Қарағанды – Балқаш тас жолында болған жол апатынан үш адам қаза тапты. Қайғылы оқиға 18 наурыз күні республикалық маңызы бар Астана – Қарағанды – Алматы автожолының бойында, Ақшатау кентінен шамамен 40 шақырым жерде болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Chevrolet Cobalt маркалы автокөлік ұзақ бұрылыста жолдан шығып кетіп, аударылған. Әлеуметтік желіде тараған видеода апаттың салдары көрсетілген. Кейбір деректер бойынша, жүргізуші рөлде ұйықтап кетуі мүмкін.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, апат салдарынан 30 жастағы жүргізуші мен екі жолаушы оқиға орнында алған жарақаттарынан көз жұмған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, ауа райы мен жол жағдайын ескеруге және жылдамдықты асырмауға шақырды.