыз балалардың дап-дайын жақсы күйеуге шыға қоямын деуі қиын. – Апам осылай деп басын бір шайқап қойды. Мен әлдебір кітапқа көз жүгірткен боп, үнсіз тыңдап отыра бердім. – Ол жігіттердің де кінәсі емес, – деді апам қайтадан сөзін жалғап. – Олардың да бұл істе білімі, тәжірибелері жоқ. Келіншек алу керектігін білсе де, онымен қалай өмір сүру керектігін білмейді. Оны жүре-жүре жігітке өмір үйретеді. Сондықтан жас жігіттер маған кесек-кесек руда іспеттес болып танылады. Ал жас әйелге сол руданың кенін алып, жақсы мүсін жасау қажет, өзінің көңіліндегідей күйеу етіп шығаруы керек. Бұл үшін біреудің еркесі боп бұлғақтап өскен қыз байғұста тәжірибе жоқ. Уһ! — деп апам әлде бір ауыр жүк арқалап келе жатқандай боп күрсініп қойды. – Әрине, руданы іс қылу оңай. Ол үшін заводта арнаулы мартен пеші бар. Пештің қызуы руданы балқытып, оның бойындағы құрышты қоқыстан бөліп алуға мүмкіндік береді. Содан соң шебердің таза құрышты қайта пайдаланамын десе де еркі бар. Ал жігітті руда сияқты пешке салып балқыта алмайсың. Оны тек әйелдің махаббаты ғана балқытады. Күшті махаббаты бар, ақылды, сабырлы әйел ғана жаман жігіттен жақсы жар жасап ала алады. Содан кейін олар бірінің айтқанынан бірі шықпай, сыйласымды, тату-тәтті өмірді бастарынан кешіреді. Бұл жолда әйелдің көп қажыр, қайраты жұмсалады. Ол жақсы жарды содан соң барып табады.
– Апам байғұс бұл әңгімесін маған бір емес, бірнеше рет қайталап айтқан еді, — дедім З. ға бұрылып. – Сондықтан құлағымда қалыпты. — Ал енді мен саған не деймін? Менің айтар ақылым біреу ғана…
– Е, соны айтшы, – деді З. шыдамсызданып.
– Менің айтар ақылым мынау ғана: өзің біл, өзің ойлан, өзің есепте. Қыздың өзіне лайық өмірлік жар таңдауы ауыл боп ақылдасып, базардан ат сатып алу емес. Өзің оны жақсы жігіт деп шаң жуытпай тұрсың. Ал жақсы жігіттің әлден арақ ішуі маған ұнап тұрған жоқ. Қосылған соң кемшілігін түзеп әкетуге әлім келеді, апам айтқандай, махаббатымның күші, өз қажырым оған жетеді десең, өзіңе серік ет оны.
– Сонда оны жаман жігіт дегің келе ме?
– Менің ешкім жайында асығыс пікір айтқым келмейді. Оның үстіне өзім көрмеген, білмейтін адамым туралы олай деп тіпті де айта алмаймын. Бәлкім, бір қарағанда біреуге біреу жаман көрінгенімен, негізінде ол жақсы адам боп шығар, кім біледі. Жігіт үстіндегі көйлек емес қой бірден иә жақсы, иә жаман деп бағасын беретін.
– Осындайдың бәрін қайдан білесің? – деді З. күліп.
Мен оған шындап жауап бердім.
–Адам бойындағы, әсіресе қыз бойындағы қасиет ана берген тәрбиеден ғой. Апам маған ылғи: «Қарағым, адамды білмей жатып, асығыс жамандама. Кім біледі, сол жаман деген адамның да жақсылығы болар» деп отырушы еді. Мен ол кісінің өмірі біреуді «ол солай» деп жамандағанын естіген емеспін. Одан соң адамға тәрбиені мектеп пен кітап береді ғой, – дедім.
– Мектепте мен де оқыдым, менің де шешем бар. Ендеше мен неге сен білгенді білмеймін. Бірақ мен ешқашанда бастаған кітабымның аяғына шыққан емеспін. Неге екенін білмеймін, кітапты қолыма алсам-ақ ұйқым келеді.
– Сен де жақсы қызсың, – деп мен З.-ның мойнына құшақтадым. – Сен ақ көңілсің, ойыңдағыны жасырмай тура айтасың. Бұл — жақсы адамның қасиеті. Бірақ сен сәл ұшқалақсың, көргенің мен естігеніңді байыптай бермейсің. Аздаған көрсеқызар, модашылдығың бар. Бірақ мұның бәрі кейін өзінен-өзі қалады.
– Рас айтасың ба? Мен шынында жақсымын ба? — деп 3. қуанып қалды. Қуанғаны сондай, ол маған ақылдасамын деп келген әңгімесін де аяқтатпастан ұмытып кетті.
Біз университеттің екінші курсын аяқтауға айналдық. Ертең бәріміз соңғы емтиханды өткізіп, үшінші курсқа көшеміз. Кейбір қыздар көше алмай қала ма деп қорқып жүруші едім. Әупірімдеп олар да өтіп келеді. Оларға емтихан кезінде Е. ағай қатты көмектесті.
Ертең кешке курсты бітіруге арналған кешіміз болады. Оған бәріміз жаңа нәрсе даярлап апаруға келістік. Мен «Апамның айтқандарын» оқып берсем деймін».
Меңтай дәптерін ең қызық романға үңілгендей боп, бас алмастан оқыдым. Әшейінде көп үндемейтін, ешкіммен ешқашан да сөз жарыстырып жатпайтын, құптағанын жымиюмен жеткізіп, теріс көргенін үнсіз қалумен аңғартатын Меңтайдың жан шешендігін жаңадан тағы да танығандай болдым. Оқыған кітаптарынан жазып алған үлгі, ғибрат боларлық сөздері, қоғамдық мәні бар кейбір мәселелерге өзінше ой жүгіртіп, баға беруі мені сонша тебірентті. «Осындай көрікті, ақылды, адамгершілігі мол қызға қолы жетіп, жар еткен жанның арманы болар ма екен, сірә», – деп іштей күрсініп, ынтыққан үстіне ынтыға түстім. Бағанағы оны бетінен сүйгенім ойыма оралғанда жүрегім лүпілдеп, толқып, лықып аузыма келіп қалғандай болды. Меңтайды ойынның тәртібі дегенді сылтау етіп рұқсатсыз сүйгеніме қайта қысылып, «апырай, ол өкпелеп қалған жоқ па екен?» деп және қиналдым.
Осы ойлармен мен таң ата бөлменің шамын өшіріп, бажылдауық төсегіме барып қисайдым. Мақтасы түйіртпек-түйіртпек боп екі-үш жерге жиылып, өзге тұсы мүлде жұқарып, темір төсектің үзік решеткаларын жапқан матрац үстінде өлі тигендей боп дөңбекшідім. Көзден ұйқы қашып, Меңтай туралы ойым, шынжырдың шығыршықтарындай, біріне-бірі жалғасып, жаңа бір өлеңнің жолдары туды. Ол жолдарды ұмытпау үшін қайта-қайта орнымнан тұрып, қағазға тіздім. Әрең дегенде бір-екі сағат көз шырымын алып, түске таман Меңтай дәптеріне оның тоқтаған жерінен жалғастырып мына шумақтарды жаздым.
Ай – қасы, күн – Меңтайдың екі көзі.
Самал жел – оның күле айтқан сөзі.
Бақыт – ыстық құшағы, байлық қазына,
Дүние деген тек соның жалғыз өзі!
Құлақтың сүйкімдісі – оның аты.
Көздің көркі – бір сызық жазған хаты.
Ұжымақ деген бары рас болса,
Ол – тек қана Меңтайдың махаббаты.
Рақат – соның кеудесі, гүл – мінезі,
От – өзіңе тура көз тіккен кезі.
Дүниедегі ең тәтті – соның ерні,
Дәмі қайтып, ешқашан етпес мезі.
Маржан, жақұт дейтіндер – соның тісі,
Көз тартар әдеппенен қылған ісі,
Бір ауыз айтқан сөзі жанды ерітіп,
Мас болар ақ дидарын көрген кісі.
Тигенде қолым оның білегіне –
Жеткендей болдым барлық тілегіме.
Басыма бақыт орнап өмірдегі,
Бар шаттық құйылды кеп жүрегіме.
Қайтер ем егер Меңтай құшақтатса,
Жарқырап, күнше күліп, таң боп атса ?!
Сүйгізіп тағы да бір ақ тамақтан,
Өң беріп жылы шырай жауап қатса ?!
Бәрі аз бағасына барша санның,
Тәж, тағы, мал мен мүлкі патша, ханның,
– Меңтайды мәңгі құшып сүйетұғын
Бар екен не арманы жігіт жанның ?!
* * *
Дәптерді өзіне қайтарып берейін деп, алпыс екінші бөлмеге барсам, Меңтай бүгін түстен кейінгі поезбен каникулға ауылына қайтпақ боп әзірленуде екен. Кітаптарын текшелеп буып қойыпты. Үстел үстінде, аузы жайындай ашылып қара чемодан жатыр. Қанипа, Майра, Ақанас, Назиләш, Зайкүл бәрі сонда жиналған, жапырласып жүк жинасып жүр.
– Өй, сен қайда жүрсің? – деді Зайкүл мені көре салып, жүк салатын кенепке тығыздап жатқан Меңтайдың көрпе-жастығын тастай беріп. – Аузын түймелеп, бу мына қызыл көрпені.
Мен қолымдағы дәптерді Меңтайға қайырып үлгіргенше, Зайкүл ағаш тұтқалы, жүк буатын екі айыр брезент белбеуді менің мойныма салып кеп жіберіп, бұйдалап алған тайлағындай елпеңдетіп, жүгі жиналған жалаңаш төсекке қарай жетелей кеп жөнелді.
– Қойсаңшы, Зайкүл, – деп қыздар ду күлісіп жатыр.
– Е, не қоятыны бар. «Қызыл көрпе» деп таңдайы тақылдағанда сондай, бусын қызыл көрпесін.
Мен бұрылып, қолымдағы дәптерді Меңтайға ұсындым.
– Ә, менің дәптерім бе? – деп Меңтай оны маған бергенін мүлде ұмытып кеткен сияқтанып, жайлап қолына алды да, бетін ашпастан ашық жатқан чемоданның ішіне тастай салды. Мен біреу-міреу дәптерді ақтарып, ондағы менің өлеңсымағымды көріп қояр ма екен деп қорыққан едім. Асығыс болғандықтан ба, әйтеуір, ешкім оған назар аудармады. Лезде ол Меңтайдың чемоданға салған басқа заттарының астында қалды.
Зайкүлдің басшылығы, Майраның көмегімен мен Меңтайдың көрпе-жастығын, қысқы пальтосын кенепке жайғастырдым.
– Сенің осы жалқаулығың-ай, Зайкүл, – деді Меңтай қасымызға келіп, – ағайды әуре қылмай, өзің-ақ буа салмайтын ба едің?
– Ербол тұрғанда мен неге буамын? – деді Зайкүл. – Жігіт деген қыздың көк есегі емес пе, тәйірі. Қыздардың жүгін көтеріп, жұмысын тындырғанды бақыт деп білуі керек бұлар. – Осылай деп Зайкүл қыздарды ду күлдіріп алды да, сөзін қайта жалғады. – Оның үстіне мен бұған жақсылық жасап тұрмын,– деп иегімен мені нұсқап, Меңтайға бұрылды. – Сенің етіңе тиген көрпені қолына ұстаттым, сенің иісің сіңген заттарды мұрнына иіскеттім. Бұдан артық не керек жігітке! Ербол, солай ма? — Зайкүл мені иығымнан нұқыды. Мен терлеп-тепшіп, күліп, басымды изедім.
– Түу, Зайкүл, сен де жоқты айтады екенсің, – деп Меңтай қып-қызыл боп, теріс айналып кетті. Қыздар сылқ-сылқ күлісіп, төмен қарасты.
Зайкүлдің сөзінен бе, қыздардың күлкісінен бе, күннің ыстықтығынан ба, әлде шынында да, Меңтайдың заттарына қолым тиген соң елжіреп, есеңгіредім бе, әйтеуір, маңдайым, өне бойым жіпсіп, лезде арқамды тер жауып кетті. Қалың солдат гимнастеркасы оны сырт көзге көрсетпегенімен, соған ерегесіп, қасақана, қыздар көрсін дегендей, екі самайымнан жарыса домалаған қос моншақ еңкейіп жұмыс істеп жатқан менің мұрныма қарай жылжыды. Мұны қыздар көрмесе екен деп, мөңкитін асаудай мойнымды ішіме алып, одан сайын бұға түстім. Дес берісі, осы сәтте біреу дүбірлете жүгіріп келіп, сартылдата бөлменің есігін қақты да, жұрттың бәрінің назары солай қарай ауды. Ол түнде қаладағы жақындарының үйіне қонып, қыздарды шығарып сала алмай қалып қойдым ба деп желпеңдеп келген Жомартбек екен. Қыздар жапырласып оған бұрылып кеткенде мен ұрланып, гимнастеркамның жеңімен екі самайымды, маңдайымды сүрттім. Содан соң жүк қаптың екіжақ басын буып, тығыздап белбеуін тарттым.
Қыздардың кейбіреуі қолдарына бір-бір бума ұстап, буылған жүкті мен, чемоданды Жомартбек көтеріп, әзіл-күлкімен жатақхана дәлізін басымызға көтеріп, көшеге шықтық. Есік алдында Жомартбек екі қолыма тең болсын деп мен көтеріп келе жатқан жүкке ұмсынып еді, Қанипа қолын қылыштай сермеп кеп қалды.
– Жоқ, болмайды, мұны тек Ербол ғана алып жүруі керек.
– Неге? – деді Жомартбек апалақтап.
– Себебі бар. Солай ғой, Зайкүл.
– Солай, солай! — деп Зайкүл Жомартбек екеуміздің ортамызға кимелеп кіріп, арамызды алшақтатып жіберді.
Ерігіп келе жатқан жұртқа бұл да езу жидырмас күлкі болды. Қойшы, не керек, аттап басқанымыз әзіл, қит еткен қимылымыз күлкі болып, жатақхана жанынан өтетін трамвай жолына жеттік. Никольск шіркеуінің түбіндегі көк базардың қасынан базардан шыққан жұртпен таласа-тармаса екінші трамвайға отырып, оның ішін және күлкіге толтырып, екінші Алматы вокзалына келдік. Вокзал басын кернеген кілең студенттер екен. Біз перронға шығып, бірінші жолда тұрған қабырғаларында «Алматы–Новосибирск» деген жазулары бар вагондарға жақындадық. Бұл поезбен Меңтай, Майра, Сақила аттанбақ. Олардың жүгін вагонға жайғастырып, жерге түстік те, алқа-қотан тұра қалып, әнге кірістік. Әнді Жомартбек бастады.
Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты.
Сөзі бар алуан, шекер, балдан тәтті…
– Бәсе, – деп сықылықтай күлді Зайкүл. – Жомартбек «Аққұмды» айтатын шығар деп едім, тура содан бастады. Енді оны поезд жүргенше созады бұл.
Жомартбек өзіне қарап күліп, бірдеңе деп тұрған Зайкүлге басын изеді де, әнін тоқтатпай жалғастыра берді.
Адамның өзім көрген абзалы екен,
Айтайын әнге қосып… перизатты,
Еги-гай,
Еги-гай,
Ек-кәй.
Еги-гай, –
деп ол, қай жерінен суырып алғаны белгісіз, құрықтай ұшталмаған қара қарындашты бізге қарай сілтеп, сәл бөгелді де: «Ал енді қосылыңдар» дегендей, әрқайсымызды бір нұсқап, Дирижерше басын изей бастады. Біз тез әннің қайырмасына кірістік.
Еги-гай, сәулем, Еги-гай, сәулем.
Еги-гай, еги-гай! Еги-гай, сәулем, Еги-гай!
Бір вагонның қасында ән басталуы-ақ мұң айтқан екен, біртіндеп басқа вагондар тұсынан да көп дауыстар қосыла әуендер шырқалып кетті. Бізге көрші вагонның жерде тұрған жолаушы қыздары «Басында Қамажайдың бір тал үкі» деп бастап, құйқылжыта шырқаса, бір жағымыздан «Маусымжан, Маусымжан, танимын, сәулем, даусыңнан» деп жігіттер екпіндете және жөнелді. Одан әріректе «Айттым сәлем, қаламқас», «Айнамкөз» айтылып, енді бір жақтан «Қызы едім мен Уәлидің…» деп Майра әні сайрады. Мен Жомартбек бастаған әннің «еги-гай, ек-кәйін» қоя салып, солардың әрқайсысына кезек құлақ тігемін. Студенттер мен жүргінші жолаушылар жаңа ғана чемодан сүйретіп, жүк арқалап, қайшы алысқан перронның енді лезде ән алаңына айналып кеткеніне таң қаламын. Әр жерде нақыш-мәніне келтіре шырқалған әндердің таныс әуендері мен сөздері жүректі қытықтай, жанды тербей тамылжиды.
Сенен артық жан тумас,
Туса туар артылмас…
Мен еріксіз Меңтайға қарадым. Ол ақ маңдайы жарқырап, қыздар айтқан екінші ән «Гаккуге» сабырмен қосыла шырқап тұр.
Құс салып, айдын көлде дабыл қақтым,
Ән салып, талай жердің дәмін таттым…
Әннің әр сөзін айтқан сайын қыздың оймақтай аузынан көрінген кіршіксіз аппақ тістері жарқ-жұрқ етіп, көз шағылыстырады. «Секілді қолмен тізген іш қайнайды» деген ақын сөзі ойға оралады. Менің де ішім қайнайды. Мен қыздың мінез, көрік, келбет, ақыл, парасатына қызығамын. Мен оның адамгершілік инабат, ұстамдылығын ұнатамын. Сары алтындай сабырлылығына сүйсінемін. Мен іштей осы қыз өзімнің жарым болса екен деп тілеймін. Бірақ сол тілегімді оған ашып айтуға тіл жоқ. Тіл бар-ау, тілге тілекті жеткіздірер тәуекел жоқ. Өйткені қыз мені «аға» деп ардақтайды, туысындай көріп, құрметтейді. Оның осыдан басқа ойы жоқ. Ойы жоқтығын қысқы каникул кезінде, «Қызыл көрпе» өлеңіне байланысты бір білдірді. Кеше оны тағы да аңғартты. Кешке, сауықтан кейін университеттен жатақханаға қайтып келе жатқанда менің бетіңнен сүйгеніме өкпелеген жоқсың ба деген сұрағыма: «Жоқ, біріншіден, ол ойынның шартына байланысты болды ғой. Екіншіден, сіз менің ағайым іспеттісіз. Ағасы бетінен сүйгенде қарындасы өкпелеуші еді ме?» деп жауап берді. Бірақ Меңтай қалай қашқалақтаса да, менен бойын аулақтатса да, бәрібір, мен оны жақсы көремін. Ол күндіз ойымнан, түнде түсімнен шықпайды. Маған бір ауыз жылы жауап бермесе де мен оның жақыннан жүзін, алыстан қарасын көргенге мәзбін. Анадайдан Меңтайдың төбесі көрінсе болды, желді күнгі диірменнің қалағындай қалбалақтаймын да қаламын. Өзімнің соншама күлкілі жайға түсетінімді сеземін. Сезсем де, сезімімді тежей алмаймын. Ыржалақтап күліп, ықыластанып қауқалақтай беремін. Бірақ қыз оны сезбеген, ұқпаған қалып танытады. Менің жүрегімде оған деген соншама ыстық сезім барын білмеген, түсінбеген күй көрсетеді. Қазір де оның менің өзі жайында ғана ойлап тұрғаныммен шаруасы жоқ. Маған көз қиығын да салмастан, жүзін де бұрмастан қыздармен қосыла ән шырқап, ән ырғағымен сәл тербеле, теңселіп тұр.
… Түскенде сен есіме, ерке Гакку, құлпыртып осынау әнді толғанамын, –дейді Меңтай қыздармен қосыла. Қыздар бұлай десе, мен ішімнен, сол әуенге қосып өз әнімді, өз жүрегімді жарып шыққан жырымды ағытамын. Мен де өз-өзімнен ырғалып, толассыз тербелемін.
Бәрі аз бағасына барша санның,
Тәж, тағы, мал мен мүлкі патша, ханның,
– Меңтайды мәңгі құшып, сүйетұғын
Бар екен не арманы жігіт-жанның?..
Мен қайта-қайта жаутаңдап Меңтайға қараймын. «Жанымның жырын ұқсаңшы, жүрегімнің тебіренісін тыңдасаңшы!» деп жалынғандай боламын. «Мен сені екі ай көрмеймін. Екі күн көрмесем, есім шығатын басым, екі айға қалай шыдаймын, Меңтай? Сол екі айға азық боларлықтай етіп, маған бір рет қиыла қарасаңшы, аясаңшы мені» деп жылағандай боламын. Бәлкім, көлденеңнен анықтап қараған адамға менің иегім дірілдеп, ернім кемсеңдеп кеткен де шығар. Бір-ақ әсем әнге елтіген жұрттың ешқайсысы менің көріксіз бетіме көңіл аударған жоқ.
Вокзал радиосы поездың жүруіне бес минут қалғанын хабарлап, перронға «Саржайлау» күйінің екпінді әуенін төкті.
Осы кезде қыздар мен жігіттер шыр көбелек айналып, етектер үйіріліп, еріндер күлімдеп, вагондар алды би алаңына айналып кетті. Екі-екіден жұптасқан жастар аяқтарының ұштарымен зыр қаққанда маған вокзал алды бірін-бірі қуалаған сансыз құйынға толып кеткен сияқтанды. Қан көбелек айналған сол құйындар көкке бұраңдадай бұралып қазір ұшып-ұшып, биіктеп самғап, алыстап кететін іспеттенді. Жомартбекпен билей жөнелген Меңтайға көзім түсіп еді, екі бетінің ұшы қызарып, екі танауы әсем боп делдиіп кеткен Меңтайдың кішкентай әдемі аяқтары жерден жоғарылап көтеріліп барады екен. Одан айырылып қалардай зәрем ұшып, «алла!» деп мен көзімді жұмдым. Менің бақытыма қарай осы кезде күй аяқталды да, бауырын жазып көкке көтерілуге айналған аққу қайтадан жерге қонды. «Уһ!» деп ішіме терең бір дем тартып, үлгіргенімше проводниктердің тұс-тұстан жамырай айтқан: «жолдас жолаушылар, вагонға кіріңіздер!» деген үндері естілді. Перронды кернеген жаңағы «құйындар» тегіс вагондарға қарай лап қойысты. Бізде қыздарымызды қолтықтап, вагонның тепкішегіне көтердік. Олармен асығыс қол қысыстық. Меңтай менің қолымды қаттырақ қысып, ұзағырақ ұстайтын шығар деп үміттенген едім. Олай болмады, оның алақаны менің қолыма тиер-тиместе екінші біреу қағып әкетті. Осы кезде радио «Қараторғай» әнін шырқады. Оған перрондағылар қосылды, вагондағылар және жалғады. Көп адамның қосыла шырқаған үні желді күнгі теңіздей толқып вокзал үстіне көтерілді де, кең проспектіні керней Алатауға қарай лықсыды.
Келеді қара торғай қанат қағып…
Мен дереу ілгері ұмтылып, вагонның алдына келдім де:
– Меңтай, сен маған ұрыспа, дәптеріңе бір сөз қосып қойдым, — дедім дауыстап.
Осы кезде гудок беріп, поезд қозғалды. Перроннан поезға, поездан перронға қарай қолдар созылды. Меңтай басын изеп, қыздарға қол бұлғады. Ол басын маған изеді ме, қыздарға изеді ме, менің не дегенімді естіді ме, естімеді ме – айыра алмадым. Менің көзіме мөлтілдеп жас келді. Оны өзгелерге көрсетпеу үшін, жылжып бара жатқан вагондарға қарап қолымды сермей бердім. Қол сермеп жердегілер шырқап тұр. Вагондардың терезелерінен, есіктерінен қолдар бұлғап, поездағылар шырқап барады. Сермелген қолдар қалықтап ұшып бара жатқан қара торғайларға ұқсайды. Бір топ қара торғай зымырай, самғай ұшып, алысқа бет қойғандай. Бір тобы қалықтай көтеріліп, қайта айналып, келіп алғашқы орнына қонуға бет алып қайта төмендегендей.
Бұлаң етіп қасымыздан соңғы вагон өтті. Сары жалаушасын шошайта ұстаған кондуктор сан көздің шарасына жалғыз кіріп, бейнебір сол көздердің тұңғиық түбіне сіңгендей болып, тереңдеп, батып бара жатыр.
Радио музыкасы тынды, ән тоқтады. Поездың дүрсілі бірте-бірте алыстай да, бәсеңдей берді. Қалған жұрт үн-түнсіз кері бұрылып, вокзал қашасынан қалаға шығатын қақпаға қарай ағылды. Перрон той өткен, жәрмеңкесі тараған тақыр төбеге ұқсап, құлазып бос қалды. Сол перрондай болып, поездың қарасынан көз айырмай қалтиып жалғыз қалған менің көңілім құлазылды.
– Ереке, – деді біреу ақырын, дауыстап. Бұл Жомартбектің үні еді. Ол мен әскерден келген алғашқы кездегідей «ағайды» қойып, кейде осылай «Ереке» дейтін болған. Үйренісе келе басқа бірсыпыра қыздар да мені «Ербол» деп атауға көшкен. Тек Меңтай ғана «ағай» деп атайтын. Мен мойнымды бұрсам, мың кісі сиярлық перронда Жомартбек екеуіміз ғана қалыппыз. Жомартбек менің Меңтайды құлай сүйетінімді іштей түсінетін еді. Сондықтан болар, ол жақаурата сөйледі.
– Екі ай деген не, екі-ақ күндей боп өте шығады әлі, содан соң тағы да бас қосамыз ғой бәріміз, – деді ол екі танауы делдеңдеп. – Жүріңіз, жұртта сіз екеуіміз ғана қалдық.
Жомартбек мені жұбаттым деп ойлады. Бірақ онысы жұбату емес, жараның аузын тырнаумен тең болды. «Екі ай екі күндей боп қалай көрінсін, – деп назаландым ішімнен. – Мен қызыққанға көлденеңнің құрығы түскіш келуші еді. Көңілім құлаған осы қызды да тағы біреу қағып кетіп, дәт деп қалмасам жарар еді. Онда мен қалай өмір сүремін? Сәлиманың шерін соғыс тұншықтырған еді. Мұндай келбет-көркі келісті, ақыл, парасаты мол, жаным сүйген жақсы қыздан айырылып қалсам, сорлы жүрегім өмір бойы, қап арқалаған қайыршыдай арман арқалап кетпей ме амалсыз. Мұны ұмыттыратын басқа жақсы қызға кездессем құба-құп, кездеспесем, мүгедектей мұңды болып қалмаймын ба өмір бойы. Ендеше, аузын буған өгізге ұқсап, сегіз ай бойы неге жүрдім үн-түнсіз? Неге айтпадым шынымды? Неге аяғына жығылып, «жарым бол» деп жалынбадым мен оған? Кейбіреулер қызды бір көргенде-ақ «Мен саған ғашықпын. Мен сенсіз өмір сүре алмаймын» деп, жетім қозыдай қақсамай ма, жақ жаппай? Құмарлығын ғашықтыққа балап, қыр соңынан қала ма қыздың ондайлар? Қант салған қаптай ғып, қолма-қол жүрегінің аузына ашып тастамай ма аңқайтып?
Ендеше мен шын ғашықтық сырымды неге ақтармадым сонша күннің ішінде», – деп іштей еңіреп, өз бармағымды өзім шайнап, сүйретіліп вокзалдың қақпасынан әрең шықтым. Жаным жаңағы поезда кетіп, бұл жерде құр сүлдерім ғана қалғандай, мең-зең күйде Жомартбекке ілесіп келіп трамвайға міндім. Трамвай Карл Маркс көшесімен жоғары өрлеп келіп Шевченкоға қарай бұрылған бұрышта Жомартбек түсіп қалды. Қаладағы туыстарының бірінің үйіне кетті. Менен Жомартбектің жағдайы әлдеқайда жақсы: мынадай үлкен қалада ағайын-туғандары бар. Солардың үйіне барып ас ішеді, аунап-қунап қайтады. Елде әке-шешесі, бір ауданды билеп тұрған ағасы бар. Онда барса да күп ете түседі. Ал менің сүйеніш болар қалада да, ауылда да ешкімім жоқ. Сорайған соқа басым. Қаладағы жалғыз танысым майдандас жолдасымның соғыстан мүгедек боп келген ағасының үйі. Көп балалы және жалғыз кісінің пенсиясына қарап отырған ол үйге сомадай боп сопиып қашанғы бара бересің. Әскерден алғаш келгенімде паналатып, жатақханаға көшкенше тар үйінің бір бұрышынан орын бергенінің өзіне рақмет. Тірі болсам, ағайдың ол жақсылығын өтермін әлі.
Трамвай салдыр-гүлдір етіп, Никольск базарына келіп тоқтады. Осыдан екі сағаттай бұрын Меңтайдың жүгін көтеріп, жұртпен таласа күліп мінген трамвайдан енді алты ай жаздай сүзекпен ауырып, содан жаңа ғана тұрғандай сүйретіліп жалғыз түстім. Бағана бұл жерде адам да көп, базар да қызу сияқты еді. Енді аялдама басында ешкім жоқ, базарға кіре беріс бергі маңда да ешбір жан көзге көрінбейді. Әшейінде жатақханадан шыға қалсаң да, университеттен келе жатсаң да мен мұндалап, сары ала тон киген патшаның суретіне ұқсап үнемі қожырайып алдында тұратын шіркеу де жоқ; тағынан тайғандай, тасаланып қалыпты.
Трамвай жолынан өтіп, салбырап жатақхана қақпасына қарай бет түзедім. Өне бойым сал-сал. Бірнеше күн мас болып, мәңгіріп қалған сияқтымын. Басым салбырап, пәленбай жылдан бері студенттердің аяғы таптап келе жатқан тақыр асфальттан көз алмаймын. Жерден бір нәрсе көрсем деп ынтығатындаймын. Бірақ қиыршық тас, ұлпа топырақтан басқа ештеңе көрінбейді. Міне қызыл кірпіштің сынығы жатыр.
Бұл сынық бағана біз жатақханадан шыққанда жол ортасында тұрған. Қыздармен қатар алда келе жатқан Меңтай тоқтай қалып, аяғындағы кішкентай ақ танкеткасының тұмсығымен кірпішті итеріп, асфальттің шетіне қарай сырғытып кеткен. Содан соң сәл бұрылып арт жақта жүк көтеріп келе жатқан Жомартбек екеумізге қараған. Мен оның аппақ аяқтарының қаздиып осы кірпіштің қасында тұрғаның өз көзімен көргемін. Енді міне сол жерде де оның ізі жоқ. Мен ернімді тістедім. Сүйген жаныңның ізі көз алдыңда неге сайрап жатпайды екен деп наза болдым. Тоқтап, асфальтқа еңкейіп, қызыл кірпіштің сынығын қолыма алдым. Үңіліп оған да қарадым, онда да еш белгі жоқ. Сонда да оны қолымнан тастамадым. Біресе бұл Меңтайдың танкеткасы болсашы деп ойладым. Біресе оның аяғын өстіп сипасам-ау дедім. Алақанымдағы кесекті қайта-қайта қысып қойдым. Бірақ ол бұрынғы, қатты, икемсіз күйінде қалды. Жатақхананың сыртқы есігінің маңдайшасына орнатқан жаппаның тіреу ағашына қыстырып, ішке кірдім. Алақаныма қызыл кірпіштің қып-қызыл ұнтағы жосадай жұғып қалыпты. Ғашықтық ізі осы болғаны ма деп ойладым езу тартып, өзімді-өзім мысқылдап.
Жоқ, мен өзімді-өзім бекерге мысқылдаппын. Ғашықтық ізі болады екен. Бірақ ол топыраққа, тасқа түспейді екен. Мен оны жүрген жолдан бекер іздеппін. Асфальтқа орынсыз үңіліп, жан-жағыма босқа жалтақтаппын. Ол із өзге жерге түспепті, менің жүрегімде, ойымда қалыпты. Оны мен екінші этажға көтеріліп, дәлізбен сүйретіліп Меңтай бөлмесінің алдына барғанда білдім. Оны мен өз бөлмеме кіріп, жастығымның астында жатқан қойын дәптерімді қолыма алғанда көрдім.
Неге екенін білмеймін, өз бөлмемнің алдынан өтіп, Меңтай бөлмесінің есігіне бардым. Сол жерден қайрылғым келді. Сол жерде Меңтайдың осы бөлмеден шығып бара жатқанда соңғы айтқан сөзі ойыма оралды. Қыздар топырлап бөлмеден сыртқа қарай беттеген еді. Олармен ілесе Жомартбек шығып бара жатты. Зайкүл мен Меңтай есікке қарай аяңдады. Ең соңында жүкті алып, мен шыққалы жатыр едім. Есікке бара беріп Зайкүл жалт бұрылды.
– Ойбу, мен айнаға қарамаппын ғой, – деп жүгіріп барып бұрыштағы шифоньердің есігін ашты. Оның қақпағының ішкі жағындағы шар айнаға итініп, тыртысқан маңдайын, ұйпаланған қасын сипады. – Тұра тұр, Меңтай, мен бетіме опа жағып алайын.
Меңтай қайырылып оның қасына келді. Зайкүл жалма-жан сумкасын ашып, диірменшідей бұрқыратып, бетіне ұн жаға бастады. Мен жүкті алып, дәлізге шығып, босағада қыздарды тосып тұрдым.
– Меңтай, осы сен неге боянбайсың? – деген Зайкүлдің үні естілді.
Меңтай сәл бөгеліп (тегі ол әдеті бойынша ақырын бір жымиып алған болуы тиіс) барып жауап қатты.
– Мен табиғатпен таласуды жөнсіздік деп білемін.
– Ол не деген сөзің?
– Адамға табиғат берген бояудың өзі жетіп жатыр. Оның үстіне бетіңе баттастырып бірдеңе жағу… – Меңтай үні үзіліп қалды. Мен есікке қарай құлағымды тоса түстім, оның сөзінің аяғын естуге құмарттым. — Не десем екен саған? Иә, табиғат берген бояудың үстіне баттастырып бірдеңе жағу Рафаэльдің немесе Репиннің ғажап картиналарын жаңа бояу сүйкеп жақсартамын деп әуре болумен пара-пар. Мен сондықтан боянбаймын, Зайкүл.
Мен бұл сөзді өзім айтқандай қуандым. Меңтай жауабының тапқырлығына да, оның өзге қыздар сияқты ешқашан боянбайтындығына да сүйсіндім. «Сол керек саған, Зайкүл», дедім ішімнен. Бірақ бұған Зайкүл қысылмады.
– Қойшы, сен де қайдағыны соғады екенсің, — деді Зайкүл өз-өзінен сықылықтай күліп. -Бояуға не жетсін, шіркін! Ерінді қып-қызыл, қасты қап-қара етіп боянып шыға келгеніңде жігіттердің жаны жәннәмға кетпей ме? Сенін бетің ақ қой, опа жақпасаң да болар. Бірақ ерін мен екі беттің ұшын қызартуың керек. Сонда сен үріп ауызға салғандай болар едің.
– Жоқ, Зайкүл, мен сенің орнында болсам опа да ұстамас едім, жосаға да жоламас едім. Ойға емес, опаға, бойға емес, бояуға қызыққан жігіттен не барқадар шығар дейсің.
Туфли өкшесінің тықыры шықты. Екі қыз ашық тұрған есіктің табалдырығынан аттады. Зайкүлдің қоңырқай беті айран жаққандай ала қожалақ бола қалыпты. Сонысын сұлулық санап, кішкентай ешкі басын кекжите ұстап, қасымнан өтті. Мен дереу есікті қайырып, кілтін сала бастадым. Кілтті бұрап жатып, Меңтайдың Зайкүлге айтқан сөздерін есімде қалдыруға тырыстым.
Екі қыздың соңынан жүгіре аяңдап, баспалдақпен төмен түсіп келе жатсам, төменгі этажда қыздар күтіп тұр екен.
– Сен үшеуің қоштасып шыққаннан саумысыңдар? — деді Қанипа көзін ойнақшыта, мойнын қиқаңдатып.
– Жо-о-ға, – деді Меңтай дауысын созып. – Мына Зайкүл айнаға қарап аламын деп.
Мен Берлин қақпасының кілтін ұстағандай масаттанып, қолымдағы кілтті жоғары көтердім.
Қыздар бөлмесінің алдына барғанымда кенеттен сол сөздер ойыма түсті. Ұмытып қалмау үшін жазып қояйын деп, өз бөлмеме келіп дәптеріме үңілдім. Түні бойы отырып көшірген жазуларым көзіме оттай болып және басылды. Бұл да Меңтай сөздері, соның ойлары. Ендеше ғашықтық ізі деген осы емес пе? Ақ қарға түскен қызыл түлкінің ізіндей сайрап ол көңілде, көкіректе, ойда қалады екен ғой. Ғашықтық ізін тек қана жүректен іздеу керек екен ғой.
Мен осылай деп түйдім.
Бұл кезде мен жұмыс істейтінмін. Жазуымды жазып болдым да, жұмысқа барғанша кішкене тынығып алайын деп төсегіме жантайдым. Ұйықтап қап, жұмыстан кешігіп жүрмейін деп және ойладым. Олай деп ойламай қайтейін, бұл менің әрең қолым жеткен қызметім ғой. Төсекте шалқамнан жатып, бұл жұмысқа қалай орналасқанымды есіме түсірдім.
…Оған дейін мен жексенбі сайын жатақхана маңында көрінбей жоқ боп кететінмін. Қайда кетіп, не тындыратынымды бір бөлмеде жататын Жомартбек те, Пернеш те, Төлеубек те білмейтін. Олар білмеген соң қыздар мүлде сезбейді. Жұртқа сездірмей мен жексенбі күні таңертең ерте Фурманов көшесіне түсіп алып, төмен қарай заулаймын. Көше мен темір жолдың түйіскен жерінде сексеуіл базасы бар. Жексенбі сайын оған отын тиеген эшелон келеді. Оны түсіру үшін базаға қосымша жұмыс қолы қажет. Мен база жұмыскерлерімен жалғасып платформадан жерге сексеуіл құлатысамын. Темір жол жиегіне біз құлатқан сексеуіл тау болып үйіліп қалады. Қала тұрғындары оны бірнеше күн бойы біреу есек арбамен, біреу ат арбамен, қолы ұзындаулар машинамен алып кетіп жатады. Әркімге қолындағы талонына қарай отын беріледі. Кімнің қанша отын алатынында менің шаруам жоқ. Мен кешке еңбегім үшін қолыма тиген 250 килограмм сексеуілдің талонын білемін. Соны сатып, ақшасын стипендияма жалғап, бір апта бойы талшық етемін. Кешке қарай жатақханаға қайтқанда екі аяғыма екі пұт темір байланып қалғандай боп әрең қозғаламын. Ертеңінде де өн бойым ауырып, жайсыз күйде боламын. Содан кейін бірте-бірте құрыс-тырысым жазылып, келесі демалысқа дейін денемнің ауырғанын мүлде ұмытып кетемін.
Қыс пен көктемді осылай өткіздім. Тек жазғы емтихан болғаннан бергі жексенбілер ғана сабаққа әзірлікке кетіп қалды. Бірақ бүгін тағы да, әкемнің үйіне бара жатқандай, лағып, сексеуіл базасына қарай бет қоюыма тура келді. Себебі сен емтиханға әзірленіп жатыр екен деп өз-өзінен қалтаңа көк тиын келіп түспейді ғой. Ал, қалтадан ақша кетсе, қарынның берекесі кетеді. Ақшаң барда тойған қозыдай томпайып үнсіз жататын моп-момақан, қарның қалтаң қағылса ішіне қоралы қасқыр кіріп кеткендей боп, ұлып шыға келетіні бар емес пе. Шұрылдап-шуылдап, құрылдап-қорылдап мазаңды алатынын қайтерсің. Әсіресе, қыздардың қасында отырғанда қинайтынын айтсаңшы оның. Ішегін шұрылдап, қарның күндей күркіреп жөнелгенде шекеңнен тер шып-шып шығып қысыла бастайсың. Сол кезде Қанипаның: «Ербол, ішіңе ит қамап қойғанысың? Қоя берсеңші ол байғұсты» деп әзілдеген боп өз-өзінен сақылдап кеп күлетінін айтсаңшы. Қыз күлкісі деген бір жерінен от тисе барлық тұсы бірден лап ете қалатын ашық ыдыста тұрған бензин іспетті емес пе? Тек Меңтай ғана олармен қосыла күлмейді. Бәлкім, ол мені аңғармаған болып, дайындалып отырған пәнімізге қажетті аса бір керекті датаны іздегендей, дәптер бетін парақтай береді.
Бүгін мен, Қанипа айтқандай, ішімдегі «қамаулы итті» босатып қоя беру үшін келе жатырмын. Келе жатып Жомартбектің бір қылығы ойыма түсіп кетеді де, ақырын мырс етіп күліп аламын.
Бір бөлмеде мен, Жомартбек, Пернеш, Төлеубек төртеуміз тұрамыз. Солардың менен басқа үшеуінің де үйінен азық келеді. Жомартбек үйінен келгеннің бәрін қаладағы жақындарынікіне қалдырады. Пернешке бірдеңе келсе, жұртпен бөліп жеп тез тауысуға құмартады. Алғаш дәм татқаннан кейін қалғанын өзі жесін деп, біз үнемі шегіншектей береміз. Сабақтан келе сала, оны-мұныны сылтауратып, бөлмеден шығып кетеміз. Ондайда Пернеш дәлізден бізді іздеп, соңымыздан қуып жүреді. «Қайда қашып кеттіңдер? Келсеңдерші мынаны бөліп жейік» деп шыр-пыры шығады. Кейде екеуміз оңаша қалсақ ол маған: «Ағай, мынадан бір алып жіберіңізші, жалғыз менің тамағымнан өтпей отыр» деп жалынады. Ал Төлеубектің тамағынан өте береді. Ол ешкімге дәм де таттырмайды, жұрттың көзінше теріс қарап алып, үйінен келген сары май мен жентті қара нанға жағып, күйсетеді де отырады. Күн сайын сөйтеді. Бір күні Төлеубек төсегінің алдында теріс қарап жайланып алып, қарыннан шыққан сап-сары майды нанға жағып, жаңа аузына тыға бергенде, жанына Жомартбек жүгіріп барды.
–Төке, мынаған да жағып жіберіңізші, жүрегімді жалғайын, — деп қалжың-шыны аралас қолындағы бір жапырақ нанын тосты.
– Жоқ, бітті, – деп Төлеубек дереу төсек астындағы қара чемоданға құлыпты салды да тастады.
Осыдан кейін Төлеубек күндіз жұрт көзінше қара чемоданға жоламайтын болды. Сөйтсек ол түнде, біз ұйықтағаннан кейін, өз тамағын өзі ұрлап жеуге көшіпті. Оның бәрін Жомартбек қу біліп жүріпті. Бір күні түнде мені біреу төсегімнен жұлқылап оятты. Сөйтсем, Жомартбек екен.
– О, не болды?
– Ереке, тұрыңыз, осы үйге ұры кіріп кетті.
– Қайдағы ұры, не алады бұл үйден? – деймін мен ештеңе түсінбей.
– Жоқ, өзіңіз тұрыңызшы, — деп ол болмай орнымнан тұрғызды да, қараңғыда қасыма отыра қалып баяндай бастады. – Шырт ұйқыда жатыр едім, еден сықыр ете түсіп, оянып кеттім.
Расында да біздің бөлменің едені сықырлауық болатын. Әсіресе Төлеубек жатқан тұстың тақтайы шіріген еді де, оның төсегіне қарай аяқ бассаң бажылдап қоя беретін.
– Иә.
– Басымды көтеріп алып едім, біреу Төкеңнің чемоданын тықырлатып жатыр екен. «Әй» деп қалып едім, ұры демін ішіне тартып, еденге үн-түнсіз жата қалған сияқты болды. Тегі Төкеңнің чемоданындағы құрт, май, жентін ұрлауға келген біреу болуы керек.
Жомартбек сөзінің жаны бар сияқтанды.
– Онда Төлеубекті неге оятпайсың?
– Төке, Төке! – деді Жомартбек дауыстап. – Төке, тұрыңыз, қасыңызда ұры жатыр.
Төлеубекте үн жоқ.
– Әне, айттым ғой, Төкең қатты ұйықтап қалған.
– Ендеше шам жақ. Пернешті оят.
Жомартбек шам жақты. Пернеш те оянған екен. Бәріміз анталап Төлеубектің төсегіне қарадық. Ол басын бүркеп алып қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр. Төсегінің астындағы күні-түні құлып кетпейтін қара чемоданның аузы ашылып қалыпты.
– Әне, айттым ғой, – деп Жомартбек баж ете түсіп, жүгіріп барып Төлеубекті жұлқылады. – Ойбай, тұрыңыз, Төке, чемоданыңызға ұры түсті.
Бірақ Төлеубек тұратын емес. Басын қымтап алып құныса түседі.
– Ойпырай, Төкеңнің ұйқышылы-ай осы, – деп Жомартбек оның үстіндегі көрпені жұлып кеп алды. Қырыққан серкештей тыртиып, Төлеубек орнынан тұрды. Аузы қомпаң-қомпаң етеді. Алғашында ол Жомарбектің жұлқылағанынан шошып кетіп, үні шықпай қалған екен деп ойладық.
Сөйтсек, аузына толтырып алған талқанды жұта алмай қақалып тұр екен. Ауызындағы кебір талқанның жартысын әрең ары қарай жөнелткен Төлеубек, көзі аларып Жомартбекке бақшиды.
– Сен, немене, кісінің өз тамағын өзіне жегізбейсің бе? – деді аузынан ақ боран бұрқылдап.
– Ойбай-ау, Төке, мен қайдан білейін сіздің өз асыңызды өзіңіз ұрлап жеп жатқаныңызды, – деп Жомартбек өз төсегіне қарай шегіншектей берді.
– Иә, білмегенін…
Пернеш екеуміз теріс қарап сылқ-сылқ күліп жатырмыз.
– Оллаһи, білгемін жоқ, — дейді Жомартбек міз бақпастан. Сізді өйтеді деп кім ойлаған?!
Біз қайтадан орнымызға жаттық. Жомартбек шам өшіруге беттеп, сөйлеп бара жатыр.
– Біздің ауылда бір кәнігі ұры болған екен, — дейді ол өзінен өзі даурығып. – Сол кісі әбден қартайып, атқа мінуден қалған соң, анда-санда, түнде өз үйінің шошаласынан ет ұрлайтын көрінеді. Оны айдалаға апарып, бақырға асып, маңайда ешкім жоқ екенін біле тұрса да, айналасына алақ-жұлақ қарап отыратын болса керек. Шала піскен еттен бір асап, опыр-топыр отты сөндіріп, қараңғыда бұқпантайлап тұра кеп қашып, үйіне келіп, содан соң екі-үш күн қатарынан рахаттанып ұйықтайды екен. Біздің Төкең де сөйтіп…
– Әй, оттамашы өзің!..
Қараңғыда бір нәрсе қабырғаға тарс ете қалды. Әрине, ол Төлеубектің бұзаубас туфлиі. Туфли еш жеріне тимесе де Жомартбек: «Ойбай, өлдім!» деп баж етіп төсегіне құлады. Біз тағы да мырс-мырс күлеміз. Жомартбек те күліп жатыр. Оның мәз бола қатты күлгендігі сондай, төсегінің тот басқан шынжыры бірсыпыраға дейін шиық-шиық етті де тұрды.
Көшеде келе жатып мен өзімнен өзім осы оқиға есіме түсіп күлемін. «Ой, Жомартбек-ай, несі бар екен Төлеубек байғұста?» деймін басымды шайқап. Күлемін де, «артыңнан тым болмаса қатықсыз қара талқан келіп тұрғанның өзі де қызық екен-ау» деп ойлаймын. Осы кезде көз алдыма Меңтай елестейді. Ол қалың кірпіктерін төмен түсіріп, «Рас» деп, ақырын ғана мені құптап бас изегендей болады. Әрине, рас деймін мен содан соң өзімді өзім құптағандай. Ой ойға ұласады. Қызға ғашық болу жігіт өмірінің ғажап бір кезеңі ғой. Кейінгі өміріңнің реніш, қуанышы да соны сенің қалай түсініп, қалай өткергеніңе байланысты. Қайта оралмас, қайырылмас сол бір қымбат сәтті қадірін кетірмей, адалдықпен ардақтап, ертең еске түсіргенде өзің сүйсініп, өзге ғибрат аларлықтай етіп өткізгенге не жетсін, шіркін! Бірақ, сен сыртынан сұқтанған көрікті қыз көңіліңе тоқ болғанымен, қарныңа қанағат әкелмейді екен. Міне, мен сондықтан таң атпай дедектеп сексеуіл базасына келе жатырмын.
Бірақ бұл жолғы келуім сәтті болмады. Өйткені сексеуіл тасу ісі жазда тоқтап, күзде бір-ақ басталады екен. Біз емтиханға кіріскелі базаға бір де состав келмепті. Алайда отын тау-тау болып үйіліп жатыр. Жұрт жазғы қажетін ептеп осыдан алып кете бермек. Менің мұндағы серіктерім де ыдырап кетіпті. Қалған бірен-сараны әркімнің есек арбасына отын тиесіп, иесінің мырзалығына қарай бірдеңе алатын көрінеді. Түске дейін 2-3 арба тиесіп, мен де он-он бес сомдай ақша таптым. Бірақ, қыстағыдай емес, жұрт аяғы сирек. Қыста машина мен машина қағысып, біреуге біреу жол бермей ыю-қыю боп жатушы еді. Енді алматылықтар жазда от жағып, ас пісірмеуге ант етіскендей, тыйыла қалыпты. Мандымды ештеңе болмаған соң, мен түн ауа қайтайын деп қалаға қарай беттедім. Сексеуіл базасынан шыға берісте есек арбаға еріп келе жатқан Шалдуар Шалғынбаев кездесе кетті.
– Ay, аманбысың, Қарадомалақ, ah! – деді ол мені көре салып, бейне бір редакцияның дәлізінде тұрғандай өктемсіп.
– Сәлеметсіз бе?
– Е, неғып жүрсің мұнда?
– Жұртқа сексеуіл тиесейін деп келіп едім.
– Жүр, онда маған да тиес.
Шалдуар мені қолтығымнан алып, кейін қарай бұрды. Ықылас, ризалығымды да сұраған жоқ. Екеуміз есек арбаға мөлшерлеп екі жүз елу килограмм сексеуіл салдық. Шалдуар қолының ұшымен ғана қимылдайды, көбінесе маған бұйрық берумен жүр.
– Әй, анау қуарған кәрі сексеуілді арбадан алып таста.
– Неге?
– Сол. Оның орнына мынау бұғының мүйізіндей ербиген жасын сал.
– Жас сексеуіл жаруға қиын болады.
– Неге қиын болады? Балталаймыз онда.
– Балта өтпейді.
– Тасқа соғамыз.
– Тасқа ұрғанмен тез сынбайды: кісіні электр тогы соққандай естен тандырып, екі қолды салдыратып тастайды.
– Соқ ертегіні. Одан да ерініп тұрмын десеңші.
– Ерінетін дәнеңесі жоқ, сал десеңіз, салып берейін. Маған бәрібір.
Екеуіміз сексеуіл тиеген есек арбаға ілесіп, қалаға келе жатырмыз. Есек иесі ұзын сирақ бала дедектеп алда келеді. Әр көшенің бұрылысына жеткенде ол артына бұрылып, Шалдуарға айғай салады.
– Ағай, енді қалай жүремін?
– Тура тарта бер, – дейді Шалғынбаев мардымсып. – Бірақ тар көшенің қиылысында осылай, тоқтап сұрап отыр.
– Қайта-қайта сұратып қайтесіз? Одан да баратын жердің әдірісін бірден айтпайсыз ба? – деймін мен баланы аяп.
– Сұрасын, алатын ақшасын адалдап алсын, — дейді Шалдуар тұмсығын көтеріп.
«Шалдуар десе, шалдуарсың-ау өзің. Атыңды әкең дәл тауып қойған екен» деймін мен ішімнен. Содан кейін мен ептеп Шалғынбаевтан сыр тартамын.
– Шәке, осы редакция маңынан жеңіл-желпі жұмыс табыла ма?
Ол бедірейіп маған қарайды.
– Кімге?
– Маған.
Шалғынбаев шалқалап кеп күлді.
– Саған неғылған жұмыс? Сен студентсің ғой.
– Студент болсам да, жұмыс істемесем болатын емес: тұрмыс қиын боп барады, — дедім мен шынымды айтып. – Таңертең лекцияда болып, түстен кейін жұмыс істер едім. Тіпті түннің бірсыпыра жеріне дейін істеуге де бейілмін.
Тегі менің үнім жалынышты боп шықты-ау деймін, Шалғынбаев енді күлмеді. Оның күлмегенін пайдаланып, мен өзімнің қыстай демалыс сайын жалданып, ептеп ақша тауып келгенімді айттым.
– Әй, сонда сен қанша ақша таптың? – деді Шалдуар тоқтай қалып, мені иығымнан жұлып, өзіне қаратып.
«Әй», «өй» деп сөйлеу, сөйлегенде қасындағы адамын иықтан, желкесінен періп қалу, жұлқып өзіне қарату Шалдуардың әдеті екен. Байқаусыз келе жатқан мені оң иығымнан жұлып қалғанда құлап түсе жаздадым. «Мынаған не болған?» деп ойлап апалақтап оның бетіне қарап едім, Шалдуардың менің тәлтіректеп барып түзелгенімде шаруасы жоқ, бедірейіп өз сұрағына жауап күтіп тұр екен.
– Жексенбі сайын 20-30 сомға дейін қаратушы едім, – дедім мен мардымсып. – Ол көп ақша ғой!
Шалдуар екі санын шапалақтап, қарқылдап кеп күлді. Одан соң ол мені тағы да иықтан періп қалып, жол шетіндегі арыққа құлата жаздады.
– Көп ақша дейді! – деді ол ішін басып, күлкісін тыя алмай. – Тапқан екенсің көп ақшаны. – Ол күлкісін әрең басып, менімен қайта қатарласты. Тағы да мақтана сөйледі. – Сенің ол «көп ақшаң» біздің бір кішкентай информацияның құны ғана. Сен білесің бе? – деп Шалғынбаев оң қолының бармағы мен сұқ саусағын біріне-бірін жақындата ұстап, менің көз алдыма тосты. — Бес жолдық мынадай информацияға бар ғой, бізде он сом қояды. Ал мынадай болса, — сұқ саусақ пен бармақтың арасы алғашқыдан алшая түсті, – жиырма сом. Егер информацияның көлемі мынадай болса, – ол бір нәрсені өлшеп жіберетіндей боп қарысын көрсетті, – алпыс сом. Білдің бе: бір қарыс информация жазсаң, бірден алпыс сом аласың. Ah! Бұл газеттің бір нөмерінде бір информацияның ғана шықса алатынын. Кейде бір номерде бірнеше информацияның шығып кетуі де ықтимал. Ол өзіңнің пысықтығына байланысты. Ал айына газеттің неше нөмері шығатынын білесің бе 25-26 нөмері шығады. Сонда бір айда орта есеппен он бес информация шығарған журналистің өзі тоғыз жүз сомдай ақша табады. Білдің бе? Аһ!
Шалғынбаев маған ежірейе қарап, бармағын шошайтты. Мен көзім бақырайып, басымды изедім. Тегі Шалғынбаевтың менің көзімді мүлде ұясынан шығарып жібергісі келді-ау деймін, сол қабағын шытыңқырап маңызданды да, қайтадан сөйлеп кетті.
– Мен өзім информацияны кәсіп қылмаймын, – деді ол әлденеден жиіркенгендей танауын тыжырайтып. – Оны кәсіп қылу тышқан аулаумен бірдей. Мен етектей-етектей очерктер жазамын. Сен менің бір очеркіме қанша гонорар қойылатынын білесің бе? Аһ!
Мен басымды шайқаймын. Менің оны білмегеніме Шалғынбаев одан сайын разы бола түседі.
– Білмейсің. Саған оны білу қайда? Мен бір очеркіме алты-жеті жүз сом аламын! – «Ал, қалай?» дегендей, ол бетіме қарады. «Сұмдық көп екен!» деген ишарамен мен көзімді жұмдым. – Ал сен менің айына қанша гонорар табатынымды білесің бе? Аһ?
Мен тағы да басымды шайқаймын. Шалдуар одан сайын мәз болады.
– Әр айдың аяғында мына дөдең, – ол бармағын шошайтып, кеудесін түртті, – мың жарым – екі мың сом гонорарды қалтасына салып алып, талтаңдап жүре береді. Оның үстіне менің ай сайын сегіз жүз сом жалақым тағы бар. Енді осының бәрін қосшы өзің.
– Көп ақша ғой, — дедім мен.
– Жоқ, өзің қосшы кәне.
– Екі мың үш жүз — екі мың сегіз жүздей-ау деймін.
– Дәл, дәл. Кейде мына үшеудің өзі де боп кетеді, аһ! – деп ол бармағымен шынашағын басып тұрып, қалған үш саусағын шошайтады. – Міне көп ақша қайда жатыр? Ал сен отыз сомды көп ақша көресің.
– Рас,–деймін мен Шалғынбаевтың қаламақысынан басым айналғандай төмен қарап. -Маған айына екі-үш жүз сомның жұмысы табылса да істер едім. Алда жазғы каникул келе жатыр. Ол кезде жұмыссыз бос жүру де қасірет қой…
– Әй, — деді Шалғынбаев ұзаңқырап барып тоқтап тұрған есек арбаға қарап, аяғын шапшаңдата басып, – біздің редакцияда екі-үш жүз сомдық жұмыс болмайды. Курьердің өзі айына төрт жүз сом алады, корректорлардың айлығы алты жүз, әдеби қызметкерлердікі сегіз жүз. Сен сияқты шикі студентке әдеби қызметкер болу қайда. Сен корректорға да жарамайсың. Егер курьер болғың келсе, ертең бізге кел. Мен сені жауапты секретарға алып барайын. Кеше Нюра деген курьер қызымыз демалысқа шықпақшы боп, орнына кісі табылмай жатқан сияқты еді.
Біз есек арбаның қасына келдік.
– Әй, былай бұр, — деді Шалдуар есектің шылбырын ұстаған балаға көшенің оң жағын нұсқап. – Ыстықкөл көшесіне қарай тарт. Анау, бұрыштағы үй.
Есек арба оңға қарай бұрылған соң мен:
— Ал, Шәке, қош болыңыз. Ертең редакцияға келемін, – деп өз жөніме кетуге ыңғайландым.
– Ой, қайда барасың? — деді Шалдуар «өзіңнің есің дұрыс па?» дегендей маған бажырая қарап.
– Жатақханаға… Емтиханға әзірленіп жатыр едік.
– Жатақханаға… — деді ол маған бірдеңесін өткізіп қойғандай қабағын шытып. – Сен енді мынаны түсіріп бермейсің бе?
«Асығыспын, өзіңіз түсіріп алыңыз» дегелі бір тұрдым да, Шалдуардың түрінен қорықтым. «Мінезі тік пәле екен, ренжіп қап, ертең жұмысқа алдырмай жүрер» деп ойлап, оның соңынан ықылассыз ілестім. Ыстықкөл көшесі мен Гоголь көшесінің бұрышындағы екі этажды үйдің алдындағы сарайдың қасына есек арбадағы сексеуілді түсірдім, Шалдуар үйіне кіріп, ақша алып шықты да, арбакеш баланы жөнелтті.
– Әй, неғып тұрсың? – деді ол кетуге ыңғайланған маған қарап. – Енді бұларды анау тасқа соғып жармайсың ба? – Менің қырсау қимылымды аңғарды ма, ол бірден бастырмалата жөнелді. – Сен өзің менен ақы дәметіп жүргеннен саумысың?! Саған ақы не керек. Отыз сомды олжа көріп жүрген сен ертең курьер боп, айына төрт жүз сом алып отырсаң шекеңе тар келе ме? Менің саған берер ақшам сол. Ұқтың ба? Аһ?..
Мына пәле шынында да бір сұмдықты шығарып жүрер дедім де, үйіліп жатқан сексеуілді үн-түнсіз шетінен сүйреп жаруға кірістім. Тасқа соғылған сексеуіл жігері жалаңаш қолымды жаңғыртып, өн бойымды электр тогы соққандай дip-дip еткізеді. Сонда да тістеніп, тырмысып жатырмын. «Мұны өзім жаратынымды білгенде бағана тез сынатын шірік сексеуілді көбірек салатын едім ғой» деймін ішімнен. Бірте-бірте алақанымның терісі ойыла бастады. Ақыры, қолым шыдамай бара жатқан соң, жарылған сексеуілді аяғының ұшымен жинастырып тұрған Шалдуарға бұрылдым.
– Шәке, жаман қолғап бірдеңе табылмас па екен?
– Ой, сен, өзің… студенттің жаман қолын аяп, – деп ежірейді ол маған, екі қолын қалтасында ұстап, шірене тұрып. – Мен саған жаман қолғапты қайдан табамын?
– Қол шыдамай барады, – дедім мен Шалдуардың қолғабы жоғына бейне бір өзім кінәлідей-ақ ыржия күліп.
– Онда несіне солдат боп жүрсің, бес тал ағашты жару қолыңнан келмесе? Жә, жар да, болған соң ана сарайға үйіп, құлпын сыртынан баса сал да, жатақханаңа жүре бер.
Осыны айтып Шалдуар алшаңдап үйіне қарай кетті.
«Жұрт қажылы сөйлеп, сәл кішілік көрсетсең, өстіп иығыңа мініп алатыны жаман, – деймін мен өзімнен-өзім күйіп-пісіп. – Маған бірдеңесін өткізіп қойғандай әкіреңдеп, алшаңдауын. Солдатты адам емес темір деп ойлайды екен-ау бұл. Көрер едім соғыста болсаң, сенің жаныңның қандай темірден соғылғанын!» Өстіп, іштей күңкілдеп қанша ұрысқаныммен, ол күні Шалдуардың бар шаруасын тап-тұйнақтай етіп тындырып кетуіме тура келді.
Ертеңінде, сағат таңертеңгі тоғыздан аса үкідей ұшып редакцияға жеттім. Редакция орналасқан үш қабат үйдің алдына келсем-ақ менің жүрегімді өзгеше бір лүпіл кернейді. Оның сыртқы биік тас баспалдағына көтерілгеннің өзіне тау болмаса да, төбе басына шыққандай көңілім биіктеп сала береді. Маған редакция адамдарының бәрі ерекше жаралған жан боп көрінеді. Олар шетінен жақсы, шетінен сүйкімді сияқтанды. Шалдуар Шалғынбаевтай боп олардың ортасында жүруден артық бақыт жоқ іспеттенді. Өстіп, редакция үйінің әр бұрышына аса зор құрметпен қарап, дәлізде кездескен әр адамына, ол мені елемесе де, иіле сәлем беріп, жаңа түскен жас келіндей сызылып келе жатсам, Шалдуар машина бюросынан шығып барады екен.
– Шәке, – дедім оны көргенде әкемді кездестіргендей қуанып.
Шалдуар жалт бұрылып, қалбалаңдай ұмтылған маған таңданғандай, сүзе қарап қалды.
– Шәке, сәлеметсіз бе?
– Сені кім шақырды, аһ? — деді ол қасына келген менің қолымды да, сәлемімді де алмастан.
– Сіз бүгін кел деп едіңіз ғой.
– Қашан?
– Кеше, сіздің үйге отын түсіргенде.
Шалдуар қабағын тыржитты.
– Отын, отын!…» – деді ол әлденеге мені кекеткендей. – Жұмыс жайында десеңші одан да.
– Иә, жұмыс жайында ғой, Шәке. Курьер алып қойған жоқ па едіңіздер?
Шалғынбаев менің бұл сұрағыма жауап бермеді.
– Жүр, – деді ол өкім үнмен иығымнан жұлқып қалып. Бағанағыдай емес, Шалдуар енді маңғаздана аяңдады. Мен сүмеңдеп соңынан ілестім. Ілесе бере, оған тағы бір сұрақ қойдым.
– Шәке, біз кімге барамыз?
– Жауапты секретарға, — деді ол мойнын бұрмастан.
– Жауапты секретарьларыңыз кім деген кісі еді?
– Сен білмейсің, — Шалдуар оң қолын шорт сілтеді, – жаңадан келген адам. Сен сияқты соғыста болған.
Мен «ендеше ол кісіге кірмей-ақ қояйық» деп үлгіргенше болмады. Шалдуар «жауапты секретарь» деген жазуы бар кабинеттің есігін жұлқып қағып, мені жеңімнен сүйрей ішке кірді.
Кабинет иесі үстеліне еңкейе түсіп, газет қарап отыр екен.
– Осы кісі жауапты секретарь, осы кісімен сөйлес, – деп Шалдуар мені ілгері итермеледі. Мен Шалдуар өзі айтып, қызметке өзі алдырады екен деген үмітпен келген едім. Ол, малту білмейтін адамды терең суға лақтырғандай, мені кабинетке кіргізе салып, өзі сырғып шығып кетуге ыңғайланды. Осы кезде жауапты секретарь басын көтеріп, бізге бұрылды. Оның жүзін көргенде мен өз көзіме өзім сенбеген сияқтандым. Кірпіктерім үсті-үстіне жыпылықтап кетті. Қасы түксиген, орыс өңдес, сабырлы ақ сары кісі. Екі көзі де бұрынғысындай сәл шегірлеу. Үстіне жай киім кигені болмаса, бұрынғыдан еш өзгерісі жоқ: әскери журналист капитан Бағи Уазитовтың нақ өзі.
– Бәке! – дедім мен жауапты секретарға екі қолымды бірдей созып.
Бәкең де мені жазбай таныды-ау деймін. Тез орнынан тұрып:
– Ербол, сенбісің, айналайын! – деп құшағын жайды. Мен Бәкеңнің мол құшағына қалай еніп кеткенімді білмей қалдым. Ол: «Аман-есен келдің бе?» деп бауырына қысып, арқамнан қағып жатыр.
– Шүкір, Бәке, мен былтыр келгенмін, – деймін Бәкеңнің мені құшақтағанына көңілім босаңқырап, бірақ оны білдірмеуге тырысып. – Өзіңіз қашан келдіңіз?
– Екі айдай болды. Осында бұрынғы қызметіме орналастым. Өзің қайдасың, Ербол?
– ҚазГУ-де, оқудамын.
– Бәрекелді. Ал, отыр, әңгімелесейік.
– Әңгіменің үлкені осыған жұмыс керек, – деді жаңағы мені осында кіргізе салып шығып кетуге ыңғайланған Шалдуар қайтадан бұрылып келіп, және мені қалай да қызметке орналастыруға бел байлағандай белсенділік білдіріп.
– Бұл корректорлыққа жарамайды, курьер ету керек. Өздеріңіз де таныс екенсіздер ғой.
– Болғанда қандай! – деді Бәкең баптай сөйлеп. – Біз бір бөлімде қызмет еткенбіз. Мен редакцияда болдым. Ерболдың өлең, мақалаларын газетімізде жиі жариялап тұратынбыз.
Бәкеңнің бұл сөзі мені бір көтеріп тастады. Шалдуар «жаман студент», «жаман солдат» деп желкемнен түспей қойып еді. «Бәлем, білші менің қандай солдат болғанымды» дедім ішімнен айызым қанып. Менің осы ойымды сезгендей Шалдуар шап ете түсті:
– Бұл өлең жаза алушы ма еді? – деді Бәкеңнің сөзіне сенбегендей.
– Бәле, жазғанда қандай! Мұның өлеңдерінің кейбір жолдары біздің бөлімнің туы іспеттес боп кеткен. Бөлім шабуылға шыққан сайын біз Ербол өлеңінің:
«Алға қарыс бассаң бас!
Сүйем кейін шегінбе!
– Әдет жоқ ондай тегіңде!–
деген жолдарын үнемі газеттің шпигеліне беретінбіз. Шалдуар басын шайқады да:
– Мынадан өлең шығады дегенге ешқашан сенбес едім, аһ,– деп мені бүйірден түртіп қалып, сақылдап кеп күлді.
Жауапты секретарь сөзін қайтадан жалғады.
– Оның үстіне мен Ерболға соғыстан аман келіп, осы орында отырғаным үшін тікелей қарыздар кісімін, – деді ол Шалдуардың парықсыз күлкісінің тоқталуын тоспай. – Бұл бақандай үш журналисті тікелей ажалдан алып қалған.
Шалдуар бұған да сенбегендей боп, маған қарады да, басын шайқады. Жауапты секретарь үш журналистің алғы шепке келіп, маған жолыққанын, біздің позициямызды жау атқылап, бір снарядтың жер үй алдына келіп ысылдап жатып алғанын Шалғынбаевқа таратып айтып жатпады.
– Ербол, сен Нығмет Елеусізовтің қазір қайда екенін білесің бе? – деді маған бұрылып.
– Жоқ.
– Бәле, ол қазір С. қаласында, облыстық газет редакторының орынбасары. Ал капитан Рыжовтың қайда екенінен хабарын бар ма?
– Жоқ.
– Ол Москваның бір баспасына орналасыпты. Мен хат алып тұрамын. Бір хатында сені сұрапты.
– Апырай, ә, — деймін мен қуанған үстіне қуанып.
Уазитов енді менің жайыма ойысты.
– Сен студентсің ғой, – деді ойлана отырып. – Әрине, қоса қызмет істемесең, болмайды қазір. Ал саған не жұмыс тауып берсек екен?
Ол қарсысында түрегеп тұрған Шалғынбаевқа қарады.
– Е, мұны Нюраның орнына кешкі курьер ете салыңыз, ah,– деді Шалдуар жұлып алғандай. – Бұған сол да жетеді.
– Иә, – дедім мен басымды изеп.
– Жоқ, мен Ерболға түпкілікті жұмыс болса деп отырмын. Курьерлікті қойшы, Ербол түбінде біздің белді қызметкерлеріміздің бірі болуға тиіс. Бірақ қазір сол уақытша курьерліктен басқа бос орын жоқ.
– Мен курьер-ақ болайын, Бәке, – дедім осы бар қызметтен айырылып қалмайын дегендей асығып. — Қазір емтихан өткізіп жатырмыз, өзі кешкі жұмыс болса, маған қолайлысы осы сияқты.
– Жарайды, әзірше осыған орналаса тұр. Ар жағын тағы көре жатармыз, – деп жауапты секретарь маған бір жапырақ қағаз ұсынды. – Арыз жаз: уақытша курьер етіп алуды сұраймын деп қолыңды қой. Кешкі алтыда қызметке кел.
– Айттым, орналастырдым. Аһ! Ал енді неғыл дейсің? Аһ! – деді Шалдуар жауапты секретарьдан шыққаннан кейін маған шірене қарап. — Сен менің бұл жақсылығымды ұмытпа.
– Рахмет, Шәке, ұмытпаймын, – дедім мен оған асыға бас изеп.
Мінеки, осыдан жиырма шақты күн бұрын мен қызметке осылай орналасқан едім. Күн сайын кешкі алтыда редакцияға барамын. Түнгі он бір-он екіде жұмысымды бітіріп, жатақханаға қайтамын. Алғашында «курьер» деген сөздің мәнісін жөнді біліңкіремей де жүрдім. Сөйтсем, редакция мен баспахана арасына қағаз тасушы кісіні осылай деп атайды екен. Редакцияда екі курьер бар. Күндізгі курьер Даниловна дейтін қартаң әйел. Кешкі алтыға дейін редакциядан баспаханаға қағазды ол тасиды, кешке ол жұмысқа мен кірісемін. Біздің таситынымыз редакция бөлімдерінің күн сайын газетке басылуға даярлайтын мақалалары. Соны жиналған сайын топтап секретариаттан алып, баспаханаға апарып тастаймыз. Цех бастығы курьерден келген мақалаларды қол қойып алады да, дереу линотиписткаларға бөліп береді. Олар алдарында тұрған пианино тәріздес машиналарға – линотиптерге отыра қалып, мақала сөздерін қорғасынға көшіреді. Осылайша екі курьердің күні бойы кезектесіп баспаханаға тасыған қағаздары ертеңінде газет болып шығып, оқушылардың қолына жетеді.
Маған редакция да, баспахана да қызық. Күн сайын екеуінің де жұмысын жайын ақырындап түсіне түстім. Түсінгеннен кейін өзімді қатар жатқан қос көлдің айдынына кезек сүңгитін қоңыр үйрекке теңедім.
Редакцияның негізгі мақалалары баспаханаға көбіне күндіз жөнелтіледі екен. Кешке күндіз үлгермеген азын-аулақ мақала, көбінесе алдағы нөмерлерде басылуға тиіс запас материалдар тасылады. Анда-санда ТАСС-тан келген тығыз мақалалар болады. Аударылғаннан кейін баспаханаға соларды жеткіземін.
Қалай дегенде кешкі курьердің бос уақыты көп болатын. Ондай сәттерді бос жібермей, мен оңаша кабинеттердің біріне кіріп алып емтиханға әзірленетінмін. Ал емтихан өткізген күндері Даниловна апайдың қуанышына жұмысқа бірер сағат ерте де шығатынмын. Елпек атқа кімнің мінгісі келмейді.
Қалған жұмысын Даниловна да маған тастай салады. Қызмет аяғында қайта басылған мақаланы салыстырып асығып отырған бөлім меңгерушісі де маған жалынады.
– Ербол, сен мынаны тыңдай қойшы, мен оқып тастайын.
– Ербол, сен мынаны оқып жіберші, мен оригиналға қарап отырайын, – дейді.
Ең алдымен мені машинистка Бибіш апай жұмсайды.
Мен баспалдақтан көтеріле бергенде машбюроның ашық тұрған есігінен төрде отырған апайдың көзі мені шалып қалады да, тартпасын аша бастайды.
– Сәлеметсіздер ме? – деймін машбюроның ашық есігінен басымды сұғып.
– Айналайын, менің Ербол бауырым елгезек қой. Маған төменнен барып бір папирос әкеп бере қойшы, — деп Бибіш апай бірден ақшасын ұсынады. – Осы шарша-а-ап өлейін деп отырмын, бүгін жұмыс сондай көп болды.
Мен күліп бас изеймін де, редакцияның астындағы буфеттен бір пачка «Прибой» әкеп беремін. Оған апай мәз боп қалады.
– Ой, тілеуіңді бергір. Ой, бір жақсы келіншек алып, көсегің көгергір! – деп батаны үсті-үстіне жаудыртады.
Апай жақсы келіншек жайын айтқанда мен өз-өзімнен қызарып кетемін. Көз алдыма бірден Меңтай елестейді. Менің оған ғашықтығымды осы апай бейне бір біліп отырғандай боп көрінеді. Өстіп жүріп оқу жылын да аяқтадым.
* * *
Енді бүгіннен бастап дайындалатын емтихан жоқ. Қыздар да ауылдарына кетті. Бір бөлмеде қалған Жомартбек екеуміз ғана болсақ, оның кешке дейін келу-келмеуі екі талай. Ол да ертең не бүрсігүндері еліне қайтпақшы. Бәлкім, ол қазір билет алудың қамында жүрген болар. Сондықтан мен сағаттың алты болуын күтпей, бүгін жұмысқа күндегіден ерте бардым.
– Ербол, ой, Ербол, — деді Бибіш апай менің төбем баспалдақтан көрінісімен-ақ. – Жылдамырақ жүрші, айналайын.
Апайдың темекісі таусылып отыр екен. Қазір тартпасын ашып, сумкасын ақтара бастайды деп ойладым ішімнен.
– Сәлеметсіздер ме? Жайма, Би-апай?
Апай күліп жіберді.
– Темекіге жұмсайды екен деп қалдың ба? Темекім бар, қалқам. Осы қазір ғана сені жауапты секретар іздеп отыр еді. Соған бара қойшы тез. Саған жаңа жұмыс бергілері келіп отырған сияқты.
Салып отырып жауапты секратардың кабинетіне барсам, Бәкең жалғыз отыр екен.
– Қал қалай, Ербол? – деді ол сәлемдескеннен кейін.
– Қал жақсы, емтиханды бітірдік.
– Каникулде қайда болмақ ойың бар: осында қаласың ба? Әлде бір жаққа барасың ба?
– Осында қаламын, қайда барамын? – дедім мен. – Ауылға қайтайын десем, арлы-берлі жүруге қаражат керек.
– Онда биыл жаздай бізде корректор боп істей тұрсаң қайтеді?
– Істеймін.
– Ертең бір кешкі корректор демалысқа шығушы еді. Соның орнын саған ұстап отырмын. Келесі айда тағы біреуі шығады, оның орнын және сен басасың, – деді Бәкең сабырлы, қамқор көңілмен.
– Күндіз ұйқың қанғаннан кейін маған келіп жүр. Әнеугідей емес, қолың босады ғой. Мен сені енді завод, фабрикаларға жіберіп, хабар, корреспонденциялар жаздырамын. Бұл да қосымша қаражат болады.
– Рахмет, Бәке.
– Бара-бара мақала, очеркпен де айналысарсың. Сөйтіп екеуіміз сенің қолыңнан жазу келетіндігін осындағы жұртқа дәлелдейтін боламыз.
Мен басымды изедім.
– Онда мен сені ертеңнен бастап корректор қызметін атқарады деп бұйрық бердіремін.
Сөйтіп мен сол күннен бастап екі ай корректор болдым. Екі айда «Е.Есенов» деп қолым қойылып, газетте 6-7 рет хабар, корреспонденциям шықты. Газет айына екі рет қаламақы, екі рет жалақы береді екен. Студенттің айына бір рет берілетін стипендиясындай емес, бір айда қолына төрт рет ақша ұстаудың өзі маған ересен байлық сияқты боп көрінді. Оның үстіне Уазитов ағай менің хабарларыма студенттік жайымды есептеп, үнемі көтеріңкі қаламақы қойып отырыпты. Оны қаламақы алған сайын Шалдуардың бас шайқауынан білдім. Мен қаламақы немесе жалақы алып шықсам-ақ алдымнан Шалғынбаев тап бола кетеді.
– Әй, Қарадомалақ, ақша алдың ба? Аһ! – дейді.
– Алдым, – деймін мен арсалаңдап.
– Әкел санайық, – дейді ол қолын созып.
Мен жаңа ғана кассирден санап алып, көнетоз гимнастеркамның омырау қалтасына екі бүктеп салып қойған ақшаны қайта суырамын. Шалғынбаев оны уыстап алады да, мені оңашалау жерге қарай бастайды. Содан соң ол жайланып отырып менің ақшамды санай бастайды. Санайды да:
– Көп, — деп басын шайқайды.
– Неге?–деймін мен өз-өзімнен қысылып. Ол бухгалтерияға айтып, ақшамның жартысын қайтадан алдырып қоятындай боп көрінеді. Сасқалақтап, Шалдуардың бетіне жалтақ-жалтақ қараймын.
– Көп деген соң көп! – дейді ол ақшаны маған қайырмай, уыстап ұстап тұрып. Мен бір оның қолынан суырып әкететіндей, будыраған қағаз ақшаның уысынан шығып тұрған шетін бармағымен басып қояды. Сонсоң мені тергей бастайды.
– Сен бұл жартыда неше хабар жаздың?
– Екеу.
– Әне, айттым ғой. Екі хабарға мұнша ақша тиісті емес. Бұрын бізге аз қойылатын.
– Мен қайдан білейін, – деймін Шалдуардың алдында қылмыс жасағандай қысылып.
– Сен білмейсің, мен саған білген соң айтып тұрмын, аһ! – дейді ол маңғазданып.
Бір жолы, Шалдуардың осындай тергеуінен кейін, мен одан:
– Өзіңіз қанша алдыңыз? – деп сұрадым ақырын ғана. Ол басын шайқады.
– Бұл жолы мен ештеңе алғаным жоқ. Қазір өзі очеркке лайық материал жоқ, — деп қабағын шытты.
Мен одан сайын қысылдым. Бейнебір Шалдуарға тиісті ақшаны өзім алып қойғандай қуыстандым. Мені бұл қиындықтан Шалдуардың өзі шығарды.
– Ал енді бүгін ішпейміз бе? Аһ? — деді ол менің ақшамды ұстаған оң қолын жоғары көтеріп.
Мен басымды изедім.
– Жүріңіз, Шәке, сіз ішіңіз, менің ішпейтінімді өзіңіз білесіз ғой.
Бұлай дейтінім курьерлік жалақымның алғашқы жартысын алғанымда дәл осылай Шалдуар кездесе кеткен. Сонда да ол менің аз ақшамды қолына алып, ерні жыбырлап санап шығып, «ал енді ішпейміз бе?» деген. Мен оны көше бұрышындағы көк будканың біріне ертіп барып, екі жүз грамм арақ әпергенмін. Одан кейін де жалақы, қаламақы алған сайын Шалдуар менен міндетті түрде екі жүз грамм ішпесе аузы қисайып кететіндей боп әдеттеніп алған. Сол кездесулерде менің жарытып ішпейтініме оның көзі жеткен.
– Бұл сенің нешінші қаламақың? – деді Шалдуар ақшаны өзіме қайтарып беріп жатып.
– Үшінші ғой, Шәке.
– А, солай ма? Сен де үшінші рет қаламақы алып жібердің бе, ей? — Ол қарқылдай күліп, әдеті бойынша арқамнан қойып кеп қалды. Ыңқ ете түскен менің аузымды аштырмастан тағы да өзі сөйлеп кетті. – Онда былай болсын. Үшінші қаламақыны жақсылап жуумыз керек. Бәріміз де сөйткенбіз. Әйда жүр, көк базардағы шайханаға барамыз.
Мен бұрынғы әдет бойынша Шалғынбаевты көшелердегі көк будкалардың бірінен сыйлап қайтарармын деп ойлап едім. Ол мені дедектетіп, көкбазардағы шайханадан бір-ақ шығарды. Үстелге отыра сала, даяшыны шақырып, өзі заказ берді.
– Жүз елу грамм арақ – деді ол даяшының қолындағы қағазын иегімен ымдап, оған тез жаз дегендей ишара білдіріп.
– Шәке, екі жүз грамм ішіңіз, – дедім оның күнделікті мөлшерін тұспалдап қалған мен.
– Жоқ, өзімнің есебім бар, – деді Шалғынбаев, — жүз елу, жаздыңыз ба? Аһ? Жазсаңыз, оған үш рет дунган кеспесін қосыңыз.
«Біз екеу емеспіз бе, үш кеспе деп осы кісі қателесіп айтты ма» деп ойлап, оның бетіне қарадым. Менің ойымды ұққандай Шалдуар: «Үш кеспе деп жаздыңыз ба? Үшеу деп жазыңыз» деп және екі рет қайталады. «Бәлкім тағы біреу келетін шығар, үшінші кеспені соған алып отырған болар» деп түйдім де, үндемедім.
Заказ алған даяшы кухняның тесігіне қарай кетіп бара жатыр еді, Шалғынбаев қайтадан баж ете түсті.
– Тоқта, тоқта, бері кел, – деді даяшыға қолын үсті-үстіне сермеп. — Тіркемесі қалып қойыпты ғой, тіркеме қосыңыз.
Даяшы үстел шетіне еңкейіп, қағазына және бірдеңе түртіп алды. «Мұның тіркемесі не нәрсе, қымбат бірдеңе емес пе екен?» деп қыпылдап отыр едім, Шалдуар маған қарады.
– Әй, сен, тым болмаса бір кружка сыра ішсеңші, ah!
– Бір саптыаяқ ішсем, ішейін, – дедім мен.
Кетіп бара жатқан даяшыны Шалдуар тағы тоқтатты.
– Тағы бір кружка сыра қосыңыз, – деді ол мойнын созып. – Қостыңыз ба? Енді әкеле беріңіз, тез әкеліңіз.
– Жаңағы бір тіркеме дегеніңіз не? – дедім мен Шалғынбаевқа.
Шалдуар сақылдап күліп, мені бүйірімнен тағы бір періп қалды.
– Соны білмейсің бе?
– Менің білетінім машинаға тіркеп, сүйретіп жүретін бір нәрселер сияқты еді. Мәселен, зеңбірек сүйреткен машинасы…
– Е, оны білсең болды, – деді Шалдуар сөзімді аяқтатпай. Шалдуар тегі өзі ғана сөйлеуді жақсы көретін. Әсіресе ол менің сөзімді кез келген жерден қиып кетіп, шірік жіптей үзе салатын да, өзі сөйлей жөнелетін. — Бұл да сол сияқты: жүз елу грамм арақ – машина, бір кружка сыра соған тіркеме.
– Ал егер арақ жүз елу емес, жүз грамм болса ше?
– Онда бір кружка сыра тіркеме бола алмайды.
– Неге?
– Сол. – Ол менің бетіме білгішсініп, бажырая қарады.
– Жүз грамм арақ, бір кружка сыраны тарта алмайды. Түсінікті ме енді? Ah?
Мен басымды шайқадым.
– Сен топассың, – деді ол бетіме бедірейген күйі. — Түсінігің нашар, ұғымың жоқ. Сондықтан сенен мына мен сияқты жүйрік журналист шықпайды. Сенікі ет пен терінің арасындағы желік сияқты бірдеңе. Майданда бір нәрселерді шатпақтаған болуың керек. Уазитов сол үшін сені көкке көтере мақтайды. Меніңше, сенде ешбір талант жоқ.
Мен не дерімді білмей, қызарақтап күле бердім. Осы кезде қасымызға даяшы келіп, біз сұраған ас-суды подноспен әкеп алдымызға қойды.
– Кеспенің біреуін, сыраның бірін ал, – деді Шалғынбаев.
Мен айтқанын істедім. Содан соң сол кеспенің бірін өз алдына жақындатты да, екінші тарелкадағыны соның үстіне төңкере салды. Қара бұрыш пен ұсақ тұзды мол етіп септі де, асықпай араластырды.
– Дунган кеспесін жаным жақсы көреді, аһ! — деді ол. – Сондықтан мен бір жегенде оның екеуін осылай бір табаққа саламын да, бірақ жеймін. Ал, сыраңды көтер. Көбігі көпіршіген қырлы шыны саптыаяқтың құлағынан ұстадым. Шалғынбаев бүйірлі келген қырлы стаканға кеңірдектете құйылған араққа, асқа телмірген иттей еміне қарап, жұтқыншағын секең еткізіп бір жұтынып алды. Содан соң, біреу алдынан ала қашатындай, шап беріп қос қолдап ұстап, діріл қаққан стаканды жыбырлай жөнелген ерніне тез тақап, қылқылдатып жұта бастады. Стаканды басына көтеріп болып, қабағын шытты да, дереу сыраға қол созды. Одан қылқылдатып екі жұтымын және ұрттап жіберді. Осыдан кейін ол терлеп-тепшіп кеспеге бас қойды. Шалдуар қасықпен қопара көтеріп, қауып асап, асты да тез жейді екен. Мен шектей шұбатылған ұзын кеспенің бір-екеуін сораптан жұтып үлгіргенше, ол өз табағын қопарып тастады. Шанышқы мен қасықты бос табаққа салып, үстелдің жиегіне қарай сырғытып жіберді де, саптыаяқта қалған сырасына қол созды. Қол созып жатып, әрірек үстелдерде отырғандардың бірімен бас изеп амандасты.
– Әй, сен менің кіммен амандасқанымды көріп қой, – деді ол мені бүйірден нұқып. -Таяуда әскерден босаған ақын жігіт. Өзі арақты өкіртіп ішеді. Аһ!
Мен жолдасын нұсқаған жаққа бұрылдым. «Арақты өкіртіп ішетін» қызыл шырайлы келген еңгезердей жігіт екен. «Болса болар» дедім ішімнен.
– Әй, сен мына сыраға қарашы, – деді Шалдуар саптыаяғын көтере ұстап. – Осының түсі қандай?
– Қоңыр емес пе?
– Жоқ, таба алмадың. Жақсы ішетін бір журналист мұны былай деп суреттеген:
Тобылғы торы сыраны
Толқыта ішер күн қайда?
Тостаған көз қыздарды
Толықси қуар күн қайда?
«Тобылғы торы сыра» дегені жақсы теңеу емес пе, ah! Ғажап тауып айтқан? Ah! — осылай деп Шалдуар қалған сыраны басына бір-ақ көтерді.
– Тобылғының түсін торы демеуші еді ғой, — дедім мен серігім саптыаяғын үстелге қойғаннан кейін. – Қызыл тобылғы десе керек еді. Торы деген сөз тек жылқыға ғана айтылмай ма? Егер арақтың дәмін аюдай ақырған ащы дей келіп, сыраны торы жылқыдай жуас десе бір сәрі емес пе?
– Жоқ, сен түк білмейсің, тобылғының да түсі торы, — деді ол маған бет бақтырмай. — Жоқ сен оны қой. – Шалдуар білегімнен қысып ұстап алды. – Енді мен тобылғы торы сырадан ішемін бе? АҺ!
– Өзіңіз білесіз.
– Жоқ, сен оны қой. Мен сыра ішемін бе? Aх!
– Ішіңіз.
Көзі кілегейленіп, ол маған тесірейе қарады.
– Жаңағыдай, тіркеме қылып ішемін ғой? АҺ!
– Өз жайыңызға қараңыз.
– Жоқ, менің жайымды неғыласың, енді бір тіркеме жүргіземін бе мен? Aх!
Шалдуардың тағы да дәметіп отырғаны белгілі болды. Осы жолғы қаламақымды қосып, киім алып кисем деген есебім бар еді. Ол ойым жүзеге аспауға айналды. Ішімнен қынжылсам да, мен оған ақшам азайып қалады дей алмадым. Амалсыз бас изедім. Шалғынбаев дереу даяшыны шақырып алды да, қайтадан заказ берді.
– Жүз елу тіркемесімен… – Ол тез маған бұрылды. — Сен ішесің бе?
– Жоқ, — деп мен безек болдым.
– Дұңған кеспесін жейсің бе?
– Жоқ, жоқ, әбден тойдым.
– Онда, — деді Шалдуар даяшыға қарап, екі саусағын көрсетіп, — екі рет дұңған кеспесін әкел.
Менің бір апта ішетін тамағымды мынаның бір жолы ішіп кеткелі отырғанына ішім ашыды. Ендігәрі шайханаға келмеспін деп өзіме өзім ант та бердім. Сол екі арада Шалдуар құлағынан күн көрінетін бір арық адамға орнынан тұрып, кеудесін басып, бас иді. Биске шақырылған әншінің сахнаның екінші шетінде нотасын реттеп жайбарақат отырған пианисті орнынан тұрғызып өзімен қоса көпке бас идіретіні сияқты, Шалдуар тұқырайып кеспе жеп жатқан мені иығымнан жұлқылап, шайнаңдатып, орнымнан тұрғызды.
– Ағаңа сәлем бер.
Мен аузымдағымды әрең жұтып, жаңағы Шалғынбаевша оң қолымен кеудемді басып, жұқа құлақ кісіге қарап бас идім. Ол менің сәлемімді керек етпеді-ау деймін, ары бұрылып кетті.
– Бұл кісі кім еді? – дедім Шалдуарға ілесе мен де орныма отыра беріп.
– Білмейсің бе?
– Жоқ.
– Мәссаған! Бұл атақты ақын ғой. — Шалғынбаев оның қай ақын екенін айтпастан, бірден мінездеме бере жөнелді. – Жасында мықтап ішкен кісі. Кәрі тарлан сыр берместен әлі сол шабысымен сілтеп келеді. Айтпақшы, сен білесің бе? Аһ?
Тамаққа ұмтыла берген мені ол тағы да бүйірімнен түйіп қалды. Мен қасығымды қайта орнына қойып, Шалғынбаевқа қарадым.
– Жазушылар Одағы осы көк базардың іргесінде ғой. Aх! Түсте олар осы шайханадан келіп тамақ ішеді. Екеуміз сәл кешігіп келдік, әйтпесе мен саған олардың небір жайсаңын көрсететін едім. Сен маған жазушылар ас ішетін жерге әкелгенім үшін және анадай екі ақынды көрсеткенім үшін рахмет айт. Аһ! Мен сені ана кәрі тарланның өзімен қол ұстастырып таныстырайын ба? Аһ? Бірақ оған ана… не… — деп Шалдуар оң қолының суық саусағы мен бармағын бір-біріне шапшаңдата үйкеп-үйкеп жіберді. – Ана… нетіп… тағы да ақша шығаруың керек. Аһ!
Мен күліп, басымды шайқадым.
– Шәке, рахмет. Мен өзге емес, осы сіздің өзіңізбен танысқаныма бақыттымын!..
Осы кезде жүз елу грамм араққа бір саптыаяқ сыра, екі тарелка кеспесін «тіркеп» даяшы жетті. Шалдуар, алғашқысындай, кеспені бір табаққа қопарып алды да, босаған ыдысты сырғыта салды. Содан соң араққа қолын созып жатып маған:
– Сен барып, даяшыға ақшасын төлеп кел, — деп бұйырды.
Мен даяшымен есептесіп қайтып оралсам, қырлы стакан босап, табақ тақырланыңқырап қалған екен. Шалғынбаев терлеп-тепшіп, қызара бөртіп кетіпті. Табақ түбінде қалған асты сыпырып-сиырып бір-ақ асады да:
– Сен жақсысың! Aх! — деді ол маған бұрылып. Содан соң қабырғамнан тағы да бір қойып кеп қалды. – Рас айтамын. Сен жақсысың деймін!
– Мақтағаныңызға рахмет, Шәке, – дедім мен ыржия күліп, бүйірімді сипалап. Шалдуардың өзімді мақтап ұрғанының әсерінен бе, білмеймін, бұл жолы бүйірім бұрынғыдан аз ауырған сияқтанды. Осы арада: «Бәләй, жаңа ақшам көп кетті деп бұған бекер ренжіген екенмін» деп те ойладым. Егер емеурін білдірсе сол сәтте мен оған енді бір «тіркеме» алып беруге де бейіл едім. Бірақ Шалдуар, өз шамасын біледі-ау деймін, бірден орнынан тұрды.
– Кеттік.
Есік алдына шыққан соң Шалғынбаев екі сөзге келген жоқ. Маған қолын сілтеді де:
– Ал сен кете бер, енді керегің жоқ. Aх! — деді. Содан соң көңілдене аяңдап өз жөнімен кетті.
Осыдан кейін бір күні жауапты секретарға жолықтым.
– Қалың қалай? – деді ол.
– Жақсы.
– Қаламақы алып жүрсің бе?
– Алып жүрмін, бірақ сіз маған көп қойып жүрген жоқсыз ба.
– Неге олай деп ойлайсың?
– Шалдуар мен қаламақы алған сайын «саған көп қойыпты» деп басын шайқайды.
– Содан соң?
– Содан соң «мұны мөлшерлі қалыпқа келтірейік, жүр шайханаға» дейді.
Жауапты секретар қалың қасы түксиіп, төмен қарады да, үстелінің тартпасын ашты. Одан бір папка суырып, мені қасына шақырды.
– Мынау қаламақы шкаласы, – деді ол папканың бетін ашып. Мұнда қандай мақалаға қанша сом қойылатыны көрсетілген. Міне, мынау сен жазған хабарларға қойылатын баға. Осыған қарап өткен жартыда жазған мақалаңның саны мен оған қойылатын қаламақы мөлшерін есептеп көрші.
Мен ернім жыбырлап, іштен есептеуге кірістім.
– Дұрыс па екен?
– Дұрыс сияқты.
– Ендеше Шалдуар шатаспасын! Бұл қаламақы дегеннің өзі қып-қызыл саясат. Мен сені қанша жақсы көргеніммен, тиісті мөлшерден артық ақша қоя алмаймын. Өйткені, ол менің өз ақшам емес қой. Түсінікті ме, Ербол.
Мен басымды изедім.
– Бәсе, арқамнан ауыр жүк түскендей болды ғой, – дедім іштей қуанып.
Күн сайын жүгіріп жұмысқа барып, ай сайын ақша тауып жүрсем де, мен бұл екі ай бойы өзімді қараңғы қапаста қалғандай сезіндім. Жатақханаға келсем де, жұмысқа барсам да бір нәрсемді, аса бір қымбат затымды жоғалтқандай боп, іштей алаңдаумен, елегізумен болдым. Кейде жеген тамақ, жұтқан суымды да ұнатпай қалатын сәттер кездесті. Осының бәрі маңымда Меңтайдың жоқтығынан еді. Осы күйім Меңтайға арналған үшінші өлең боп және қағазға түсті. Менің оған арнаған ең соңғы өлеңім де осы болды. Ол мынау еді.
Күн күңгірт, түн қараңғы ай болса да,
Келмес ұйқы жақсы орын, жай болса да.
Күншығыс жоқтай болып көрінеді,
Төрт бұрышты төңіректің сай болса да.
Күн шығып тұрса-дағы түк көрмеймін,
Айналам қараңғыдай қол сермеймін.
Сәулесін аспандағы ай мен күннің,
Меңтайдың ақ жүзіне теңгермеймін.
Жұтуға ауадағы жайсыз аса,
Сөйтпек пе әлде көңіл жабырқаса?
Қайдан тәтті болмақшы ауа шіркін,
Меңтайдың дем-лебізі қосылмаса.
Іздеумен елегізіп қысылдым сан.
Тән терлеп, жүрек жүдеп, қиналды жан.
Күн – күңгірт, ай – қараңғы, ауа – ауыр
Меңтайдың бұл маңайда жоқтығынан!..
Онымен жаз өтті. Күзде, оңтүстікке қарай бет түзеген тырналардай тізіліп, Алматыға лек-легімен студенттер қайтты. Әр жақтан, алыстан келіп, өзінің үйреншікті көліне қонған аққудай сыланып отыз қыз өзіміздің отыз үшінші аудиторияға жиналды. Меңтайды көріп, менде ес қалған жоқ. Өзіме онша назар аударып, жақын тартпаса да, бар бейілім соған ауды. Оның аудиторияға кіріп-шыққаны, жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі, күлген күлісі – бәрі маған қуаныш болды. Енді маған күн де күлімдеді, ай да жарқырады, ауа да жақсарды. Сары алтынның буына масайғандай, көңілім көтеріліп, көзім күлімдеп, мәз болдым да қалдым. Сөйтіп жүріп, сентябрдің өткенін де аңғармаппын.
Бұл күнде мен бұрынғыша Меңтайдың қасына отырмаймын. Жұрттың көзі түсіп, сөзі көбейгеннен кейін, оның үстіне өзімнің оған деген құмарлығым артқан соң, амалсыз қоныс аударғандай боп, арт жаққа, Жомартбектің қасына кеткенмін. Қазір Меңтай мен Майра жұптасып, екеуі бірге отырып, бірге жүретін болған. Ол екеуі сияқты, курстағы еркек кіндікті екеуміздің де жұбымыз жазылмайтын.
Бір күні, октябрдің аяқ кезінде, Жомартбек екеуміз сабақтан қайтып жатақханаға жаңа ғана кірген едік. Жомартбек дереу шай әкелуге кетті. Оның артынан іле-шала ентіге жүгіріп бөлмеге Тана келді. Терезе алдында тұрған менің қасыма әзер жетті де, мойнымнан бас салып құшақтай алып, еңірей жылап қоя берді. Мен шошып кеттім. Өне бойым қалтырап, не істерімді, не дерімді білмей қалдым. Қыз байғұстың құшағы ажырайтын емес.
– Жыламашы, тоқташы не болды, Тана? – дедім мен үрпиіп.
Қыз тоқтап, сәл сабыр тұтып, сөз бастамақ боп көзін сүртті. Сөйтті де:
– Заман… Заман… – деп, ар жағын айта алмай, қайтадан кемсеңдеп, ағыл-тегіл боп және жылады.
Тана «Заман» деп менің досым, өзінің өлген серігін айтып тұр ма? — деп бір ойладым. -Әлде «Заман» деп дәуірді айтып, басына түскен тағы бір мұңын шаққалы келді ме екен? – деп тағы да дағдардым.
Бір кезде қыз есін жиды.
– Сүйінші, Ербол, Заман тірі екен! – деді бір жылап, бір күліп. – Досың тірі екен, сенің!..
Мен сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Төбе шашым тікірейіп, өне бойым түршігіп кеткендей болды. Өйткені осы байғұс бала ой соқты боп кеткен жоқ па екен деген күдік келді маған.
Сонымды сезгендей қыз басын шайқап, безек қақты.
– Рас, рас, Ербол айналайын, қуатым. Илан менің сөзіме, илан! — деп Тана тез ридикюлін аша бастады. Одан бір конверт шығарып, конверттің ішінен екі хат суырып алды. – Мынау Заманның біздің үйге жазған хаты, мынау менің сіңлімнің маған жолдағаны.
Мен жалма-жан, саусақтарым дірілдеп, Заманның хаты деген қағазды аша бастадым. Рас, Заманның жазуы, соның өз қолтаңбасы. Хаттың басына бір қарап, дереу аяғына көз жүгірттім: «1946 жыл, 15 сентябрь» деп жазылыпты. Содан соң мен бас салып Тананы шөпілдетіп сүйе бастадым. Осыдан нақ екі жыл бұрын бір төсекте жатып, Тананың бетінен сүйіп, көзінен аққан қайғылы жасын қоса жұтып едім. Енді міне оның бетінен екінші рет сүйіп, көзіндегі қуаныш жасын қоса сіміріп тұрмын. Екеуміз біріміздің бетімізді біріміз тыным таппай шөпілдете сүйісіп жатырмыз.
Бір кезде дедек қағып Жомартбек келді. Сүйісіп жатқан екеуімізді көріп ол, таңданғандай боп сәл тұрды да, қолындағы шайнекті еденге қоя салып, жүгіріп келіп, екеуміздің бетімізден кезек сүйе бастады.
– Сен неге сүйесің Тананы? — деймін мен Жомартбекке қуана күліп.
– Сен сүйген соң сүйіп жатырмын. Ал сен неге сүйесің?
– Онда себеп бар. Жарайды, сен Тананы қыз болған соң сүйдің дейік. Ал менде нең бар?
– Сен Тананы сүйген соң, ол сені сүйді. Өзің мен сүйсем, Тана да мені сүйе ме деп дәметіп жатырмын, — деді Жомартбек шімірікпестен.
Үшеуіміз де күлдік. Содан кейін:
–Ендеше сені де сүйейін, бауырым, – деп Тана Жомартбектің оң бетінен шөп еткізді.
– Мына бетім өкпелеп қалады, мұны да сүйіңіз, – деп Жомартбек дереу Танаға екінші бетін тосты.
Тана Жомартбектің сол жақ бетінен тағы да сүйді. Тағы да ду күлдік. Осыдан соң ғана есімізді жиғандай болып, хаттарды қайта оқыдық.Сөйтсек, 1943 жылы Заман өлмепті. Ол ротасымен қоршауда қалады. Қоршауды бұзып шығамыз деп түнде шептегі немістерге шабуыл жасағанда Заман ауыр жаралы боп, жау қолына түседі. Ротаның жартысы аман-есен өзіміздің жаққа өтеді. Ол тұтқындар лагерінде болады. Бірнеше рет қашуға талаптанып, қолға түсіп қалады. Ақыры, 1945 жылы майда әскери тұтқындармен бірге біздің қолға өтіп, кейін сотталады. Содан бері Орал тауында шахтада жұмыс істейтін көрінеді. Заман хатының соңында өздерінің Свердловск қаласының солтүстік-батыс жағында сексен шақырымдай жердегі Билимбай деген жұмысшы поселкесінде тұратынын айтып, әдірісін көрсетіпті. Келем деген кісі алдымен Свердловскіге жетсе, одан кейінгісі қиын емес – біздің рудниктің кен тасыған машиналары ағылып жатады депті. Әрине, ол ешкімге де, Танаға да кел демеген, бірақ ерікті өзіне тастаған. Ол қалай дегенмен де, уақыты бітіп босағанша, біраз қиындық көруге тура келетінін ескерткен. Ал хатының ең соңында былай депті: «Соғыстан кімдер тірі қалды? Ербол аман оралды ма? Көрсең менен көп-көп сәлем айт. Әдірісімді бер».
Сонымен Жомартбек, Тана, мен үшеуіміз үстел үстіне жайып жібердік те, картаға үңілдік. Ары қарап, бері қарап ақыры, Орталық Оралдан Свердловскіні таптық та, оның маңынан Билимбайды іздедік.
– Осы Билимбай дегеніміз картаға түсетін жер аты емес, Заман ағайдың пәтерде тұрған үйінің иесі боп жүрмесін, – деді Жомартбек күлдіріп.
– Расында да өзі қазақ атына ұқсас екен, – деді Тана бір жылап, бір күліп. Тана жылаған кезінде көзінен көк маржан домаласа, күлгенде аузынан ақ маржан шашылған секілденеді.
– Бәлкім башқұрт жері болар, – деймін мен оларға өз жорамалымды айтып.
– Бәсе, – деді бір кезде Жомартбек масаттанып, – бала кезімде бірсыпыра б… жесем керек еді. – Осылай деп ол сұқ саусағын шошайтып картаға тіреді.
– Ой, ой, Жомартбек, байқа, картаны тесіп жібересің, – дедім мен оған күлместен, жымимастан, көзімді бақырайтқан болып. – Сенің саусағың саусақ емес, шеге екенін білмейтін бе едің? – Жомартбектің саусақтары шегедей салалы, ұзын болатын. Оның саусағы бүйіріне тиіп кеткен қыздардың қайсысы болса да баж ете қалатын. Әсіресе Зайкүл: «Әй, Әй, Жомартбек, тіліңді қалай сұқсаң, олай сұқ, бірақ ана шегелеріңді ары әкет» деп безек қағатын. — Бірақ мақтауыңа әбден болады. Бала күніңде б…-ны көп жесең, әрине, табасың. Жарайды, саусағыңды тарт енді.
– «Б» деген немене, витамин бе? – деді Тана да мырс етіп.
Жомартбек тез саусағын ала қоймады.
– Немене, сен «б…» дегенге ананы айтып тұрсың ғой, – деді ол маған бұрылып. Қазақта кімде-кім бала күнінде өз кәкейін көп жесе, өскенде сол көргіш болады деген әзіл сөз бар емес пе. Менің де ойыма келгені сол еді, Жомартбектің де «ананы» деп тұрғаны сол. -Оны жесең, өзің жеген шығарсың. Ал мен бала күнімде күріш ботқаны көп жегенмін. Ал ботқа жегеннің көзі көргіш болады дейтін үлкендер.
– Біздің жақта күрішті жасық ас деп есептейді. Сенің көреген боп жүргенің күріштен емес шығар, – дедім мен күліп. Тана да күлді. Басын шайқап, Жомартбектің өзі де қосылды.
Күлкіміз тыйылғаннан кейін Жомартбек картадан саусағын көтерді. Билимбай картада расында да бар екен. Оған көзіміз түсіп, әрқайсымыз өз ауылымыздың төбесін көргендей, қуанысып қалдық.
– Ал енді не істеймін мен? – деді Тана менің бетіме шыдамсыздана қарап. — Сенімен ақылдасуға келдім. Хатты кеше алғамын, бүгін сабаққа да барғамын жоқ.
Мен ойланып қалдым.
– Заман өлді деп хабар келгелі екі жылдан асты. Басқа сөз беріп қойған ешкімің жоқ па еді? — дедім төмен қараңқырай күбірлеп.
Қыз жылап жіберді.
– Ербол-ау, Заманның аты ойымда тұрғанда, мен кімге қараушы едім. Оның аты мәңгі менің жанымда, жүрегімде, жадымда емес пе?
Осылай деп қыз көзінің жасын қайтадан сүртті. Мен күліп, әзілге айналдырдым.
– Маған да қарамас па едің, Тана? – дедім.
– Иә, саған да, — деді қыз да күліп. – Бірақ Заман болмаса, саған қарауым мүмкін еді.
– Рақмет, Тана,– дедім мен қызды шашынан сипап. – Ендеше сенің Билимбайға баруың керек болар. Қыз қуанып, орнынан атып тұрды.
– Өзім де осы қорытындыға келіп едім, Ербол, – деді ол түрегеп тұрып мені иығымнан құшақтап.
– Ойбай, бұл мәселеден мені де шет қалдырмаңыз, – деп Жомартбек орнынан ұшып тұрып, Танаға ол да иығын тосты. Тана оны да құшақтады.
– Түу, рақаттанып қалдым ғой, шашымнан бір сипап жіберіңізші. – Тана Жомартбекті шашынан сипап, басын бауырына қысып босатты. – Осында отыз қыздың ортасында отырмыз, Ербол екеуіміз. Бірде-бірінің дәл сіздей шарапаты тиген емес бізге. Ербол Меңтайға неге құмар десем, қыздың сипағаны жақсы болады екен ғой, шіркін!
Үшеуміз де ду күлдік. Күлкі тынған соң Жомартбек байсалды қалпына келді де, Танаға қарады.
– Оқуыңызды қайтесіз, Тана? – деп сұрады.
– Тастаймын, – деді Тана бірден. – Заманым ана жақта ауыр жұмыста жүргенде оқу, қызық маған не керек? Барамын, қасында боламын. Ол отқа күйсе – бірге жанамын, ол су түбіне кетсе — бірге батамын!
Мен Тананың түрінен шын ғашықтың шешімін таныдым. Таныдым да: «Ер екенсің ғой, айналайын!» деп іштей құптадым.
Ары талқылап, бері талқылап ақыры біз мынаған келістік. ЖенПИ берсе Тана екінші курсын бітіргені жайында анықтама алады. Бермесе – жүре береді, артынан жібереміз. Өйткені ол, документтерін ала кетсе, Свердлов оқу орындарының біріне түсіп, Заманға жақын жерге орналасады. Ал, анықтаманы аттестатымен қоса кейін жіберсек, онда ол сондағы бір институтта сырттан оқитын болады. Сексен шақырым жерде институт болса, оны бітіріп алудың не қиындығы бар?!
Одан кейінгі мәселе қаражат жайына тірелді. Менің жазда курьер, корректор болып тапқан екі мың сомдай ақшам болатын. Тананың қаражатына сол жарайды деп есептедім. «Әттең бір 7–8 мың сом болса, жақсы болар еді», – деп өзімнен өзім кіжіндім. Бірақ, қара табан студенттің құр кіжінгенінен не шығады?! Жоққа жүйрік жетпегенде, ол қалай жетсін.
– Қашан жүресің? – дедім мен содан соң.
– Ұшарға қанатым жоқ, Ербол. Тез жүрсем, тез жетсем, тезірек көрсем екен! – деп қамықты Тана.
Мен тығып жүрген бар ақшамды алып, ескі ақшаның кезі ғой онда, қобыратып, Тананың ридикюліне салып бердім.
– Апырай, Ербол-ай, – деді Тана тағы да тамағына жас тығылып, – мен сенің адал дос екеніңді білгенмен, мынадай мырза екеніңді білмейтін едім…
Мен бұл сөзді де әзілге айналдырып жіберуге тырыстым.
– Жолдасың жомарт болса, сен қалай сараң боларсың, – дедім күліп, Жомартбекті нұсқап.
Жомартбек менің осы сөзімді пайдаланып, тез жәп ете түсті.
– Мұны сіз жалғыз Ерболдың бергені деп ойламаңыз, Тана,– деді ол қутыңдап. — Бұл сіздің жолыңызға Ербол екеуміздің қосқанымыз.
– Рақмет. Бұл еңбектеріңді тірі болсам ұмытпаспын да, өтемей және тынбаспын!
– Әрине, сіздің екі есе ғып өтейтініңізге мен шүбәланбаймын, – деді Жомартбек қуақыланып.
– Әкел, қолыңды, бауырым, — деді Тана күліп, екі көзі оттай жайнап, – осы еңбектеріңді үш есе ғып өтейтініме ант етемін!
Мен баж ете қалдым.
– Қой, Тана. Жомартбек қалжыңдап тұр. Бұным саған қарыз емес, достық қарызының титімдей төлеуі ғана болар бұл. Ана қарызынан кейінгі өмірде өтелмес үлкен қарыз достық қарызы екенін білесің ғой өзің. Бұл, әшейін, жол қаражаты болсын дегенім. Бала боп кеткенбісің, қайдағыны айтып.
Мен ашуланған болып аузымды бұлтиттым.
– Айналайын, айналайын, қалқам, — деді ол тағы жылап, ашуланбашы маған.
Тана бір аптаның орайында қалайда жүрмек болды. Жомартбек екеуміз билет алып, шығарып салуға уәделестік.
Ертеңінде бұл оқиға бүкіл біздің курсқа тарады. Жомартбек менің анада, емтихан кезінде, Тана туралы айтқан әңгімемнің шын екендігін, Тананың жігіті, менің досым Заманның өлмей тірі боп шыққанын, соны естіп Тананың ЖенПИ-дегі оқуын тастап, Оралға жүргелі жатқанын, менің алдағы базарда костюм, пальто, аяқкиім сатып аламын деп жинап отырған ақшамды бір тиынына дейін қалдырмай Тананың ридикюліне салып бергенімді бірін қалдырмай қыздарға айтып қойыпты. Қыздардың бәрі, танаулары делдеңдеп, дүрлігіп алыпты.
– Рас па, ағай?
– Шын ба Жомартбектің айтып жүргені? – деп менен бірінен соң бірі сұрасады.
– Алла-ай, не деген күшті махаббат! – дейді Зайкүл жағасын ұстап. – Бұл заманда да мұндай махаббат болады екен ғой. Мен ойлаушы едім махаббат анау Қыз Жібек, Баян сұлулармен біткен шығар деп.
– Иә, неге сен олай деп ойлайсың, – деп Майра шап ете түсті оған. – Махаббат мәңгілік, ол ешқашанда өшпейді деп оқыған жоқсың ба? Ендеше әр заманның өз махаббаты, өз Қыз Жібегі болады.
– Бірақ мен махаббат бар екен деп сонау Оралдағы тұтқын адамға төбеңнен алтын құямын десе де бармас едім, қыздар,– деді Зайкүл иығын қиқаңдатып.
– Ол – сен ғой, Зайкүл, – деді Меңтай көзін алысқа қадап, қатты ойлана отырып.
– Сонда сен барар ма едің? – деп Зайкүл шап ете қалды оған.
– Мен ғашық емеспін, — деді Меңтай бұрылып. – Ал шын сүйіп, уәделескен кісім болса, әрине, барар едім. «Рас, шын сүйіп, уәделескен кісісі болса Меңтай сөзсіз барар еді» деп ойладым мен де ішімнен.
– Жоқ, Зайкүл, сен барасың. Баратыныңды өзің байқамай отырсың, — деді Қанипа қасқа тісін ақситып, көзін құйқылжыта күлімдеп. – Төбеңнен алтын құямын десе, неге бармайсың, барасың, әрине. Өйткені, — Қанипа бұл тұста дауысын да құбылтып жіберді, – ол алтын ғой…
Қыздар ду күлісті. Зайкүлдің өзі де күлді.
– Қайдан білейін, – деді ол басын шайқап, — онда барып та қалуым мүмкін-ау. — Бірақ ол бұл ойына табан тіремей жатып, тез жалт бұрылды. – Әй, алыс қой, бара алмайтын шығармын. Айдаладағы Орал тауы тұрғай, мына тұрған Қордай тауының етегіндегі ауылыма барып келуге де қиынсынамын.
Жомартбек әндетіп қоя берді.
– Бектер мінер сұр қасқа,
Шаба алмаса – ұр басқа.
Батырлық, байлық кімде жоқ,
Ғашықтың жөні бір басқа –– деген емес пе?
Ғашық болсаң – қашық болса да барасың, Зайкүл aпa.
Зайкүл киім жағынан өзгелерден өзін ерекше ұстауға тырысатын. Кексе әйелдерге ұқсап, мойнына студент қолы жетпейтін қызыл түлкі салып, екі қолын бірдей қаракөл жең қолғапқа тығып, оқшауланып жүретін. Сонысына ерегесіп Жомартбек оны ызаландыру үшін кейде осылай, «апа» деп атайтын.
– Әй, Жомартбек, сен қотыр тоқтыша сүйкенбей тыныш отыр, – деді Зайкүл бұл жолы оның «апа» дегеніне шамданбай. — Мен ғашықтарды құрметтеймін. Бірақ өзімнен ғашық шықпайды. Ғашық болу үшін бір-ақ кісіні сүю керек. Ал маған өзіме күле қараған жігіттің бәрі жақсы сияқты боп тұрады.
Аудиторияны бастарына көтеріп, қыздар ду күлісті.
– Зайкүл турасын айтады, – деді Ақанас.
– Мен Зайкүл апамды сол шындығы үшін жақсы көремін ғой, – деп Жомартбек орнынан тұрып, кеудесін қақты.
Оған Зайкүл масаттанып қалды.
– Ә, бәлем, мойындадың ба? Жақсы көретініңді айтқыздым ба өзіңе? Енді мына Ерболды мойындатсам, онда тіпті арманым болмас еді.
Зайкүлдің бұл сөзі тағы күлкі тудырды. Екі көзі жалт етіп, Қанипа Зайкүлге бұрылды.
– Әрине, группадағы екі жігітті бірдей иемденіп алсаң, сенің не арманың болушы еді!..
Осындай әзіл-күлкімен бұл әңгіме де басылған сияқты болды. Алғашқы қос лекцияны да тыңдап шықтық.
– Қыздар, маған бір ой келіп отыр, – деді Меңтай бір үзілістің кезінде.
– Қойшы-ей, саған да ой келе ме?–деді Қанипа қуақыланып. — Онда сал ортаға ойыңды.
Меңтай орнынан тұрып, сөзін бастады.
– Менің ойымнан Тана құрбымыз бен Заман ағай кететін емес.
– Ал?
– Сонсоң? – десті Зайкүл мен Қанипа жарыса.
– Ол екеуінікі қандай мөлдір махаббат десеңші, қыздар, ә!
– Рас, рас! – десіп басқа қыздар бастарын шұлғыды.
– Заман ағайдың суретін анада ағай көрсетіп еді ғой бізге, — Меңтай иегімен мені нұсқады. – Сондай бір сымбатты, өңінен инабаты білінген әсем жастың тұлғасын танығандай боп едік қой суретіне қарап. Сол асыл жігіт тұтқынға түсіп, қор болып мынадай күйге ұшырапты, – Меңтайдың дауысы дірілдеп кеткендей болды. Ол сәл тоқтап, бойын бекітіп алды да, қайта сөйледі. – Тана болса, «өлді» дегенге сенбей, өмір бойы күтуге бекінген екен. Енді оның тірі деген хабарын естігенде, бар бейнетке белін байлап, соған жүргелі жатыр, – Меңтай үні тағы да булыға бастады. – Біз ғашықтарды құрметтеген елдің қыздары емеспіз бе? Шамамыз келгенше бұл сапарға Тананы дұрыстап аттандырып салсақ қайтеді…
Осылай деп Меңтай, сөзінің аяғын айта алмай, кемсеңдеп, бетін басып жылап жіберді. Бірсыпыра қыздар оған қосыла көздерін сүртті. Жомартбек екеуіміз де босап, төмен қарап, партаны шұқылай бердік.
– Ағай кеше қалтасындағы бар ақшасын беріпті ғой, «Бақа бірдеңе етсе көлге сеп» деген бар емес пе? Тананың жолына біз де қаражат жинап берейік. Танымайтын бөтен жерде жарын іздеген шүйкедей жалғыз қыздың күні не болатынын кім білсін… бірақ ең жоқ дегенде қалтасында ақшасы болса, ол да көңілге медеу ғой… менің дайын ақшам жоқ. Бірақ бір кесек нәрсемді берейін. Жомартбек соны ертең базарға апарып сатсын да, ақшасын ағай екеуі Танаға апарып берсін.
Меңтайдың ұсынысы отқа құйған майдай болды. Қыздар лап етіп, оны бірден қостап әкетті. Біреу елу, біреу жүз сомнан тауып беретіндерін айтысты. Нәзилаш қолма-қол тізім жасауға кірісті. Осы кезде Зайкүл орнынан тұрды.
– Меңтайдың жаңағы сөзі жүйке-жүйкемді босатып жіберді, қыздар-ау, – деді ол. Әшейінде Зайкүлдің әр сөзін қыздар күлкімен қарсы алатын еді. Бұл жолы ешкім езу тартқан жоқ. Әлде оның алдында айтқан Меңтай сөзі жүректерін тебірентті ме? Әлде Зайкүл қайтер екен деп, соны сынағылары келді ме, әйтеуір, қыздар бірінші рет тырп етпестен, тыныш күйде қалды. Бірақ Зайкүл олардың неге үндемей қалғандарына мән берген жоқ, сөзін әрі қарай айта берді. – Иығымда түлкі жағам болған соң мына Жомартбек мені бай деп ойлап, «апай» деп мазақтайды. Бірақ менде де бір теңге ақша жоқ. Өйткені бір теңге ақшам болғаннан бір үзім наным болғанды артық көремін.
– Мен де сондаймын, апамнан айнымағанмын, – деді Жомартбек.
Осы тұста ғана қыздардың еріндерін күлкі қытықтап, сәл-пәл жымиысып қалды.
– Жомартбек, қоя тұршы қыстырылмай, – деді Зайкүл оның сөзің шыбын шаққан құрлы көрмей. – Одан да сен ертең таңертең біздің бөлмеге келіп, менің түлкі жағамды алып кет. Соны базарла да, ақшасын осы іске қос.
Мұндай ерлікті Зайкүлден ешқайсымыз да күтпеген едік. Бәріміз таңырқап, таңданып, бір сәтке үнсіз қалдық. Бұл үнсіздікті Жомартбек бұзды.
– Айналайын, апам-ай, жүрегің қандай жақсы еді. Келші, бетіңнен бір шөп еткізейін, — деп ол Зайкүлге қарай ұмтылды. Зайкүл қымсынбастан бетін тосты. Жомартбек оны құшақтап, бас салды. Жұрт тағы да қыран күлкіге батты.
Ертеңінде Жомартбек қыздардың берген заттарын осы күнгі стадион орнындағы ескі-құсқы базарына апарып өткізіп келді. Оның ең қымбатқа сатқаны Меңтайдың қызыл көрпесі болыпты. Жомартбек Меңтайдың шешесі мен ағасынан қалған белгі – жалғыз көрпесін сатпаймын, алмаймын деген екен. Ол: «Ал, апар, басқа бағалы затым жоқ» деп қиылып болмапты. Сөйтіп, мен үшін махаббаттың жалауындай болған қызыл көрпе, ақыры, асыл махаббаттың мұқтажына жұмсалыпты. Сонымен, қыздардан бас-аяғы төрт жарым мың сом ақша және жиналды. Сол күні кешке кітапханадан шығып, жатақханаға кірсем, маған келген телеграмма жатыр екен. Тез ашып жіберіп, асыға көз жүгірттім.
«Алма-Ата. Виноградова, 62, комната 69. Есенову Ерболу.
Бесконечно рад, мой бесценный друг. Обнимаю и целую тебя тысячу раз. Таня если хочет, если любит меня по-прежнему, пусть приедет. Буду ждать с нетерпением, Твой Заман».
Тана келіп, 3аманның хатын көрсетіп, баруға бел байлағаннан кейін мен Заманға телеграмма жібергенмін: Тананың барғысы келеді, қабылдай аласың ба, тез хабарын жібер дегенмін. Бұл Заманның соған жіберген жауабы екен. Демек оның Танамен бірге тұруға мүмкіншілігі бар деп түйдім.
Ертеңінде Жомартбек екеуіміз Танаға барып, телеграмманы көрсеттік. Одан соң Жомартбектің Жоғарғы Совет президиумында қызмет істейтін туысына барып, келесі күні жүретін Алматы – Москва поезына билетке бронь алдық. Сол броньмен Свердловскіге дейін деген билет қолымызға тиді. Тек Тананың Куйбышевта басқа поезға отыруына тура келеді. Тана жүретін күні вокзалға соңғы лекцияны тастап біздің группа түгел барды. Вокзал басында қыздар Танамен шетінен көрісіп қоштасты. Әсіресе, Тана мен Меңтай бірінен-бірі ажыраса алмай, көп жыласты.
– Жайықтан жеке жөнелген Төлегендей болып, жалғыз аттандың-ау, құрбым, – деп Меңтайдың егіле айтқан сөзі бәріміздің сай-сүйегімізді сырқыратты.
Көзімнің құйрығын қайта-қайта сипалап, ернімді үсті-үстіне тістелеп, бордай босап, ішімнен егіліп мен тұрдым.
Содан соң Тананы вагонға орналастырдық та:
– Қош!
– Қош!
– Заманға сәлем айт!
– Сәлем айт! – деп біз қалдық.
Алматының қою түні бүркеген поезд ішінде, вагон доңғалақтарының рельс қоспасына сарт-сұрт соғылған ырғағымен теңселіп, белгісізге бет қойып, Тана кетті алысқа. Аяулы ғашық аттанған поездың барлық дүрсіл-гүрсілін жүрегімізде сақтап біз қалдық перронда.
XV
Көктемде топыраққа түскен дән алдымен нәзік сабаққа айналып, артынан уақыты жеткенде бас жарады. Уақыты жеткенде тал бүршіктейді, өсімдік түйін тастайды, алма ағашы гүлдейді, гүл қауызын ашады — шешек атады. Өсімдік үшін осы бір ғажап шақ тек қана жазда болады. Адал махаббатқа мерзім жоқ – ол жылдың төрт мезгілінің қалаған маусымының сәтті сағатында жүректе гүл жарып шыға келеді. Махаббат гүлдегенде жас адамның аузынан «сүйемін» деген асыл сөз ақтарылады.
Менің Меңтайға деген махаббатымның сол сағаты ноябрьдің алғашқы күндерінің бірінде, Никольск шіркеуінің түнгі он бірдегі қоңырауымен қоса соқты.
Соның алдында ғана жүрегім өз-өзінен өрекпіп, үйде отыра алмай сыртқа шыққанмын. Жомартбек жоқ еді, Пернеш кітапханадан қайтпаған. Тек Төлеубек қана төсегінде қорылдап, ұйықтап жатқан. Соның қорылы ойымды бөлгеннен кейін, оңаша жер іздеп, екі жатақхана арасындағы ашық алаңға бет қойғанмын.
Калинин көшесі жақтағы жатақхана жанында, басына темір телпекті шам орнатылған биік бағана түбінде ұзын орындық болушы еді. Соны бетке алып, аттай бердім де, онда біреудің отырғанын аңғардым. Аяңдап қасына келсем, ол отырған Меңтай боп шықты. Оның Меңтай екенін танығанда, жүрегім дір ете түсіп, өз-өзімнен дегбірім кетіп, састым да қалдым,
– Кеш жарық, Меңтай, — дедім әр сөзім кекештің аузынан шыққандай әрең қиюласып.
– Жарық кеш жан ләззәті болсын, ағай. Келіңіз, отырыңыз.
Қасында бірнеше кісілік бос жер болса да, Меңтай сырғып, маған өз орнын берді. Менің жүрегім одан сайын лүпілдей түсті. Маған орнын бергені – өзгеше қадірлегені ғой Меңтайдың» деп ойладым ішімнен. «Қадірлегенің жақсы-ау, бірақ құрметіңнің өзі менің аузыма қақпақ, басыма тоқпақ боп жүр ғой» дедім тағы да. Ойлағаным осы болса да, аузымнан шыққаны басқа сөз болды.
– Жалғыз неғып отырсың, Меңтай?
– Жай. Жатар алдында ауа жұтайын деп шығып едім, – Меңтай біздің жатақхана жаққа көз тастап алды да, сөзін қайтадан жалғады. – «Кімді ойласа, сол келеді» деген рас екен, ағай. Мен жаңа ғана сіздің бөлменің терезесіндегі шамды көріп, «ағай әлі сабақ қарап отыр екен ғой» деп ойлап едім. «Ойлағаның, есіңе алғаның қандай жақсы, – дедім мен ішімнен. — Ал мен сені сағат сайын ойлаймын ғой, Меңтай. Сен осыны білесің бе?»
Теңіз тебіреніп, жағаға толассыз толқын лақтырғандай бір сәт туды. Менің де теңіздей тербеліп сөйлегім, ішімдегі Меңтайға деген махаббат толқынын ағылта ақтарғым келді.
— Рақмет, Меңтай, – дедім тағы да екі сөздің басын әрең қосып. – Ойлағаныңа…
О, ғажап, теңіз тұрғай титімдей бұлақ құрлы да қауқарымның жоғын аңғардым. Аузымды байқаусызда біреу желімдеп кетіп, соны күшпен әрең ашатын сияқтымын. Ашқанмен ар жағынан ақтарылар ештеңе жоқ, адасқан жалғыз қаздай қалбалақтап, анда-санда бір сөз зорға шығады. Бірақ сыртқа шығарып айта алмағанды іштей сарнауға шебермін ғой мен. Дегенмен, аузымды судан шыққан балықтай, бостан-бос ашқаныма мәз боп, бірсыпыра асыл ойларымды ақтардым-ау деп жорамалдадым ішімнен.
Осы кезде ыңыранып, Никольск шіркеуі үн қатты. Мен шіркеудің өзін жек көрсем де, оның қоңырауының үнін ұнатушы едім. «Дың-дың» деп мыс қоңырау күңгірлей бастағанда, істеп отырған шаруамды тастап, аяғына дейін тыңдай қалатынмын. Маған, әсіресе, ұзақ соғылатын, ұзаққа кететін осы түнгі қоңырау күңгірі аса бір сазды, қызық күйдей боп танылатын. Сол әдетім бойынша шүу дегенде мен тым-тырыс тыңдай қалдым да, қоңырау бір-екі рет соғылғаннан кейін, оны тастай салып, дереу негізгі шаруама көштім. Осы қоңырау үнінің дүрмегімен, басқа еш жанға естіртпей, айтатын басты сөзімді Меңтайдың өзіне ғана тез ақтарып қалғым келді. Қоңырау соғылып бітіп қалмасын деп, шапшаң Меңтайды екі қолынан ұстай алдым да, екі алақанымның арасында «пыр» етіп ұшып кететін тірі торғай тұрғандай елбелектеп, аузымды қыздың құлағына тақадым.
— Меңтай, мен сені сүйемін! Шексіз сүйемін! — дедім, біреу «тәйт!» десе, жылап жібергелі тұрған жас баладай кемсеңдеп. Қанша әсемдеп, әдемілеп айтам деп пәленбай уақыт ойланып, оқталып, жадымда жаттап жүрсем де мен Меңтайға деген мәңгілік махаббатымды, арман тілегімді, шексіз ықылас, қалтқысыз құрметімді, оны бар дүниеден өзгеше бағалайтынымды ауызбен айтып жеткізе алмадым. Көптен бері айтамын деп әзірлеп жүрген сөздерім дәл қажетінде ауызға түспейтін бұлдыр, буалдыр бірдеңке болып кетті. Әшейінде тақылдақ тілім, болдырған жорғадай сенделектеп, сүрініп, тұтығып, тоқтап қалды. Енді сол ауыз жеткізбегенді лүпілдеген жүрек, дірілдеген дене, денедегі лыпыл қаққан сансыз тамырлар қосыла айтып, Меңтайға асыға баяндап жатқандай болады. Меңтай енді солардың сөзін тыңдағандай, бар зейінін соларға аударғандай боп, жым-жырт, үнсіз отырып қалды. Осы үнсіздік кезінде саусақтарым терлеп, буын-буыным қалтырап кеткен маған көшедегі күнде міз бақпай бақырайып тұратын электр шамдары өз-өзінен жыпықтай жөнелген сияқтанды. Екі жатақхана ортасынан сылдырап ағып жатқан арықтың суы да, демін ішіне тартқандай, үнсіз қалды. Ағаш бұтақтарындағы соңғы жапырақтар да сыбдырын тоқтатып, сілтідей тынды. Бірақ, өзіммен өзім әуре мен олардың неге өйткендеріне мән бермедім, менің басыма төнер не сұмдықты сезгендерін аңғармадым. Есіл-дертім Меңтайда болып, оны құшақтағым, құшқым келді. Алғашында иық тиістіріп отырған мен, оның үндемегенінен дәмеленіп, оң қолымды босатып, қызды қаусыра құшақтап, өзіме қарай тарттым. Неге екенін білмеймін, Меңтай менің құшағымнан сытылып шығуға әрекет етпеді. Соған батылдандым ба, білмеймін, мен еңкейіп, оның діріл қаққан ыстық ерніне ернімді тигіздім. Меңтай оған да қарсылық көрсетпеді. Осыдан кейін маған Меңтай мендік екен деген ой келді де, асыл арманыма шынымен қолым жеткені ме? – деп, көкіректе бұрқ-сарқ қайнаған қазандай тасыған қуаныштың ыстық буы көзімді шарпыды. Бірақ мұның бәрі Меңтайдың мені есіркеуі ғана екенін келесі сәттерде бір-ақ білдім.
Ол менің сөзімді тыңдап болғаннан кейін төмен қарап, қоңыраудың соңғы соғылуы біткенше үнсіз отырды. Одан соң да ләм демеді. «Кей қыздар жігітпен кездескенде оған сүйетін, сүймейтінін бірден айтады. Бағзы біреулер өз ойын олай етіп жеткізе алмайды. Көпшілік қыздар ауызбен айтар сөзді ішінен айтып, үнсіз баян етеді. Сырттан сөзі де, үні де мөлт етіп көз жасы ғана болады. Сол әр тамшы жаста әр алуан асығыстық сөздер мен жан күйдірген күйініш немесе жүрек шарпыған сүйініштер жатады. Меңтай да маған деген сөзін іштей айтып отырған болар» деп малдандым мен. Бірақ, бетіне қарасам, Меңтай бір қызарып, бір бозарып отыр екен. Кейде дем ала алмай, қысылған да сияқтанады. Оны көргенде мен Меңтай сырқаттанып қалған екен деп қалдым.
– Немене, Меңтай, ауырып отырған жоқсың ба? – дедім көзім бақырайып. — Әлде менің жаңағы сөзіме ренжідің бе?
– Жоқ, ағай, – деп әлден уақытта Меңтай сәл басын көтерді. Мен сіздің сөзіңізге емес, басқа нәрсеге қиналып отырмын.
Осылай деп Меңтай тоқтап қалды. Сәл бөгеліп, одан соң әр сөзін үзіп-үзіп айтып, қайтадан сөйледі.
– Мен де сізді жақсы көремін, ағай. – Менің, бұл сөзді құлағымның естігеніне, ол сөздің Меңтай аузынан шыққанына сенер-сенбесімді білмей, екі көзім жыпықтап кетті. Оған бұрынғыдан бетер жабыса түсіп, қолын қайтадан сипалай бердім. Меңтайдың «Мен де сізді жақсы көремін» деген бір ауыз сөзі мені Алатаудың етегінен ең төбесіне шырқатып бір-ақ шығарғандай болды. Меңтай сөзі тағы естілді. – Бірақ… – Осы кезде екеуміздің иығымыз ажырап, арамыз сәл ашылып кетті. Маған «бірақ» деген сол жалғыз сөз кенет жер жарылып, Меңтай екеуміздің арамыздан түпсіз шыңырау шыға келгендей боп көрінді. Сол шыңыраудың Меңтай бір жағында, мен бір жағында қалған сияқтандым. – Бірақ, мен басқа біреуге уәде беріп қойған едім. – Меңтайдың ендігі сөзі маған алыстан, шыңыраудың арғы жағасынан әрең естіліп тұрғандай болды. – Сіз Совет Одағының Батыры Мәлкен Ғабдуллаевты білесіз бе? Білсеңіз, менің ағайым Жүніс Ербосынов соғыста сол кісінің қарамағында қызмет етті. Оқ тиіп ағайым өлгенде қасында Тұмажан деген досы болған екен. Өлерінде жалғыз бауырым, жан ағатайым Жүйке мені аузына алыпты. «Менің қарындасымның суретін сан рет көрдің ғой. Тірі қалсаң сен соған серік, сүйеу бол – өмірлік жар ет. Меңтайға менің өлер алдымдағы осы өсиет-тілегімді жеткіз» депті Тұмажанға. Ауызша айтқан өсиетін хатқа түсіріп және беріпті, — деп Меңтай көкірек жара бір күрсініп қойды. — Соғыс біткеннен кейін жігіт еліне барып, елінен мені іздеп осында келіп, ағайымның қалай өлгенін баяндап берді. Ең соңында ағайымның өмірден өтерде аузынан шыққан ақтық сөзін – өсиетін жеткізді. Мен солқылдап көп жыладым. Көп уақытқа дейін өксігімді баса алмадым. Жігіт қасымнан кетпей отырып алды. «Мендік боламын деп маған уәдеңді бер» деді. Жанымдай көретін жалғыз ағамның өсиеті солай болған соң және ел қорғап соғыстан келген жігіттердің жақсы, жаманы жоқ шығар деп ойлап, «жарайды» дедім де, уәдемді бердім. — Меңтай терең бір дем алып, сөзін аяқтауға кірісті.
– Бар мән-жай осы, ағай. Мен ол жігітті сізден артық демеймін. Айта берсеңіз, қандай екенін де білмеймін. Ендігісін өзіңіз біліңіз. Тұмажанды таста, уәдеңді бұз дейсіз бе, оны өзіңіз айтыңыз. Мен сізге сенемін. Бұз десеңіз, бұзып-ақ кетейін, ағатай!..
Меңтай осылай деп айтарын айтып қалды да, бірақ бекер айттым-ау деп өкінгендей, тез тағы да сөйлеп кетті.
– Бірақ, уәде бұзған адам оңа ма, ағай? Уәдеге беріктік – адамның асыл қасиеті болуы керек қой. Ендеше қайтып бұзамын мен ол уәдемді.
Енді Меңтай емес, мен қиын жағдайда қалдым. Ол ендігі билігін өзіңіз айтыңыз деген жаңағы соңғы сөзімен менің махаббатым мен адамгершілігімді сынға салғандай болды. Таразының бір басында мен, екінші басында Меңтай тұрған сияқтанды. Қай жағына ауарын білмей таразы дірілдеп ұзақ тұрып қалған іспеттенді. Бір кезде, оның Меңтай жақ басы дір етіп қозғалып, бұлдырап кетті…
Төрт жыл бірге болған майдандас достарым есіме түсті. Ол кездегі бәріміздің бірінші арманымыз – жауды жеңу болса, екінші арманымыз – соғыстан соң бір-бір жақсы жар құшып, жарасты өмір кешу еді. Кей жолдастарым осы арманына жетпей өліп кетті. Тұмажан да көкірегіне сондай арман тұтып, аман келген азамат шығар. Ендеше оның серттескен қызын бұзып алу солдаттың солдатқа жасаған қиянаты болар. Мұным адамшылыққа жатпас, арсыздықпен шектесер деп бір ойладым. Жоқ, қыз мені жақсы көремін деп тұр ғой. Ендеше неге бөгелемін: бұз дейін уәдеңді, бұздырайын деп тағы қобалжыдым. Осы кезде баяғы танкпен жекпе-жек шайқасқанда өлген өз достарым көз алдыма келді. Олар, бірінен соң бірі: «Жоқ, сержант, өйтпе. Азғырма солдаттың серттескен қызын» деп, бастарын шайқап тұрғандай боп көрінді. Наводчигім өзіммен өте сырлас еді. Сәлима күйеуге тиіп кетіп, мұңайып отырғанымда ол келіп арқамнан қағып: «Жан табылса – жар табылады, сержант. Уайымдама!» деп жұбатқан еді мені. Сол наводчигім ерекше мұңайып: «Жан табылса, жар табылады ғой, сержант. Сен тірі қалдың. Жаны кеудесіндегі кісінің жары жолында, алдында емес пе. Тағы ілгері жүр, іздеп табасың әлі. Бүркітбай сенің Сәлимаңды бұзып алғанда, күйінгенің есіңде ме. Ендеше өзіңмен қарулас болып, жеңісті бірге шыңдаған солдаттың жанын жаралама, сержант. Өтінемін!» деп тұрғандай болды.
Біресе көзіме Заман елестеді. Маңдайына түскен қою шашын сілкіп тастап ол: «Әй, әй, мен сенен мұндай қиянат шығады деп ешқашан ойламаған едім» деп теріс айналған секілді. «Жоқ, Заман, — дедім мен оған іштей үн қатып. – Мен қиянатқа қаспын. Азғырсам – жігітке қиянат, ыстық уәдесін бұздырсам – қызға қиянат. Сенің досың қос қиянатты арқалай алмайды. Солдатты қадірлегендіктен, қызды сүйгендіктен өйте алмаймын мен».
– Жоқ, Меңтай олай болса… – дейді еріндерім дірілдеп, өн бойым қалтырап, — мен саған сертіңді бұз дей алмаймын. — Алтыбақан тепкен екі адамның бірі төмендегенде, екіншісінің шырқап жоғары көтерілетініндей, таразының Меңтай жақ басы биікке бір-ақ шықты. — Онда, буынсыз жерге пышақ ұрып, орынсыз қинағаныма ғапу ет.
Міне осылай дедім. Бұлай дейтінім тілі шабан, тілегі жүйрік ауыл баласымын ғой мен. Уәдеге берік, антқа адалдықты жоғары бағалап, оның өзіме келтірер залал, зиянын пайымдап жатпастан өз үкімімді өзім шығардым сөйтіп. Әккілігі жоқ, аңғал, адал көңілдің, жүрегіме бала жасымнан ұйып, ұялаған арлылықтың сөзін айттым. Адалдық, тазалық, шыншылдық, туралық — емшек сүті, мектеп өнегесі, әскер тәрбиесімен бойға сіңген қасиетім ғой менің. Момын әке, жуас шешеден туып, көпшіл колхозды ауылдың баласы болған соң, осылай айтуым заңды да болатын. Өзімшілдігі жоқ боп өскен жастың бірі болғандықтан ол түнде өзіме қас үкім шығарыппын мен. Әрине, мен мұныма өкініп тұрғамын жоқ бүгін. Егер жастық шағым қайта оралып, мен сол жағдайға жаңадан тап болсам, сөз жоқ, сол шешімімді іркілместен тағы қайталаған болар едім қазір.
Меңтай жұбатқандай болып, енді менің қолымды сипады ақырын.
– Сіз ренжімеңіз, ағай,–деді біраздан соң. — Біздің курстағы қыздардың бәрі де сізді жақсы көреді. Олардың бірен-сараны болмаса, бәрі де жақсы қыздар. Әсіресе Майра қандай жігітке болса да адал жар, ақпейіл дос, сенімді серік бола аларлық жан.
Сонымен, мен Меңтайға бірінші рет ашық түрде сөз айттым. Ол қарсылығын осылай қамқорлықпен, елжірей отырып білдірді. Меңтайдың қарсылығының өзі маған хош айтқандай боп көрінді.
Ойын айтып болған соң ол, өн бойы қалтырап, сәл діріл қаққан тәрізденіп орнынан тұрды. Енді кішкентай бөгелсе, өзін-өзі ұстай алмастай көрді-ау деймін. Қолымды босатқысы да келмей, босатпай да тұра алмай әлденеге күйбіжіктеп, бөгелгендей болды. Сонсоң тез-тез басып, жатақханаға қарай жөнеле берді.
Қолды пышақ кесіп кеткенде адам оның ауырғанын бірден білмейді. Сол сияқты, өзімді өзім аяусыз жаралағанымды мен де Меңтай жанымнан ұзай бастағанда бір-ақ білдім. Алдындағы бір отар қойды қақаған қатты қыс жұт болып жалмап, қотан шетінде таяғын ұстап жалғыз қалған сорлы шопандай күйде болдым мен. Менің қолыма түсер деп дәмеленген бар байлық Меңтайдың махаббаты еді. Одан айырылып, әп-сәтте жұрдай боп жұтадым да қалдым.
Өстіп, ескі түрік қағанаты кезінен қалған тас мүсіндей, серейіп тұрдым-тұрдым да, ілбіп үйге қарай аяңдадым. Аяғыма батпан байланып қалғандай, әрең қозғаламын. Әр аттаған сайын жер басып келе жатқандай емес, қара жердің астына шымырлап батып бара жатқан сияқтанамын. Аттаған сайын: «Енді маған Меңтай жоқ, Меңтай жоқ!» деп күбірлеймін өз-өзімнен.
Сол кезде Никольск шіркеуінің ыңырана, күрсіне шыққан үні келді құлағыма. Ол да маған: «Енді саған Меңтай жоқ! Жоқ! Жоқ!» деп тұрған сияқты болды. Шіркеу қоңырауы түнгі сағат он екіні жариялады – маған он екі рет «жоқ! жоқ!» деп қақсады. Бағана ғана сазды музыкадай көрінген қоңырау үні енді маған дүниедегі ең сүйкімсіз, құлаққа түрпідей қадалған қаңғырлақ дыбыстай боп танылды. Қоңырау күңгірі алыстап, талаурап барып үзіліп кетті де, дүние тым-тырыс бола қалды. Күңгірдің соңғы дірілімен бірге менің жүрегімдегі Меңтайға деген соңғы үміт қоса үзіліп кеткендей болды. Мен сүрініп, шайқалып кеттім, сол кезде өзімді шыңнан шыңырауға құлап бара жатқандай сезіндім де, жалма-жан жолдағы қарт теректі құшақтай алдым. Оған мұңымды шаққандай өкіріп, өксіп қоя бердім…
Ертеңінде мәңгіріп, дел-сал болып қалыппын. Әлдекім мені сойыл сілтеп, соққыға жығып, аяусыз жаулықпен естен тандыра ұрып кеткен сияқты да болады. Үлкен ұрысқа әзірленіп, түні бойы жәшік-жәшік снаряд тасып, таңертең шабуылға шығып, кешке жаудан жеңіліп, кейін шегінген сәтте де осындай боп өлердей бір шаршайтын шақ болатын еді. Сонда кез келген шұңқырға түсіп, жантайып жата қалғың келетін. Өлсем де, осы жерден тұрмасам екен деп ойлайтынсың. Сондай күйге түстім де, түске дейін төсектен тұра алмай, тұралап жаттым. Махаббатта күйреу де соғыста жасанған жаудан жеңілуден кем болмайтынын мен сонда білдім.
Студенттің бақырауық түйедей бажылдақ темір кереуетін қайта-қайта сықырлатып, бір жамбасымнан екінші жамбасыма аунақши беремін. «Өлі тиіп» жатқан қойдай тыпырлаймын. Бірақ, маған «Өлі» тиген жоқ, тірі тиген. Тірі болғанда мылтық кезеп, қылыш суырып қырқыса кетер жау емес. Маған тиген қарусыз қыз. Ол маған жау пиғылын, жат мінезін танытқан да жоқ. Күліп жүріп, күлімсіреп тұрып, ең ақырында, көзінен бұрқ еткен ыстық жас шығарып мені осындай күйге, аурудай халге ұшыратты. Мен соны ойлап дөңбекшимін. «Не деген асылжан еді!» деймін. Меңтайдың көз қызығып, көңіл сүйсініп тамаша етерлік сырт тұлғасына ішкі адамгершілік парасаты қосылғанда адамды тебірентпей, тербелтпей қоймайтынын енді ғана білгендей болдым. Оған алғашқы көрген сәтімнен бастап, көп күндер бойы ғашық боп жүргенімнің де себебін сонда ғана аңғардым.
«Бұған баға жете ме? Жоқ, жетпейді!» деймін өзімнен өзім жатып. Сондай баға жетпес қыздан айырылып қалғаныма жүрегім сыздап, жарылып кетердей боп, екінші жамбасыма қайтадан аунаймын. Жұдырықтай сорлы жүректің өз денемді төсек үстінде олай бір, былай бір лақтыруға ғана әлі келеді. Сонысымен ол маған қарсылық білдіріп, наразылық айтып жатқан секілденеді. «Сен неге Меңтайға тек мені сүй, тек қана менімен бол демедің?» деп мені жазғырып, жазалап жатқанға және ұқсайды. Осы арада Меңтайға жазда, емтихан бітіп, отыз үшінші аудиторияда сауық өткізген кештің түнінде шығарған өлеңімнің бір шумағы еріксіз есіме түседі.
Бәрі аз бағасына, барша санның,
Тәж-тағы, дүние, мүлкі патша, ханның –
Меңтайды мәңгі құшып сүйетұғын
Бар екен не арманы Тұмажанның?!
Өлеңнің аяғындағы бұрынғы «жігіт жанның» деген сөзді «Тұмажанның» деп қалай өзгерткенімді өзім де аңғармай қалдым. Жоқ, енді Меңтайға өлең шығармаймын, – дедім ішімнен өзіме-өзім ант еткендей. Меңтайға ешбір өлеңнің керегі жоқ. Меңтайға керексіз дүние — маған да керексіз. Жоқ, енді мен Меңтайды көруге де құмартпаймын. Енді мен оны ешқашан да ойламаймын.
Бірақ, ғашықтың ойы басқа да, ісі басқа болады екен. Ғашық көрмеймін, бармаймын десе, өзінің қалай барып, қалай кездескенін де білмей қалады екен ол.
Сол, мен үшін қайғылы түннен кейін Меңтайды ертеңінде кешке, театрда кездестірдім тағы да. Бір-екі минуттай ғана қасында тұрдым. Содан кейін мен оны, расында да, бірнеше күннен соң бір-ақ көрдім. Бәлкім бір аптадан кейін де болар шамасы.
Түнде Жомартбек, Пернеш, Төлеубек үшеуі шырт ұйқыда жатқан сағат бірдің мөлшерінде, жатар алдында аз ғана ауа жұтпақ боп, аулаға шықтым. Ауладағы Меңтай екеуміз ажырасқан орындыққа еріксіз көз салдым. Осындай оңашада анада Меңтай отырған жерге барып отырғым келді. Неге екенін білмеймін, ол отырған орындықтың тақтайын алақаныммен бір сипасам деп ойладым. Бәлкім, онда Меңтайдың жұп-жұмсақ қолдарын қайта-қайта сипағаным еміс-еміс есіме келген болар. Сол сәтте орындықтың қатты тақтайы қыз қолы емес екенін ескермеген де шығармын.
Қарасам оңаша орындықта, айнала құлаққа ұрған танадай жым-жырт тыныштықта, бұйығып біреу отыр. Жақындап келсем, Меңтай екен. Жағын таянып, шынтағын тізесіне тіреп, төмен қарап қалыпты. Менің тықырымды да сезбегендей, селт ететін емес.
Жүрегім кеудемді ұрғылап, тағы да дүрсілдеп қоя бер-ді. «Жүрсеңші, жүгірсеңші. Тұмажанды таста, мені сүй деп, жалынсаңшы Меңтайға. Аяғына жығылсаңшы жылдам!» деп тағы да зарлап, жылап жіберген іспеттенді. «Енді Меңтайдың жанына жақындамаспын, оған ешқашан бір ауыз тіл қатпаспын» деген антымды мен біржола ұмыттым. Жел қуған қаңбақтай домалап, жанына жетіп барғанымды өзім де аңғармай қалдым.
– Сәлеметпісің, Меңтай. Жеті түнде неге жалғыз отырсың? Бір жерің ауырып отырған жоқ па, жабырқаусың ғой өзің, – дедім оған бірнеше сөзді бір-ақ лақ еткізіп.
Бірнеше күн кездеспегендіктен бе, ол маған шынында да ауырып, жүдеп қалғандай боп көрінді.
– Жоқ, қазір саумын ғой, – деді Меңтай жауап сәлемін айтқан соң. — Жай, басым ауырған соң далаға шығып едім.
– Бірсыпырадан бері қайда болдың?
– Ауырып, үйде жаттым.
– Не дейсің, қыздар маған айтпады ғой.
– Мен қыздарға айтпаңыздар, ағай босқа мазасызданбасын дегенмін. Отырыңыз.
«Мазасызданады деп менің қамымды ойласа, онда әлі менен безбегені ғой. Кет әрі емес болғаны ғой» деп ойладым мен қуана бастап. «Мүмкін, Меңтай менің әнеукүнгі өтінішімді қабылдаған шығар. Сонда «мен де сізді жақсы көремін» деп еді ғой. Бәлкім, сол жақсы көргені жеңген шығар. Он күн ойлап, менің тілегімді қабылдауға бел байлап, бүгін мені әдейі күтіп отырған болар».
– Меңтай, – дедім мен оның қасына отырғаннан кейін әнеукүнгідей оның қолдарын қос қолымның арасына алып. — Мен… мен… мен…
– Иә, сіз, – деді Меңтай қоңыр үнмен.
– Өткен жолы сен: « Тұмажанды таста деңізші. Уәдеңді бұз деңізші. Сіз солай десеңіз, мен бұзып-ақ кетейін» деп едің ғой. Мен солай дегелі келдім саған. Сөйтші, Меңтай. Мен сені жанымдай жақсы көремін!…
– Жоқ, ағай, кеш қалдыңыз, – деді Меңтай қапалы үнмен.
– Неге кеш, неге? – деп мен оны өткен жолғыдай етіп, тағы да құшақтай бастадым.
– Жоқ, жоқ, енді болмайды, ағай, – деп Меңтай құшақтатқысы келмей бойын аулақтата берді.
– Неге болмайды, – дедім мен оны бас салып құшақтағаныма әрі қысылып, әрі оның өткен жолы емес, дәл бұл жолы бұлқынғанына таңданып.
– Өйткені болары болды, бояуы төгіліп қалды, — деді ол менен сәл алысырақ сырғып барып, төмен қарап отырып, соншама бір солғын, бәсең үнмен. – Бәріне өзіңіз кінәлісіз…
Осылай деп солқылдап жылап жіберді. Орамалын алып, бір қолымен бетін басып, өксіп отырып қалды.
Мен не істерімді, не дерімді білмедім. Бар болғаны қыздың жанына жақындап, оның бос екінші қолын екі алақаныммен қайта-қайта сипай бердім. Оған қанағат қылмай, шашын сипадым. Біраздан соң ол өксігін басып, қайтадан сөйледі.
– Әнеукүні сіз театрға Тұмажанды ертіп әкелдіңіз. Сізбен екеуіміз осы арада отырып сөйлесетін түннің ертеңінде. Мен сол күні одан қашып, оны көрмейін, көрінбейін деп театрға кетіп едім. Оның бұл мейрамда қалайда келетінін білгенмін… Сіз театрда бізді табыстырып, кетіп қалдыңыз… Содан ол үш күн жатты… Мені босатпады, – деді қыз тағы да солқылдай жылап. – Содан соң бітті, бәрі бітті…
Ол күні мен төсекте езіліп күні бойы жатып, кешке таман жатақханадан сыртқа шыққанмын. Шықсам аулада, кешегі Меңтай екеуіміз қоштасқан орындықтың үстінде бірсыпыра таныс студенттер қарта ойнап отыр екен. Солардың қасына бардым. Күн жексенбі және мейрамға бір-екі-ақ күн қалғандықтан ба, әйтеуір студенттер көңілді екен. Мені көре сала олар орталарына шақырды.
– Кел, кел, Ербол, – деді Төлеубек, – карта ойнаймыз. Күні бойы ұйықтап, басын күп боп ісіп кеткен шығар сенің.
Мен басымды шайқадым.
– Неге, ойнамайсың ба?
– Ойнай білмеймін.
– Ең аяғы бес картаны да білмеймісің?
– Иә.
Төлеубек қарқылдап кеп күлді.
– Карта білмейсің, темекі тартпайсың, арақ ішпейсің. Сонда сен не білесің осы?
– Төке, Төке, ол сабақ оқуды ғана біледі, — деді Жомартбек. — Жүріңіз, кәне, кезек сіздікі.
Жігіттер мені жайыма тастап, құлаштай соғып, картаны өздері ойнай берді.
Осы кезде жатақхана қақпасынан елбелектеп, бірі сақа, бірі жастау екі жігіт кіріп келе жатты. Сақасы едіреңдеп алға шығып, біздің қасымызға тоқтай қалды да:
– Жігіттер, амансыңдар ма? — деді.
Карта ойнап отырғандар оған оншама мән бере қойған жоқ. «Аманбыз» дей салды да, отыра берді. Едіреңдеген жігіт маған көз тоқтатты да, үстімдегі гимнастеркамды көріп:
– Әй, сен өзің солдат болып па едің, әлде солдат көйлегін киіп отырсың ба? — деді нақ бір мені тексеруге келгендей бірден тергей жөнеліп.
Мен оның бетіне қарадым. Дауысы шіңкілдек, мінезі ожарлау, қаймыжықтай жұқа ерінді, бітік көздеу келген талдырмаш сары жігіт екен. Жаңа өсіп келе жатқан, тікендей тікірейген сүйкімсіз шашы бар. Үстіндегісі су жаңа әскери киім: шұға галифе, гимнастерка, офицер белбеуі, жып-жылтыр қара хром етік. Тек фуражкасы ғана жоқ. Екіншісінің үстінде де көнетоз солдат киімі бар.
– Иә, солдатпын, — дедім басымды көтеріп.
– Солдат болсаң, бері кел, — деді ол маған командирімдей-ақ өкім сөйлеп.
«Мұның менде не шаруасы бар, ей?» деп ойладым да, орнымнан тұрдым. Ол мені үйдің бұрышына таман алып келді де, тағы да тергей бастады.
– Сен студентпісің?
– Иә.
– Қай факультетте оқисың?
Мен оны да айттым.
– Қай курстасың?
– Үшіншіде.
Мен тарих-филология факультетін айтқанда-ақ ол ежіреңдеп қалып еді. Ал үшінші курста оқитыным оның шамына тигендей боп, шытынап кетті.
– Онда сен Ербосынованы білесің бе?
– Меңтайды ма, білемін, — дедім әлденеге жүрегім су ете қалып.
– Қалай білесің?
– Бірге оқимыз.
– Басқа ештеңең жоқ па?
Мен сәл үндемей тұрдым да:
– Жоқ, – дедім.
Ол менің бұл жауапты кідіріп барып бергеніме күдіктенгендей болды. Сенерін де, сенбесін де білмегендей, бетіме шегір көзін сығырайтып, тағы да тесіле қарады.
– Ендеше сен оны осы қазір бізге шақырып кеп бер, – деп бұйырды ол.
Енді мен оның бетіне тесіле қарадым. Бақсам, жігітім ептеп жұтып алған екен. Маған өктем сөйлеп жүргені де содан болуы керек. «Шабуылға шығарда сілейе арақ ішіп алып, ес-түсін білмей оққа қарай жүгіретін фрицке ұқсауын!» дедім оны ішімнен кекетіп.
– Кім шақырды деймін!
«Онда не шаруаң бар?» дегендей сары шегір маған тіктене қарады. Көзі от шашқандай боп, қанталап кеткен екен. Морт, есерлеу адамның әлпетін танытты. Ол көзін тікендей қадап, қанша ежірейсе де, мен орнымнан қозғалмай тұра бердім.
Сары шегір оның өз жөнін білмей шақырып бермесімді ұқты да, мойнын күжірейтіп, теріс айналды.
– Ағаң шақырады. Тұмажан келіп тұр де, – деді шіңкілдеп.
Мен селк ете түскендей болдым да, оның бетіне қайтадан жалт қарадым. Қалыс естіген жоқпын ба деп, қайыра сұрадым:
– Кім дейсіз?
– Тұмажан Ошақбаев, – деді ол маған жеки сөйлеп. – Саңыраумысың өзің?
– Но, соғыста артиллерист болғанмын, – дедім мен де оған тіктеп, сыздана қарап. – Содан қалған құлағымның мүкісі бар.
Мен бұл сөзді шегір сарының әкіреңдегеніне ыза болып айттым. Қанша ыза болғанмен, шыным да сол еді. Бар қиратқаным: дауысымды көтеріп айтқаным болар. Бірақ бұған өзімнің де айызым қанбағанын сездім. Содан соң лақ еткізіп, аузыма келген бірінші сөзді және айтып қалдым.
– Көп болса Қыз Жібегін іздеп келген Төлеген шығарсың. Бірақ мен саған Бекежан емеспін, әкіреңдеме өйтіп!
Осылай дедім де жалт бұрылып, кетуге ыңғайландым. Алғашында қайтадан карта ойнаушылардың қасына барайын деп ойлаған едім. Сонсоң осы дәлдірге ашуланып қайтемін, барып айта салайын дедім де, жатақханаға қарай кеттім.
Меңтай бөлмесінде жоқ екен. Майра екеуі театрға кетіпті.
– Қай театрға? – деп сұрадым қыздардан оның үйде болмағанына бір жағынан қуанғандай, бір жағынан өкінгендей болып.
– Драмаға.
Екі жігіт мені тосып тұр екен. Сары шегір темекі тартып, көк түтінді көмейлете жұтып шиыршық атады. Қасындағысы мені көргенде елең етіп, үсті-басын түзеп, әлек боп қалды. Сары да екі саусағын белбеуіне тығып жіберіп, қораздана бастады.
– Меңтай үйде жоқ, – дедім мен олардың қасына онша жақындамай тоқтап.
– Қайда кетіпті? — деп сары шегір тағы әкірең ете қалды.
– Театрға.
– Қасындағы жолдас қызы да жоқ па екен? – деді екінші жігіт сәл қысыла үн қатып.
– Майра қайда екен? – деді Тұмажан онымен жарыса.
– Екеуі де кетіпті.
– Қай киноға дейсің? — деп сары шегір қайта сұрады.
– Киноға емес, театрға. Өзің саңырау емеспісің? – деп мен де оны шағып алдым.
Тұмажан менің кекеткеніме мән бермеді. Қайта сұрақ қойды.
– Ол қай жерде, алыс емес пе?
– Жоқ, алыс емес. Осыдан үш-төрт-ақ квартал жерде, Дзержинский мен Виноградов көшелерінің қиылысында, – дедім Никольск шіркеуі жақты нұсқап.
Мен олардың қасынан өтіп, жаңағы карташыларға қарай беттедім. Зығырданым қайнап, өзімнен-өзім ыза боп келе жаттым. Неге ашуланғанымды және білмеймін. Осы кезде сырт жағымнан: «Ағай, тоқтаңызшы» деген дауыс естілді. Мойнымды бұрсам сары шегірдің жолдасы екен.
– Ағай, ана кісінің сөзіне ашуланып қалдыңыз ба? Ол кісінің мінезі солай. Майданда батырдың жолдасы болған кісі, өзі де ер мінезді адам. Меңтай оның қарындасы емес, уәделескен қызы, жаңа оны өзіңіз дәл тауып айттыңыз. Алда мейрам келе жатқан соң сол кісіге жолығып қайтайық деп ауылдан, сонау Нар станциясынан келіп едік. Оның үстіне ана кісі «Меңтайдың жақсы құрбысы бар, соны саған таныстырамын» деп сүйрелеп болмады мені. Менің де әскерден келгеніме екі ай ғана болып еді. Өзіңіз де солдат екенсіз. Сізден өтінішім, мына екі солдат бауырыңызды театрға ертіп апарсаңыз екен. Біз оның қай жерде екенін білмейміз. Ағай, мен сізден жалынып өтінемін…
Осылай деп, Тұмажанның жолдасы лақ еткізіп бар сырын бір-ақ айтты. Және іші-бауырыма кіре өтініш етті. Мен бұл жас жігіттің тілегін қайтара алмадым. Осы жігіт үшін екеуін театрға алып бармақ болдым.
Үшеуміз Никольск базарын басып өтіп, шіркеудің жанымен, базар маңындағы ескі үйлерді артқа тастап, алдымен Дұнған көшесіне, одан соң Аманкелді көшесіне шықтық. Жас жігіт екеуміз анда-санда тіл қатысып қоямыз. Одан жөн сұрадым. Ол Нар ауданындағы бір колхоз председателінің баласы екен. Аты Ерғазы. Бұл әскерде жүргенде әкесі ауылдағы біреудің қызын әпермек боп, уәделесіп қойыпты. Бірақ жігіт оны ұнатпапты. Қасындағы ағайы бір күні ауылдарына уәкіл болып келіп, үйлерінде қонақ болып отырып: «Мен саған Алматыдан қыздың көкесін тауып беремін» депті. Сонымен ол мұнда «қыздың көкесін» іздеп келіпті. Ерғазы қалқан сырын осылай, шелектен су құйғандай етіп, тағы бір ақтарып салды да, кейінірек келе жатқан Тұмажанға естіртпей:
– Бұл кісі аудандық мекеменің меңгерушісі, — деп қойды.
Өзбек көшесін кесіп өтіп, драма театры тұрған Дзержинский көшесіне келіп тірелдік.
– Театр осы, – дедім мен көше жақ қабырғасында кішігірім қазандай аспалы сағаты бар, бүйіріне сыған әйелдерінің киіміндей әртүрлі алабажалақ афиша қағаздары жапсырылған, жатаған, өзен пароходына ұқсас, үлкен үйді нұсқап.
– Бұдан біз қалай табамыз? — деді Ерғазы апалақтап.
– Билет алып, ішіне кіріңіздер.
– Қазыр ойын басталып кетті ме екен?
– Басталған болар. Бірінші акт бітіп, жұрт үзіліске шыққанда тауып аласыздар ғой.
Арттан ырғала басып Тұмажан келді. Ол келе сала театр қабырғасындағы афишаға үңілді. Онда көрсетілген спектакльдерді бір-бірлеп оқи бастады.
– Е, бүгін «Қобыланды» екен ғой, – деді ол.
– Иә, «Қобыланды» екен, – деді Ерғазы.
«Әр Дон-Кихоттың өз Санчо Пансасы болады» дедім мен ішімнен. Сонсоң бұрылып, өз жөніммен кетуге оңтайландым.
– Тоқта, сен қайда барасың? – деді «батырдың жолдасы» дегбірсізденіп.
– Театр осы. Керек кісілеріңізді осыдан іздеп тауып алыңыздар.
– Әй, сен тауып берсеңші, біз қалай табамыз?
Бағанағыдай емес, «батырдың жолдасы» жұмсарып қалыпты.
Бұл жолғы үні тіпті жалыныштылау болып шықты. «Батырға да жан керек» деген емес пе, театрға келген қалың жұрттың ішінен өзіміз таба алмаспыз деп қорыққан болуы керек.
– Ағай, сөйтсеңізші, – деп Ерғазы қоса жалынды. Мен олардың бұл өтінішін тағы да жерге тастай алмадым. Ішке кірсем фойеде кассирден басқа ешкім жоқ екен. Ойынның басталғанына жарты сағаттай болыпты. Бірақ билет бар екен. Мен қойны-қонышымды тінтіп, әрең дегенде балконға кіретін билеттің ақшасын жинап алдым. Бұл ертең тамақ ішуге тиісті ақшам еді. Намыстанамын деп жаңағыларға ақшамның жоғын да айтпадым.
Ішке кіріп, қараңғы дәлізбен өзіміз әзілдеп «Студенттер ложасы» деп атайтын балконға көтерілдім. Қап-қараңғы есіктен ішке бас сұқтым. Сахнада сәнді сарай көрінеді. Бұл – Қобыландыға жау ел – Қызылбас жұртының ханы Көбіктінің сарайы. Сарай алдында «Кек, кекелеп» өзінен-өзі қойқаңдап батыр Қазан жүр. Осы арада сыртта қалған Тұмажан ойыма түсті де: «екі заманның екі есер батырының бір-біріне ұқсауы-ай» дедім ішімнен. Бір жақтан сыздана алшаңдап Алшағыр батыр және шықты. Екеуі хан қызы Қарлығаға таласып, біріне-бірі сапы ала жүгірісіп, текедей тіресті де қалды.
Балконның ең артында түрегеп тұрып көрген бұл көрініске мен мырс етіп тағы да күлдім. Жаңағы Тұмажан екеуміздің жатақхана жанында шарпысқанымыз ойыма түсіп кетті. Бұлар да қызға таласып жатыр екен ғой дедім ішімнен.
Сахнадағы бұдан кейінгі көріністерге жете назар аудармадым. Бар болғаны Көкланның шашы жалбырап, «Зу-зу арзу» деп сахнада ұшып жүргені. Қарлығаның өзіне құмар қос батыр Қазан мен Алшағырға қыр көрсетіп, жалаң қылышты жарқылдата би билегені есімде қалды.
Бір кезде жарқ етіп шам жанды. Жұрт орындарынан тұра бастады. Үзіліс болғанын мен сонда ғана білдім. Жалма-жан балкондағы жұртқа бір, төменге бір қарап, өзі арық мойнымды қылқаңдатып соза бастадым. Жоғарыға шапшаң көз жүгіртіп, төмендегі жұрт арасынан іздеуге асыққандықтан ба, балконда біздің қыздар жоқ сияқты көрініп, тез төмен қарай жүгірдім. Жан-жағыма алақтап көз салып, әркімге бір тесіле қарап, елпеңдей басып келе жатыр едім. Сол кезде фойедегі жұртты қақ жарып, таныс, бейтаныс адамдарымен қайта-қайта бас изей сәлемдесіп, көрермен қауымға мейірлене, бейілдене жымиып, сол жымиюымен жан-жағына шуақты жылу шашып, маңғаз аяңдап профессор Әуеновтің қарама-қарсы кеп қалғанын бірақ аңғардым. Жалма-жан шетке бұрылып:
– Мұхит аға, сәлеметсіз бе, — деп оң қолыммен кеудемді басып, бас идім.
– Бәле, бұл Ербол, сенбісің? «Қобыландыны» көруге келдің бе? – деп Әуенов бұрылып келіп мені білегімнен алды. Осы арада мен мыңдаған таныс, жүздеген студенттері бар Әуеновтің адам аттарына соншама зеректігіне таң қалдым. Профессорға сәлем бере тұрып, бұл кісі менің жүзімді танығанымен атымды біле қояр дейсің бе? Күн сайын алдынан топ-тобымен өтіп жататын шәкірттерінің қайсысының аты-жөнін біле береді, менің есімім де есінен шыққан шығар деп ойлаған едім. Жоқ, олай емес екен. Профессор мені өзімен ілесе жүруге икемдеп, сөзін жалғады.
– «Қобыландыны» көруге келгенің абзал болған, көру керек. Жалпы театрға көп барғанын, спектакльдерді көп көргенің дұрыс. Мен Ленинградта оқығанда әрбір жаңа спектакльді босатпай көретінмін. Кітаптан оқығанда көп нәрсе көзден таса қалып қояды. Ал сол оқиғаны сахнадан көрсең, ол ешқашан ұмытылмастан есіңде жүреді. Сахна тәрбиесі деген – ерекше тәрбие. Ол ұғымды, жұғымды, ұтымды болады, Ербол. Жалпы өнердің бәрі ұстаз ғой. Ал ұстаздардың ішінде тыңдаушының құлағына құйып беретін сұңғыла шешені, ұқсас ерік алдына қоймайтын өзгеше салауаттысы болмай ма? Ендеше театр өнерін де сондай ұстазға пара-пар деп білуің керек. Театр – бос ермек, орынсыз күлкінің орны емес. Ол ақыл мен сезімге нәр беретін орын…
Әуенов өзінің теңіз ырғақты үнімен тебірене сөйлеп кеткен еді. Мен, даладағы екі жігітті де, театрдан өзім іздеуге келген екі қызды да ұмытып, профессордың шабытты сөзін ұйып тыңдап қалған болатынмын. Осы кезде біреу көлденеңдеп келіп, қос қолын бірдей ұсынып, Әуеновтің сөзін бөліп жіберді. Онымен амандасқаннан кейін профессор қайтадан маған қарады.
– Орның бар ма өзіңнің? Қай жерде? – деп сұрады.
– Бар, Мұхит аға, — деп мен саусағымды шошайтып, төбені нұсқадым. Оным: «орным балконда» дегенім еді.
– Менің қасымда, бірінші қатарда бір бос орындар тұр. Мен саған ақша берейін, Ербол. Егер сол орындардың бірі шын бос болса – билет ал. Орын болмаса – ақша қалтаңда қалсын, басқа бір керегіңе жаратарсың, өз орныңда отырып көре бер, — деп Әуенов жұрт көзінен тасалай қалтасынан жүз сом суырып, менің, алақаныма салып, жұдырығымды өзі жұмды. Сонсоң иығымнан қағып, — бар, тез билет алып кел, Ербол, – деді.
Мен: «Рахмет, Мұхит аға» деп міңгірлеп, өз-өзімнен қызарып, сыртқы есікке қарай аяңдадым. Есікке тақағанда бүйірден бір таныс дауыс құлағыма шалынды.
– Иә, ағай, кімді іздеп жүрсіз?
Жалт қарасам, Майра екен. Қасында Меңтай тұр.
– Сендерді, – дедім қуанып кетіп. – Қайда отырсыңдар өздерің, бағанадан бері шарқ ұрып, таба алмай жүрмін.
Сөйтсем олар балконда, нақ менің алдымда, иегімнің астында отырыпты. Мен жарты сағаттай, қараңғыда, солардың желкесінде тұрыппын.
– Иә, ал, неге бізді іздедіңіз? — деп сұрады Майра. Меңтай да бетіме қарады. Бұл сұрақты ол маған үнсіз қойды. Менің жүзімнен өзіне аса қажет бір нәрсені іздегендей боп, қымсына, қиыла, үміттене, үзіле қарағандай болды, тобарсыңқырап тұрған жұқа ернінің жиегін күлкі қозғап өткен іспеттенді. Содан соң лезде ернін жымырып, орынсыз келген күлкіні қымтап, тас қылып бекітіп тастаған сияқтанды.
– Жай, бір кісілер іздеп келген екен екеуіңді… Солар тауып бер деген соң…
– Иә, ол кім? — деді Майра сөзімді аяқтатпай маған қарай сол ентелей түсіп. Меңтай үндемеді. Қайта менің: «бір кісілер екеуіңді іздеп келіпті» деген сөзім оның иығынан батпан болып басқандай, жаңағы күлкі қозғаған ернін жазалағандай боп, аяусыз тістелеп, төмен қарады. – Иә, қандай кісілер – әйел ме, еркек пе, айтсаңызшы тез.
– Екі жігіт, бірі Меңтайдың ағасымын, атым Тұмажан дейді, – дедім мен бәсең, солғын үнмен. Меңтай селк еткендей боп, ернін одан сайын тістелеп теріс айналып кетті.
– Неге әкелдіңіз оларды? Әкелмеуіңіз керек еді ғой, – деді қынжылған қалып білдіріп.
Мен сасып қалдым. Біреуге істеймін деген жақсылығым екінші біреуге жамандық болар деп ойламаған басым не айтатынымды, недерімді білмедім.
– Жік-жапар боп жалынған соң… Қайдан білейін… және уәдем бар демеп пе едің өзің…
Меңтай қиналғандай боп басын шайқады. Онысы уәдем жоқ дегені ме, әлде тағы да бекер әкелгенсіз дегені ме – оны анық ұға алмадым.
– Ендеше көргемін жоқ, таба алмадым деп айтыңызшы, – деді ол жалынғандай боп.
Мен қысылдым, не дерімді білмедім. Бар аузыма түскені:
– Меңтай-ау, қалай өтірік айтамын, — деппін.
– Иә, рас, ағай не деп өтірік айтады, – деді Майра. – Жүр шығайық. Әдейі іздеп келген кісілерге шықпау ұят болады.
Ол Меңтайды білегінен ұстап, сыртқа қарай икемдеді. Меңтай басын шайқап күрсінді де: «Ал, баста» дегендей ишара жасады. Байқасам, бетінде қан қалмай, бейне бір өлімге бара жатқан адамға ұқсап, қуарып кетіпті. Мен өзімді Меңтайды жігітімен жүздестіруге емес, дар ағашына қарай айдап дара жатқан жендеттей сезініп, қалбақтап алға шықтым.
– Онда мен… мен… жоқ екен деп айтайын, – дедім.
Қыздар менің бұл сөзімді естімеді ме, естісе де енді кеш деп, елемеді ме, ілбіп ілгері жүре берді. Жігіттер сыртқы дәлізге кіріп, бір бұрышта күтіп тұр екен. Шегір көз сары қыздарды көргенде құбылып сала берді. Жымыңдап, жылмиып, маймаңдай басып бізге қарай ұмтылды. Иіріліп, иіліп еңкейіп келіп, Меңтайға бас иді. Аяғын сарт еткізіп жіберіп, оның қолын алды да, алдымен ернін тигізді, сонан соң алақанын апарып бетіне басты. Меңтайдың қолын жайлап босатып, тез Майраға қарай бұрылды да, аяғын тағы да сарт еткізіп, жаңағы жасағандарын жылмия тұрып қайталауға кірісті.
«Апырай, мына Тұмажан бір емес, екі кісі болып шықты-ау, – деп ойладым мен оның мына қылықтарына қарап тұрып. — Жаңа маған соншама сызданып еді. Енді қыз алдында құрдай жорғалауын қарашы».
– Бикештер, өздерің қашып, ұстататын емессіңдер ғой, – деді ол қыздарға қырлана үн қатып.
– Бізді аяғымыздан тұсап, арқандап кеткен ешкім жоқ шығар, – деді Меңтай сабырлы үнмен.
Шегір көз сары иығын қозғап, ұрынбақ болып қопаңдап қалып еді. Одан бұрын Майра сөйлеп кетті.
– Иә, Меңтай түні бойы қатты ауырып, түске дейін төсекте жатып еді, – деді ол. – Содан соң бой жазайық деп театрға келдік. Әйтпесе, әрқашанда үйдеміз.
Шегір сары Меңтайға қадалып, оның шынында да жабырқап тұрғанын көрді. Сондықтан ол оқталған сөзін айтпады.
– Ал, қош болыңыздар, – дедім мен кетуге ыңғайланып.
– Ағай, сізге рақмет, – деп Ерғазы келіп қолымды алды. – Сіз болмасаңыз, біз таба алмайтын едік бұл кісілерді.
Тұмажан жай ғана иек қақты. Меңтай үнсіз, төмен қараған күйде қалды. Майра көзінің астымен Меңтай мен Тұмажан екеуіне кезек қарай берді.
Мен енді қайта театрға кіре алмайтынымды, кірсем де орнығып отырып, ұғып ойын көре алмайтынымды сездім. Театрдан шықтым да, ішім толып бара жатқандай боп, жатақханаға қарай жүгірдім. Өкпем күйгенде барып бір-ақ тоқтадым. Ненің қуанышы қуалап жүгіргенімді өзім де білмедім. Жоқ, ол қуаныш емес еді. Бағанадан бері денесінде снарядтың жарықшағы қалған жаралы адамдай күйде болатынмын. Енді сол «жарықшақ» қозғалып, жанымды шығара бастады. «Апырау, неге ертіп әкелдім осы екеуін сөлпеңдетіп?» – деп бір өкіндім. «Мен әкелмегенмен олар бірін-бірі бәрібір табады ғой», – деп қайтадан өзімді-өзім жұбаттым. «Меңтайдың өтінішін орындап, қыздар мұнда жоқ екен деп, неге өтірік айтсам, аузым қисайып кетпейтін еді ғой» деп және қиналдым. «Қой, өлсем де, өтірік айтпаспын» деп ол ойыма тағы қарсы болдым. Мені мұншама ойға қалдырып, жанымды қинаған «жарықшақ» — қызғаныш пен өкініш еді. Мен Меңтайды уәделескен жігітінен қызғандым. Мен оған берген уәдеңді бұзба дегеніме бір өкінсем, енді екеуін қолдарынан жетектегендей боп біріне-бірін табыстырғаныма және өкіндім. Өкініш пен қызғаныш өксік болып, тамағыма кептеліп еді. Ол күні осылай болғанды.
* * *
– Сол үш күн бойына сізді ойыма алумен болдым, – Меңтай күрсініп, қайтадан сөзін жалғап. – Тұмажанды тасырлап, одыраңдай театрға жетіп келгенінен-ақ ішім жаратпап еді. Оны сол ұнатпағаным ұнатпаған болды.
Меңтай булығып, қыстығып сөйледі. Әлденеге ішқұса болған адамның қалпымен ішіндегі ешкімге жария етілмес жасырын деген сырын ақтарды.
– Ол мені ерік алдыма қоймай, жүргенімізде Майрадан бөліп оңаша үйге алып кетті, – деді Меңтай орамалымен көз жасын тағы бір сүртіп алып. – Майра анау жуас жігіттен құтылып кетіп, шарқ ұрып, мені іздепті. Бір қаланың ішінен бір адамды табу бір мая шөп ішінен жоғалған инені іздеумен пара-пар ғой, таба алмапты. Үш күннен кейін ана пәледен құтылып үйге келсем, менен айырылдым деп жылап-сықтап Майра жатыр екен. Келгенімді көріп, жаны қалмай қуанды ол байғұс. Келгенімді қайтейін, кеше ғана қыз боп аттап жүрген табалдырығымнан енді басқа боп аттаған соң. Жұрттың бәрі маған Тұмажанның не істегенін біліп отырған сияқты болды. Маған бәрінен де сол батты. Бөлмедегі қыздардың бетіне қарай алмадым. Тұмажан ойыма түскенде сол сұммен қалай бірге жаттым деп, өз денемнен, өзім жиіркендім. Тұмажанның дегеніне көніп, оны ұнатпай тұра осалдық жасағаныма өкіндім. Ішім удай ашыды. Оған неге көнгенімді, жетегіне неге ергенімді өзім де білмеймін, сенсеңіз. Содан соң сізді есіме алып, және жылай бердім егіліп. Осы бір жылдың ішінде сізге сондай бауыр басып кеткенімді сол үш күнде бір-ақ білдім. Сыртқа сездірмесем де, маған сіздің адалдығыңыз, әділдігіңіз, ақ көңілділігіңіз ұнайтын. Жаныңыздың жұмсақ, жүрегіңіздің мейірбандығын жаратушы едім. Көпшіл көңіліңіз, адамға деген қамқорлығыңыз жанымды тебіренте тербейтін. Ата-анадан, сүйген қыздан, сүйікті достан айырылып қалған күйініш қасіретіңіз, олар жайында адал көңілмен бәрімізге айтып ақтаратын мұңды әңгімелеріңіз жүрегімді елжіретуші еді. Сіздің маған деген оттай ыстық махаббатыңыз ерітіп, есімді алатын. Бірақ бұрын біреумен уәделесіп қойғаннан кейін сізге сырымды бермей, ұқпаған, елемеген, естімеген боп жүре беретінмін. Еріп, елжіреп тұрсам да шегедей қатты, шегендей берік боп көрінуге тырысатынмын.
Меңтай аузынан бұл сөздерді естігенде мен өне бойым қалтырап, не болғанымды білмей кеттім. Қатты тістеніп, қайта-қайта басымды шайқай бердім.
– Оны мен білдім бе, Меңтай-ау, – дедім онымен қоса жыларман болып, дауысым дірілдеп. – Өзің уәдем бар, сол кісіге сөзімді беріп қойдым деген соң… Оның үстіне ағайымның өсиеті еді дедің…
– Ой, ағай-ай, сіз қызық екенсіз ғой. Қай қыз жігітке айтқаның бола қойсын дейді. Көңілі бар қыздың «болмайды» дегені, «болады» дегені екенін білмейтін бе едіңіз? Сонда сіз анау Тұмажанға ұқсап, бауырыңызға қысып, босатпай қойсаңыз, онда мен сіздікі едім ғой.
– Ендеше… әлі де… кеш емес қой, – дедім сөзім үзік-үзік шығып, Меңтайдың Тұмажанмен қосылып қойғаны көңілімді күпті етіп, ішімді ашытса да, оны елемеуге тырысып. – Әлі де өтінемін, Меңтай, мендік бол.
Меңтай басын шайқады.
– «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» деген мақал бар қазақта, – деді ол. – Мен енді не болса да Тұмажанмен боламын. Өйткені сонымен қарайып қалдым. Уыздай ақ күнімде қасыңызда, еркіңізде, құзырыңызда едім. Үндемей жүріп, ішпен ғана сізді тіледім. Енді бәрі бітті, маған өкпелемеңіз, ағай…
Осыны айтып, орамалымен бетін басып, Меңтай тағы да жылады. Мен не істерімді білмей, оның ақ білегінен ұстап, қоса қиналып, қолының басын қайта-қайта сипай бердім. Төбедегі шамның жарығы орындықта отырған ақ жүзді, ақ мойын, ақ жүректі ару Меңтайдың сол сәттегі мұңды пішінін, ұлы суретшінің майлы бояумен жасаған картинасындай етіп, менің жүрегіме, мәңгі сақталып қалу үшін, сансыз сәуле, нұрмен өрнектер салып жатқан сияқты еді.
Меңтай орнынан тұруға ыңғайланып, ең соңғы сөзін айтты.
– Еркек өзін сүймеген қызбен жау боп, жамандасып кетеді деп білуші едім. Ең жоқ дегенде ол қызға теріс айналып, өш алу үшін басқан ізін аңдып, кекеп-мұқап жүретін болар деп ойлайтынмын. Солай екені де рас. Сіз өйтпедіңіз, қасыма келіп, хал-жайымды сұрадыңыз. Мен сіздің бұныңызға да шексіз ризамын. Рақмет, ағай.
Меңтай орнынан тұрып, кібіртіктей басып, өз жатақханасының (бұл кезде ол Калинин көшесіндегі корпуста тұратын) есігіне қарай аяңдады. Менің қабырғам сөгіліп, іші-бауырым езіліп бара жатқан сияқтанды. «Әйел жанын ұғу оңай емес деген осы екен-ау, -деп ойладым. — Тұмажанды жек көремін дейді. Жақсы көретін кісіге және бұрылмайды. Кіммен қарайсам – сонымен ағарамын дейді. Ағарасың ба? Ағарсаң жақсы-ау» деп, мен басымды қайта-қайта шайқадым. «Көзге жақын, көңілге алыс қыз шіркінді түсіну қиын екен-ау» деп қиналдым. Қозғалмасын деп біреу өзімді орындыққа қыл арқанмен таңып тастағандай боп көрінеді. Меңтай есік алдына барып, кейін бұрылып, маған иіліп бас изеді де ішке кіріп кетті. Ай батып, айналам түнек тартып, қараңғыға қамалғандай боп, мен қалдым.
Ойлап-ойлап, ақыры мен университеттен кетуге бел байладым. Өзімді де, Меңтайды да қинамайын дедім. Ертеңінде университеттің сырттай оқу бөліміне ауысып, емтихан, сынақтың бәрін келесі жазда келіп тапсыруға рұқсат алдым. Содан соң газет қызметіне орналасармын деп көрші облысқа жүріп кеттім.
Облыстық «Алатау жұлдызы» газетінің редакциясы мені жұмысқа бірден қабылдады. Газеттің аудандарға жүріп тұратын ісі болып, бара сала қызметке кірістім.
XVII
1947 жылы июльдің басында мен өзім тұрған облыс орталығынан поезбен Алматыға сапар шектім. Университетке, сырттан оқитындардың жазғы сессиясына қатысуға келе жаттым. Бір купеге балуан бітімді, ұзын қара мұртты қартаң қазақпен қатар жайғасқан едім. Біз отырғаннан кейін поезд ілгері қозғалып, қайта кейін сырғып артта қалды. Көршім терезеге үңіліп, мен кітапқа бас қойдым. Сөйтіп уақыт өткізуге кірістік.
Жолда, Нар станциясынан, біздің купеге жүзі таныстау сияқты бір жігіт келіп кірді. Мен быржиып семіре бастаған бұл адамды қайдан көрдім деп ойланып отырғанда, ол мені тани кетті.
– Өй, сен солдат емессің бе? – деді салған жерден.
– Иә, бірақ қайдағы солдат?
– Қой, қой, бұлталақтама, — деді бейтаныс адам бірден сен деп сөйлеп, бейнебір менімен бірге өсіп, өмір бойы біте қайнасып келе жатқандай-ақ. — Сен КазГУ-де оқисың ғой. Өткен күзде көріп едің ғой, 7 ноябрьдің қарсаңында, жатақхана жанында. — Менің жүрегім зырқ ете түсті. «Апырау, осы сол болмасын» дедім ішімнен оған абайлай қарап. – Ұмыттың ба? Сен мені театрға ертіп апарып, Меңтаймен жолықтырғаның қайда?
Анық сол болды.
– Иә, аман-есенсіз бе? – деп мен қолымды ұсындым. – Сіздің атыңыз, ұмытпасам, Тұмажан Ошақбаев еді ғой.
– Иә, оны қойшы. Саған, жігітім, сол жолғы қызметің үшін көп рахмет. Сен болмасаң мен ол жолы Меңтайды таба алмай кететін едім де, оның несі… – деп танауын желбеңдетті сары шегір. – Өзің де білесің ғой қыздың бойындағы ана несін… белгісін… Сол жолы сен кездеспесең, маған ол қыздың сонысы бұйырмайтын еді. Нардан Алматыға босқа далақтап барып қайтатын едім. Бірақ, жолым болды. – «Жолы болғыш келеді мұндайлардың» деп ойладым мен ішімнен. — Өзім де «Әттең, қолыма түссе» деп алақаныма түкіріп барып едім. Түсті ақыры. Өй, құлындай шыңғырттым-ау өзін де… Ошақбаев опық жемейді!
Мен не дерімді, не істерімді білмей қызарып, қысылғанымнан терлеп кеттім. Ол мені әңгімемнің қызықтығына елтіп отыр деп ойлады-ау деймін, дарақыланып жаңағы сөзін сол тұрпайы қалпында жаңадан жалғастырды.
– Ал үшінші күні қызың сүзектен тұрғандай боп, екі көзі шүңірейіп қалды. Кешке қарай көшеден такси ұстап әкелдім де, ішіндегі бар нәрін сорып алып, сыртындағы қабығын лақтырып жіберген лимондай етіп, қызды жатақхана жанына жеткізіп тастадым. Ол, сең соққан балықтай теңселіп, салы суға кетіп, есікке қарай жылжыды. Ал мен, бір рота немісті жалғыз өзім жайпағандай көңілім өсіп, Нарға қарай тарттым да кеттім құйғытып. Ошақбаев опық жемейді!
«Ошақбаев опық жемейді» деген мұның сөзінің мәтелі екен. Әр сөйлемінің соңында осы бір дарақы, жаттанды сөзді екілене қайталауды ол өзінің әдетіне айналдырып алыпты. Мен бұл парықсызға не айтарымды білмедім.
– Сіз қыздың ағасымен дос болмап па едіңіз? – дедім бар аузыма түскен сөз осы болып.
– Болса несі бар, онда не тұр? – деді Тұмажан екі танауы едіреңдеп. – Қыздың не үшін жаратылатынын білесің бе өзің? Білмесең мен айтайын: қыз – қызық үшін, ләззат үшін жаралған. – Осылай деп ол өз-өзінен тамсанып, тісін ақситты. Бұл тұста ол маған кісі емес, тісі сақылдап тұрған қасқыр сияқты боп көрінді. – «Қыз» деген сөздің өзі қызды көріп, бүйрегін бүлкілдесін, бүйірің қызсын, оны көрсең лап қой, бассал да, умажда деген мағынаны береді. Ал мен бас салдым да, өмірдің өзіме тиісті қызығын көрдім. Кеше немістермен біз не үшін соғыстық осындай қызық көрмесек, а? Мен саған айтайын бар ғой: дүние екі келмейді. Сондықтан жас күнінде тәтті қыздардың шырынын сорып қалу керек, мына мен құсап. – Ол жыртқыштың тұяғы іспетті мұқыл саусағымен өз кеудесін бір түртіп қойды. Содан соң қысық көзін одан сайын сығырайта түсіп, сөзін аяқтады. – Жалғыз қыз ғана емес, өмірдегі тәттінің бәрінен өз үлесіңді үзіп, жұлып, жұлмалап алып қалуың керек! Міне, мұны білетін Ошақбаев ешқашан да опық жемейді!
«Философиясын азғынның» дедім ішімнен қаным қыз-қыз қайнап. Одан соң оның арсыздығын бетіне баспақ боп, тағы да бір сұрақ қойдым.
– Қыз ағасының сізге айтқан өсиеті бар емес пе еді: тірі қалсаң менің қарындасыма қосыл, қорған бол деп тілек етпеп не еді? Сонда сіздің мұныңыз қалай болғаны?
– Тоқтай тұр. Оны сен қайдан білесің? Тегі сенің сол қызбен бірденең бар шығар, түрің жаман, – деп Тұмажан бетіме тесірейді. Көзі жыланның көзіндей өткір екен, кірпігін қақпады. Содан соң бейнебір менің кінәмді кешіргендей боп, мардымси сөйледі. – Жарайды, болса бола берсін, – деп қолын бір сілтеді де, сұрағыма жауап берді. — Бірақ, «өлгеннің өсиетін тірі орындамайды» деген бар емес пе, сен оны білесің бе? Мен өзім өмірде осы қағиданы мықтап ұстайтын кісімін. – «Сен кісімісің, кісі бейнесіндегі қорқау емеспісің?» дегім келді осы жерде. Бірақ ол сөзін аяқтасын деп, үндемедім. – Өлген адам өлді, топырағы торқа болсын! — Ол өз-өзінен ыржалақтап, кеңкілдей күліп қойды. – Өлген адамның жамбасы жайлы жерде жатыр. Ал тірі менің де, – ол тағы кеудесін түртті, – жаныма жайлы өмір кешуім керек. Ендеше, шөпжелке бір студент қыз оқу бітіреді екен деп алтын өмірімді өксітіп отырмақпын ба тосып. Оқуды таста, маған қатын бол дедім ол қызға. Көнбеді. Көнбесе өз обалы өзіне оның. Ошақбаев опық жемейді!
Осы сәтте әлдебір ерлігі есіне түсіп кеткендей, Тұмажан қаймыжықтай ернін жымырайтып, жымиып алды. Тілін шағатын жыланның тіліндей жалақтатып қойды.
– Өзім де қумын, – деді ол содан соң маңғазданған боп. – Оқ тиіп құлағаннан кейін қыздың ағасы өлетінін біліп, қарындасын маған тапсырды. Тірі қайтсаң көз қырыңды салып, қамқорлық жаса, менің орныма аға бол деді. Оның қарындасының суретін талай рет көргемін, сұлу екенін білетінмін. Бір жаман ой келе қалды да: «Осы айтқаның рас болса, қарындасыңа деген бұл өсиетіңді қағазға жазып кет» деп, қойын дәптерімді алдына тоса қойдым. Ол сорлының ойы шын екен. Өлетін адам өтірік айта ма? Бейшара қолы қалтырап, сөз құрастырып жаза алмады. Сонсоң блокнотты шапшаң қайта алдым да, ақ бетіне сүйкектете жөнелдім. Анау өліп кетпей тұрып, тез қолын қойдырып алайын деп асықтым. Ақ қағаз бен оның қағаздай боп ағарып кеткен бетіне кезек қарай отырып, былай деп жаздым:
«Бауырым Меңтай! Тұмажан менің досым. Елге тipi барса, осының етегінен ұста, сенің басыңды қор қылмайды. Бұл менің саған өлер алдында айтқан өсиетім, бауырым. Орында, қалқам.
Ағаң Ербосынов».
Осылай деп, оған сүйемелдеп отырып, қолын қойдырдым. Не жаздың деп сұрауға да шамасы келген жоқ. Тез қолын қойдырып алғаным жақсы болды. Өйткені Жүніс содан кейін бірден әлсіреп, сәл сұлық жатты да, біраздан соң өне бойы қақайып, ол дүниеге кетті. Аяғында жақсы ботинкасы бар еді, алдымен соны шешіп, обмоткасымен орап киіп алдым. Қалтасындағы заттарын, қойныңдағы қыздың суреті мен әдірісін алдым да, сүйегін сүйретіп бір шұңқырға апарып салдым. Ошақбаев опық жемейді!
«Тым болмаса мынау сасық мәтелді осы жерде айтпасаң етті деп ойладым мен. Одан соң:
– Бетін де жаппадыңыз ба? – дедім оған шошына қарап.
– Оның қажеті не? Топырақ өзі де бүркеп алады, – деді Тұмажан шімірікпестен.
– Ал сіз ол кісінің басына зират орнаттым деп келіпсіз ғой,– дедім мен Меңтайдың маған бұл адамның ағасына жасаған «жақсылығын» соншама сүйсіне айтқаны есіме түсіп.
– Сен оны да біледі екенсің ғой, – деп Тұмажанның жылан көзі маған тағы да шаншыла қадалды. Содан соң көзін тез тайдырып әкетті де, өзіне өзі риза болғандай, қарқылдай күлді.
– Қыздар ертегіні жақсы көреді. Ендеше сен оны біліп қой. Оның үстіне менің ол қыздың басын айналдырып, алдымен уәдесін алуым керек болды емес пе? Қыз бен командирдің алдында лыпылдап тұрмасаң болмайды. Сонда олар сенің сыртыңды ішің екен деп қабылдайды, өңіңді өзің деп түсінеді. Бірақ тәжірибелі командир сенің ар жақ, бер жағыңды бірден аңғарады. Ал тәжірибесіз қыздар жігіт неғұрлым жылпылдай берсе, солғұрлым соған қарай жығыла береді. Мен де сөйттім. Ошақбаев опық жемейді.
Мен ернімді тістеп, басымды шайқадым. Тұмажан өзінің арсыз қылығына өзі мәз болып, поездың терезесіне бір қарап қойды да, әңгімесін жалғады.
– Соғыстан келген соң қызды Алматыға іздеп барып, ағасының сәлемін алдымен ауызша айттым. Сенбеді. Сонсоң қойнымдағы сары майдай сақтап жүрген блокнотты суырып алып, жаңағы сөздерді оқыттым. Дәптерімнің сол бетіне бір қызыл бояу да жағып қойған едім. «Мынау ағаңыздың жарасынан тамған қаны» дедім қызға. Осыдан кейін қыз байғұс оқ тиген жапалақтай боп, жалп ете түсті. — «Өзің жапалақ, зұлым,– дедім мен ішімнен. – Оқ тиген үйректей деуге тілін келмей ме сен сұмның. Періштедей Меңтайды жапалаққа теңеуін бұл жауыздың. Өзі құзғын болған соң өзгені жапалақ деп біледі ғой бұл сұмырай!» – Жалп еткені емес пе, блокноттағы ағасының қолын танып, оны қайта-қайта бетіне басып, ағыл-тегіл жылады-ай кеп. Ақыры уәдесін берді. Бірақ бойына дарытпады, «асықпаңыз» деп қарысып отырып алды. Әйтпесе мен оны сол жерде-ақ жайлап кететін едім. Ал асықпағанның арты жаңағыдай болды. Оқуды тастап, маған ти, ауылға кетейік деп бірнеше рет хат жаздым. Көнбей қойды. Көнбесең… дедім де, — ол былш еткізіп былапыт сөздер айтты, — мен елде үйі-күйі, қора-жайы, 3-4 сиыры бар шалқып отырған жесір, жас, бай әйелге үйлендім де алдым. Тышқақ лағы жоқ студент қыздың қасында бұл дегенің шылқып жатқан байлық емес пе? Өйткені Ошақбаев опық жемейді. – Тұмажан менің бас изеп, мақұлдауымды күтті. Мен міз бақпай отырып қалдым. — Үйленер алдында ол қызды ең болмаса бір жайлап кетейін деп, қалтаға ақшаны сықап, қасыма Ерғазыны алып, о дегенше апыл-құпыл әйда Алматыға тарттым да кеттім емес пе! Жаңа айттым ғой: онда, мына сенің көмегіңмен, ойлағанымды орындап, «екі жылдан соң оқу бітіресің, содан соң біржола аламын» деп қызды алдап, абыройын жосадай ағызып, қатын ғып кеттім де, келе-сала жаңағы әйелге үйлендім. Енді маған бұл әйелім де бір, Алматыда қызбын деп жүрген Меңтайың да бір. Қыз атандыратын белгісі бойынан кеткеннен кейін әйелден әйелдің айырмасы болмайды, шырағым.
«Жоқ, бекер айтасың, – дедім мен іштей зығырданым қайнап. – Алтынды адал қол да, арам қол да ұстайды. Арам қол бір тигенге алтын арам болып қалмайды. Сол қадірлі, қымбат күйінде қалады. Ендеше Меңтай сол саф алтын сияқты. Сен алтынға тиген арам қолсың ғой. Алтынды бір сипағанға арманымнан шықтым деп ойлайсың. Оны қорлап, қадірін кетірдім деп түсінесің. Жақсы қыздың абырой белгісі тәнінде ғана емес, жанында болатынын сен білмейсің, сұмпайы. Меңтай бойындағы асыл белгі – оның ақылдылығы, адалдығы, арлылығы, жанының жібектей жұмсақтығы. Меңтай бойындағы бұл белгіні сен ешқашанда жоя алмайсың, ақымақ. Болатты тот баспайды, алтынға кір жұқпайды. Меңтай суы таза мөлдір бұлақ іспеттес. Ал сен итсің. Иттің тұмсығы бір тигенге бұлақ арам болып алмайды…»
– Осы сөздер көмейіме келді. Лақ еткізіп айтып салсам ба деп те ойладым. Бірақ аузымнан басқа сұрақ шықты.
Сіздің мұныңызды, үйленіп қойғаныңызды Меңтай біле ме? – дедім қыстығып. Ана жолы бұл сұмның өтінішін орындап, театрға ертіп барып Меңтайға кездестіргенімді қылмыстай көріп, өзімді-өзім жерледім. «Меңтайдың мені сүйетінін неге аңғармадым, неге батылдық жасамадым. Не деген соқыр, не деген ынжық едім мен», — деп Тұмажан жасаған қылмысты өзім жасағандай қиналдым. Оның осы қылмысты жасауына аңқаулық, адалдықпен еріксіз көмекші болғаныма күйіндім.
– Е, білмегенде ше, – деді Тұмажан едіреңдеп. – Олардың өткен қыстағы каникулы кезінде мен әдейі командировка алып, Алматыға бардым. Ондағы ойым ол қызды тағы да бір жәукемдеп кету еді. Бірақ, өткен жолғыдай емес, қыз қиқаңдап, маңына жуытар болмады. Жалынып та айттым, қорқытып та айттым. Көнбеді. «Енді оқу бітіргеннен кейін бір-ақ қосылайық. Әйтпесе бойыма бала бітіп қалады, сонсоң оқуды бітіре алмаймын» деп бәлсінді. Тіпті ыза болғаным сондай, сол жерде бетіне былш еткізіп айттым да салдым:
– Ендеше, сенің бір тиынға да керегің жоқ. Мен үйленгелі екі ай болды. Сен құр тұлыпқа мөңіреген сиырсың, – деп. – Бірақ соны бекер айтқан екенмін деп өкінемін. Қызға өзімнің үйленіп қойғанымды айтпай, қатынға сездірмей, оқу бітіргенше оны да пайдалана беруім керек еді, бірін бәйбіше, бірін тоқал етіп. Шыдамсыздық жасадым. Өйтпесіме тағы болмады. Жігіттік намысым жібермеді. Білсін, бәлем, онсызда күн көре алатынымды деп, айттым да салдым, қайдан шықса, одан шықсын деп. Ошақбаев опық жемейді ешқашан!
«Намысының түрін шошқаның!» дедім ішімді ыза кернеп. Оның бетіне былш еткізіп, түкіріп те жібергім келді. Немесе шарт еткізіп жағынан шапалақпен тартып жіберсем бе екен деп ойладым. Өйтсем, бұл ит менімен төбелесе кетеді де, мені қазір милиция бұл түсетін Біртөбеден қоса поездан алып қалып, тергеу, тексеруге салады. Сөйтіп, уақыт босқа кетеді, жазғы сессияға кешігіп қаламын деп, өзіме-өзім амалсыз тежеу салдым.
– Анадағы, қасыңызға еріп келген жігіт қайда? – дедім Тұмажанға теріс қарап отырып.
– Ерғазы ма? Ол бір ашық ауыз ғой. Алматыда қолына ұстатқан мынадай қыздан аузы аңқайып айырылып қалған одан не сұрайсың. Жүр ауылда әлі күнге дейін әйел ала алмай.
Осы кезде поездың жүрісі баяулап, Бір төбе станциясына жақындап қалды. Тұмажан шеті жемтір-жемтір әскери сумкасын қолына алып, орнынан тұрды.
– Не қызмет істейсіз? – деп сұрадым мен одан орнымнан қоса түрегеліп.
– Осы мына Бір төбе ауданында сақтық кассасының бастығымын, – деді ол қолымен сол жақты нұсқап.
– Ақшаның көп жерінде екенсіз ғой.
– Еһе, көп жерінде. – Осыдан кейін ол менің құлағыма сыбырлады. – Мемлекет деген қайнап жатқан қара қазан ғой. Ебін тапсаң, ол қазаннан қалқып ішіп, қылқып жей беруіңе болады. Нарда бір көктөбел үйім, осында бір шифер шатырлы үйім бар. Құдайға шүкір, жаман тұрмаймын. Ошақбаев опық жемейді! – деді.
Осыны айтып болып ол, қисаңдай аяңдап, есікке қарай жөнеле берді. Есікке жете бере артына қайта бұрылып, маған қарады.
– Сен Алматыға бара жатсаң, бұрынғы байың сәлем айтты де Меңтайға, – деді ол кеңкілдей күліп, томпиған қозы қарнын үсті үстіне сипалап. Мен қабағымды шыттым. Соны аңғарды ма, ол сөзін дереу басқа арнаға бұрды. — Айтпақшы, сенің көңілің болса ол қызды нетуіңе болады, – деді ол бұғақтанып алған мұқыл иегімен поездың алдыңғы жағын нұсқап. — Ол нешауа қыз. Бірақ енді маған оның керегі жоқ. Ошақбаев опық жемейді!
Осы сөздерімен ол мені бақытты еттім деп ойлаған болуы керек. Есікке қарай қайта бұрылып, талтаңдай жөнелді.
– Әй, тоқта, – дедім мен осы кезде өзімді-өзім ұстай алмай, өне бойым қалш-қалш етіп. Оның қасына қалай жетіп барғанымды да білмеймін. Бара сала, бала күнгі әдіспен, шықшыттың астын ала бар пәрменіммен періп кеп жібердім. Тұмажанның басы сарт етіп, вагонның қабырғасына соғылды да, қолтығындағы сумкасы сусып жерге түсіп кетті. Ол көзі бақырайып қайта түзеле берген кезде иектің ұшынан баспен және бір сүзіп кеп қалдым. Ошақбаев үн шығара алмастан жалп етіп барып, еденге құлады. Осы кезде:
– Ұр, айналайын! – деп бағанадан бері біздің сөзімізді үнсіз тыңдап отырған еңгезердей мұртты қазақ орнынан атып тұрды. – Қызды қорлаушының сазайын осылай беру керек! Ұр, айналайын!.. Ата-бабамыз оң жақтағы қыздың өзі түгіл, отауына шаң жуытпаған: қыз абыройын қызғыштай қорыған. Қыз балаға қасқыр боп тиген еркекте еш қасиет болмайды. Бұл жігіт емес, жылмаңдаған ұры ит қой шырағым. Аяма мұндай сүмелекті!..
Онсыз да қаным қарайып, Тұмажанды түтіп жердей күйге келген едім. Оның үстіне мына сөз жаныма және қамшы болды ма, әлде көрші қазақтың өзімді қостағанына арқаландым ба, білмеймін, орнынан тұрып келе жатқан Тұмажанды ал кеп тепкілейін. Проводник әйел жүгіріп келіп арашалағанда ғана әрең тоқтадым.
Менің долданып алған түрімнен қорықты ма, әлде қасымдағы таудай қазақтың қияпатынан сескенді ме, әйтеуір, Тұмажан ләм деп аузын ашқан жоқ. Бар болғаны: «Әй, сен де осындай ма едің?» деп таңданғандай, жыпылықтап бетіме қарай берді. Содан соң жанында жатқан сумкасын алып, орнынан сүйретіле көтеріліп, есікке қарай зытты.
– Арсыз! – дедім мен оған артынан айқайлап. Тұмажан менің сөзімді естімеді де, естісе де елемеді ме, жаман сумкасын бауырына қысып, семіз денесін алға итіндіріп, вагоннан түскелі жатты. Терезеден оның домалаңдап жерге түскенін көргенде, үйге кіріп кеткен сұр жыланның сыртқа шыққанына көзім жеткендей, «уһ!» деп, орныма келіп отыра кеттім. Бұндай сұмға жұдырық өте ме? Бұғанам қатқан білікті журналист болып, өмірдегі осындай сұмдардың қылмыстарын ашып, өздерін фельетонның өткір найзасымен аяусыз түйрер ме едім! – деп кіжіндім ішімнен.
* * *
Ол күні вагонда түні бойы жаман түстер көріп, ұйықтай алмай шықтым. Тұмажанмен төбелесіп, милиция қолына түскен екенмін деймін. Мені тергеп отырған милиционер біресе Тұмажан болып: «Ошақбаев опық жемейді!» деп сақ-сақ күледі келіп. Содан соң ол әлдеқайдан Меңтайды шашынан сүйреп алып келіп, қол-аяғым байланып қалған менің көз алдымда іштен тепкілеп, сабай бастайды. Жаны қысылған Меңтай мені көмекке шақырып, құлындаған дауысы құраққа шығып: «Аға- а-а-ай!» деп шыңғырып, мені шақырады. Мен жан терге түсіп, не тұра алмай, не қолымды босата алмай, қиналамын.
Өстіп қысылып жатқанымда мені қасымдағы көршім, Алматыға қазақша күреске қатысу үшін келе жатқан балуан қазақ түртіп, оятып жіберді.
– Жаман түс көрдің білем, шырағым, — деді. Осыдан кейін ұйқы болған жоқ. Меңтай байғұсты аяп, қазір қандай күйде екен деп жаным отқа ұстаған майдай шыжғырылды. Оның маған ең соңғы айтқаны: «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» деген мақал бар емес пе? Мен енді осы кісімен қарайдым, осы кісімен ағаруым керек» деген сөз еді. Мен онда Меңтай Тұмажанға қосылады деп кәміл сенгемін. Сенгендіктен де, басқа ештеңеге қарайламай, облысқа кеткенмін. Анда-санда Жомартбектен хат алатынмын. Бірақ ол бұл жайды білмейді. Арлы қыз жан қиналысын ешкімге айтар ма сірә? Айтпаған ғой деп ойлаймын ішімнен. Қаладан Меңтайды таба алар ма екемін? Әлде ол каникулға еліне кетіп қалды ма? Тапсам, енді ол менің тілегімді қабылдар ма екен? Әлде тағы да басқа біреумен серт байласып қойды ма?
Miнe осы ойлармен мен шілденің ыстығында екінші Алматы вокзалына келіп жеттім.
Облыстан шығарда курстас қыздар қарсы алар деп Жомартбек атына телеграмма берген едім. Поезд тоқтағаннан кейін вагон терезесіне қарағанымда маған келіп тұрған ешкім байқалмады. Бәрі де жазғы каникулге тарап кеткен болар мен, чемоданымды алып вагонның аузына келдім. Есіктен шыға бергенімде, аяғы аяғына жұқпай сумаңдап, плащының етегі түлеген жыланның үстінен түскен қабықтай сусылдап, вагонның жанына Зайкүл жетіп келді.
Сәлем! — деді ол ақ қолғапты қолын жоғары көтеріп, көшенің қиылысында машиналарға жол сілтеп тұрған ақ қолғапты милиционердей қалшиып.
– Сәлеметпісің, Зайкүл? Аман-есенбісің?
– Есен-есен, Ербол, – деп ол қолын созып жақындай жүрді. — Қайда жоқ боп кеттің сен, сағындырдың ғой әбден. Екеуміз қол алыстық. Құшақтассақ та болатын еді. Зайкүл оған тіпті де қарсы еместей екен. Бірақ мен бірден чемоданымды көтеріп, жүруге ыңғайландым.
– Жомартбекке телеграмма берген екенсің, – деді Зайкүл аяғы көстеңдеп менімен қатар аяңдап. — Ол кеше аулына қайтып кетті. Басқа қыздар да кетіп қалған. Жатақханада қазан түп болып, жалғыз қалған мен ғана болған соң өзім қарсы алдым сені. Сені бәріміз сондай сағындық, Ербол.
– Рақмет, Зайкүл.
– Сен бізден бекер кетіп қалдың. Рас, Меңтайға қолым жетпеді деп өкпелеп кеттің. Бірақ, бізде басқа да қыздар бар емес пе еді?
– Өзіңе бұйырмайтын өзге қыздан не пайда, Зайкүл.
– Мен-ақ бұйыратын едім ғой. «Зайкүл, айналайын» деп бір күн жалынсаң болып жатыр еді. Ал сен: «Меңтай! Меңтай!» дедің де жүрдің өзгені көзге ілмей. Тегі жігіттерде ақыл жоқ осы. Өйткені олардың бәрі өз шамасына қарамай, жақсы қызға қарай жүгіреді. Жақсы қыз жете ме, қарағым-ау, бәріне бірдей. Сөйтіп, көп жігіттер біз сияқты өзіне лайықтыдан құр қалып, артынан өкінеді.
Біз аялдамаға келіп, жатақханаға баратын екінші трамвайға отырдық.
– Жігіттер ауылда қыздарға үйленіп алып, артынан оқу оқып келемін деп тастап кетіп жатыр ғой адастырып, – деді Зайкүл трамвайға мінгеннен кейін. — Сен де сөйтпедің бе? – Орындықта отырған Зайкүлдің қасында түрегеп тұрған мен басымды шайқадым. – Онда қазір Меңтайдың да басы бос. Ал ол анау Тұмажан зәліммен жанасып қойды десең, мен бармын…
– Сен жанаспаған шығарсың, – дедім мен күліп.
– Құдай ақына. Сен өзің сенсеңші маған. Кешке паркке барасың ба?
– Жоқ, сенемін, – дедім мен тағы да күліп. — Саған сенбегенде, кімге сенемін?!
Бұдан әрі сұрамауға шыдамым жетпеді.
– Меңтай қайда, Зайкүл? – дедім біраз бөгеліп барып.
– Меңтайды қайтесің? Ана сұм алдап кетті. Содан соң тағы бір жігіт соңына түсіп жүріп, терезеден тас лақтырып, басын жарды көктемде. Биыл ауылыма бармаймын деген. Осында екі күн бұрын Майраға ілесіп, Бүргендегі соның үйіне кетті-ау деймін тегі. Жаздай сонда болуға тиіс. Әлгі тас лақтырған сүмелегі соңынан қуып барып, шырқын бұзбаса тағы. Айтпақшы, сол сүмелек тағы біреуді ұрып, милицияға түсті деген ақыры.
– Ол кім?
– Сен білесің оны, Ербол. Әлгі Сейтқали деген сүмелек бар емес пе еді ақынмын деп кеудесін қағып жүретін. Бір газетке «Қызыл бұзау» деген өлеңі басылып, қыздар тегіс оны Қызыл бұзау деп атап кетіп еді ғой. Ол өзі барып тұрған жағымпаз болатын. Әр лекциядан кейін оқытушыны тоқтатып алып: «сіздің бүгінгі лекцияңыз ғажап болды, ағай. Тура миға құйып бердіңіз. Бұл лекцияға Әуеновтың лекциялары да астар бола алмайтын шығар» деуші еді ғой беті бүлк етпестен. Енді есіңе түсті ме? Міне, сол, Меңтайдың басын жарғаннан кейін университеттен қуып жіберген оны.
– Меңтайды неге ұрады ол?
– Менімен жүрмейсің, айтқаныма көнбейсің деп-ұрады да. «Мен саған ғашықпын!» деп көкиді. Ал Меңтай оны иттің етінен жек көреді. Сол Қызыл бұзау еліне кетпей осында жүр деген мөңіреп. «Мен Меңтайды қайтсем де аламын. Меңтайды алмасам – анам қатыным болсын!» дейтін көрінеді оттап. Айттым ғой мен жігіттерде ес жоқ деп. Өздерін сүймейтін қыздардың аяғына бас ұрып, жатып алады. Ал өздерін сүйетін қыздарды олардың ешқайсысы көрмейді. – Зайкүл сықылықтап кеп күлді. – Мына өлең есіңде ме? – деді де ол тақпақтата жөнелді:
Өртенуші ем көрген сайын, Сенің нұрлы жүзіңді.
Сүюге де едім дайын Басып кеткен ізіңді.
Бір сен үшін суға батып, Отқа түсіп күюге,
Әзір едім, аңдып жатып, Аяғыңнан сүюге!..
Ал, мен, қымбаттым, «аңдып жатып, аяғымнан сүймей-ақ», жігіттер саусағымнан сүйіп отырса да, разы болар едім, – деп Зайкүл көзін құйқылжытып, басын қиқаңдатты.
Біз Никольск базарының қасына келіп, трамвайдан түстік.
– Меңтайдың басы қатты жарылды ма? Зақым келген жоқ па? — дедім мен жатақханаға қарай бет ала беріп.
– Алла-ай, немене, жаның ашып бара ма? Ол бәрібір сенін қызың емес қой қазір.
– Әңгіме онда емес қой, Зайкүл. Жолдастың жайын сұрап білуіме болмай ма менің?
– Иә, жолдас деп жаның шығып бара жатқан шығар сенің. — Зайкүлдің мінезі қызық болатын. Алдында қылжақтап тұрса да, соңынан түзу жауабын бере салатын. Бұл жолы да сөйтті. — Қазір жарасы жазылып кетті. Шашының арасында пышақтың қырындай ғана ақ дақ қалған. Бірақ, білінбейді онысы. Сүйегі аман. Ал, түсті ме жүрегің орнына?
Зайкүл екеуміз жатақхана алдында қоштастық.
– Ал, кешке паркке келесің бе, Ербол?
– Рақмет, Зайкүл, – дедім мен. — Қарсы алғаныңа, айтқан әңгімелеріңе – бәріне рақмет. Бірақ мен бүгін ешқайда тырп ете алмайтын шығармын. Қазір университетке баруым керек. Ертең – емтихан.
– Қойшы, сен емтиханды көзіңді жұмып отырып тапсырасың ғой. Бұрын да жақсы оқитынсың. Ал, мен кеттім онда. Айтпақшы, мен ертең Қарағандыға жүремін, сондағы туыстарыма барып қайтамын. Кешеден бері жатақхана емес, апайдың үйінде жатырмын. -Осылай деп ол маған қолын берді. — Сен жаңағы менің айтқандарымның бәрін шын екен деп қалып жүрме, жігіттер жайындағы сөзімді айтамын. Оның бәрін жай, қалжың үшін, сен қайтер екен деп айтып жатырмын.
– Оны түсінемін ғой, Зайкүл. Ал, жолың болсын!
Жазғы сессия біткен күннің ертеңінде мен Меңтайды іздеп, Бүргенге бардым. Сессияның арасында барып қайтсам ба деп талай рет оқталдым да. Бірақ шыдадым.
Бүргенге келіп автобустан түскен соң, алғашқы кездескен біреуден Абаеваның үйі қайсы деп сұрадым. Маған ауылдың орта тұсындағы көк терезелі, тоқал үйді нұсқады.
Қос қыз үйде оңаша отыр екен. Олар мені қуана қарсы алды. Әсіресе Майра жылап көріскендей болды.
– Иә, иә, есенсіз бе, ағай? – деп кеудеме маңдайын төседі. Осы кезде оның көзінен жас та шығып кетті. Оған мен де босаңсып, көзім жыпылықтай жөнелді. Тек Меңтай ғана сыр бермеуге тырысып, ернін тістеп, бір қызарып, бір бозарып, қолының ұшын ғана берді де, үнсіз қалды.
Амандасқаннан кейін қыздар мені есік алдындағы көлеңкелі жай — беседкаға алып барды. Онда, дөңгелек үстел жанында салулы көрпе бар екен. Майра үкідей ұшып, үйден екі жастық әкеп, жаныма қойды.
– Иә, ағай, жастыққа жантая отырып, демалыңыз, — деді.
Жайғасып отырғаннан кейін мен қыздардың бетіне қарадым.
Майра бұрынғысынан сәл тола түскенге ұқсайды. Меңтай жүзі шүберектей боп, қатты жүдеп қалыпты.
– Ал, халдарың қалай, қыздар? – дедім мен.
– Иә, не халды сұрайсыз, — деді Майра тез және ықыластана жауап беріп. – Сіз кеткеннен кейін талай сұмдықты бастан кешірдік қой Меңтай екеуміз.
Осылай деп ол Меңтайға қарады, содан соң сөзін әрі қарай жалғастырмай, үнсіз отырып қалды.
– Мен бәрін де естідім, бәрін де білемін, – дедім қыздар ол сұмдық жайларды естеріне алып, тағы да қиналмасын деп. — Зайкүл айтты. Тұмажанды да көрдім.
– Иә, Зайкүл байғұс бәрін де айтып үлгірген екен, – деді Майра күліп.
Меңтай басынан өткен бар ауыртпалықты өз құлағыммен естіп келгендіктен бе, мен өзімді оның алдында кінәлідей танып, кібіртіктей берген едім. Осы тартқан азабына мені жазғырып, жазалайтындай көргемін. Бірақ Меңтай өйтпеді. Жылап-сықтап, мұң да шақпады.
– Мұндай өкінішке ұшыраймын деп ойламап едім, – деп бар өкініш, арызын, бір-ақ ауыз сөзге түйіп, үндемей отырып қалды. Содан соң барып, сәл ғана иегін көтерді. — Жігіттің де жігіті, майдангердің де майдангері бар екен ғой…
– Иә, ол рас. Ал, ағай, өз жайыңызды айта отырыңыз, – деді Майра.
Мен қос қызға жақсы әңгіме айтып, жандарын жадыратсам деп ойладым. Бірақ, ондайда аузыңа тілеген әңгімең келіп түсе қоя ма? Мен алдымен облыстық газетте тілші боп қызмет істегенімді, ел аралағанымды айттым. Көп мақалалар жаздым дедім.
– Иә, бізден кеткеннен кейін басыңыздан кешкеннің бәрін де айта беріңіз, – деді Майра.
– Айтайын, – дедім мен аузыма қыздарды күлдіретін ешбір қызық әңгіме түспей сасқалақтап.
– Тек көргеніңізді ғана айтыңыз, ағай, естігеніңізді емес, –деді Майра сұқ саусағын шошайта күліп, профессор Әуеновтың баяғыда оқыған Алдар Көсе жайлы лекциясын еске түсіріп.
Мен де күліп басымды изедім. Осы кезде Меңтай сұрақ қойды.
– Сәлиманы көрдіңіз бе? – деді баяу үнмен.
– Көрдім.
– Иә, соны айтыңыз, – деді Майра.
– Айтайын.
XVIII
Көлеңкесін сүйретіп ашық күнде ұзақ жортқан салт атты жолаушыға ұқсап, біздің тілші деген ағайындар да кезбе келеді, – деп бастадым мен әңгімемді. «Иә, бәсе, ағайдың әңгімесі осылай боп келсе керек еді» деп Майра күлімдеп, қуанып қалды. Меңтай да ықыластана жымиып қойды. Олар күлгенге мен мәз болып, әр сөзімді одан сайын бейнелеп, бедерлеп айтуға тырыстым. – Ел кезіп, аудан аралап жүрген күндердің бірінде, жолым түсіп, өзіміздің «Ақбота» ауылына соқтым. Жұмабай жездем соғыстан аман-есен қайтқан болатын. Кешке келіп сонда түсіп, апайымды, жиендерімді қуантып, аунап-қунап жаттым да, ертеңінде Бүркітбайға сәлем берейін деп колхоз кеңсесіне бардым.
– Ассалаумағалейкүм, — дедім председатель кабинетінің табалдырығын аттай бере.
Төрде күжірейіп Бүркітбай отыр екен. Мен бала күнімнен білетін кешегі ширақ, кірпі шаш, ұзын бойлы, көзі тұздай көк сары жігіт бұл күнде үйелмендей сары шал болыпты. Иегі ілгері ұмсынып, шошқаның кірпігі сияқты қою ақ кірпік торлаған, тұзы азайғандай түссіз көк көздері өзін жұтқалы келе жатқан жыланнан қорыққан тышқандай боп бүрісіп, бұғып қалған қарсы алдындағы жұдырықтай әйелге тікенектей қадалып, тесірейе қалыпты. Бүркітбай маған мойын да бұрмастан, ормандағы сары аюдың табанындай балпиған күректей етжеңді алақанын, жас баланың қос жұдырығындай қызыл мұрнына қонған шыбынды қаққандай, бір сілтеп қалып:
– Әй, сәлеміңді қойшы, әрі, – деді.
Бүркітбай бұрынғысынша жай сөйлейді екен. Әр сөзін ақпанда құтырып адам тарпыған бураның тізесіндей тегеурінмен нығарлап, нығыздай айтатын болыпты.
Оның оң қол жағында, соғыста үлкен командирлер ғана ұстайтын, қалыңдығы қылыштың қырындай сары әмірқан былғарыдан жасалған, иыққа асынатын ұзын баулы, әскери сумка жатыр. Шабуылға шыққанда кей командирлер оған гранат, немістердің олжа пистолет – ауыр парабеллумын салып алатын. Бүркітбай, шарап сауытының тығынын бұрала сүңгіп тесіп өткен темір бұрандадай боп әйелге қаралып қалған түссіз көк көзін бұрмастан, оң қолын сумкаға қарай созып, сипалап, оның аузын аша бастады. Мен мына мылқау дүнгене сумкадан мылтық суырып алып, сорлы әйелді бүрісіп отырған бойында басып салар ма екен деп қорықтым. Шынында да ол сумкадан немістердің ағаш сапты гранатасы сияқты ұзындау бірдеңені суырып алды. Сөйтсем, онысы ішімдіктен босаған сида сауытқа толтыра салып алған, тышқанның құмалағы сияқты, қиыршық-қиыршық қара бұйра насыбай екен. Соның шошайған қағаз тығынын алып, сол жақ алақанының шұңқырына бір уысқа жуық насыбайды бір-ақ салды да, насыбай емес, қылқ еткізіп коньяк жұтқандай етіп, апандай аузына апарып тастап кеп жіберді. Тілінің ұшымен екі ұртын кезек-кезек бұлтитып, тығырыққа қасқыр қуып тыққандай құмарлықпен, аузындағы насыбайды салпы ерін мен сары тістің арасына жинады да, рақаттанғандықтан екі езуі, үнсіз ырылдаған сары төбеттің езуіндей, жыбырлап қоя берді. Содан соң, сабалақ сары шашты аю басын әрең қозғап, солға қарай бұрды да, кәрі қойдың тісіндей мүжіліп, түп жағы қарайып кеткен, үш жағы сап-сары сирек тістерінің арасынан сыздықтата, шырт еткізіп түкіріп қалды. Бүркітбай түкірмек боп басын бұрған кезде бұрандаға ілініп, суырылып бара жатқан тығындай, әйел байғұс орнынан көтеріле берді де, Бүркітбай бері қарай қайта бұрылғанда әйел де сылқ етіп, орнына отырды – өн бойын темір бұранда бойлай кіріп, қозғалтпай тұрған тығын сол күйінде қалды.
Бүркітбайдың түкірігі сол жақтағы үстелде бұқиып бірдеңе жазып отырған есепшінің оң жақ бетіне шылп ете түсті. Есепші ыржың етіп басын бір көтерді де, бетін алақанымен сипай салды. Содан соң қағазына қайта бұқиып, жағына Бүркітбайдың түкірігі емес, нақ бір құдайдың жылы жаңбыры тигендей масайрап, мыңқ етпестен отыра берді. Есепші жігіт біздің ауылдың Тұрсын деген баласы болатын. «Тұрсын, төбеңнен құдай ұрсын» дедім мен ішімнен оның бетіндегі Бүркітбайдың насыбай аралас түкірігінің айғыз-айғыз ізін көріп тұрып.
Бүркітбай рахаттана түкіріп тастап, қатты бауырсақ шайнағандай, аузын қайта-қайта малжаңдатып, тышқанның қиындай түйіртпек насыбайдан әлдебір әл алғандай боп, алдындағы әйелге одан сайын тесірейе қарады.
– Сендер, немене, соғыс бітті, енді Бүркітбайдың сөзінің бір тиын деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, соғыс бітсе, соғыстан бүлінген дүниені қалпына келтіру бар. Бұл да соғыстан кем емес. Ендеше Бүркітбайдың бұрынғы бұйрығы – бұйрық, оның бұрынғыдай, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс! Біліп қойыңдар мұны. Ертеңнен бастап өзің шөпке жұмысқа барасың. Ал балаң тракторға шығады.
– Бала тәуір боп қалды, барсын, — деді әйел тамағы кеберсіп, үш-төрт сөзді бөліп-бөліп әрең айтып. – Ал маған екі-үш күн аял бер, Бөке, қатты ауырып жүрмін.
Әйел бойындағы бар қасіретті жүзіне жинап, Бүркітбайға жалына қарады.
– «Ауырып жүрмін», — деп кекетті Бүркітбай оны. – Ауырсаң– жұмыс басында өл, білдің бе, үйде жатпа. Кеудеңде жаның болса, ертең сені шөп басынан көретін болайын, білдің бе? Ал өйтпесең, онда менен жақсылық күтпе, білдің бе?
Әйел амалсыз көнгендей боп, басын изеді. Содан соң үнсіз орнынан тұрып, есікке қарай беттеді.
– Әй, қатын, тоқта, – деді Бүркітбай әйелге жеки ақырып.
– Неге үндемей барасың: шығасың ба өзің жұмысқа, жоқ па?
– Өмір бойы осы колхоздың жұмысымен көзіміз шығып келеді ғой, Бәке. Ауырған соң, амалсыздан бір күн қалып едім. Жарайды, өлсем, сол шөбіңнің басында-ақ өлейін, – деді әйел. — Ауданға барып, дәрігерге қаралып келемін бе деп едім, жібермедің ғой. Қайтейін.
Бұл әйелдің кім екенін ол тоқтап, кейін бұрылғанда бір-ақ білдім. Ері мен үлкен ұлы соғыста өлген Қанша апай екен. Соғыста өлген үлкен ұлы менімен түйедей құрдас еді. Қолындағы кенжесі біз соғысқа кеткенде кішкентай бала болатын. Сол есейіп, әжетке жарап, қаршадайынан жұмыс істеп, шешесіне сүйеніш болып жүр деп естігенмін.
– Сәлеметсіз бе, Қанша апай? – дедім әйел председательге ақырғы жауабын беріп болғаннан кейін.
Қанша апай да мені енді таныды.
– Аманбысың, айналайын. Ербол екенсің ғой, — деп жақындап кеп бетімнен сүйді. — Қашан келдің? Оқуың бітті ме, қалқам?
– Кеше келдім, оқып жүрмін әлі.
– Нарша байғұс қуанып, ақ түйенің қарны жарылып жатыр десеңші онда. Жарайды, қалқам, үйлеріңе барып жолығамын ғой, – деп Қанша апай қайтадан есікке қарай беттеді.
– Әй, қатын, – деді Бүркітбай әйелді тағы тоқтатып. Қанша апайдың әкесі азан шақырып қойған аты Бүркітбай үшін мүлде өшкен сияқты, қайта-қайта «қатын» деп атайды. – Дәрігер сенің не теңің, жұмысқа бара бер. Егер балаң ертең тракторға жанармай тасуға шықпаса, онда ауданнан мелитса шақыртып, айдатып жіберемін ұлыңды. Білдің бе?
Бүркітбайдың бар құқайына төрт жылдан бері шарасыз көніп келе жатқан жесір әйел бір ауыз сөз қарсы айтпастан, тағы да бас изеп, есіктен шығып кетті.
Бұрынғы бригадирімнің мынадай боп кеткеніне мен таң қалдым. Алғашында оның сәлемімді алмағаныма ренжіп қалып едім. Артынан, әлгі сорлы әйелді сонша жәбірлегенін көргенде оған зығырданым қайнады. Өзімді-өзім әрең ұстап, оған, қайтадан сәлем бердім.
– Ау, сен қайдан жүрсің? – деді ол сәлемімді алған болып. Мен жөнімді айтып, тілшілік куәлігімді көрсеттім.
– Е, тілші деген қалада отырмайтын ба еді, – деді ол енді мені мысқылдап. – Жұрт қалаға жете алмай жүрсе, сенің Алматыдан облыс келіп, облыстан ауылға шапқылап жүргенің қызық екен. «Сары иттің басын сары табаққа салса, шоршып түседі» деген осы-ay, — деп ол өзінен-өзі рақаттанып, кеңкілдеп кеп күлді. «Сары ит – сенсің, – дегім келді оған. – Шашың да, қасың да, шарық табақтай бетің де сары. Сен өңкиген сары аюсың!» Бірақ, әдеп сақтап, жасы үлкен кісімен тайталаспадым. Жөн жауап бердім.
– Қала қайда қашар дейсіз, – дедім де қойдым.
Бүркітбай тағы кеңкілдеді.
– «Өзі жақсы кісіге – бір кісілік орын бар» деген қайда? Жалпақ жұрт сыйып жатқан қалаға сенің бір басыңның сыймағаны қиын екен, шырағым. Жарайды, жарайды, қалаға сыймасаң – дала кең. Өзің біл.
«Бұл қақпас неге менен ауылды қызғанып тұр?» деп ойладым ішімнен. Оның себебін артынан білдім.
– Ал, менде не шаруаң бар тілші болсаң? — деді Бүркітбай арт жағынан оны біреу ауыздықпен шаужайлап, отырғандай, екі езуін кезек қайшылап.
– Бірінші шаруам сізге сәлем беру еді. Оны әрең орындадым. Берген сәлемді алмайтын боп кетіпсіз. Екінші айтарым – колхозшы әйелмен жаңағыдай сөйлесуіңіз дұрыс емес. Сіз ол кісіні өзімнің меншікті күңім деп ойлайсыз бa? Жоқ, олай емес. Ол кісі колхоздың қожаларының бірі.
– Оны кім айтты саған?
– Партия.
– Маған ақыл үйрететін кімсің сен өзің?
– Облыстық партия комитетінің тілі – «Алатау жұлдызы» газеті қызметкерімін.
Бүркітбай булығып, үндей алмай қалды. Мен бұрылдым да, қоштаспастан шығып кеттім.
Ертеңінде қалаға қайтпақ болып, Төкешті іздеп, төменгі ауылға қарай беттеп, мектептің қасынан өтіп бара жаттым.
– Аға-а-а! – деп торғайдай шырылдаған бір бала дауысы шықты артымнан.
Жалт қарасам, шашы жалбыраған бір кішкентай қыз соңымнан жүгіріп келеді екен. Мен тоқтап, тосып алдым.
– Аға, сізді мұғалім тәтем, – деді кішкентай қыз ентігін баса алмай, – Сәлима тәтем шақырады. Өзі класта отыр.
Осы кезде мектептен жамырай жүгіріп, басқа балалар шықты.
Мен Сәлиманың осында мұғалім екенін білетінмін. Бірақ барып жолықпаған болатынмын. Өзі шақырған соң – барайын деп мектепке қарай бұрылдым. Колхоз кеңсесі мектептің дәл қасында еді. Оның сығырайған кішкене екі терезесі әлдекімді аңдығандай боп, мектеп жаққа жұтына, жылмия қарап, телміріп тұратын.
Бұрынғы у-шуы көп орталау мектеп соғыс кезінде жабылып, бастауыш мектепке айналған. Оның тұтас бір жақ жартысын колхоз алып, астық қоймасы етіп жібергенін естіген болатынмын. Өзімнің ең алғаш қанат қағып ұшқан ұям болғандықтан ба, әлде өмірлік жар болар деген үмітпен ең алғаш құшақтаған қызым Сәлима ішінде отырғандықтан ба, әйтеуір, мектептің табалдырығын аттай бере жүрегім қатты лүпілдеп кетті. Сәлима екеуміз ең алғаш рет сүйіскен класта, мұғалім үстелінің басында, есікке қырындау отыр екен. Оның қарсысындағы өзіме бала күнімнен таныс парталар, бұрыш-бұрышы күшіктің құлағындай делдиіп, «Апырау, мынау Ербол ма?» деп, жапырлай маған қарасқан сияқты болды.
Есіктің ашылған дыбысын естіп, Сәлима жазып отырған журналының бетін жапты да, мойнын бұрды. Класқа кірген адамның кім екенін білген соң, орнынан ауыр көтеріліп, мен үшін өзгеше бір жат қимылмен, үйрекше, екі жағына кезек теңселе басып, бері қарай аяңдады. Ол өзіме жақындағанда іші едәуір білініп қалған екіқабат екенін аңғардым. Бұрынғы аппақ беті тарғақтың жұмыртқасындай тарғылданып, әр жеріне әжімге әсте ұқсамайтын жалпақ, қызғылт сызықтар тартылыпты. Екіқабат әйелдің бетіне «ноқта» түседі деген осы екен ғой деп ойладым. Сәлиманың бұрын да бір баласы бар деп еститінмін. Ішіндегі екіншісі болар деп жорамалдадым.
Сәлима маған қол беріп амандасты. Мен де одан артыққа бармадым. Тарғыл бет, шартиған іш, үйрек аяң – бәрі маған біртүрлі жат та, жиіркеніштілеу де көрінді. Бірақ мұнымды сездірмеуге тырыстым.
Сәлима, алдымен, өзі барып сәлем бере алмай жатқанына кешірім сұрады.
– Соғыс кезінде келгеніңде де көре алмап едім, – деді.
– Оқасы жоқ, Сәлима, – дедім мен. – Өз халың қалай?
– Халдың несін сұрайсың? – деп күрсінді ол үстел жанындағы өз орнына отырып жатып. Мен, шәкірт сияқтанып, оның алдындағы бірінші партаға жайғастым. – Қара түнде адасып, қаңғып, елсіз шөл далаға шығандап кеткен адамда не хал болушы еді?
Мен үндемедім. Сәлиманың жүрегіндегі ескі жараның аузын тырнағым келмеді. Бірақ, Сәлима өз жайын мен сұрамай-ақ баяндай бастады.
– Мен сені ешқашан да кінәламаймын, – деп бастады ол сөзін. – Осалдың омыртқасын омырып, беріктің белін бүгілдіріп кеткен соғысты кінәлап, жас өмірімді мәңгілік өшпес өртке салып кеткен соған лағынет айтамын. Осалдық жасап, омырылып қалғаныма өкінемін, өзімді кінәлаймын.
– Осылай деді ме? Тура осылай деді ме, ағай? — деп Меңтай білегімнен ұстап алды.
– Иә, – деп мен басымды изедім.
– Түу, ағай, қандай жақсы болған! Мен сіз Сәлимамен кездесіп, ол тура осылай деп өз қатесін сіздің алдыңызда мойындаса деп ойлаушы едім. Кездескеніңіз, Сәлиманың осылай дегені қандай жақсы болған!
Меңтай арқасынан әлдебір ауыр жүк түскендей, ішіне сыймай жүрген осы бір мойындау сөзін Сәлима емес, бейнебір өзі айтқандай боп, масайрап, рақаттанып қалды.
– Сәлима бұдан басқа да бірсыпыра сөздер айтты.
– Енді ретімен айта беріңіз, ағай. Маған ең керегі жаңағы мойындауы еді, – деп Меңтай қайтадан сабырлы қалпына келді.
– Өзімді кінәлайтыным, – деді Сәлима ауыр бір күрсініп алып, – мен анау Танадай тұрақты бола алмадым. Сым қоршаудың ішінде болса да ол қазір сүйгенінің қасында жүр. Шын ғашыққа одан артық мұрат бар ма?
– Тананың қайда екенін біледі екен ғой, – деді Майра.
– Біледі екен…
– Ойлап қарасам, менің саған жазған соңғы хатым аққудың ақырғы әніндей бопты, Ербол, – деп Сәлима тағы бір күрсініп алды.
– Ол хат әлі күнге дейін сақтаулы, – дедім мен. Сәлима басын изеді.
– Онда мен шешен де, шебер де екенмін. Ақын болсам деген талап бар еді ғой онда кеудеде. Соның бәрі мына сары шалдың, саңырау дүлейдің, – Сәлима мектеп сыртындағы колхоз кеңсесі жақты нұсқады, — қалқасында қалды. Тұяғы қанданып, тұмсығы майланып, қорбаңдап жас жемтіктің кеудесін кеулеп жатқан кәрі қасқырдай күйге жеткен соң ақын емес, ақымақ қылды ғой ол мені.
– Сен әлі де ақынсың, Сәлима, – дедім мен. – Мына сөздеріңнің өзі төгіліп тұрған теңеу ғой.
– Ақындық қайда енді бізге, – деп күрсінді ол. — Бала-шағамен қалдық қой біз. Ал сен нағыз журналист боп кетіпсің, Ербол. Жазғандарыңның бәрін газеттерден үзбестен оқып жатамын.
– Нағыз журналист болуға әлі ерте ғой, — дедім мен басымды шайқап. Сәлима да басын шайқады.
– Жоқ, жоқ, рас айтамын.
Осыдан соң ол сәл ойланып, үнсіз қалды да, алғашқы бастаған әңгімесін қайтадан жалғады.
– Тағы да айтамын, Ербол, мен сені ешқашан да кінәламаймын. Ұл — жетім, жар — жесір болып, әр кеудеде жүрек орнына жұдырықтай мұз жатқан, әр адамның көзінен аққан қанды жасы екі бетті қышқылдай күйдірген сұрапыл соғыс жылдарының азабын, зардабын кім ұмытады дейсің. Бұл да сол мыңдаған жанның жүрегінде қалған тарқамас шердің бірі ғана ғой. Оның үстіне өмір бойы өзімді кінәлап өтермін дедім емес пе жаңа. Егер үнім жетсе мен бар қызға, қыз боп туар болашақ бар ұрпаққа былай деп жар салар едім: «Қыздар, бай деп, бақты деп ешқашан да шалға шықпаңдар. Жаның сүйген тең құрбы досыңа балғын бал көңілмен берген уәдеңді өлсең де бұзба!» дер едім. Бірақ менің үнімді кім естиді, кімге айтамын? Сөзінде тұра алмай сорлаған, шатасып шалға шыққан Сәлиманың ендігі сөзі кімге керек, кімге дәрі…
– Түу, байғұстың жағдайы қиын екен ғой, аяп кеттім ғой, — деді Майра. Меңтайдың да мөлтілдеп көзіне жас келген сияқтанды. Мен әңгімемді ары қарай жалғадым.
Осы арада Сәлима өксіп жылап қоя берді. Оның жылағанын көріп отырып, өзім де қиналдым. Бірақ, қиналғанмен менің қолымнан келер не бар? Сәлима өксігін тоқтата алмай, қайта-қайта жылай берді. Оның ендігі сөзі екі өксік арасында айтылып қалған үзік-үзік ойлар түрінде жалғасты. Ол маған шал күйеуінің соғыстан соңғы бір жыл ішінде өзіне істеген зәбірін жеткізді. Бұл ауылда Бүркітбай етегін ашпаған жас әйел, өңі бүтін орта жастағы қатын кемде-кем көрінеді деді.
– Бұл қорлыққа көнгенше өлгеннің өзін хош көрген сәттерім де болды, Ербол, – деді ол тағы бір өксіп алып. – Алайда мезгілсіз жан шықпайды екен кеудеден. Әлі күнге дейін өлмей тірі келемін. Бірақ, тек тірі жан дегенің болмаса, мендегі ендігі тіршілік шамалы боп қалды бұл күнде. Әйтеуір, бала-шаға болған соң бой үйреніп, көндігіп кетіп бара жатырмын, теңізге лақтырылған бір кесек тастың су түбіне қарай сыбдырсыз домалағанына ұқсап.
Сәлима көзінің жасын сүртіп, сөзін жинақтай бастады.
– Сені терезеден көрген соң, шыдамай шақырттым, Ербол. Келгеніңе рахмет, саған шағып, ішімдегі шемен шерім біраз босап қалғандай болды…
Осы кезде сарт етіп, класс бөлмесінің есігі ашылды. Екеуміз де жалт қарадық. Түсі оңа бастаған көк көздері құтырған иттің көзіндей қанталап, оқ тиіп долырған сары аюдай қорбаңдап, Бүркітбай кіріп келе жатыр.
– Ә, екі ғашық қол ұстасып, отырсыңдар ма сыбырласып, – деді ол тістене тақпақтай сөйлеп. Содан соң Сәлиманың қасына келді де, үнемі тершіп, быршып жүретін жалпақ алақанымен жағынан сылп еткізіп тартып кеп жіберді.
– Әкеңнің аузын… Сен менің қатыным екеніңді ұмытып қалған боларсың тегі…
Аюдың табанындай ауыр алақанымен Сәлиманы беттен салып қалғанда, «Ойпырай, өлтіреді-ау мына бейшараны» деп жаным шығып, орнымнан атып тұрдым.
– Неге ұрасың, не жазығым бар? — деді Сәлима жылап жіберіп.
– О, шешеңді… Міне жазығың! — деп ол әйелінің екінші бетінен және тартып жіберді. – Кет үйге қазір.
Менің көз алдым тұманданып, өзімді-өзім әрең ұстап қалдым. Оның үстіне жаумен соғысқа болмаса, мен өзі бала күнімнен ауылдың жаяу төбелесіне жоқ жанмын. Қазір қызбаланып жағасынан алсам, мына аю сары шалдың осы минутта шапқылап ауданға барып, «Мені тілші сабады» деп, өзін өтірік жаралап, жалған жала жауып, соттатып жіберуі мүмкін. Сондықтан, не де болса шыдап, ернімді тістеп, үндемей бақтым.
Екі бетін басып, еңкілдеп жылап, Сәлима есікке қарай ұмтылды. Егер Сәлима екіқабат болмаса, мына дүлей оны сабап, насыбай толы қалың ернін тістеніп алып, ішке тепкілейтіндей еді.
– Мұныңыз дұрыс емес қой, ақсақал, – дедім мен бұл сәтте бар қолымнан келгені осы болып.
– Мен сенен ақыл сұрамаймын, – деді ол былш еткізіп партаға түкіріп. Содан соң есікке қарай аяңдады да, тоқтай қалып және тістене сөйледі. – Үлкен үйдің итаяғынан жұғын дәметкен бұралқы күшікше ілмимей, жайыңа кет сен өзің!
Маңдайымнан қара тер бұрқ ете түсті. «Мұның кеше қаладан далаға неге келдің деп домбытпалап отырғаны осы екен ғой. Менің әйелімді торып келдің дегені екен ғой» деп ойладым. Сары аюдың нақақ жаласына жаным күйді.
Бүркітбай бар ашуымен есікті тарс еткізе жауып, шығып кетті. Ол Сәлима екеуміз бала күнімізде, оңашаланып келіп бірінші рет сүйіскен класс бөлмесін, мектептің басқа жағын қойма, ат қора етіп алғаны сияқты, абақты етіп, соған мені тас қып қамап кеткендей болды.
Осылай деп мен үнсіз отырып қалдым. Қос қыз да бастарын шайқап, ауыр мұңға батқандай болды. Енді мен әңгіменің аяғын тиянақтадым.
– Сол жолы Бүркітбай Тұтқышевқа қатты ыза болып кеткен едім. Оның жалғыз Сәлимаға ғана емес, Қанша апайға көрсеткен жәбірі де жадымда жүрген. Қанша ыза болсам да Бүркітбайды маған бірден жыға қою оңай емес қой. Өйткені мен, жас журналистпін ғой әлі. Ал Бүркітбай болса жас аңшыға кездескен кәрі қабан іспеттес. Алыстан және жанды жерінен дәл көздеп атпаса, жаралы қабан аңғал жас аңшының өзін де жайратып кетпей ме? Осыны ойладым да, мен Бүркітбайдың Сәлимаға байланысты арсыздықтарын былай қойып, оның колхозшылармен дөрекілігін сынап, Қанша апайға көрсеткен зәбірін баяндап газетке «Әй, қатын…» деген фельетон жаздым. Өйткені Сәлима туралысын айтсам: «Бұл менің әйелімнің бұрынғы жігіті болатын. Сондықтан өштікпен жазып отыр» деп бас салар да, басқалар соған иланып қалар деп ойладым. Соным дұрыс бопты. Кейіннен, аудандық партия комитетінде жаңағы мен жазған фельетон талқыланғанда ол шынында да солай деп шатыпты. Кейбіреулердің Бүркітбайды қолдағанына қарамастан, бюро колхозшылармен дөкірлігі және колхоз шаруасын ақсатқаны үшін оған сөгіс жариялапты. Егер мұндай қылықтары қайталанса, орнынан алынатындығын ескертіпті.
Осы кезде басқа бір үйден шығып, сары кідір тартқан ақсары әйел қасымызға келді.
– Апа, бері жақында, мына Ербол деген балаңмен таныс. Біздің бірге оқитын жолдасымыз, – деді Майра әйелге.
Мен орнымнан ұшып тұрып, басымды иіп, үлкен кісіге сәлем бердім.
– Сәлеметсіз ба, апа?
– Аман-есенбісің, шырағым. Күйлі-қуатты жүрмісің, жаным. — Содан соң әйел қызына қарады. – Майра, қалқам-ау, тал түс болды. Қонақтарыңа шай қайнатып бермейсіндер ме? — деді.
– Қазір, қазір, апа, әңгімелесіп отырып қалдық, — деді Майра ақталып, Меңтай екеуі тез орындарынан тұрып, беседка сыртындағы қазандыққа қарай ұмтылды. Ақ кофталы, қызыл юбкалы Меңтайдың сыртынан мен сұқтана қарап отырып қалдым.
Қос қыз бен қарт ана үшеулеп, лезде шай жасап әкелді.
– Қарағым, әкең бар ма? – деді қарт ана маған Майра арқылы шай ұсынып жатып.
– Жоқ, апа, соғыста өлді.
– Е, бақыр-ай, – деді ана ернін сылп еткізіп – Біздің Майраның да әкесі соғыстан қайтпады.
– Білемін, апа. Майра айтқан болатын.
– Шешең бар шығар? — Мен басымды шайқадым.
– Е, бақыр-ай, – деп Майраның шешесі тағы да ернін сылп еткізді. Содан соң, менің әке-шешемнің жоқтығы ана жүрегінің әлдебір қылын қозғады ма, білмеймін, ол бұрынғысынан да мейірленіп, дастарқан үстіндегі май мен бауырсақты өз қолымен молырақ етіп, менің алдыма қарай ысырды.
– Жеп-іш, қарағым. Тойып ал.
– Иә, менің апам жақсы кісі, – деп Майра еркелеп, шешесіне басын сүйеді.
– Кімнің шешесі жаман дейсің? Баласының қасында басы қарайып отырған шешенің жаманы бола ма, қарағым, – деді ана шайын ұрттай отырып.
Шайдан кейін Майра, Меңтай мен үшеуміздің әңгімеміз қайтадан жалғасты.
– Жас баланың, өз туған әке-шешесінің нендей адамдар екенін білмейтіні сияқты, жас күнімізде бәріміз де туған халқымыздың бойындағы барлық қасиеттерді тегіс біле бермейді екенбіз. Әсіресе, оның кемшілік жақтарын көрмейтін екенбіз, қыздар. «Халық – ана», «Халық — қаһарман», «Халық– данышпан» деп жүре береміз. Онымыздың бәрі де рас. Бірақ, жақсы адамның да басында кемшілігі болатыны сияқты, сол қаһарман, данышпан халықтың да бойында бір кінәрат болады екен. «Жеке адамдардың кемшілігіне халық кінәлі ме?» деп, екеуіңнің маған қарсы дау айтуларыңа да болар. Бірақ халық жеке адамдардан тұратын болғандықтан мен олардың кемшілігін халықтың бойындағы мін деп отырмын. Сонда мен әйгілі академик Қаныш Сәтбаевтай дүниенің төрт бұрышына кең танылған үлкен жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтей, дүлдүл композиторлар Мұқан Төлебаев пен Ахмет Жұбановтай, бұлбұл әнші Күләш Байсейітовадай есімдері мәңгі жасайтын ұл, қыздары бар, дарынды, данышпан қазіргі қазақ қауымының басындағы мін – арызқорлық деп түйдім. Бұған өзім алты жарым айдай яғни, 190 күн тілші болып, ел аралағанда еркін көзім жеткендей болды. Өйткені мен сол 190 күннің тең жарымынан артығын арыз тексерумен өткіздім.
Бір жолы редактор шақырып алып, алыс ауданнан түскен арызды қолыма ұстатты.
– Ербол шырағым, осы хатты жақсылап тексеріп келші,– деді редактор. – Олай дейтінім мұны жазып отырған мұғалім адам. Бұл кісіден колхозшы емес, оқыған ауыл интеллигенті боп есептелетін бұндай адам неге арыз жаза береді екен, соның себебін білші.
Хатты алып, редакцияның бір бос бөлмесіне барып оқи бастадым. Қарасам дәптердің төрт бетіне жазған хаттың іші бықып тұрған қате. «Сауатын арызбен ашатын ағайындарым-ай» деп ішімнен тынып, хаттың аяғына қарасам, «Тілеуғали Рүстемғалиев» деп қол қойыпты. Аты-жөні маған таныс адам сияқты боп көрінді. Соғыста дәл осындай бір қаруласым болған еді, сол емес пе екен деп ойладым. Іздеп келсем соның нақ өзі боп шықты. Мен оның арызына байланысты көп адамдармен әңгімелестім. Аудандық партия комитетінің секретарымен де, ауатком председателімен де, прокурормен де, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісімен де сөйлестім. Бұлардан басқа адамдардың, Тілеуғалимен бірге қызмет істейтін мұғалімдердің ол туралы пікірлерін тыңдадым. Олар бір ауыздан менің ескі досымның оңбағандығын дәлелдеді. Солай екеніне өзімнің де көзім жетті. Осы кісі бір өзі ғана екі жылдың ішінде жоғары орындарға әркімнің үстінен отыз екі арыз жазыпты. Соның бірде-бірі расқа шықпаған. Отыз үшінші арызды қолыма ұстай отырып, мен ескі досымның өзімен әңгімелестім. Ол бәрін де мойындады, «расталмағаны рас» деді.
– Ендеше расталмайтын арызды неге жазасыз, Тілеке? – дедім мен. Соғыстың талай сұрапыл кезеңдерін басымыздан бірге өткерген ескі дос болғанымызбен, ол менен 5-6 жас үлкен еді. Сондықтан мен оның жасының үлкендігін құрметтеп осылай «Тілеке» деп атадым.
– Біреудің үстінен бірдеңе жазбасам, отыра алмаймын, – деп ескі досым шынын айтты. – Біреуді жамандамасам, ішкенім ас болмайды. Teгі қанымда сондай бірдеңе бар ғой деймін, – деді ол.
Оның қанында не бар, не жоғын тексергенім жоқ, білмеймін. Өйткені мен дәрігер емеспін. Бірақ журналист те дәрігер сияқты, ол да өзінің тексерген ісіне диагноз қояды, операция жасайды – кемшіліктен құтылудың жөнін көрсетеді. Дәрігер операцияны – адамның тәніне, журналист – жанына жасайды. Теріс диагнозбен жанға жасалған операция адамды өмір бойы мүгедек етеді, сөйтіп оны баспасөзге деген сенімнен айырады, оған өштестіреді. Бұл жалпақ жұртқа жария болады. Ал тәнге жасалған операция теріс болса – адам өледі, ештеңені білмейді, ешкімге айта алмайды. Өлген адам тіріге қорқынышты емес. Екеуінің тағы бір айырмашылығы — дәрігер адамның бойынан кемшілік көрген сайын жаны ауырады, «бұл сорлы мұндай кесірге қайдан тап болды екен?» деп, өз-өзінен қиналады. Мен де қинала отырып, командировкадан қайтқаннан кейін, «Алатау жұлдызына» «Ескі досқа хат» деген үлкен мақала жаздым. Мен сендерге соның ең соңын ғана оқып берейін, қыздар.
Мен, арт жағымда, аң жастықтың қасында жатқан қоңыр папкаға қол создым. Онда менің «Алатау жұлдызында» жарияланған барлық мақалаларымның қиындылары бар еді. Жомартбекке көрсетіп мақтанайын деп облыстан Алматыға әдейі ала келген едім. Жомартбек жоқ болғандықтан келгеннен бері беті ашылмай жатқан бұл папканы, мүмкін, Меңтай мен Майраға көрсетермін деп, бағана, осылай қарай шығарда қолтығыма қыса салғамын. Майра лып етіп, маған қол жалғап жіберді. Мен аталған мақаланың ең соңғы бағанасын оқи бастадым.
«…Досым, сен маған алғашында дипломыңның барлығын, сауатты екеніңді айттың. Сол кезде алдымда жатқан сенің арызыңның соңғы бетіне көзім түсті менің. Онда сен былай деп жазған екенсің.
– Рідаксиядан(!?) сұрайтыным (?) менің осы хатмның (?) қата (?) Жер (?) болса тузетіп (?)Жазіп (?) костын (?) қосып, ендеп (?) кәзит бетіне жазуды (?) сұраймын (?). Тақырыбы; «Ескіліктін Жат (?) адеттеріне (?) Жол (?) беруші бастықтар» деп (?) басқа теме (?) алуына (?) блоды (?). Тезрек тексерунді (?) сұраймын.
«Хат Жазушы» (?) мұғалім (?) Тлеуғали (??) Рүстемгалеев
(???)».
Сөзіңді тыңдап, жазуыңды оқи отырып, сен үшін мен қызардым, досым. Қырық шақты сөзден үлкенді-кішілі жиырмадай қате жіберіпсің. Жазуыңнан көрінген сауатсыздық сол жердегі сөзіңнен де танылып тұрды сенің.
– Мені қудалап жүр. Сондықтан мектеп директорының жазалануын талап етемін, — дедің сен сөзіңнің соңында.
Сабақтың сапасын білу үшін комиссия құруын қудалау деп есептесең, онда директордікі дұрыс, Тілеуғали. Өйткені, директор мектептегі оқу-тәрбие жұмысына жауап береді. Ол бар оқушысының барша пәннен сауатты болып шығуын көздейді. Ал, сен, шала сауаттысың, сенен оқып ештеңе білмей шыққан баланың обалы кімге ертең? Сен осыны ойладың ба өзің? Ойласаң, олай демеген болар едің, әрине.
Мен ауданнан қайтқанда сен туралы дәнеңе жазбай-ақ қоярмын деп едім. Бірақ, оным саған болысқандық болмайды екен, ескі дос. Сен тек өзімдікі жөн деп, өзгенің сөзін өрге бастырмайды екенсің. Қит етсе, иректеп арыз жазуға құмар көрінесің. Бұл оқиға сенің өміріңдегі бір рет өткен ағаттық болса, мен оны елемеген де болар едім. Бірақ бұл сенің сүйегіңе сіңіп бара жатқан дерт көрінеді. Сондықтан мен, жүрегім сыздай отырып, осы хатты жолдауға мәжбүр болдым саған.
«Жалақор» деген жаман ат, Тілеуғали. Арызшылдық абырой әпермейді. Ескінің бұл жиіркенішті қалдығы жаңа өмірге жараспайды, коммунистік жаңа заман адамына лайық емес. Әсіресе, осы өмірді қорғау жолында қасықтай қанын, шыбындай жанын аямай жаумен күрескен отанның ер солдаты сенің бойыңа сыйымсыз іс. Ойлан осыны. Коллективіңмен тату бол, жолдастарыңды сыйла; орынсыз арыз айтып, өтірік жала жауып олардың тынышын алма, шырқын бұзба. Сонда олар да сені құрметтейді. Жалқаулықтан арыл, ерінбей ізденіп, сауатыңды аш, Сонда сені шәкірттерің қадірлейтін болады. Сен екеумізді майданда бір күні, бір жиналыста партияға алды. Соғыста ел үшін еткен ерлігіміз үшін партияның мүшесі болдық. Ендеше екеуміз әрқашан өзгелерге өнеге көрсетуге, майдандағыдай тек қана алға ұмтылуға тиіспіз, жауынгер дос.
Мен сенің редакцияға келген хатыңды алғаш оқып, соңындағы атың мен фамилияңды көргенде қуанышымда шек болмады. Бірден сені көз алдыма келтіруге тырыстым. Тезірек өзіңмен кездесуге құмарттым. Бірақ, жайыңды көріп, жабырқап қайттым. Мен сені мұндай болады деп ойламаған едім. Сәлеммен сенің майдандас ескі досың.
Ербол ЕСЕНОВ».
– Бұл – бір, – дедім газет қиындысын қайтадан папкаға салып жатып. – Бұдан басқа да бірнеше мысал айтайын мен сендерге. Мінеки, осы екеуің сияқты, бір кабинетте қатар отырған, бірімен-бірі ойнап күліп жүрген адамдардың бірінің үстінен бірі арыз жазғанын естідіңдер ме, сендер? Жоқ, естіген жоқсыңдар. Ал мен көрдім ондай адамдарды. Редакцияға бір колхоздың председателі мен орынбасарының бірін-бірі жамандап жазған хаты келеді. Екі хатта да: «Ол ішіп қойды, жеп қойды. Мемлекет мүлкін талан-тараж етті» деген ауыр-ауыр айыптар бар. «Жазған құлда жазық жоқ» дегендей, екі етекті белге түріп алып, мен жөнелдім ол хатты тексеруге. Аудан басшыларымен ақылдасып, адамдармен сөйлесіп, тексеріп қарасам, колхозда шашау шыққан ештеңе жоқ. Бар мүлік орнында, бар дүние қалпында.
– Ау, ақсақалдар-ау, бұларың не? – деймін күйініп.
– Мынау әнебір үлкен жиында сөз сөйлеп, менің атымды әдейі аузына алмай кетті. Мен соған ыза болып едім, – дейді председатель.
– Бұл кісі ылғи ойын-тойда өзі төрге отырып алады. Басты да өзі ұстайды, басқаны да өзі таратады. Маған үлкен едің деп үстел басын бір билетпейді. Мен соған ерегесіп едім, – дейді орынбасар. Сөйтсем, орынбасар председательден 2-3 жас үлкен екен.
Мінеки, ол екеуінің арыздасқандағы әңгімелерінің түрі осы.
– Екеуіңіз де үлкен адамсыздар, менің әкемдей кісісіздер, – деймін мен оларға қынжылып. – Екеуіңізге менің өнеге айтуым келіспейді де. Бірақ осыларыңыз ел-жұрт, естір құлақтан ұят емес пе?!
– Қояйық, қояйық.
– Жаңылдық, жаңылдық, – дейді олар, мен, бейнебір, ол кететіндей апалақтап.
– Шаршадыңдар ма, қыздар?
– Жоқ-жоқ, айта беріңіз, ағай, – дейді Майра мен Меңтай жарыса үн қатып, тағы да тыңдауға ынталанып.
– Тоқсандағы өлмелі шал жазған тағы бір арыздың қызық хикаясын айтайын да, бұл әңгімені доғарайын біржола.
– Иә, қызық емес, қасірет қой бұл, — дейді Майра. Майра мақұлдап, бас изеймін де, қызып алған мен тағы да сөйлей жөнелемін.
Іргелес қатар отырған екі ауылдың бірінің тоқсандағы шалы екінші ауылдың алпыстағы шалының үстінен арыз жазып, былай деп көрсетіпті:
..Үшбу, жоғарыда аталған Әлімбай шал, аруағымызды қорлап, атамыздың бейітіне қол тигізді. Соны тексеріп, атамыздың аруағын қорлаған кісіні жазалауды сұраймыз…»
– Иә, түуһ, – деді Майра қабағын шытып. – Ол соншама, Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың бейіті ме екен қол тигізбейтін?
– Тексере келгенімде, – дедім мен, — мәселе мынадай боп шықты. Арыз жазған тоқсандағы шалдың арғы аталары білікті кісі болса керек. Ауылдарының шетінде соған орнатылған бір жақ бүйірі құлаған ескі зират тұрады екен. Көрші отырған екінші ауылдың қарты Әлімбай деген кісі бір күні сол зираттың құлаған жерін қайтадан қалап, бұрынғыдай етіп, жақсартып, түзеп қояды. Тоқсандағы шал осыған ашуланады.
– Әлімбайды неге кінәлайсыз? – деймін мен оған.
– Атамыздың бейітіне қол тигізді.
– Атаңыз қадірсіз кісі ме еді?
– Жоқ, қадірлі болатын.
– Онда Әлімбайдың атаңыздың құлап жатқан бейітін түзеткені дұрыс емес пе?
– Жоқ, теріс.
– Неге.
– Өйткені ол біздің атамыз.
– Онда зиратты өзіңіз түзетейін деп жүр ме едіңіз?
– Жоқ, менің оған халым жоқ, Әлімбайдай жас емеспін.
– Жас болмасаңыз зираттың түзетілгеніне қуанбайсыз ба қайта?
– Жоқ, қуанбаймын.
– Неге?
– Ол біздің атамыздың зираты. Оны түзетсек біз түзеуіміз керек. Түзете алмасақ, бөтен ешкімнің қолы тиюге тиіс емес!..
Міне мұны алжыған шалдың сандырағы ғана деп, ешбір мән бермеуге де болар еді. Бірақ, дәл осы штрихта жоғарыда айтқан кінәрәттің, ескі психологиялық элементтері жатыр. Ол кінәрәт, ол дерт – арызқорлық, ауылға бөлінушілік. Мен халқымыз осы жаман дерттен арылса екен деп арман етемін. Ең жоқ дегенде болашақ ұрпаққа осы дерт жұқпаса екен деймін. Құр арманмен іс бітпейді. Арманды жүзеге асыру үшін аянбай күресу керек. Жан-жақты күрес қажет. Мен журналист, сендер мұғалім болып, бәріміз бір үнмен осы тілектің ұранын жас ұрпақтың құлағына құюға тиістіміз! Мен осылай деп ойлаймын, қыздар.
– И-иә, ағай-ай, жақсы айттыңыз-ау, — деді Майра менің сөзіме сүйсінгендей болып. Меңтай да, Майра екеумізді құптағандай, бас изеді де:
– Жалақорларға жаза қолданылса, шен-лауазымына қарамай әшкерелеп, халық алдында қарабет етсе – тоқталар еді бұл пәле.
Екі қыз маған қарады. Мен де басымды изедім оларға. Содан соң үшеуміз де, әрқайсымыз іштен ойланғандай боп, біраз үнсіз отырдық. Менің есіме профессор Әуенов түсті.
– Мұхит ағай қалай, қыздар? – деп сұрадым келгелі ол кісіні көрмегенімді айтып.
– Жақсы, – деді Майра. – Сізді лекцияға келген сайын сұрап қояды. «Ерболдан хабар бар ма, Жомартбек?» дейді. «Ол облыстық газетте тілші боп ел кезіп жүр» деп жауап береді Жомартбек. Оған Мұхит аға риза боп қалады. «Бәле, жас жігіттің өмір көргені жақсы. Ол соғыстың сұрапылын белуардан кешіп келген азамат. Енді ел өміріне қансын. Ербол сияқты жігіттерге өмірдің өзі университет. Көрерсіңдер, Ербол үлкен журналист болады әлі» дейді Мұхит аға. Біз, Меңтай екеуміз, асыл ағаның сізді мақтай айтқан бұл сөзіне төбеміз көкке жеткендей боп қуанып қаламыз. Рас, қой, Меңтай. — Меңтай сабырмен бас изеді.
– Рахмет, – деп мен оларға анада, осы екеуін іздеп театрға барғанда, Мұхит ағай маған алдыңғы қатардан орын ал деп ақша бергенін, бірақ мен ол ақшаға билет ала алмағанымды, кейін, облысқа кеткенде, жол қаражатына жұмсағанымды айттым.
– Соны алмауым керек еді, алғаным ұят болды-ау деп осы күнге дейін ойлаймын. Бірақ, үлкен кісі өзі ұсынып тұрғаннан кейін алмауды тағы ерсі көрдім.
– Иә, оның несі бар? Тәбәрік қой, қайта жақсы болады, – деді Майра.
– Ол күні Мұхит ағаның залда сізді қолтықтап, әңгіме шертіп жүргенін біз де көргенбіз. Мұхит ағай қандай әңгіме айтты деп сізден сұрағалы бұрышта тосып тұрған едік.
– Иә, иә, сонда. Енді сол ақшаны Мұхит ағаға қалай қайырып берсем деп жүрмін.
– Қойыңыз, ол кісі ренжір, – деді Майра.
– Неге? Егер мен студент боп қайтарып берсем, ол кісі ренжір еді. Ал қазір мен журналистпін, жас интеллигентпін ғой.
– Жоқ, тәбәрік болады, оны қозғамаңыз, — деп Майра үзілді-кесілді кесім айтты.
– Ал енді не қалды айтылмаған онда, – деп қос қызға кезек қарадым. – Бүгін мен сондай мақтаншақ боп кеткен сияқтымын. Көңіліме келгеннің бәрін кідірмей ақтарып жатырмын. Ол сендерді сағынғандығымнан болар, қыздар. Кешірім етіңдер.
– Жо-жоқ, бәрі де жақсы, ағай, – деді Майра бәйек болып.
– Сіз келгенге жанымыз жасап қалды. Иә, айта беріңіз, тағы да айтыңыз.
– Онда, мынау менің «Алатау жұлдызында» осында жүрерде жарияланған ең соңғы мақалам еді, – дедім папкамды қайтадан ашып, оның ішінен тұтас газет нөмерін суырып. – Махаббат туралы. Енді соны оқиық. Тарихы мынадай. Бір жігіттің уәделескен қызы басқа біреуге тұрмысқа шығып кетеді. Соған назаланып жігіт редакцияға: «Осы ма еді, ей қалқа, берген сертің» деген мақала жолдады. Мақала газетке басылып, оған көптеген пікірлер келді. Сол хаттарды қорытындылау маған тапсырылған еді. Мен бірнеше күн ойланып, толғанып жүріп осы мақаланы жаздым. Майра, сен оқисың ба, мен оқиын ба?– дедім газеттің ішкі бетін ашып жатып.
– Әкеліңіз, ағай, мен оқиын. Сіз бағанадан бері әңгіме айта-айта шаршаған боларсыз.
Мен газетті Майраға бердім. Ол, тамағын бір қырнап алып, мақаланың басына көз жүгіртті.
– «Ербол Есенов, жас журналист», – деп Майра алдымен мақала тақырыбының үстіңгі, оң жақ шекесіне бадырайта жазылған менің аты-жөнімді айтып, сәл тыныс жасады да, содан соң судыратып, төмендегі мақаланы оқи жөнелді.
«АЛТЫН ДІҢГЕК»
«Алатау жұлдызы» газетінің осы жылғы 12 майдағы санында «Осы ма еді, ей қалқа, берген сертің?..» деген тақырыпта мақала жарияланды. Бұдан кейін газет бетінде бірнеше дүркін оқырман сол мақалаға байланысты өз пікірлерін ортаға салды.
Аталған мақалада да, оған байланысты көтерілген әңгімеде де адам жанының ең сұлу, ең асыл сезімі, жас ғұмырдың жалынды әні – махаббат мәселесі сөз болды. Махаббат деген не? Махаббаттың басты шарты қайсы? Тек сұлулық үшін ғана сүюге бола ма? Алған жарыңның мүсіні көкейдегі мұратына сай келмесе не істеу қажет? «Бір көргеннен ғашық болу» деген рас па? Екі адам бірін-бірі көрместен ғашық бола ала ма? Махаббаттың жауы не? Тұрақсыздық қайдан туады? Сезімді тұрақты етіп қалай тәрбиелеу керек? – міне, осы жайлар едәуір талқыға түсті. Көп оқырманның бірі ретінде менің де бір әңгімеге ат салысуыма тура келді.
Газеттегі мақалаларды оқып шыққаннан кейін менің ойыма сонау жайлауда жатқан бір қарт шопан айтқан сөз түсті. Социалистік Еңбек Ері Ілияш Қызырбаевпен әңгімелесіп отырғанымызда, бір реті кеп қалған тұста, мен Ілекеңнен «Махаббат деген не өзі?» деп сұрадым. Қарт шопан қой бағуға байланысты емес бұл сұраққа да ойланып жауап береді.
– Ол – әр үйдің алтын діңгегі ғой, шырақтарым, – деді.
– Сонда кемпір мен шал сіздерде де махаббат бар ма? – деді менімен бірге келген жас зоотехник Ілекеңе бәйбішесі Ақнұрды нұсқай әзілдеп.
– Осы сен күннің нешеу екенін білесің бе? – осылай деп, Ілекең зоотехник жігітке қарсы сұрақ қойды.
– Білемін, аспанда жалғыз ғана күн бар.
– Жоқ, — деді шопан бурыл басын шайқап, — күн екеу, оның бірі көкте болса, бірі жүректе. Жүректегінің аты – махаббат. Махаббат мекендемеген жүрек қысты күні қар астында қалған қараңғы үймен тең.
Ілекең өзіне сұрақ қойған жігітті осылай жеңіп кетті. Біз шопанның тапқырлығына мәз боп, құттықтап, кезек-кезек қолын алдық.
«Махаббат деген не?» деген сұраққа газет бетінде бір мәселені талқылауға атсалысқан жұрттың бәрі жауап берді. Бұл жөнінде даналардың да, данышпандардың да айтқандары көп. Бұл сұраққа шопанның да берген жауабы орынды. Өйткені… «қанша бас болса, сонша ақыл болады, демек, сонша жүрек, соншама махаббат болады» (Л.Толстой). Осыдан екі мың жыл бұрын Рим ақыны Тибулл махаббатты «тәтті жұмбақ» деп атаса керек. Шығыстың бір бұлбұлы атақты Хафиз ақын оны «мәлімсіз сәт» депті. Мәселе махаббатты кімнің қалай атағанында емес. Әңгіме адам жүрегінің осы қымбат қазынасын қадірлей білуде ғой.
Газетте жарияланған мақалаларға қарағанда кейбір жастардың махаббатқа жеңіл-желпі қарайтыны байқалады. Мұның өзі олардың махаббат мұраты не екенін алдын ала ойлап, бажайлап, саралап алмайтындықтарынан болуға тиіс. Махаббаттың алдында, жазда алыстан көзге шалынған таудай мұнартып, әрқашан екі мақсат тұратыны аян. Оның бірі табиғи тілек те, екіншісі сана мұраты болмақ. Табиғи тілек дегеніміз ұрық, ұрпақ қалдыру жөніндегі соқыр сезімнің жетегі екені түсінікті. Ол қыз бен жігіттің бір-біріне қызығып, құмартуы түрінде білінеді, нәпсіге тіреледі. Ал, сана мұраты жігіттің қыздан немесе қыздың жігіттерден өзімен ойы тең, ақылы сай, бір-бірінің қуаныш-реніштеріне өмір бойы ортақ болысып, мұң шағып, сыр шертіп, шер айтысатын, жанымен жаны үндес адам іздеуі, бірін-бірі шексіз сүйетін жан тауып, соған қосылып, қосылған соң бірін-бірі өле-өлгенше қадірлеп, құрметтеп өтуге ұмтылуы. «Кімнің жаны махаббаттан тән ләззәтімен қоса рухани ләззат алуға ұмтылса, тек соны ғана адам деп бағалаймыз» дейтін Бальзак сөзінің мәні айқындала түседі.
Қыз құмар жігіттің (немесе керісінше) желөкпе, жеңілтек, қызыққыш, құмартқыш келетіні ежелден белгілі жай. Ондай адамдардың қысқа қызық, шолақ шаттыққа аңсарлары ауып тұрады да, бара-бара нәпсінің құлына айналады. Ондай жандар өздерінің осы нәпсі құмарлығын өзгеге махаббат деп ұсынады. Бірақ шынайы махаббат пен құмарлықтың екеуі екі басқа. Құмарлық көбіне аңшыға тән қасиет. Аңшы көрген аңын құтқармауға тырысады. Ол көк ала қанат үйректі сүйгеніне емес, соған оғының тигеніне разы болады. Аңшыға шолақ сәттің қуанышы ғана қажет. Ал махаббат мәңгілік қуаныштың туын ұстайды.
Кей қыздар махаббаттың басты шарты сұлулық деп түсінеді. Неғұрлым жігіттерге сұлу боп көрінсем, соғұрлым махаббатта жолым болады деп есептейді. Сондықтан ондайлар бетін бояп, қасын күзеп, кірпігін «ұзартып», ернін қызартып әлек болады. Жақында трамвайда сондай бір қара көз қызды көрдім. Қасты қырып, оның орнына бір сызық қара бояу тартыпты. Сол бояуды көзінің құйрығына да жағып, оны және «ұзартып» қойыпты.
Бетіндегі баттасқан бояуды былай қойғанда, қасының орны мен көзінің құйрығынан қатарласа сызылған жаңағы екі жіңішке сызық көлденең адамға жыланның айыр тіліндей танылып, сүйкімсіз әсер етеді. Қыздың онда шаруасы жоқ, «Мен сұлумын, маған сұқтана қараңдар» дегендей жағын таянып, орындықта сіресіп отыр. Оның қасына қарт ана келіп, түрегеп тұрды. Қыз кішілік жасап, үлкенге орын берер деп ойлап едім, бірақ өйту оның кәперіне де келмеді. Біреу қызға қолын созып, қасындағы кассадан билет жыртып әперуді өтінді. Сұлу адам сыпайы болуға міндетті еместей-ақ, ол міз бақпастан теріс айналып, терезеге қарап кетті.
Мұндай қызға қандай жігіттің ғашық боларына таң қаласың. Табиғаттың өз бояуы бойында тұрған уыздай жас қыздың орта қол артель жасап шығарған қайдағы бір жасанды бояуды жағып, сұлу боп көрінуге тырысуы келіспейді-ақ. Көп қыздардың ішін сұлуламай, тек сыртын сұлулауға тырысуы өкінішті. Қыз қанша боянғанымен саналы жігіт оған салғаннан құлап түспесе керек қой. Қызға ажары үшін ғана емес, адамгершілігі үшін ғашық болмай ма? Ғашық адам сүйгенінің бойынан сұлулықтан басқа да асыл қасиеттер іздейді. Ол қасиеттер: ақылдылық, адамгершілік, сыпайылық, сыйластық, еңбек сүйгіштік болса керек. Жалқау қызға жан жоламауға, еріншек қызды ер алмауға тиіс. Мұның растығына көптеген мысалдар бар. Қай қыз жұмысты жақсы істесе, жұмысшы жігіт соған ұмтылады. Қай қыз сабақ жақсы оқыса, студент жігіт соған қырындайды. Нашар оқитын қыз өзін сүйікті етіп көрсетуге тырысады. Жігітті де қыз танауы үшін емес, таланты үшін сүйеді. Еріншек жігітке ешкім қарамайды. Ендеше махаббаттың басты шарты сұлулық емес. Бұл арада алғашқы мақалада айтылатын Күләш деген қарындастың Жомарт деген жігітті «түр-тұлғасы үшін сүйемін» дегеніне қосылуға болмайды. Сұлулық жоғарыда аталған ғашық болуға қажетті шарттардың бірі ғана. Сұлу деп қазақта көрікті әйелді айтады. Ал көркінің үстіне ақыл-парасаты мол әйелді ару деп атайды. Өмірде сұлу көп те, ару аз. Ауыз әдебиетінде ару бейнесінде Құртқа, Қарашаш, Меңдісұлу сияқты қыздар ғана суреттеледі.
Кейбір жігіттер «мен пәленшеге бір көргеннен ғашық болдым» деп соғады, ал «бір көргеннен ғашық болу» ешбір қисынға келмейді. Бір көргенде қыздың ұнауы немесе оның жігіт қиялындағы өзі мұрат еткен әйел бейнесіне бір жері (беті, аузы, көзі, мұрны, шашы, т.б.) ұқсауы ықтимал. Сол ұқсастық жігіт жүрегіндегі құмарлық сезімін лап еткізеді де, ол енді қыздың қалған қасиеттерін өз ойындағыдай етіп, қиялмен жобалай жөнеледі. Осыны ол «бір көргеннен ғашық болдым» деп түсінеді. Бұл шындық емес. Өйткені, бір көрінген қыздың басындағы қасиеттер оған қараған жігіттің көңіліндегі бейнеге қаншалықты ұқсайтынын бірнеше көргеннен кейін ғана анықтауға, сонда оның көп белгілері сәйкес келмейтініне көз жеткізуге болады.
Ұлы Отан соғысына дейінгі біздің ауыл бозбалаларының көпшілігінің арманы аққұба өңді, ақжүзді жар еді. Өйткені онда әйел жөніндегі біздің мұратымыз фольклордан, ақындардың өлеңдерінен қалыптасты. Біз үшін ол кезде дүниедегі ең сұлу әйел Қыз Жібек болатын. Ал, қиссада ол былай суреттелетін:
Қыз Жібектің ақтығы
Наурыздың ақша қарындай…
Көкейде қалыптасқан осы бір жақсы жар мұратын Абайдың «Білектей арқасына өрген бұрым», Ақан серінің «Аққұба қатын алсаң бойы сұңғақ» дейтін өлеңдері және толықтыра түсті. Сөйтіп олар танадай жалтылдаған қара көзді, қардай аппақ қызға ынтықты, сондай жарға қолымыз жетсе деп арман етті. Соғыстан кейін олардың бірсыпырасы жар сүйді. Бірақ көбінің көңілдегі мұраты алған әйелдерінің мүсінімен үйлескен жоқ: «наурыздың ақша қарындай» ақ қыз орнына қара торы, бидай өнді, қызыл шырайлы, ақ сары, шикіл сары келіншектерге ие боп шыға келісті. Тіпті олардың бойлары да әртүрлі: сұңғақ, орта, тәпелтек; көздері де әр түсті: қоңыр, шегір, көк болды. Енді олар мұраттарын алған жарларының мүсініне лайықтап қайта қалыптастырды. Осы арада олар өздерінің бұрынғы мұраттарының мол пішілген киімдей олпы-солпысын да көрді, кемшілігін де білді. Егер жарыңның жаны жақсы, адамгершілігі биік болса, оның «ақтығы наурыздың ақша қарындай», ал көзі «аласы аз, қара» боп келуінің тіпті де қажеті жоқ екенін ұқты. Менің құрдастарымның балалықпен тағы бір білмегендері жарымыздың бойы Ақан айтқандай сұңғақ болса деп армандауы болыпты. Енді қарасақ олардың бәрінің өз бойлары орта, тәпелтек, бәкене екен. Ал өзің тапал, жарың биік болса, онда қандай жарастық болмақ? Жігіттер оны да байқамапты. (Әрине, өмірде ұзынды-қысқалы боп та жұптаса береді. Бұл қосылушы екі адамның көңіл жарастығына байланысты).
Махаббатты өзенге емес, көлге емес, тек қана теңізге теңестіруге болады. Теңіз сияқты мұның да бетінде тулаған толқындар жүреді, түбінде ғажайып сырлы тереңдік жатады. Адамның жыныстық соқыр сезімінен туған сусыма жүйрік тілек толқынға ұқсаса, шын санадан шыққан жан тебірентер жақсы мұрат, асыл арман тізбегі махаббаттың тереңдігін танытады. «Бір көргеннен ғашық болу» деген сөз де сол «толқын» іспеттес, ол тән құмарлығынан туған жалт етпе сезім ғана. Алғашқы лап еткен сәтте оның күшті боп көрінуі де ықтимал. Бірақ бұған қарап алданып қалуға болмайды. Тән құмарлығы алдамшы, өткінші, тұрақсыз сезім. Онда шынайы махаббатқа лайық тереңдік жоқ. «Бір көргеннен ғашық болдым» дегеннің өзі-ақ ол сезімнің таяздығын танытады, көре сала соны құшуға құмартқан жүгенсіз ұшқыр тілекті көрсетеді. Теңізді бірінші рет көрген адам оның суының ащы немесе тұщы екенін, астында не барын бірден білмейді. Мұны теңізге түсіп көріп, түбіне талай сүңгіген адам ғана айта алады. Сол сияқты бір көргеннен адамның бойындағы барлық адамгершілік қасиетін аңғаруға болмайды. Оны анықтамаған соң ғашық болу да мүмкін емес. Ендеше «Сізді бір көргеннен ғашық болдым» деген сөзге сенудің орны жоқ. Олай деп оңай «олжа» тапқысы келген қу жігіттер мен шын сезімнен хабары жоқ жасөспірім бейкүнә қыздар ғана айтуы ықтимал.
Сонымен, «бір көргеннен ғашық болу» деген ұшқары сөз. Бір көргеннен тек қана ұнатуға, қызығуға, құмартуға болады «Құмарту – ғашықтық емес. Адам жек көре тұрып та құмарта береді» (Ф.Достоевский). Ал, бірсыпыра жастар бірін-бірі ұната сала: «Бітті, біз ғашықпыз!» деп есептейді. Сөйтіп, қолма-қол сүйісіп, сүйкенісіп жібереді. Көзді ашып-жұмғанша, ерлі-зайыпты боп та шыға келеді. Олар мұның шынайы сезім емес екенін артынан аңғарады. Содан соң бір-бірімен айтысып, ажырасып әлек болады. Мұндай күйге душар болмас үшін жастар тез қауышуға құмартпауы керек. Ұзақ сөйлесіп, сыйласып, сырласып, әбден біліскеннен кейін шын сүйетініне, бірігіп жарасты өмір кешетіндеріне анық сеніскеннен соң ғана бір-біріне ләззат құшақтарын ашса абзал. Кіршіксіз таза махаббаттың тәттілігі де сол болмақ. Қыздар бос күйеу тапқанына емес, дос күйеу тапқанына қуануы қажет. Жігіттер кино, театрға бірге баратын жол серік қана емес, жан серік тапса ғана бақытты. Осылай жұптасып, зайыптылық өмірдің алтын босағасы -достық пен махаббатты берік ұстаған берекелі семьяны ғана көрші ұнатады, қоғам құптайды.
Махаббат ұшқыны дананың да, даңғойдың да жүрегіне түседі. Біріншісінің жүрегіне түскен ұшқын махаббаттың маздаған мәңгілік отын тұтатады; соңғысына түскені – мұз үстіне лақтырған қызыл шоққа ұқсайды. Шын махаббаттың шырғалаңы да болады. Махаббат мәңгілік болуы үшін, оның оты өшпеу үшін оған жұп боп қосылған екі жақ кезек «тамыздық» тастап отыруы парыз. Мұның өзге ешбір математикалық формуласы жоқ. Махаббатта бір-ақ формула бар, ол – тұрақтылық.
Махаббаттың да досы мен қасы бар. Досы: ұят, ар. Осы үшеуін ренжітпей өзіне сенімді серік еткен махаббат қана зайыптылық заңына берік болады. Қасы: ашу, қызғаныш, кикілжің, қоржаң, осылардың әзәзілі — арақ. Жас жұбайлардың бірін-бірі сүйіп қосылуымен іс бітпейді. Олар қосылғаннан кейін де өз махаббатын гүлдей мәпелей беруі тиіс. Сүйіктісін қуантуға тырысу, соны риза етерлік бір нәрсе істеуге ұмтылып отыру – мәпелеудің бір түрі осы. Сүйгеніңнің көңілін қалдырмау үшін оның тілегін мүлтіксіз орындау да ғанибет.
Сайып келгенде әр адам – өз махаббатының бағбаны. Солып қалмауы үшін қай гүлге қашан су құю керектігін бұлжытпай білетін бағбан тәрізді, адамда өз махаббатының үнемі жайқалып тұруына тынбастан жағдай жасап отыруы тиіс. Бұл үшін ерлі-зайыптылардың әрқашанда бір-біріне құштарлығы, шексіз сенімі, әлдеқалай іште бас көтерген қызғанышты сыртқа шығармай сабырмен жеңуі, ағат айтылған сөздерді кек тұтпауы, мейірімділігі, өзара қалтқысыз қамқорлығы, сыйластығы, ашуын тежеп, нәпсіні тыйып ұстауы қажет. Бір сөзбен айтқанда, «сезімдерін тәртіппен ұстай білген зайыптардың махаббаты ешқашан өшпек емес. Бұл арада атақты Абайдың: «Болмаса, мінезінің жат кесегі, майысқан бейне гүлдей толықсыған, кем емес алтын тақтан жар төсегі» деген сөздерін әрқашан да есте ұстay абзал. Сонда ғана ерлі-зайыптылар арасындағы жарасты махаббат үйге нұр, ұяға көрік береді, тұрмысқа ажар, көңілге ap орнатады.
Мен мақаламды шопан қарттың сөзімен бастаған едім. Сол сөзбен аяқтағым келеді. «Махаббат – әр үйдің алтын діңгегі» деген болатын Ілекең. Бұл өте орынды айтылған даналық сөз. Өйткені діңгек болмаса үй төбесі ортасына шөгеді, құлайды. Мен Ілекеңнің сөзін қайталап, әрбір жас семьяның алтын діңгегі әрқашан да берік болсын деп тілеймін. Әр үйдің ортасында нұр шаша жарқыраған алтын діңгектер болсын деймін».
– Түу, жүрегім, лүпілдеп кетті ғой, – деді Майра газетті маған қайырып беріп жатып. – Ағай, өзіңіз мүлде өзгеріп, есейіп кеткен сияқтысыз.
– Ел көріп, өмірмен араласқан соң солай болады да, – деді Меңтай, – адам ысылмай ма?
– Иә, дегенмен ағай алғашқы әскерден келгендегідей, біздің бәрімізден жасқанып тұратын ұяң жігіт емес, енді бәрімізге ақыл айтатын нағыз байсалды кісіге айналған. Жалғыз жастардың ғана емес, мен мына мақалалардан жұрт қамын ойлайтын үлкен азамат үнін де аңғарып отырмын, Меңтай.
– Түу, қойыңдаршы, — дедім мен қыздардың мақтауынан қысылып. – Мен баяғы қалпымдамын. Ештеңем де өзгергем жоқ. Ал енді кешкіріп барады. Жаңағы әңгіменің жалғасы немесе аяғы іспетті бір кішкентай ғана әңгіме айтайын да, кетейін мен.
– Иә, айтыңыз, ағай, — деп Майра тағы да тыңдауға дайындалып, жағын таянып отыра қалды.
– Жаңағы Майра оқыған мақалада жайлауда Ілияш Қызырбаев деген қарт шопанмен кездестім дедім ғой. Ол күні Ілекең бізді босатпады. Қонақ етіп, өз өмірінен көп хикаялар шертті. Июнь айының әсем кешінде далаға төсек салдырып, Ілекең, жас зоотехник, мен үшеуміз далаға жаттық. Ұзақ сөйлесіп, әңгіме аяқталғаннан кейін ұйқы тыныштығы туды. Менің көзім жаңа ілініп бара жатыр еді. Ілекең менен жасырғандай боп, жас зоотехникпен күбірлесе бастады. «Бұлар не сөйлесер екен?» деп ұйықтаған боп жатып, мен олардың өзара күңкіліне құлақты салдым:
– Келінмен қайтадан жарастың ба, балам? – деді Ілекең жігітке.
– Жоқ, Ілеке, ана оқиғадан кейін қайтып жібимін?
– Сұлу әйел бақтан үзіп алған бір шоқ гүл сияқты ғой, шырағым. Гүлді кімнің иіскегісі келмейді. Сұғанақ біреу сен бейқам тұрғанда қолыңдағы көтерген гүліңді бір иіскеп қалса, сол үшін сен оны лақтырып тастай аласың ба?
– Бір емес, үш иіскесе қайтем, Әлеке-ау.
– Гүлің жақсы болса, оның жұпар иісі мың иіскесең де жойылмайды. Бір рет немесе, өзің айтқандай, үш рет иіскеді деп, мың рет ләззат алар хош иісті гүліңді лақтырып тастағаның жөн бе, балам?
– Біреу мұрнына тақаған гүлді қалай иіскеймін, Ілеке-ау?
– Сен оны ешкім иіскеді деп ойлама. Тек қана өзім иіскеп жатырмын, бұл тек менің ғана гүлім деп ойла. Сонда ештеңе де етпейді.
– Бұл өзіңді-өзің алдау ғой.
– Адам өзін-өзі алдамайды, балам. Адам өзіне-өзі басу айтып, бақытсыздықтан сақтанады. Келіннің бауырында алтын айдар ұлың бар. Оның бір білместігін кешіруің керек, шырағым. Адам бір адасқан жерінен екінші рет өмірі адаспайды.
– Өзім де жақсы көремін оны, қимаймын.
– Онда өзіңді де, оны да қинама, балам. Ал ұйықтай бер енді.
Жігіт түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмай шықты. Таңертең екеуміз аттанып кеттік. Жігіт жолда сырын айтты. «Енді әйеліммен қосыламын!» деді.
Осылай деп әңгімемді аяқтадым да, мен екі қызға кезек қарап, өзімнен-өзім ыржиып күлдім. Майра бірдеңені сезгендей, жымиып төмен қарады.
– Иә, ал бұдан шығатын қорытынды не? – деді содан соң.
– Ақсақалдікі дұрыс қой! – дедім мен тағы да өз-өзімнен қысыла күліп.
Шал мен жігіттің сонау жайлаудағы, жұлдызды түндегі осы диалогы арқылы, соған астарлап, бұл менің Меңтайға оларды іздеп келген мақсатымның түйінін айтқаным еді. Бірақ Меңтай ештеңе ұқпағандай, үнсіз қалды.
Күн бата екі қыз мені шығарып салмақ болып, автобус тоқтайтын жерге ертіп әкелді.
– Түу, ағай, келгеніңіз қандай жақсы болды? – деді Меңтай кетерде маған ризалығын жеткізіп. – Көп рақмет. Сіз менің кеудеме керемет бір күш құйып, жігер бергендей болдыңыз. Соңғы кезде жігіттердің ешқайсысын көргім, көздеріне түскім келмеуші еді. Ал бағана сізді көргенде, неге екенін білмеймін, бірден қуанып кеттім.
– Ол Ербол ағайды өзіңнің туған ағаңдай көретіндіктен ғой, Меңтай, — деді Майра сәл жымиып астарлай сөйлеп.
– Рас, содан болар, — деді Меңтай Майраны бірден қостап, тағы да оның сөзінің астарын ұқпағандай қалып көрсетіп. – Мен қиналған шақта, сіздің бір айтқан сөзіңіз көңіліме медеу боп, қайрат берді, ағай. Сіз ол не сөз екенін білесіз бе?
– Қайдан білейін, Меңтай, мен солдаттан келгелі көп сөйледім ғой, – деп күлдім мен. – Төрт жыл жаумен үнсіз соғысқан күндердің есесін қайтардым білем.
– Есіңізде ме, сіз былай дегенсіз: «Адам өз басына түскеннің бәріне көнуге де тиіс, оны көтеруге де міндетті. Өйтпесе оның несі адам?!» Осы сөзіңіз өмір бойы жанды жанитын жануыштай боп, көкірегімде қалды. Сіз бұл сөзді біздің бөлмеде, «Қызыл көрпені» шығарған күні айтып едіңіз.
Менің де есіме түсті. Ол күні Одиссей мен Пенелопа жайында әңгіме болған. Сол күні Меңтай өтініп маған Сәлима оқиғасын айттырған.
Автобус келіп, мен қыздармен қоштастым. Меңтайдың қолын ұстағанда жүрегім аузыма тығылардай лүпілдеп қоя берді. Ол: «Тағы ештеңе бітпеді ме?» деп, зар қаққандай болды. Елжіреп Меңтайдың бетіне телмірдім. Ол төмен қарап кетті: Автобус мені екі қыздан айырып, Алматыға қарай ала қашты.
Бұл күні мен ештеңе бітіре алмадым. Меңтайдың хал-жайын біліп, егер ол шын бос болса, тағы да сөз айтсам деген ойым орындалмастан қалды. Орындалмағанымен оны көргеніме мәз болып, толассыз, тоқтаусыз сөйлей бердім. Сұрағандарының бәріне жауап та қайырдым. Меңтай толық етіп айтыңызшы дегеннен кейін әр әңгімені бүге-шігесіне дейін қалдырмай тәптіштеп баяндадым. Мақтанып кеттім бе, масайрап кеттім бе, білмеймін, қыза келе облыстық газетте жарияланған мақалаларыма дейін көрсеттім.
Осынымның бәрі орынсыз болғанын түнде, Калинин көшесіндегі жатақхананың отыз жетінші бөлмесінде жатқанда бір-ақ пайымдадым. Күні бойы мас болып, енді ғана есімді жиғандай күй кештім. «Апырау, неге өсіттім? Неге көкіп ұзақ күнге жақ жаппай сөйлей бердім? Одан да Меңтайға оны әлі күнге дейін сүйетінімді неге айтпадым? Айтып тұрып, «адал жарың болайын, енді мені өмірлік серігің ет» деп неге жалынбадым оған?» – деп өзіме-өзім ұрыстым. «Жоқ, оны айтуға мүмкіндік болды ма?» — деп өзімді-өзім және ақтадым. – «Ағай, басыңыздан кешкеннің бәрін бүгінгі күнге дейін толық айтып беріңізші» деп Меңтай қиылғанда мен қалай үнсіз отырамын. Оның үстіне Майра да маңымыздан шықпай қойды. Сөйтіп бір әңгімеге бір әңгіме жалғасты. Тоғыз айдың оқиғасын тоғыз сағатта айтып шығу оңай ма? Әлі де айтылмаған талай сөздер қалды…»
«Талай сөздер қалды, талай сөздер қалды»… – деймін біраздан кейін өзімді-өзім қайтадан ажуалап. – Сен «сөз, сөз» деп әлі жүрсің. Ал майданнан сенімен қатар қайтқан жігіттер келе сала үйленісіп алды. Олардың қазір бір-екіден балалары да бар. Баса-көктер батылдығың жоқ боп, сүйгеніңді тек қана сырттай қызықтай берсең – өмір бойы қу тізеңді құшақтап өтерсің сен…»
«Үйлену оңай, үй болу қиын ғой, – деймін мен белгілі нақылшы Мәлімнің сөзін қайталап, тағы да ақталып. – Сомадай жігіт боп, сөз айтып тұрсаң саған да біреу тиер-ау. Тән де табыса беретін болар. Бірақ, алдымен адамның жаны үйлесуі абзал ғой. Жаны үйлескен жандар ғана жақсы өмір сүріп, қызықты күндер кешпек. Ал, жан жарасымы махаббат болса, біріншісінің сынынан сүрінбегенім аян. Енді екіншісінен де сүрінбесем деймін. Ол үшін өзім сүйген, өзімді сүйген жанды ғана жар етуім керек! Ол – Меңтай ғана… Бірақ, «батыл емессің» дегенің рас. Батыл болсам баяғыда, соғыста жүргенде, Сәлимаға: «Басқа ешкімге барма, тек қана мені тос!» деп кесіп айтпайтын ба едім. Батыл болсам баяғыда Меңтай: «өзіңіз айтыңызшы: таста деңізші ол жігітті, бұз деңізші уәдеңді – бұзып-ақ кетейін» деп толқып тұрғанда, «Таста! Бұз!» демейтін бе едім… Жарайды, енді өйтпеймін. Ертең қайтадан барамын. Барамын да Меңтайға бірден өзімнің оны әлі күнге дейін сүйетінімді айтамын! Содан соң оған: «жарым бол» деп тікелей тілек білдіремін! Бірден осылай деймін!..»
Ертеңінде мен Бүргенге тағы да таңертең келдім. Ауылдың орта тұсындағы кешегі көк терезелі тоқал үйдің тұсына тақасам, отау үй іспеттес дөңгелек беседкада оңаша отырған Майра мен Меңтайды көрдім. Олар да мені жандарына жақындағанда бір-ақ білді. Майраның сөз арасында «иә, иә» дей беретін әдеті болушы еді. Бір нәрсеге таңданып, иә қуанғанда аузына сөз түспесе, оның «иәсі» мүлде көбейіп кететін.
– Иә, иә, өзіңіз де сәлеметсіз бе? Иә, иә, келіп қалдыңыз ба? Иә, иә, төрлетіңіз, – деді мені орнынан тұрып, беседка баспалдағында қарсы алған Майра.
– Иә, иә, келіп қалдым, — дедім мен оған әзілдеп.
– Иә, иә, келетініңізді білгенбіз, – деді Майра күліп, Меңтайға қарай жүзін бұрып.
Баспалдаққа аяғымды сала беріп, мен де тез Меңтайға қарадым. Беседка ортасындағы дөңгелек үстел жанына төрт қабаттап салынған шәйі көрпе үстінде оң қолымен жер тіреп, сол қолымен кешегі қызыл юбканың етегін тізесінен төмен түсіре қымтап, бір жамбастай отырған Меңтай, менің тағы да келгеніме сенер-сенбесін білмегендей, неге келгенімді таба алмай дағдарғандай, дөңгелек қара көздерін таңдана кең ашып, босаға жаққа бақырая қарап қалған екен. Мен беседканың соңғы сәкісін аттай бергенімде ол лып етіп орнынан тұрды. Оның алғашында сәл қуқылдау көрінген ақ бетіне лап етіп қызыл бояу жайылғаны байқалды. Бірақ қыз ішіндегі толқынды тез басып, таңданарлық ештеңе болмағандай қалыппен маған қарай қолын созды.
– Ағай, сәлеметсіз бе?
Екі қыз қол алысқаннан кейін мені беседканың төріне қарай икемдеді.
– Иә, таңертеңгі шайымызды жаңа ғана ішіп болып, енді жинайық деп жатыр едік,– деді Майра едендегі үлкен қара таба ішіндегі күлдің үстінде тұрған шойын шәйнекке еңкейе беріп. – Иә, сәл кешіксеңіз–жамандап жүреді екенсіз дейтін едік. Иә, шай жиналмай келгеніңізге қарағанда, бізді жақсыламасаңыз да, жамандамайтыныңызды білдік. Иә, оған да шүкіршілік.
– О не дегенің, Майра, – дедім мен күліп. – Сендерді жамандаған жігіттің жаны шықсын дер едім. Бірақ мақтаған кісінің де мәз болмайтынын байқағанбыз.
– Иә, әй, осы сіздің тіліңіз-ай, — деді Майра сықылықтай күліп. — Күліп тұрып: «бұл қайтер екен?» дегендей, көзінің қиығын Меңтайға тастады. Меңтай сәл жымиды да, үстел үстіндегі бос шыны аяқтарды бір жерге жиыстыра бастады.
– Майра, мен үшін шай қоймай-ақ қой.
Оған қарап «рақмет» деген ишара білдіріп, кеудемді бастым.
– Иә, таңертеңгі шайыңызды ішіп пе едіңіз?
– Іштім, – дедім мен әлі оразамды ашпасам да.
– Иә, асығыс па едіңіз?
– Асығыспын, — дедім тағы да бас иіп.
– Онда от ала келген боларсыз? – деді Майра басын шалқайта түсіп, сақылдай күліп.
– Рас, от ала келдім, – дедім мен неге екенін білмеймін бетімді Меңтайға қарай бұрып.
Меңтай қолына бос шыныаяқтың бірін ұстап, түрегеп тұр еді. Мен: «Рас, от ала келдім» деп оған қарай бұрылғанда, қыздың ақ жүзін тағы да лап етіп қызыл жалын шалған іспеттенді. Осы кезде қызыл юбка, ақ кофта киген Меңтай маған маздай жанып, лаулап тұрған өшпес оттың өзі сияқты боп танылды.
– Иә, онда, асығыс болсаңыз,– деді Майра шайнекті қайтадан орнына қойып жатып, – нан ауыз тиіңіз, кейін келіншегіңіз тастап кетпеуі үшін.
Осылай деп Майра тағы да сықылықтап күліп алды.
– Ауыз тиейін, – дедім мен үстел үстіндегі бауырсаққа қолымды созып. – Кейін, тастаса тастап-ақ кетсін, өз жамандығымнан онда. Бірақ бүгін қолым жетсе екен соған, – деп мен де күліп, бір бауырсақты аузыма тастап кеп жібердім.
– Иә, бауырсаққа бапандай көрінесіз, жететін шығарсыз оған да, – деп Майра тағы да күлді.
– Енді қайтейін, «таз ашуын тырнадан алады» деген бар ғой, – дедім мен ұялған тек тұрмастың кебін танытып.
Бұған Майра екеуіміз қосыла күлдік.
– Иә, сіз асығыс болсаңыз, мен де асығыспын, – деп Майра кетуге ыңғайланды. — Кешеден бері апам басым ауырады, жүрегім шаншыды деп мазасызданып жүр. Менің сол кісіні дәрігерге көрсетіп, дәрі-дәрмек алып беруім керек.
– Жүректің дәрісі маған да керек еді, – дедім мен Майраға әзілдеп.
– Иә, біліп тұрмын, – деді Майра да әзілге әзілмен жауап қатып. – Сізді мына Меңтайға тапсырамын. Сізге керекті дәрі-дәрмекті тауып, біз келгенше емдеп қояр деп ойлаймын.
– Бұл кісі менен дәрі сұрап келмеген шығар, – деді де, Меңтай тоқтап қалды. «Бұл сөзді бекер айттым-ау» дегендей боп, өз-өзінен қызарып төмен қарады.
– Дәрі сұрамаса, дәнемең кетпес. Біз келгенше ағайды ертіп, өзен басына барып қайт. Ағайға ауылдың айналасын көрсет. Көктөбенің басына ертіп бар, — деп Майра құрбысына шегелей тапсырды да, өзі шапшаң аяңдап үйге қарай жөнелді.
– Сіздің уақытыңыз бар ма еді? – деді Меңтай Майра үйге кіргеннен кейін.
– Бар.
– Онда, қаласаңыз мен сізге ауылдың айналасын көрсетейін.
…Біз аяңдап Бүрген өзенінің жағасына келдік. Айғай-шуды көбейтіп, ақ көбік атқылап өз-өзінен лепіріп жатқан таяз өзенге біраз үнсіз қарап тұрдық.
– Тау өзені көпіріп кеп сөйлейтін мақтаншақ, даңғой адамға ұқсайды, — дедім мен. – Қарашы: суы тізеге жетпейді, шуы жер жарады.
Меңтай мені құптап, бас изеді.
– Рас. Дала өзені лықсып, үнсіз ағады. Суы да терең болады ғой, – деді ол.
Осыдан кейін біз гүлді өзекті қуалап, Көктөбеге қарай беттедік.
– Мен сізді ешқашан да көрмейтін шығармын деп ойлаушы едім, – деді біраз жүрген соң Меңтай.
– Неге?
– Білмеймін…
– Онда мені ойлаған екенсің ғой?
– Ойладым, көп ойладым. Сіз туралы ешқашан да ойламайын деп өзіме-өзім талай рет ант еттім. Бірақ соның артынша қалай ойлап кеткенімді өзім де білмей қалып жүрдім.
Мен Меңтайдың қолын уысыма алып, құшырлана қыстым. Меңтай қолын тартып алмады, тіпті ауырсынған да белгі бермеді. Енді мен оның қолын алақанымнан шығармадым.
– Ал мен сені бір күн де ойымнан шығарған жоқпын, Меңтай.
– Сенемін.
– Тоғыз ай сенен аулақ болу менің махаббатымды өсірмесе, өшірген жоқ. Мен сені сол қалпымда сүйемін! Осыған сенесің бе?
– Сенемін. Бірақ…
Меңтай аппақ, жұп-жұмыр мойнын сәл солға қарай бұрыңқырап, үнсіз қалды.
– Бірақ дегенің не? – дедім мен сыбырлай үн қатып.
– Бірақ… – Меңтай ар жағын тағы да айтқысы келмегендей, ернін тістеледі де, тез босатып жіберді. Қалпына келген томпақ ерін тістегенге запы болғандай, бір дір етіп барып, қайта ашылды. – Бірақ менің сақинам сынып, сабағым үзіліп қалды ғой…
– Меңтай тағы да ернін тістеледі. — Кейін бетке шіркеу болар…
Меңтайдың тамағына жас кеп тығылғанын аңғардым. Жаным онымен қоса қиналып, не істерімді білмей, қабағымды шытып, мен де ернімді тістелей бердім. Бірақ ол лықып келіп қалған көз жасын тез тоқтатып тастады да, сабырмен сөзін аяқтады.
– Жақсы жардан жан ауыртар сөз естіп отыру азап болар…
– Жоқ, жоқ, – дедім мен өз үніме өзім не бола алмай қыстыға сөйлеп, – мен сені соғыстан келген күні бірінші рет көрген күйімде қабылдаймын. Сен сол күйіңдесің, сол қалпындасың, Меңтай! Сенің ештеңең өзгерген жоқ…
Меңтай ақырын ғана басын шайқады. Менің одан сайын дегбірім қашты. Оны қалай жұбатарымды білмей, жаным күйзелді. Тістеніп, жан-жағыма қарап пиджагімнің өңірін жұлмаладым. Осының бәріне сол кінәлідей-ақ, біржола жұлып алардай боп, қайта-қайта түймемді жұлқыладым.
– Сөзіме сенбесең, өзіме сенесің бе? – дедім екі танауым қусырылып.
Меңтай бетіме қарап, ақырын ғана басын изеді. Тегі менің екі көзім құрық көріп, құйрығын тігіп алып, шығандап қашқан қашағанның көзіндей долырып кеткен болуы тиіс. Меңтай тез екі қолын бірдей көтеріп, бетімді сипады. Осы кезде мен алқымын бұғалдырық қысқан асаудай жуаси бастағанымды білдім.
– Сенемін! Сенемін! – деп Меңтай бетімді сипап тұрып екі рет қайталады. – Дегенмен, бірде болмаса бірде көңілге келіп жүрмесе дегенім ғой.
– Келмейді, келмейді! – дедім мен басымды шайқап. Осылай деп мен Меңтайды құшағыма алып, бетінен, көзінен, маңдайынан, иегінен аймалап сүйе бастадым. Ол қарсылық білдірмеді. Бар ықыласымен бауырыма кіре түсіп, ақ тамақ, қызыл ерін, жұмыр мойнының мен қалаған жерін ерніме тоса, екі көзін шарт жұмып алып, шалқая берді. Біз төбесінде тұрған Көктөбе теңселіп кеткендей болды. Ол бізді, махаббаттың бесігі болып, тербей жөнелген сияқтанды.
Осы сәттен бастан мен уақыттың мөлшерін білуден қалдым. Меңтайдың маңында жүрсем маған шығыстан сарғайып таң атса-ақ болды, көзді ашып-жұмғанша батыстан түнеріп төңірекке түн шөге бастайтын тәрізденді. Әшейінде, аяғын тәй-тәй басып, жүк жағалаған баладай боп, аспанда күні бойы мөңгелеп жүріп алатын күн енді гүрс етіп стволдан шыға сала дүрс етіп көздеген жерге барып жарылатын танктың снарядынан да ұшқыр боп кетті. Сол сияқты түн де, электр қырықтықпен қырқылған қара қойдың жабағы жүніндей боп, лезде еңсеріледі де қалады. Ал мен Меңтайдың қасынан сәл ұзап шықсам-ақ әлгі сағат жүрмейді, күн бедірейіп бір жерден қозғалмайды, тұншықтырып, туырлықтай тұтасып жатып алады. Еркектің таңын атырып, күнін шығаратын, күндізін көрікті, түнін тәтті ететін, жақында жүрсе жаныңа қанат беріп, алыста жүрсе аңсататын, жұлдызын оңнан туғызып, еңбегін жемісті ететін сүйген жар екен ғой, шіркін! — деген ой осы кезде келді маған.
Сонымен біз Майраның үйіне кешке қарай бір-ақ оралдық. Меңтай: «Апамнан ұят болды-ау. Мені қайда кетті деп іздейді-ау» деп, жеткенше қысылып келді.
Майраның шешесі шынында да Меңтайды күтіп отыр екен.
– Қарағым, қайда жүрсің? Қарның ашып қалды ғой, – деді ол есіктен аттай берген Меңтайды құшағын жая қарсы алып. Содан соң оны шөп еткізіп маңдайынан сүйді.
– Сәлеметсіз бе aпa? – дедім мен, кемпір Меңтайдың бетінен сүйіп бола берген кезде.
– Сәлемет пе, қалқам, – деп ол бұрылып менің бетіме қарады. – Кешегі баламысың? Е, жоғары шық, шырағым.
– Апа, өзіңіз қалайсыз, тәуірсіз бе? — деді Меңтай.
– Тәуірмін, қалқам, тәуірмін. Осы дәрігерлердің бір салауаты бар. Үйде қанша ыңқыл-сыңқыл болып ауырып жүрсем де, құдайдың құдіреті, дәрігер алдына барғанда жазыламын да кетемін. Бүгін де сөйттім. Бағана, түсте, берген дәрісін ішіп, ағыл-тегіл терлеп келіп. Енді мүлде жазылып кеттім.
– Бәле, жақсы болған екен, апа, — деді Меңтай кемпірді құшақтап.
– Ойбай-ау, мен өзімнің ауруымды айтып, сарнап тұрып алыппын-ау, — деді кемпір тез орнынан қозғалып. – Сендерге деп әлгінде бір май шайқатып қойып едім. Майра келгенше нанға жағып, соны жей тұрыңдар. Майра қазір келеді, сиыр қайырып келуге кетті.
Мейірбан ана батар күннің соңғы сәулесі мол төгіліп тұрған төргі бөлме ішіндегі дөңгелек үстелге дастарқан жайып, Меңтай екеуіміздің алдымызға ас қойды.
– Осыны аужал қыла тұрыңдар, қарақтарым. Мен қазір тез сиыр сауып, ыстық ас жасап беремін.
– Апам сондай ғажап кісі, – деді Меңтай. – Мен бұл кісіні осында келген күннен бастап, өз шешемдей көріп кеттім.
Есік қайтадан ашылды.
– И-иә, екі ғашық, қол ұстасып келдіңдер ме? – деп жүре сөйлеп келе жатқан Майраның үні естілді. — Иә, отқа келген кісінің отыз ауыз сөзі бар деуші еді. Сіздің сөзіңіз одан көбірек болды-ау деймін.
Бұл Майраның мені таңертеңгі айтқан асығыспын деген сөзіме орай қағытқаны еді. Менің көңіліме келмесін дегендіктен болар ол «отқа келген қатынның отыз ауыз сөзі бар» деген халық мақалын сәл өзгертіп, «қатынның» дегеннің орнына осылай, «кісінің» деп айтты.
– Майра-ау, ол отына және келген кісісіне байланысты шығар, – дедім мен күліп.
– Әрине, менің Меңтайым отыз ауыз сөз айтып, бықсытып бақырға салып ала жөнелетін ауыл-үйдің арзан оты емес. Бұл – алыстағыны күйдіріп, жақындағыны жандыратын, жаманды естен тандыратын, жақсының құмарын қандыратын, өзгеше от.
– Рас, Майра-ау, өзің ақын болып кетіпсің ғой, — дедім мен.
– И-иә, неге ақын болмайын: арманым орындалып, айтқаным келген болса. – Осылай екілене сөйлеген Майра шапшаң Меңтайға бұрылды. – Иә, ал, айт жылдам, тура солай болды ма?
Меңтай жымиып, жайлап қайта-қайта басын изей берді. Майра дөңгелек үстел басында отырған Меңтайға шапшаң еңкейіп, оның екі бетінен кезек шөп еткізіп екі сүйді де қапсыра құшақтап орнынан тұрды.
– Иә, ей, тұрсаңшы, жарылып кетпей неғып отырсың?– деп ол Меңтайды шыр көбелек айналдырды. – Иә, айтпап па едім мен саған Ербол сені шексіз сүйеді, ал шын сүйген адам ештеңеге қарамайды деп. Иә, айттым ба? – Көзін бір ашып, бір жұма түсіп, Меңтай тағы да бас изеді. — Иә, мен саған қысты күні-ақ ана сұмпайың «қатын алдым» деп кеткеннен кейін, айтпап па едім Ерболды іздейік, осыны айтып хат жазайық деп. Сен без-без етіп болдың ба сонда? – Майра енді Меңтайдың дауысына сала сөйледі. – «Жо, жоқ. Ағай мен үшін оқуын тастап кетті. Ендігі біреумен танысып та қойған шығар. Оны бұзуға болмайды. Мен не болсам, ол болайын. Бірақ ол кісінің бақытты болуын тілеймін!» деп еңіреп жылап жатып алдың. Аш күзендей бүгіліп бір жұма бойы төсектен тұрмадың. Иә, сонда мен саған айттым емес пе: ағайың сияқты адамдар тез таныса бермейді. Ондай кісі танысының бәріне табына да бермейді. Шынында, оның айналасында отыз шақты қыз оқыдық. Солардың ішінен жалғыз саған ғана ықыласы ауды. Сенен күдер үзгенде өзгемізге көз ілместен кете барды. Басқаны былай қойғанда қақылдаған Қанипа мен мүйізі қарағайдай Зайкүлге де қараған жоқ, ағайдың бақытты болуын тілеймін дейсің. Мен айтайын саған: Ербол ешқашан да сенсіз бақытты болмайды, сен онсыз өмір сүре алмайсың! Иә, осылай дедім бе? Дедім Иә, енді сүй қазір ғашығыңның бетінен. Осы менің көзімше сүй!
Меңтай күліп, екеуінің қасында түрегеп тұрған маған қарай қолын созды. Мен, магнит тартқан бүркеншікті шегедей лып етіп, қыздың қасына бардым. Ол мені сүймекші боп жатыр еді. Жібектей созылған Меңтайдың баяу қимылына шыдамадым білем, бас салып оны өзім сүйе бастадым.
Майра сақылдап кеп күле жөнелді.
– Иә, апырай, көніңіз кеуіп қалған екен сіздің, – деді ол күлкісін тыя алмай. — Тұра тұрыңыз, енді сізді мына қыз сүйсін.
Отқа тақаған балауыз шамдай қызып, балқи бастаған мен әрең тоқтадым-ау деймін. Сол кезде Меңтай келіп бар ықылас, махаббатын танытып, дірілдеген ыстық ернін ерніме тақағанда теміршінің электр дәнекерлегішінің тұмсығы тиген кесек қорғасындай еріп, елжіреп бара жатқанымды сездім.
– Жарайды, болды, болды, — деді Майра тағы күліп. — Бір жабыссаң айырылмайды екенсің ғой өзің.
– Енді қайтейін, сүй деген соң сүюдің жөні осы екен деп жатқаным да, – деп Меңтай да қымсына күлді.
– Сен өзің жаңағылардың бәрін тегіс айттың ба? Айтты ма? — деп Майра күлкісін тыйғаннан кейін Меңтай екеумізге кезек қарады.
Меңтай басын изеді.
– Күні бойы арамызда айтылмаған жыр, ашылмаған сыр қалмаған сияқты, – дедім мен.
– Бәсе, өзіңіз айтыңызшы. Әйтпесе мынаның қуанғанынан тіл-аузы байланып қалыпты. -Майра Меңтайды нұсқап, тағы да сақылдап күліп алды. – Енді сізді «ағай» дегенін қойды ма?
– Қойды, — дедім мен күліп.
– Бір, – деп Майра сол қолының шынашағын бүкті. – «Сіз» дегенін қойды ма?
– Қойды. Бірақ бұған бірнеше рет репетиция жасауға тура келді. Ұмытып кетіп, қайта-қайта «сіз» дей береді.
– Әйтеуір сізді «сен» деуге тілі келді ғой.
– Келді.
– Екі, – деп Майра аты жоқ саусағын бүкті. Содан соң ол «үндемеңіз» дегендей ишара жасап, маған ақырын көзін қысып қойды. – Дұрыс. Ал енді сізге Меңтай: «жаным, сәулем!» деді ме?
– Жоқ, – дедім мен басымды шайқап.
– Ендеше соны айтқызу керек, – деп Майра бұрыштағы биік үстел жанындағы жайдақ орындықтан атып тұрды. – Айт, Меңтай.
Меңтай оның бұйрығын екі етпеді. Жерде қатар отырған менің қолымды ұстап:
– Жаным! Сәулем! – деді үздіге үн қатып.
Маған сол арада дүниеде Меңтай аузынан шыққан осы екі сөзден тәтті, осы екі сөзден күшті ештеңе жоқ сияқты боп көрінді.
– Қой, Майра, сыртқа шығып, апама көмектесейік, – деп Меңтай тез орнынан тұрды.
– Иә, сіз де жүріңіз, — деді Майра не қыздармен бірге сыртқа шығарымды, не үйде қаларымды білмей қипақтап қалған маған. – Меңтай сиыр сауады, сіз бұзау ұстайсыз.
Осыны айтып Майра тағы да күлді. Сырттай сабырлы көрінетін, орынсыз көп те сөйлей бермейтін Майра бүгін адам танығысыз боп өзгеріп кеткен сияқтанады. Әртүрлі әзіл, күлкісімен Меңтай екеуміздің жанымызды қытықтап, күміс қоңыраудай сылдыраумен болды.
Біз бірімізді-біріміз жетектеп, сақылдай күліп, сыбырлай сөйлеп сыртқа шықсақ, Майраның апасы сиырды сауып болып қойыпты. Беседкаға таяу тұрған кірпіштен қаланған кішкене мұржалы қазандық басында кешкі тамағын түсіріп жатыр екен.
– Майраш, төргі үйге шам жақтың ба! – деді ол қыздарының дауысын естіп.
Біз үйде әңгімемен отырып байқамаппыз. Күн әлдеқашан батып, көшеге қараңғылық үйіріле бастапты.
– Қазір, апа. – Майра бізге қарай бұрылды. – Бәләй, сізге бұзау ұстатып, Меңтайға бір сиыр саудырып көрейін деп едім, болмағанын қарашы…
Майра тағы да өз-өзінен сақылдай күліп, ішке қарай жөнелді. Біз де қайта кірдік. Майра ондық шамды жағып, биік үстелдің үстіне қойды.
– Майра, мына орындықты дөңгелек үстелге жақындатып, шамды үстіне қояйық. Сонда жарығырақ болады, – деді Меңтай бір қолымен шамды, бір қолымен орындықты алып жатып.
– Жарайды, жарайды, — деп Майра енді ыдыс-аяқтарды сылдырата бастады. – Иә, жігітім аузын таба алмай қала ма деп жаның шығып барады ғой тегі…
Майраның езуі күлкіден жиылмады. Бір сөз айтып – бір, екі сөз айтып – екі күледі. Күле жүріп тамақ ішетін тарелкаларды үстел жанына жайғастыра бастады. Шам жақындағаннан кейін дөңгелек үстелдің үсті бұрынғыдан бетер жарықтала түсті… «Меңтайдың мұнысы қандай оңды болды?» деп ойладым мен ішімнен. Тек үстел басы ғана емес, Меңтайдың әр сөзі, әр қимылынан жаныма жарық тарап, жүрегіме нұр кіріп жатқан сияқты боп көрінді маған.
– Әлде, сіз… Ереке, — деді Майра маған қарап. Ол бұрынғыша «ағай» дейін деді де, олай атамай «Ереке» деді. – Иә, ала көлеңкеде аузыңызды таба алмайтын ба едіңіз?
– Майра, мен өз аузымды қараңғыда да таба аламын, – дедім жымиып. Өзімше тауып айттым деп ойлап, іштей рақаттанып қалдым.
Майра бұған сақылдап күлді. Бір толқын күлкісі толастай бергенде екіншісі басталды. Содан кейін жалаңаш білегімен көзінің жасын сүртіп, күлкісін тыйды.
– Әй, қайдан білейін, қараңғыда табатын кісі жарықта адаспаса керек еді.
Майраның үсті-үстіне толқындата неге ұзақ күлгенін мен енді ғана аңғардым. Ол менің батылсыздығымды, бостығымды ажуалап тұр екен. Ол Майраның: «Батыл болсаң Меңтайға баяғыда қолың жететін еді» дегені екен. Мен оны бірден мойындадым да:
– Иә, оның да рас, Майра, — дедім. Майра тағы да күлді.
– Әй, Ереке-ай, қандай адал, ақкөңілсіз. Шындықтың шеті шықса, шынжыр торға шырмалғандай боп қалатыныңыз тағы бар-ау сіздің. Біздің мына қыздың көкейін тесіп жүрген де осы адалдығыңыз ғой, шіркін!
Меңтай үндеген жоқ. Тек қасында түрегеп тұрған Майраның бір иығынан құшақтап, оның маңдайынан қақ жарған қос бұрымды ұзын шашын қайта-қайта сипалай берді.
– Екеуіңе бір тарелка қояйын ба? – деді Майра иығын құшақтап тұрған Меңтайға мойнын бұрып.
Меңтай көзін жыпықтатып, басын изеді.
– Бір қасық берейін бе? — Меңтай тағы да бас шұлғыды.
– Айттым ғой мынау бүгін тіл-жағынан біржола айырылып қалған деп…
Майра тағы да сықылықтап кеп күлді. Қыз жүрген жер қызықсыз, күлкісіз болмайды ғой. Дегенмен Майра бүгін бірнеше қыздың күлкісін бір өзі міндетіне алған сияқты болды. Оның үстіне Майраның бұл жағдайы күлгенінен күлімсіреуі көп Меңтай мен ешқашан қарқылдап қатты күлмейтін менің қасымда ерекше білініп тұрды. Алайда Майраның күлкісі адал досқа деген ақжүректен ақтарылып жатқан асыл қазына екенін біліп, біз де оны іштей қосыла құптауда едік.
– Балалар, үстелді жасадыңдар ма? — деп дауыстады осы кезде бір нәрсе көтеріп сырттан кіріп келе жатқан Майраның шешесі.
– Дайын, апа, – деп Майра мен Меңтай қосыла жауап қатты.
Майраның апасы буы бұрқыраған бір тегене ыстық асты үстел қасына әкеп қойды. Өзі соның жанына жайғасты да, қызының қолынан бір-бірлеп тарелка алып, бәрімізге бөліп құя бастады. Абзал ананың қолымен ақ сүтке жасалған кеспе көже Меңтай екеуміз ақтілеумен табысқан алғашқы күні аузымызға алған асыл асымыз болды.
– Ішіңдер, қарақтарым. Нанмен қосып ішіңдер, – деп шешеміз бәйек болып жатыр. Содан соң маған қарай бұрылды. – Қарағым, сен азаматсың ғой, тауысып іш. Келгенің жақсы болды, айналайын. Сенің төбең көрінгеннен бері мына екі баламның ажары кіріп, адам болып қалды.
– Иә, ажары ғана емес, мына қызыңыздың кеудесіне жаны кіріп, жақсы болып қалды, апа, – деп Майра өзінен жоғарырақта, маған тақау отырған Меңтайды нұсқады. Шешесі басын көтеріп қызына қарады. Меңтай «тыныш отыр» деген ишара жасап, Майраны ақырын жеңінен тартқылады. Бірақ оған Майра тоқтамады. – Меңтай мен мына отырған балаңыз екеуі бір-біріне Қыз Жібек пен Төлегендей ғашық болатын. Араларына бір Тұмажан деген Бекежан түсіп, мына балаң оқуын тастап, былтыр басқа қалаға кетіп қалған. Дүниеде Бекежандар оңушы ма еді, ол Меңтайдың оқу бітіруін тоспай, басқа біреуге үйленіп қойыпты. Сөйтіп мына аңқау қызыңды алдап кетіпті. Иә, кеткені жақсы болды сол сұмпайының! – Бұл тұста Майраның жазық маңдайы шытынып, кеудесін ыза кернегендей дауысы дірілдеп шықты. – Мына балаң оны білмей ана жақта жүре берген. Ал қызың ұялып, оны айтпаған. Сонымен андағы Ербол балаң жазғы оқуға келе жатып, жолда бір жерде жаңағы сұмпайымен – Бекежанмен кездеседі. Содан бар жайды біледі. Білген соң Меңтайды іздеп кеше осында келеді. Иә, апа, мына қызың, – ол қолымен Меңтайды бүйірінен түртті, бүгін бұрынғы Меңтай емес. Төлегеніне қосылған Қыз Жібек боп отыр қазір. Ал, құттықта, апа, балаларыңды.
– Алда, қарақтарым-ай! Алда, айналайындар-ай! Бақытты болыңдар ендеше! Босағаларың берік, үбірлі-шүбірлі болыңдар, қалқаларым, – деп Майраның шешесі қапелімде аузына түскен тілегін айтып, ақ батасын берді. – Келіңдерші, қарақтарым, екеуіңнің де беттеріңнен сүйейін, – деп орнынан тұрды. Біз де қоса көтерілдік. Екі беті қып-қызыл боп кеткен Меңтай төмен қарап, ілбіп басып, Майраның анасына қарай аяңдады. Ана оны айқара құшақтап, бауырына басып, қайта-қайта шашынан иіскеді. Содан соң маңдайынан сүйді де: – Қосағыңмен қоса ағар, ботам! — деді.
– Айтқаныңыз келсін, апа, – деген үш сөзді даусы дірілдеп әрең айтты да, Меңтай Майраның анасын тез қайта құшақтап, солқылдап жылап қоя берді. Оған қосылып, ана да көзіне жас алды. Меңтай жылағанға мен қоса қиналып, ернімді тістелей бастадым. Ішіміздегі міз бақпаған Майра ғана болды.
– И-иә, несіне жылайсың? Қуанғаныңа көрінсін! – деді ол құрбысын сыртынан құшақтап, анасының бауырынан ажыратып жатып. Содан соң маған қарап, көзін бір қысып қойды.
– Қуанған да, қорыққан да бір деген ғой, қайтсын жыламай,– деді Майраның шешесі басындағы орамалының ұшымен өз көзінің жасын сүртіп жатып. – Бәлкім, анасы есіне түскен болар. Ол байғұс тірі болса, өз қолынан ұзатар еді ғой бүгін. – Осы сөздерді айтып болған соң ана құшағын жайып маған бұрылды.
– Кел, балам.
Аналық құшағын кең жайып тұрған бұл мейірбан кісі менің де өз шешеме ұқсап кетті. Мені де алдымен төсіне басып, сонсоң екі қолын екі иығыма салып, тебірене сөз сөйледі.
– Сен де – жалғыз екенсің, балам. – «Жалқылығым жадыңда екен-ау» деп ойладым ішімнен. — Жалғыздың жан жолдасы – ары мен жары болады. Ендеше, қалқам, жарыңды жаныңмен тең ұста, жаныңды арыңмен тең ұста. Сен сенімді серік болсаң, Меңтайым мейірімді жар бола алады саған. Жерден шыққан жетім қыз алдым деме, шырағым. Ақылды қызға – ана көп, аяулы жанға — пана көп. Мен жалғыз Майраның ғана емес, Меңтайдың да анасымын, қарағым…
– Иә, біздің апам боздатты біржола,- деді Майра Меңтайдың көз жасын құрғатып жатып.
Әзіз ана өз сөзін одан әрі жалғастыра берді.
– Ендеше сен құрсағымнан шықпаса да, құшағымнан шыққан баламды алғалы тұрсың міне. Еркектің бақыты да, тақыты да – жақсы жар болады, шырағым. Саған айтар ақыл, берер кеңесім, қарағым: өзіңді тапқан анаңды сыйласаң – анау адал жарыңды сыйла. Сенің де анаң бір кезде осындай жас келін боп түсіп, жанұшырып жүріп сені дүниеге келтірген. Ана болғаннан кейін дана болған. Адамның екінші қымбаты– арыңды қадірлесең – жарыңды қадірле, қарағым. Мына бүлдіршіндей Меңтайымды жарым деп қана емес, жаным деп қабылда, қалқам. – Осы арада ана бір тоқтап, тыныс алды да, сөзін аяқтады. -Бұны Жетісудың бір бейтаныс кемпірінің сөзі емес, өзіңнің туған шешеңнің өсиеті деп ұқ, балам!
Осылай деп ана менің де маңдайымнан сүйді. Ананың сөздері менің де сай-сүйегімді сырқыратты, Меңтай көзінен тағы да үнсіз жас сорғалады. Бұл тұста Майра да босады. Мұнысын білдірмеу үшін ол Меңтайды уата жүріп, оның бетін үнсіз аймалай берді.
Жүрегім елжірей тұрып мен осынау шүйкедей кемпірдің шешендігіне, даналығына таң қалдым. Менің Флобер, Бальзак, Тургенев, Горький кітаптарын айлар бойы ақтарып, алтын тапқандай қуана қойын дәптеріме көшіріп алатын асыл сөздерімді бұл кісі бір ғана сәтте түйдек-түйдегімен төкті де салды. Осы үйдегі кешеден бері ең елемеген адамым да осы кісі еді. Кеше келгенде «Сәлеметсіз бе, апа» деп сәлем беріп, кетерде «Сау болыңыз, апа» деп қоштасқаннан басқа жылы ұшырап, бір ауыз сөйлескемін жоқ. Менің есіл-дертім екі қызда, Меңтайда болды. Солар не айт десе, соны айтып, осы бөлмеде патефондай сайрадым да отырдым. Олар күлген сайын мен әңгімемді соза бердім. Оларды күлдіре түскім, қуанта түскім келді. Сонда мәсісінің ұшымен басып, есікті сықырлатпай ашып, кіріп-шығып жүрген осы кісі көлеңке іспетті ғана боп көрініп еді маған. Кітап қадірлегіш, өткен данышпандарды сыйлағыш мен екі күн бойы қасымдағы тірі дананы елемеппін-ау. «Ана болған – дана болады» деген сөзі қандай жақсы еді апамның. Жо-жоқ, жалғыз бұл емес, жаңағы айтқан бар сөзі маржан ғой тізіліп тұрған. Кеш менің білместігімді, данышпан ана. Мен ішпей маспын ғой бұл күндері. Mac кісі не білуші еді, не аңғарушы еді. Соны ескер, абзал ана. Әрине, мен мұны ауызша айтқаным жоқ. Оймен айттым. Өйткені мен үндемей отырып, іштей сөйлеуге ғана шешенмін ғой. Ал ауызша айтқан бар сөзім мынау ғана болды.
– Алдияр ана, айтқаныңызды орындаймын! — деп бас иіп, ант еткендей оң тіземді бүктім.
Бұл менің анаға деген ризалығым еді. Бұл және Меңтайға ризалығымнан айтылған сөз болатын. Осы аз сөздің өзін әрең айттым. Өйткені мен өзімнің тебінгідей үлкен еріндеріме ие бола алмай қалдым. Ол, жылаған жас баланың ерніндей боп, кемсеңдеп кетті.
Майра жүгіріп кеп мені қолтығымнан көтерді.
– Иә, не боп кетті өзі. Жұрт қуанады екен десе, – деп ол өз-өзінен күбірлеп жүр.
– Қуаныш деген осы ғой, күнім, – деді ана енді камзолының қалтасынан орамалын алып, көзін сүртіп жатып. – Қуаныш тек күлкімен ғана келмейді. Ол тек бала басынан кешіретін тәтті қуаныш қана. Азаппен келетін ащы қуаныш та болады. Нағыз қуаныш һәмәнда жанды қинап, жүректі сыздатып, жылата келеді ғой, қарағым. Ең қайырлы қуаныш та сол болады.
– Иә, апам бүгін философ болып кетіпті, – деп Майра бізді орнымызға жайғастыра бастады. – Отырыңызшы, Ереке. Отырсаңшы, Меңтай.
– «Былайсоп-мылайсобыңның» не екенін білмеймін, қалқам, – деді ана қызы орнына отырған соң. – Соғыс кезінде соқаға жеккен сиырды «соп!» дейтінбіз. Менің білетінім осы ғана. Ендігі білетінім – ертең ел-жұртты жинап, той жаса, балам.
– Иә, жасаймыз, – деп Майра күлімдеп кетті.
– Ертең ана ақ бұзауына айырбастап колхоздан бір семіз қой ал. Жиырма жылдан бері осы колхоздың ыстығына күйіп, суығына тоңып келеміз ғой. Соғысқа кеткенше әкең де табан аудармай жұмыс істеген. Берер бір малын.
– Береді, апа, береді, – деп Майра алақанын шапалақтап.
– Берсе, солай ет, ботам, – деп ана орнынан көтерілді. Ол тегенені, Майра мен Меңтай ыдыс-аяқты жинап алып, ауыз үйге әкетті.
Төргі бөлмеде оңаша қалған мен өз-өзімнен отырып тағы да тебірендім. Ері соғыста өлген, жалғыз қызын медеу етіп, күнделікті еңбегімен күн көріп отырған жесір әйелдің мынадай мырзалығына және таң қалдым. Алты аласы, бес бересісі жоқ біреуге той жасап, жалғыз бұзауын сойып бермек. Неткен дарқандық десеңші бұл! Бүгін біреуге той жасап, ертең өздері аш отыруға бейіл ғой бұл ел. Жоқ, Меңтай екеуміз бұзауды сойдыртпаспыз. Ал алда-жалда айтқанымызға көнбесе, екі есе ғып өтерміз бұл жақсылықты.
Жалғыз Майраның ғана емес, үшеуміздің бірдей ортақ анамыз етіп алармыз бұл кісіні!
Мен осыны ойлап отырғанда төргі үйге Майра кірді.
– Біз Меңтай екеуміз де күнде беседкаға жатушы едік, – деді ол орындықтағы шамды алып, биік үстелдің үстіне апара жатып. – Үй ыстық. Сізге төсекті қайда салайық?
– Үйдің төбесіне жатуға бола ма? – дедім мен. Менің бүгінгі көңіл күйім не үйдің төбесіне, не таудың төбесіне жатуды керек қылғандай еді.
– Болады. Онда мен сізге төсекті төбеге салайын, – деп Майра төр жақта жинаулы тұрған жүкті бұза бастады.
Орнымнан ұшып тұрып, мен де оған көмектесуге кірістім. Мен текеметті, Майра көрпе-жастықты көтеріп екеуміз сыртқа қарай беттедік. Меңтай ауыз бөлмедегі биік ағаш төсекті бұзып жатыр екен. – Меңтай, – деді Майра шығып бара жатып, – сен андағы, апамның төсегін салып болғаннан кейін өзіміздің төсек-орынды беседкаға апара бер.
– Жарайды, Майра.
Бұл екі сөз маған ғажап музыка, асқақ әндей боп білінді. Сол ән мен музыка жаныма қанат бітіріп, жайраңдап далаға шықсам, ай сүттей жарық, ауа қымыздай тәтті екен. Кеудемді кере дем алып, қабырғаға сүйеулі тұрған саты ағаштың орта беліне дейін көтерілдім де, текеметті жоғары шығардым. Одан соң жерде тұрған Майраның қолындағы көрпе-жастықты алып, төсекті өзім салып аламын деп, оны қоя бердім. Маған алаңдамай, олардың тезірек беседкаға жайғасуын тіледім.
XX
Майра маған бір көрпе мен бір жастық және ұзыншақ келген құрақ көрпеше беріпті. Соғыстан соңғы дүниеге тапшы кез еді ғой ол. Құрақ көрпешені текемет үстінен төсеуге әрі простыня орнына бергенге ұқсайды. Төсекті тез салуын салып алғаныммен, тыншығып жата алмадым. Текеметке киімшең құлаған бойыммен, өлі тигендей дөңбекшіп, біресе он жамбасыма, біресе сол жамбасыма аударыла беремін. Кейде төмен домалап, үй үстіне қаулап өскен алабота, көк қурайды сытырлата сындырып, аунай кеп жөнелемін. Төбедегі шөпті ат аунағандай етіп жапырамын да, одан соң қайтадан орныма ораламын. Біраздан кейін киімімді шешіндім де, тек трусишең ғана күйде қалдым. Содан соң аюмен алысқандай боп екі иығымнан демалып, екі танауым делдеңдеп біраз шалқамнан жаттым.
Сөйтіп, жұрт аяғы басылып, ел ұйқыға кеткенше өз-өзімнен аласұрумен болдым. Әлден уақытта жолбарыстай ырғып орнымнан тұрдым да, біреу көріп қоятындай еңкеңдеп, бір басып, екі басып сатының қасына келдім. Беседка жаққа көз салып едім, қыздардың жайбарақат ұйықтап жатқандары аңғарылды. Сатыдан түсе салып, жүгіріп қастарына барсам, Майра басын бүркеп алған екен. Қою қара шашы ақ жастыққа шашылып, шалқасынан жатқан Меңтайды көргенде үстіне құлап түсе жаздадым. Буын-буыным қалтырап, тынысым тарыла түсіп, Меңтайды еңкейіп ернінен сүйдім. Ол тез көзін ашып алды да, мені қос қолымен бетімнен сипап, мойнымнан құшақтады.
Мен дегбірім кетіп, оны тез орнынан тұрғызбақ болып, екі қолынан тарттым. Меңтай кеудесін көтеріп отырды да, Майра жаққа қарап, маған екі саусағын көрсетіп, ерніне басты. Онысы: «Ақырын, Майра оянып кетеді» дегені деп ұқтым. Мен оған саусағыммен беседканы нұсқап, одан соң үйдің үстін көрсеттім. Оным: «жүр, үйдің төбесіне барып жатайық» дегенім еді. Ол орнынан тұрып, үндеместен соңыма ілесті. Беседкадан шыққаннан кейін екеуміз қол ұстасып, сатыға қарай жөнелдік. Жұқа, шолақ ішкөйлегінен екі тізесі жарқ-жарқ көрініп, ақ мәрмәрдай мойын, кеудесі айға шағылысып, қалың, қою, ұзын қара шашы ту сыртын қара мақпалдай қымтаған Меңтайдың сахнаға шыққан бишідей аяғының ұшынан лыпып басып қасымда келе жатқанын көргенде менің жүрегім жарылардай боп дүрс-дүрс соқты.
Үйдің үстіне шыққаннан кейін Меңтай төсек үстіне келіп, демін ішіне тартып дымы құрығандай боп, шоқиып отыра кетті. Сол тұста көкте қайырған қыранның тегеурінінен тайсалақтап, діріл қағып, жан ұшырып тегіс жерде шалқасынан құлаған қызыл түлкінің үстіне жарқ етіп, нажағай соққандай болды. Ерінді ерін тауып, бір-бірінен шырын сорып, бал жұтысқан тойымсыз, тынымсыз, толассыз бір сәт туды.
Меңтай екеуміз құшақтасып, жалаңаш денеміз сүйіскен екі еріндей жабысып, көрпе астында үн-түнсіз ұзақ жаттық. Бұл күн ыстықта ұзақ жол жүріп, қаны кеуіп шаршап, қаталап келіп, алдынан кездескен мөлдір бұлаққа бас қойған адамның алғашқы алған рахатынан кейінгі тапқан тынысы тәрізді шақ еді. Қатты шөлдеген адамның сусыны қанушы ма еді? Менің тағы да шөл қандыру әрекетіне кіріскім келді. Осы кезде Меңтай мені сәл бөгеп, бір нәрсе сұрағысы келгендей ыңғай білдірді.
– Сіз… сен менен жиіркенген жоқсың ба? – деді ол.
– Жоқ.
– Жиіркенбейсің бе?
– Жоқ.
– Өмір бойы ма?
– Иә…
Осы кезде менің денемнің Меңтай жақ жартысы дір ете қалғандай болды. Діріл тез қайталап, бірден жиілей түсті. Сөйтсем, Меңтай өксіп, жылап жатыр екен. Оны неден ренжітіп алдым деп мен жаным шыға бәйек болып, асты-үстіне түстім.
– Не болды, жаным?
– Жай, әшейін.
– Әшейін емес қой, айтшы, қуатым, – дедім мен жалынып.
– Әшейін, – деді Меңтай үстіміздегі көрпенің шетіне көзін сүртіп.
– Айтшы, сәулем, – дедім оның ащы жас шыққан екі көзінен, аузынан тынбастан сүйіп. – Айтшы, қуатым.
– Жай, әшейін дедім ғой… Сен болмасаң, мені кім бағалар еді? Өзегіне құрт түскен алмаға кім қолын созар еді?… деп… Әшейін соған…
Меңтайдың неге жылағанын енді білдім. Тезірек оны жұбатуға асықтым.
– Қойшы, қалқам, оны ойламашы, – дедім тағы да толассыз сүйіп жатып. – Ол бір сәт түнде көрген жаман түс сияқты болып, өтті де кетті емес пе. Ойламашы соны. Сен бітеу тұрған, бұзылмаған ең тәтті алмасың, жаным.
– Мен сіздей… сендей кісіге лайық емеспін-ау, тең емеспін-ау деп ойлаймын.
– Жоқ, лайықсың! Сен менен артықсың, сәулем!
Меңтай біраз үнсіз жатты.
– Жарайды, сенің көңіліңе келмесе болды маған, – деп ол мені ыстық ернімен аймалап, жұмсақ алақанымен жанымды сүйсіндіре жауырынымды сипады.
– Келмейді, келмейді, қуатым! Сенші маған. Келмейді ешқашан да! Ешқашан да! Мен сені осылай құшып жатқаныма бақыттымын, қуатым, қызығым, өмірім, өзегім!..
– Айналайын, көкетайым! – деді Меңтай «айналайын» деген сөзді жанды еріте созып айтып.
Айлы түнде айдай жарымның ашық жатқан аппақ кеудесіне тағы да құмарта көз тіктім. Ұлы даналар жасаған жан ләззаты – жалаңаш әйел бейнелері көз алдыма елестеді сол сәт. Гойяның биік төсекте шалқалай сұлап, топ-томпақ қос анары қызықтыра көз тартып, өзіңе маужырай қараған бұраң бел жалаңаш Махасын көргендей тамсандым. Енді бір сәт Тицианның қою қолаң шашын уыздай денесіне шәлі етіп жамылып, жұмыр білегі, қос анары, үлбіреген ақ тамағы ғана ашық қалған жанды еріткен жас сұлу Мария Магдалинасы мен ақ санын айқара ашып тастап, сабыры сарқылып жатқан Данаясының бір сәт Рубенстің оң иығына жалт бұрылып, әлденеге құмарта қарап қалған сымбатты Вирсавиясының қасында тұрғандай сұқтандым.
– Айналайын, – деді осы кезде Меңтай даусын соза сөйлеп, жалынғандай болып, – қарамашы тесіліп, қойшы, көкем. Ұяламын. Біреу көріп қояды.
– Кім көреді? Ешкім де көрмейді, – деймін мен оны кеудесіндегі тырсиған ақ алмасынан аймалап.
– Әне, ай көріп тұр, – деді Меңтай күліп, қытығы келіп.
– Ай көрсе, көре берсін.
– Ол айналасына айтады.
– Айтса, айта берсін.
– Жұлдыздар көріп қойды. Олар жер жүзіне жаяды.
– Жайса, жая берсін.
Дүниеде әйелдің тәнінен тәтті, оның тұлғасынан сұлу ештеңе жоқ шығар, – деп ойладым мен Меңтайдың ақ денесін көрпемен қайтадан қымтап жатып. – Әйелдің асыл тәніне тәнті болу – еркектік тіршіліктің түйіні шығар деп түйдім мен онда. Бірақ ешбір картина менің Меңтайымның сымбатын бере алмайды. Барлық Венералар да, Данаялар да, Мариялар да, Вирсавиялар да, Меңтайдың шеніне келмейді. Өйткені бұл ешкім көрмейтін менің өз картинам, өз дүнием, өз байлығым, өз бақытым! Міне, мен Меңтайды бауырыма басып ішімнен осылай деп жаттым. «Меңтай – менің өз картинам, өз дүнием, өз байлығым, өз бақытым!» деп мың мәрте қайталадым.
Әйел мүсінінің сұлулығын қыл қаламмен жырлап өткен ұлы даналар қалдырған Эрмитаж қабырғаларындағы бір көрген адамның ешқашан есінен кетпес мәңгілік ғажап картиналардай болып, сол бір түн, жарық ай, жалаңаш Меңтай күні бүгінге дейін менің көз алдымда қалды. Сол жолы мен сұлулықтың шын сырын ұқтым. Әйел сымбаты, әсіресе оның жалаңаш мүсіні дүниедегі ең қуатты күш екенін түсіндім. Әйел тәні еркектер үшін магнитпен пара-пар екенін білдім. Жалаңаш әйелді жау да жеңе алмас-ау деп ойладым. Бұл сабақты маған сол түн, сол сәт берді. Ол түн маған дүниеде ең бір ұлы сабақтың алғашқы әліппесі болды.
Мен шалқамнан жатырмын. Меңтай бір қырындап, мені құшақтап алған. Мен оны мойнынан қысып, екінші қолыммен қолын сипап жатырмын. Аспанда асыға ай дөңгелеп барады. Одан әріректе, менің Меңтайымның жүзін көруге таласқандай боп, жұлдыздар жапырласады. Олар бір-бірімен жарыса жымыңдасады. Содан соң: «Сен қандай бақыттысың!» деп маған бас изегендей болады. «Иә, мен бақыттымын! – деймін жұлдыздарға күбірлеп. – Менің бақытыма сендердің де сандарың жетпейді!»
Өстіп Меңтайды құшақтап, жұлдыздармен сөйлесіп жатып, мен соншама бір ғажап, рақат теңізінің түбіне қарай шым батып бара жатқан сияқтандым.
Таңертең Меңтай ерте тұрып, мені қайта-қайта сүйді. Содан соң беседкадағы Майраның қасына кетті. Мен жалғыз қалдым. Бұл жолғы жалғыздығымды мен басқаша сезіндім. Үй үстінде бір өзім оңаша болғаныммен, Меңтай көзге көрінбей қасымда жатқан тәрізденді. Ол да оңаша емес, қасына мені алып жатыр деп ойладым.
Көкжиектен дөңгелеп күн шығып келе жатты. Жалғыз жатып мен күбірлеп күнмен сөйлестім, сыбырлап желмен сөйлестім. Оларға да өз бақытымды айттым.
Бір кезде үйден шелегін салдыратып, сиыр саууға Майраның анасы шықты. Мен киініп үй төбесінен түсіп, абзал анаға сәлем бердім.
– Армысыз, анам!
– Бар бол, балам. Ұйқың келмесе, өзенге бар, – деді ол.
– Бүрген! Бүрген, мен бақыттымын, – дедім, өзен жағасына келіп айқайлап.
Одан соң аяңдап гүлді өзекке түстім.
– Гүлдер, гүлдер! Мені құттықтаңдар! Мен сендердей гүл құшақтадым, мәңгі құштым! – дедім оларға.
Гүлдер қуана құттықтап, бастарын изесті. Содан соң мен Көктөбеге көтерілдім.
– Мен бақыттымын! – дедім төбе басында тұрып дауыстап. Маған алыстағы таулар үн қосты. Олар: «Мен бақыттымын! Мен бақыттымын!» деп жаңғыра жауап қатты.
Маған Бүрген өзені шалқып жатқан дария, Көктөбе асқар тау сияқты боп көрінді. Мен дүниенің төріне шығып, төбесінде тұрғандай сезіндім өзімді.
Иә, сол күні кешке Майра болмастан той жасады. Ауыл жиналды. Махаббат гимні – «жар-жар» айтылды, әндер шырқалды. Ауыл адамдары Меңтай екеумізге ақ жүректерінен шыққан адал тілектерін айтысты. Шарап жоқ, шатақ жоқ шаршы ғана жиын жасадық өзімізше.
Ертеңінде Меңтай, Майра, мен үшеуміз қалаға келдік. Жатақханаға кірсек маған деген тілдей ашық хат жатыр. Оқып жіберсем, былай деп жазылыпты.
«Ербол!
Сен бізге аса қажетсің. Тез келіп, маған жолық.
Б.Уазитов».
– Мені редакция іздеп жатыр. Барамыз ба, қыздар? – дедім неге екенін білмесем де өз-өзімнен қуанып.
– Барайық, – деді олар бірден.
Базардың қасына келіп, трамвайға отырдық. Одан кейін біраз жаяулап редакцияға бардық. Жол бойы мен жақ жаппастан сөйлесумен болдым. Қыздар күлумен болды.
Қыздар тосып сыртта қалды. Мен ішке кірдім.
– Ә, келдің бе, Ербол? – деді жауапты секретарь мені көріп. — Сәлеметсің бе? Хал қалай? Сессияң бітті ме?
– Бітті.
– Оқуыңды қашан тауысасың?
– Енді бір он шақты айдан кейін.
– Бізде бір орын босады. Сені қызметке алсақ деп ойлап едік. Қалай көресің?
– Ақылдасып кеп артынан айтайын. Кімнің орны?
– Шалғынбаевтың орны.
Менің көзім бақырайып кетті.
– Ол қайда? Неғып кетті?
– Басқа жұмысқа ауысты. Газетте істеуге қабілеті жетіңкіремеді. Оның үстіне мақтаншақ, даңғой, ішкіш адам болып шықты. Ал өз шешіміңді айт кәне.
«Апырай, Шәкем-ай, – дедім мен ішімнен. – «Аһ!» деп өзіңнен-өзің сиыр қайырғандай болып отырушы едің. «Тіркемелі» жүз елу грамм түбіне жеткен екен ғой, тегі».
– Қазір, семьяммен ақылдасайын, Бәке, – дедім содан соң.
– Семьялы болып па едің? Құтты болсын, – деді жауапты секретарь. – Семьялы болсаң осы қызметке кіргенің жөн болар.
Жүгіріп есік алдына шықсам, Меңтай мен Майра күтіп тұр екен.
– Иә, неге шақырыпты? – деді Майра.
– Бізге қызметке кел дейді.
– Иә, сіз не дедіңіз?
– Семьяммен ақылдасайын, – дедім. Майра мәз боп күлді.
– Ал, семьясы, айт, – деді Меңтайға бұрылып.
– Оқу бар ғой, – деді Меңтай.
– Қалған бір курсты жұмыс істеп жүріп-ақ бітірмеймін бе?
– Ана жақтағы жұмысыңды қайтесің?
– Оны тастаймын. Редакция ол жақтан өзі босатып алады.
– Қайдам, өзіңе ауыр болып жүрмесе?
– Жоқ, түсейін. Менің арманым нағыз журналист болу емес пе? Ол үшін осы газетте жұмыс істеуім керек. Оның үстіне қызмет істесем екеуміздің де жағдайымыз жақсарады.
– Өзің біл. Бірақ маған осыдан артық еш жағдайдың керегі жоқ, Ербол. Мен қандай қиындық болса да шыдаймын ғой.
Сол күні маған Ербол Есенов республикалық газеттің әдеби қызметкері болып тағайындалсын деген бұйрық берілді. Тағдыр менің сүйген қызымды да, сүйікті қызметімді, осылай, бір-ақ күнде қолыма ұстатты.
Сонымен, не керек, нағыз бақытты жан мен болдым. Меңтай екеуміз Мичурин көшесінен оңаша бөлме жалдап алдық. Мен Меңтай дегенде, ол мен дегенде ішкен асымызды жерге қоятын болдық. Біріміз жоқта біріміз бір ұрттам су ішпейтінбіз, тамағымыздан өтпейтін. Мен жұмыстан, ол сабақтан босасақ-ақ болды, екеуміз бір-бірімізге қарай ұмтылатынбыз. Жылдам жетіп, жолығысқанша асығатынбыз.
Біздің кішкентай бөлмеміз бүкіл курс студенттерінің орталығына айналды. Олар, әсіресе, демалыс күндері біздің үйден шықпайтын. Шай ішетін, шарап тататын. Өте-мөте Жомартбек пен Майра біздің үйге жиі келетін.
– Екеуің қосылсаңшы, – дейтінбіз біз оларға әзілдеп.
– Менің қосылғым-ақ келеді-ау, – дейтін ондайда Жомартбек күліп. — Бірақ мына Майра мен сенен үш жас үлкенмін, апаңмын деп болмайды. Осылай деп Жомартбек күлкісін тыя қояды да, моп-момақан болып, Меңтай екеумізге кезек қарайды. Содан соң: – Апасын алушы ма еді жұрт? – деп сұрайды.
Бәріміз қыран күлкі боламыз. Майра Жомартбекті төмпештеп, екі құлағынан кезек жұлады.
– Ойбай, апатай, алмайын, апатай, – деп Жомартбек бақырып, үйді басына көтереді.
Бұған да көзімізден жас аққанша күлісіп, мәз боламыз.
Кейде Зайкүл келеді. Келеді де ол біздің ескі-құсқы базарынан сатып алған жаман диванымызға жалп етіп отыра кетеді. Содан соң, бір аяқты бір аяқтың үстіне салып, юбканың етегін кейін серпіп жіберіп екі аяқтың санын жарқырата жалаңаштап тастайды да, сөзге кіріседі.
– Өз курсында оқитын қыз бен жігіттің оңаша үйі болып, аяқты көсіліп тастап отыру – қандай рақат, – дейді ол мардымсып.
Жомартбек оған дүрсе қоя береді.
– Әй, әй, Зайкүл, – дейді ол қабағын түйіп. – Сен Кербез ағайыңның алдында отырған жоқсың, жап етегіңді.
– Өй, осының өзі мәдениетсіз, – дейді Зайкүл міз бақпай, бетін тыжырайтып. – Қызға кісі өстіп дөкір сөйлей ме екен?
Жомартбек қарқылдап күліп жібереді.
– Е, немене, қыз емес дегің келе ме, — дейді Зайкүл басын қақшита ұстап. – Менің мына Меңтай сияқты күйеуім бар ма? Жоқ. Ендеше не керек саған? Артта қалғансың. Мен саған жолда жатсаң қарамас едім.
Меңтай тез орнынан тұрып, Зайкүлдің қасына барады.
– Қойшы, Зайкүл. Жомартбектің қалжыңына несіне ашуланасың, – дейді оны құшақтай арқасынан қағып. – Қарның ашты ма? Жұмыртқа қуырып берейін бе?
– Сөйтші, Меңтай, – дейді Зайкүл Жомартбекпен ұрысып отырғанын бірден ұмытып. – Ішім ұлып барады. Мен қуырған жұмыртқаны сондай жақсы көремін, Меңтай. – Содан соң Меңтайдың құлағына сыбырлайды. – Шарабың бар ма?
– Сендік бірдеңе табылады, – дейді Меңтай тез Зайкүлді тамақтандыру қамына кірісіп.
Біраздан кейін мен Меңтай пісірген жұмыртқаны табасымен көтеріп, шыжылдатып әкеп үстелдің үстіне қойдым. Меңтай біреулерден қалған шараптың аузын ашты.
– Зайкүл, жалғыз ішесің бе? Жомартбек басын шайқап отыр ғой.
– Жоқ, мен Ерболмен қағыстырып ішемін, – дейді Зайкүл шарапты жұтпай жатып, сықылықтай күліп.
– Мен мұны ішпеймін.
– Неге?
– Менің шарабым басқа.
Зайкүл алдындағы стаканды сырғыта салды.
– Ендеше мен де ішпеймін. Сендер тәуір шараптарыңды өздерің ішіп, маған біреуден қалған жаманын беріп отырсыңдар.
Мен күлдім.
– Менің шарабым, шербетім мінеки, – деп қасымда бейқам отырған Меңтайдың бетінен сүйіп кеп алдым.
– Күн сайын ішесің, күнде мас боласың, ә? – деді Жомартбек желпініп.
– Иә.
Зайкүл сықылықтай күліп, стаканға қайтадан қолын созды.
– Олай болса, ішемін.
– Ербол, Зайкүлмен соғысып ішсеңші, – деп Меңтай маған да құйды.
– Ендеше маған да тамыз, – деп Жомартбек те стакан тосты. – Бәрібір Ербол Зайкүл екеумізге басқа шарап-шербетінен татырмайды.
Зайкүл орта стакан шарапты бір-ақ қағып салды да, күлді кеп.
– О не, Зайкүл? – деді Жомартбек бұрылып.
– Менің шарабым басқа дегенде мұның өзі оңаша ішіп жүрген бәлзамы бар екен десем. Мен бір мықтының үйінен ішкемін ондай бәлзамды. Бірақ оның сауыты қыздың беліндей жіп-жіңішке болады екен. – Осы арада Зайкүл көзінің қиығымен Меңтайға қарап қойды. – Ал, мына Ерболдың бәлзамының сауыты… – Зайкүл одан сайын сықылықтады.
– Аузын кенеппен тығындап қоятын қойшылардың карелин сауытына ұқсай ма, қалай, Жомартбек?
Меңтай қызарып кетті, бірақ үндемеді. Іші білініп, жүріс-тұрысы ауырлап қалған жарымды сөккені маған да ұнамады. Жомартбек те теріс айналып кетті.
– Әй, әй, өкпелеп қалдыңдар ма? – деді Зайкүл бірден күлкісін тыйып. – Мен қалжыңдап айтамын.
– Мен қалжыңды білмейді дейсің бе, Зайкүл, –деді Меңтай.
– Алаңдамай тамағыңды ішіп ал.
– Сенің осы ешкімге ренжімейтін мінезің үшін жақсы көремін, Меңтай, – деді Зайкүл шанышқыны қайтадан қолына алып. – Менің бір ауыз қалжыңымды көтере алмай мына екеуі торсиды да қалды. Ойпырай, биыл госэкзамен келе жатыр ғой.
– Зайкүл қолына алған шанышқысын қайтадан тастай салды.
– Анау кітапты көріп ойыма түсіп кетті.
– Бір тілде бірыңғай таза сөйлеуге болмай ма осы? – деп Жомартбек Зайкүлге тағы тиісті.
– Өзім орысша араластыра сөйлегенді сүйемін.
– Өйткені сен Чеховтың «қарындасысың» ғой…
– Онда жұмысың болмасын. Араластырып сөйлесең ең жоқ дегенде екі тілді білетінің білінеді. Маған жұрт Сағынова орысшаға да, қазақшаға да судай екен деп түсінсе болды, басқаның керегі жоқ.
– Оның атын көзбояу дейді.
– Әй, болса бола берсін! Меңтай басын шайқады.
– Ол жөн емес қой, Зайкүл.
– Өзіңе не ұнаса – сол жөн, басқанікі не керек, – деп Зайкүл шанышқыға қайтадан қол созды.
– «Адасқанның – алды жөн, арты – соқпақ», – деп Жомартбек ақырын әндетіп қойды.
– Осы кітапты көрсем бар ғой, – деді Зайкүл жұмыртқадан тағы бір асап жатып, этажеркадағы кітаптарға көзі түсіп кетіп, – аза бойым қаза болады. Кітапты жек көретіндігімнен бе қайдан білейін. Әнеукүні түсімде бар ғой, Меңтай, бар кітап жиылып мені сабап жүр. Мынау Жомартбектей шілмиген жұп-жұқа «Логиканың» өзі жұдырығын түйіп ентелеп келе жатыр. Түсте кітаппен төбелескен не болады екен осы? Білесің бе, Меңтай? – Меңтай басын шайқады. – Ендеше мен емтиханда құлап қалатын шығармын деп жорыдым.
– Сен құласаң, мен мұрнымды кесіп берейін, – дейді Жомартбек қуланып.
– Керегі жоқ мұрныңның. Бірақ қалай құламаймын төрт жыл оқығаннан түйірдей ештеңе жоқ басымда. Сенесіңдер ме осыған?
Біз үшін жауапты Жомартбек берді.
– Сенеміз. Бірақ сендей сұлу қызға жасаған жар болады, Зайкүл.
Зайкүл мақтанып, қуанып қалды.
– Табиғат әділ ғой, шіркін, – деді ол. – Ой бермей, маған өң бергенін айтсаңшы! – Үстел шетіндегі айнаны алып, басын қисаңдатып бетіне тосты. — Мынандай өңі бар кісіге ойдың керегі не? Әһ?
– «Айнаның қарсы алдына маймыл барып», – дейді тағы да Жомартбек әндетіп, бірақ «маймыл» деген сөзді Зайкүлге естіртпей міңгірлей айтып. – Жаман болсаң да, жас болғанға не жетсін, Зайкүл.
Біз бәріміз ду күлеміз. Сөйтіп Зайкүл кетеді. Одан соң өзгелер келеді. Күлкі күлкіге жалғасады.
Осылай базар болып тұрған алтын отауымыздың шаңырағы бір-ақ күнде, ойламаған жерде, салдыр-күлдір етіп ортасына түсті… Ғапу етіңіздер, мен бұл әңгімені әлі күнге дейін тебіренбей, көзіме жас алмай айта алмаймын… Ол күндерде еңірегенде етегім толатын еді… Одан бері жиырма жылдай уақыт өтті. Бірақ, бәр-бәрі әлі күнге дейін көз алдымда сайрап тұр… Иә, қай жерге келіп едім? Қазір… Қазір… Бір күні түнде Меңтай ішім ауырды деді. Ол былай болды.
Мен ол күні күндіз редакцияның тығыз тапсырмасымен бір заводқа барып келіп, кешке мақала жазып отырдым. Үстелдің екінші басында Меңтай болашақ бөпемізге деп көйлек пішіп әбігерленіп жатты.
– Ербол деймін, – деді бір кезде Меңтай.
– Ay, – дедім мен тез қағаздан басымды көтеріп.
– Өстіп, тігісін сыртына қаратып тепши берсем, бола ма?
– Болады, болады, Меңтай.
Осыдан кейін екеуміз де өз шаруамызды істеп отыра бердік.
– Ербол деймін, – деді бір кезде тағы да Меңтай.
– Ay, Меңтай.
– Сенің иткөйлегің болды ма?
– Болған шығар.
– Менікі де болған шығар, – деді Меңтай басын изеп. — Бірақ біз ғой шешеміздің оны қалай тіккенін білмейміз.
– Әрине, білмейміз.
– Иткөйлегін екеуміздің осылай ақылдасып отырып тіккенімізді біздің бөпеміз де білмейтін болады ғой әлі, иә, Ербол?
– Қайдан білсін ол тентек…
– Ой, ішім, – деп Меңтай ішін баса қалды осы кезде. Мен орнымнан ұшып тұрып, оны арқасынан құшақтадым.
– Ербол-ай, бүріп әкетіп барады, енді қайттім? – деді ол маңдайынан тер бұрқ ете түсіп.
Менің де жаным шығып кете жаздады.
– Қазір, қазір, жедел жәрдем шақырайын, – дедім сасқалақтап.
Меңтай басын изеді. Мен жанұшырып көшеге шығып, автоматтан жедел жәрдемге телефон соқтым. Көп кешікпей жедел жәрдем машинасы келіп, мен Меңтайды перзентханаға алып бардым. Мен қиналмасын деп перзентханаға жеткенше ол тістеніп дыбыс шығармауға тырысты. Барысымен сестралар «ай-түйге» қаратпастан, ішке қарай ала жөнелді. «Кетпеңіз» деп біреуі маған ескертіп те кетті. Осы қазір келіншегімді босандырып, баламды әкеп қолыма құшақтатады екен деп, оған едәуір дәмеленіп қалдым.
Бір кезде қолына түйіншек ұстап, жаңағы сестралардың бірі шықты.
– Алыңыз, – деп ол түйіншекті маған ұсынды.
– Мұныңыз не? – дедім мен шошып кетіп, шегіншектей кейін сырғып.
– Әйеліңіздің киімі.
– Әйелім қайда?
Сестра күлді.
– Қорықпаңыз, жігітім, әйеліңіз осында қалады. Киімін үйге алып қайтасыз. Босанғаннан кейін бір аптадан соң киімдерін қайта алып келіп, әйеліңізді де, балаңызды да үйіңізге алып кетесіз, – деп тыныштандырды ол.
«Аузыңызға май!» дедім мен ішімнен. Содан соң Меңтайдың киімін құшақтап үйге қайттым. Үйге жеткенше денемнің дірілі қалмады. «Апырай, мына киімін қайтарып беретіндері жаман ырым екен!» дей бердім ішімнен. Сонда неге жаманға жорыдым екен деген ой маған күні бүгінге дейін келеді. Әрине, ол ойлағандықтан да емес қой. Әшейін құр далбаса ғой менікі. Сонымен, не керек, мен сондағы Меңтайдың киімін құшақтаған бойда қалдым ғой ақыры…
Меңтай перзентханада төрт күн болды. Үш күн бойы күніне үш pет барып, терезеден көріп кетіп жүрдім. Ол екінші этаждағы палатада болатын. Мен «Меңтай!» деп дауыстаймын келе сала асығып. Ол менің үнімді ести сала төсегінен түсіп, терезенің жанына келеді. Сөзіміз бір-бірімізге жөнді естілмейді. Содан кейін екеуміз сақау кісідей ымдаса бастаймыз.
Мен төменде тұрып оған, суға батып бара жатқан кісіге ұқсап, қайта-қайта иек қағамын. Оным – «жайың қалай?» дегенім. Меңтай балаша жымиып, басын изейді. Ол – «түсіндім» дегені. Содан соң аурухананың олпы-солпы ақ көйлегінің сыртынан кеудесін басады да, алақанын жайқайды. Онысы – «қорықпа, мен үшін алаң болма» дегені. Сөйтеді де, екі көзін ботаның көзіндей мөлдірете кең ашып, маған қарайды. Сұқ саусағымен қайта-қайта мені нұсқайды. Онысы – «өзің қалайсың?» дегені. Мен бас изеймін де, екі қолымның басын төмен салбыратып жіберіп, кезек көтеріп, саусақтарымды жыбырлатамын. Оным «Кешегі мақаламды машинкаға бастырдым» дегенім. Меңтай түсініп, қайта-қайта басын изейді. Сонсоң мен сұқ саусағымды көрсетемін. Мұным – «Мақаламды редактор оқып, «жақсы» деп айтты» дегенім. Солай түсініп, Меңтай да қайта-қайта бас изейді. Мен тағы да ишара жасап, қолымды сілтеп, көше жақты нұсқаймын. Оным – «мақала баспаханаға терілуге кетті» деген сөзім. Меңтай алақанын шапалақтайды.
Тағы бір барғанымда Меңтай «Маған тамақ әкелме, өзін іш» деп ымдады. Бір күні кешке екі қолын жастық етіп, соған қисайтып басын қойды. Онысы – «Маған алаңдамай, жақсылап ұйықта» дегені еді. Бірде қолын төбесінен аса созып, өзі жоғары қарады. Онысы «Ұзынбала» — Жомартбек келіп кетті дегені деп ұқтым. Өйткені Жомартбек: «Енді жеңгем болдың, маған ат қой» деп болмағаннан кейін кейде Меңтай саған қойған атым деп оны Ұзынбала деп атайтын. Бір жолы ол бас бармағы мен сұқ саусағын дөңгелектеп көзіне апарды да, екі саусағын көрсетті. Онысы – «тостаған көз Майра бүгін екі рет келіп кетті» дегені болатын.
Төртінші күні түсте (таңертең де келіп, Меңтайды көріп кеткен болатынмын) жүгіріп келіп, таныс терезенің түбінен «Меңтай!» деп дауыстадым. Терезе алдына ешкім келмеді. Тағы да «Меңтай!» деп айқайладым. Бұл жолы өз дауысымнан өзім шошып кеттім. Дауысым палатаға да үрейлі естілді-ау деймін, терезе алдына орта жастағы қазақ әйелі жетіп келді. Келді де, мені көре салып кейін қашты. Тұла бойым шіміркеніп, не болғанымды білмей кеттім. Тағы да «Меңтай-а-ай!» деп айқайлап жібердім. Бұл жолғы үнім перзентхана маңын ғана емес, бүкіл Алматыны, барша Алатау аясын басыма көтере шыққан жан дауысымдай еді. Іштен ақ халат киген қартаң сестра жүгіріп шығып, тез-тез бірдеңе деп, мені қолтықтап ішке қарай алып кетті.
Мен сіздерге бұдан кейінгісін айтпай-ақ қояйын. Оны тар есікті, мұз еденді мәйітхананың тас төсегінен қалай көргенімді, асыл жарды өлі туған перзентімен бірге қалай қиып қара жердің құшағына бергенімізді айтуға дәтім шыдамайды.
Меңтайды қойғаннан кейін үшінші күні үйге жас орыс әйелі бас сұқты.
– Сіз Есенов боласыз ба? – деп сұрады менен.
– Иә, Есеновпін.
Алдымен әйел сіздің қайғыңызға ортақпын деп маған көңіл айтты. Содан соң өзінің перзентхана сестраларының бірі екенін білдіріп, қалтасынан қол басындай дәптер шығарды. Тани кеттім. Бұл менің Меңтай перзентханаға түскен күннің ертеңінде апарып берген дәптерім болатын.
– Осы дәптерді зайыбыңыз сіздің өз қолыңызға тапсырыңыз деп аманат етіп еді маған.
Әйелдің қолынан дәптерді алып, денем дірілдеп бірінші бетін аштым. Меңтайдың маржандай жазуы көзіме оттай басылды. Бірінші бетке ол былай орысша жазыпты: «Улица Мичурина, 65, Есенову Ерболу, лично».
Ағыл-тегіл тағы жыладым. Көлденең жұртқа жақсы көрген жарынан айырылған еркектің еңірегенін естуден ауыр жай жоқ екенін сонда білдім. Жан-жарынан айырылған еркектің сәбидей қорғансыз, сақау, саңыраудай бейшара боп қалатынын сонда ұқтым. Содан кейін ол дәптер менің бойтұмарым болды. Оның беттеріндегі жазулар, тыныс белгілері – үтір, нүктесіне дейін, тасқа қашалған Орхон-Енисей жазуындай болып, менің жүрегімде мәңгі жатталып қалды. Мен сіздерге соны оқып берейін де, әңгімемді аяқтайын енді.
Ал тыңдаңыздар. Азғантай ғана өзі де.
«Ербол, жаным Ербол!
Өткен түнде, сен мені перзентханаға әкеп салып қайтып кеткеннен кейін маған осында өліп қалатын шығармын деген ой келді. Мен өлсем де, бала өлмесе екен деп тіледім. Атын өзің қой. Сен не деп қойсаң, мен соған ризамын, менімен келістім деп есепте. Бұл – менің болашаққа жолдаған сәлем хатым болады ғой сонда, иә, «Мамаң аты кім?» десе, «Метай» дейді ғой ол тілі шыққан соң. Ол мені айтқаны ғой. Сонда сен күлесің де, күрсініп мені еске аласың ғой.
Жо-жоқ, бұл жай ой ғой, Ербол. Мүмкін, мен өлмейтін шығармын. Бірақ: «Өлетін адам ажалын сезінетін сияқты» деп сен өзің айтушы едің ғой. Мен де бірдеңені сеземін бе, қайдан білейін. Сезбегенім жақсы болар еді. Бәлкім, бұл сені шексіз сүйетіндігімнен шығар. Сенен ажырамасам екен деген тілегім өзінен-өзі үрейге ұласатын болар. Сүйген жүрек – дірілшіл, күйген көңіл – ырымшыл келетін шығар тегі.
* * *
Ерболым менің!
Мен тағы да қорқынышты ойлар ойладым. Адамдар бірін-бірі сүйеді. Содан соң біреуі өліп, саудыраған сүйек болып, жер астында қалады. Ол ештеңені де білмейді, сезбейді. Ештеңеге қиналмайды, ойламайды. Бірақ бар салмақ, бар ауыртпалық тірі қалғанға түседі ғой. Жаман, арсыз жар есепті тіршілігін жасай жатар. Адал жарға ауыр тиеді-ау жалғыздық. Шіркін, шын сүйіспеншілікпен қосылған жандар өлмейтін болсашы! Жоқ, мұным табиғат заңына қайшы болар. Онда, ондай адамдар ұзақ жасайтын болсашы ең болмаса!
Бірақ мен өлсем де өлмейтін шығармын деп ойлаймын тағы да. Өйткені мен ішімнен шығатын бала да және сенің жүрегіңде өмір сүремін ғой. Сонда ол менің өлмегенім емес пе? Солай емес пе, Ербол? Солай деші, жаным, көкетайым!..
Мен саған бұл жолдарды тек ішім ауырмасын деп қана жазып отырмын, Ербол. Сені ойлап сен туралы жаза бастасам-ақ, ішімнің ауырғаны қоя қояды. Тегі іштегі тентек әкесін сыйлайтын болуы керек. Көрдің бе міне әкенің беделі қандай болатынын!
* * *
Айналайын, көкетайым!
Сен менің осы сөздерімді жақсы көресің ғой. Сен естісін деп мен мұнда осы екі сөзді әлденеше рет айттым. Естідің бе ?..
Ойпырай, ішім әкетіп барады… Уһ, бұрап-бұрап әрең басылды-ay, әйтеуір. Дәрігерлер мерзімінен бұрын келген толғақ дейді. Ол неге мерзімінен бұрын келеді екен ?..
Не айтайын деп едім саған? Иә, жаңа есіме түсті. Ұнжырғаңды түсірмей, уақытында шашыңды алдырып, әрқашанда умаждалмаған таза киім киініп жүр, қуатым. Жұрт сенің ішіңе үңілмейді, сыртыңа қарайды. Жаның жадау, жағаң жамау болса, соған сүйсінетіндер де шығады. Ешкімге таба болмай, тік жүр, жаным, жарай ма? Арақ ішпе, керегі жоқ. Өзің де құмар емессің ғой. Өзіміз ішпей үлгі көрсетсек, кейін балаларымыз да ішпес еді деп ойлаймын, ішпесе деп тілеймін! Менің еркіме салса – бүкіл болашақ ұрпақ атымен арақ ішпесе екен деймін. Капитализмнің қалдығы дегеннің ең зұлымы – осы арақ. Біздің қоғамымыздың ішкі жауы да осы. Ендеше арақты құрту керек, өмірден аластау керек оны. Арақ бар жерде, меніңше, ешбір мораль заңы, ол қандай асыл сөздерден тізіліп, алтын әріппен жазылса да жүзеге аспайды, Ербол. Дүниеде су, сүт, шай, қымыз, лимонадқа жететін не бар, шіркін. Адамды желіктірмейтін момын сұйық осылардың өзі жақсы.
«Момын сұйық» дегенім кісі сияқты боп кетті, иә, Ербол. Бұл – бейнелеп сөйлеуді сенен үйренгенім болу керек.
Сен менен не үйрендің? Ештеңе үйренген жоқ шығарсың деп ойлаймын. Ал мен сенен көп нәрсе үйрендім ғой, күнім. Кісіні алаламауды, адамды арына қарап құрметтеуді, өз ойыңды күмілжімей ашық айтуды, қайырымдылықты, басқаларға болысқыштықты, біреудің ішіндегі жан ауруын білдірмей біліп ала қоюды – осының бәрін сенен үйрендім, Ербол. Нағыз өмірдің өзін сен үйреттің маған! Сенсің менің мәңгілік ұстазым!
* * *
Біздің палатада бір артистің әйелі жатыр. Сен білесің, Ербол ол артисті, «Отеллода» Яго боп ойнайды. Әйелі алтыншы балаға босаныпты. Босанғанына бір айдан асса да осында жатқан көрінеді.
– Апай, мұнда неге жатырсыз үйге қайтпай? – деп сұрадым кеше одан.
– Ой, шырағым-ай, тамағы жақсы, тыныш жерде жата беру керек қой, – деді ол. – Осында оңалып алған жақсы. Бұлар бір апта өткен соң-ақ шығарамыз деп қодыраңдай береді. Aл, әдісін тапсаң – шығара алмайды. Алғашында «тымау тиді, басым ауырады» дедім. Соңғы бес күн бойына «температурамен» жатырмын.
– Ыстығыңыз жоғары ма?– деппін одан аңқау басым.
Әйел күлді.
– Әңгіме сол ыстығымның жоқтығында ғой, – деді ол. – Ыстығымды өлшеуге термометр бергенде сестраның көзін ала берiп, жіңішке жағын одеялаға ысып-ысып жіберемін. Кейде – 37, кейде – 38 боп шыға келеді. Олар сенеді. Кейін сен де сөйт.
Мен жағамды ұстадым.
– Апай, алдағаныңыз дұрыс емес қой, – деп басымды шайқадым.
Жо-жоқ. Мен ешқашанда өйте алмаймын, Ербол. Перзентханаға келгелі тұтқынға түскендеймін мен. Осында «Өзіңсіз өткен үш күн (бүгін үшінші күн) үш жылдай боп көрінді маған. Мен босанғаннан кейін бір күн де қалмаймын мұнда. Мені босана салысымен дәрігерден сұрап алып кет, Ербол. Жарай ма, қуатым, жарай ма?
* * *
Жұрт күйеулеріне еркелетіп aт қойып жатады ғой осы: Құрманғалиды – Құрмаш, Уатайды – Уаш деп. Мен сені әлі бір peт еркелетіп атамаппын ғой, жаным. Бүгіннен бастап Ертай деп еркелетейінші сені. Ертайым менің!
Сенің халық қамын, мемлекет мүддесін ойлайтын үлкен журналист болғаныңды көрсем деп арман етуші едім іштей. Бағана өзің әкеп берген газетте басылған «Жұмысшы мүддесі» деген мақалаңды оқып, төбем көкке жеткендей боп қалды бүгін. Редакторың мақтаса, мақтағандай екен! Бірақ сен оған мақтанып кетпе, күнім. (Мақтанбайтыныңды білем ғой, әншейін айтамын, оған өкпелеп қалма. Жарай ма?)
Айтпақшы, бүгін майдың 5-і екен ғой. Сен әкеп берген газеттен көріп есіме түсті. Сені баспасөз күнімен құттықтаймын. Одан кейін бүрсігүні болатын радио күнімен, одан соң Жеңіс күнімен құттықтаймын. Жалғыз мен ғана емес, «Папама менен де сәлем айт!» деп бүйірімді тепкілеп жатыр мына тентегің. Оның да сәлемін қабыл ал!
Айтпақшы, Ертай, сен барып деканатқа айт – мені перзентханада жатыр деп мемлекеттік емтиханға кіргізбей қойып жүрмесін. Менің «Әдебиеттегі еңбекші әйелдер бейнесі» деген тақырыпқа жазған диплом жұмысымның да дайын екенін айт. Өзің білесің, осыған дейін бір күн сабақтан қалған жоқпын ғой мен. Мемлекеттік емтихан тапсыруға қалайда күйім келеді. Қалайда менің биыл құрбыларыммен бірге диплом алуым керек. Мектепке жолдама алып, класқа кіріп, «Сәлеметпісіңдер, балалар. Мен сендердің мұғаліміңмін» деп жас ұландардың алдында жымия күліп тұрсам, арманым болмас еді, дүние-ай!..
Ойпырау, мынау Сәлемхат тағы да тынышсыздана бастады ғой… Мен осыны Сәлемхат, Сәлемхат дей беремін. Түбінде Сәлемхат атанып кетіп жүрмесін осы тентегіміз. Мен бұл тентегіңді қандай болса екен деп ойлайтынымды білесің бе сен? Ұл болса – саған, қыз болса – маған тартса екен деймін. Бірақ ұл болса да, қыз болса да ақыры, адамгершілігі сендей болса екен! Ал саған тағы да Сәлемхаттан сәлем, папасы.
* * *
Адал дос адамға медеу де, демеу де, мақтаныш та, мереке де ғой, шіркін! Біздің Майра сондай ғой. Жаны қалмай жүр байғұстың біз үшін. Бағана келіп: «Баланы уайымдама, босанған соң апама бақтырамыз. Апам өзіме әкем беріңдер деп айтты» деп кетті. Апамды әуре қылмаспыз. Солардың сырттай жасап жатқан қамқорлығына жаның ериді. Оның артынан өзіңнің «кешкі көлеңкең» – Жомартбек келді. (Сен екеуің біріңді-бірің жеңе алмай-ақ келесіңдер қажасып. Сен оны кешкі көлеңкем деп атасаң, ол сені өзімнің түскі көлеңкем деп шыға келеді. Әйтеуір қисындырып, бір нәрсені таба қояды.) Бір газетті бала етіп әлпештеп, «іңга-іңга» деп мені мазақтап кетті терезе сыртынан. Мейлі, мазақтаса мазақтай берсін. Ертең өзі келіншек алып, балалы болғанда көрерміз оның әуселесін.
* * *
Бұл күнделікті мен жай, әшейін, ермек үшін жазып жүрмін, папатай. Сәлемхатың баж етіп бақырып жерге түскеннен кейін өзіңе беріп жіберемін мұны. Кейін дос-жарандарға оқып, тұңғышымыздың дүниеге қалай келгенін айтып, осы күндерді еске алып күліп отыратын болармыз әлі. Соған жазсын, соған жеткізсін! Иә, папатай…»
ЭПИЛОГ ОРНЫНА
Көңілі босап, көзіне жас келгендей болып, Ербол біраз уақыт үнсіз отырды. Бойын жиып, буынын бекіткеннен кейін ол сөзін қайта жалғап, әңгімесін аяқтауға кірісті.
Мінеки, Меңтайдың соңғы күнделігі осы. Жан тәсілімін жасап жатқан адамның ақырғы тынысы, соңғы қырыл, соңғы дірілі сияқты, асыл жардың ақырғы сөзі еді бұл. Бірақ осы азғантай сөзде мен үшін қаншама сыр, қаншама жыр жатыр десеңізші! Қаншама өкініш, қаншама мұң бар мұнда. Оқып отырып сан рет өкіріп, өксіп жылағанмын мен. Одан айырылып қаларымды өзім де сездім бе, қайдам, Меңтайды аялап, аймалап, құшып, сүюге, баладай әлпештеп, еркелетуге бір тоймаушы едім. Ақыры оның бір кішкентай қара тырнағына да зар боп аңырадым да қалдым. Төрт жыл соғыста төрт талына қылау кірмеген көмірдей қара шашым Меңтайдан айырылған тұста аппақ қудай боп шыға келді. Талай рет ұйықтап жатып Меңтай үнін естідім. «Жаным Ербол, ер бол!» деп ол сан рет құлағыма сыбырлады. Еден сықыр ете түссе, Меңтайдың жүрісін танып, сан рет басымды көтеріп алдым. Оның көйлегінің сыбдырын естігендей боп сан рет елеңдедім. Бірақ ол келмеді, көрінбеді. Мәңгілікке жоқ болды, ғайып болды. Таң алдында көрген тәтті түстей ғана елес қалды.
Кейде бір оңашада, өткенді ойлап мұңға батасың. Сонда, «Құдай-ау, қайда сол жылдар?» деген Абай жолдары еріксіз еске түседі. Ойлап-ойлап келіп, жастық шағыңның орынсыз өтпегенін іштей медеу, мақтаныш етесің. Өйткені адамзат толқын-толқын болып дүниеге келеді, түйдек-түйдегімен өмірден өтеді. Әр толқын, әр түйдек алғы шепке шеру тартқан әскер легіне ұқсайды. Октябрь революциясы мен Азамат соғысына қатысқан құрыш адамдардың темір тасқынды легіне ілесіп, біз 18 бен 22 жастың арасында азаттықтың ауыр жүгін арқалап, төрт жыл толассыз қан кештік. Пештен жаңа ғана қотарылған қызыл шойындай жүйткіп, батыстан Москваға қарай лықсыған от пен өрт селінің, қорғасын мен темір топанының алдын тостық. Біздің жас тәнімізді неміс фашистерінің оғы шұрқ-шұрқ тескіледі; жау танктері үстімізден таптап, жас сүйегімізді сықыр-сықыр сындырды; жас жүректерімізге немістің құлаштай қанжарлары кірш-кірш қадалды. Концлагерьден қашқанымызда немістің қасқыр иттері қоң етімізді тырмалап, терімізді жалбыратып, қан жоса етіп талады. Бізді зұлым жау камераларға қамап, улы газ жіберіп тұншықтырды. Бізді олар тірідей отқа өртеді, көзімізді бақырайтып қойып, тікемізден тік тұрғызып көрге көмді. Бірақ біз:
– Қасиет күші Ұлы Отанның,
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ашу-кегі,
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да жарыл, жүрек!
деп, жанған самолеттен жау колоннасына жау оғындай шаншылдық, айналаға өлім шашқан ажал ДЗОТына өз денемізді өзіміз қол гранатадай лақтырып, дұшпан пулеметін қанымызбен қақалттық. Жауға жанымызды берсек те, арымызды бермедік. Біз жығылып жатып – тұрып жаттық, өліп жатып – жеңіп жаттық. Халық намысын қорғасынға қоса құйып, құрышпен кіріктірдік те, бомбаға қанат, снарядқа заряд еттік. Ел тәуелсіздігін төбемізге ту етіп көтердік. Сөйтіп біз дүниені жайпап келе жатқан темір топанды тоқтаттық. Біз Отан жауын осылай жеңдік.
Біз майданда қандай адал болсақ, махаббатта да сондай пәк болдық. Әр жүректе асыл адамгершілік, айнымас махаббат болуын тіледік. Өйткені өмірден қол ұстасып өтер жан серік жалғыз жарын шын сүйе білмеген адам жолдасын да жақсы көре алмайды, коллективін де құрметтей білмейді. Жан жарына адал болмаған адам қылған қызмет, істеген іс, атқарған жұмыс, арқалаған қоғамдық міндетіне де адал бола алмайды. Себебі саналы өмірдің бар қызығы махаббатқа тіреледі. Сондықтан да махаббатқа соқпай кететін сезім аз. Анаға сүйіспеншілік, жарға құштарлық, Отанға перзенттік, туған топыраққа борыштылық сезімдерінің бәрі махаббатқа байланысты. Адам бойындағы ең асыл қасиет адамгершілік сезімі де махаббатпен сабақтас. Өйткені махаббат қадірін білмейтін адамда адамгершілік сезімі болмайды, ал адамгершілігі жоқ кісінің жүрегін махаббат мекендемейді. Жоғарыда Тургенев пен Пришвиннің махаббат жайындағы тамаша сөздері келтірілді. Менің оған қосарым «махаббат» деген асыл жібекке түйілген отаншылдық, еңбекшілдік, достық, туыстық, бауырмалдық сезімдері әрбір жас жүректің жалынды туы болса екен деп тілеймін. Біз — Октябрь революциясынан кейін дүниеге келген жаңа ұрпақ Отанға да, махаббатқа да ақ жүрегімізбен адал қызмет еттік. Міне біз мұны өзіміздің мәңгілік мақтанышымыз деп білеміз. Осы мақтаныштың әкелер жүрегінен балалар жүрегіне көшуін көрсету де бүгінгі күннің тақырыбы. Оны қалай көрсету, әрине, жазушының міндеті.
– Иә, иә, ұқтым. Не сұрайын деп отырғаныңызды түсіндім. Меңтайдан басқалар қайда қазір демексіз ғой? Оны да айтайын сізге.
Университет бітіргеннен кейін, ұядан ұшқан балапандай болып, әркім әр жаққа кетті. Біреу қияға қонып, біреу қиырды мекендеп жүріп жатыр қазір. Балапан басқан тауықтың ұясына байқаусызда түсіп кеткен үйрек жұмыртқасынан шыққан сушыл балапандай болып, филфакты бітіре сала мұғалім болмай, журналистиканың айдын көліне тартып мен кеттім. Ол отыздың біразы ғылыми қызметкер болды. Көпшілігі мұғалім. Қыздар алдақашан күйеуге шыққан, жігіттер әйел алған. Бір кездегі бүлдіршіндей қыздар мен қыршын жігіттер бүгінде сары қарын әйел, сақалды шалға айналды. Алдының балалары институтқа ілініп, баяғы біз басымыздан кешкен жастықтың жәрмеңкесіне енді олар кірді; біздің жастықтың жығылған жалауының орнына, олар өз туларын көтерді…
Солардың ішінен Меңтай екеуміздің мәңгілік адал досымыз Жомартбек Жолдин ғылым докторы атағын алды. Зайкүл есебін тауып, бір бастықтың етегінен ұстаған. Соның беделімен, тамыр-таныстық деген кәрі кеселдің көмегімен ол да кандидат деген атқа ие боп алған. Қазір ол бір институтта «басын жарып, көзін шығарып» әдебиеттен сабақ береді. Зәкең бұрынғының бәрін ұмытқан. Әшейінде шекірейіп жүретін әйел, кандидат болса мүлде кекірейіп кетеді емес пе. Ол да солай: кездесе қалсаң – танығысы келгенін таниды, танығысы келмегенге танауын көтеріп жүре береді. Жеңілтек адамды жағдай өзгертпей қоя ма? Мінеки, өмір дегеніңіз, кейде, ойсыз, ұшқалақ адамды ұшпаққа осылай шығарады екен. Қанипа да – кандидат. Майра Абаева Ленин орденімен наградталған. Жақында оған еңбегі сіңген мұғалім атағы берілді.
Тұмажанның да қайда екенін білгіңіз келетін болар? Жер үстінде ол да жүр. Бірақ біздің қоғамымызда ондайлардың орны түрме емес пе? Түрмеге түскен. Сақтық кассасын меңгеруші боп тұрғанда бірнеше облигацияға подлог жасап, мемлекеттің көп ақшасын жегені және, өз сөзімен айтқанда, басқа да «үзіп-жұлып, жұлмалағаны» үшін көп жылға сотталған. Оның екі сөзінің бірі «Ошақбаев опық жемейді» болып келуші еді. Жоқ. Ошақбаевтар да омақасады екен. Олардың әділетсіздігінің, арсыздығының, ынсапсыздығының зауалы — заң екен.
Ал енді қалған кім дейсіз ғой? Қос ғашық Тана мен Заман болар. Ертедегі екі ғашықтың қолы жетпеген мұратқа осы екеуі жетті. Екеуі қосылып, көп бейнеттерді бастарынан кешіріп, сол жақта жүріп институт бітіріп, елу төртінші жылы елге келді. Қазір екеуі де мұғалім. Тана Серкебаева екі рет Жоғарғы Советке депутат болып сайланды. Білімбай, Ербол, Махаббат, Меңтай есімді төрт баласы бар. Бір ұл, бір қызына Меңтай екеуміздің атымызды қойыпты. Мен олармен анда-санда кездесіп тұрамын. Кездескен сайын алдымен кішкентай қыздарын құшағыма алып: «Меңтайым менің!» деп шөпілдете сүйемін. Содан соң Тана мен Заманға қарап:
– Ал осы заманның Қозы Көрпеші мен Баян сұлуы, амансыңдар ма? — деп құшағымды жаямын.
Көздері жасаурап, еріндері дірілдеп ол екеуі қатарласа маған қарай ұмтылады.
Асыл жар, адал досқа не жетсін, шіркін!
1963-1970 Алматы
«МАХАББАТ, ҚЬІЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР» КІТАБЫ ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛДЫ?
(Оқырмандарға жауап)
Менің «Махаббат, қызық мол жылдар» атты кітабым 1970 жылы жарық көрді. Содан бері биыл үшінші жылға аяқ басты. Бірақ бұған дейін де менің оннан аса кітабым жарияланды. Жұрт кезінде мені жақсы очеркист деп таныды. Солай бола тұрса да мен ол кітаптарымның бірде-біріне хат алған емеспін. Ал «Махаббат, қызық мол жылдардың» жалғыз өзіне ғана мыңға жуық хат алдым. Бұрын кейбір кітаптарыма бірді-екілі рецензия шығып, кей кітаптарым атаусыз қала беретін. Ал мына романға республикалық, облыстық, аудандық газеттер беттерінде отызға жуық пікір жарияланды. Сол сияқты, бұған дейін мен кітап оқушылар конференциясы, жазушының өз оқырмандарымен кездесуі дегенді естігенім, көргеніммен, менің бірде-бір кітабым бойынша конференция өтпеген, өзім жазушы ретінде оқырман қауыммен кездеспеген едім. Ал осы роман жайында Қызылорда, Шымкент, Қарағанды, Семей пединституттарында, Қызылорда мен Жамбыл педучилищелерінде, астанамыз Алматыда С.М.Киров атындағы мемлекеттік университет пен қазақтың Абай атындағы педагогтік институтында, республиканың көптеген қазақ орта мектептерінде оқушылар конференциясы өтті. Мен автор ретінде Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы қыздар педучилищесінің бес жүз шәкіртімен, Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы пединститутының тіл-әдебиет факультетінің студенттерімен жүздестім.
«Махаббат, қызық мол жылдар» романына байланысты маған хат жолдағандардың көпшілігі студенттер, орта мектептердің жоғары сынып оқушылары, ауыл-селодағы жұмысшы жастар, совет армиясы мен әскери-теңіз флотының жауынгерлері. Солардың ішінде зейнеткерлердің де, үй шаруасындағы әйелдердің де, ауыл интеллитенциясының да лебіздері бар. Өз республикамыздың барлық облыстарынан хат алғандығымның үстіне, туысқан Өзбек республикасының Ташкент, Самарқанд, Бухара, Ферғана сияқты қалаларынан да хаттар келгенін, соның ішінде әсіресе, Қарақалпақ АССР-інен көптеген хаттар алғанымды ерекше атап айтуым қажет. Осы хаттардың бәрінде де оқырмандар алдымен өздерінің бұл кітапты оқығандарын білдіріп, мұндай шығарманы ұсынғаны үшін «Жазушы» баспасына, авторға рахмет айтады.
Сөзіміз жалаң болмас үшін бірнеше хаттан қысқаша үзінділер келтірейік.
Орал облысының Фурманов ауданынан механизатор Е. Әбдаров өз ойын қысқаша ғана былай деп түйіндепті: «Махаббат, қызық мол жылдар» романын нағыз махаббаттың сырын, мәнін ұқтыратын құнды шығарма деп білемін. Тағы да айтар едім, бірақ та әттең, әттең тілім жетпейді». Ал Талдықорған облысының Панфилов ауданынан келген хатта мынадай сөздер жазылған: «Әзілхан Нұршайықовтың жақында шыққан «Махаббат, қызық мол жылдар» романын оқыдық. Бұл кітап бізге өте ұнады, әрқайсымызға да ой салды. Сол кітаптағы кейіпкерлер осы күнде бар ма екен? Солардың шын аты-жөні кім? Ербол кім? Жомартбек пен Майраның өмірі қандай болды? Бұл сұрақтарды қойған себебіміз бұл кітапта Мұхтар Әуезовтың аты мен фамилиясы өзгерген. Мүмкін Ербол да сол сияқты осы күнгі ақын, жазушыларымыздың бірі шығар. Әлде бұл романның екінші кітабы бар ма? Біздің осы сұрауымызды ескерусіз қалдырмай, жауап беруді өтінеміз.
Механизатор қыздар: Ахметова Тұрсынбүбі, Қамырбаева Пәтігүл».
Сол сияқты Шымкент облысы Қапланбек шаруашылық оқу орнының агрономы Махамбет Алтаев өз пікірін былай хабарлайды: «Әзілхан Нұршайықов «Махаббат, қызық мол жылдар» романында осы заман тақырыбының күрделі мәселесі – жеке адамға деген махаббатты көпке деген сүйіспеншілікпен ұштастыра біліп, дәл бүгінгі күннің көкейтесті жәйттерінің пернесін тап басқан. Адамгершілік, ізгілік шарттарын бұзбауға, адал махаббатты ардақтап, соның ыстық-суығына күйе білуге, еңбекшілдікке үйретеді… Бұл кітаптың жүректерінде махаббат оты бар бүкіл жастар қауымының керекті құралына айналып, жақсы іске тұлға боларына сенімі зор. Осындай жан азығы мол, жақсы кітаптар берсе екен».
Челябі облысының әскери бөлімінде қызмет етуші жауынгер Кәкібай Әйімбетов «Жазушы» баспасына кітапты оқығаннан кейін былай деп жолдайды: «Соғыс кезінде Ербол ағаларға серік болған «Ақын» романы сияқты, «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабы біздің серігіміз болды. Жорықтардан шаршап келгенде оны қолыма алып, оқи бастасам, біржола шаршағанымды ұмытып кетемін. Қасымдағы орыс жігіттеріне де бірнеше рет әңгімелеп айтып бердім. Оларға да өте қатты ұнады. Біздің взводтың жігіттері сіздерге және осындай қызық, тартымды роман жазып шығарған Әзілхан Нұршайықов ағайға көп-көп рахмет айтады». Житомир облысында әскери борышын өтеп жатқан жауынгер Қуантай Бұзаубаев бұл романның өзінің әскери борышын ойдағыдай атқаруға көмектескенін жазады.
Сөйтіп оқырмандар өз хаттарында осылай, алдымен кітап жайындағы пікірлерін білдіре келіп, өздерінің «әттеген-айларын» айтады: анау неге олай болмады, мынау неге бүйтпеді деген сияқты өз өкініштерін ортаға салады. Осындай бірнеше сұрақтарына жауап беруді өтінеді. Ондай сұрақтарға оқырмандармен бетпе-бет жүздескенде толық жауап беруге мүмкіншілік мол. Ал конференцияда кездеспей, республиканың, тіпті, Отанымыздың алыс түкпірлерінде жатқан оқырмандарға жеке-жеке жауап беру қажет. Алғашқы 4-5 хат келгенде мен оларға қолма-қол жауап та бердім. Өйткені мен ол кезде мұндай көп хаттың астында қалармын деп ойламаған едім. Бірте-бірте хат көбейе бастаған соң олардың әрқайсысына бөлек-бөлек жауап жазып үлгере алмайтынымды аңғардым. Жүзінші хат келгенде «Жүз хатқа жауап» деген тақырыппен газетке мақала жазуға, сөйтіп оқырмандарға баспасөз арқылы жауап беруге ұйғардым. Бірақ осы кезде науқастанып, ұзақ уақыт ауруханада жатып қалдым. Шынымды айтсам, сол науқастанып жатқан кезімде оқырмандардан үзбей келіп тұрған хаттар маған дәрігерлердің емі мен дәрісінен кем болған жоқ. Әр хат маған от берді, жаныма жігер құйды.
Міне, ауруханадан шығып, қолыма қуат кіргеннен кейін, романым жөнінде жылы лебіздер білдіріп, хаттар мен қиын күнде демеу болған қадірлі оқырмандарыма рақмет айту үшін қолыма қалам алып, осы жауапты жазуға кірістім.
Жоғарыда аталған мыңға жуық хатты түгел оқып шыққаннан кейін солардың ішіндегі барлық оқырман үшін ортақ мәні бар деген оншақты сұраққа жауап беруді жөн көрдім. Олар мыналар:
Сұрақ: Сіз ақынсыз ба? Әлде жас кезіңізде өлең жаздыңыз ба?
Жауап: Мен бала күнімде өлеңге құмар болдым. Мектепке барғанша елден ескі дастандарды көп тыңдадым. Хат танығаннан кейін «Батырлар жырының» бірін қалдырмай жаттап алдым. Соларға қарап өзімнің де өлең шығарғым келді.
Сөйтіп жүргенде соғыс басталды. Алматыға әскерге келдім. Бір күні кешке (1941 жылы желтоқсанда) бәрімізді тездетіп сапқа тұрғызды. Командир алға келіп:
– Майдандағы 8-гвардиялық дивизияны толықтыруға кім барады? Екі адым алға шығыңдар, – деді.
Денесі төртбақтау келген, жұмыскер пішіндес жас жігіт шығып, бізге қасқая қарсы қарап тұрды. Қапелімде одан басқа ешкім шықпады. Мен шықтым, шыға сала жігіттерге қарсы қарап тұрып, өлеңдетіп қоя бердім:
– Біз жеңеміз, өйткені ісіміз ақ.
Барлық адам баласы бізбенен жақ.
Дүниеге зұлымдық үстем болып,
Тұрмақ емес, әділдік жеңуі хақ!
Әділ ісіміз үшін шығыңдар, азаматтар, алға! – дедім.
– Жарайсың! – деп төртбақ жігіт қолымды қысты. – Өлеңді өзің шығардың ба?
– Өзім шығардым.
Сол-ақ екен, біздің оң жақ, сол жағымыздағы жігіттер кернеп кетті. Сапқа бірге тізілген екі артдивизионнан керегі 80 адам екен, 100 адам шығыппыз. Жиырма адам артық деп командир бірсыпыра адамды кейінге қалдырды. Мені де сол жиырманың ішіне қосты.
– Сен ақын екенсің. Ақын бригадаға да керек. Соғысқа бұлардан сәл кейінірек барамыз, – деді.
– Құп!
Майданға барамын деп саптың алдына алдымен шығып, жігіттерге қасқая қарап тұрған жігіт Төлеген Тоқтаров еді. Кейіннен Тоқтаровқа Совет Одағының Батыры атағы берілгені туралы хабарды естігенде: «Апырай, сонда Төлегенмен бірге қалсам, мен де батыр болар ма едім?!» – деген ой келді. Ол менің албырттығым еді. Әйтпесе екінің бірі ер бола бермейді ғой.
Сонымен мен майданға бару үшін жаңадан жасақталып жатқан бригаданың құрамында қалдым. Өзім бала күнімнен елгезек, ширақ едім. Екі күнде ефрейтор атандым. Көп ұзамай кіші сержант боп шыға келдім. Бәрінен де жақсысы бұрын «Лениншіл жасқа» бір конвертке салып он өлең жіберсем, соның бірде-біреуі басылмайтын еді. Енді бригада газетінде бұрқырап менің өлеңдерім шығатын болды. Бұрын бір ауыз өлең шығарғанға өзімді ақынмын деп санап жүрген басым бригада газетінің бетінде «Кіші сержант Ә. Нұршайықов» деген атпен жиі жариялана бастаған соң өзімді едәуір үлкен ақынмын-ау деп ойладым. Соғысқа барғаннан кейін ұзақ өлеңмен бригада атынан «Атамыз Жамбыл ақынға» деген хат жаздым. Менің осы өлеңім мен оған берген Жамбылдың «Жүз жасаған жүректен» деген жауабы екеуі қатар «Социалистік Қазақстанда» шықты.
Соғыс бітті. Бірден Алматыға келіп, университетке түстім. «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жасқа» өлеңдерімді апардым. Ешқайсысы баспады. «Мынауың бықып тұрған фольклор көрінеді. Фольклордың заманы өткен, шырағым. Бұл түріңменен ешқашанда ақын шықпайды» десті. Бұрынғымның барлығы бос әурешілік екеніне сонда ғана көзім жетті. Сөйтіп, албырт, жас кездегі ақылсыздығымнан ақын бола жаздап, аз-ақ қалдым. Осыдан кейін өлеңмен үзілді-кесілді қош айтысып, журналистік жолға біржола бет түзедім. Прозаның ауылы жаққа да алыстан көз салып жүрдім. Ал поэзия, алғашында уәдесін беріп, үміттендіріп, басқа біреуге күйеуге шығып кеткен қыздай болып, көңілімнен де, көкейімнен де біржола алыстап кетті.
Сұрақ: Осы роман қалай туды? Қанша уақытта жазылды?
Жауап: Мен ұзақ уақыт журналист болдым. Тек қана журналистика жанрларымен: бас мақала, сын мақала, очерк, рецензия жазумен шұғылдандым. Ал әңгімені ауызша ғана айтатынмын. Ауызша айтатын әңгімелерімнің тақырыбы лирикалық, сатиралық, әзіл-қалжың түрінде боп келе беретін. Ұзақ жол жүріп келе жатып машина ішінде, дастархан басында, демалыс үйінде тынығушылар арасында айтатын ондай әңгімелерім бірнешеу еді. Олар «Ботакөз», «Жемпір», «Әтір», «Алтын сағат», «Үлкен жазушының жанында», «Аупартком секретары туралы баллада», «Қызыл көрпе» т.б. болатын. Осылардың бірсыпырасын кейін жолдастардың кеңесімен қағазға түсіріп, газет-журналдарға жарияладым. Кейбіреулері кітапқа да кіріп кетті. Тек сонау 1945–1949 жылдардағы студенттік өмірдің бір сәтіне ғана құрылып, кейін әлденеше рет өңделіп, жөнделіп, толықтырылған «Қызыл көрпе» әңгімесі ұзақ уақыт қағазға түсірілмей, ауызша айтылумен келді. Оның қысқаша мазмұны мынадай еді: соғыстан келген солдат – студент өзімен бірге оқитын қызды сүйеді. Қыз да жігітті жақсы көреді. Жігіт сөз айтқанда басқаға беріп қойған уәдем бар еді, оны қайтемін деп қиналады. Жігіт қыздың уәдесін бұздырмайды. Содан кейін ол сырттай оқуға ауысып кетеді. Бұл әңгімені мен ауызша ең соңғы рет 1968 жылы 7 қарашада белгілі тіл маманы Әйтім Әбдірахмановтың үйіне жиналған көп адамның алдында айттым. Сонда ақын Ғафу Қайырбеков орнынан тұрып, құттықтап қолымды алды да:
– Осы айтқаныңыз қағазға түскен бе? – деп сұрады.
– Жоқ.
– Қағазға түсіресіз бе?
– Түсіремін.
– Ендеше, тез қағазға түсіріңіз, әйтпесе мен мұны поэма етіп жазып қоямын…
Студент күндердегі блокноттардың бірін ақтардым. Ақтара отырып, бұл жайды өзім жазбасыма болмайтынын түсіндім. Күндіз-түні соны қағазға қалай түсіруді ойладым. Қандай қосалқы оқиғалар жанастыру жағын іздестірдім. Ақыры сол жылдың желтоқсанында демалыс алып, осы әңгімені қағазға түсіруге отырдым.
Мен – журналист-жазушымын. Өмір бойы кеңседе қызмет істеп келемін. Профессионал жазушылардың журналист-жазушылардан артықшылығы олар кеңседе қызмет істемейді, үйлерінде жатады, тек қана творчествомен шұғылданады. Ондай мүмкіншілігім болмағандықтан, мен кесек деген көркем шығармаларымды тек қана жыл сайынғы кезекті демалысымды алғанда жазатынмын. Осылай етіп мен бір жылғы демалысымда «Махаббат жыры» деген алғашқы повестімді аяқтадым. Одан кейінгі екі демалысым «Ботакөз», «Әсем» дейтін шағын повестерге жұмсалды, т. т. Ал алпыс сегізінші жылдың кезекті демалысын «Жастық жыры» деген жаңа атпен ауызша «Қызыл көрпе» аталып келген осы әңгімеге жұмсамақ болдым.
Алғашқы жоспарым бұрын жарияланған «Махаббат жыры», «Ботакөз», «Әсем», «Ескі дәптерге» енді «Жастық жырын» қосып, замандастар жайлы шағын, бес повестен құралған роман жасау болды. Осы арада бұл шығарманың қай жақтан баяндалатыны да белгілі болып қалды. Өйткені оған дейінгі шағын повестердің бәрі де бірінші жақтан баяндалатын. Солардың бір бөлігі болғандықтан, мұны да солай етудің қажеттігі айқындалды.
Бұған дейін де мен бұл әңгімені қағазға түсіремін деп бір-екі рет талаптанған болатынмын. Бір рет бастағанымда журналист Ербол Алматыдан келген жазушымен екеуі тың жерлерді аралап жүріп, ауатком председателінің кабинетіне қонады. Сонда Ербол астана жазушысына өз өмірін баяндап береді. Екіншісінде ол кабинетте емес, далада, машина ішінде баяндайтын. Ал үшінші жолы оны кабинетте де емес, машина ішінде де емес, өзен жағасындағы шопан үйінде жатып баяндайтын еттім. Бірақ кітап біткеннен кейін оның басталуын тағы да өзгертуге тура келді. Бір кездескенімізде жазушы Мырзабек Дүйсенов екеуміз жалпы романның атын не деп қоюды ақылдастық. Ол «Махаббат, қызық мол жылдар» деп қоюға кеңес берді. Осыған тоқтадық. Осы атпен «Жазушы» баспасының 1970 жылғы жоспарына 15 баспа табақ роман беремін деп мен заявка жасадым.
Ал ауызша айтқанда 20-30 минутта аяқталатын «Қызыл көрпе» әңгімесі «Жастық жыры» деген атпен қағазға түсе бастағанда шағын повесть көлеміне сыймай, шырқап кетті. Бір ай демалысымда оны бітіре алмадым. 1969 жылдың басында тағы бір ай демалыс алып, тапжылмастан отырдым. Онда да бітпеді. Жазған сайын жаңа линиялар қосылып, шығарманың арқауы қалыңдай берді. Бұрын әңгіме Ербол мен Меңтай арасында ғана болса, енді оған Ербол – Сәлима, Бүркітбай — Сәлима, Меңтай – Тұмажан, Заман – Тана линиялары қосылды. Белгілі бір дәуір – Отан соғысы кезінің қиындығы, одан кейінгі ауыртпалық туралы шығарма жаза отырып, сол кезге тән бұл оқиғалардан аттап кете алмайтын болдым. Оның үстіне Меңтай мен Ерболды, олардың қасындағы басқа жанама кейіпкерлерді сол 40-жылдардың дәрежесінде қалдыру керек пе деген сұраққа да көп ойлануға тура келді. Қалдырсам 70 жылдың жастарына ол ұнай ма? Бұл кітаптың оқырмандары сол Меңтай мен Ерболдың, солардың тұстарының балалары болады. Олардың әке-шешелерінің махаббатын әрі таза күйінде, әрі өздеріне үлгі ете көрсету міндет. Қазіргі жастардың білім дәрежесі де, сыншылды көресі де өте жоғары. Бұлар жоқшылық дегеннің не екенін білмей, молшылық дүниесіне балықтай жүзіп келе жатқан жандар. Олардың махаббат жайындағы түсінігі де өзгешерек. Осылардың бәрін елеп, ескеру, ерекше қажет болды.
1969 жылдың басында алған демалысымда шығарманы аяқтай алмаған соң, сол жылдың желтоқсанына дейін жұмыс істей жүріп, кештетіп соған үңілумен болдым. Ақыры 1969 жылдың аяғында бір айлық кезекті демалысымды алып, 1970 жылдың 19 қаңтарында кітаптың соңғы нүктесін қойдым.
Кітаптың әр тарауын жеке новелла етіп аяқтап отырдым. Шамасы келсе әр тарау келесі тарауға жетекші болсын. Шамасы келмесе, біткен бір тарау өз алдына жеке әңгіме сияқтанып қалсын дедім. Өйткені осы күнгі оқушының кез-келген романды басынан аяғына дейін оқып отырарлық шамасы жоқ. Қолына тиген романның бір тарауын оқып, тартпаса тастай салуы да мүмкін. Мен кітабымның ең жоқ дегенде оқушы шыдамы жетіп оқыған тарауы ойында қалуына тырыстым. Ол үшін оның оқиғасы қызықты, тілі тартымды – екеуі де өмірдің өзінен алынған шындық болуына көп назар аудардым. Бірсыпыра тарауларды кейін қайталап көшіріп, ондағы оқиға, сезім, сөз шындығын үнемі тексеріп отырдым. Кей күндері жана материалдардан 3-4 бет жазсам, кейде жарты бетті толтыра алмай, қиналған шақтарым да болды. Әсіресе оқушының көз алдында картина сияқты боп қалса-ау деген тұстар тұтқыр тарта берді. Мысалы, Ерболдың ең алғаш жаңа жыл түнінде жауған көбірек қарды боратып келе жатқан сәті. Ерболдың Меңтайға сөз айтатын түні, Ерболдың қайта майданға кеткелі жатқанда Қарашекені шынжырлап жатқан жері т. б.
Әсіресе бұрын ауызша айтып жаттыққан жерлерім (Ерболдың ең алғашқы аудиторияға кіруі, бірінші лекцияны тыңдауы т. б.) өте тез жазылды.
Кітапты жазуын жазып бітсем де қолжазбамды жолдастарға көрсетуге қорқып жүрдім. «Ұнай ма, ұнамай ма? Ұрсып тастамай ма?» деп қымсындым. Оны алғаш оқып, пікір айтқан, көңілімді демеп, буынымды бекіткен ақын Музафар Әлімбаев болды. (Баспа қызметкерлері кітаптың кіріспесін ықшамдау керек дегенде тағы да Әлімбаев сенің кітабыңның бар мазмұны Пришвиннің мына сөзінде тұр, соған зер салшы деген кеңес айтты. Осыдан кейін алғашында эпиграф ретінде алынған Тургенев сөзі мен Пришвин пікірін ұштастырып, кітаптың кіріспесін қайта ықшамдадым).
«Жастық жыры» біткеннен кейін оған бұрынғы повестерді қосуға болмай қалды. Өйткені жалғыз осының өзі баспа жоспарындағы көлемнен көбіректеу боп шықты. Енді мұны жеке кітап етіп шығаруға тура келді. Тек «Жастық жыры» деген аты өзгертіліп, баспаның жоспарында көрсетілген «Махаббат, қызық мол жылдар» деген атпен шығып, «роман» деп аталатын болды. Сонымен, осы кітаптың түбіне бірінші рет фамилиям жазылды.
Сұрақ: Роман неге тек қана махаббатқа құрылған?
Жауап: Бұл романды жастар өмірінен алып, жастарға арнап жазған мақсатым, бұрынғы ата-бабаларымыздың мекеніне ұя салып, бүгінгі біздің орнымызды басатын, ісімізді жалғастырып, алға апаратын болашақ ұрпаққа, солардың жүректерінде асыл адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына титтей де болса өзімнің себебімді тигізуге ұмтылу еді. Біз – ата-ана, жан жүрегімізді жарып шыққан жас қауымның жақсы болуын тілейміз. Солар әділ, адал болып өссе екен дейміз. Баяғы Төлеген ағаларындай уәдеге берік, Жібек апаларындай ақылды, жаугершілік жағдайға душар болса, сонау Қарақыпшақ Қобыландыдай қаһарман батыр, кешегі Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сияқты отаншыл, ержүрек болса екен деп арман етеміз. Өз жүрегіміздегі сол арманды мен жастарға қалай жеткізсем деп толғандым.
Сонда осы ойдың бәрін оларға бір ғана махаббат деген асыл жібекке түйіп беруді мақұл көрдім. Өйткені саналы өмірдің бар қызығы махаббатқа тіреледі. Махаббатқа соқпай кететін сезім аз. Анаға сүйіспеншілік, жарға құштарлық, Отанға перзенттік, туған топыраққа борыштық сезімдерінің бәрі махаббатқа байланысты. Адам бойындағы ең асыл сезімдердің бірі адамгершілік сезімі де махаббатпен сабақтас. Өйткені махаббат қадірін білмейтін адамда адамгершілік сезімі болмайды, ал адамгершілігі жоқ кісінің жүрегіне асыл махаббат ешқашанда ұя салмайды. Мінеки, осы себептен де мен жастардың жүрегіне махаббат арқылы жақындауды мақсат еттім. Кітабымның негізгі арқауын махаббат ете отырып, жастарымыздың жанына, жүрегіне, ойына қарапайым халқымыздың кейбір асыл қасиеттерін: ананы ардақтаушылық, қызды қадірлеушілік, алған жарын жанындай сүюшілік, ағаны құрметтеушілік, сертке беріктік, ұйымшылдық, бірлік-бірауыздылық, бауырмалдық сияқты советтік моралімізге сай келетін дәстүрлерін сіңіргім келді. Халқымыздың бұл қасиеттері туралы басқа кітаптарда да жазылған, айтылған, әлі де айтыла берер. Ал мен соған өз үлесімді қосуды парыз тұттым. Ол мақсатым орындалды ма, орындалмады ма – оны оқырман қауым біледі.
Сұрақ: Романда Меңтай неге трагедиялық түрге ұшыратылды? Оны тым болмаса тірі қалдыруға болмайтын ба еді?
Жауап: Меңтайдың басынан кешкен трагедиялық жағдай бірнешеу. Алдымен кішкентай күнінде әкесі өлді. Одан соң соғыста жалғыз ағасы қаза тапты. Оның күйігіне шыдай алмай шешесі қайтыс болды. Бұл соғыс кезіндегі соғыстың тақсіретін тартқан әр жанұяға тән қасиеттер болатын. Халықтың қалын ортасынан шыққан қыз болғандықтан, әрине, Меңтай да сол азаптардан өтуге тиіс еді. Байқауымша, бұл жағына оқырмандар қарсы емес, дәнеңе демейді. Бұдан басқа Меңтай ұшыраған тағы екі трагедиялық хал бар: бірі оның Тұмажанның торына түсіп қалуы, екіншісі өлімі. Көп жұрт, әсіресе, Меңтайдың өліміне өкінеді. Меңтайды өлімге кәрі де, жас та қимайды. Көп жастар Меңтай өлімін жылап отырып оқығандарын жазады. Ал Павлодар облысының Майқайың поселкесінде тұратын пенсионер қарт Кәрібай Уайысов бұл туралы өз хатында былай дейді: «Жолдас Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» деген романын түгел оқып шықтым. Жақсы жазылған. Менің сіздерге хат жазып отырған себебім, романға сын айту емес, Меңтай өлімінің қайғылы екенін айту. Сондай абзал жаратылған адамның өлді деген жерін оқығанда не болып кеткенімді өзім де білмеймін. Жүрегім әлсіреп, сасқанымнан дәрі ішіппін». Немесе Қызылорда облысының Жаңақорған станциясының тұрғыны Қылышбек Бейсекеев былай деп жазады: «Өмірімде қолыма қалам ұстап, шығарма талдап немесе пікір айтып көрген жоқ едім. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» деген романын оқып, қатты толғаныс үстінде қалдым. Мейлі, Меңтай өлді дейік (жоқ, «өлді» деуге ауыз бармайды: оны өлді дегенше әлгі батырдың жолдасы болмай кеткір Тұмажанды өлтіру керек еді). Бірақ «өлгеннің артынан өлмек жоқ» деген бар емес пе? Ендеше Ерболдың содан бергі өмірінен оқушыға екі-үш бет қана хабар беруге болар еді ғой. Сосынғы бір айтарым: біздің ауылда осы кітаптың ішіндегі «Апамның айтқандары» деген нақылдарды қойын кітаптарына көшіріп алған адамдарды көрдім. Бұл да Меңтайды сыйлағандықтың белгісі деп білдім». Мінеки, оқырмандардың пікірі -Меңтайдың тағдыры туралы екі ұдай: біреулер өлгенін дұрыс көреді, біреулер тірі қалдыру керек еді деседі. Бірақ қанша қиналып, қынжылғандарымен көпшілік оқырмандар оның өлгенін дұрыс санайды.
Шынымды айтсам, мен Меңтайды «өлтіремін» деп ойлаған жоқ едім. Алғашқы жоспарымда Меңтай Ерболмен қосылмайтын, Тұмажан опасыз боп шыққаннан кейін басқа біреумен тұрмыс құрып кететін. Содан жиырма жыл өткеннен кейін Жоғарғы Советтің сессиясы кезінде депутат Меңтай мен журналист Ербол екеуі астанада кездесетін. Бірақ «Татьяна менің еркімнен тыс ерге шығып кетті» деп Пушкин айтқандай, Меңтай да менің еркімсіз Ерболға шықты, онымен аз уақыт қана тәтті дәурен сүріп, дүниеден қайтты.
Меңтайдың күйін кешіп, осы күні тірі жүргендер де бар өмірде. Ендеше оны романдағыдай қайғылы халге ұшыратпауға да болатын еді. Бірақ романның мазмұнын «Меңтай жақсы қыз еді. Алғашында адасты. Артынан бақытты болды» деген сөздерге ғана сыйдырсақ оқушы соған иланар ма еді? Иланбауы мүмкін. Өйткені өмірде екінің бірі бақытты бола бере ме? Қазір ғашықтарға ешбір бөгет жоқ: заман дұрыс, заң әділ дегенімізбен, әлденелер бөгет болып, әркім әртүрлі себеппен арманда кетіп жатпай ма? Романда Заман мен Тана мақсаттарына жетіп, бақытты болады. Оның үстіне Ербол мен Меңтайды бақытты етіп қойсам, тым тәтті болып кетпей ме? Міне, осындай толғаныс үстінде Меңтайды трагедиялық халге жеткізу жайында еміс-еміс ой келді. Оған мынадай бір себеп те болды.
Бұл роман жазылмас бұрын, газетте қызмет істейтін журналист кезімде бір жас әйелдің редакцияға жазған хатын тексере бардым. Аупартком кабинеттерінің бірінде арыз иесімен әңгімелестім. Қазірдің өзінде уыздай өңді келіншектің қыз кезінде керемет сұлу болғаны аңғарылады. Келіншек көзінің жасын сығып тастап, сұрақтарыма жауап берді. Ол өзі облыстық қалалардың бірінде жоғары оқу орнын бітіріпті. Көрікті қызға көз салғыштар көп болмай ма? Бұған да солай болыпты. Соған мастанып, бұл ешкімге қарамай қояды. «Бұйырмаған қызға бұғалық түспейді» дегендей, ешкімді көзіне ілмей, ойнақтап жүре береді. Әсіресе жұпыны жігіт қызға көп жалынады. Киімің нашар, бойың тапал деп қыз ол жігітті де маңына жолатпай қояды. Сөйтіп жүргенде қыз институтты бітіруге айналады. Бір күні кештен бірге қайтқан екі жігіт қызды шығарып салмақ болып келе жатып, алдап бір үйге кіргізеді де, екіншісі есікті сырттан кілттеп, кетіп қалады. Тағамы, шарабы жасаулы тұрған йен үйде әлсіз қыз еңгезердей жігітпен екі күн оңаша қалуға мәжбүр болады. Сөйтіп сақтығынан айырылған қыз пәктігінен айырылады – арамза жігіттердің шығарып саламыз дегеніне жүре берген сорлы бала осылайша опасыздың олжасына айналады. Бұл оқиғадан кейін қыз институтты тауысып, дипломын алып, үн-түнсіз қызметке жөнеледі де, барған жерінде бірінші сөз айтқан жігітке тұрмысқа шығады да кетеді. Бірақ шыққан жігіті мінезсіз болып кездеседі.
– Пәктіктен айырылғаннан кейін ақтығың адыра қалады екен, ағай, – деді келіншек тағы да өксіп жылап алып. – Күйеуім мас болған сайын мені балағаттап: «Сен маған келгенде қыз емес болатынсың» деп кінәлайтын, тіпті, қол жұмсап, ұратын болды. Осылай да осылай, зорлыққа душар болдым деп талай рет жалынып, жылап, шынымды айттым. Бірақ оған күйеуім сенбеді. Сенің бұрын ғашықтарың болған, пәктігіңді солардың біріне сыйлағансың деп, ол өз сөзін айтатын болды. Кей күндері үйге қонбайтынды шығарды.
Күйеуім – жоғары білімді зоотехник. Алғашында оқыған жігіт қой, ескі салттардың жөн-жосығына мән бермейтін шығар деп ойладым. Оған уәдемді берсем де, ұрлық қылған кісідей, өмірлік жан-жарыма ақаусыз жете алмағаныма қиналып, қысылған едім. Ақыры ойлағанымдай болып шықты. Сөйтсем оқыған жігіттердің өздері-ақ студент күндерінде көрікті қыз кездессе, қызыл көрген қарғадай шуласып, таласып, төбелесіп жүргендерімен, кейін үйленген кездерінде алған қыздарының сызаты жоқ, шыныдай мөлдірлігін талап етеді екен. Алған қыздары көңіліндегідей боп шыққан жігіттер қуана құжыңдап, алтын тапқандай мақтанышын сездіріп жүрсе, ондай болмағандар өз-өзінен тұнжырап, суық тигендей шытынай беретінін байқадым. Тегі, күйеуім мені сүймейтін шығар, шын сүйген адам ондайға қарамау керек қой деп те ойладым. Қайдан білейін. Осыны күздің күніндей тұнжыратпай, біржола ажырасып кетсем бе деп те оқталдым. Ерден шыққан әйелден ешкім пәктік талап етпейді ғой. Дәм жазса тағы біреуге қосылармын дедім. Бірақ олай етуге елден ұялдым, өзім оқытып жүрген шәкірт балалардан қысылдым. «Пәленше мұғалім күйеуінен ажырасып кетіпті» деген қаңқу сөзден қорықтым.
Өстіп дел-сал болып жүргенімде бір күні түнде күйеуім мас боп, менің бала күндегі жолдасым деп үйге бөтен біреуді ертіп келді. Оған төсек салдырып, маған соның қасына жат деп итермеледі. «Бұл маған келген кезде қыз емес болатын, бүгін сен қойнына жатып шық» деп оған ыржалақтады. Мен жерге кіріп кете жаздадым. Бұл қорлықты көргенше өлейін деп, қыстың аязында киімсіз далаға қаштым. Содан үсініп, үш ай ауруханада жаттым. Жақында ғана жазылып шықтым.
Шынымды айтсам, жынданудың сәл-ақ алдында қалдым, ағай. Тағы да сол үйде тұрып жатырмын. Күйеуімнің бетіне кісі екен деп қарағым келмейді. Бір столдың басында басымыз түйіспейді. Ол өз тамағын өзі істеп ішеді, мен де өз бетіммен тіршілік етемін. Ортамызда жалғыз бала бар. Екеумізді бір ошақтың басында ұстап отырған дәнекер сол ғана. Әйтпесе сырт бүтін болғанымен, іш түтін.
Осылай деп келіншек төмен қарап, сәл үнсіз отырды да, әңгімесін қайта жалғап кетті.
– Жас күнде, қыз кезімізде, көбіміздің көзімізді шел қаптап жүреді екен, ағай. Бір жігіттің бойы аласа, екіншісінің өңі сиықсыз – бұлар «Ландыш», бізге «Венера» керек деп, өзімізге адал серік болар жақсы жігіттерді аяғымыздың астында жатса да аңдамайды екенбіз. Бұрын институтта жүргенде группадағы жігіттердің бәрі мені сыйлайтын еді. Олар менің атымды Гүлім демей, ылғи Ақгүлім деп атаушы еді. Енді міне ақ гүл емес, қара гүл болдым. Жер үстінде құр сүлдерім жүргені болмаса, кейде өзімді тірі өлік, тірі аруаққа санаймын. Қызмет, бала, жора-жолдас – бәрі алданыш қой. Бірақ әйелдің шын бақыты осылардың үстінде өмірлік жан-жарының жақсы болуында екен.
Мінеки, ағай, өмірім осы менің. Ауруханада жатып, жаным қиналғанда редакцияға хат жазғанмын. Бір адам жіберсеңіздер бар қайғы-сырымды айтамын дегенмін. Келгеніңізге рахмет.
Бірақ өзімді-өзім әшкерелеп, жұртқа жайып қайтемін деген тағы бір ойға тоқтадым. Сізден өтініш, менің күйеуіммен оңаша сөйлесіп, осының бәрін айтыңыз. Алдымен арақ ішкенді қой деңіз. Бар бәле содан басталады. Осыған уәдеңді берсең мен сені масқаралап, газетке жазбаймын деңіз. Ол осыған көнсе, газетке жазбай-ақ қоюыңызды сұраймын.
Әрине, мен келіншектің күйеуімен де сөйлестім. Ол уәдесін берді. Бірақ осы оқиға менің есімде сақталып қалды. Мінеки, романдағы Меңтайдың тағдырын немен тындыру керек деп толғанғанда бұл жай ойыма оралды. Келіншектің сонда айтқан: «Тегі, күйеуім мені сүймейтін шығар, шын сүйген адам ондайға қарамауы керек қой деп ойладым» деген сөзі бір шындықтың шетін аңғартқандай болды. Меңтайды Ерболға қосу туралы ой осыдан туды. Ал халқымыз ежелден ұлын адал, қызын пәк етіп өсірген. Өйткені пәктік жас жұбайлардың бір-біріне болашақ қадір-құрметінің, достық-сыйластығының, риясыз берілгендігінің басы деп білген. Ендеше біз өз ұрпағымызды aтa-бабамыздың бүгінгі коммунистік моральға жақын келетін осы дәстүрі негізінде неге тәрбиелемейміз? Осы мақсат үшін қимасам да, қиналсам да, оқушы жан-тәнімен жақсы көрген ақылды ару Меңтайды құрбан еттім. Бұл «қаталдығым» үшін оқырман қауымнан кешірім өтінемін. Бұл арада менің ұзақ жыл очеркист болғаным да кінәлі ме деп ойлаймын. Өйткені очеркист өмірде болған оқиғаны ғана суреттейді, фактіні ғана шамалайды. Тегі, менің ескі кәсібіме тартып, Меңтай басынан өткен трагедиялық халді өмірде шын болған оқиғаға негіздеп жіберуім де ықтимал.
Қалай дегенмен де мен автор ретінде Меңтайға разымын. Өзі өлсе де көңіліндегі сабағын беріп тынды. Адалдықтың, адамгершіліктің, достықтың, асыл жардың әнін өзінше шырқап өтті. Менің жақсылығымнан үлгі алыңдар, қатемді қайталамаңдар деп кетті. Ол өзінің қоғамшыл, көпшіл ісімен, әділ адалдығымен әр оқырманның көңілінде қалды.
Сұрақ: Ербол мінезіндегі кейбір жасықтықтарды қалай ұғуға болады?
Жауап: Ербол – момын ата-анадан туған, халқының, қоғамының бойындағы ең жақсы қасиеттерді бойына сіңірген, Қазан революциясынан бес жыл кейін дүниеге келген жас азамат Ербол социалистік қоғамның қырқыншы жылдары піскен нәрлі жемісі, осы күні жаңа адамдар деп аталатын Қазан төлінің алдынғы легіндегі күрескер. Сырттай қораш көрінгенімен Ербол іштей ақылды, адамгершілікті, көпшіл, қоғамшыл, досшыл, сабырлы жігіт. Әңгіме адамгершілік пен арға тірелгенде ол екінің бірі бара алмайтын кесек қимылдарға барады: жан-жағын жалмауыздай жайпап келе жатқан жау танкісімен жекпе-жек айқасады; жолдастарына қауіп төнгенде жыландай ысқырып, снарядті құшақтап алып, шұңқырға лақтырады; досының қызы Тананың абыройын төкпеу үшін онымен үш күн бірге болғанда тастай боп қатып қалады; өзі жақсы көре тұра Меңтайдың басқаға берген сертін бұздырмайды; өзі жалаңаш-жалпы жүріп, костюмге жинаған ақшасын Заманды іздеп бара жатқан Танаға жол қаражат етіп береді. Оқырмандар оның бойындағы осы қасиеттерді дұрыс түсініп, бағалаған. Түсіне тұра кейбір оқырмандардың Ербол мінезіндегі екі «жасықтыққа» зығырданы қайнайды… Мектеп ішіндегі Бүркітбай Сәлиманы ұрғанда Ербол неге Бүркітбайды сақалынан алып, жағасын жыртпады? Неге ол вагонда Ошақбаевты тым болмаса шапалақпен бір тартып жібермеді? – деп өкінеді. Алматы облысының Кеген ауданынан «Меңтайдың өліміне Ерболдың ынжықтығы кінәлі. Ербол шүу басында сертін бұздырып, Меңтайға үйленіп алса, онда мұндай аянышты хал болмайтын еді. Бәріне еркектер кінәлі, оларға ешқашан да сенуге болмайды» – деп маған ашулы хат жазды. Бірақ осылардың бәріне оқырмандар өздері жауап беріп жатыр. ҚазМУ-дың М.О.Әуезов атындағы әдеби бірлестігінде осы романға арналған конференцияда бірді-екілі жігіттер Ерболды аузындағысынан айырылып қалатын ынжық деп кінәлағанда, өзге жастар (әсіресе қыздар) бұл пікірге қарсы шықты. Трибунадан сөйлеген кейбір қыздар әзілдеп: егер осы күнгі жігіттеріміздің бәрі Ерболдай болса, қыздар одан артықты іздемес еді деген пікірді де айтты.
ҚазПИ-де болған кездесуде сөйлеген Жамалова деген студент қыз: «Ербол Бүркітбайды бір ұрғанмен, Сәлиманың басына бақыт орнай ма? Ошақбаевтың бетіне бір түкіргенмен, Меңтайдың міні бүтінделе ме? Екеуі де болмайды. Ендеше мен Ерболдың сабырлылықпен астасқан ақылдылығын құптаймын» деді. Мен бұл жайында осы студент қыздан асырып ештеңе айта алмайтын сияқтымын.
Жазушының кітаптағы кейіпкерлерін жан-жақты білуі парыз. Сондықтан да мен шығармаға кіріспес бұрын оның кейіпкерлерінің кейбір прототиптерімен әлденеше рет кездестім. Оған журналистік қызметім мүмкіндік берді. Олардың бәріне де «Қызыл көрпені» ауызша айтып бердім. Әңгімем тыңдаушыларға ұнаған сайын маған да шабыт келіп, осыны жазсам, жұрт оқыр еді-ау деген ой баурай бастады. Осы тоқтамға 1968 жылдың күзінде анық келгенімді жоғарыда айттым. Ескі достармен жүздескенде өтіп кеткен қырқыншы жылдардағы студенттік өмірдің өзім ұмытып қалған детальдарын қойын дәптерге және түрте жүрдім. Шығармаға отырар алдында университеттің Совет көшесіндегі ескі корпусын әдейі барып аралап шықтым. Өзіміздің ескі аудиторияларға кірдім, кітапханаға бас сұқтым. Университеттің Калинин мен Виноградов көшелеріндегі ескі жатақханаларын жағалай және аралап шықтым. Дәлізде жүріп, бөлмелердің нөмірлеріне дейін үңіліп көз салдым. Қасымнан өтіп жатқан қыз-жігіттер менің осыдан жиырма жыл бұрын өздері сияқты студент боп, осы бөлмелердің бірінде жатқанымды, қазір сол студенттік өмір жайында кітап жазуға келгенімді, әрине, сезген де жоқ.
Ескі орындарды аралай жүріп, мен кітабымның бас қаһармандарының бірі Ербол Есеновтың қандай болуы керектігін ойладым. Сөз жоқ, ол Ұлы Отан соғысына барып, жауды жеңіп қайтқан саналы қазақ жастарының жиынтық бейнесі болуға тиіс. Сондықтан да Ербол кітаптың алғашқы беттерінде Ұлы жеңіске семіріп, туған жеріне, арман-астанасына сағынышпен жетіп, романтикалық күйде жүрген солдат күйінде суреттеледі. Мысалы, оның Совет көшесін бойлап университетке келе жатуы, оның тас баспалдағына табаны тигендегі жан тебіренісі, университетке қабылданып, деканаттан шыққанда өзін асқар Алатаудың үстіндегі ақ бұлттардың төбесінде қалықтап ұшып жүргендей сезінуі осыны дәлелдейді. Алғашқы лекция үстіндегі оның қыздар туралы лирикалық ойы, группадағы отыз қыздың бәрін бірдей ақылды, бәрі бірдей сұлу деп есептеуі осының айғағы.
Әрине, төрт жыл қанды қырғынға қатынасып, соғыс күнделікті ісі боп кеткен адам оның үйреншікті әдеттерінен бірден арыла алмайды. Сондықтан да Ербол алғаш аудиторияға кіргенде өзіне қадалған отыз қыздың көзін түнде жау самолетін іздеген прожекторлардың айқыш-ұйқыш сәулесімен салыстырады. Алғашқы лекцияға келген оқытушы аты-жөнін сұрағанда ол орнынан атып тұрып: «Сержант Ербол Есенов» деп тақ-тұқ жауап береді. Соғыста болмаған, әскер тәртібін білмейтін оқытушы түрегеп тұрған солдатқа «отыр» деп айтпай, лекциясын ары қарай жалғастыра бергенде Ерболдың рұқсатсыз отырмай, қақиып тұрып қалуы – міне, осының бәрі әскери дағды. Ерболдың сол қақиып тұрғаны көлденең жұртқа күлкі боп көрінгенімен, сол сәттің көп сыры бар. Бұл біріншіден, Ерболдың бойына әскери тәрбиенің мықтап сіңгендігін көрсетеді. Ал Ұлы Отан соғысының жеңісі әскери уставтың талаптарын адал көңілмен атқаратын Ербол сияқты солдаттардың табандылығымен келген. Егер Ерболға қаптап келе жатқан қалың жаудың алдынан зеңбірекпен не пулеметпен жеке қалып, жалғыз шайқас десең, шайқасады. Өзгелер межелі жерге жетіп алып, жайғасқанша сен тапжылма, шаман жетпесе, сол жерде Отан үшін өл десең, ол оғы біткенше жаумен атысып, сол арада тапжылмастан өледі де. Ал Ерболдың бойына армия-ананың сүтімен сіңген бұл қасиет ол әскерден қайтып келіп, студент болып аудиторияға кірісімен кете қалмайды. Оқытушы орнынан тұрғызып алып, қайтадан «отыр» деместен лекциясын бастай жөнелгенде Ерболдың жұрт кезіне нысана, күлкісіне тиек болып, рұқсат күтіп, бір сәт тапжылмастан тұрып қалған күлкілі жағдайында осындай бір астарлы жай және бар.
Рас, кейіннен әскери әдеттің кейбір сырт көріністері Ерболдың бойынан біртіндеп қала да бастайды. Бірақ әскери тәрбиенің мәні оның қанында мәңгі сақталып қалады. Сондықтан да Ербол үлкендерді көргенде генералдың алдынан өткен солдаттай сызылады, нашар оқитындардың сабақ ұғынуына көмектесіп, жолдастарының арасында коллектившілдік сезімін күшейтеді. Ербол өз аузынан мынадай тұжырым айтады: ананың емшек сүті, мектеп тағылымы, әскер тәрбиесі бірін-бірі толықтыра түседі; осы үш тәрбиені бойына сіңірген адам асыл азамат болады. Сондықтан да ол Меңтайдың басқа біреуге берген сертін бұздырмайды. Өйткені, ант бұзу ана тәрбиесіне де, армия дәстүріне де жат іс – сұмдық жай. Сол себептен де ол сүйген қызын ондай сұмдыққа итермелей алмайды.
Автордың мақсаты Ербол мен Меңтай жақсы жігіт, білімді қыз екенін көрсетіп қана қою емес, солар арқылы халқымыздың бойындағы кейінгі ұрпаққа, арғы, алыс болашаққа үлгі боларлық дәстүр, қасиеттерін насихаттау. Сол қасиеттерді Меңтай мен Ерболдың бойына өлшеп піше отырып, жұртқа жарасымды үлгі ұсыну еді. «Апамның айтқандары», «Өз ойларым», «Алтын діңгек» дейтін нақыл тараулар, т. б. осы пікірді нығайтуға қосымша түрінде кірді. Ауыз әдебиетінің үлгі-нұсқаларының ең асылдарын ауызға ала отыру да осы ниеттен туған. Ерболдың облыстық газетте тілщі боп жүргенде ел ішіндегі ескі салт-сананың кейбір ерсі қылықтарын сынап-мінеуі де осы тілекпен қабысады. Сырт қараған кісіге жасық, жуас көрінген Ерболға автор осындай идеялық жүк беріп, адамгершілік асыл қасиеттерін әр жүрекке жеткізер елші міндетін жүктеген, үміт артқан еді. Сондықтан мен көптеген оқырмандар пікіріне қосыла отырып, Ерболды «сырт қараған кісіге жуас, момын көрінетін — соғыста батыр, еңбекте ер боп шығатын, жаны жалынды, қарапайым қазақ жігіттерінің бірі» деп ұғамын.
Сұрақ: Кітаптың аяғында кейіпкерлердің кейіннен кім болғаны көрсетілген. Ал Ерболдың қандай күйде екені неге айтылмаған?
Жауап: Ерболдың кім екендігі кітаптың соңында емес, басында айтылды. Жазушы мен әдебиет сыншысына журналист Ербол өз басынан өткенді баяндап береді. Демек, ол журналист.
Сұрақ: Роман кейіпкерлерінің прототиптері бар ма? Бар болса, олар қазір қандай күйде, не қызметте? Жанұя жайлары қандай?
Жауап: Бірсыпырасынікі бар. Кейбіреулерінікі жоқ. Ал бірді-екілі кейіпкер кітапқа өз атымен кірді.
Бірақ бар деген прототиптердің сырт пішіндері, кейбір басынан кешкендері кітапқа кіргенмен, кейіпкер бейнелерін жасау үстінде олар мүлде өзгеріп кетті. Прототиптердің өздері білмейтін, бірақ өмірде болған, басқалар басынан кешкен жана оқиғалар қосылды. Сондықтан кітапты оқып шыққаннан кейін мына кейіпкерлердің прототипі менмін-ау деп ойлаған кейбір таныстарымның «мұндай оқиға менің басымнан өткен жоқ еді ғой» деп таңданулары да, шамданулары да мүмкін. Олай етудің қажеті жоқ. Өйткені бұл кітап деректі дүние емес, көркем шығарма ғой.
Енді сол прототиптердің немесе жартылай прототиптердің бас-басына жеке тоқтайын.
Меңтай бейнесінің соңғы жақтары қайдан, қалай алынғанын оқушы жоғарыда аңғарған болар. Ал ол бейненің алғашқы бөлігінің — бала, пәк Меңтайдың прототипі сол кезде бізбен бірге оқыған бір қыздың өмірінен алынған. Оның ағасының өлгені, соғыстан келген бір жігіттің мен ағаңмен жолдас болдым, ағаң өлерінде сені маған тапсырып кеткен деп ол қыздың уәдесін алғаны, «сен уәдеңді бұзба, бұзсаң өлтіремін» деп мейрам сайын Алматыға келіп, қызбен кездесіп жүргені рас. Артынан оның елдегі сиыры, үйі бар жесір келіншекке үйленгені, сберкассада қызмет етіп, облигацияға подлог жасағаны үшін сотталып кеткені де шындық. Меңтай прототипіне алынған қыз – қазір екі баланың анасы, орта мектептің мұғалімі. Жолдасы – ағарту қызметкері.
Ерболдың прототипін күнде көремін, екеуміз бір мекемеде қызмет істейміз. Әсіресе таңертең асығып, жұмысқа келген бетте шаш сипау үшін айна алдында жүздесіп, жымыңдасып та қаламыз. Оның төрт баласы, әйелі бар. Оны көргенде: «Сен кітаптағы Ербол менмін деп мақтанасың. Бірақ, жазушының әр шығармасында өз өмірінің элементтері араласа жүретінін, ендеше Ербол бейнесінде менен де титтей бірдеңе бар екенін оқырмандар да сезетін шығар» деп қоямын. Расында да кейбір оқырман Ербол мен авторды бір адам деп есептейтін көрінеді. Ал көптеген оқырмандар Ерболды өмірде бар, тірі адам деп те ұғынады. Сондықтан да олар баспаға жолдаған өз хаттарының сыртына «Ербол Есеновке тапсырылсын» жазады.
Заман мен Тана туралы. Заманның прототипі екеу. Біреуі 1941 жылы немістер тұтқиылдан шабуыл жасағанда Бреет түбінде тұтқынға түсіп, 1945 жылы майда әскери тұтқындармен бірге біздің қолға өтіп, кейіннен сотталған жігіт. Ол Орал қаласында шахтада жұмыс істеген. Жігіттің сүйген қызы оны артынан іздеп барып, қосылып, екеуі балалы-шағалы боп бірнеше жылдан соң елге келген. Бірақ бұл қыз ЖенПИ-де оқымаған, орта біліммен ауылда мұғалім боп жүрген еді. Заманның екінші прототипі белгілі халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтың жалғыз ұлы, 1943 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жас ақын Маман болатын. Маманның да шын сүйіп серттескен қызы бар еді. Міне бұл қыз ЖенПИ-де оқыды. Егер Маман жоғарыдағы жігіттің жағдайына ұшырап, аман қалса, бұл қыздың да оны жер түбіне болса да іздеп барары кәміл еді. Бұл кісі де кейін тұрмысқа шыққан, балалы-шағалы, жанды-жақты дегендей, үлкен жанұя болды. Қазір ерімен екеуі де орта мектепте мұғалім. Романдағы Заман мен Тана бейнесі осы екі жігіт пен екі қыздан алынған болатын. Ал Ербол мен Тананың соғыс кезінде кездесіп, екеуінің үш күн бірге болғанын суреттейтін достық, адалдық, адамгершілік жыры өмірде шын болған, нақты оқиғаға негізделген еді. Бұған кейбір кексе кісілердің сенбейтіні байқалады. Оған мен не айта аламын. Қолына тиген кітап жайы оқырмандардың еркі ғой, әрине.
Зайкүлдің прототипі бар десе де, жоқ десе де болады. Бар деуге болатыны, соғыс кезінде сезімі ерте оянып, еркек көрсе қылмыңдай бастайтын кейбір қыздардың болғаны рас. Сондайлардың біреуі ЖенПИ-ден қуылып, университеттің біз оқып жүрген группасына да келген болатын. Ол қыздың жатақханада сол кезде жана ғана шыққан «Алтын кілт» деген кәмпитті бір-біріне жем берген көгершіндей болып, жігіттердің аузынан (бір ұшын қыз, екінші ұшын жігіт тістеп) сорып отырғанын да көргенбіз. Зайкүлдің бейнесін жасарда сол қыз ойыма түскен де болар. Бірақ сол қыздың кейін қайда кетіп, қазір қайда жүргенін, тіпті, бар-жоғын да білмеймін. Зайкүлдің прототипі жоқ десе де болады дейтінім, ол бейненің бойына осы күнгі кейбір қыздарда кездесетін кемшіліктерді және қостым. Сөйтіп, Зайкүл жеңілтек, желөкпе бұрынғы қыздарға да, бүгінгі қыздарға да ұқсап шықты. Менің өз түсінігімше, бойында ұшып-қонба жеңілтектік мінездері болғанымен, жалпы Зайкүл ақкөңіл қыз. Жақсы жар кездесіп, қарапайым өмір сүрсе, ондайлардың кейін салиқалы әйелдер қатарына қосылып кетері сөзсіз. Бірақ «басына бақ» қонса, Зайкүл сияқтылардың кердеңдеп кететіндері де болады. Ондайлар ең алдымен тырапыштанып киінеді. Одан соң кенедей жабысып, күйеуінің машинасынан түспейді. Осыдан соң өзі шатпақтаған бірдеңелерін диссертациямның тарауы деп әркімге бір түзеттіріп немесе жанадан жаздырып, ғылым кандидаты деген атақ алып, алшаңдап шыға келеді. Ал соның қорғаған диссертациясынан коғамға келер бір тиын пайда болмайды. Өмірде осындай оқиғалар кездесіп жататындықтан, біздің Зайкүл де мұндай «модадан» құр қала алмады. Оның бойындағы жас кезіндегі – жеңілтектік, өскеннен кейінгі ұятсыздық, күйеуге шыққаннан кейінгі келісіп тұрған жағдай осындай озбырлыққа барып ұштасты.
Зайкүлге көп тиісетін қуақы мінезді Жомартбектің де прототипі бар. Қазір ол Қазақ ССР Ғылым Академиясында қызмет істейді, филология ғылымдарының докторы. Көптеген ғылыми еңбектері шыққан және бірнеше әңгімелер жинағы, повестері жарияланған белгілі жазушы. Бірақ қу тілді жігіттерді қыздар менсіне қоймайды ғой. Сол себепті де ол өлдім-талдым деп отызға жеткенде әрең үйленеді. Роман прототиптерінің ішіндегі әзірге балалары институтқа ілінбеген тек осы ғана. Автордың мақсаты халқымыздың бойындағы жақсы қасиеттерді көбірек көрсету болғандықтан, романда жағымсыз кейіпкерлер өте аз алынды. Түптеп келгенде кітаптағы шын мәніндегі жағымсыз кейіпкер екеу ғана. Оның бірі – Тұмажан да, екіншісі – Бүркітбай.
Тұмажан Ошақбаевтың басында біздің қоғамымызға жат екі түрлі мін бар. Ол Тұмажанның советтік моральға сыймайтын озбырлығы мен қоғам дәулетіне сұғанақтығы. Оның бойындағы осы қылықтарды оқырмандар қатты айыптап, зығырданы қайнаған хаттар жазды. «Махаббат, қызық мол жылдар» романын сүйсіне оқып, көп уақытқа дейін ойландым. Өзімді әлденеше рет Ербол мен Тұмажанның орнынa да қойдым, – деп жазады колхозшы Алтынбек Дәкібаев.
− Сонда Тұмажандай болғанша, ұл боп анадан тумағанның өзі артық деген тұжырымға келдім». Алты баланың анасы, үй шаруасындағы әйел Бағила Мұханова-Шапатова: «Кітапты оқып отырғанда Тұмажанға жының келіп, сондай ыза болып отырасың» десе, совхоз жұмысшысы Әлмұханбет Досжанов өз хатын: «Ошақбаевты ошаққа тірідей тығып жібергің келіп, бойыңды ашу-ыза кернейді» деп түйіндейді. Ал Л.Құтылбекова, С.Жаукеев және басқалар Тұмажан сияқтылардың ауылда әлі де бар екенін айтады.
Рас, Тұмажан сияқтылар ауылда ғана емес, қалада да кездеседі. Бірақ қазіргі Тұмажандардың іші өзгермегенмен, түсі өзгерген. Олар қара костюм, ақ көйлек киіп, екі беттері шиқандай боп, шекірейіп, мейманханалардың маңында жүреді.
Мінеки, Тұмажан бейнесінің прототипіне шүу дегенде баяғы өзімізбен бірге оқыған қызды аламын деп алдап кеткен жігіт алынған болатын. Оның сотталып кеткеннен кейінгі хал-жайынан хабарым жоқ. Менің мақсатым, қыздарды қашанда болса Тұмажан сияқтылардың қармағынан сақтандыра отырып, қыз намысын қорлау қылмыс жасағанмен тең екендігін жас жігіттерге ұғындыру еді.
Енді романдағы прототипі жоқ бейнелерге келейік. Олар Бүркітбай мен Сәлима.
Бұл екі бейненің екеуі де ойдан жасалғанымен, оқырмандар Бүркітбайға лағынет айтып, Сәлимаға шын жүректерінен аяныш білдіреді. «Сәлима сияқты, аюға қосақталған аяулы жандар біздің ауыл, ауданымызда да бар» деп жазады. Мұның өзі бұл екі бейненің мен өзім көрген прототиптері жоқ болғанымен, жұрт көрген, ел білетін прототиптері бар екенін көрсетеді. Кітапта өз атымен аталған кейіпкерлердің бірі Майра Ыбыраева (кітапта – Абаева). Ол қазір педучилишенің оқытушысы. Майрамен кітап шыққаннан кейін тағы бір кездестім. Сол жолы: «Мынау Майра деп отырғаны мен шығармын деп, көңілім тасып, аяқ басымым шапшаңдап, қыз күніме жетпесем де, келіншек күйімдегідей халге келдім. Бес балам ер жетіп, өз алдына отау болғанда солардың үйлерінің бірінші жасау – мүлкі болсын деп, бесеуіне арнап бес кітап сатып алдым. Алтыншысы мынау Уәкең екеуміздікі, Осыларға автограф жазып бер» деп, Майра алты кітапты алдыма жайып тастады.
– Осы Майраның шын сөзі, шын сезімі, – деп жолдасы басын изеді.
– Кітабым жастардың жасауына жараса, неге автограф бермейін, − деп, мен оның біріншісіне мынадай деп сөздер жазып, қолымды қойдым: «Бұл кітапты осы романдағы тікелей өз атымен атаған кейіпкерім, соғыстан кейінгі ауыр жылдарда университеттің азынаған аудиториясында аш отырып, бірге лекциялар тыңдаған ескі досым, қазіргі педагог, асыл ана Майра Ыбыраева мен оның жан жары абзал азамат Уәкеңе шын жүректен сыйладым.
1 желтоқсан 1970ж., Жамбыл қаласы».
Сол сапарымда Меңтай прототипінің негізіне алынған кісімен де кездестім. Менің келгенімді естіп, күйеуімен екеуі мейманханадан ертіп үйлеріне апарып, қонақ етті.
– Ағай, кітабыңызды оқыдым. Аяғында Меңтайды өлтіріп тастаған екенсіз. Бірақ тіріден артық етіп суреттепсіз, – деді үй иесі әйел ас үстінде.
− Ондағы анау Меңтай деген сен емессің бе? – деді күйеуі.
− Маған да ұқсаңқырайды, – деді әйел.
– Әй, осы өздеріңнің бірдеңелерін жоқ па еді? – деді күйеуі әзілдеп.
− Жоқ екеніне көзін жетіп отыр ғой, − деді әйелі наз-наразылығын қоса білдіріп.
− Рас, рас, – деп күйеуі әйелінің арқасынан қақты. Романдағы анық өз аты-жөнімен алынған екінші адам Тәкен Майшынов қазір Талдықорған облысының Ақсу ауданында тұрады. Жақында ғана Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды. Сәуле деген ақжарқын әйелі бар. Екеуі де сауда қызметінде істейді. Үлкен қызы Фарида университетті, одан кейінгісі Халима политехникалық институтты бітірді. Өзге балалары институтта, мектепте оқып жүр. Майданнан қайтқан эшелоннан Ербол оқу оқимын деп Алматыға түсіп қалғанда мен үйге барып үйленемін деп елге тартқан Тәкеннің балалары заңды түрде Ерболдың балаларынан бұрын ер жетті. Анау, соғыстан қайтқан эшелон ел шетіне кіргенде арсалаңдап, бетіне айран жағып алатыны сияқты, осы кітап шыққанда Тәкеннің тағы бір қызығы бар.
Аудан дүкеніне «Махаббат, қызық мол жылдар» түскенде соның ішінде өзі де бар екенін білетін Тәкен (үйге бір келгенде жазып отырғанымды көріп кеткен) он бес кітапты бірден сатып алды. Көп кітап құшақтап, Жансүгіров селосын бойлап келе жатқан оған таныстары кездеседі.
− Ассалаумағалейкүм, Тәке, мынауыңыз не?
Тәкен сәлем алмастан бұрын кездесушіге қарсы сұрақ қойды.
− Сен Нұршайықов деген жазушыны білесің бе?
Алматыда тұратын үш жүздей жазушыны жұрттың бәрі тегіс біле бере ме, алғашқы жолыққандардың бір-екеуі «білмеймін» деп жауап береді.
– Онда жүре беріңдер, сендердің керектерің жоқ, – деп Тәкең ілгері кетеді.
Тағы да таныстар кездеседі. Сәлем бергеннің бәріне Тәкең жаңағы сұрағын қайтадан қояды.
– Е, білемін, аға.
– Білсең мына кітап соныкі. Оқы, ішінде мен бармын, – деп алшаңдай басып жүре береді.
Сөйтіп ол үйіне жеткенше қолтығында екі-ақ кітап қалады. Осыны Алматыға келгенде Тәкеннің әйелі Сәуле айтып, біздің ішек-сілемізді қатырғаны бар.
Кітапқа кірген «Тоғжан» деп аталатын новелла – тарауда аталатын адамдардың бәрі де өмірде болған, кейбіреулері қазір де бар адамдар. Олар неміс фашистеріне қарсы күресте ерлікпен қаза тапқан кіші командирлер: Айтқали Құсайынов, Нәсіп Қалиев, Әбдірахман Бимурзин, Сенбек Молдабаев, Мәншүк Мәметова, офицерлер Қажым Көшеков, Жамалхан Жамалбеков, Ақыраш Андиров, подполковник Әбілқайыр Баймолдин – бәрі де біздің құраманың түлектері болатын. Бұл солдаттар туралы емес, студенттер жайлы кітап болғандықтан, оқырмандарды жалықтырмау үшін соғыс көріністерін мысалдап қана алдым. Сол алған жерлеріме ен жоқ дегенде өз кітабымда аттары атала жүрсін деп, Отан соғысында опат болған азаматтардың аты-жөндерін сыналап кіргізіп отырдым. Осы тарауда аты аталған Ризуан Қалиев қазір бір облыста колхоз агрономы болып қызмет атқарады. Қаза табар алдында жауынгер жігіт хат жазған Зада есімді қыз да қазір республиканың бір жерінде болуға тиіс.
Енді кітаптағы оқытушы кейіпкерлер жайлы бір ауыз сөз. Роман жалпы университет туралы емес, бір факультеттің студенттері жайлы ғана болғандықтан, оқытушылар бейнесін сомдауға оншама бой ұрғаным жоқ. Тек бірер ғана оқытушының аттары аталады. Олар сол кездегі ұстаздарға ұқсай ма, ұқсамай ма, – оны сол кездегі студенттер біледі. Бірақ солардың кейбіреулері арқылы романда осы күнгі кейбір оқытушылардың да басындағы оғаш қылықтары ептеп сыналатыны хақ.
Міне, роман кейіпкерлерінің прототиптері, олардың қазіргі жайы дегенде айтылатын сөз осы. Бұл жердің оқырмандары үшін бұл кітаптың шылғи шындық боп, кей жерлерде болған оқиғаларға ұқсап тұратын себептері де кітап кейіпкерлерінің прототиптері барлығынан болар. Бірақ пәленшенің прототипі пәлен дегенмен, романда солардың мүлде өзгеріп кеткендігін таға да ескерткім келеді.
Сұрақ: Осы романды жазу үстінде қандай кітаптар оқыдыңыз?
Жауап: Жана кітап оқығаным жоқ. Ескіден Фадеевтің «Тас-талқаны» мен Ерубаевтың «Менің құрдастарымын» қайталап қарап шықтым. Ал романым өндіріске кеткеннен кейін қолыма бірінші алған кітабым Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесі» болды.
Сұрақ: Жазушылардан кімді жақсы көресіз?
Жауап: Классиктерді кім жақсы көрмейді. Ал жалпы совет жазушыларынан сүйіп, сүйсініп оқитыным А.Фадеев, М.Шолохов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов.
Сұрақ: Роман желісіндегі әр алуан махаббат линияларының бірінен жазушы М.Иманжановтың «Есеновтың тағдыры» дейтін әңгімесіне ұқсастық аңғарылады. Осы неден?
Жауап: Мен қазіргі қазақ жастарының өмірін жырлаған жазушылардан екі адамды ерекше бағалаймын. Олар – Саттар Ерубаев пен Мұқан Иманжанов. Біріншісін көре алғаным жоқ. Ал екіншісімен 1954 жылдың күзінде бірінші рет жақын танысуымның сәті түсті. Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің жолдамасымен тың игерушілер өмірінен шығарма жазуға Павлодарға келген Мұқан Иманжановқа серік болып (ол кезде мен Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы едім), тың игеруші жаңа совхоздарды араладым. Бірнеше күнге созылған сол сапарда Мұқан менің «Шешен», «Қызыл көрпе», «Командировка» сияқты ауызша әңгімелерімді айтқызып, тыңдады. «Сен өзің дайын жазушы екенсің, осы айтқандарыңды қағазға түсір» деп кеңес берді. Ал қисаң «Қызыл көрпеңді» маған бер, мен әңгіме жазайын. Қимасаң оны да өзің жаз деді. Әрине жақсы көретін жазушың қолқаласа, оның үстінде жазылмаған әңгімең болса, оны кім қимайды. Алыңыз дедім. Жазғандарымды Алматыға, тура Иманжановтың өзіне жіберуге және уәде еттім.
Мұқан менен алған сол сюжетті «Есеновтың тағдыры» деген әңгіме етіп, «Тыңдағылар» атты кітабына кіргізді. Мінеки, Иманжанов екеуміздің арамыздағы творчестволық достық осылай басталады. Мұқан Иманжановтың тікелей қамқорлығымен 1956 жылы «Алыстағы ауданда» деген атпен менің тұңғыш очерктер жинағым жеке кітап боп басылып шықты. Маған СССР Жазушылар одағына мүше болып өту үшін бірінші рекомендацияны да Мұқан Иманжанов берді (Серік Қирабаев екеуі). Мұқан Иманжанов жалғыз менің ғана емес, ол кездегі көптеген жас жазушылардың (осы күнде олардың бірсыпырасы атақты жазушы болып кетті) шынайы қамқоршысы, адал ұстазы болды.
Міне, сол 1954 жылдың қарлы күзінде, түнде, ауатком председателінің кабинетінде қонып жатып Мұқанға айтқан кішкентай әңгіме келе-келе кеудемді кернеп, оны өзім жазбасыма болмайтын күйге жеттім. Мұқан жазған ол әңгіме ақыры осындай үлкен романға айналды. Романның бір линиясындағы ұқсастық осыдан шықты.
Сұрақ: Сіз бұл кітапты қайда: курортта, теңіз жағасында ма, әлде үйде, тек кабинетте отырып қана жаздыңыз ба? Қалай жаздыңыз, басынан бастап аяғынан бір-ақ шықтыңыз ба?
Жауап: Бізде кабинет деген болмайды. Бір бөлмеде төрт бұрыш болса, оның бір бұрышын «кітапхана», екіншісін – «ас ішетін орын», үшіншісін – «қонақ бөлме», төртіншісін «кабинет» деп атаймыз. Кітаптың көпшілік беттерін со «кабинетте» жаздым. Жеке тарауларын ауруханада жатып жалғастыруыма тура келді. Мысалы, Меңтай өлетін тарауды ауруханада, «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакторы Мұса Дінішевпен бір палатада жатып бітірдім (Мұсекең соқыр ішегін алдырған-ды). Ал қалай жаздың дегенге келсек, басынан бастап, сыдыртып аяғынан бір-ақ шыққаным жоқ – творчестволық процесс кейде қазанның қайнағанына ұқсаңқырайды. Қазанға суды толтырып, астына от жағып, бетіне қарап отырсаң, оның беті бірден бұрқ-сарқ деп қайнап шыға келмейді. Әне жерден бір бүлк етіп, мына жерден бір бүлк етіп, бірте-бірте су беті тұтас сарқылдай бастайды. Сол сияқты мен романның басын жазып жатқанда оның орта тұсында, не аяқ кезінде айтылар ойлар, оқиғалар қаумалап келе береді. Ондай кезде мен жазып отырған жерімді қоя қойып, жанадан келген ойларды дереу бір-бір жапырақ қағазға түсіріп отырдым. Оның үстіне шырт ұйқыда жатқан шағын – түнде төсектен түртіп оятатын ойлар тағы болады. Кейін сол тұстарға жеткенімде, осыдан бірнеше күн бұрын қағазға түсіріп алған оқиғаларды өрбітіп, жеке ойларды сол күйінше романға көшіріп отырдым.
Кітап тек үйде ғана жазылған жоқ. Сонымен бірге оның көптеген жолдарын көшеде тұрып та жаздым деуіме болады. Өйткені таңертең жұмысқа бара жатқанында неше алуан адамдарды көресің, олардың әртүрлі қимылдарын аңғарасың. Содан өзіңе ой түсіп, кітабыңа керекті жаңа детальдарға кездесесің, жаңа нақылдар табасын. Жолда кездескен үркек ойдан айырылып қалмау үшін бір үйдің бұрышына тұра қалып, жалма-жан қалтаңнан қойын дәптерің мен қарындашыңды шығарып, жаңағы сөзді жазып алуың қажет. Өз-өзіңнен тоқтай қалып, жанталасып қағазға бірнәрсені түрте бастауың жүріп жатқан жұрттан ұят та. Ұят болса да үйтпеске амалын жоқ. Өйткені, басқа келген ой, бұтаққа қонған бір топ торғаймен тең. Сол сәтінде суретке түсіріп алмасаң, топ торғай пыр етіп ұшады да кетеді. Содан ұмытқан ойды іздеуден ауыр азап жоқ. Іздегенмен оны таба алмайсың. Мысалы, кітаптағы мынадай жолдар ең алдымен көшеде қойын дәптерге түскен еді:
«Баласы арақ ішсе шешесі у ішеді. Маскүнем, жаман бала жақсы ананы ажалынан бұрын көрге кіргізеді.
Жақсы дос жаман әкеден артық.
Көшеде көлденең тұра қалып, бірінің ернін бірі жұлып жердей боп жалмап, жұрт көзінше сүйісіп жатқан қыз бен жігітте ар да, ұят та болмайды.
«Шошақай қыз шешесінің атына кір келтіреді», т. б. Өстіп барып «Махаббат, қызық мол жылдардың» осы күнгі нұсқасы дүниеге келді…
Сұрақ: Бұл кітап енді қашан қайта басылып шығады?
Жауап: «Махаббат, қызық мол жылдарды» қайта бастырып шығару жайында «Жазушы» баспасына да, Қазақстан комсомолының Орталық комитетіне де оқырмандардан көптеген өтініш-тілектер түсті. Жер-жерде өтіп жатқан оқырмандар конференцияларында айтылған осындай тілектерді және ескере отырып, Қазақстан ЛKCM Орталық Комитеті 1971 жылдың басында Қазақстан ССР Министрлер Советінің Баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитеті мен «Жазушы» баспасына жас оқырмандардың тілегін айтып, бұл кітапты қайта басып шығару жөнінде ұсыныс енгізді.
Баспа бұл өтінішті ескере отырып, оны 1972 жылдың жоспарына енгізді.
Сөйтіп бұл кітап 1972 жылы «Махаббат жырлары» деген атпен қайтадан шықты. Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге «Махаббат жыры», «Ботакөз», «Әсем», «Ескі дәптер» кіреді, екінші бөлім «Махаббат, қызық мол жылдардың» бір өзінен ғана тұрады. Ен алғашқы жоспарым бойынша осылардың бәрінің басын қосып, бір роман деп атадым. Романның бірінші бөлімінде: журналист Ербол Есенов өзгелер туралы баян етсе, екінші бөлімінде өзі және өзінің достары туралы сыр шертеді.
Осы арада егер кітап қайта басылса, оған оқырмандар айтқан кейбір ескертпелер ескерілді ме деген сұрақ тууы мүмкін. Иә, ескерілді. Мәселен КазГУ-де өткен конференцияда Ербол Меңтайдың мойнын сілекейлей береді делінген еді. Енді Ербол сілекейлемейтін болды. Сол сияқты артық деген абзацтар қысқартылды. Жұрттың тілегіне сәйкес кейбір беттерге толықтырулар жасалды.
Кітап 20 тараудан тұрады. Мұндай көлемді кітапты кейбір авторлар бірнеше бөлімге бөледі. Әр бөлімді жеке-жеке тараулайды. Мен өйтпедім. Кітап ұнаса, оқырман бас алмастан оқыр, ұнамаса үш бөлімге бөліп, отыз тарауға тартып ескектетсең де оқымайды деп ойладым да, бұл жағының «техникасына» мән бермедім. Осылай ойласам да жұрт наразылық білдірмес пе екен деп іштей сезіктеніп жүрдім. Бақсам, бұған оқырмандар да мән бермепті. Сондықтан кітаптың бұл басылымында оны бөлімдерге бөлмей, бұрынғыша қалдырдым.
Қайта басылымында кітабым кемшіліктен жүз процент арылды демеймін. Кем-кетіктері әлі де болар. Оларды жаңа оқырмандар көрсетер, сөйтіп тағы да түзетермін деп ойлаймын.
Сұрақ: Бұл кітапты Меңтай өлімімен бітіру жөн емес пе еді? Одан соң қалған кейіпкерлердің кейіннен кім болғанының керегі не?
Жауап: Өзі де солай, кітап Меңтайдың өлімімен бітіп тұр. Содан кейін бір беттей ғана эпилог ретінде басқа кейіпкерлердің бүгінгі тағдырынан мәлімет беріледі. Өйткені, «Махаббат, қызық мол жылдар» осымен бітеді. Олай болса, оқырмандардың өзге кейіпкерлердің кейіннен кім болғанын білгісі келер, ендеше біреуге қажет болмағанымен, біреуге керек болар деп ойладым.
Оның үстіне кейбір оқырмандар бұл кітаптың жалғасы қашан шығады деп сұрайды. Енді біреулер: «Махаббат, қызық мол жылдар» үш кітаптан тұруы керек. Қазіргісін екінші кітап деп есептеп, Ерболдың соғысқа дейінгі және университет бітіргеннен кейінгі өміріне арнап бірінші, үшінші кітаптарды жазу жөн деп кеңес береді. Әрине, ондай кітаптар болмайды. Ендеше кітаптың соңындағы эпилог орнындағы кішкентай тарауы оқушыға автордың осы ойын жеткізу жөніндегі жүкті арқалап тұр деп білген жөн.
Сұрақ: «Менің сіздерден өтінішім: «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабын баршаға ортақ тіл – орыс тіліне аудартсаңыздар екен. Менің орыс, тәжік, дүнген, татар құрбыларым да оқысын бұл кітапты.
Алтай Жапарбекова, Жамбыл қаласы».
Осындай өтінішті Целиноград қаласынан Қасым Қарпышев, Чернигов қаласында әскери борышын өтеп жатқан жауынгер Сағынбай Қаратаев және басқа оқырмандар да жолдаған.
Жауап: Оқырмандардың осы тілектерін ескере отырып, «Жазушы» баспасы бұл кітапты 1973 жылы орыс тілінде басып шығаруды жоспарлап, Ленинградта тұратын орыс жазушысы Г.А.Горышинмен шарт жасасты. Жазушы Глеб Горышин «Махаббат, қызық мол жылдарды» орыс тіліне аударып жатыр.
Мінеки, оқырман хаттарындағы авторға қойылған сұрақтардың ең негізгілері осылар.
Осымен оқырмандарға жауабымды аяқтаймын. Әр жүректе асыл адамгершілік, айырылмас махаббат болсын. Өмірден қол ұстасып өтер жан серік жалғыз жарын шын сүйе білмеген адам жолдасын да жақсы көре алмайды, коллективін де құрметтей білмейді. Жанжарына адал болмаған адам қылған қызмет, істеген жұмыс, атқарған қоғамдық міндетіне де адал бола алмайды. Кеудесінде өз адамгершілік, берік махаббат ұя салмаған адам анасына да, Отанына да адал бола алмайды. Жоғарыда келтірген осы ойымды тағы да қайталағаныма кешірім өтіне отырып, әр жастың жүрегінде асыл махаббат болсын, сол махаббат әр жас жанұяның алтын діңгегіне айналсын деп тілеймін, қырда жайқалған қызғалдақтай қыздарым мен өндірдей өрен ұлдарым менің! Тек жас отбасының ғана емес, «Махаббат» деген асыл еңбекке түйілген отаншылдық, еңбекшілдік, достық, туыстық, бауырмалдық, Қазан революциясының ісіне, дәстүріне жан-тәнімен берілгендік сезімдері біздің Ұлы Отанымыздың алтын діңгегі болсын деймін!
Жастықтың, жігердің, адалдықтың, адамгершіліктің алтын туы асыл махаббат жасасын!
1-10 қаңтар, 1972 ж.