Жанболат Мамайдың әйелін телефондағы тыңшы вирус арқылы аңдыған

0

Қазақстанда тіркелмеген Демпартия жетекшісі Жанболат Мамайдың әйелі, журналист Инга Иманбайдың телефонында тыңшылық жасауға арналған Hermit бағдарламасы табылды, деп хабарлайды Kznews.kz жаңалықтар порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

«Билік мені италиялық қымбат тыңшылық бағдарламасының көмегімен аңдып жүр. Lookout тыңшылыққа қарсы бағдарламасы телефонымнан Hermit вирусын тапты. Юіздің қылмыскер емес екенімізге көздерің енді жеткен шығар? Солай ма? Соңымызға бес көлік түскені аздай, енді телефонға тәулік бойы тыңшылық орнаттыңдар. Олай болса, біздің қылмыскер емес екенімізді мойындаңдар — Жанболатты босатыңдар!» — деп жазды Инга Иманбай Facebook-тегі парақшасына.

16 маусымда Lookout Threat Lab киберқауіпсіздік жөніндегі зерттеу тобы Қазақстан үкіметі ел ішінде тыңшылық жасайтын Android-бағдарлама қолданатынын мәлімдеді. Ұйым мәліметінше, бағдарламаның соңғы нұсқасы қаңтар оқиғасынан үш айдан соң — биыл сәуір айында анықталған.

«Hermit Қазақстанға бағытталып қана қоймай, мұндай науқанның артында ұлттық үкімет тұрғанын анықтадық», — делінген Lookout Threat Lab есебінде.

Айта кетейік, бұдан бұрын Жанболат Мамай қаңтар айындағы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғандар қатарында жоқ екені хабарланған.