Журналисті өлтіруге тапсырыс берген бұрынғы шенеунік 11 жылға бас бостандығынан айырылды
Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сарыағаш аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бұрынғы бастығы Бауыржан Майриховты 11 жыл 3 айға қамауға алды. Ол «Сарыағаш – информ» республикалық газетінің редакторы-бастығы Амангелді Батырбековты өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталды.
Бұрынғы шенеуніктің сыбайластары да жаза алды. Сабыржан Молдаходжаев 11 жылға, Абдухамит Қуандықов 13 жылға, Мейіржан Досболаев пен Нұрғали Қыдыралиев 12 жылға бас бостандығынан айырылды.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 3 қаңтарында әлеуметтік желілер мен БАҚ-та белгілі журналистің ұлы жараланған Сарыағаш ауданындағы үйіне жасалған шабуыл туралы ақпарат тараған болатын. Кейінірек полицияға бес адам ұсталып, қылмыстық іс қозғалды деп хабарланды.
Айыптау актісіне сәйкес, журналист Амангелді Батырбеков өзінің Facebook парақшасында Сарыағаш аудандық білім бөлімінің қызметкерлері мен басшылығының іс-әрекеттері туралы сын мақалалар жазған. Осы материалдар негізінде білім бөлімінің бастығы Майрихов жұмыстан шығарылды. Бұл үшін кек алып, ол Батырбековты қасақана өлтіруді ұйымдастырды және тапсырды деген айып тағылды.
Фото: threatpost.ru, ақпарат: http://t.me/orda_kz